2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 93-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
93-бап. Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеру
1. Қазақстан Республикасының әуе кемесімен не шет мемлекеттің әуе кемесімен Қазақстан Республикасының аумағында болған авиациялық оқиға немесе инцидент міндетті түрде тексерілуге жатады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеру мақсаты оқиғаның себептерін және (немесе) ілеспе факторларды анықтау, болашақта авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды болғызбау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
Кімнің болсын кінәсі мен жауапкершілігін анықтау авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексерудің мақсаты болып табылмайды.
Азаматтық және эксперименттік авиацияда авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеруді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия жүзеге асырады.
Тізбесі азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында белгіленген оқыс оқиғалардың жекелеген түрлерін ұшу қауіпсіздігін басқару жүйелері шеңберінде пайдаланушылар (азаматтық авиация ұйымдары) дербес тергеп-тексереді. Мұндай тергеп-тексерулер азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі. Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін пайдаланушылар (азаматтық авиация ұйымдары) түпкілікті есепті азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға береді.
Мемлекеттік авиацияда авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеруді мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган құрған комиссия жүргізеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның өкiлеттiгi, сондай-ақ азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға тергеп-тексеру жүргізу тәртібі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында айқындалады.
Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның өкiлеттiгi, сондай-ақ мемлекеттік авиациядағы авиациялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға тергеп-тексеру жүргізу тәртібі мемлекеттік авиация саласындағы уәкiлеттi орган бекіткен Қазақстан Республикасында мемлекеттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында айқындалады.
Тергеуді ұйымдастыру кезінде авиациялық оқиғаларды немесе оқыс оқиғаларды тергеу жөніндегі комиссияның қызметіне, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайлардан басқа, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, басқа да мемлекеттік органдардың тарапынан араласуға жол берілмейді.
Авиациялық оқиғаны немесе инцидентті тексеру жөніндегі комиссия авиациялық оқиғаға немесе инцидентке қатысты оқиға болған жерлерді, объектілерді және сынықтарды тексеруге, жұмыстарға сарапшыларды тартуға, көрген адамдардан сұрауға, авиациялық оқиғаның немесе инциденттің және (немесе) ілеспе факторлардың себептерін анықтап белгілеу үшін қажетті зерттеулер мен сынақтар жүргізуді тағайындауға, осындай авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді болдырмау немесе олардың салдарын азайту мақсатында ұсынымдар беруге құқылы.
Авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия жүргізілетін тергеп-тексеру кезінде объективтілік пен бейтараптық қағидаттарын басшылыққа алуға тиіс. Тергеп-тексерудің тәуелсіз болуы мақсатында авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия мүдделер қақтығысын болғызбауды ескере отырып қалыптастырылады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік әуе кемесімен болған авиациялық оқиға немесе инцидент авиация саласындағы уәкілетті органдар комиссияларының тексеруіне жатады немесе оны өзара келісім бойынша әуе кемесі тіркелген елдің (пайдаланушының) шет мемлекеті тексереді.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Егер Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген не Қазақстан Республикасының жеке немесе заңды тұлғасы оны пайдаланушы болып табылатын азаматтық авиацияның әуе кемесі шет мемлекеттің аумағында авиациялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға ұшыраған жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына және азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес әрекеттерін жүзеге асырады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Тергеп-тексеру процесінде авиациялық оқиға туралы ақпарат тек нақты деректермен шектеледі. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мыналар:
1) тергеп-тексеру процесінде жеке немесе заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан алынған мәліметтер;
2) әуе кемесін пайдалануға қатысы бар адамдар арасындағы хат жазысу туралы мәліметтер;
3) авиациялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға қатысушы адамдарға қатысты медициналық деректер және (немесе) биометриялық және (немесе) дербес деректер;
4) борттағы өздігінен жазатын құрал жазбалары және осындай жазбалардың түсіндірілетін мағынасы;
5) әуе қозғалысына қызмет көрсету немесе әуе қозғалысын басқару органдарының жазбалары және жазбалардың түсіндірілетін мағыналары;
6) экипаж кабинасындағы көрнекі мән-жайды жазатын құралдардың жазбалары мен осындай жазбалардың кез келген бөлігі немесе түсіндірілетін мағынасы;
7) борттағы өздігінен жазатын құралдар жазбаларын қоса алғанда, тергеп-тексеруге қатысты ақпаратты талдау кезіндегі комиссия мүшелерінің не тартылған сарапшылардың не әуе кемесі тіркелген шет мемлекеттің уәкілетті өкілдерінің (пайдаланушының, әзірлеушінің немесе дайындаушының) пікірлері (нұсқалар, өтініштер) қамтылған ақпарат жария етілмейді.
