3) өндірілген пайдалы қатты қазбалардың, өндіру кезінде түзілетін өндіріс қалдықтарының анық есепке алынуын;
4) өндіру кезінде, зертханалық зерттеулер мен талдаулар деректерін қоса алғанда, алынған бірінші және екінші геологиялық ақпараттың анықтығы мен сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
5. Егер бұл экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына қайшы келмесе, пайдалы қатты қазбаларды өндіру барысындағы тау-кен массасының және (немесе) орын ауыстырылатын топырақтың көлемі шектелмейді.
Өндіру барысында алынатын пайдалы қатты қазбалар (пайдалы құрауыштар) жер қойнауын пайдаланушының меншігі болып табылады.
6. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде су қорғау іс-шараларын орындауға, сондай-ақ тау-кен қазындыларына ағатын жерасты суларына қатысты су объектілерін қорғау бойынша Қазақстан Республикасының су және экологиялық заңнамасында белгіленген өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тау-кен қазындыларына жерасты суларының технологиялық жағынан шарасыз ағуы арнайы рұқсаттар немесе лицензиялар алуды талап етпейді.
Тау-кен қазындыларына ағатын жерасты суларын пайдалану Қазақстан Республикасының су және экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
215-бап. Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды өндіруді жүргізу кезіндегі есептілігі
1. Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша мынадай мерзімдік есептерді:
1) лицензиялық міндеттемелердің орындалуы туралы есепті;
2) сатып алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер және олардағы жергілікті қамту үлесі туралы есепті;
3) жер қойнауын пайдаланушыны тікелей немесе жанама бақылайтын тұлғалардың және (немесе) ұйымдардың құрамы туралы есептерді;
4) геологиялық есептерді;
5) өндірілген пайдалы қатты қазбалар туралы есепті ұсынуға міндетті.
2. Мерзімдік есептер жыл сайын алдыңғы күнтізбелік жыл үшін әрбір жылдың отызыншы сәуірінен кешіктірілмей ұсынылады.
Толық емес күнтізбелік жыл үшін есептер жер қойнауын пайдаланудың нақты кезеңі бойынша ұсынылады.
Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жыл үшін есептері көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген есеп құзыретті органға оның өзі айқындайтын тәртіппен ұсынылады.
Лицензиялық міндеттемелердің орындалуы туралы есепте көрсетілген өндіру учаскесі бойынша шығыстар туралы мәліметтерді «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудитор растауға тиіс.
Егер мұндай мәліметтер аудит жүргізілген қаржылық есептілікте жеке келтірілсе (анықталса) олар аудитормен расталған деп танылады.
Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген есептер пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға өзі айқындайтын тәртіппен ұсынылады.
Осы баптың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көзделген есептер жер қойнауын зерттеу саласындағы уәкілетті органға өзі айқындайтын тәртіппен ұсынылады.
216-бап. Тау-кен жұмыстарының жоспары
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаты тау-кен жұмыстарының жоспары болып табылады.
2. Тау-кен жұмыстарының жоспарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және бекітеді.
3. Тау-кен жұмыстарының жоспарында пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстардың түрлері, әдістері және тәсілдері, жұмыстардың болжамды көлемі және оларды жүргізудің мерзімдері, сондай-ақ пайдаланылатын технологиялық шешімдер сипатталады.
Тау-кен жұмыстарының жоспарын жасау бойынша нұсқаулықты пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
Тау-кен жұмыстары жоспарының мазмұнын жер қойнауын пайдаланушы экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, дербес айқындайды.
4. Тау-кен жұмыстарының жоспары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.
Егер тау-кен жұмыстары жоспарында көзделген пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу жерүсті су объектілерінің су қорғау аймақтары шегінде болжанатын болса, тау-кен жұмыстарының жоспары да су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, суды бұру саласындағы уәкілетті органның өңірлік органдарымен келісіледі.
Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды осы бапқа сәйкес тау-кен жұмыстарының жоспарын келіскен жағдайда ғана жүргізуге құқылы.
