Егер кредитор сырттай дауыс беретін болса, ол бұл туралы оңалтуды немесе банкроттықты басқарушыға жиналыс өткізілгенге дейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауға тиіс.
Оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы жиналыс өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей күн тәртібіне қатысты материалдарды осындай кредиторға танысу үшін жіберуге немесе ұсынуға міндетті.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 26-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
26-бап. Кредиторлар жиналысының оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі кезінде шешімдер қабылдау тәртібі
1. Кредиторлар жиналысының құқықтылығы мен шешімдер қабылдауының жалпы тәртібі осы бапқа сәйкес айқындалады.
Кредиторлар жиналысының құқықтылығы мен шешім қабылдау тәртібінің ерекшеліктері:
борышкердің мүлкін тікелей сату кезінде - осы Заңның 99-бабының 6-тармағында;
оңалту жоспарын келісу кезінде - осы Заңның 26-1-бабында;
оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде осы Заңның 26-2-бабында айқындалады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кредиторлар жиналысы оған, сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар жиналысы шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы бар кредиторлар дауыстарының жалпы санының елу пайызынан астамын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда заңды болады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері ескеріле отырып, кредиторлар жиналысы заңды болған кезде кредиторлар жиналысының күн тәртібіне енгізілген мәселелерді қарауды ауыстыруға жол берілмейді.
Қайта шақырылған кредиторлар жиналысы оған кредиторлар жиналысының өткізілетін уақыты мен орны туралы кредиторлар тиісті түрде хабардар етілген жағдайда, кредиторлар жиналысы шешім қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы бар кредиторлар дауыстарының жалпы санының кемінде жиырма бес пайызын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда, заңды болады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы Заңның 26-1 және 26-2-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кредиторлар жиналысының шешімдері, сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар жиналысына қатысатын кредиторлардың дауыс санының көпшілік даусымен қабылданады.
Әкімші, ал кредиторлар жиналысын кредиторлар комитеті ұйымдастыратын жағдайларда - кредиторлар комитетінің төрағасы кредиторлардың шешімдер қабылдауы үшін әрбір кредитордың дауыс санын «талаптардың бір теңгесі - бір дауыс» қағидаты бойынша айқындайды.
Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұл), жіберіп алған пайда түріндегі залалдар, сондай-ақ өзге де мүліктік және (немесе) қаржылық санкциялар кредиторлар жиналысында дауыс санын айқындау мақсаттары үшін есепке алынбайды.
Кредиторлар жиналысында дауыс санын айқындау мақсаттары үшін кредиторлардың тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл), жіберіп алған пайда түріндегі залалдар, сондай-ақ өзге де мүліктік және (немесе) қаржылық санкциялар бөлігіндегі талаптары:
1) кредиторлар жиналысы шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы бар кредиторлардың талаптары толық көлемде қанағаттандырылған;
2) кредиторлардың талаптар тізілімі тек қана тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеу, жіберіп алған пайда түріндегі залалдарды өтеу бөлігіндегі талаптардан, сот шешімі бойынша өзге де мүліктік және (немесе) қаржылық санкциялардан қалыптастырылған жағдайларда есепке алынады.
Кредитор талаптарының қанағаттандырылуына қарай оның дауыс саны қанағаттандырылған талаптар сомасына азаяды.
Қорытынды есепті келісу мәселесі қаралған жағдайда, осы тармақтың бесінші бөлігінің күші кредиторлар жиналысының заңдылығын айқындау және оның шешім қабылдауы кезінде қолданылмайды.
4. Кредиторлар жиналысы шешімдер қабылдаған кезде:
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) осы Заңның 72-бабының 3-тармағына және 90-бабының 5-тармағына сәйкес дауыс беру құқығынан айырылған кредиторлардың;
2) қалған кредиторлардың талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін борышкерге қатысты үлестес тұлғалар болып табылатын кредиторлардың дауыс беру құқығы жоқ.
Жиналыс шешім қабылдаған кезде кредиторлардың дауысын айқындау мақсаттары үшін кредитор дауыс беруден бас тартқан жағдайда, ол кредиторлар жиналысына қатысып отыр деп есептелмейді.
Кредитор кредиторлар жиналысына дәлелді себепсіз екі рет келмеген жағдайда, мұндай кредитордың дауыс саны кредиторлар жиналысының құқықтылығын айқындау кезінде есепке алынбайды.
