2. Қазақстан Республикасының атынан қайта өңдеу туралы келісімді инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жасасады.
Қайта өңдеу туралы келісім пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу жобалары бойынша жасалуы мүмкін, олар бойынша жер қойнауын пайдаланушы инвестицияларының көлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және келісім жасасу күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 7000000 еселенген мөлшерін құрайды.
3. Қайта өңдеу туралы келісім жасасу пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны беру шарты болып табылмайды.
4. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеудің сол бір жобасы бойынша немесе өндірістік объект бойынша бір ғана қайта өңдеу туралы келісім жасалуы мүмкін.
243-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімді жасасу тәртібі
1. Қайта өңдеу туралы келісім жасауға ниеті бар жер қойнауын пайдаланушы инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға ол бекітетін нысан бойынша өтініш береді.
2. Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушыны заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
2) заңды тұлға жарғысының заңды тұлға басшысының қолымен және мөрімен (болған кезде) куәландырылған көшірмесі;
3) қайта өңдеу жобасының қаржылық-экономикалық моделі;
4) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес жасалған қайта өңдеу жобасының бизнес-жоспары;
5) пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімнің жобасы.
3. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган өтінішті тіркейді және өтініш иесін келіссөздердің басталу күні туралы хабардар етеді, ол күн өтініш алынған күннен бастап бір айдан кеш болмайды.
4. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган тарапынан келіссөздерді жұмыс тобы жүргізеді. Жұмыс тобы туралы ереже мен оның құрамын инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
5. Келіссөздер жүргізу мерзімі алты айдан аспайды. Келіссөздер қорытындысы хаттамамен ресімделеді.
6. Жер қойнауын пайдаланушы келіссөздерден және қайта өңдеу туралы келісім жасасудан, бұл туралы инвестициялар жөніндегі уәкілетті органды жазбаша хабардар ете отырып кез келген уақытта бас тартуға құқылы.
7. Келіссөздер нәтижелері бойынша келісілген қайта өңдеу туралы келісім жобасы құқықтық және экономикалық сараптамалар ұйымдастыру үшін инвестициялар жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.
Сараптама қорытындылары оң болған жағдайда, инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган қайта өңдеу туралы келісім жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге жібереді.
Сараптама қорытындылары теріс болған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы сараптамалар ескертулерін жою мақсатында қайта өңдеу туралы келісім жобасын пысықтайды.
Көрсетілген ескертулер жойылғаннан кейін сараптамалар қайта жүргізіледі.
8. Құқықтық сараптаманы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі қайта өңдеу туралы келісім жобасының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізеді.
Қайта өңдеу туралы келісім жобасына құқықтық сараптама жүргізу үшін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мынадай құжаттарды ұсынады:
1) келіссөздер жүргізу нәтижелері бойынша келісілген, қазақ және орыс тілдеріндегі қайта өңдеу туралы келісім жобасы;
2) осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттар;
3) қайта өңдеу туралы келісім шарттары бойынша келіссөздер қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесі.
9. Экономикалық сараптаманы мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган қайта өңдеу туралы келісім жасасудың экономикалық тиімділігін және орындылығын, қайта өңдеу жобасын іске асыру кезінде жер қойнауын пайдаланушының жоспарланатын салымдары мен шығындарының негізділігін, жобаны іске асырудың әлеуметтік маңыздылығын бағалау тұрғысынан жүргізеді.
Қайта өңдеу туралы келісім жобасына экономикалық сараптама жүргізу үшін инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) келіссөздер жүргізу нәтижелері бойынша келісілген, қазақ және және орыс тілдеріндегі қайта өңдеу туралы келісім жобасы;
2) осы баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттар;
3) қайта өңдеу туралы келісім шарттары бойынша келіссөздер қорытындылары туралы хаттаманың көшірмесі.
10. Осы бапта көзделген сараптамалар сараптама жүргізу үшін қажетті тиісті құжаттар алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізіледі.
