335-бап. Сотталушының басты сот талқылауына қатысуы
1. Басты сот талқылауы, осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, сотталушының мiндеттi түрде қатысуымен өтедi. Сотталушы келмеген кезде iс кейiнге қалдырылуға тиiс. Сот дәлелдi себептерсiз келмеген сотталушыны күштеп әкелуге, сол сияқты оған қатысты бұлтартпау шарасын қолдануға немесе өзгертуге құқылы.
2. Істі сотталушының қатысуынсыз талқылауға:
1) қылмыстық терiс қылық не онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасады деп сотталушы, айыпталушы iстi өзінің қатысуынсыз қарау туралы өтiнiшхат берген;
2) сотталушы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған және сотқа келуден жалтарған;
3) күзетпен ұсталып отырған сотталушы сот отырысына келуден және қатысудан бас тартқан жағдайларда ғана жол берiлуi мүмкiн.
336-бап. Қорғаушының басты сот талқылауына қатысуы
1. Сотталушының қорғаушысы басты сот талқылауына осы Кодекстің 67-бабында көзделген жағдайларда, сондай-ақ сотталушының, олардың заңды өкілдерінің, сондай-ақ сотталушының тапсырмасы немесе келісімі бойынша өзге адамдардың шақыруы бойынша қатысады.
2. Қорғаушы келмеген және оны осы сот отырысында алмастыру мүмкiн болмаған кезде iстi талқылау кейiнге қалдырылады. Сот отырысына келмеген қорғаушыны алмастыруға сотталушының келiсiмімен ғана жол берiледi. Егер сотталушы шақырған қорғаушының қатысуы бес тәулік iшiнде мүмкiн болмаса, сот осы Кодекстің 68-бабына сәйкес, басты сот талқылауын кейiнге қалдыра отырып, сотталушыға басқа қорғаушыны таңдауды ұсынады, ал ол бас тартқан кезде жаңа қорғаушыны тағайындайды.
Сотталушы қорғаушыдан бас тартқан кезде, сот қорғаушыдан бас тартуды қабылдау не қабылдамау туралы қаулы шығарады.
3. Iске жаңадан кiрiскен қорғаушыға сот талқылауына қатысуға дайындалу үшiн қажеттi уақыт берiледi. Ол өзi iске кiрiскенге дейiнгі сот талқылауында жасалған кез келген әрекеттi қайталау туралы өтiнiшхат жасауға құқылы.
4. Сотталушының қорғаушысы осы Кодекстің 122-бабының үшінші бөлігінде көзделген тәртіппен жиналған заң көмегін көрсету үшін қажет нәрселерді, құжаттар мен мәліметтерді ұсынады, басқа дәлелдемелерді зерттеуге қатысады, сотқа айыптаудың мәнi және оның дәлелденгендiгi жөнiнде, сотталушының жауаптылығын жеңiлдететiн немесе оны ақтайтын мән-жайлар, жазалау шарасы туралы, сондай-ақ сот талқылауында туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн баяндайды.
337-бап. Мемлекеттiк айыптаушының басты сот талқылауына қатысуы
1. Жекеше айыптау iстерiн қоспағанда, прокурордың мемлекеттiк айыптаушы ретiнде бас сот талқылауына қатысуы мiндеттi.
2. Күрделi және көп эпизодты iстер бойынша мемлекеттiк айыптауды бiрнеше прокурор қолдауы мүмкiн.
3. Егер сот талқылауы кезiнде прокурордың одан әрi қатысуға мүмкiндігі жоқтығы анықталса, ол алмастырылуы мүмкiн. Iске жаңа прокурордың кiрiсуi осы уақытқа дейiн сотта жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқпайды, бiрақ прокурордың өтiнiшхаты бойынша сот оған iстiң материалдарымен танысу үшiн уақыт бере алады.
