Тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына бала және бала асырап алушылар туралы мәліметтер сот шешімінде көрсетілген мәліметтерге сәйкес енгізіледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 97-1-баппен толықтырылды
97-1-бап. Шетелдіктердің бала асырап алуы
1. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктердің асырап алуы, оның ішінде мұндай бала асырап алудың күшін жою Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
2. Шетелдіктер асырап алған, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды бақылауды Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері және Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады.
98-бап. Асырап алынған баланың туған күнi, айы, жылы мен туған жерінің өзгертілуі
1. Бала асырап алу құпиясын қамтамасыз ету үшiн бала асырап алушының өтiнiшi бойынша асырап алынған баланың туған күнi, айы, жылы алты айдан аспайтын мерзімге, сондай-ақ оның туған жерi өзгертiлуi мүмкiн.
Үш жасқа дейiнгi баланы асырап алған кезде ғана асырап алынған баланың туған күнiн, айын, жылын өзгертуге жол берiледi.
Асырап алынған баланың туған жерін өзгерту Қазақстан Республикасы аумағының шегінде ғана жүргізіледі және баланың жасына қарамастан асырап алушының қалауы бойынша жол беріледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Асырап алынған баланың туған күнiнің, айының, жылының және (немесе) туған жерiнiң өзгеруі туралы оны асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
Асырап алынған баланың дербес деректері өзгерген кезде, Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен жеке сәйкестендіру нөмірін шартты түрде алып тастай отырып, тууды мемлекеттік тіркеу туралы жаңа акт жазбасын тіркеу жүргізіледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Соттың бала асырап алу туралы шешімі негізінде тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізу тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасы тіркелгеннен кейін немесе тууды мемлекеттік тіркеу туралы жоғалған акт жазбасы қалпына келтірілгеннен кейін жүргізіледі.
99-бап. Бала асырап алушыларды асырауға алынған баланың ата-аналары ретінде жазу
1. Бала асырап алушылардың өтiнiшi бойынша сот туу туралы актілер жазбалары кiтабына оларды өздері асырап алған баланың ата-аналары ретiнде жазу туралы шешiм қабылдайды.
2. Мұндай жазбаның қажеттiлiгi соттың бала асырап алу туралы шешiмiнде міндетті түрде көрсетiледi.
100-бап. Бала асырап алудың құқықтық салдары
1. Асырап алынған бала және оның ұрпағы - бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар мен олардың туыстары асырап алынған бала мен оның ұрпағына қатысы бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерінде шыққан тегi бойынша туыстарына теңестiрiледi.
2. Асырап алынған бала жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтарынан айрылады және өзiнiң туған ата-аналарына қатысты мiндеттерден босатылады.
3. Баланы бiр адам асырап алған кезде, егер бала асырап алушы ер адам болса - анасының тiлегi бойынша немесе, егер бала асырап алушы әйел болса - әкесiнiң тiлегi бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар мен мiндеттердiң сақталуы мүмкiн.
4. Бала асырап алушы асырап алынған баланың меншiгiндегi мүлiктiң сақталуы үшiн жауаптылықта болады. Бала асырап алудан бас тартылған жағдайда, осы мүлiктi қайтару жөнiндегi мiндет те бала асырап алушыға жүктеледi.
5. Асырап алынған баланың ата-аналардың бiреуiмен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастарының сақталуы туралы бала асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
6. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген бала асырап алудың құқықтық салдары, осы баланың туу туралы актілер жазбалары кітабында бала асырап алушылардың ата-анасы ретiнде жазылуына қарамастан туындайды.
2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 101-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
101-бап. Асырап алынған баланың жәрдемақыларға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығының сақталуы
Өзі асырап алынған кезге қарай ата-аналарының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтарына, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларға және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқығы бар бала осы құқықты асырап алынған кезде де сақтайды.
102-бап. Бала асырап алу құпиясы
1. Бала асырап алу құпиясы заңмен қорғалады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Ата-аналары, туыстары, баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асырған ұйымдардың және (немесе) бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырған мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары, бала асырап алу туралы шешiм шығарған судьялар, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ бала асырап алу туралы өзгедей түрде хабардар болған басқа да адамдар бала асырап алу құпиясын сақтауға мiндеттi.
103-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану
1. Бала асырап алу:
1) бала асырап алу туралы сот шешiмі жалған құжаттар негiзiнде қабылданған;
2) осы Кодекстің 93-бабында аталған адамдардың келісімінсіз бала асырап алынған;
3) некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) адам басқа жұбайының жазбаша келiсiмiнсiз бала асырап алған;
4) осы Кодекстің 91-бабының 2-тармағында көзделген ережелер бұзылған жағдайларда жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
3. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы iстi асырап алушылардың, прокурордың және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің міндетті түрде қатысуымен сот қарайды.