11. Сараптамалардың оң қорытындыларын алған қайта өңдеу туралы келісім жобасы сараптама қорытындылары күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге жіберіледі.
12. Қайта өңдеу туралы келісімге инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган оның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қол қоюға тиіс.
13. Қайта өңдеу туралы келісім барлық тараптар оған қол қойғаннан кейін жасалды деп есептеледі.
14. Қайта өңдеу туралы келісімді инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган қайта өңдеу туралы жасалған келісімдер тізілімінде есепке алуға тиіс.
244-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімнің мазмұны
1. Қайта өңдеу туралы келісімде мыналар қамтылуға тиіс:
1) келісім нысанасы;
2) жер қойнауын пайдаланушыда бар, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге негіз болған құжатқа нұсқау;
3) жер қойнауын пайдаланушының инвестициялық және әлеуметтік міндеттемелері;
4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес берілген инвестициялық преференцияның (преференциялардың) түрі;
5) берілген инвестициялық преференцияны қолдану мерзімі;
6) келісімге сәйкес құрылған, кеңейтілген немесе жаңғыртылған өндірістік мүлікті пайдаланудан шығару, оны демонтаждау, кәдеге жарату және бүлінген жерді рекультивациялау бойынша міндеттемелер;
7) қайта өңдеу туралы келісім шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасы қайта өңдеу туралы келісімге қолданылатын құқық болып табылады.
3. Қайта өңдеу туралы келісімде өндіруге арналған ең төмен шығыстар және жер қойнауын пайдаланушының оқытуды, Қазақстан Республикасындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті қаржыландыру бойынша міндеттемелері туралы осы Кодексте және пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияда (лицензияларда) көзделген шарттардан өзге шарттар көзделуі мүмкін.
Көрсетілген шарттарды өзгерту немесе алып тастау қайта өңдеу туралы келісім жасасу күні лицензияны тиісінше қайта ресімдеуге алып келеді.
4. Қайта өңдеу туралы келісім тараптар айқындайтын басқа да ережелерді де қамтуы мүмкін.
5. Қайта өңдеу туралы келісім жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату туралы ережені қамтымайды.
6. Қайта өңдеу туралы келісім мерзімі осындай келісімде көзделген өндіруге арналған лицензия мерзімінен аспайды. Егер келісім пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған екі немесе одан көп лицензияға сілтеме жасаса, онда келісім мерзімі солардың біреуінің мерзімінің аяқталатын ең соңғы күні аяқталады.
Қайта өңдеу туралы келісімде көзделген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның (барлық лицензиялардың) қолданылуын тоқтату осы келісімді тоқтатуға алып келеді.
7. Қайта өңдеу туралы келісім қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Тараптардың келісуі бойынша қайта өңдеу туралы келісімнің мәтіні өзге тілге де аударылуы мүмкін.
8. Қайта өңдеу туралы келісімді жасасу, орындау және тоқтату жөніндегі қатынастарға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы осы тарауда реттелмеген жағдайларда қолданылады.
245-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша инвестициялық преференциялар
1. Инвестициялық преференциялар пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін, Қазақстан Республикасында құрылған заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыға Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес басым инвестициялық жобаға жататын, Қазақстан Республикасының аумағында пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу жобасын іске асыруы кезінде беріледі.
2. Инвестициялық преференция жер қойнауын пайдаланушының әлеуметтік және инвестициялық міндеттемелерін, оның ішінде:
1) өндіру және (немесе) қайта өңдеу өндірістерінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін жұмыс орындарын ашу және сақтау жөніндегі;
2) қайта өңдеу өндірісін құру, кеңейту және (немесе) жаңғырту жөніндегі;
3) пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу көлемі мен деңгейі жөніндегі;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылатын тұлғаларға шикізат ретінде ішкі нарықта өткізу үшін шығарылатын өнім көлемі жөніндегі;
5) ғылыми-техникалық саланың, қоршаған ортаны қорғау саласының және қолданбалы ғылым саласының мамандарын даярлау бойынша қазақстандық оқу орындарының бағдарламаларын қаржыландыру жөніндегі;
6) әлеуметтік және (немесе) мәдени мақсаттағы объектілерді салуды және (немесе) реконструкциялауды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерін көздеуі мүмкін өзара түсіністік қағидаттарында беріледі.