4. Прокурор дәлелдемелердi ұсынады және оларды зерттеуге қатысады, сотқа айыптаудың мәнi бойынша, сондай-ақ сот талқылауы кезiнде туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн баяндайды, сотқа қылмыстық заңды қолдану және сотталушыға жаза тағайындау туралы ұсыныс айтады.
5. Прокурор, егер азаматтардың құқықтарын, мемлекеттiк немесе қоғамдық мүдделердi қорғау осыны талап етсе, iс бойынша азаматтық талап қояды немесе қойылған азаматтық талапты қолдайды.
6. Прокурор айыптауды қолдай отырып, заң талаптарын және iстiң барлық мән-жайларының қаралу нәтижелерiне негiзделген өзiнiң iшкi сенімін басшылыққа алады. Прокурор айыптауды өзгерте алады. Прокурор, егер айыптау сот талқылауында қолдау таппады деген түйінге келсе, айыптаудан (толық немесе iшiнара) бас тартуға мiндеттi. Сот тергеуi немесе сот жарыссөзi кезiнде мемлекеттiк айыптаушының айыптаудан бас тартуына жол беріледi.
7. Прокурор айыптаудан толық бас тартқан жағдайда, егер айыптаудан жәбiрленушi де бас тартса, сот өз қаулысымен iстi тоқтатады. Егер жәбiрленушi айыптауды талап етсе, сот талқылауды жалғастырып, істі жалпы тәртiппен шешедi. Бұл жағдайда прокурор процеске одан әрi қатысудан босатылады, ал айыптауды жәбiрленушiнiң өзi немесе өкiлi арқылы қолдайды. Жәбiрленушiнiң өтiнiшхаты бойынша сот оған өкiл шақыру үшiн уақыт беруге тиiс. Прокурор мен жекеше айыптаушы айыптаудан iшiнара бас тартқан кезде сот істі айыптаушы тараптың айыптаудан бас тартқан бөлiгiнде тоқтатады, іс айыптаудың қалған бөлiгiнде жалпы тәртiппен қаралады. Егер прокурор айыптауды өзгертсе және жәбірленуші бұрынғы айыптауды табанды түрде қорғамаса, сот iстi жаңа айыптау бойынша қарайды.
8. Осы Кодексте көзделген жағдайларда прокурор сотталушымен процестік келісім жасасуға құқылы. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде прокурор қылмыстық істі тоқтату туралы өтінішхат беруге құқылы.
338-бап. Жәбiрленушiнiң басты сот талқылауына қатысуы
1. Басты сот талқылауы жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
2. Жәбiрленушi келмеген жағдайда сот iстi талқылау немесе оны талқылауды жәбiрленушi болмағанда iстiң барлық мән-жайларын толық анықтаудың және оның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың мүмкiн болуы-болмауына қарай кейiнге қалдыру туралы мәселенi шешедi. Егер сот отырысына жәбiрленушiнiң өкiлi келсе, сот бұл мәселенi өкiлдiң пiкiрiн ескере отырып шешедi.
3. Жәбiрленушiнiң өтiнiшхаты бойынша сот оны айғақтар беру үшiн белгiлi бір уақытта келуге мiндеттей отырып, сот отырысына қатысудан босата алады.
4. Жекеше айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң сот отырысына дәлелді себептерсіз келмеуi iстi тоқтатуға әкеп соғады, алайда сотталушының өтiнiшхаты бойынша iс мәнi бойынша жәбiрленушiнiң қатысуынсыз қаралуы мүмкiн.
339-бап. Азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердiң басты сот талқылауына қатысуы
1. Басты сот талқылауына азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi қатысады.
2. Азаматтық талапкер немесе оның өкiлi сотқа келмеген кезде азаматтық талап қою қараусыз қалдырылуы мүмкiн. Азаматтық талапкердің азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен талап қою құқығы сақталады.
3. Сот азаматтық талапкердің немесе оның өкiлiнiң өтiнiшхаты бойынша азаматтық талап қоюды азаматтық талапкердің қатысуынсыз қарауға құқылы.