104-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы бар адамдар
Асырап алынған баланың ата-аналары, бала асырап алушының жұбайы, бала асырап алуға байланысты құқықтары бұзылған адамдар, прокурор, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талап қоюға құқылы.
105-бап. Бала асырап алуды жарамсыз деп танудың салдары
1. Бала асырап алу туралы сот шешiмi шыққан кезден бастап бала асырап алу жарамсыз деп танылады.
2. Бала асырап алу жарамсыз деп танылған жағдайда, егер бұл баланың мүдделерi үшін қажет болса, асырап алынған баланың және бала асырап алушылардың, бала асырап алушылардың туыстарының өзара құқықтары мен мiндеттерi тоқтатылады және бала мен оның ата-аналарының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен мiндеттерi қалпына келтiрiледi.
3. Егер олар асырап алу кезінде өзгерсе, ата-аналардың талап етуi бойынша балаға бұрынғы аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тегi берiледi, сол сияқты бұрынғы туған күні, айы, жылы мен туған жері қалпына келтіріледі.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап сот үш күн iшiнде осы шешiмнiң үзінді көшірмесін тууды мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органға және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жiберуге мiндеттi.
106-бап. Бала асырап алудың күшін жою негіздері
1. Егер бала асырап алушы:
1) өзіне жүктелген ата-аналар міндеттерін атқарудан жалтарған;
2) ата-ана құқықтарын теріс пайдаланған;
3) асырап алынған балаға қатігездік көрсеткен;
4) асырап алынған балаға күш қолданған немесе психикалық зорлық жасаған;
5) асырап алынған баланың жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасаған;
6) маскүнемдікпен, нашақорлықпен және (немесе) уытқұмарлықпен ауырады деп танылған;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленген бала құқықтарын бұзған жағдайда бала асырап алудың күші жойылады.
2. Сот баланың мүдделерін негізге алып және оның пікірін ескере отырып, басқа негіздер бойынша да баланы асырап алудың күшін жоюға құқылы.
107-бап. Бала асырап алудың күшін жою
1. Бала асырап алудың күшiн жою сот тәртiбiмен жүргiзiледi.
2. Бала асырап алудың күшiн жою туралы iс бала асырап алушылардың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қаралады.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Бала асырап алудың күшiн жою туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап бала асырап алу тоқтатылады.
Бала асырап алудың күшiн жою туралы сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап үш күн iшiнде сот осы шешiмнiң үзінді көшірмесін тууды мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органға және қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарға жiберуге мiндеттi.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 107-1-баппен толықтырылды
107-1-бап. Баланы қайта асырап алу
Сот бала асырап алу туралы шешімнің күшін жойғаннан кейін ғана баланы қайта асырап алу мүмкін болады.
108-бап. Бала асырап алудың күшін жоюды талап етуге құқығы бар адамдар
Баланың ата-аналарының, бала асырап алушылардың, бала асырап алушының жұбайының, он төрт жасқа толған асырап алынған баланың, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, сондай-ақ прокурордың баланың мүддесінде бала асырап алудың күшiн жоюды талап етуге құқығы бар.
109-бап. Бала асырап алудың күшін жоюдың салдары
1. Сот бала асырап алудың күшiн жойған кезде, егер бұл баланың мүдделерi үшін қажет болса, асырап алынған баланың және бала асырап алушылардың, бала асырап алушылардың туыстарының өзара құқықтары мен мiндеттерi тоқтатылады және бала мен оның ата-аналарының (оның туыстарының) өзара құқықтары мен мiндеттерi қалпына келтiрiледi.
2. Бала асырап алудың күшi жойылған кезде бала сот шешiмi бойынша ата-аналарына берiледi. Ата-аналары болмаған кезде, сондай-ақ баланы ата-аналарына беру оның мүдделерiне қайшы келсе, бала қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қамқоршылығына берiледi.
3. Сот сондай-ақ баланың асырап алынуына байланысты оған берiлген аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тегi сақталды ма, сондай-ақ бала асырап алу кезінде өзгерген туған күні, айы, жылы мен туған жері қалпына келтірілді ме деген мәселені шешеді.
Он жасқа толған баланың аты, әкесiнiң аты немесе тегi оның келiсiмiмен ғана өзгертілуі мүмкiн.
4. Сот баланың мүдделерiн негiзге ала отырып, осы Кодекстің 139 және 141-баптарында белгiленген мөлшерде бұрынғы бала асырап алушыны баланы күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуге мiндеттеуге құқылы.
