3) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның авиация инспекторлары үшін шектеулер мен тәртіптік жазалау түрлерін көздейтін ерекше нормаларды белгілейтін «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодексте реттеледі.
142-бап. Теңiз кемелерi экипаждарының (жүзу құрамы) мүшелерiне жататын жұмыскерлердің еңбегін реттеу
Теңiз кемелерi экипаждарының (жүзу құрамы) мүшелерiне жататын жұмыскерлердің еңбегі теңiз кемелерiнің экипаждары (жүзу құрамы) мүшелерiнің еңбегін, еңбегіне ақы төлеуді, жұмыс уақытын және тынығу уақытын реттеудің ерекшеліктерін белгілейтін «Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.
2023.20.03. № 214-VІІ ҚР Заңымен 143-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
143-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің, мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілерінің, Парламенті мен мәслихаттары депутаттарының, судьяларының еңбегін реттеу
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің, мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілерінің, Парламенті мен мәслихаттары депутаттарының, судьяларының еңбегі Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген, қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, еңбектің ерекше жағдайларын, еңбекке ақы төлеу шарттарын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін ерекшеліктер ескеріліп, осы Кодексте реттеледі.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 143-1-баппен толықтырылды
143-1-бап. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары қолданылатын адамдардың еңбегін реттеу
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптары қолданылатын адамдардың еңбегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктерімен осы Кодексте реттеледі.
144-бап. Әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбегін реттеу
Әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбегі қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.
145-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және оның ведомстволары жұмыскерлерінің еңбегін реттеу
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және оның ведомстволары жұмыскерлерінің еңбегі лауазымға тағайындаудың, еңбек шартын тоқтатудың ерекше талаптарын, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекақы төлеу жүйесі мен жағдайларын, сондай-ақ артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 145-1-баппен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
145-1-бап. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жұмыскерлерінің еңбегін реттеу
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жұмыскерлерінің еңбегі «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның актілерінде көзделген, лауазымға тағайындаудың, еңбек шартын тоқтатудың ерекше талаптарын, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодексте реттеледі.
146-бап. Кәсіптік одақтың кәсіподақ органдарының құрамына кіретін жұмыскерлердiң еңбегiн реттеу
Кәсіптік одақтың кәсіподақ органдарының құрамына кіретін жұмыскерлердiң еңбегі «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшелiктермен бiрге осы Кодекспен реттеледi.
2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен 146-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
146-1-бап. Қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшасын қолдана отырып жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға жалдайтын жұмыскерлердің еңбегін реттеу ерекшеліктері
1. Қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшасын қолдана отырып жүзеге асыратын дара кәсіпкерде немесе заңды тұлғада еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлердің еңбегі осы бапта, еңбек шартында және жұмыс берушінің актісінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекске сәйкес реттеледі.
2. Қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшасын қолдана отырып жүзеге асыратын жұмыскер мен дара кәсіпкер немесе заңды тұлға арасындағы еңбек шарты осы Кодекстің 30-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген шектеусіз белгілі бір мерзімге жасалады.
3. Еңбек қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшасын қолдана отырып жүзеге асыратын жұмыскерлер үшін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушінің актілеріне, ұжымдық немесе еңбек шартына сәйкес күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) өзгеше ұзақтығы белгіленуі мүмкін.
4. Интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшасын қолдана отырып еңбек қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі мен шарттары, жұмыс уақытын есепке алу ұзақтығы және тәртібі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушінің актілеріне, ұжымдық немесе еңбек шартына сәйкес белгіленеді.
3-БӨЛІМ. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ ҰЖЫМДЫҚ ҚАТЫНАСТАР
13-тарау. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК
147-бап. Әлеуметтік әріптестік органдары, қағидаттары және міндеттері
1. Мемлекет атынан тиісті атқарушы органдар, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген олардың өкілдері әлеуметтік әріптестік тараптары болып табылады.
