4. Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланудың жай-күйі мен күтіп ұстау тәртібін мемлекеттік бақылауды тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
5. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланудың жай-күйі мен күтіп ұстау тәртібін мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде оларды күтімсіз ұстау фактілері анықталған жағдайда тиісті уәкілетті органдар:
уәкілетті орган - халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесіне;
жергілікті атқарушы органдар - жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесіне тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бұзғаны және осындай бұзушылықтарды нұсқамада көрсетілген мерзім ішінде жою туралы нұсқама береді.
6. Ұлттық мәдениет игiлiгі объектілерінің мемлекеттік тiзiлiміне енгiзiлген мәдени құндылықтарды тиісінше күтіп ұстамаған және сақтамаған жағдайда мәдениет саласындағы уәкілетті орган мәдени құндылықтардың меншік иесіне мәдени құндылықтарды сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бұзғаны және осындай бұзушылықтарды хабарламада көрсетілген мерзім ішінде жою туралы хабарлама береді.
7. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің, мәдени құндылықтардың меншік иесі олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бұзушылықты жоймаған жағдайда:
халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне, мәдени құндылықтарға қатысты - уәкілетті орган;
жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды меншік иесінен алып қою туралы талап-арызбен сотқа жүгінеді.
8. Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды мемлекет соттың шешімі бойынша алып қойған жағдайда, олар - республикалық мүлік құрамына, ал жергілікті маңызы барлары коммуналдық мүлік құрамына түседі.
34-бап. Жеке меншiктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне мемлекеттік меншік құқығына ие болу
Жер учаскесiнiң меншiк иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде жеке меншiктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне мемлекеттік меншік құқығына ие болу Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
35-бап. Шартты бұзу немесе өзгерту не мәмілені жарамсыз деп тану кезінде мүлікті қайтарған жағдайларда мемлекеттік мүлікке құқықтың туындауы
1. Шарт бұзылған немесе өзгерген кезге дейін мемлекеттік мүлік жеке немесе заңды тұлғалардың жеке меншігіне соның негізінде өткен шарт бұзылған немесе өзгерген жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, тараптар шарт бұзылған немесе өзгерген кезге дейінгі міндеттемесі бойынша өздері атқарған жұмысты қайтаруды талап етуге құқылы емес.
2. Мемлекеттік мүлік жеке немесе заңды тұлғалардың жеке меншігіне соның негізінде өткен мәмілені сот жарамсыз деп таныған жағдайда, мұндай мүлік мемлекетке қайтарылады, ал мүлікті заттай қайтару мүмкін болмаған кезде, оның құны ақшалай өтеледі.
36-бап. Мемлекеттік меншік құқығының презумпциясы
1. Егер Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеу жүйесін енгізгенге дейін мемлекеттік заңды тұлғаның балансына қойылған ғимаратқа, құрылысқа және өзге де жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тану туралы дау болмаса, осы мүлікке мемлекеттік меншік құқығы, қажетті құқық белгілейтін құжаттар болмаған жағдайда, осындай мүліктің мемлекеттік мүлік құрамында болуы туралы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) құжаттарымен расталуы мүмкін. Дау туындаған жағдайда, көрсетілген мүлікке меншік құқығы мүдделі тұлғаның талап-арызы негізінде сот тәртібімен жүзеге асырылады.
2015.28.10. № 368-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының аумағындағы және жеке және заңды тұлғалардың меншігі болып табылмайтын барлық тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.
4-тарау. Реквизициялау
1-параграф. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау
37-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау туралы жалпы ережелер
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргізу объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан кепілді түрде қорғауды қамтамасыз ету үшін құрылған материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да ресурстардың мемлекеттік резерві болмаған немесе жеткіліксіз болған кездегі ерекше жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау төтенше жағдай аймағымен (төтенше жағдай туындаған белгілі бір аумақпен) және (немесе) төтенше жағдай аймағында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілетін төтенше жағдай кезеңімен шектеледі. Төтенше жағдайлар кезінде төтенше жағдай аймағынан тыс немесе төтенше жағдай кезеңінен тыс реквизициялауға жол берілмейді.
3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюды қамтамасыз ету үшін азаматтығына және мемлекеттік тіркеу орнына қарамастан, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты реквизициялауға жол беріледі.