5. Өндіру бойынша жоспарланатын жұмыстардың түрлері, әдістері және (немесе) тәсілдері, сондай-ақ жұмыстарды жүргізу технологиялары, көлемдері мен мерзімдері өзгертілген, өндірістік объектілердің және инфрақұрылым объектілерінің құрамы өзгертілген жағдайда жер қойнауын пайдаланушы тау-кен жұмыстарының жоспарына тиісті өзгерістер енгізуге және оны пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті. Тау-кен жұмыстарының жоспарына өзгерістер:
1) тау-кен жұмыстарының жоспарында көзделген өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу тәуекелдері ұлғайған;
2) бұған дейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдармен келісілген тау-кен жұмыстарының жоспарында көзделмеген, қосымша тәуекелдерге алып келетін өндіру жөніндегі операцияларға жоспарланған өзгерістер;
3) жүзеге асырылуы тау-кен жұмыстарының жоспарында көрсетілген экологиялық көрсеткіштерге қол жеткізбеуге алып келетін өндіру жөніндегі операцияларға жоспарланған өзгерістер;
4) жер жабынының тұтастығын қосымша бұзуды болжайтын өндіру жөніндегі операцияларда жоспарланған өзгерістер;
5) кеніштің негізгі объектілері параметрлеріндегі жоспарланған өзгерістер;
6) кеніштің негізгі объектілері санындағы жоспарланған өзгерістер болған жағдайларда қоршаған ортаны қорғау және өндірістік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдармен келісуді талап етеді.
6. Өзгертілген тау-кен жұмыстарының жоспарын пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға ұсынылғанға дейін ол бойынша жұмыстар жүргізуге тыйым салынады.
217-бап. Жою жоспары
1. Жою жоспары өндіру учаскесінде орналасқан кенішті және басқа да өндірістік және инфрақұрылымдық объектілерді пайдаланудан шығару, өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде бүлінген жерлерді рекультивациялау бойынша іс-шаралар, жою және рекультивациялау бойынша біртіндеп жұмыстар жүргізу жөніндегі іс-шаралар, өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою жөніндегі өзге де жұмыстар сипаттамасы, сондай-ақ мұндай жою жөніндегі іс-шаралардың болжалды құнының есеептеуді қамтитын құжат болып табылады.
Егер жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия (лицензиялар) бойынша жер қойнауының басқа да учаскесінде (учаскелерінде) орналасқан тау-кен өндіруші немесе тау-кен байыту өндірісінің техногендік минералдық түзілімдерін орналастыру объектілері өндіру учаскесінде орналасқан кенішті пайдалануға тікелей байланысты болса, жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауының осы учаскелерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою жөніндегі барлық жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында бірыңғай жою жоспарын әзірлеуге құқылы.
Жою жоспарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және жоспар пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган жүргізетін кешенді сараптамаға жатады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша жұмыс құнын болжамды түрде есептеуге өзгерістерді қоса алғанда, жою жоспарына:
1) кешенді сараптаманың соңғы оң қорытындысын алған күннен бастап үш жылдан кешіктірмей;
2) осы Кодекстің 216-бабының 5-тармағына сәйкес тау-кен жұмыстарының жоспарына өзгерістер енгізілген жағдайда өзгерістер енгізуге міндетті.
3. Кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған жою жоспарында олардың салдарын жою көзделмеген пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға жол берілмейді.
4. Жою жоспарын жасау бойынша нұсқаулықты және пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жоюдың болжамды құнын есептеу әдістемесін пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.
218-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою жою жоспары негізінде әзірленген жою жобасына сәйкес жүргізіледі.
2. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстар жобасын әзірлеуді және бекітуді лицензия мерзімі өткенге дейін екі жылдан кешіктірмей қамтамасыз етуге міндетті.
Егер пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның қолданылуы өзге негіздер бойынша тоқтатылса, жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға пайдалы қатты қазбаларды өндіру салдарын жою жөніндегі жұмыстар жобасын әзірлеуді және бекітуді лицензияның қолданылуы тоқтатылған күннен бастап сегіз айдан кешіктірмей қамтамасыз етуге міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 220-бабына сәйкес бас тартқан өндіру учаскесінің бір бөлігінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою осындай бас тартқанға дейін жүргізіледі. Жою аяқталғаннан кейінгі және өндіруге арналған лицензиядан ол алып тасталған кезге дейінгі кезеңде өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге немесе осындай учаскенің бір бөлігін өзге де пайдалануға жол берілмейді.
3. Өндіру учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға осындай тоқтату күнінен бастап сегіз айдан кешіктірілмейтін мерзімде өндіру жөніндегі операциялар салдарын жоюға кірісуге міндетті. Осы кезең ішінде аталған тұлға жер қойнауы учаскесінің аумағынан өндірілген пайдалы қатты қазбаларды шығаруға құқылы. Лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін сегіз ай өткен соң өндіру учаскесінің аумағынан шығарылмаған пайдалы қатты қазбалар жер қойнауының құрамына енгізілген деп танылады және осы бапқа сәйкес жойылуға жатады.