2. Әлеуметтік әріптестікті:
1) республикалық деңгейде - әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия (бұдан әрі - республикалық комиссия);
2) салалық деңгейде - әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялар (бұдан әрі - салалық комиссия);
3) өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) деңгейде - әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық, қалалық, аудандық комиссиялар (бұдан әрі - өңірлік комиссия) әлеуметтік әріптестік органдары арқылы тараптардың өзара іс-қимыл жасасуы нысанында;
4) ұйымдар деңгейінде - Қазақстан Республикасы заңнамасының негізінде жұмыскерлердің өкілдері мен жұмыс берушінің арасында еңбек саласындағы өзара нақты міндеттемелерді белгілейтін ұжымдық шарттар нысанында қамтамасыз етеді.
3. Тұрақты жұмыс істейтін республикалық, салалық, өңірлік комиссиялар мынадай қағидаттар:
2023.15.02. № 199-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2023 ж. 18 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) комиссиялардың қызметіне атқарушы билік органдары өкілдерінің, жұмыс берушілер өкілдері мен жұмыскерлер өкілдерінің қатысу міндеттілігі;
2) тараптардың өкілеттілігі;
3) тепе-тең өкілдік ету;
4) тараптардың тең құқықтылығы;
5) тараптардың өзара жауаптылығы негізінде қалыптастырылады.
4. Комиссияларға қатысушылардың дербес құрамын әлеуметтік әріптестіктің әрбір тарапы өз бетінше қалыптастырады.
5. Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік мынадай міндеттерді шешуге бағытталған:
1) әлеуметтік, еңбек және осылармен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін жасау;
2) қоғамның барлық топтарының мүдделерін объективті ескеру негізінде әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
3) жұмыскерлердің еңбек саласындағы құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз етуге, оларды әлеуметтік қорғауды жүзеге асыруға жәрдемдесу;
4) барлық деңгейлердегі әлеуметтік әріптестік тараптары арасындағы консультациялар мен келіссөздер процесіне жәрдемдесу;
5) ұжымдық еңбек дауларын шешуге жәрдемдесу;
6) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау.
148-бап. Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру
1. Республикалық, салалық және өңірлік комиссиялар тараптардың орындауы үшін міндетті тиісті шешімдермен ресімделетін консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы әлеуметтік әріптестік тараптарының мүдделерін келісуді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін органдар болып табылады.
2. Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыруды қамтамасыз ету:
1) республикалық деңгейде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға;
2) салалық деңгейде тиiстi қызмет салаларының уәкiлеттi мемлекеттік органдарына;
3) өңірлік деңгейде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына жүктеледі.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін салалар тізбесін республикалық комиссия белгілейді.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мыналар тараптардың өкілдері болып табылады:
1) республикалық деңгейде - Қазақстан Республикасы Үкіметінің, республикалық кәсіптік одақтар бірлестіктерінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктердің өкілетті өкілдері;
2) салалық деңгейде - тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдарының, салалық кәсіптік одақтардың, жұмыс берушілердің салалық бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) өкілетті өкілдері, ал олар болмаған кезде - салалық ұйымдар;
3) өңірлік деңгейде:
облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде - жергілікті атқарушы органдардың, аумақтық кәсіптік одақтар бірлестіктерінің, жұмыс берушілердің облыстық немесе республикалық маңызы бар қаладағы және астанадағы бірлестігінің (қауымдастығының, одағының), шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық немесе республикалық маңызы бар қала және астана бірлестігінің өкілетті өкілдері;
аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде - жергілікті атқарушы органдардың, шағын кәсіпкерлік жөніндегі аудандық немесе облыстық маңызы бар қала бірлестігінің, аумақтық кәсіптік одақтар бірлестіктерінің өкілетті өкілдері.
Комиссияларға қатысушылардың дербес құрамын әлеуметтік әріптестіктің әрбір тарапы өз бетінше қалыптастырады. Әлеуметтік әріптестік тараптарының өкілдеріне тең құқықтар мен өкілеттіктер беріледі.