38-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялаудың негізгі мақсаттары мен шарттары
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккен халықты азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, тұрғын жайлармен қамтамасыз ету, ұлттық экономиканың тұрақты жұмыс істеуіне жағдайлар жасау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстар кезінде өзге де материалдық проблемаларды шешу үшін жүзеге асырылады.
2. Реквизицияланатын мүліктің меншік иесіне мүліктің нарықтық құнын өтеу мүліктің меншік иесінің таңдауы бойынша реквизициялау күніне немесе мүліктің құнын өтеу күніне айқындалады.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлкі реквизицияланбайтын ұйымдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Мүліктің жекелеген түрлерін реквизициялау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
39-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау негіздері
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар басталған кезде реквизициялауға «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес әзірленетін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар туралы жергілікті атқарушы органдардың жоспарларына сәйкес жол беріледі.
2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдай режимін енгізу кезінде қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін төтенше жағдай режимін енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде және соған сәйкес реквизициялауға жол беріледі.
3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялауға төтенше жағдайларды жою басшысының шешімі негізінде қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде де жол беріледі.
40-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау тәртібі
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде жалпы басшылықты және реквизициялауды қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген төтенше жағдайлардың түрі (объектілік, жергілікті, өңірлік және жаһандық) мен сыныпталуына байланысты төтенше жағдайларды жою басшысы жүзеге асырады.
2. Реквизициялау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылады.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдай режимін енгізу кезінде мүлікті реквизициялау осы Заңның 42 және 43-баптарында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Жергілікті атқарушы органның реквизициялау туралы шешімі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою басшысының шешімі негізінде шығарылады.
4. Шешімде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету үшін қажетті мүлік туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
5. Реквизициялау туралы шешім:
1) реквизициялауға жататын мүліктің тізбесін, мүліктің меншік иесі және оның орналасқан жері, реквизицияланатын мүлікті жинайтын орын туралы мәліметтерді, сондай-ақ реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді;
2) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай аймағында реквизициялауды бақылауға және қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлғалардың дербес құрамын;
3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай аймағында мүлікті алып қоюды жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды тұлғалардың дербес құрамын;
4) кемінде бір бағалаушы енгізілуге тиісті бағалау комиссиясының саны мен дербес құрамын;
5) реквизициялауды жүргізу мерзімін;
6) өтем төлеу мерзімдерін;
7) реквизициялауды жүргізуге қажетті өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
6. Қажет болған жағдайда, оның ішінде реквизициялануға жататын мүліктің тізбесі, лауазымды тұлғалардың немесе бағалау комиссиясының дербес құрамы өзгерген кезде реквизициялау туралы шешімге тиісті өзгерістер енгізіледі.
7. Реквизициялау туралы шешім және оған кейіннен жасалатын барлық өзгерістер мен толықтырулар қабылданған кезден бастап екі күн мерзімнен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға, сондай-ақ онымен еркін танысу үшін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағындағы қолжетімді жерлерде орналастырылуға жатады.
41-бап. Реквизициялау туралы шешім шығарылған мүлікті алып қою
1. Мүлікті алып қойғанға дейін меншік иесі реквизициялау туралы шешіммен жеке қолын қойып танысуға тиіс.
2. Мүлікті алып қоюды осыған уәкілетті лауазымды тұлғалар мүліктің меншік иесінің (немесе оның уәкілетті өкілінің) және бағалау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен реквизициялау туралы актінің негізінде жүргізеді.
3. Реквизициялау туралы акт:
1) реквизициялау туралы шешімнің деректемелерін көрсете отырып реквизициялау жүргізу негіздерін;
2) мүлікті алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды тұлғалар, бағалау комиссиясының құрамы мен мүшелерінің саны, реквизицияланатын мүліктің меншік иесі, мүлікті алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
4) салмағы, өлшемі, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесін;
5) мүлікті бағалау туралы және өтемнің мөлшері туралы мәліметтерді;
6) өтемді төлеу мерзімін және жауапты лауазымды тұлғаны көрсете отырып, оны төлеуді қамтамасыз ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын тиісті атқарушы органды көрсетуді;
7) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
4. Реквизициялау туралы акт кемінде екі данада жасалады, оған уәкілетті лауазымды тұлғалар, бағалау комиссиясының мүшелері мен мүліктің меншік иесі немесе оның уәкілетті өкілі қол қояды және актінің бір данасы реквизицияланатын мүліктің меншік иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне табыс етіледі. Уәкілетті лауазымды тұлға екінші данасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына есеппен бірге жібереді.
