2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 841-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
841-бап. Судьяның, органның (лауазымды адамның) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын, наразылығын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндердің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын, наразылығын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмейтiнiн анықтап, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) бұл қаулының күшiн толық немесе iшiнара жояды және шағымды, апелляциялық өтінішхатты, наразылықты қараудың нәтижелерiне сәйкес жаңа қаулы шығарады.
2. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын, наразылығын қарау процесiнде зерттелген дәлелдемелердi бағалай келіп, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда анықталмаған немесе қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам) назарға алмаған фактiлердi дәлелдендi деп тануға құқылы.
842-бап. Әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбау
1. Мыналар әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбау болып табылады:
1) осы Кодекстiң 1-бөлiмiнiң және 2-бөлiмi Жалпы бөлiгiнiң талаптарын бұзу;
2) осы Кодекстiң 2-бөлiмi Ерекше бөлiгiнiң қолданылуға жататын бабынан немесе бабының бөлiгiнен басқасын қолдану;
3) осы Кодекстiң 2-бөлiмi Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабының санкциясында көзделгеннен анағұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза қолдану.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын, наразылығын қарау нәтижесiнде жасалған әрекетке берiлген заңдық бағаны дұрыс емес деп танып, жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) құқық бұзушылықтың саралануын заңның онша қатаң емес әкiмшiлiк жаза көзделген бабына өзгертуге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын, наразылығын қарау нәтижелерi бойынша неғұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза көзделетін заңды қолдануға немесе осы негiздер бойынша жәбiрленушi шағым берген, прокурор апелляциялық өтінішхат, наразылық келтірген жағдайда ғана неғұрлым қатаң әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
843-бап. Осы Кодекстiң процестік нормаларын елеулі түрде бұзу
1. Осы Кодекстiң процестік нормаларын елеулі түрде бұзу деп іс бойынша іс жүргiзу және оны қарау кезiнде осы Кодекстің қағидаттарының және iске қатысатын тұлғалардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым жасау, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу рәсiмдерiн сақтамау немесе iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге өзге жолмен кедергi келтiру арқылы заңды және негiзделген қаулы шығаруға ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн өзге де жалпы ережелерiнiң бұзылуы танылады.
2. Іс бойынша іс жүргiзудiң бiржақтылығы немесе толық еместiгi iс үшiн маңызы болуы мүмкiн, зерттеуден жол берiлетiн дәлелдемелердi қателесіп шығарып тастаудың немесе дәлелдемелердi зерттеуден негiзсiз бас тартудың; мiндеттi түрде зерттелуге жататын дәлелдемелердi зерттемеудiң нәтижесi болып табылса, қаулының күшi жойылуға жатады.
3. Егер:
1) осы Кодекстiң 741 және 742-баптарында көзделген негiздер болған кезде іс бойынша iс жүргiзу тоқтатылмаған болса;
2) қаулыны әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкілеттік берілмеген судья, орган (лауазымды адам) шығарса;
3) қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болып табылғанда іс оның қатысуынсыз қаралса немесе өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаның қорғаушы алу құқығы өзге де жолмен бұзылса;
4) өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамның ана тiлiн немесе өзi бiлетiн тiлдi және аудармашы көрсететін қызметтерді пайдалану құқығы бұзылса;
5) өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлғаға iстiң мән-жайлары туралы түсiнiктеме беру құқығы берiлмесе;
6) қаулыға осы Кодекстiң 822-бабының төртiншi бөлiгiнде аталған тұлғалардың қайсыбiреуi қол қоймаса, кез келген жағдайда қаулының күшi жойылуға жатады.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде осы баптың үшiншi бөлiгiнiң 1) тармақшасында көрсетiлген процестік нормалардың бұзылуына жол берiлгендiгiн анықтай отырып, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) iс бойынша қаулының күшiн жояды және iс жүргiзудi тоқтатады.
5. Егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде процестік нормалардың қандай да бір өзгеше елеулі түрде бұзылуына жол берiлген болса, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) iсті қарауды жүргiзеді, бұл ретте жол берiлген бұзушылықты жоюға шаралар қолданады, тиiсінше тиісті мамандандырылған аудандық және оған теңестiрiлген әкiмшiлiк сот және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот судьясының, төмен тұрған органның (лауазымды адамның) қаулысының күшiн жояды және iсті қараудың нәтижелерiн ескере отырып, жаңа қаулы шығарады.