4. 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5. 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
149-бап. Келісімдерді дайындау жөнінде келіссөздер жүргізу құқығы
1. Әлеуметтік әріптестіктің кез келген тарапы келісімді әзірлеу, оның мазмұны, оны жасасу, өзгерту, толықтыру жөніндегі келіссөздердің бастамашысы болуға құқылы.
2. Республикалық, салалық, өңірлік деңгейлерде жұмыскерлер мен жұмыс берушілер уәкілеттік берген бірнеше өкіл болса, олардың әрқайсысына өздері өкілдік ететін жұмыскерлер мен жұмыс берушілер санына байланысты пропорционалды өкілдік ету қағидаты негізінде келіссөздер жүргізу құқығы беріледі.
150-бап. Келіссөздер жүргізу, келісімдер әзірлеу және жасасу тәртібі
1. Екінші тараптан келіссөздерді бастау туралы жазбаша ұсыныстар алған тараптар күнтізбелік он күн ішінде оларды қарауға және келіссөздерге кірісуге міндетті.
Тараптар арасында келісімдердің жекелеген ережелері бойынша келіспеушіліктер болған кезде, тараптар келіссөздер басталған күннен бастап үш ай ішінде бір мезгілде келіспеушіліктер хаттамасын жасай отырып, келісілген шарттарда келісімге қол қоюға тиіс.
Егер тараптар келісімге келе алмаса, хаттама жасалады, оған келіссөздердегі келіспеушіліктерді жою және қайта бастау мерзімдері бойынша тараптардың түпкілікті тұжырымдалған ұсыныстары енгізіледі.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Келіссөздер жүргізу тәртібін, келісімдерді әзірлеу және жасасу мерзімдерін, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді комиссиялар бекітеді.
3. Келісімдер оларға тараптар қол қойған кезден бастап не келісімдерде белгіленген күннен бастап күшіне енеді. Келісімдердің барлық қосымшалары олардың ажырамас бөлігі болып табылады және солармен бірдей заңдық күшке ие болады.
4. Келісімнің қолданылу мерзімі тараптардың келісімі бойынша не жаңа келісім қабылданғанға дейін белгіленеді, бірақ үш жылдан аспауға тиіс.
5. Жұмыскерлерге бір мезгілде бірнеше келісімдердің күші қолданылған жағдайларда, жұмыскерлердің жазбаша өтініштері болған кезде келісімдердің жұмыскерлер үшін неғұрлым қолайлы шарттары қолданылады.
6. Комиссиялардың шешімдері келіссөздерде барлық тараптардың келісіміне қол жеткізу негізінде ғана қабылданады және тиісті келісімдермен ресімделеді. Шешімдер қабылдау мен жұмысты ұйымдастыру тәртібін комиссиялар әзірлейді және бекітеді.
7. Бас, салалық, өңірлік келісімдер әлеуметтік әріптестік тараптары өкілдерінің қолтаңбасымен бекітіледі.
151-бап. Келісімдерді тіркеу
1. Тараптар қол қойған салалық, өңірлік келісімдер қосымшаларымен бірге он күн мерзімде хабарламалық тіркеу үшін жіберіледі.
2. Облыстық деңгейде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
3. Қалалық, аудандық деңгейлерде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
152-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің тараптары, түрлері
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Республикалық деңгейде Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) мен республикалық кәсіптік одақтар бірлестіктері арасында бас келісім жасалады.
2. Салалық деңгейде тиісті қызмет саласының уәкілетті мемлекеттік органдары, жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері мен салалық кәсіптік одақтар арасында салалық келісімдер жасалады.
3. Өңірлік деңгейде жергілікті атқарушы органдар және жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері мен аумақтық кәсіптік одақтар бірлестіктері арасында өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдер жасалады.