Растайтын құжат болған кезде:
1) кредитордың не оның уәкілетті өкілінің еңбекке уақытша жарамсыздығы;
2) кредитордың не оның уәкілетті өкілінің кредиторлар жиналысына қатысуына кедергі келтіретін төтенше жағдайдың туындауы;
3) кредиторлар жиналысының шешімімен өзге де себеп дәлелді себеп ретінде танылады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Әкімші, ал кредиторлар жиналысын кредиторлар комитеті ұйымдастыратын жағдайларда - кредиторлар комитетінің төрағасы кредиторлар жиналысы ашылғанға дейін жиналысқа қатысушыларды тіркеуді жүргізеді.
Кредиторлар жиналысының шешімдері хаттамамен ресімделеді.
Кредиторлар жиналысының отырысын дауыс беру құқығы бар, қатысып отырған кредиторлар арасынан сайланған төраға жүргізеді. Хаттаманы дауыс беруге құқығы бар, қатысып отырған кредиторлар арасынан сайланатын хатшы жүргізеді. Төраға мен хатшы қатысып отырған кредиторлар арасынан қарапайым көпшілік дауыспен сайланады. Хаттамаға төраға, әкімші, хатшы жиналыс өткізілген күні қол қояды және ол борышкердің мөрімен (ол болған кезде) куәландырылады.
Осы Заңның 76-бабының 10-1) және 10-2) тармақшаларында және 94-бабының 7) тармақшасында көзделген жағдайларда кредиторлар жиналысын кредиторлар комитеті ұйымдастырған кезде кредиторлар жиналысының хаттамасына әкімшінің қол қоюы талап етілмейді.
Кредиторлар жиналысының хаттамасын хатшы үш данада жасайды, олардың біреуі - оған қол қойылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға, екіншісі - кредиторлар комитетіне, үшіншісі әкімшіге беріледі.
Кредиторлар жиналысының хаттамасына:
1) жиналысқа қатысушыларды тіркеу ведомосының;
2) жиналысқа қатысушыларға танысу және (немесе) бекіту үшін ұсынылған материалдардың;
3) кредиторлар жиналысының өткізілетін күні мен орны туралы кредиторлардың тиісінше хабардар етілгенін куәландыратын құжаттардың;
4) әкімшінің немесе кредиторлар комитеті төрағасының ұйғаруы бойынша өзге де құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Рәсімдерге қатысушылар кредиторлар жиналысының шешіміне ол қабылданған күннен бастап бір ай ішінде шағым жасай алады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 26-1-баппен толықтырылды
26-1-бап. Оңалту жоспарын келісу
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Оңалту жоспарын келісу кезінде кредиторлар жиналысы оған мүдделері осы жоспарда қозғалған, талаптары екінші және төртінші кезектер құрамында жеке қанағаттандырылуға жататын кредиторлардың дауыс санының елу пайызынан астамын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда құқықты болады.
2. Оңалту жоспары, егер бір мезгілде:
1) екінші кезектегі кредиторлар дауыс санының көпшілік даусы;
2) төртінші кезектегі кредиторлар дауыс санының көпшілік даусы оған дауыс берсе, келісілді деп есептеледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген бір немесе екі шарт орындалмаған жағдайда, оңалту жоспары келісілмеді деп есептеледі.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 26-2-баппен толықтырылды
26-2-бап. Оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу
1. Оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді келісу кезінде кредиторлар жиналысы оған талаптары мұндай кредиторлармен бір кезек құрамында және (немесе) келесі кезектер құрамында қанағаттандырылуға жататын, талаптары әрбір кезек құрамында жеке қанағаттандырылуға жататын кредиторлар дауыс санының елу пайызынан астамын құрайтын дауыс санына ие кредиторларды қоса алғанда, мүдделерін оңалту жоспарына енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар қозғайтын кредиторлар қатысқан жағдайда құқықты болады.
2. Кредиторлар жиналысының оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді келісу туралы шешімін, егер оған әрбір кезек бойынша көпшілік дауыспен жеке дауыс берілсе, талаптары мұндай кредиторлармен бір кезек құрамында және (немесе) келесі кезектер құрамында қанағаттандырылуға жататын кредиторларды қоса алғанда, мүдделерін жоспарға енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар қозғайтын кредиторлар қабылдайды.
3. Осы бапта көзделген шарттар орындалмаған жағдайда, оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу келісілмеді деп есептеледі.
4. Оңалту жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді келісу бойынша жеке-жеке дауыс беруде кредиторлардың даусы тең болған кезде кредиторлар жиналысының шешімдері «талаптардың бір теңгесі - бір дауыс» қағидаты бойынша, сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар жиналысына қатысатын кредиторлардың жалпы дауыс санының көпшілік даусымен қабылданады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
27-бап. Кредиторлар комитеті
1. Кредиторлар комитеті оңалту рәсімі және банкроттық рәсімі кезінде осы Заңда белгіленген тәртіппен құрылады.
Осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген, кредиторлар комитеті мүшелерінің ең аз саны туралы талапты сақтау мүмкін болмаған кезде кредиторлар комитетінің өкілеттіктерін кредиторлар жиналысы жүзеге асырады.
2. Кредиторлар комитетінің құрамын кредиторлар жиналысы қалыптастырады және бекітеді. Кредиторлар комитетіндегі мүшелердің ең аз саны үш адамнан кем болмайды.
Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, кредиторлар комитетінің құрамына біртекті кредиторлардың әрбір тобынан бір кредитор кіреді.
Борышкерге бірдей талаптары бар басқа кредиторлардың болмауы себебінен біртекті кредиторлар тобын құрмаған кредитор кредиторлар комитетінің құрамына кіргізілуі мүмкін.
Кредиторлар комитетінің мүшесі үлестес тұлға немесе кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылған тұлға болмауға тиіс.
3. Мыналар:
1) кредиторлар комитетінің құрамына кіретін кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау;
2) кредиторға кредиторлар комитетінің құрамында болуға кедергі болатын мән-жайлар (заңды күшіне енген сот актілері, кредитордың таратылуы не қайтыс болуы және басқалары);
3) үлестес тұлғалардың анықталуы;
4) кредиторлар комитетінің отырыстарына кредиторлар комитеті мүшесінің осы Заңның 26-бабының 4-тармағы төртінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген дәлелсіз себеппен екі реттен көп қатыспауы кредиторлар комитетінің қалыптастырылған және бекітілген құрамына өзгерістер енгізудің негіздері болып табылады.
4. Кредиторлар комитетінің отырысын өткізу туралы хабарламаны әкімші отырыс өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, пошта арқылы тапсырысты хатпен жібереді.
Осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда кредиторлар комитетінің өкілеттіктерін кредиторлар жиналысы жүзеге асырған кезде кредиторлар жиналысының отырысын өткізу туралы хабарлама осы бапта көзделген тәртіппен жіберіледі.
5. Кредиторлар комитетінің өкілеттіктері осы Заңның 76 және 94-баптарында көзделген.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 28-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
28-бап. Кредиторлар комитетінің шешімдер қабылдауы
1. Кредиторлар комитетінің отырысы комитет мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды болып табылады.
2. Кредиторлар комитетінің шешімі «комитеттің бір мүшесі - бір дауыс» қағидаты бойынша кредиторлар комитеті мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады.
Дауыс беру рәсімінде дауыстар тең болған кезде кредиторлар комитетінің төрағасына шешуші дауыс құқығы беріледі.
3. Кредиторлар комитетінің отырысы хаттамамен ресімделеді.
Хаттамада отырыстың өткізілген күні мен орны, кредиторлар комитетінің дауыс беруге қатысқан мүшелері, күн тәртібі, дауыс беру нәтижелері мен қабылданған шешімдер туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Хаттамаға кредиторлар комитетінің дауыс беруге қатысқан барлық мүшесі, әкімші қол қояды және ол борышкердің мөрімен (ол болған кезде) куәландырылады.
Әкімші хаттамаға қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оны уәкілетті органға, кредиторлар комитетінің мүшелеріне жібереді. Хаттаманың бір данасы әкімшіде болады.
4. Кредиторлардың, борышкер - дара кәсіпкердің, борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің (ол уәкілеттік берген тұлғаның), құрылтайшыларының (қатысушыларының) кредиторлар комитетінің отырысына қатысуға құқығы бар.
5. Осы Заңның 27-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда кредиторлар комитетінің өкілеттіктерін кредиторлар жиналысы жүзеге асырған кезде кредиторлар жиналысы шешімдерді осы бапта көзделген тәртіппен қабылдайды.
6. Рәсімдерге қатысушылар кредиторлар комитетінің шешіміне ол қабылданған күннен бастап бір ай ішінде шағым жасауы мүмкін.
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен 2-1-тараумен толықтырылды
2-1-тарау. БЕРЕШЕКТІ ҚАЙТА ҚҰРЫЛЫМДАУ рәсімі
28-1-бап. Берешекті қайта құрылымдау туралы шешім қабылдау
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, борышкер оңалту немесе банкроттық туралы сот қозғаған істер болмаған жағдайда, осы Заңның 5-1-бабының 1-тармағына сәйкес айқындалатын уақытша төлем қабілетсіздігі туындаған кезде өз берешегін қайта құрылымдау туралы шешім қабылдауға құқылы.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Борышкер уақытша төлем қабілетсіздігін куәландыратын құжаттарды қоса бере отырып, берешекті қайта құрылымдау туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
Борышкер сотқа өтініш берген кезде бір мезгілде кредиторларды хабардар етеді.
