1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушысы:
1) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдардың саны, осындай ұйымдардың саны және олардың орналасқан жері туралы ақпарат алуға;
2) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оларды ұстау жағдайларына қатысты ақпаратқа қол жеткізе алуға;
3) құрылған топтардың құрамында белгіленген тәртіппен алдын ала баруды жүзеге асыруға;
4) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәларсыз, жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының пiкiрi бойынша тиiстi ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесу жүргізуге;
5) алдын ала баруға жататын ұйымдарды кедергісіз таңдауға және оларға баруға;
6) азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы хабарлар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.
2. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы заңды қызметін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болып табылады.
188-бап. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының міндеттері
1. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы өз өкілеттігін орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.
2. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының алдын ала баруға жататын ұйымдардың қызметіне араласуына жол берілмейді.
3. Алдын ала бару жөніндегі топқа кіретін ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының бейтараптығына күмән туғызатын мән-жайлар болған кезде ол алдын ала баруға қатысудан бас тартуға міндетті.
4. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы қабылданатын хабарлар мен шағымдарды Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл айқындайтын тәртіппен тіркеуге міндетті.
Қабылданған хабарлар мен шағымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің қарауына беріледі.
Қабылданған және берілген хабарлар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала бару нәтижелері жөніндегі есепке енгізіледі.
5. Осы Кодекстің ережелерін бұзған ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
189-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттігін тоқтату
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттігі:
1) осы Кодекстің ережелері бұзылған;
2) өз өкілеттігін доғару туралы жазбаша өтініші;
3) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
5) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
6) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.
190-бап. Алдын ала барудың түрлері мен мерзімділігі
1. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала баруы былайша бөлінеді:
1) төрт жылда бір реттен сиретпей тұрақты негізде жүргізілетін мерзімдік алдын ала бару;
2) алдыңғы мерзімдік алдын ала бару нәтижелері бойынша ұсынымдардың іске асырылуына мониторинг жүргізу, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары әңгімелесу жүргізген адамдарды алдын ала баруға жататын ұйымның әкімшілігі тарапынан қудалаудың алдын алу мақсатында, мерзімдік алдын ала бару аралығындағы кезеңде жүргізілетін аралық алдын ала бару;
3) азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы келіп түскен хабарлардың негізінде жүргізілетін арнаулы алдын ала бару.
2. Үйлестіру кеңесі бөлінген бюджет қаражаты шегінде алдын ала бару мерзімдерін және алдын ала баруға жататын ұйымдардың тізбесін айқындайды.
191-бап. Алдын ала бару тәртібі
1. Алдын ала баруды Үйлестіру кеңесі Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құратын топтар жүргізеді.
2. Алдын ала бару үшін топтарды құру кезінде ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының ешқайсысын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітушілікке ұшыратуға болмайды.
3. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдын ала баруға жататын ұйымның әкімшілігіне жүктеледі. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының құқыққа сыйымсыз әрекеттері орын алған жағдайда, алдын ала баруға жататын ұйым әкімшілігінің басшысы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жазбаша ақпарат береді.
4. Әрбір алдын ала барудың нәтижелері бойынша топтың атынан Үйлестіру кеңесі бекіткен нысан бойынша жазбаша есеп жасалады, оған алдын ала баруды жүзеге асырған топтың барлық мүшелері қол қояды. Ерекше пікірі бар топ мүшесі оны жазбаша түрде ресімдейді және есепке қоса береді.
192-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы
1. Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын олардың алдын ала бару нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып дайындайды.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасында:
1) уәкілетті мемлекеттік органдарға алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұсынымдар;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар да қамтылады.
Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына өткен жылғы алдын ала бару жөніндегі қаржылық есеп қоса беріледі.
3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және оны Үйлестіру кеңесі бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің интернет-ресурсында орналастырылады.
193-бап. Құпиялылық
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
194-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік органдар және олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына олардың заңды қызметін жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.
Бірде-бір мемлекеттік орган немесе лауазымды адам азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерiнің қолданылу фактілері туралы ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына хабарлағаны үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқылы емес.
Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының заңды қызметіне кедергі келтіретін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда ақпарат береді.
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала бару нәтижелері бойынша есептері негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық іс қозғау туралы өтінішхатпен жүгінуге құқығы бар.
23-тарау. МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ КӨЛЕМІ
195-бап. Медициналық көмектің көлемі
Медициналық көмек мынадай көлемде ұсынылады:
1) осы Кодекстің 196-бабына сәйкес ұсынылатын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін білдіретін ең төмен көлем;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ұсынылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті білдіретін базалық көлем;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді бұр.ред.қара, 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді бұр.ред.қара) 3) тармақша өзгертілді
3) медициналық көмектің:
жеке және заңды тұлғалардың жарналары есебінен көрсетілетін ерікті және (немесе) жүктелген медициналық сақтандыру шеңберінде;
ақылы қызметтер көрсету және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен ұсынылатын;
әскери-медициналық (медициналық) мекемелерде (ұйымдарда) әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелеріне, құқық қорғау органдарының зейнеткерлеріне, әскери қызметтен, арнаулы мемлекеттік органдар қызметінен босатылған адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері мен азаматтарының жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қаражат есебінен көрсетілетін;
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қаражат есебінен көрсетілетін;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғаларға бірыңғай зейнетақы төлемдері есебінен ұсынылатын медициналық көмекті қамтитын қосымша көлемі.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кепілдіктерінің бағдарламасын Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын үш жылдық кезеңге айқындайды.
196-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі
1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ дәрілік қамтамасыз етуді қамтиды.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, пана іздеген адамдардың айналадағыларға қауіп төндіретін аурулары болған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және көлемде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.
2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін медициналық көмекті Қазақстан Республикасының аумағында клиникалық практикаға жіберілген медицина қызметкерлері клиникалық хаттамалар негізінде көрсетеді.
3. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне мыналар кіреді:
1) жедел медициналық жәрдем;
2) медициналық-санитариялық алғашқы көмек;
3) мынадай:
АИТВ инфекциясы және туберкулез профилактикасы мен диагностикасы жөнінде қызметтер көрсету кезінде;
жарақаттар, уланулар немесе басқа да кезек күттірмейтін жай-күйлер кезінде;
әлеуметтік мәні бар аурулар кезінде;
уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулар кезінде амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек;
4) мынадай:
әлеуметтік мәні бар аурулар кезінде;
уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулар кезінде стационарды алмастыратын жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек;
5) мынадай:
уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша, айналадағыларға қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқаспен қарым-қатынаста болған адамдарды, сондай-ақ бактерия таратушыларды, вирус таратушыларды және айналадағыларға қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік ауруға күдікті адамдарды оқшаулау кезінде;
уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша инфекциялық, паразиттік ауруларды және айналадағыларға қауіп төндіретін ауруларды емдеу кезінде;
уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар болып табылмайтын адамдар үшін шұғыл нысанда, оның ішінде тәулік бойы стационар жағдайларында емдеуді қажет етпейтін диагнозды анықтағанға дейін тәулік бойы стационардың қабылдау бөліміндегі емдік-диагностикалық іс-шаралар жүргізу;
уәкілетті орган айқындайтын аурулар тізбесі бойынша жоспарлы нысанда стационарлық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек;
6) негізгі ауруды емдеу кезіндегі медициналық оңалту, сондай-ақ туберкулезбен ауыратындарды медициналық оңалту;
7) уәкілетті орган айқындайтын аурулар тізбесі бойынша паллиативтік медициналық көмек;
8) қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
9) патологиялық-анатомиялық диагностика;
10) ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау мақсатында қайтыс болғаннан кейінгі донорды ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) алуға дайындау, ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау.
4. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, арнайы емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету:
1) денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес жедел жәрдем, сондай-ақ стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған көмек, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсету кезінде;
2) қарсы профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулар тізбесіне сәйкес медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету кезінде;
3) белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне сәйкес амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы көмек және мамандандырылған көмек көрсету кезінде жүзеге асырылады.
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсыну кезінде денсаулық сақтау субъектілері Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен арнайы емдік өнімдерді пайдаланады. Дәрілік заттар Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілген болуға тиіс.
Қазақстан Республикасында тіркелмеген және Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілмеген дәрілік заттар мен тіркелмеген медициналық бұйымдарды нақты пациенттің өмірлік көрсетілімдері бойынша медициналық көмек көрсету не сирек кездесетін (орфандық) аурулары және (немесе) жай-күйлері бар пациенттердің шектеулі контингентіне медициналық көмек көрсету үшін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қолдануға жол беріледі.
197-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қалыптастыру қағидаттары
1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі әмбебаптық, қолжетімділік, дәлелділік, шынайылық және реттеушілік қағидаттары негізінде қалыптастырылады.
2. Әмбебаптық қағидаты осы Кодекстің 196-бабының 1-тармағында аталған адамдардың кіріс деңгейіне және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, медициналық көмектің ең төмен көлемімен жалпыға бірдей және тең қамтуды білдіреді.
3. Қолжетімділік қағидаты осы Кодекстің 196-бабының 1-тармағында аталған адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу мүмкіндігі болып табылады.
4. Дәлелділік қағидаты медициналық көрсетілетін қызметтердің, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы дәлелденген ғылыми және клиникалық деректердің болуын білдіреді.
5. Шынайылық қағидаты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің бюджет өлшемдеріне сәйкестігін білдіреді.
6. Реттеушілік қағидаты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету кезінде ұсынылатын медициналық көрсетілетін қызметтерге тарифтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бағаларды мемлекеттік реттеу болып табылады.
198-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсету мақсаттары
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсетудің мақсаттары мыналар болып табылады:
1) аурулардың диагностикасы және оларды емдеу;
2) созылмалы аурулардың асқынуын, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылау;
3) аурулардың ерте сатыларда өршуінің және олардың салдарының алдын алу;
4) жүктілік және босану кезіндегі медициналық күтім;
5) пациентте өз денсаулығын бақылау дағдыларын қалыптастыру;
6) жазылмайтын науқастарға аурудың терминалдық (соңғы) сатысында медициналық күтім жасау.
199-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, денсаулық сақтаудың көрсетілетін қызметтерінің халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар болып табылады.
200-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек
1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде:
1) мыналарды:
тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде профилактикалық қарап-тексерулерді қоспағанда, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімділікпен профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді;
медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігерлерінің жолдамасы бойынша пациенттерді бейінді мамандардың қабылдауы мен консультацияларын;
созылмалы аурулары бар адамдарды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімділікпен бейінді мамандардың динамикалық байқауын;
уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсетуді;
уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша диагностикалық көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде зертханалық диагностиканы;
уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша емшаралар мен манипуляцияны қамтитын амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек;
2) стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда);
3) жоспарлы нысанда стационарлық жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда);
4) шұғыл нысанда стационарлық жағдайларда мамандандырылған көмек, оның ішінде тәулік бойы стационар жағдайларында емдеуді қажет етпейтін диагноз анықталғанға дейін тәулік бойы стационардың қабылдау бөлімінде емдік-диагностикалық іс-шараларды жүргізу (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда);
5) уәкілетті орган айқындайтын аурулардың тізбесі бойынша медициналық оңалту;
6) патологиялық-анатомиялық диагностика;
7) ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау мақсатында қайтыс болғаннан кейінгі донорды ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) алуға дайындау, ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау ұсынылады.
2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, арнайы емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық препараттармен қамтамасыз ету:
1) денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек;
2) уәкілетті орган бекітетін белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарына арналған дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың тізбесіне сәйкес амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы және мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде жүзеге асырылады.
3. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері Қазақстан Республикасында тіркелген, Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және иммундық-биологиялық препараттарды пайдаланады.
201-бап. Ерікті медициналық сақтандыру шеңберіндегі медициналық көмек
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің көлеміне, сондай-ақ шығыстарын сақтандыру ұйымы өтейтін қосымша бағдарламаларға енгізілген медициналық көрсетілетін қызметтерді алуға мүмкіндік беретін жеке сақтандыру түрі ерікті медициналық сақтандыру болып табылады.
Ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасында:
жалпы сақтандыру сомасын немесе көрсетілетін медициналық қызметтердің әрбір түрі бойынша жекелеген сақтандыру сомаларын көрсете отырып, сақтанушы ақы төлейтін, ерікті сақтандыру шарты шеңберіндегі медициналық көрсетілетін қызметтердің;
сақтанушы (сақтандырылушы) медициналық көрсетілетін қызметтерді алатын денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесі көзделеді.
Медициналық көрсетілетін қызметтердің тізбесін сақтандыру ұйымы сақтанушымен (сақтандырылушымен) келісу бойынша белгілейді.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 201-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
201-1-бап. Жүктелген медициналық сақтандыру шеңберіндегі медициналық көмек
1. Жүктелген медициналық сақтандыру «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктерге арналған, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекіткен жүктелген медициналық сақтандырудың үлгілік шартында айқындалған талаптарда медициналық көрсетілетін қызметтерді алуға мүмкіндік беретін медициналық сақтандыру түрі болып табылады.
2. Жүктелген медициналық сақтандырудың үлгі шартында айқындалған сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді алу қажеттілігіне байланысты сақтандырылған адамның мүліктік мүддесі жүктелген медициналық сақтандыру объектісі болып табылады.
3. Сақтандырылған адамның медициналық ұйымдарға жүгіну қажеттілігіне алып келген денсаулық жағдайының нашарлау ықтималдығы сақтандыру тәуекелі деп танылады.
4. Сақтандырылған адамның денсаулық жағдайының нашарлауы және медициналық ұйымда соған байланысты медициналық көмек:
1) медициналық-санитариялық алғашқы көмек;
2) шұғыл нысанда стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек алуы жүктелген медициналық сақтандыру кезіндегі сақтандыру жағдайы болып табылады.