4. Егер сот қажет деп тапса немесе егер талап қоюды прокурор қолдаса, сот азаматтық талап қоюды азаматтық талапкердің немесе оның өкiлiнiң келу-келмеуiне қарамастан қарайды.
5. Азаматтық жауапкердің немесе оның өкiлiнiң келмеуi азаматтық талап қоюды қарауды тоқтатпайды.
340-бап. Басты сот талқылауының шегi
1. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, басты сот талқылауы тек сотталушыға қатысты және оның сотқа берілген айыптау шектерінде ғана жүргiзiледi.
2. Егер айыптауды өзгерту айыпталушының қорғалу құқығын бұзбаса, айыптауды өзгертуге жол берiледi.
3. Егер басты сот талқылауы барысында қаралып отырған істі басқа қылмыстық іспен біріктіру, егер басқа адамдардың әрекеттері қаралып жатқан іспен байланысты болса және оларға қатысты iстi бөлек қарау мүмкiн болмаса, басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту қажеттігі туындаса, сот айыптаушы тараптың өтiнiшхаты бойынша, процестiң басқа қатысушыларының пiкiрiн ескере отырып, істі қарауда үзіліс жасайды және осы Кодекстің 321-бабында көзделген тәртіппен алдын ала тыңдауды өткiзеді.
4. Алдын ала тыңдауда қарастырылып жатқан қылмыстық істі жаңадан келіп түскен іспен біріктірген кезде сот прокурорға жаңа айыптау актісін жасау үшін уақыт береді.
5. Егер басты сот талқылауы барысында сотталушыға неғұрлым ауыр немесе бастапқыдан ерекшеленетін айыптау тағу қажеттігі туындаса, сот істі қарауды кейінге қалдырып, прокурорға жаңа айыптау актісін жасау үшін уақыт береді.
6. Біріктірілген іс бойынша сот ісін жүргізу осы Кодекстің 7-бөлімінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. Сот жаңа айыптау актісі жасалғанға дейін зерттеген дәлелдемелерді қайтадан зерттеу сот осындай қажеттілік бар деп таныған жағдайда жүзеге асырылады.
341-бап. Басты сот талқылауын кейiнге қалдыру және қылмыстық iстi тоқтата тұру
1. Сот отырысына шақырылған тұлғалардың бiрiнiң келмеуi салдарынан немесе жаңа дәлелдемелерді талап етіп алдыру қажеттiгiне, прокурордың жаңа айыптау актісін жасауына және табыс етуіне немесе медиация рәсімін өткізуге, процестік келісім жасасуға байланысты iстi талқылау мүмкiн болмаған кезде сот iстi талқылауды белгілі бір мерзімге кейiнге қалдыру туралы қаулы шығарады. Сот сонымен бір мезгілде тараптарға тиісінше айыптау және қорғау куәларының, сондай-ақ өтінішхаттар бойынша сот отырысына шақырылған өзге де тұлғалардың келуін қамтамасыз етуді міндеттеуге құқылы. Қажет болған кезде сот тараптардың өздері өтінішхат мәлімдеген дәлелдемелерді алуына көмек көрсетеді.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сот талқылауы жаңа айыптау актісін жасау қажеттігіне байланысты кейінге қалдырылған кезде сот қорғаушы тараптың істің қосымша материалдарымен танысу құқығын қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады және жаңа айыптаудан қорғануға дайындалу үшін ақылға қонымды мерзім ұсынады.
Жаңа айыптау актісі сотталушыға, оның қорғаушысына (ол қатысып отырған кезде), жәбірленушіге, заңды өкілге және өкілге табыс етіледі және істің материалдарына қосып тігіледі.
3. Осы Кодекстің 45-бабының бірінші - үшінші бөліктерінде көзделген негіздер болған кезде сот осы мән-жайлар жойылғанға дейін іс бойынша іс жүргізуді бір немесе бірнеше сотталушыға қатысты тоқтаты тұрады және қалған сотталушыларға қатысты сот талқылауын жалғастырады.