Осы тармақта көрсетілген ақпарат түпкілікті есепке енгізіледі немесе авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны талдауға қатысы болған жағдайда ғана оған қосылады. Осындай талдауға қатысы жоқ жазбалардың бөліктері жария етілмейді.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның сұрау салуы бойынша жүргізілетін тергеп-тексеруге қатысы бар ақпаратты және (немесе) құжаттаманы ұсынуға міндетті.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Азаматтық және мемлекеттік авиациялар салаларындағы уәкілетті органдар жүргізетін авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексерулер Қазақстан Республикасының құқық қорғау, арнаулы және өзге де мемлекеттік органдары жүргізетін тергеп-тексерулерден тәуелсіз болып табылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 93-1-баппен толықтырылды
93-1-бап. Тергеп-тексеру жөніндегі уәкіл
1. Тергеп-тексеру жөніндегі уәкіл азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның бастапқы дайындықтан өткен және авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құрамында азаматтық авиация саласындағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеруді ұйымдастыру және жүргізу тапсырылған лауазымды адамы болып табылады.
Тергеп-тексерулерді ұйымдастыру кезінде, Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделгеннен басқа жағдайларда, жеке және (немесе) заңды тұлғалар, басқа да мемлекеттік органдар тарапынан тергеп-тексеру жөніндегі уәкілдің қызметіне араласуға жол берілмейді.
2. Тергеп-тексеру жөніндегі уәкіл оқиға болған жерде және тергеп-тексеру процесінде авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны және оған байланысты барлық аспектілерді тергеп-тексеруді жоспарлайды, жүргізеді және үйлестіреді.
Тергеп-тексеру жөніндегі уәкіл авиациялық оқиғаларды немесе оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру процесіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
3. Тергеп-тексеру жөніндегі уәкілдің өз міндеттерін орындау кезінде:
1) тергеп-тексеру жүргізудің тәуелсіздігі мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ тергеп-тексеруге қатысты дәлелдемелердің жоғалуын немесе өзгертілуін болғызбау мақсатында басқа мемлекеттік органдардың өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау жоспарын құруға;
2) авиация оқиғасы болған жерге және әуе кемесін пайдалануға, оған қызмет көрсетуге және ұшуларды қамтамасыз етуге тартылған авиация персоналына байланысты барлық құжаттамаға кедергісіз қол жеткізуге, авиациялық оқиғаның немесе оқыс оқиғаның туындауына себепші болып табылатын немесе ықпал етуі, әсер етуі мүмкін оқиға орындарын, объектілер мен сынықтарды, қосалқы бөлшектерді және кез келген басқа да объектілерді қарап-тексеруді және одан әрі зерттеп-қарауды жүргізуге;
3) борттағы өздігінен жазатын құралдарды немесе әуе кемесінің бортындағы ақпарат жеткізгіш кез келген басқа да құрылғыны, сондай-ақ әуе қозғалысына қызмет көрсету органдарының жазбаларын іздеу, қалпына келтіру, шығарып алу, олардың деректерін оқу кезінде үйлестіруді және алынған деректердің сақталуына толық бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар. Борттағы өздігінен жазатын құралдар жазбаларын шығарып алу және оқу Қазақстан Республикасындағы тиісті құралдар немесе шет мемлекеттердің авиациялық оқиғаларды немесе оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі құзыретті органдарының құралдары пайдаланыла отырып, қандай да бір кідіріссіз жүргізілуге тиіс;
4) көзімен көргендерден, авиация персоналынан және авиациялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға қатысы бар басқа да адамдардан сұрауға, авиациялық оқиғаның немесе оқыс оқиғаның себептерін және (немесе) ілеспе факторларды анықтау үшін қажетті зерттеулер мен сынақтар жүргізуді тағайындауға;
5) сарапшыларды жұмысқа тартуға, олардың авиациялық оқиғаны немесе оқыс оқиғаны тергеп-тексеруге қатысты есептерін сұратуға;
6) пайдаланушымен келісу бойынша ұшу кезінде азаматтық әуе кемесінің бортында әуе кемесінің кабинасында және салонында отыру құқығымен болуына құқығы бар.
