2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау қорытындылары бойынша бақылау субъектісіне бұзушылықтарды жою тəсілін міндетті түрде түсіндіре отырып, əкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамай, бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным (бұдан əрі - ұсыным) жасалады.
9. Ұсыным бақылау субъектісіне қол қойғызып, жеке өзіне немесе жөнелту және алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген ұсыным мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - ұсынымға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - сұрау салынған кезде хатта көрсетілген бақылау субъектісінің электрондық мекенжайына уәкілетті мемлекеттік органдар жөнелткен күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.
10. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным табыс етілген күнінен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
11. Бақылау субъектісі ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсынымды жіберген уәкілетті мемлекеттік органға ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
12. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 13-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жүргізудің еселілігі - ай сайын, 25-і күнінен кешіктірмей, айына бір реттен асырылмайды.
2024.15.04. № 72-VIII ҚР Заңымен 52-1-баппен толықтырылды (2024 ж. 16 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
52-1-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарына қатысты мемлекеттік бақылау
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарына қатысты мемлекеттік бақылау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдары қызметінің Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған және оны Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарына мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібі және осы тексерілетін органдардың қызметіне қойылатын талаптар осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Тексеру мынадай әрекеттердің бірін жасау:
1) мемлекеттік бақылау субъектісіне бару;
2) тексеру нысанасына қатысты қажетті ақпаратты сұрату;
3) мемлекеттік бақылау субъектісін Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауы туралы ақпаратты алу мақсатында шақыру арқылы жүргізіледі.
4. Мемлекеттік бақылау субъектілерінің осы баптың 2-тармағына сәйкес белгіленген талаптарды сақтауы тексеру нысанасы болып табылады.
5. Мемлекеттік бақылау субъектісіне қатысты жоспарлы тексеру осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарды сақтау мәселелерінің кешені бойынша үш жылда бір рет жүргізіледі.
Мемлекеттік бақылау субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарды сақтаудың жекелеген мәселелері бойынша тағайындалады.
6. Білім беру саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы бекіткен және құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органға жоспарлы тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 20 желтоқсанына дейін жіберілген жыл сайынғы тізбе мемлекеттік бақылау субъектісіне жоспарлы тексеруді тағайындауға негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жоспарлы тексерулер тізбесін жоспарлы тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 25 желтоқсанына дейінгі мерзімде өз интернет-ресурстарына орналастырады.
Жоспарлы тексерулер тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу бақылау субъектілері таратылған, қайта ұйымдастырылған, атаулары өзгертілген, олардың арасында өкілеттіктер қайта бөлінген жағдайларда, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемияның, карантиндік объектілер мен аса қауіпті зиянды организмдер ошақтарының, инфекциялық, паразиттік аурулардың, уланулардың, радиациялық авариялардың таралуының және соған байланысты шектеулердің пайда болуы немесе олардың пайда болу қатері төнген жағдайларда жүзеге асырылады.
Жоғарыда аталған жағдайлар туындаған кезде жоспарлы тексеру ұзартылуы, тоқтатыла тұруы және қайта басталуы мүмкін.
Жоспарлы тексерулер тізбесі өзгертілген жағдайда жоспарлы тексерулердің өзгертілген тізбесі де құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органға жіберіледі.
7. Мемлекеттік бақылау субъектілерін жоспардан тыс тексерудің негіздері мыналар болып табылады:
1) білім беру саласындағы уәкілетті органның, Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының бірінші басшысының тапсырмасы;
2) прокурор талабы немесе қылмыстық қудалау органының тапсырмасы;
3) тексеру нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;
4) құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
5) Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының талаптарын бұзудың нақты фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жолданымдары;
6) бұқаралық ақпарат құралдарындағы Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңнамасының бұзушылықтары туралы жарияланымдар мен хабарламалар.
Жоспардан тыс тексерулер анонимдік жолданымдар түскен жағдайларда жүргізілмейді.