246-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату салдары
Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған ең төмен шығыстары бойынша міндеттемелерін және (немесе) өндіруге арналған лицензия бойынша оқытуды, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті қаржыландыру бойынша міндеттемелерді өзгертуді немесе алып тастауды көздейтін қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату осы келісімді жасасқанға дейін қолданылған лицензияның шарттарын қолдануға алып келеді.
Қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату берілген инвестициялық преференцияларды тоқтатуға да алып келеді.
247-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтар мен міндеттерді басқаға беру
1. Жер қойнауын пайдаланушының қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтары мен міндеттерін көрсетілген келісім жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының тиісті ауысуынсыз басқаға беруіне тыйым салынады.
2. Қайта өңдеу туралы келісімді жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы көрсетілген келісім бойынша құқықтар мен міндеттердің міндетті түрде басқаға берілуіне алып келеді.
248-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтарға ауыртпалық салу
1. Кепілді қоса алғанда, қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтарға ауыртпалық салуға, көрсетілген келісімді жасасуға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салынбай жол берілмейді.
2. Кепілді қоса алғанда, қайта өңдеу туралы келісімді жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салу осы келісім бойынша құқықтарға міндетті ауыртпалық салуға алып келеді.
Х БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУ, КЕН ІЗДЕУШІЛІК, ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
33-тарау. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар
249-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия
Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия бойынша оны иеленушінің операциялардың мынадай кіші түрлерінің бірін жүргізу мақсатында жер қойнауы учаскесін пайдалануға айрықша құқығы бар:
1) жер бетінен бес метр төмен тереңдікте орналастырылған сақтау қоймаларын қоспағанда, мұнай мен газды, газ бен мұнай өнімдерін жерасты сақтау қоймаларын орналастыру және пайдалану;
2) қатты, сұйық және радиоактивті қалдықтарды, зиянды улы заттарды сақтау немесе көму, сарқынды, өнеркәсіптік және техникалық суларды жер қойнауына ағызу (айдау) үшін жерасты орындарын (құрылысжайларын) орналастыру және (немесе) пайдалану;
3) жерасты сулары қорларын жасанды толтыру үшін жер қойнауына суды айдау, оның ішінде осы мақсаттарға арналған жерасты құрылысжайларын салу және (немесе) пайдалану;
4) тау-кен өндіру және (немесе) тау-кен байыту өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді орналастыру және (немесе) пайдалану.
250-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған аумақтар
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия кең таралған пайдалы қазбалар болып табылмайтын пайдалы қазбалардың кен орны жоқ немесе пайдалы қазбалардың аз мөлшердегі ресурстары бар жер қойнауы учаскесін пайдалануға беріледі.
2. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны:
1) осы Кодекстің 25-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда;
2) пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды немесе жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінің аумағына;
3) пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру салдарын жою жүргізіліп жатқан жер қойнауы учаскесінің аумағына;
4) кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, табылған пайдалы қазбалар ресурстары немесе осындай перспективалары бар жер қойнауы учаскелеріне;
5) жерасты шаруашылық-ауыз су учаскелері аумағына беруге тыйым салынады.