4. Жасырынып жүрген сотталушыны iздестіру сот қаулысымен жарияланады.
342-бап. Бұлтартпау шарасы туралы мәселенi шешу
1. Басты сот талқылауы кезiнде сот сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдауға, өзгертуге, оның күшiн жоюға немесе оны ұзартуға құқылы.
2. Сотталушыны бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау мерзiмi iс сотқа келіп түскен күннен бастап және үкiм шығарылғанға дейiн алты айдан аспауға тиiс.
3. Ауыр қылмыстар туралы iстер бойынша осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн сот күзетпен ұстау мерзiмiн өзiнiң қаулысымен он екi айға дейiн ұзартуға құқылы.
4. Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген күзетпен ұстау мерзiмдерi өткеннен кейiн сот сотталушыға бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе өзге де бұлтартпау шарасына ауыстыруға тиiс.
5. Осы баптың екiншi және төртiншi бөлiктерiнде белгiленген шектеулер өздері бойынша сотталушылардың ең болмағанда біреуі аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталатын iстерге қолданылмайды.
343-бап. Істі басты сот талқылауында тоқтату
Егер басты сот талқылауында осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 3) - 12) тармақтарында көрсетiлген мән-жайлар анықталса, сондай-ақ айыптаушы осы Кодекстiң 337-бабы алтыншы бөлiгiнiң қағидаларына сәйкес айыптаудан бас тартқанда, iс тоқтатылуға жатады. Iс басты сот талқылауында осы Кодекстiң 36-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша да тоқтатылуы мүмкiн.
Қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы осы Кодекстің 288-бабында көзделген талаптар сақтала отырып, шығарылады.
344-бап. Басты сот талқылауында қаулылар шығару тәртiбi
1. Сот басты сот талқылауы кезiнде сот шешетiн барлық мәселелер бойынша қаулылар шығарады, олар сот отырысында жария етілуге жатады.
2. Iстi тоқтату туралы, iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру туралы, бұлтартпау шарасын таңдау, өзгерту немесе оның күшiн жою туралы, қарсылық білдірулер туралы, сараптама тағайындау туралы қаулылар және жекеше қаулылар кеңесу бөлмесiнде шығарылады және жеке құжат түрiнде жазылады.
3. Өзге қаулылар соттың қалауы бойынша не осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тәртiппен не сол орнында - сот отырысы залында қаулыны сот отырысының хаттамасына енгiзе отырып шығарылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Басты сот талқылауында дәлелдемелерді зерттеу мәселелері бойынша шығарылған қаулылар шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға, наразылық білдіруге жатпайды. Басты сот талқылауы барысында шығарылған қаулылармен келіспеу апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына, наразылыққа енгізілуі мүмкін.
345-бап. Басты сот талқылауының тәртiптемесі
1. Басты сот талқылауы соттың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жағдайларда өтедi. Басты сот талқылауы бейнебайланыс режимінде де өтуі мүмкін, ол туралы шешімді іс бойынша төрағалық етуші қабылдайды.
2. Соттың сот отырысы залына кiруiнiң алдында сот приставы, ол болмаған кезде сот отырысының хатшысы: «Сот келе жатыр» деп хабарлайды, сот отырысына қатысып отырғандардың бәрi орындарынан тұрады, содан соң төрағалық етушiнiң ұсынуы бойынша өз орындарына отырады.
3. Сот талқылауына қатысушылардың бәрi сотқа қарап сөйлегенде, айғақтар бергенде және мәлiмдеме жасағанда орындарынан тұрады. Бұл қағидалардан ауытқуға төрағалық етушiнiң рұқсатымен жол берiледi.
4. Басты сот талқылауының барлық қатысушылары, сол сияқты сот отырысы залында қатысып отырған азаматтардың барлығы төрағалық етушiнiң сот отырысының тәртiбiн сақтау туралы өкiмдерiне бағынуға тиiс.