844-бап. Қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк қаржы жағдайына сәйкес келмеуi
1. Қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның тым қатаңдығы салдарынан оны әдiл емес, жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмейдi деп танып, судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк жаза қолданудың жалпы қағидаларын басшылыққа ала отырып, жазаны жеңілдетеді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) кiнәлi тұлғаға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулымен айқындалғаннан неғұрлым қатаң жаза қолдануы мүмкiн, бiрақ оны осы негiз бойынша жәбiрленушi шағым берген, прокурор апелляциялық өтінішхат, наразылық келтірген жағдайда ғана қолданады.
845-бап. Іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы қаулының күшiн жою немесе оны өзгерту
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Судья, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) iс бойынша іс жүргiзудi тоқтатудың негiзсiздiгiне жәбiрленушiнiң шағымы бойынша не прокурордың апелляциялық өтінішхаты, наразылығы бойынша ғана әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы шығара отырып, iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулының күшiн жоюы мүмкiн.
2. Іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзу тоқтатылған тұлғаның шағымы бойынша тоқтатудың негiздерi бөлiгiнде өзгертiлуi мүмкiн.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 846-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
846-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты, наразылығы бойынша қаулыны жария ету
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты, наразылығы бойынша қаулы шығарылғанынан кейін дереу жария етіледі.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты, наразылығы бойынша қаулының көшірмесі шығарылғанынан кейiн үш тәулiкке дейiнгi мерзiмде iс бойынша өзіне қатысты қаулы шығарылған жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның өкiлiне, шағымды өзi берген немесе оның өтiнуi бойынша берілген жағдайда жәбiрленушiге, апелляциялық өтінішхат, наразылық келтірген прокурорға табыс етіледі немесе жiберiледi.
3. Әкiмшiлiк қамаққа алу туралы iс бойынша қаулыға шағым, прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қаулы - қаулыны орындайтын органның (лауазымды адамның), сондай-ақ бұл өзiне қатысты шығарылған тұлғаның назарына қаулы шығарылған күнi жеткiзiледi.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 46-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
46-тарау. Заңды күшіне енген сот қаулыларын қайта қарау
847-бап. 2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 848-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
848-бап. Істерді талап етіп алдырудың және заңды күшіне енген сот актілеріне наразылық келтіру туралы өтінішхаттарды қараудың тәртібі мен себептері
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, мамандандырылған сот алқасының төрағасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар кассациялық тәртіппен тексеру үшін тиісті соттан талап етіп алдыруы мүмкін.
2. Осы Кодекстің 851-бабының төртінші бөлігінде аталған тұлғалардың өтінішхаттары, сол сияқты өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бастамалары істерді талап етіп алдыруға себеп болып табылады.
3. Істі талап етіп алдыру туралы сұрау салуды сот ол сотқа келіп түскен күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей орындайды. Сұрау салу жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында жіберілуі мүмкін.
4. Осы Кодекстің 851-бабының бесінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайды.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулылар осы Кодекстің 851-бабының бесінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының не оның орынбасарының наразалығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.
6. Ұсыну, наразылық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасына жіберіледі.
Наразылықтың көшірмелерін прокурор іске қатысатын тұлғаларға жібереді.
7. Іс талап етіп алдырылған жағдайда, ұсыну енгізу немесе кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат іс түскен күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарауға жатады.
8. Ұсынуды енгізу немесе наразылық келтіру туралы өтінішхат жазбаша түрде не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі және мыналарды:
1) өтінішхат жолданған лауазымды адамның атауын;
2) өтінішхат беретін тұлғаның атауын; оның тұрғылықты жерін немесе тұрған жерін және іс бойынша процестік жағдайды;
3) бірінші, апелляциялық сатыларда істі қараған соттарды және олар қабылдаған шешімдердің мазмұнын көрсетуді;
4) өтінішхат берілетін сот актісін көрсетуді;
5) мыналарды:
қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін қандай орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін екенін;
қаулы адамдардың белгісіз тобының қандай құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатынын;
қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті қалайша бұзатынын көрсетуді;
6) өтінішхат беруші тұлғаның өтінуі неден тұратынын көрсетуді қамтуға тиіс.
9. Өтінішхат беретін тұлға немесе оның өкілі өтінішхатқа қол қоюға тиіс. Өкіл берген өтінішхатқа сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге де құжат қоса берілуге тиіс.