4. Өндіру учаскесінде (оның бір бөлігінде) операциялар салдарын жою жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға және пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының өкілдерінен құратын комиссия және егер жою жеке меншіктегі, тұрақты немесе ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы жою актісіне қол қойғаннан кейін аяқталды деп есептеледі.
5. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою актісіне қол қою жер қойнауын пайдалану құқығын өзге тұлғаларға кейіннен беру үшін мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті мәліметтерді енгізуге негіз болып табылады.
6. Осы баптың ережелері салдарын жоюды талап ететін өндіру жөніндегі операциялар жүргізілмеген, өндіру учаскесінде немесе оның бір бөлігінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда қолданылмайды. Бұл учаскеде барлау жөніндегі операциялар жүргізілген жағдайда олардың салдарын жою осы Кодекстің 197-бабына сәйкес жүргізіледі.
219-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету
1. Жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесінде пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға осындай операциялар салдарын жою бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органға берген жағдайда кірісуге құқылы.
2. Өндіру жөніндегі операциялар салдарын жою бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мынадай шарттар сақтала отырып, осы Кодексте көзделген оның кез келген түрлері үйлестіріліп берілуі мүмкін: өндіруге арналған лицензияның үштен бір мерзімі ішінде - банк кепілдігі немесе банктік салым кепілі түрінде қамтамасыз ету жалпы қамтамасыз ету сомасының кемінде қырық пайызын, үштен екі мерзімі ішінде - кемінде алпыс пайызын және қалған кезеңде жүз пайызын құрауға тиіс.
Егер жоюды жүргізу екі және одан көп жер қойнауы учаскесі үшін осы Кодекстің 217-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес жасалған жою жоспары бойынша жүзеге асыру жоспарланса, жер қойнауын пайдаланушы осы учаскелерде жер қойнауын пайдалану салдарын жою бойынша міндеттемелердің орындалуын ортақ қамтамасыз етуді беруге құқылы.
3. Қамтамасыз ету сомасы жүргізілген өндіру жөніндегі операциялар және жою жоспарына кешенді мемлекеттік сараптаманың соңғы оң қорытындысы алынған күннен бастап алдағы үш жылға жоспарланатын операциялар салдарын жою жөніндегі жұмыстардың жалпы есептік құнын жабуға тиіс.
Қамтамасыз ету сомасы жою жөніндегі жұмыстар жоспарында көзделген сметаға сәйкес түпкілікті қайта есептеуге жатады.
Жою жөніндегі жұмыстардың құнына әкімшілік және басқарушылық шығыстар, сондай-ақ:
учаске (учаскелер) аумағында орналасқан технологиялық жабдықты, ғимараттарды және құрылысжайларды демонтаждауға және әкетуге;
кенішті (шахтаны, ұңғыманы, карьерді және басқаларын), техногендік минералдық түзілімдерді орналастыру объектілерін (олар болған кезде) жабуға;
зиянды заттар мен материалдарды (олар болған кезде) көмуге;
бүлінген жерді рекультивациялауға;
өзендердің, жылғалардың және су ағындарының (олар болған кезде) арналарын қалпына келтіруге;
жерүсті және жерасты суларының, ауаның сапасын, топырақтың және өсімдіктердің жай-күйін мониторингтеуге арналған шығыстар кіруге тиіс.
4. Өндіруге арналған лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органның келісуімен қамтамасыз ету сомасы жер қойнауы учаскесінде орындалған және осы баптың 3-тармағында көзделген тәртіппен қабылданған жою жұмыстары бөлігінің құнына мөлшерлес азайтылуы мүмкін. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган қамтамасыз етуді берген тұлғаны қамтамасыз ету сомасын азайту туралы жер қойнауын пайдаланушыдан өтінішті алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін қамтамасыз ету сомасын азайтуға, егер осындай азайту нәтижесінде қалған қамтамасыз ету сомасы жою жөніндегі жұмыстар жобасының сметасында көзделген, жою бойынша аяқталмаған жұмыстарға арналған шығыстарды жаба алмайтын болса, тыйым салынады.
5. Осы Кодекстің талаптарына сәйкес салдарын жою қамтамасыз етілмеген пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға тыйым салынады.