5. Он алты жасқа дейiнгi адамдар, егер олар тарап немесе куә болып табылмаса, сот отырысы залына жiберiлмейдi. Қажет болғанда сот приставы азаматтан оның жасын куәландыратын құжатты талап етуге құқылы. Залға сондай-ақ масаң күйдегі адамдар жiберiлмейдi.
6. Сот отырысы залында фотосуретке түсiруге, дыбыс-, бейнежазуды қолдануға және киноға түсiруге процеске қатысушылардың келісімімен және төрағалық етушiнiң рұқсатымен жол берiледi. Осы әрекеттер сот талқылауының қалыпты барысына кедергі келтірмеуге тиіс.
7. Сот талқылауына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот осы Кодекстің 98-бабында көзделген ережелерге сәйкес шаралар қабылдайды және сот талқылауын жүргізеді.
8. Басты сот талқылауы басталар алдында төрағалық етуші сот талқылауының барлық қатысушыларына қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша сотқа өтініш жасау құқығы туралы түсіндіреді.
9. Тараптардың бірінің немесе сот талқылауына қатысушының қауіпсіздік шараларын қабылдау туралы өтінішхаты бойынша сот осы мәселе жөнінде қаулы шығаруға құқылы.
346-бап. Басты сот талқылауында тәртiптi қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын шаралар
1. Адам сот отырысында тәртіп бұзған, төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаған, сол сияқты сотты құрметтемеуді анық куәландыратын өзге де әрекеттер жасаған кезде (әрекетсіздік кезінде) төрағалық етуші оны сот отырысы залынан шығарып жіберуге немесе қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған жағдайларда, сотты құрметтемеу фактісінің анықталғаны туралы жариялауға және кінәлі адамға осы Кодекстің 160-бабында қөзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы. Шығарып жіберу, айыптаушы мен қорғаушыдан басқа, процестің кез келген қатысушысына немесе өзге де адамға қатысты жүргізілуі мүмкін. Ақшалай өндіріп алуды сотталушыға және оның қорғаушы ретінде қатысатын адвокатына қолдануға болмайды.
2. Егер сот отырысы залынан сотталушы шығарылып жiберiлсе немесе ол істі сот талқылауына қатысудан бас тартса, төрағалық етуші соттың әрбір отырысының алдында одан өзі тәртіптемені сақтаған жағдайда, сот залында болғысы келетінін-келмейтінін анықтайды. Үкiм сотталушы қатысып отырғанда жариялануға, ал ол бұл ретте қатысудан бас тартқан кезде оған жарияланғаннан кейiн дереу қолхат алып хабарлануға тиiс.
3. Сот отырысы залынан процеске қатысушыны шығарып жiберу және ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы сот қаулы шығарады.
4. Сот отырысы залында қатысып отырған, бiрақ процеске қатысушы болып табылмайтын адамдар тәртiп бұзған жағдайда, олар төрағалық етушiнiң өкiмi бойынша сот отырысы залынан шығарылады. Бұған қоса сот оларға ақшалай өндіріп алуды қолдануы мүмкiн.
5. Егер сот отырысындағы тәртiп бұзушының әрекеттерiнде қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерi болса, сот материалдарды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы мәселені шешу үшiн прокурорға жібереді.