4. Тергеп-тексеру жөніндегі уәкіл азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғаларды немесе оқыс оқиғаларды тергеп-тексеруді жүзеге асыру кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
2) азаматтық авиациядағы авиациялық оқиғаларды немесе оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;
3) авиациялық оқиға немесе оқыс оқиға болған жерге келуге, азаматтық авиациядағы авиациялық оқиғаларды немесе оқыс оқиғаларды тергеп-тексеруді ұйымдастыру мен жүргізуді осы Заңға, азаматтық және эксперименттік авиация саласындағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларына және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес жүзеге асыруға;
4) азаматтық және эксперименттік авиация саласындағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларға тергеп-тексеру жүргізу қағидаларында белгіленген нысан бойынша азаматтық авиациядағы авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға және жүргізуге өкілеттіктер беретін куәлігінің болуы міндетті.
5. Тергеп-тексеру жөніндегі уәкіл болып табылатын мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын Қазақстан Республикасы органдары жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде белгіленетін ақшалай ризықпен қамтамасыз етіледі.
Ақшалай ризық ақшалай үлесті (лауазымдық айлықақы), айрықша еңбек жағдайлары үшін үстемеақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін басқа да үстемеақылар мен сыйлықақыларды қамтиды.
94-бап. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді сыныптау және есепке алу
1. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді сыныптауды және есепке алуды азаматтық, эксперименттік немесе мемлекеттік авиацияда осы өкілеттіктер жүктелген уәкілетті органдар жүзеге асырады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Авиациялық оқиғаларды немесе инциденттерді сыныптау және есепке алу авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында айқындалады.
3. Сертификатталған ең жоғары ұшу массасы екі мың екі жүз елу килограмнан асатын әуе кемелерімен және (немесе) турбореактивті қозғалтқышы бар ұшақтармен болған авиациялық оқиғалар туралы ақпараттық есептер Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ИКАО) жіберіледі.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар авиациялық оқиғалардың немесе инциденттердің есебін жүргізу үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты немесе ықтимал кемшіліктер туралы ақпарат жинауға жәрдемдесу мақсатында авиациялық оқиғалар немесе инциденттер туралы деректер ұсыну жүйесін құрады.
Осы жүйені құру тәртібі авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру қағидаларында және азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін, әуежайлардағы, әуе қозғалысына қызмет көрсету кезіндегі, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету кезіндегі қауіпсіздікті басқару жөніндегі нұсқаулықтарда айқындалады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 95-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
95-бап. Заттай дәлелдемелерді сақтау
Осы Заңның 101-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар әуе кемесін, оның құрамдас бөліктерiн, бортындағы және жер үстiндегi объективтік бақылау құралдарын, әуе кемесiндегi барлық заттарды, сондай-ақ авиациялық оқиға немесе оқыс оқиға әсерін тигізген аумақ пен ондағы заттарды, әуе кемесін жасауға, жөндеу мен пайдалануға және оның ұшуын қамтамасыз етуге қатысты бүкiл құжаттаманы осы авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның мүшелерi немесе тергеп-тексеру жөніндегі уәкіл, сондай-ақ егер әуе кемесін тіркеуші шет мемлекет тергеп-тексеруге қатысуға ниет білдірсе, осындай мемлекеттің уәкілетті өкілі (пайдаланушы, әзірлеуші немесе дайындаушы) келгенге дейін ешкімге қол сұқтырмай сақтауға тиіс.