153-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің мазмұны
1. Келісімдер:
1) қолданылу мерзімі туралы;
2) орындалуын бақылау тәртібі туралы;
3) келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі туралы;
4) тараптардың өздеріне алған міндеттемелерді орындамаған жағдайдағы жауаптылығы туралы ережелерді қамтуға тиіс.
2. Бас келісімнің мазмұнын республикалық комиссия әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары немесе солардың біреуі ұсынған бас келісім жобаларын негізге ала отырып айқындайды.
3. Салалық және өңірлік келісімдердің мазмұнын салалық және өңірлік комиссиялар әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары немесе солардың біреуі ұсынған келісімдер жобаларының негізінде айқындайды.
4. Бас келісімде:
1) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы заң жобаларын қарау туралы;
2) әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар туралы;
3) еңбек нарығын дамыту, халықты тиімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу туралы;
4) 2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік туралы;
6) әлеуметтік әріптестікті және диалогті дамыту туралы;
7) салалық және өңірлік деңгейлерде келісімдерді әзірлеуге және қабылдауға қатысу үшін байқаушылар тобын қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы ережелер көзделуге тиіс.
5. Салалық келісімдерде:
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) тиісті саланың бағдарламалық және стратегиялық құжаттарын қарау туралы;
2) салада әлеуметтік әріптестікті және диалогті дамыту туралы;
3) әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар туралы;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4) тармақша өзгертілді
4) саланың еңбекке ақы төлеу жүйесінің негізгі қағидаттары туралы, оның ішінде:
саладағы ең төмен тарифтік мөлшерлемелерді (айлықақыларды);
разрядаралық коэффициенттердің ең төмен мәндерін;
ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге қосымша ақы белгілеудің бірыңғай тәртібін белгілеу туралы ережелер көзделуге тиіс.
5) 2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 3 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) - 9) 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6. Өңірлік келісімдерде:
1) өңірде әлеуметтік әріптестікті және диалогті дамыту;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) өңірдің бағдарламалық және стратегиялық құжаттарын қарау;
3) әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар;
4) жұмыс берушілерге және жұмыскерлердің өкілдеріне еңбек дауларын реттеуге жәрдемдесу;
5) жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және жұмыссыздық деңгейін қысқартуға бағытталған шараларды қолдану;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері жөніндегі кеңестің қызметі туралы ережелер көзделуге тиіс.
7. Келісімнің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда жұмыскердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.
154-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің қолданылуы, олардың орындалуын бақылау және тараптардың жауаптылығы
1. Бас келісімнің күші мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілерге, жұмыскерлер атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген олардың өкілдеріне қолданылады.
2. Салалық келісімнің күші тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдарына, тиісті саланың жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады.
3. Өңірлік келісімнің күші тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына, жұмыс берушілеріне, жұмыскерлеріне және олардың өкілдеріне қолданылады.
4. Келісімдердің күші Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, шетелдік азаматтар немесе шетелдік заңды тұлғалар не шетелдік қатысатын заңды тұлғалар мүлкінің меншік иелері, құрылтайшылары (қатысушылары) немесе акционерлері болып табылатын ұйымдарға, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне қолданылады.
5. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган - республикалық деңгейде, тиісті қызмет саласының мемлекеттік органдары - салалық және жергілікті атқарушы органдар өңірлік деңгейде келісімдерді оларға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ресми түрде жариялауға міндетті.
6. Келісімдердің орындалуын бақылауды әлеуметтік әріптестік тараптары жүзеге асырады.
7. Тараптар өкілдерінің келісім жасасу, өзгерту, толықтыру жөніндегі келіссөздерге қатысудан жалтаруы немесе келісім жасасудан негізсіз бас тартуы, келіссөздер жүргізу мерзімдерін бұзуы және тиісті комиссияның жұмысын қамтамасыз етпеуі, келіссөздер жүргізу және келісімдер ережелерінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты бермеуі, сол сияқты олардың талаптарын бұзуы немесе орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
155-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылау
Жұмыскерлердің республикалық және салалық бірлестіктері келісімдерде және ұжымдық шарттарда бекітілген жағдайларда және тәртіппен Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
14-тарау. ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ
156-бап. Ұжымдық шарттың тараптары. Ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу тәртібі
1. Жұмыс беруші және жұмыскерлер атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген олардың өкілдері ұжымдық шарттың тараптары болып табылады.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ұжымдық келіссөздерді бастау және ұжымдық шарт жасасу туралы ұсынысты тараптардың кез келгені жасауы мүмкін.
Екінші тараптың ұжымдық шарт жасасу жөніндегі келіссөздерді бастау туралы ұсынысы бар хабарламасын алған тарап оны он жұмыс күні ішінде қарауға және осы баптың 4-тармағында белгіленген тәртіппен келіссөздерге кірісуге міндетті.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Ұжымдық шарт шетелдік заңды тұлғалардың ұйымдарында да, филиалдары мен өкілдіктерінде де жасалуы мүмкін. Ұйымда бір ұжымдық шарт жасалады.
4. Ұжымдық келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарттың жобасын әзірлеу үшін тараптар тепе-теңдік негізде комиссия құрады. Комиссия мүшелерінің саны, оның дербес құрамы, жобаны әзірлеу және ұжымдық шарт жасасу мерзімдері тараптардың келісімімен айқындалады.
Кәсіптік одақтың мүшелері болып табылмайтын жұмыскерлер жұмыс берушімен өзара қарым-қатынастарда өздерінің мүдделерін білдіру үшін кәсіптік одақ органына уәкілеттік беруге құқылы.
Ұйымда жұмыскерлердiң бiрнеше өкiлдерi болған кезде олар комиссия жұмысына қатысу, ұжымдық шартты талқылау және қол қою үшiн бiрыңғай өкiлдi орган құрады.
5. Комиссия дайындаған ұжымдық шарттың жобасы ұйым жұмыскерлерінің міндетті түрде талқылауына жатады. Комиссия келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, жобаны пысықтайды.
6. Тараптардың келісіміне қол жеткізілген кезде, ұжымдық шарт кемінде екі данада жасалады және оған тараптардың өкілдері қол қояды.
7. Ұжымдық шарттың жекелеген ережелері бойынша тараптар арасында келіспеушіліктер болған кезде олар туындаған күннен бастап бір ай ішінде тараптар бір мезгілде келіспеушіліктер хаттамасын жасай отырып, келісілген талаптармен ұжымдық шартқа қол қоюға тиіс. Ұжымдық келіссөздер барысында туындаған келіспеушіліктер өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде оларды реттеу бойынша бұдан кейінгі ұжымдық келіссөздердің нысанасы болуы мүмкін.
8. Ұжымдық шартқа өзгерістер мен толықтырулар осы бапта оны жасасу үшін белгіленген тәртіппен тараптардың өзара келісуі бойынша ғана жүргізіледі.
9. Егер алынған мәліметтер мемлекеттік құпияларды, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын болса, ұжымдық келіссөздер тараптары оларды жария етуге құқылы емес.
10. Ұжымдық келіссөздер тараптары келіссөздер жүргізу кезінде жалақысы сақтала отырып, еңбек міндеттерін орындаудан босатылуы мүмкін.
11. Жұмыс берушi тараптар қол қойған ұжымдық шартты қол қойылған күнінен бастап бір ай ішінде мониторинг үшiн еңбек инспекциясы жөнiндегi жергілікті органға ұсынуға мiндеттi.
157-бап. Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымы
2016.06.04. № 483-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымын тараптар бас, салалық және өңірлік келісімдерге сәйкес айқындайды.
Ұжымдық шартқа:
1) еңбекті нормалау, еңбекке ақы төлеу жүйелері, жұмыскерлерге, оның ішінде ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге арналған тарифтік мөлшерлемелер мен айлықақылар, үстемеақылар мен қосымша ақылар мөлшерлері туралы;