347-бап. Басты сот талқылауының хаттамасы
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Басты сот талқылауы кезінде сот отырысының хатшысы хаттама жүргізеді.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Хаттама компьютерлік, электрондық (аудио-, бейне түсіруді қоса алғанда), машинада жазу не қолмен жазу тәсілімен жасалады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Егер сот талқылауына аудио-, бейнежазба қолданылмаған болса, қағаз жеткізгіште дайындалған хаттамада:
1) басты сот талқылауының күні мен датасы, оның басталу және аяқталу уақыты;
2) қандай іс қаралып жатқаны;
3) соттың атауы мен құрамы, хатшы, аудармашы, мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, сотталушы, сондай-ақ жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, сот шақырған басқа да адамдар;
4) сотталушының жеке басы туралы деректер және бұлтартпау шарасы;
5) соттың жүргізілген реттегі әрекеттері;
6) іске қатысатын адамдардың арыздары, қарсылықтары және өтінішхаттары;
7) соттың кеңесу бөлмесіне бармай шығарған қаулылары;
8) қаулылардың кеңесу бөлмесінде шығарылуына нұсқаулар;
9) іске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерінің түсіндірілгені;
10) айғақтардың егжей-тегжейлі мазмұны;
11) жауап алуға қатысқан адамдардың сот бөлген немесе жауап алынатын адам жауап беруден бас тартқан сұрақтары;
12) сарапшыға қойылған сұрақтар және оның жауаптары;
13) сот отырысында жүргізілген қарап-тексерулердің және дәлелдемелерді зерттеу жөніндегі басқа әрекеттердің нәтижелері;
14) азаптаудың, зорлық-зомбылықтың, өзге де қатыгез немесе адами қадыр-қасиетті қорлайтын қарым-қатынастың қолданылғаны туралы арыздарды қарау нәтижелері және оларды зерттеу процесі;
15) іске қатысатын адамдар хаттамада куәландыруды өтінген фактілерді нұсқау;
16) тараптардың сот жарыссөзінде сөйлеген сөздерінің және сотталушының соңғы сөзінің негізгі мазмұны;
17) үкімнің, қаулының, жеке қаулының жарияланғаны және оған шағым жасау тәртібі мен мерзімі түсіндірілгені туралы белгі көрсетіледі.
Айғақтар бірінші жақтан және мүмкіндігінше сөзбе-сөз жазылады, сұрақтар мен оларға жауаптар жауап алу кезінде орын алған жүйелілік бойынша жазылады. Бұған қоса, хаттамада, егер сотты құрметтемеушілік орын алған болса, оны куәландыратын фактілер және тәртіп бұзушының жеке басы мен соттың тәртіп бұзушыға қатысты қолданған ықпал ету шаралары туралы да көрсетіледі.
4. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейiн - бес тәулiктен, ал көп эпизодты істер және алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша он тәуліктен кешiктiрiлмей жасалып, оған төрағалық етушi мен хатшы қол қоюға тиiс. Сот талқылауы барысында хаттама бөлiп-бөлiп жасалуы мүмкiн, оларға, сондай-ақ тұтас хаттамаға сот отырысына төрағалық етушi мен хатшы қол қояды. Тараптардың өтінішхаты бойынша хаттаманың дайын болған бөлігі дайын болуына қарай беріледі.
5. Сот талқылауының қағаз жеткізгіште дайындалған хаттамасының дұрыс жазылуы туралы сот отырысының төрағалық етушiсi мен хатшысының арасында келіспеушiлiк болған кезде, соңғысы өзiнiң қарсылықтарын жазбаша түрде сот отырысы барысында жасалған жазбалармен, оның ішінде, сот отырысының дыбыс-, бейнежазбаларымен бiрге хаттамаға қоса беруге құқылы.
6. Төрағалық етушi тараптарға басты сот талқылауының хаттамасы дайындалғаны туралы хабарлауға және олардың онымен және дыбыс-, бейнежазба материалдарымен танысу мүмкiндiгін қамтамасыз етуге мiндеттi.