2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен 52-2-баппен толықтырылды (2024 ж. 17 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
52-2-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының қызметіне қойылатын талаптар
1. Облыстың білім беруді басқару органдарының қызметіне мыналар бойынша қойылатын талаптар:
1) облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қала) ауқымдағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы күтіп-ұстауға және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға бөлінетін бюджет қаражатының кемінде екі пайызы мөлшерінде қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қаражат жұмсау;
2) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының кадрларын қайта даярлауды және жұмыскерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
3) кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарында ұсталатын адамдарға жағдай жасауды қамтамасыз ету;
4) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңестеріне жәрдем көрсету;
5) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуін ұйымдастыру және жүзеге асыру;
6) білім беру ұйымдарындағы, оның ішінде аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) орналасқан білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметке әдістемелік басшылық етуді қамтамасыз ету;
7) кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын, бос уақытты өткізуін және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруға қатысу;
8) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсынушылық мінез-құлқын қалыптастыруға, оларға адамгершілік және саламатты өмір салты негіздерін дарытуға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлеу және білім беру ұйымдарының жұмыс істеу практикасына ендіру;
9) дамуында немесе мінез-құлқында ауытқулары бар кәмелетке толмағандарды анықтайтын, оларды кешенді тексеріп-қарауды жүргізетін және оларды одан әрі оқыту және тәрбиелеу нысандарын айқындау жөнінде ұсынымдар дайындайтын психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялар құру;
10) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат әрекеттердің алдын алу, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою;
11) террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалтумен қамтамасыз ету;
12) Қазақстан Республикасының білім беру саласында қызметін жүзеге асыратын, террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмнен қорғаудың ұйымдастырылуын қамтамасыз ету.
2. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың білім беруді басқару органдарының қызметіне мыналар бойынша қойылатын талаптар:
1) мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға және мемлекеттік білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы күтіп-ұстауға және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға бөлінетін бюджет қаражатының жиынтық көлемінің кемінде екі пайызы мөлшерінде қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қаражат жұмсау;
2) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының кадрларын қайта даярлауды және жұмыскерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
3) кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарында және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтарында ұсталатын адамдарға жағдай жасауды қамтамасыз ету;
4) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының қамқоршылық кеңестеріне жәрдем көрсету;
5) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуін ұйымдастыру;
6) білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметке әдістемелік басшылық етуді қамтамасыз ету;
7) мемлекеттің кәмелетке толмағандарға қорғаншылық немесе қамқоршылық ету жөніндегі функцияларын іске асыру;
8) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат әрекеттердің алдын алу, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою;
9) кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын, бос уақытты өткізуін және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру;
10) жалпы білім беретін оқу орындарына дәлелсіз себептермен бармайтын кәмелетке толмағандарды анықтау және есепке алу, олармен және олардың ата-аналарымен немесе өзге де заңды өкілдерімен жеке профилактика шараларын жүргізу;
11) дамуында немесе мінез-құлқында ауытқулары бар кәмелетке толмағандарды анықтайтын, оларды кешенді тексеріп-қарауды жүргізетін және оларды одан әрі оқыту және тәрбиелеу нысандарын айқындау жөнінде ұсынымдар дайындайтын психологиялық-медициналық педагогикалық комиссиялар құру;
12) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсынушылық мінез-құлқын қалыптастыруға, оларға адамгершілік және саламатты өмір салты негіздерін дарытуға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлеу және білім беру ұйымдарының жұмыс істеу практикасына ендіру;
13) девиантты мінез-құлықты кәмелетке толмағандарды, жағдайы нашар отбасыларды анықтауға, оларды ішкі істер органдарына есепке қоюға қатысу және олармен жеке профилактика шараларын жүргізу;
14) жалпы білім беретін оқу орындарында қолжетімді спорт секцияларының, техникалық және өзге де үйірмелердің, клубтардың ұйымдастырылуын қамтамасыз ету және оларға кәмелетке толмағандарды тарту;
15) баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуын қамтамасыз ету;
16) террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалтумен қамтамасыз ету;
17) Қазақстан Республикасының білім беру саласында қызметін жүзеге асыратын, террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмнен қорғаудың ұйымдастырылуын қамтамасыз ету.
3. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының қызметіне мыналар бойынша қойылатын талаптар:
1) аудандық ауқымдағы (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға және мемлекеттік білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы күтіп-ұстауға және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға бөлінетін бюджет қаражатының жиынтық көлемінің кемінде екі пайызы мөлшерінде қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қаражат жұмсау;
2) аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) орналасқан білім беру ұйымдарының психологиялық қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету;
3) жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік қамтамасыз етуді белгіленген тәртіппен жүзеге асыру;
4) мемлекеттің кәмелетке толмағандарға қорғаншылық немесе қамқоршылық ету жөніндегі функцияларын іске асыру;
5) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз, панасыз қалудың және қоғамға жат әрекеттердің алдын алу, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою;
6) кәмелетке толмағандардың жазғы демалысын, бос уақытты өткізуін және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру;
7) жалпы білім беретін оқу орындарына дәлелсіз себептермен бармайтын кәмелетке толмағандарды анықтау және есепке алу, олармен және олардың ата-аналарымен немесе өзге де заңды өкілдерімен жеке профилактика шараларын жүргізу;
8) кәмелетке толмағандардың заңға мойынсынушылық мінез-құлқын қалыптастыруға, оларға адамгершілік және саламатты өмір салты негіздерін дарытуға бағытталған бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлеу және білім беру ұйымдарының жұмыс істеу практикасына ендіру;
9) девиантты мінез-құлықты кәмелетке толмағандарды, жағдайы нашар отбасыларды анықтауға, оларды ішкі істер органдарына есепке қоюға қатысу және олармен жеке профилактика шараларын жүргізу;
10) жалпы білім беретін оқу орындарында қолжетімді спорт секцияларының, техникалық және өзге де үйірмелердің, клубтардың ұйымдастырылуын қамтамасыз ету және оларға кәмелетке толмағандарды тарту;
11) террористік әрекеттен зардап шеккен балаларды әлеуметтік оңалтумен қамтамасыз ету;
12) Қазақстан Республикасының білім беру саласында қызметін жүзеге асыратын, террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмнен қорғаудың ұйымдастырылуын қамтамасыз ету;
13) баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуын қамтамасыз ету.
2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен 52-3-баппен толықтырылды (2024 ж. 17 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
52-3-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарына қатысты мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібі
1. Тексерулер жүргізу кезінде тексерудің басталатын күнін көрсете отырып, ол басталардан кемінде бір тәулік бұрын бақылау субъектісін тексерудің тағайындалғаны туралы алдын ала хабардар ету талап етіледі.
2. Бақылау субъектісіне тексеру жүргізу мерзімдері мен нысанасы көрсетіле отырып тексеруді тағайындау туралы акт табыс етілген күн тексеру жүргізудің басталуы болып есептеледі.
Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) тексеру жүргізуге тартылатын мамандар, консультанттар мен сарапшылар туралы мәліметтер;
5) бақылау субъектісінің атауы;
6) тағайындалған тексерудің түрі мен нысанасы;
7) тексеру жүргізу мерзімі;
8) тексеру жүргізу негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексерілуге жататын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері;
9) тексеру жүргізілетін кезең;
10) бақылау субъектісінің осы баптың 15 және 16-тармақтарында көзделген құқықтары мен міндеттері;
11) бақылау субъектісі басшысының не оның уәкілетті адамының актіні алғаны немесе алудан бас тартқаны туралы қолтаңбасы;
12) актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның қолтаңбасы және мемлекеттік органның мөрі.
3. Тексеру жүргізу мерзімдері алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және олар:
1) жоспардан тыс тексерулер жүргізілген кезде - бес жұмыс күнінен аспауға тиіс және бес жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін;
2) жоспарлы тексерулер жүргізілген кезде - он жұмыс күнінен аспауға тиіс және он жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.
Мемлекеттік органдарға сұрау салуды жүргізу қажет болған кезде, сондай-ақ тексерудің елеулі көлеміне байланысты тексеру жүргізу мерзімін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының басшысы осы тармақтың бірінші бөлігін де көзделген мерзімдерге бір рет қана ұзарта алады.
Тексеру мерзімдері ұзартылған жағдайда Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы міндетті түрде тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актіні ресімдейді және бұл туралы бақылау субъектісін тексеру ұзартылғанға дейін бір жұмыс күні бұрын хабардар етеді.