Бұл ретте егер:
берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекітуден бас тарту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген;
берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасаспаған жағдайда осы Заңның 28-3-бабының 1-тармағында белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап бір жыл өтпесе, борышкердің сотқа осындай өтінішпен жүгінуге құқығы жоқ.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Сот борышкердің берешекті қайта құрылымдау туралы өтініші қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мына шешімдердің бірін шығарады:
1) берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы;
2) берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолданудан бас тарту туралы.
Борышкердің уақытша төлем қабілетсіздігін куәландыратын құжаттарды ұсынбауы не оңалту немесе банкроттық туралы сот қозғаған істердің болуы борышкердің берешегін қайта құрылымдау рәсімін қолданудан соттың бас тартуына негіз болып табылады.
4. Берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы сот шешімі дереу орындауға жатады.
5. Борышкер сот қабылдаған шешім туралы уәкілетті органды және кредиторларды дереу хабардар етеді.
6. Уәкілетті орган хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде борышкерге қатысты берешекті қайта құрылымдау рәсімі қолданылғаны туралы хабарландыруды орналастырады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 28-2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
28-2-бап. Берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану салдарлары
Борышкерге қатысты берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы сот шешімі шығарылған күннен бастап мынадай салдарлар туындайды:
1) борышкердің барлық берешек түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды) есептеу тоқтатылады;
2) кредиторға (кредиторларға) берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасасу кезеңінде борышкерді банкрот деп тану туралы сотқа өтініш беруге тыйым салынады;
3) борышкерге мүлікті иеліктен шығару бойынша қандай да бір мәмілелер жасасуға тыйым салынады.
28-3-бап. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісім
1. Берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде борышкер барлық кредиторлармен берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасасуға міндетті.
2. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісімде келісімнің шарттары, борышкердің кредитор (кредиторлар) алдындағы міндеттемелерін орындау тәртібі, тәсілдері мен мерзімдері туралы ережелер қамтылуға тиіс.
Берешекті қайта құрылымдау туралы келісім үш жылдан аспайтын мерзімге жасалады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды; 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2-1. Егер берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасалған кезде мемлекеттік орган кредиторлардың бірі болып әрекет етсе, берешекті қайта құрылымдау туралы келісім мұндай мемлекеттік орган алдында берешекті бөліп өтеу шарттарымен келісім бекітілген күннен бастап үш жылдан аспайтын мерзімге жасалуы мүмкін.
Салықтық берешек осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары сақталған жағдайда борышкердің және (немесе) үшінші тұлғаның мүлік кепілімен және (немесе) банктің кепілдігімен өтеледі.
Кепілге берілетін мүлік өтімді, жоғалудан немесе бүлінуден сақтандырылған болуға тиіс және оның нарықтық құны салықтық берешек сомасынан кем болмауға тиіс. Мыналар:
1) тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;
2) энергияның электр, жылу және өзге де түрлері;
3) тыйым салынған мүлік;
4) мемлекеттік органдар салған шектеулері бар мүлік;
5) үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлік;
6) тез бұзылатын шикізат, тамақ өнімдері кепіл нысанасы болмайды.
3. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісімде көзделген құқықтар мен міндеттерді өзіне қабылдайтын үшінші тұлғалардың берешекті қайта құрылымдау туралы келісімге қатысуына рұқсат беріледі.
4. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісім:
1) борышкер міндеттемелерінің орындалуын кейінге қалдыру және (немесе) мерзімін ұзарту;
2) борышкердің талап ету құқықтарын басқаға беру;
3) борышты толық немесе ішінара кешіру;
4) тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды) есептен шығару;
5) алынған қарыздар бойынша сыйақы мөлшерін азайту;
6) кредитордың (кредиторлардың) талаптарын Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қанағаттандыру шарттарымен жасалуы мүмкін.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жазбаша нысанда қазақ және орыс тілдерінде жасалады және оған борышкер - дара кәсіпкер, борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген тұлға), құрылтайшысы (қатысушысы) және әрбір кредитор қол қояды.
Кредитор келісімнің шарттарымен келіспеген кезде мұндай келісім жасалмайды.
Келісім жасалмаған кезде берешекті қайта құрылымдау рәсімі аяқталған болып есептеледі және мыналарға:
1) осы Заңның 28-2-бабының 1) тармақшасына сәйкес басталған салдарлардың күші - сот берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап;
2) осы Заңның 28-2-бабының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес басталған салдарлардың күші - осы баптың 1-тармағында белгіленген берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасасу мерзімі аяқталған күннен бастап тоқтатылады.