110-бап. Асырап алынған бала кәмелетке толған соң бала асырап алудың күшін жоюға жол бермеу
Бала асырап алудың күшiн жоюға бала асырап алушы мен асырап алынған баланың, сондай-ақ егер ата-ана құқықтарынан айырылмаған не олар шектелмеген немесе сот әрекетке қабiлетсiз деп танымаған асырап алынған баланың ата-аналары тiрi болса, олардың өзара келiсiмi болған жағдайларды қоспағанда, егер бала асырап алудың күшiн жою туралы талап қойылған кезде асырап алынған бала кәмелетке толса, бала асырап алудың күшiн жоюға жол берiлмейдi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 14-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14-тарау. БАЛА АСЫРАП АЛУ ЖӨНІНДЕГІ АГЕНТТІКТЕРГЕ ЖӘНЕ ЖЕТІМ БАЛАЛАРДЫ, АТА-АНАЛАРЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАЛАРДЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ОТБАСЫЛАРЫНА ОРНАЛАСТЫРУҒА ЖӘРДЕМ КӨРСЕТУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЙЫМДАРҒА АККРЕДИТТЕУ ЖҮРГІЗУ
111-бап. Жалпы ережелер
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Құрылтайшылары агенттік орналасқан мемлекеттің азаматтары болып табылатын, аккредиттеу туралы өтініш берген кезде өз мемлекетінің аумағында аталған салада филиалдар немесе өкілдіктер құру жолымен өз қызметін кемінде он жыл жүзеге асыратын бала асырап алу жөніндегі агенттіктер (бұдан әрі - агенттіктер), сондай-ақ құрылтайшылары Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, аккредиттеу туралы өтініш берген кезде жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті кемінде бес жыл жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымдар аккредиттеуге жатады.
2. Аккредиттеу агенттіктің филиалы және (немесе) өкілдігі есептік тіркелгенге дейін жүргізіледі.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының, жергілікті атқарушы органдардың, жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың жұмыскерлері, олардың жұбайларын (зайыптарын) және жақын туыстарын қоса алғанда, сондай-ақ адам өлтіргені, денсаулыққа қасақана зиян келтіргені, халық денсаулығына және имандылыққа, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдар (өздеріне қатысты қылмыстық қудалау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтары негізінде тоқтатылған адамдарды қоспағанда) агенттік филиалының және (немесе) өкілдігінің қызметкерлері, сондай-ақ жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымның қызметкерлері бола алмайды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Агенттіктерді және жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы бекітеді.
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген агенттіктердің жалпы саны жиырмадан аспауға тиіс.
112-бап. Агенттіктерді аккредиттеуді жүргізу тәртібі
1. Агенттіктерді аккредиттеу, соның ішінде аккредиттеуден бас тарту туралы мәселені Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы қарайды.
2. Агенттіктің сенім білдірген адамы Қазақстан Республикасының аумағында балаларды асырап алу жөніндегі жұмысты жүзеге асыру үшін мынадай құжаттарды:
1) құрылтай құжаттарының нотариатта куәландырылған көшірмелерін;
2) оның тиісті салада қызметті жүзеге асыруға өкілеттігін растайтын, агенттік орналасқан мемлекеттің құзыретті органы берген құжаттың көшірмесін;
3) агенттіктің өкілеттігін растайтын құжатты берген немесе агенттіктің Қазақстан Республикасының аумағында тиісті қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі туралы қызметіне бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттің құзыретті органының ұсыным хатын;
4) бала асырап алуға үміткерлерге агенттік ұсынатын, көрсетілетін қызметтердің тізбесін;
5) асырап алынған балалардың тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесіне бақылауды жүзеге асыру және белгіленген тәртіппен тиісті есептер және ақпарат беру жөніндегі міндеттемені;
6) бала асырап алушылардың өздері тұратын мемлекетке келген соң асырап алынған баланың Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінде есепке қойылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттемесін;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) агенттіктің сенім білдірген адамға берген нотариатта куәландырылған сенімхатты;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 8) - 10) тармақшалармен толықтырылды
8) агенттік орналасқан мемлекеттің аумағында немесе Қазақстан Республикасының аумағында агенттіктің қызметі тоқтатылған жағдайда, белгіленген тәртіппен асырап алынған балалардың өмір сүру және тәрбиелену жағдайлары туралы есептер мен ақпаратты беріп отыратын органды немесе ұйымды тағайындау туралы агенттік орналасқан мемлекеттің құзыретті органының міндеттемесін;
9) агенттік орналасқан мемлекеттің құзыретті органының баланың қайтыс болу, оған қатыгездік көрсету, оның ішінде балаға физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық жасау, сондай-ақ баланың жыныстық тиіспеушілігіне қастық жасау фактісі анықталған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде Қазақстан Республикасының баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына хабар беру туралы міндеттемесін;
10) агенттік орналасқан мемлекеттің құзыретті органының агенттіктің құрылтай құжаттарындағы өзгерістер туралы Қазақстан Республикасының баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органын хабардар ету туралы міндеттемесін қоса бере отырып, өтініш беруге міндетті.