251-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беру туралы өтініш
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны алуға мүдделі тұлға жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ол белгілеген нысан бойынша өтініш береді.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа заңдастырылған құжат);
2) өтініш иесі пайдалануға беру үшін сұрап отырған тиісті жер қойнауы учаскесін айқындайтын аумаққа нұсқау;
3) сұралатын жер қойнауы учаскесін пайдалану мерзіміне нұсқау;
4) осы Кодекстің 249-бабына сәйкес жер қойнауы кеңістігін пайдалану мақсатына нұсқау.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін тұлғаның, егер мұндай тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өкілеттігін растайтын құжат;
3) жерасты құрылысжай объектісінің сипаттамасын, оны оқшаулау сипаттамасын, тау-кен жыныстарының типін, коллектор қаттарының жерасты тереңдігін және тиімді қуатын, оның алаңын, кеуектілік коэффициентін, төселетін және жабылатын су тірегінің сипаттамасын, жерасты суларының табиғи ағысының жылдамдығын, көмудің, қоймаға жинап қою мен ағызудың сапалық және сандық көрсеткіштерін, тау-кен техникалық, арнаулы инженерлік-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық шарттарын қамтитын, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын нысан бойынша геологиялық есеп;
4) өнімнің атауы, ол түзілетін техникалық өндіріс немесе процесс, оның физикалық сипаттамасы, толық химиялық құрамы, уытты құрауыштардың болуы, өрт қаупі, жарылыс қаупі, ерігіштігі, сақтау кезінде басқа заттармен үйлесімділігі, негізгі ластаушы радионуклидтер, олардың белсенділігі, сондай-ақ тасымалдау жүйесінің сипаттамасы көрсетіле отырып, зиянды, улы заттардың, қатты және сұйық қалдықтардың, сарқынды және өнеркәсіптік сулардың сипаттамасы.
4. Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін нотариат куәландыруға тиіс.
5. Өтініш пен оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар, әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп өзге тілде де жасалуы мүмкін, аударманың дұрыстығын нотариус куәландырады.
6. Өтінішті беру кезі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өтініш келіп түскен күнмен және уақытпен айқындалады және есепке алуға жатады.
7. Берілген өтініш туралы мәліметтер өтініш берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады және:
1) өтініш иесінің (тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) атауын;
2) өтініш иесі пайдалануға беруге сұрап отырған жер қойнауы учаскесін айқындайтын аумақ координаттарын;
3) өтініш келіп түскен күн мен уақытты қамтиды.
252-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беру туралы өтінішті қарау
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтініш пен оған қоса берілетін құжаттарды келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қарайды.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтінішті қарау процесінде өтінішке қоса берілген геологиялық есепке мемлекеттік сараптама жүргізуді ұйымдастырады. Геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасын жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия екі ай ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді. Осы мерзімді жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия қосымша зерттеулер жүргізуге, қажетті материалдар ұсыну мен комиссия мүшелерінің алдын ала ескертулері мен ұсыныстарын жоюға қажетті, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге ұзарта алады. Геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасының теріс қорытындысы жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия беруден бас тартуға негіз болып табылады.
Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тарту үшін осы Кодекстің 254-бабы 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында көзделген негіздер болмаған кезде, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия оң қорытынды шығарған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш иесіне жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасын және жою жоспарын дайындау, сондай-ақ олар бойынша осы тарауда көзделген сараптамалар мен келісу жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
Өтініш иесі жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасына және жою жоспарына жасалған сараптамалар мен келісудің оң қорытындыларын осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген хабардар ету күнінен бастап бір жылдан кешіктірмей жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға тиіс.
Өтініш иесі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға көрсетілген мерзімді ұзарту қажеттілігін негіздей отырып, осындай ұзарту үшін жүгінуге құқылы. Егер мұндай ұзарту қажеттілігі өтініш иесіне байланысты емес мән-жайлардан туындаса, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы мерзімді осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап алты айдан аспайтын кезеңге ұзартады.
2. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімдер сақталған кезде, жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы мен жою жоспары сараптамаларының оң қорытындылары ұсынылған күннен бастап бес күн ішінде өтініш иесіне жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны береді.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беру жер қойнауын пайдаланушыға облыстың жергілікті атқарушы органының Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беруі үшін негіз болып табылады.
4. Осы баптың мақсаттары үшін жою жоспарын дайындау, ұсыну және оған сараптама жасау осы Кодекстің 260-бабында көзделген жағдайларда талап етіледі.