28-4-бап. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді соттың бекітуі
1. Осы Заңның 28-3-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімнен кешіктірмей борышкер өзінің берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы өтінішке борышкер:
1) борышкер - дара кәсіпкер, борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген тұлға), құрылтайшысы (қатысушысы) және әрбір кредитор қол қойған, берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді;
2) барлық кредитордың тұрғылықты жерін немесе тұрған жерін, сондай-ақ берешек сомаларын көрсете отырып, олардың тізімін қоса береді.
3. Борышкердің берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы өтінішін қарау нәтижелері бойынша сот мына ұйғарымдардың бірін шығарады:
1) берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы;
2) берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекітуден бас тарту туралы.
4. Борышкердің берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекітуден соттың бас тартуы үшін:
1) кредиторлардың және (немесе) үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы;
2) берешекті қайта құрылымдау туралы келісімнің Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келуі негіз болып табылады.
5. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісім борышкердің, кредитордың (кредиторлардың) және (немесе) келісімге қатысқан үшінші тұлғалардың мұндай келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күнінен бастап орындалуға міндетті болып табылады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Сот келісімді бекітуден бас тартқан жағдайда, борышкердің берешегін қайта құрылымдау рәсімі аяқталған болып есептеледі және мыналарға:
1) осы Заңның 28-2-бабының 1) тармақшасына сәйкес басталған салдарлардың күші - сот берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы шешім қабылдаған күннен бастап;
2) осы Заңның 28-2-бабының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес басталған салдарлардың күші - берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекітуден бас тарту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Кредитор (кредиторлар) мынадай:
1) борышкер мұндай келісімнің шарттарын бұзған;
2) осы Заңның 28-3-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасамаған жағдайларда, берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бұзу туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
8. Осы Заңның 28-3-бабының 3-тармағында көрсетілген үшінші тұлғалар борышкер берешекті қайта құрылымдау туралы келісімнің шарттарын бұзған жағдайда осындай келісімді бұзу туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 8-1-тармақпен толықтырылды
8-1. Келісім бұзылған жағдайда берешекті қайта құрылымдау рәсімі аяқталған болып есептеледі, ал осы Заңның 28-5-бабына сәйкес басталған салдарлардың күші берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бұзу туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
9. Кредитордың (кредиторлардың) берешекті қайта құрылымдау туралы келісім қолданылған кезең ішінде егер борышкер мұндай келісімнің барлық шарттарын сақтаған жағдайда, борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқығы жоқ.
28-5-бап. Берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді соттың бекітуінің салдары
Берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап мынадай салдарлар басталады:
1) борышкер берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды) есептеу және сыйақы (мүдде) тоқтатылады;
2) борышкердің шоттары бойынша мемлекеттік органдар қойған барлық шектеулер оларды қойған тиісті органдардың шешім қабылдауынсыз алып тасталады;
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) төлеу мерзімі берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасасқаннан кейін басталған, моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды есепке алмай, өмiріне немесе денсаулығына зиян келтiргенi үшiн борышкер жауаптылықта болатын азаматтарға төленетін төлемдердi қоспағанда, соттардың бұрын қабылданған шешімдерін, төрелік шешімдерін орындау тоқтатылады;
4) борышкердің мүлкіне жаңадан тыйым салуға және оның мүлкіне билік етуге өзге де шектеулер қоюға мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті өзгенің заңсыз иеленуінен алуды талап ету туралы борышкерге қойылған талап қоюлар бойынша ғана жол беріледі.
3-тарау. 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4-тарау. ОҢАЛТУ НЕМЕСЕ БАНКРОТТЫҚ ТУРАЛЫ IСТЕРДI СОТ ТӘРТIБIМЕН ҚАРАУ
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 38-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
38-бап. Оңалту және банкроттық туралы істі қозғау тәртiбi
1. Сотта оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу осы Заңның 5-1-бабында көзделген негіздер болған кезде, салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредиторды, мемлекеттік органды немесе мемлекет қатысатын заңды тұлғаны қоспағанда, борышкердің немесе кредитордың (кредиторлардың) өтініші негізінде қозғалады.
Борышкердің банкроттық туралы істі қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмесін алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішті сотқа жіберуге де құқығы бар.
2. Сотта банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу осы Заңның 5-бабында көзделген негіздер болған кезде борышкердiң, кредитордың (кредиторлардың), осы Заңның 47-бабында көзделген жағдайларда прокурордың, осы Заңның 83-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда оңалтуды басқарушының өтiнiшi негiзiнде қозғалады.