Осы тармақтың 1) - 4) тармақшаларында санамаланған құжаттар олар берілген күннен бастап алты ай бойы жарамды болады. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы қажет болған жағдайда осы құжаттардың түпнұсқа даналарын қосымша сұратуға құқылы.
Барлық ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен заңдастырылуға тиіс.
3. Агенттікті аккредиттеу туралы шешімді Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы өз құзыреті шегінде аккредиттеу мүмкіндігі туралы тиісті қорытындылар беретін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісе отырып қабылдайды.
4. Аккредиттеуден бас тартқан жағдайда, оны негіздей отырып, Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді ол қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде шығарады.
5. Сенім білдірілген адамның аккредиттеу туралы өтініші Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнамасында көзделген мерзімдерде қаралады.
6. Агенттікті аккредиттеу туралы шешім жоғалған кезде, өкіл тиісті өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органында оның телнұсқасын алуы мүмкін.
7. Агенттік бір жыл мерзімге аккредиттеледі. Аккредиттеу туралы шешім иеліктен шығарылмайды және басқа адамдарға беруге жатпайды.
8. Агенттікті аккредиттеуден, оның қызмет мерзімін ұзартудан және (немесе) оның қызметін мерзімінен бұрын тоқтатудан бас тарту негіздері:
1) ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болмауы;
2) өз қызметі туралы дәйексіз мәліметтер ұсынуы;
3) агенттіктің немесе оның филиалдарының және (немесе) өкілдіктерінің қызметі туралы шет мемлекеттің құзыретті органдарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарынан келіп түскен келеңсіз ақпараттың болуы;
4) агенттіктің орналасқан жері, қолайсыз әлеуметтік-экономикалық, саяси, экологиялық ахуал, мемлекетте әскери іс-қимылдардың жүзеге асырылуы;
5) агенттіктің филиалы және (немесе) өкілдігі қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуы;
6) агенттіктің асырап алынған балалардың тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесін бақылау және белгіленген тәртіппен тиісті есептер және ақпарат беру жөніндегі өз міндеттемелерін бұзуы;
7) агенттіктің асырап алынған баланың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінде есепке қойылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі өз міндеттемелерін бұзуы;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) агенттіктің өз мемлекеті аумағында қызметінің тоқтатылуы;
2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген агенттіктердің белгіленген санынан асыру болып табылады.
9. Өз қызметін аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді алған агенттік алты ай өткен соң Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына қайтадан жүгінуге құқылы.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 112-1-баппен толықтырылды
112-1-бап. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдарға аккредиттеу жүргізу тәртібі
1. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымды аккредиттеу, оның ішінде аккредиттеуден бас тарту туралы мәселені Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы қарайды.
2. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйым агенттіктерді және жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу қағидаларында айқындалған құжаттарды қоса бере отырып, өтініш береді.
3. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымды аккредиттеу туралы шешімді немесе аккредиттеуден бас тартылған жағдайда оны негіздей отырып, аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді қабылданған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы береді.
4. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдар ұзарту құқығымен бір жыл мерзімге аккредиттеледі. Аккредиттеу туралы шешім иеліктен шығарылмайтын болып табылады және басқа тұлғаларға берілуге жатпайды.
5. Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымды аккредиттеу туралы шешімнің қолданысын:
1) осы Кодекстің нормалары сақталмаған;
2) Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына және (немесе) өзге де мемлекеттік органдарға келіп түскен, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымның қызметіне негізді шағымдар болған жағдайда тоқтата тұрады.
6. Жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымды аккредиттеуден, аккредиттеу мерзімін ұзартудан бас тартуға, аккредиттеуден айыруға (оны кері қайтарып алуға):
1) ұсынылған құжаттардың агенттіктерді және жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
2) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымның өз қызметі туралы анық емес мәліметтер ұсынуы;
3) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымның жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуы;
4) аккредиттеу туралы шешімнің қолданысын тоқтата тұруға алып келген бұзушылықтардың бір ай ішінде жойылмауы;
5) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсету жөніндегі ұйым қызметінің тоқтатылуы негіз болып табылады.
7. Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, аккредиттеуден бас тарту туралы шешім алған коммерциялық емес ұйым алты ай өткен соң Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына қайтадан өтініш жасауға құқылы.