253-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияларды берудің басымдығы
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға берілген, сол бір аумақты қамтитын жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияларды беруге өтініштер келіп түсу кезектілігі тәртібімен қаралады.
2. Кезекті өтініш алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім қабылданғаннан кейін ғана қаралады.
Кезекті өтінішті қарау алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні өткен соң басталады.
Егер бас тарту туралы шешімге өтініш иесі сотқа шағым жасаса, кезекті өтінішті қарау туралы мәселені жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган соттың шешімі күшіне енгеннен кейін шешеді.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия қаралған өтініштердің арасынан өтініші бірінші болып осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін өтініш иесіне беріледі.
4. Лицензия беру туралы шешім қабылданған өтініштен кейін келіп түскен өтініштер бойынша лицензияларды беруден бас тарту туралы шешім қабылданады.
254-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тарту
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мынадай негіздердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке осы Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;
3) сұралатын жер қойнауы учаскесі немесе оның бір бөлігі жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия бойынша басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесіне жататын болса;
4) сұралатын жер қойнауы учаскесі осы Кодекстің 250-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келмесе;
5) сұралатын жер қойнауы учаскесі осы Кодекстің 250-бабының 2-тармағында көрсетілген аумақтарда толық немесе ішінара орналасса;
6) лицензияны беру ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келетін болса;
7) өтінішке қоса берілген геологиялық есеп сараптамасының қорытындысына сәйкес өзінің геологиялық және (немесе) геотехникалық сипаттамалары бойынша сұралып отырған жер қойнауы учаскесі өтініште көрсетілген мақсаттарда жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жарамсыз екені белгіленсе;
8) өтініш иесі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы мен жою жоспары талап етілетін сараптамаларының оң қорытындыларын және келісуін ұсыну мерзімін сақтамаған кезде жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тартады.
2. Лицензияны беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады, ол уәжді болуға және өтініш иесіне лицензияны қарау және беру үшін көзделген мерзімдер ішінде берілуге тиіс.
Осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес лицензияны беруден бас тарту осындай бас тарту үшін негіз болған себептер көрсетілмей шығарылады.
Лицензияны беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтініш иесі бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасауы мүмкін.
3. Лицензияны беруден бас тарту өтініш иесін өтінішті қайта беру құқығынан айырмайды.
255-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мазмұны
Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия осы Кодекстің 31-бабында көрсетілген мәліметтер мен шарттардан басқа жер қойнауын пайдаланудың мынадай шарттарын қамтуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен қол қою бонусын төлеу және жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемін) төлеу туралы міндеттеме;
2) осы Кодекстің 249-бабына сәйкес жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың нысаналы мақсаты;
3) міндеттемелерді бұзғаны үшін лицензияны қайтарып алу негіздері.
256-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мерзімі
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мерзімі қатарынан жиырма бес жылдан аспайды.
Лицензия мерзімі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша лицензияның бастапқы мерзімінен аспайтын кезеңге ұзартылуы мүмкін.
Лицензия мерзімін ұзарту саны шектелмейді.
2. Ұзарту туралы өтініш жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға лицензия мерзімі өткенге дейін бір жылдан ерте емес ол бекітетін нысан бойынша беріледі.
Егер ұзарту туралы өтінішті қарау кезеңінде лицензия мерзімі өтіп кетсе, лицензия осындай қарау кезеңінде қолданылуын жалғастырады. Лицензияның ұзарту мерзімін есептеу алдыңғы мерзім аяқталған күннен кейінгі күннен басталады.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия мерзімі:
1) мәлімделген ұзарту мерзімі осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес келмеген;
2) лицензияның қолданылуын ұзарту туралы өтінішті берудің осы баптың 2-тармағында көзделген мерзімі бұзылған;
3) лицензия шарттарының жойылмаған бұзушылықтары болған жағдайда ұзартуға жатпайды.
257-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану кезінде жер қойнауы кеңістігін пайдалану шарттарын айқындайтын жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы жобалау құжаты болып табылады.