220-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесінен бас тарту
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның мерзімі өткенге дейін кез келген уақытта жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға бас тарту туралы жазбаша мәлімдей отырып, барлық өндіру учаскесінен не оның бір бөлігінен бас тартуға құқылы.
Өндіру учаскесінің бір бөлігінен бас тартылған жағдайда, пайдалануда қалған өндіру учаскесі осы Кодекстің 19-бабының ережелеріне сәйкес келуге тиіс.
2. Барлық өндіру учаскесінен немесе оның бір бөлігінен мерзімінен бұрын бас тарту туралы өтініште бас тартуға жататын жер қойнауы учаскесінің аумағына нұсқау қамтылуға тиіс.
Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) жер қойнауын пайдаланушы бас тартып отырған барлық өндіру учаскесінде немесе оның бір бөлігінде өндіру салдарын жою актісі;
2) жер қойнауын пайдаланушы бас тартып отырған жер қойнауы учаскесі аумағының алаң есептері (көлемі) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар сипаттамасы;
3) жер қойнауы учаскесінің бір бөлігінен бас тартылғаннан кейін қалыптастырылатын өндіру учаскесі аумағының алаң есептері (көлемі) және бұрыш нүктелерінің географиялық координаттары бар, көрнекілікті қамтамасыз ететін масштабта орындалған учаскенің орналасу картограммасы, шолу (ахуалдық) схемасы, сондай-ақ жерүстінің топографиялық картасы қоса берілген сипаттамасы.
3. Өндіру учаскесінің бір бөлігінен бас тарту өндіруге арналған лицензияны қайта ресімдеуге алып келеді.
4. Өндіру учаскесінің бір бөлігінен немесе барлығынан бас тарту пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілуі мүмкін учаске (немесе оның бір бөлігі) ретінде мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті жер қойнауы учаскесі туралы мәліметтерді енгізуге негіз болып табылады.
221-бап. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін жауаптылық және оны қайтарып алу
1. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияларда көзделген міндеттемелерді бұзушылық жер қойнауын пайдаланушыны тұрақсыздық айыбы немесе лицензияны қайтарып алу түріндегі жауаптылыққа алып келеді.
2. Өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтудың ең төмен үлесін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін, сондай-ақ қазақстандық кадрларды оқытуды және (немесе) ғылыми-іздестіру, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру бойынша міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбы өндіріліп алынады.
Міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбын төлеу орындалуы тиісті күнтізбелік жылда көзделген негізгі міндеттемені тоқтатады.
Өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын жұмыстардағы және көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтудың ең төмен үлесін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбы орындалмаған міндеттемелер көлеміне қатысты жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құнының отыз пайызы мөлшерінде өндіріліп алынады.
Қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру бойынша және ғылыми-іздестіру, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру бойынша міндеттемені орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы орындалмаған міндеттемелердің сомасы мөлшерінде өндіріліп алынады.
3. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия мынадай негіздердің бірі болған кезде құзыретті органның қайтарып алуына жатады:
1) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келген, осы Кодекстің 44-бабы 1-тармағының талаптарын бұзушылық;
2) қол қою бонусын, жер учаскесін пайдаланғаны үшін ақы (жалдау төлемдерін) төлеу туралы міндеттемелерді және (немесе) пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларға жыл сайынғы ең төмен шығыстар бойынша міндеттемелерін бұзушылық.
4. Бұзушылық анықталған кезде құзыретті орган бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны жазбаша хабардар етеді.
5. Осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген бұзушылық жасалған жағдайда, бұзушылық орын алғанға дейінгі жағдайды қалпына келтіру арқылы, ал қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде құзыретті органның рұқсатымен жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыру бойынша өзге де әрекеттерді жасау арқылы осы бұзушылық бір жылдан аспайтын мерзімде жойылуға жатады.
Осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген бұзушылық жасалған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органнан хабарлама алған күннен бастап үш ай ішінде бұзушылықты жоюға міндетті.
Жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта көзделген мерзімдерде құзыретті органды бұзушылықтардың жойылғаны туралы осындай жоюды растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жазбаша хабардар етеді.
Белгіленген мерзімде бұзушылық жойылмаған жағдайда, құзыретті орган осы баптың 6-тармағына сәйкес лицензияны қайтарып алады.
6. Лицензияны қайтарып алуды құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушыға лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап үш айдан кейін лицензияның қолданылуы тоқтатылады.
7. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен лицензияны қайтарып алуды даулауға құқылы. Осындай даулау кезеңінде осы баптың 6-тармағында көрсетілген мерзім даулау нәтижелері бойынша шығарылған шешім күшіне енгенге дейін ұзартылады.
8. Егер лицензияны қайтарып алу үшін негіз болған міндеттерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлардағы төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және т.с.) әсері себеп болса, лицензияны қайтарып алуға жол берілмейді. Осындай мән-жайларға жер қойнауын пайдаланушының техникалық құралдарының және (немесе) қаржылай қаражатының болмауы, нарықта қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің болмауы, сондай-ақ әкімшілік жазаның қолданылуы жатпайды.
9. Осы бапқа сәйкес өндіруге арналған лицензиядан айырылған тұлға жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды дереу тоқтатуға және жою жоспарына сәйкес жер қойнауы учаскесін қауіпсіз жай-күйде ұстап тұру жұмыстарына кірісуге міндетті.
10. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияны қайтарып алу мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті жер қойнауы учаскесі туралы мәліметтерді енгізу үшін негіз болып табылады.
29-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскелерін ұстап тұру мәртебесі
222-бап. Ұстап тұру мәртебесі ұғымы және оны беру негіздері
1. Ұстап тұру мәртебесі деп осы Кодексте көзделген шарттарда және тәртіппен жер қойнауын пайдаланушының көрсетілген учаскеде (немесе оның бір бөлігінде) кендік пайдалы қатты қазбаларды өндіруді бастамау немесе тоқтата тұру құқығын көздейтін, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің айрықша құқықтық режимі танылады.
Осы тараудың ережелері пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның қолданылу мерзімі кезеңінде қандай уақытта да қолданылуы мүмкін.
2. Жер қойнауы учаскесіне ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушыны ұстап тұру мәртебесінің қолданылу кезеңіне осы Кодекстің 210-бабында көзделген міндеттерді, сондай-ақ онымен байланысты есептілікті беру бойынша міндеттемелерді орындаудан босатады.
Өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің бір бөлігіне ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекстің 208-бабының 2) тармақшасында көзделген міндеттемелерінің мөлшерін пропорционалды түрде азайтуға алып келеді.
3. Ұстап тұру мәртебесі кейінгі бес жылға дейінгі мерзімге ұзарту мүмкіндігімен қатарынан бес жылға дейінгі кезеңге беріледі. Пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесіне қатысты ұзарту мерзімі ескеріле отырып, ұстап тұру мәртебесінің жалпы мерзімі он жылдан аспайды.
4. Ұстап тұру мәртебесін беру жер қойнауын пайдаланушыға ұстап тұру мәртебесі қолданылатын жер қойнауы учаскесінің аумағы және осындай мәртебенің қолданылу мерзімі көрсетіле отырып қайта ресімделген өндіруге арналған лицензияны беру арқылы расталады.
5. Ұстап тұру мәртебесі мынадай негіздердің кез келгені болған кезде беріледі:
1) анықталған минералды ресурстарды өндіру келешектегі бес жыл ішінде рентабельді болуы мүмкін деп пайымдауға ақылға қонымды негіздер болған кезде қолайсыз нарықтық жағдайларға байланысты мұндай өндірудің жер қойнауын пайдаланушы үшін рентабельсіз болып табылуы;
2) экологиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес пайдалы қатты қазбаларды өндіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін технологияның болмауы;
3) еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайларда төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және тағы сол сияқты) болуы;
4) жер қойнауын пайдаланушыға оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімінің күшіне енуі.
223-бап. Ұстап тұру мәртебесін беру тәртібі
1. Ұстап тұру мәртебесі жер қойнауын пайдаланушының не оңалтушы басқарушының өтініші бойынша беріледі.
2. Өтініште ұстап тұру мәртебесін беру үшін жер қойнауын пайдаланушы өтініш жасауға негіз болатын мән-жайлар көрсетіледі және сипатталады.
3. Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) осы Кодекстің 222-бабы 5-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген мән-жайлардың болуын растайтын құжаттар;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен жұмыстар бағдарламасы.
4. Құзыретті орган өтінішті қарайды және осы Кодекстің 224-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген ұстап тұру мәртебесін беруден бас тарту үшін негіздер болмаған кезде, сондай-ақ жұмыстар бағдарламасын келіскеннен кейін өтініш келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш иесіне консервациялау жобасын ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жібереді.