Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердің пайдалану ережесi мен режимiн бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 18 желтоқсандағы № 1269 Қаулысы
(2006.06.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2020 жылғы 21 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса берiліп отырған Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жерді пайдалану ережесi мен режимi бекітілсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2003 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 1269 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2006.06.06 № 511 қаулысымен мәтіндегі "жер ресурстарын басқару" деген сөздер "жер қатынастары" деген сөздермен ауыстырылды (бұр. ред. қара)
Астана қаласының және республикалық маңызы бар
қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердi
пайдалану ережесi мен режимi
1. Осы Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердi пайдалану ережесi мен режимi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес әзiрлендi.
2. Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған eлді мекендердiң жерi осы қалалардың бас жоспарлары (бұдан әрi - бас жоспар), осы аумақтардың жоспарлау мен құрылыс салу жер-шаруашылық орналастыру жобалары, жердi аймақтарға бөлу схемалары негiзiнде және басқа да қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде пайдаланылады.
3. Аумақтары қала маңы аймағына қосылған бұрын бекітілген eлді мекендердің жоспарлау мен құрылыс салу, аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларының, жерді аймақтарға бөлу схемаларының және басқа да қала құрылысы құжаттамасының (бұдан әрi - жобалар) Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың бас жоспарына сәйкестiгiн анықтау үшiн тиiстi елдi мекендердiң жергiлiктi атқарушы органы, оларды Астана қаласы және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдiктерiне келiсу үшін ұсынады.
4. Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың әкiмдiктерi үш ай мерзiмде жобаларды тиiстi сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау органдарының, санитарлық-эпидемиологиялық, өзге де қызметтердің қарауын қамтамасыз етедi және олардың қорытындысы негiзiнде ұсынылған жобаларға келісім беру туралы шешiмдер қабылдайды.
Жобалар бас жоспарларға сәйкес келмеген жағдайда, Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың әкiмдiктерi аумағы қала маңы аймағына қосылған тиiстi облыстардың әкімдіктерiне жобаларды бас жоспарларға сәйкес келтіру үшiн түзету туралы өтiнiш білдiреді.
5. Қала маңы аймағындағы елдi мекендердiң түзетiлген жобаларын тиiстi жергiлiктi өкілді органдар белгiленген тәртiппен бекiтедi.
6. Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн белгіленген тәртiппен пайдаланылады. Қала маңындағы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн қарқынды дамыту аймағына қосылған жердi ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн алып қою, сондай-ақ ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден басқа түрiне ауыстыру, аумағы қала маңы аймағына қосылған жергiлiктi атқарушы органдар өздерiнiң құзыретiне сәйкес, ерекше жағдайларда, заңнамада анықталған тәртіппен жүзеге асырады.
7. Ормандар, орман парктерi және басқа да жасыл екпелер алып жатқан жасыл аймақтардың жерi қорғау мен санитарлық-гигиеналық функциялар атқарады және орман қоры жерiне жатады. Жасыл аймақтар жерi мәдени-сауықтыру, рекреациялық және туристiк мақсаттарға пайдаланылады. Осы жерде жасыл аймақтардың қорғау санитарлық-гигиеналық функцияларына және халықтың демалысын ұйымдастыру мақсаттарына сай келмейтiн құрылыстар мен ғимараттарды салуға жол берiлмейдi.
8. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағына қосылған жер Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың дамуы, осы қалалардың инженерлiк және көлiктiк инфрақұрылымдары қалыпты жұмыс iстеуi үшiн қажеттi ғимараттарын орналастыру және салу үшiн резервтiк аумақтары болып табылады.
9. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында құрылыс салу, Астана қаласының және республикалық маңызы бар қалалардың сәулет және қала құрылысы органдарымен келісілген, көрсетiлген аймақта орналасқан елдi мекендердiң бас жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
10. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында орналастыруға белгiленген, қаланың сәулетiне және экологиясына әсер ететiн аса маңызды объектiлер бойынша, оларға елдi мекендердiң шегінен тыс жерден жер учаскелерi қарастырылғанда, Астана қаласы мен республикалық маңызы бар қалалардың және аумағы қала маңы аймағына қосылған облыстық атқарушы органдар, осы объектiлердi орналастыру үшiн жер учаскелерiн таңдау жөніндегі арнаулы комиссия құрады.
Көрсетiлген комиссияның құрамына Астана қаласының немесе республикалық маңызы бар қалалардың әкiмдiктерiнiң және аумағы қала маңы аймағына қосылған облыстық атқарушы органдар мен тиiстi сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары жөніндегі, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органдарының, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметiнiң және басқа мүдделi ведомстволардың өкiлдерi кiредi.
11. Жеке және заңды тұлғаларға қала құрылысын ерекше реттеу аймағында жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға беру, немесе олардың нысаналы мақсатын өзгертудi жергiлiктi атқарушы органдар өздерiнiң құзыретi шегiнде, заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.