Заттай дәлелдемелерді сақтау алып қойылуы, бұзылуы, жоғалуы немесе жойылуы мүмкін кез келген заттай дәлелдемелерді суретке түсіру арқылы немесе басқа да тиісті тәсілдермен сақтауды қамтиды. Күзет одан әрі зақымданудан, бөтен адамдардың кіруінен, ұрланудан және бұзылудан алдын ала қорғауды қамтиды..
96-бап. Авиациялық оқиға болған жердегi жұмыс
Авиациялық оқиға болған жерде жүргiзiлетiн тексеру дүлей зiлзала зардаптарын жою жөніндегі жұмыстарға теңестiрiлетiн ерекше жағдайдағы жұмыстар санатына жатқызылады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, заңды және жеке тұлғалар авиациялық оқиғаны тексеру жөніндегі комиссияға жан-жақты жәрдем көрсетуге мiндеттi.
97-бап. Авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты жұмыстарды қаржыландыру және шығыстарды өтеу тәртібі
Авиациялық оқиғаны тексеруге байланысты барлық жұмысты пайдаланушы қаржыландырады.
Авиациялық оқиғаны тексерумен байланысты ғылыми-зерттеу, конструкторлық, жөндеу және өнеркәсiптiк ұйымдар жүргiзетiн зерттеулер мен сынақтарды осы ұйымдар қаржыландырып, пайдаланушы кейiннен шығындардың орнын толтырады.
13-тарау. ӘУЕ КЕМЕЛЕРІН, ОЛАРДЫҢ ЖОЛАУШЫЛАРЫ МЕН ЭКИПАЖ МҮШЕЛЕРІН ІЗДЕСТІРУ ЖӘНЕ ҚҰТҚАРУ
98-бап. Әуе кемелерін, олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіруді және құтқаруды ұйымдастыру
1. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiн, сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін iздестiру мен құтқаруды ұйымдастыру Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Қазақстан Республикасының аумағында ұшурды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидалары:
1) авариялық хабар беру тәртібін, апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiн, сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіру мен құтқаруды ұйымдастыру схемасын;
2) персоналға және әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарын, іздестіру-құтқару командаларын, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтерін, әуе кемелерін пайдаланушыларды қажетті жабдықпен және байланыс құралдарымен жарақтандыруға қойылатын талаптарды;
3) іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу жоспарын әзірлеу, келісу және бекіту тәртібін;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының аумағында іздестіру-құтқару қызметін бірлесіп құратын барлық мемлекеттік органдардың, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе кемесін басқару органдарының, іздестіру-құтқару командаларының, мемлекеттік органдардың іздестіру-құтқару қызметтерінің, әуе кемесін пайдаланушылардың және әуежайлардың арасында жауапкершілікті бөлуді және іс-шараларды ұйымдастыруды;
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) азаматтық авиация ұйымдары іздестіру-құтқару операцияларын (жұмыстарын) жүзеге асырған және оны қамтамасыз етуге қатысқан кезінде олардың шығынын өтеу тәртібін қамтуға тиіс.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Азаматтық авиацияда әуе кемелерінің іздестіру-құтқару кезекшілігін қамтамасыз ету аэронавигациялық қызмет көрсету үшін алынатын алымдар есебінен жүзеге асырылады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2014 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының аумағында кез келген мемлекеттің әуе кемелерін, жолаушылар мен экипаж мүшелерін іздестіру және құтқару жөніндегі жұмыстар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
3. 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, ұйымдар әуе кемесiн iздестiруді және құтқаруды жүргiзуде кез келген мүмкiн болатын көмектерiн көрсетуге мiндеттi және iздестiру-құтқару органдары келгенге дейін адамдарды құтқару, оларға медициналық және басқа да көмек көрсету, сондай-ақ әуе кемесiн және оның бортындағы құжаттаманы, жабдықтар мен мүлiктi күзету жөнінде қажеттi шараларды қолданады.