10. Өтінішхат осы баптың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, оны берген тұлғаларға қайтаруға жатады.
11. Өтінішхат берген тұлға өтінішхат қаралғанға дейін кассациялық сатыдағы сотқа өтініш беру арқылы оны кері қайтарып алуға құқылы.
849-бап. 2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 850-бап өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
850-бап. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуын тоқтата тұру
Заңды күшiне енген қаулыларға наразылық келтіру осы қаулылардың орындалуын тоқтата тұрады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 851-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
851-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулыларды қайта қараудың кассациялық тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы кемінде үш судьяның алқалы құрамында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы, Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры мен оның орынбасарларының наразылығы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңды күшiне енген сот қаулысының заңдылығын және негiздiлiгiн тексеруге құқылы.
2. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған адамның не өзiне қатысты әкiмшiлiк iс жүргiзу тоқтатылған адамның жағдайын нашарлататын жағына қарай ұсыну, наразылық соттың қаулысы заңды күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде берiлуі мүмкін.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларға, оларға шағым, наразылық бойынша соттың қаулыларына наразылық келтіру осы Кодекстің 833-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
4. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған адамның, жәбірленушінің, олардың заңды өкілдердің, қорғаушыларының, заңды тұлғалар өкілдерінің, сондай-ақ өздерінің орталық органдары арқылы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) ұсынуды енгізу және кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхат беруге құқығы бар.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға:
1) қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын;
2) қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын;
3) қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.
6. Наразылық келтірген прокурор наразылық қаралғанға дейін кассациялық сатыдағы сотқа өтініш беру арқылы оны кері қайтарып алуға құқылы. Наразылықты кері қайтарып алу қайтадан наразылық келтіруге кедергі болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 47-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
47-тарау. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша заңды күшiне енген қаулыларды және оларға шағымдарды, прокурордың апелляциялық өтінішхаттарын, наразылықтарын қараудың нәтижелері бойынша қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау
852-бап. Қайта қарау негіздері
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулылар және шағымдарды, прокурордың апелляциялық өтінішхаттарын, наразылықтарын қараудың нәтижелерi бойынша қаулылар жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2. Қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін мыналар:
1) құқық бұзушыға, жәбірленушіге белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін емес, іс үшін маңызды мән-жайлар;
2) соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, заңсыз не негізсіз қаулы шығаруға әкеп соққан куәнің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс емес аударма, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың, құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;
3) соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, осы істі қарау кезінде жасалған, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, іске қатысатын басқа да тұлғалардың не олардың өкілдерінің қылмыстық әрекеттері немесе судъялардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қылмыстық іс-әрекеттері;
4) осы қаулыны шығаруға негіз болған соттың шешімін, үкімін, ұйғарымын немесе қаулысын не өзге де мемлекеттік органның (лауазымды адамның) құқықтық актісінің күшін жою;
5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істе қолданылған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануы негіздер болып табылады.
853-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қаулыларды және оларға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері бойынша қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарайтын соттар, уәкілетті органдар (лауазымды адамдар)
Заңды күшіне енген қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша бұл шешімді шығарған сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) қайта қарайды.
Сот органның (лауазымды адамның) қаулыларын қайта қараған және оны өзгеріссіз қалдырған жағдайда, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды осы шешімді шығарған сот жүзеге асырады.
854-бап. Арыз беру
1. Қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға, жәбірленуші немесе олардың заңды өкілдері немесе прокурор қаулы шығарған сотқа, органға (лауазымды адамға) береді.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған тұлғалар қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қайта қарауға негіз болған мән-жайлар анықталған күннен бастап үш ай ішінде бере алады.
855-бап. Арыздың нысаны мен мазмұны
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз жазбаша нысанда не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі. Арызға арыз беруші тұлға немесе оның уәкілетті өкілі қол қояды.