4. Тексерулер бақылау субъектісінің жұмыс регламентінде белгіленген бақылау субъектісінің жұмыс уақытында жүзеге асырылады.
5. Тексеру нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының лауазымды адамы тексеру нәтижелері туралы қорытынды жасайды.
6. Тексеру нәтижелері туралы қорытындыда мыналар көрсетіледі:
1) қорытындының жасалған күні, уақыты және орны;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге негіз болған тексеруді тағайындау туралы актінің күні мен нөмірі;
4) тексеру жүргізген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
5) бақылау субъектісінің атауы;
6) тексерудің жүргізілген күні, орны және кезеңі;
7) тексерудің түрі мен нысанасы;
8) тексеру нәтижелері туралы, оның ішінде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәліметтер;
9) талаптарды орындау және бұзушылықтарға жол берген адамдарға қатысты шаралар қабылдау мерзімі көрсетіле отырып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар;
10) бақылау субъектісі өкілінің, сондай-ақ тексеру жүргізу кезінде қатысқан адамдардың қорытындымен танысқаны немесе танысудан бас тартқаны туралы мәліметтер, олардың қолтаңбалары немесе қол қоюдан бас тартуы;
11) тексеру жүргізген лауазымды адамның қолтаңбасы.
7. Тексеру нәтижелері туралы қорытындыға тексеру нәтижелеріне байланысты құжаттардың көшірмелері (олар болған кезде) қоса беріледі.
8. Қосымшалардың көшірмелері бар тексеру нәтижелері туралы қорытындының бірінші данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау үшін бақылау субъектісіне (басшыға не оның уәкілетті адамына) қолын қойғызып қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда табыс етіледі, екінші данасы өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға және оның аумақтық органдарына электрондық нысанда тапсырылады, үшінші данасы Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органында қалады.
9. Тексеру нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, бақылау субъектісінің басшысы оларды жазбаша түрде баяндайды.
Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргізу нәтижелері туралы қорытындыға қоса беріледі, ол туралы тиісті белгі жасалады.
Тексеру нәтижелері туралы қорытындыны қабылдаудан бас тартылған жағдайда акт жасалады, оған тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдар және бақылау субъектісінің басшысы не оның уәкілетті өкілі қол қояды.
Бақылау субъектісі бас тарту себебі туралы жазбаша түсіндірме бере отырып, актіге қол қоюдан бас тартуға құқылы.
10. Бақылау субъектісі тексеру нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген бұзушылықтар бойынша ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының лауазымды адамымен келісілетін мерзімдерді көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданатын шаралар туралы ақпарат береді.
Тексеру нәтижелері туралы қорытындыны орындау мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне әсер ететін мән-жайлар ескеріле отырып айқындалады, бірақ қорытынды табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кем болмайды.
Тексеру нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін бақылау субъектісі осы қорытындыда белгіленген мерзім ішінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті.
Анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы берілген ақпаратқа бақылау субъектісі (қажет болған кезде) бұзушылықтың жойылу фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.
Бұл жағдайда жоспардан тыс тексеру жүргізу талап етілмейді.
Бақылау субъектісі тексеру нәтижелері туралы қорытындының орындалуы туралы ақпаратты белгіленген мерзімде бермеген жағдайда, Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы екі жұмыс күні ішінде бақылау субъектісіне қорытындының орындалуы туралы ақпарат беру қажеттігі туралы сұрау салуды жібереді.
Тексеру нәтижелері туралы қорытындының орындалуы туралы ақпарат қайта берілмеген жағдайда, Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жоспардан тыс тексеру тағайындауға құқылы.
11. Тексеру жүргізу кезінде осы Заңның 52-2-бабында белгіленген талаптарды бұзушылықтар болмаған жағдайда, тексеру нәтижелері туралы қорытындыда тиісті жазба жасалады.
12. Тексеру нәтижелері туралы қорытынды тексеруді тағайындау туралы актіде немесе тексеру мерзімін ұзарту туралы қосымша актіде көрсетілген тексерудің аяқталу мерзімінен кешіктірілмей бақылау субъектісіне табыс етілген күн тексеру мерзімінің аяқталуы болып есептеледі.
13. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленбеген тексерудің өзге де түрлерін жүргізуге тыйым салынады.