5. Авиациялық iздестiру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және жүзеге асыру кезінде өздерінің құзыретіне және жарғысына сәйкес мемлекеттік органдардың (кәсіпорындардың) күштері мен құралдары, сондай-ақ іздестіру және құтқару ауданындағы әуе кемелерінің экипажы тартылады және пайдаланылады.
6. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерiне қажеттi көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасының аумағына кіруге:
1) басқа мемлекеттердiң iздестiру-құтқару күштерi мен құралдарына;
2) сол әуе кемелерiнiң иелерi мен пайдаланушыларына;
3) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемелерi тiркелген мемлекеттің билігіне рұқсат етiледi.
Мұндай рұқсаттың шарттары Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидаларына және Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларға сәйкес айқындалады.
99-бап. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi экипажының iс-әрекеттері
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесінің экипажы Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидаларына сәйкес шараларды және адамдардың өмiрi мен денсаулығын сақтау және мүлiктi, оның ішінде әуе кемесін сақтау бойынша өзге де ықтимал шараларды қабылдауға міндетті.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң экипажы өз өкiлеттiктерiн азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның өкілдеріне тапсырғанға дейiн борттағы адамдарды, мүлiктi құтқару мен олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, әуе кемесiнiң өзiн сақтау жөнiнде барлық мүмкiн болатын шараларды қолдануға мiндеттi. Әуе кемесi экипажының барлық мүшелерi адамдарды, мүлiктi және әуе кемесiн құтқаруға қатысуға мiндеттi.
3. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесiнiң командирi азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның өкілдері келгенге дейін осы әуе кемесiнiң бортындағы адамдардың iс-әрекеттеріне басшылық жасайды.
100-бап. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесi туралы хабарлау
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдары, аэроклубтар апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған әуе кемесі туралы ақпаратты, сондай-ақ қауiптi жағдайға ұшыраған адамдар туралы кез келген өзге де ақпаратты алған кезде Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қағидаларында айқындалатын тәртіппен қажетті көмек көрсету бойынша барлық ықтимал шараларды қабылдауға және іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу жоспарына сәйкес іздестіру-құтқару командаларына, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтеріне, әуе кемелерін пайдаланушыларға дереу хабарлауға, сондай-ақ өз құзыреті шегінде авариялық оқиғаға немесе оқыс оқиғаға тергеп-тексеру жүргізуді ұйымдастыру үшін азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдарды хабардар етуге міндетті.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, жеке және заңды тұлғалар әуе кемелерiнiң апатқа ұшырауы жөнінде өздерiне белгiлi болған барлық жағдайлар туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға немесе жақын маңдағы әуеайлаққа дереу хабарлауға мiндеттi.
101-бап. Авариялық-құтқару жұмыстары
1. Әуеайлақта және әуеайлақ маңындағы аумақта авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу әуе кемесi апатқа ұшыраған пайдаланушының есебiнен меншiк иелерiнiң немесе әуеайлақтар иелерiнiң күштерiмен және құралдарымен Қазақстан Республикасының әуежайларында ұшуды авариялық-құтқарумен қамтамасыз ету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Егер апатқа ұшыраған әуе кемесi немесе оның бөліктерi теміржол, автомобиль, су көлiгiнiң қозғалысына немесе әуе кемелерiнiң ұшуына кедергi келтiрсе, құтқару жұмыстарының басшысы көлiк құралдары қозғалысын немесе ұшуды қалпына келтiру мақсатында әуе кемесiнің (оның бөліктерiнің) орналасқан жерiн және жалпы жай-күйiн алдын ала белгiлеп алып, оларды басқа орынға көшіру жөнінде шаралар қолдануға мiндеттi.
102-бап. Әуе кемесiн, оның жолаушылары мен экипажын iздестiрудi тоқтату
1. Iздестiру шаралары нәтиже бермеген жағдайда, апатқа ұшыраған әуе кемесiн iздестiрудi тоқтату туралы шешiмдi әуе кемесiнiң иесiмен және іздестiру-құтқару командасының басшысымен келiсім бойынша тексеру жөніндегі комиссияның төрағасы қабылдайды.