42-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында төтенше жағдай режимін енгізген кезде реквизициялау ерекшеліктері
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында төтенше жағдай режимін енгізген кезде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын авариялық-құтқару қызметінің басшысы қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті мүлікті реквизициялауды өзінің жеке жауапкершілігімен дербес жүргізуге құқылы.
2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы актінің негізінде жүзеге асырылады, ол:
1) реквизициялау жүргізудің негіздерін;
2) алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды тұлғаның лауазымы, атағы және аты, сондай-ақ реквизициялауға уәкілетті тұлғаларды тағайындау туралы бұйрықтың деректемелері көрсетілген, реквизицияланатын мүліктің меншік иесі, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
4) салмағы, өлшемі, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар туралы мәліметтер көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесін;
5) мүлікті бағалау туралы және өтем мөлшері туралы мәліметтерді;
6) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
3. Реквизициялау туралы актінің бір данасы реквизицияланған мүліктің меншік иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне беріледі.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Жүргізілген реквизициялау туралы есеп жасалады, ол қоса тіркелген реквизициялау туралы актімен бірге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына жіберіледі.
43-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай аймағында құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде реквизициялау
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай аймағында құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде ерекше жағдайларда авариялық-құтқару қызметтерінің немесе шұғыл медициналық көмек қызметтерінің жекелеген жасақтарының (бөлімшелерінің) мұқтажы үшін реквизициялауды осы жасақтың (бөлімшенің, экипаждың) бастығы дербес жүргізеді.
2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы актінің негізінде жүргізіледі, ол:
1) реквизициялауға негіз болған ерекше мән-жайлар туралы нұсқауды;
2) алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды тұлғаның лауазымы, атағы және аты, сондай-ақ өзге де қажетті деректемелер көрсетілген, реквизицияланатын мүліктің меншік иесі, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
4) салмағы, өлшемі, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар туралы мәліметтер көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесін;
5) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
3. Реквизициялау туралы актінің бір данасы реквизицияланатын мүліктің меншік иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне беріледі.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Авариялық-құтқару қызметтері немесе шұғыл медициналық көмек қызметтері жасағының (бөлімшесінің, экипажының) бастығы есеп пен реквизициялау туралы актіні қоса бере отырып, жүргізілген реквизициялау туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органды дереу хабардар етуге міндетті.
44-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизицияланған мүлікті қайтару
1. Реквизицияланған мүліктің меншік иесі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдай режимінің күші жойылған немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тоқтатылған кезде сақталған мүлікті осы бапта көзделген қағидалар бойынша қайтаруды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
2. Мүлкін алып қойғаны үшін өтем алмаған реквизицияланған мүліктің меншік иесі өзінің таңдауы бойынша мүлікті қайтаруды және залалдарды өтеуді не өтемді толық көлемде беруді талап етуге құқылы. Ішінара өтем алған меншік иесінің де осындай құқығы бар. Ішінара өтем алған меншік иесіне мүлікті қайтару кезінде залалдарды өтеу төленген сома ескеріле отырып жүргізіледі.
3. Толық көлемде өтем алған реквизицияланған мүліктің меншік иесі мүліктің қайтарылған күнгі бағасы бойынша сақталған мүлікті басымдықпен, бірақ алынған өтем сомасынан аспайтындай сомамен сатып алуға құқылы.
4. Реквизицияланған мүліктің меншік иесіне мүліктің жекелеген түрлерін қайтарудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Жер кодексінде, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
45-бап. Реквизицияланған мүлік үшін ақшалай өтем төлеу
1. Реквизицияланатын мүлік үшін ақшалай өтем Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражатынан төленеді.
2. Өтем реквизиция туралы шешімде көрсетілген мерзімде, бірақ реквизициялау туралы актіге қол қойылған кезден бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей төленуге тиіс.