2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызда:
1) арыз берілетін соттың, органның (лауазымды адамның) атауы;
2) арыз беруші тұлға туралы мәліметтер (жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), телефонның, факстің, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және (немесе) электрондық мекенжайы (егер бұлар бар болса); заңды тұлғалар үшін - атауы, орналасқан жері, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) нөмірі мен күні, телефонның, факстің, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және (немесе) электрондық мекенжайы (егер олар бар болса);
3) арыз иесі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхат берген актіні қабылдаған соттың, органның (лауазымды адамның) атауы; осы актінің қабылданған күні;
4) арыз берген тұлғаның талабы; осы Кодекстің 852-бабында көзделген және бұл мән-жайдың ашылғанын немесе анықталғанын растайтын құжаттарға сілтеме жасай отырып, арыз берушінің пікірі бойынша қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы мәселені қоюға негіз болып табылатын жаңадан ашылған мән-жай;
5) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Арызға:
1) жаңадан ашылған мән-жайларды растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) арыз беруші қайта қарау туралы өтінішхат берген қаулының көшірмесі;
3) іске қатысатын басқа тұлғаларға оларда жоқ арыздың және құжаттардың көшірмелері жіберілгенін растайтын құжат;
4) адамның арызға қол қою өкілеттіктерін растайтын сенімхат немесе өзге де құжат қоса берілуге тиіс.
856-бап. Арызды соттың, органның (лауазымды адамның) іс жүргізуіне қабылдау
1. Нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды сақтай отырып, қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы берілген арыз тиісті соттың, органның (лауазымды адамның) іс жүргізуіне қабылданады.
2. Арызды іс жүргізуге қабылдау туралы мәселе ол түскен күннен бастап үш тәулік ішінде шешіледі.
3. Арызды іс жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарылады, онда арызды қарау бойынша отырыс өткізудің күні мен орны көрсетіледі.
4. Ұйғарымның көшірмелері іске қатысатын тұлғаларға жіберіледі.
857-бап. Қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қайтару
1. Тиісті соттың судьясы, уәкілетті органның лауазымды адамы, егер арызды іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені шешу кезінде:
1) арыздың осы Кодекстің 855-бабында белгіленген қағидаларды бұза отырып берілгенін;
2) арыздың белгіленген мерзім өткеннен кейін берілгенін және мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхаттың болмауын немесе арыз берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіруден бас тартылғанын;
3) арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталмағанын анықтаса, арыз берушіге қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы берген арызын қайтарып береді.
2. Арызды қайтару туралы ұйғарым шығарылады.
Ұйғарымның көшірмесі арызбен және оған қоса берілетін құжаттармен бірге оның шығарылған күнінен кейінгі келесі күннен кешіктірілмей арыз берушіге жіберіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Арызды қайтару туралы ұйғарымға шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты немесе наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.
858-бап. Арыз беру үшін мерзімді есептеу
Арыз беру үшін мерзім:
1) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайларда - іс үшін едәуір маңызы бар мән-жайлар ашылған күннен бастап;
2) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда - сот үкімінің заңды күшіне енген күнінен бастап;
3) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайларда - қайта қаралатын қаулы негізделген сот үкімі, шешімі, ұйғарымы, қаулысы немесе өзге де мемлекеттік органның (лауазымды адамның) құқықтық актісі заңды күшіне енген күнінен бастап;
4) осы Кодекстің 852-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген жағдайларда - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің осы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істе қолданылған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тану туралы қаулыны қабылдау күнінен бастап есептеледі.
859-бап Арызды қарау
Қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды сот, орган (лауазымды адам) отырыста қарайды. Арыз беруші және іске қатысатын тұлғалар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі арызды қарауға кедергі болып табылмайды.
860-бап. Соттың, уәкілетті органның (лауазымды адамның) істі қайта қарау туралы қаулысы
1. Сот, орган (лауазымды адам) қаулыны жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қарап, арызды қанағаттандырады және қаулының күшін жояды не қайта қараудан бас тартады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Соттардың, органдардың (лауазымды адамдардың) жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қаулының күшін жою туралы және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қаулыны қайта қарау туралы арызды қанағаттандырудан бас тартуы туралы шешімдеріне белгіленген тәртіппен шағым жасалуы, олар прокурордың апелляциялық өтінішхаты, наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.
3. Қаулының күші жойылған жағдайда, сот, орган (лауазымды адам) істі осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша қарайды.
48-тарау. Ақтау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу
861-бап. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлғаның кiнәсiздiгiн тану арқылы ақтау
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкілеттік берілген судьяның, органның (лауазымды адамның) осы Кодекстiң 741-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1) - 7) және 11) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша, өзіне қатысты iстi тоқтату туралы қаулысы шығарылған тұлға кiнәсiз деп есептеледi және оның Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарына қандай да бір шектеулер қоюға болмайды.