7. Басты сот талқылауында жауап алынған адам хаттамадағы және дыбыс-, бейнежазба материалдарындағы өз айғақтарының жазбасымен таныстыру жөнiнде өтiнiшхат беруге құқылы. Мұндай мүмкiндiк өтiнiшхат мәлiмделгеннен кейiнгi күннен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
8. Сот тараптардың немесе осы баптың жетінші бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінішхаты бойынша сот отырысының төрағалық етушісі мен хатшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы хаттаманы ұсынуға міндетті.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 9-бөлікпен толықтырылды
9. Соттарға құжаттарды электрондық құжат нысанында беру құралдарын техникалық қолдану, оларды тіркеу, өңдеу, олармен танысу қағидаларын соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган бекітеді.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 347-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
347-1-бап. Басты сот талқылауын аудио-, бейне түсіру құралдарымен түсіріп алу
1. Сот отырысы барысын түсіріп алу аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жүзеге асырылады. Сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен түсіріп алуды сот отырысының хатшысы жүзеге асырады.
Жабдықтардың техникалық ақауы болған, жабдықтар болмаған немесе техникалық себептерге байланысты оны қолдану мүмкін болмаған жағдайларда сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен түсіру жүзеге асырылмайды.
Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланудың мүмкін болмауы сот отырысын жалғастыруды жоққа шығармайды.
Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану мүмкін болмаған жағдайда сот отырысының хатшысы сот отырысының хаттамасында аудио-, бейнежазбаны пайдаланбау себептерін міндетті түрде көрсете отырып бұл туралы сотқа баяндайды.
2. Істі талқылауды аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану арқылы түсіріп алған жағдайда, сот отырысының хатшысы жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасайды.
Сот отырысының қысқаша хаттамасында:
1) сот отырысының жылы, айы, күні және орны;
2) сот отырысының басталу және аяқталу уақыты;
3) істі қарайтын соттың атауы мен құрамы, судьялардың, сот отырысы хатшысының тегі мен аты-жөні;
4) істің атауы;
5) сотталушының жеке басы туралы деректер;
6) соттың аудио-, бейнежазба құралдарын қолдануы туралы мәліметтер;
7) аудио-, бейнежазбаны қамтитын файлдың атауы;
8) аудармашының, айыптаушының, қорғаушының, сотталушының, сондай-ақ жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің, сот шақырған басқа да адамдардың келгені туралы мәліметтер;
9) іске қатысатын адамдар дәлелдемелер ретінде ұсынған қосымша материалдардың іске қоса тіркелгені туралы мәліметтер;
10) түпкілікті нысандағы хаттаманың жасалған датасы көрсетіледі.
Сот отырысының қысқаша хаттамасына төрағалық етуші және хатшы қол қояды.
Аудио-, бейнежазбаны қамтитын материалдық жеткізгіш пен сот отырысының қысқаша хаттамасы іс материалдарына қоса тіркеледі.
3. Сот іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің өтінішхаты бойынша аудио-, бейнежазбаның көшірмесін немесе сот отырысының хаттамасын ұсынады. Іс жабық сот отырысында қаралған жағдайда іске қатысатын адамдарға аудио-, бейнежазбалар және сот отырысының хаттамасы ұсынылмайды, олардың аудио-, бейнежазбамен және сот отырысының хаттамасымен сотта танысу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
4. Сот отырыстарының аудио-, бейнежазбалары сот талқылауының барысын дәл тіркеу үшін тек сот ісін жүргізу мақсаттарында, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық сот ісін жүргізуде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде не тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде нақты деректерді анықтау мақсаттарында пайдаланылады.
5. Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою тәртібін, сондай-ақ аудио-, бейнежазбаға қолжетімділік тәртібін соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып айқындайды.
348-бап. Басты сот талқылауының хаттамасына ескертулер
Басты сот талқылауының хаттамасына қағаз жеткізгіште қол қойылғаннан кейiн бес тәулiк iшiнде тараптар, сондай-ақ осы Кодекстiң 347-бабының жетiншi бөлiгiнде көрсетiлген өзге адамдар сот отырысының хаттамасымен танысуға, хаттамаға жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы. Сот отырысы хаттамасының көлемі үлкен болған жағдайда, төрағалық етуші тараптардың өтінішхаты бойынша олардың танысуы және ескертулер беруі үшін неғұрлым ұзақ, қисынды мерзім белгілейді.