3. Өтемді төлеудің мерзімі өткен кезде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыруының ресми ставкасы негізге алынып есептелетін мөлшерде нақты төленетін күнге тұрақсыздық айыбы борыштың сомасына есептеледі.
46-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизицияланатын мүлікті есепке алу
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялауды жүзеге асырған мемлекеттік орган реквизицияланған мүліктің есебін жүргізуге міндетті, онда алып қойылған мүліктің тізбесі және реквизицияланған мүлік пайдалану үшін берілген авариялық-құтқару қызметінің жасақтары (бөлімшелері) немесе өзге де ұйымдар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету мұқтажы үшін, сондай-ақ құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде берілген реквизицияланған мүлікті есепке алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды және оны азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
47-бап. Реквизициялау кезіндегі меншік иесі құқықтарының кепілдігі
1. Реквизициялауды жүргізу кезінде туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.
2. Реквизицияланған мүліктің меншік иесі реквизициялау туралы шешімге, сондай-ақ реквизицияланған мүлікті бағалау және өтем мөлшеріне, оның ішінде өтелетін залалдардың мөлшеріне де сот тәртібімен дау айтуы мүмкін.
3. Реквизицияланған мүліктің меншік иесінің мүліктің құнын және реквизициялаудан туындаған залалдарды өтеу туралы талабына талап қоюдың өту мерзімі қолданылмайды.
2-параграф. Соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде және соғыс уақытында қорғаныс мұқтажы үшін
реквизициялаудың ерекшеліктері
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен 48-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
48-бап. Соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялаудың негіздері мен тәртібі
1. Соғыс жағдайы енгізілген және жұмылдыру жарияланған (толық немесе ішінара) кезде қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарында және тауарларды өндірудің, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсетудің тиісті кезеңге арналған жоспарында көзделмеген мүлікке қажеттілік жаңадан туындаған жағдайда жүргізіледі.
2. Соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының нұсқамалары бойынша жүзеге асырылады.
3. Қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының шешімдері негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының нұсқамасы бойынша жүзеге асырылады.
4. Әскери басқару органдары мен әскери бөлімдердің қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялау жөніндегі қызметіне жалпы басшылық жасауды және оны үйлестіруді «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысының бұйрықтары негізінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы жүзеге асырады.
49-бап. Қорғаныс мұқтажы үшін реквизициялауға жататын мүлік
1. Соғыс жағдайы енгізілген және жұмылдыру жарияланған (толық немесе ішінара) кезде қорғаныс мұқтажы үшін қажетті көлік құралдары және өзге де мүліктер реквизициялауға жатады.
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Соғыс жағдайы енгізілген және жұмылдыру жарияланған (толық немесе ішінара) кезде соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету шаралары ретінде реквизициялау қажет болған кезде реквизициялауға жататын мүліктің тізбесін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы айқындайды.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес қорғаныс мұқтажы үшін мүлкін реквизициялауға болмайтын ұйымдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Жеке тұлғалардың реквизициялауға жатпайтын мүлкінің тізбесі мен нормативтерін, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, Қазақстан Республикасының халқын соғыс уақытында жабдықтау нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2012.16.02. № 562-ІV ҚР Заңымен 50-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
50-бап. Соғыс уақытында қорғаныс мұқтаждары үшін реквизициялаудың ерекшеліктері
1. Соғыс уақытында соғыс іс-қимылдары жүріп жатқан және жергілікті атқарушы органдар жұмыс істемейтін аумақта қорғаныс мұқтаждары үшін қажетті реквизициялауды, бұл туралы кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметіне хабарлай отырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы дербес жүргізеді. Реквизициялауды жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы реквизициялауды жүргізетін жергілікті әскери басқару органдарына немесе әскери бөлімдердің командирлеріне (мекеме басшыларына) нұсқама береді.
2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы акт бойынша жүзеге асырылады, онда:
1) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы нұсқамасының деректемелері көрсетілген реквизициялау жүргізудің негіздері;
2) алып қоюды жүргізу уақыты мен орны;
3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды адамның лауазымы, атағы және аты, сондай-ақ реквизициялауға уәкілетті адамдарды тағайындау туралы бұйрықтың деректемелері көрсетілген, реквизицияланатын мүліктің иесі туралы, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтер;
4) салмағы, мөлшері, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар туралы мәліметтер көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесі;