24-бап. Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу
1. Тікелей пиғылмен жасалған, қылмыс құралдарын немесе қаруларын iздестiру, әзiрлеу немесе бейiмдеп жасау, қылмысқа сыбайлас қатысушыларды iздестiру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшiн өзге де қасақана жағдайлар жасау, егер бұл ретте қылмыс адамның еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа дайындалу деп танылады.
2. Ауыр немесе аса ауыр қылмысқа дайындалғаны үшiн, сондай-ақ террористік қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
3. Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу деп танылады.
4. Ауырлығы орташа қылмысқа, ауыр немесе аса ауыр қылмысқа оқталғаны үшiн, сондай-ақ террористік қылмысқа оқталғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.
5. Қылмысқа дайындалғаны және қылмысқа оқталғаны үшiн қылмыстық жауаптылық осы Кодекстiң аяқталған қылмысқа арналған бабы бойынша, осы баптың тиiстi бөлiгiне сiлтеме жасала отырып туындайды.
25-бап. Аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық
Егер адам жасаған іс-әрекетте осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген құқық бұзушылық құрамының барлық белгiлерi болса, қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған деп танылады.
26-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтан өз еркiмен бас тарту
1. Адамның дайындалу әрекеттерiн тоқтатуы не осы іс-әрекетті жасауға тiкелей бағытталған әрекеттердi (әрекетсiздiктi) тоқтатуы, егер адам оны ақырына дейiн жеткiзу мүмкiндiгiн ұғынған болса, қылмыстық құқық бұзушылықтан өз еркiмен бас тарту деп танылады. Егер адам осы іс-әрекетті ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен және біржолата бас тартса, ол осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
2. Қылмыстық құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуден өз еркiмен бас тартқан адам, егер оның іс жүзінде жасаған іс-әрекетiнде өзге қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болған жағдайда ғана, қылмыстық жауаптылыққа жатады.
3. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырушы және оған айдап салушы мемлекеттiк органдарға хабарлауымен немесе өзге де қолданылған шараларымен орындаушының осы құқық бұзушылықты ақырына дейiн жеткiзуiне жол бермесе, бұл адамдар қылмыстық жауаптылыққа жатпайды. Егер орындаушы қылмыстық құқық бұзушылықты аяқтағанға дейiн оған күні бұрын уәде берген жәрдемінен бас тартса немесе көрсетiлген көмектiң салдарын жойса, көмектесушi қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
4. Егер ұйымдастырушының немесе айдап салушының осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетілген әрекеттері қылмыстық құқық бұзушылықты болдырмауға әкеп соқпаса, онда олардың қолданған шараларын сот жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететiн мән-жайлар деп тануы мүмкiн.
27-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу ұғымы
Екi немесе одан да көп адамның қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қасақана бiрлесе қатысуы қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу деп танылады.
28-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi
1. Ұйымдастырушы, айдап салушы және көмектесушi орындаушымен бірге қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылар деп танылады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылықты тiкелей жасаған не оны жасауға басқа адамдармен (бірге орындаушылармен) бiрлесіп тiкелей қатысқан адам, сондай-ақ жасына, есiнiң дұрыс еместiгiне немесе осы Кодексте көзделген басқа да мән-жайларға байланысты қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты іс-әрекеттi абайсызда жасаған адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады.
3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық еткен адам, сол сияқты қылмыстық топты құрған не оған басшылық еткен адам ұйымдастырушы деп танылады.
4. Басқа адамды азғыру, параға сатып алу, қорқыту жолымен немесе басқа да тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндiрген адам айдап салушы деп танылады.
5. Кеңестерiмен, нұсқауларымен, ақпарат, осы іс-әрекетті жасайтын қару немесе құралдар беруімен не оны жасауға кедергiлердi жоюымен қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ орындаушыны, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруын немесе өзге де құралдарын, осы іс-әрекеттің iзiн не құқыққа қарсы жолмен қол жеткізілген заттарды жасыруға күні бұрын уәде берген адам, сол сияқты осындай заттарды иемденуге немесе өткiзуге күні бұрын уәде берген адам көмектесушi деп танылады.
29-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың жауаптылығы
1. Сыбайлас қатысушылардың қылмыстық жауаптылығы олардың әрқайсысының қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысу сипатымен және дәрежесiмен айқындалады.
2. Бірге орындаушылар өздерiнiң бiрлесiп жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасамай, осы Кодекстiң белгілі бiр бабы бойынша жауап бередi.
3. Ұйымдастырушының, айдап салушының және көмектесушiнiң жауаптылығы, олар бiр мезгiлде бірге орындаушылар болып табылған жағдайларды қоспағанда, жасалған іс-әрекет үшiн жаза көзделетiн бап бойынша, осы Кодекстiң 28-бабына сiлтеме жасала отырып туындайды.
4. Орындаушы өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша қылмысты ақырына дейiн жеткiзбеген жағдайда, қалған сыбайлас қатысушылар қылмысқа дайындалуға немесе қылмысқа оқталуға сыбайласып қатысқаны үшiн жауаптылықта болады. Өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша басқа адамдарды қылмыс жасауға көндiре алмаған адам да осы іс-әрекетті жасауға дайындалғаны үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.
5. Осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында арнайы көрсетілген, қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектiсi болып табылмайтын, осы бапта көзделген іс-әрекетті жасауға қатысқан адам осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн оны ұйымдастырушы, оған айдап салушы не көмектесуші ретiнде қылмыстық жауаптылықта болады.
30-бап. Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушының шектен шығуы
Сыбайлас қатысушының шектен шығуы деп адамның басқа да сыбайлас қатысушылардың пиғылында болмаған қылмыстық құқық бұзушылық жасауы танылады. Оның шектен шыққаны үшiн басқа сыбайлас қатысушылар қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
31-бап. Топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылық
1. Егер қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға екi немесе одан да көп орындаушы алдын ала сөз байласпай бiрлесiп қатысса, ол адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылыққа оны бiрлесiп жасау туралы күнi бұрын уағдаласқан адамдар қатысса, ол алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.
3. Егер қылмысты ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, банда немесе заңсыз әскерилендірілген құралым жасаса, ол қылмыстық топ жасаған қылмыс деп танылады.
4. Қылмыстық топ құрған не оған басшылық еткен адам осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған басшылық еткені үшін, сондай-ақ егер қылмыстар оның пиғылында болған болса, қылмыстық топ жасаған барлық қылмыстар үшiн қылмыстық жауаптылыққа жатады.
5. Қылмыстық топтың басқа қатысушылары осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi баптарында көзделген жағдайларда, оған қатысқаны үшiн, сондай-ақ өздерi дайындауға немесе жасауға қатысқан қылмыстар үшiн қылмыстық жауаптылықта болады.
32-бап. Қажеттi қорғаныс
1. Қорғанушының және басқа да адамдардың жеке басы мен құқықтарын, сондай-ақ қоғамның және мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан, оның ішінде қолсұғушы адамға зиян келтіру жолымен заңды түрде қорғау қажетті қорғаныс деп танылады.
Барлық адамдардың өздерінің кәсiптік немесе өзге де арнаулы даярлығына және қызмет бабына қарамастан, олардың тең дәрежеде қажеттi қорғануға құқығы бар. Қоғамға қауiптi қолсұғушылықтан құтылу не басқа адамдардың немесе мемлекеттiк органдардың көмегiне жүгiну мүмкiндiгiне қарамастан, бұл құқық адамға тиесiлi болып табылады.
2. Қажеттi қорғаныс жағдайында, яғни қорғанушының немесе өзге де адамдардың жеке басын, тұрғынжайын, меншiгiн, жер учаскесiн және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн қолсұғушыға зиян келтiру арқылы қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қорғау кезiнде қолсұғушы адамға зиян келтiру, егер бұл ретте қажеттi қорғаныс шегінен шығуға жол берілмеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2022.11.07. № 136-VІІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Нәтижесiнде қолсұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтiрiлетiн, қолсұғушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне қорғанудың анық сай келмеуi қажеттi қорғаныс шегiнен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Адамның өміріне қол сұғушы адамға не қорғанушының немесе басқа адамдардың өміріне қауіпті қарулы шабуылмен немесе зорлық-зомбылықпен не осындай зорлық-зомбылықтың тікелей қатерімен, не тұрғынжайға, үй-жайға басып кірумен, не тұрғынжайға, үй-жайға өрт қоюмен ұштасқан өзге де қолсұғушылыққа тойтарыс беру кезінде адамға зиян келтіру, сондай-ақ егер қорғанушы қолсұғушылықтың кенеттен болуы салдарынан шабуыл қаупінің дәрежесі мен сипатын объективті бағалай алмаса, қажетті қорғаныс шегінен шығу болып табылмайды.
33-бап. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу кезiнде зиян келтiру
1. Қылмыстық жазаланатын іс-әрекет жасаған адамды мемлекеттiк органдарға жеткiзу және оның жаңа қолсұғушылық жасау мүмкiндiгiн тыю үшiн ұстап алу кезiнде оған зиян келтiру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкiн болмаса және бұл ретте осы үшiн қажеттi шаралар шегінен шығуға жол берiлмеген болса, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Адамға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін қажетсіз зиян келтiрілген кезде, ұсталатын адам жасаған құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiне және ұстап алудың мән-жайларына олардың анық сай келмеуі, қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу үшін қажетті шаралар шегінен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алуға бұған арнайы уәкiлеттiк берілген адамдармен бірге жәбiрленушiлер мен басқа азаматтардың да құқығы болады.
34-бап. Аса қажеттiлiк
1. Осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге аса қажеттілік жағдайында, яғни осы адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн зиян келтiру, егер бұл қауiптi өзге амалдармен жою мүмкiн болмаса және бұл ретте аса қажеттiлiк шегiнен шығуға жол берiлмесе, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Төнген қауіптің сипаты мен дәрежесіне және қауіп жойылған жағдайға анық сәйкес келмейтін зиян келтіру, құқық қорғау мүдделеріне болдырмай тасталған зиянға тең немесе оған қарағанда неғұрлым елеулі зиян келтірілген жағдайда, аса қажеттілік шегінен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығу тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана жауаптылыққа әкеп соғады.
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
35-бап. Жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын немесе жасырын тергеу іс-қимылдарын жүзеге асыру
1. Уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерінің не осы органмен ынтымақтасып жұмыс істейтін өзге адамның осындай органның тапсырмасы бойынша, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын немесе жасырын тергеу іс-қимылдарын орындау кезінде жасаған, осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтірген іс-әрекеті, егер бұл іс-әрекет адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, қылмыстық топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтарды болғызбау, анықтау, ашу немесе тергеп-тексеру, барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, оларды әшкерелеу және жолын кесу мақсатымен жасалса, сондай-ақ егер құқықпен қорғалатын мүдделерге келтірілген зиян көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар келтіретін зиянға қарағанда аздау болса және егер оларды болғызбауды, ашуды немесе тергеп-тексеруді, сол сияқты қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеуді өзге тәсілмен жүзеге асыру мүмкін болмаса, ол қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері адамның өміріне немесе денсаулығына қатер төндірумен, экологиялық апат, қоғамдық күйзеліс немесе өзге де ауыр зардаптар қатерімен ұштасқан іс-әрекеттер жасаған адамдарға қолданылмайды.
36-бап. Негізді тәуекел ету
1. Қоғамға пайдалы мақсатқа қол жеткiзу үшін негізді тәуекел ету кезінде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Егер көрсетілген мақсатқа тәуекелмен байланыссыз әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) қол жеткiзiлмейтiн болса және тәуекелге жол берген адам осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуiн болғызбау үшiн жеткiлiктi шаралар қолданған болса, тәуекел ету негізді деп танылады.
3. Егер тәуекел ету адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қатер төндірумен, экологиялық апат, қоғамдық кесапат немесе өзге де ауыр зардаптар қатерімен көрінеу ұштасқан болса, тәуекел ету негізді деп танылмайды.
37-бап. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу
1. Егер күштеп немесе психикалық мәжбүрлеудiң салдарынан адам өзiнiң әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) ие бола алмаса, мұндай мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуінің салдарынан адам өзiнiң әрекеттерiне ие бола алу мүмкiндiгiн сақтаған болса, ол үшін қылмыстық жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 34-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.
38-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау
1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшін әрекет жасаған адамның осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiруi қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. Мұндай зиян келтiрiлгенi үшiн заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам қылмыстық жауаптылықта болады.
2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшiн қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам жалпы негiздерде қылмыстық жауаптылықта болады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау қылмыстық жауаптылықты болдырмайды.
3-БӨЛІМ. ЖАЗА
39-бап. Жаза ұғымы мен оның мақсаттары
1. Жаза дегенiмiз ─ сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
2. Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
40-бап. Жаза түрлерi
1. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негiзгi жазалар:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
3) қоғамдық жұмыстарға тарту;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) қамаққа алу;
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қолданылуы мүмкiн.
2. Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) қоғамдық жұмыстарға тарту;
3) бас бостандығын шектеу;
2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) бас бостандығынан айыру қолданылуы мүмкін.
5) 2021.29.12. № 89-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар:
1) мүлкін тәркілеу;
2) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру;
3) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-1) тармақпен толықтырылды
3-1) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру;
4) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу қолданылуы мүмкін.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 41-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
41-бап. Айыппұл
1. Айыппұл - осы Кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің белгілі бір санына сәйкес келетін мөлшерде не пара сомасына немесе құнына, берілген ақша сомасына немесе берілген мүлік құнына, жымқырылған мүлік құнына, алынған кіріс сомасына немесе бюджетке түспеген төлемдер сомасына еселенген мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндіріп алу.
2. Айыппұл қылмыстық теріс қылықтар үшін - айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан екі жүзге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін айлық есептік көрсеткіштің екі жүзден он мыңға дейінгі шегінде не еселенген мөлшерде белгіленеді.
3. Айыппұл тағайындау кезінде сот оның мөлшері мен төлеу мерзімін қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын, сотталған адамның мүліктік және отбасылық жағдайын, оның жалақы немесе өзге де кіріс алу мүмкіндігін ескере отырып айқындайды.
4. Айыппұл төлеу мерзімі үкім заңды күшіне енген кезден бастап есептеледі және сот үкімі бойынша үш жылдан аспайды.
5. Сотталған адамның жалақысының кешіктірілуіне немесе төленбеуіне, уақытша еңбекке жарамсыздығына, жұмысынан немесе кірісінен айырылуына байланысты мүліктік жағдайы уақытша нашарлаған жағдайда, сот кейінге қалдыруды бір айдан бір жылға дейінгі мерзімге бере алады. Кейінге қалдыру уақыты сот үкімінде белгіленген, айыппұл төлеу мерзімін есептеуге кірмейді.
6. Айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген кезде сот үкімі (қаулысы) мәжбүрлеп орындауға жатады. Айыппұлдың төленбеген бөлігі:
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға - төленбеген бір айлық есептік көрсеткіш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебімен қоғамдық жұмыстарға тартумен не төленбеген төрт айлық есептік көрсеткіш үшін қамаққа алудың бір тәулігі есебімен қамаққа алумен;
2) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарға - төленбеген төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығын шектеумен не бас бостандығынан айырумен;
3) ауыр қылмыс үшін сотталғандарға - төленбеген төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айырумен;
4) еселенген айыппұлға сотталғандарға төленген және өндіріп алынған айыппұл бөлігін ескере отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясы шегінде бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
7. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде айыппұл мөлшері осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР ҚР Заңымен 42-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
42-бап. Түзеу жұмыстары
1. Түзеу жұмыстары - осы Кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің белгілі бір санына сәйкес келетін мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндіріп алу.
2. Түзеу жұмыстары алименттерді, жарақаттануға немесе денсаулықтың өзге де зақымдануына, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтірілген зиянды өтеу есебіне мерзімдік төлеуге (өндіріп алуға) жататын қаражатты шегергенде, сотталған адамның жалақысының (ақшалай үлесінің) оннан елу пайызға дейінгісін ай сайын ұстап қалу және Жәбірленушілерге өтеу қорына аудару арқылы орындалады.
3. Түзеу жұмыстары қылмыстық теріс қылықтар үшін - айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан екі жүзге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін айлық есептік көрсеткіштің екі жүзден он мыңға дейінгі шегінде белгіленеді.
4. Түзеу жұмыстарын тағайындау кезінде сот олардың көлемін қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын, сотталған адамның мүліктік және отбасылық жағдайын ескере отырып айқындайды.
5. Еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда, сотталған адам жазаның қалған бөлігін орындаудан босатылуы мүмкін не орындалмаған бөлік айыппұлмен ауыстырылады. Түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін өзге мән-жайлар туындаған жағдайда, олар:
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға - өндіріп алынбаған бір айлық есептік көрсеткіш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты, өндіріп алынбаған төрт айлық есептік көрсеткіш үшін қамаққа алудың бір тәулігі есебімен қоғамдық жұмыстарға тартуға не қамаққа алуға;
2) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарға - өндіріп алынбаған төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға;
3) ауыр қылмыс үшін сотталғандарға өндіріп алынбаған төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
6. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде түзеу жұмыстарының мөлшері осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
7. Түзеу жұмыстары еңбекке қабілетсіз деп танылған не тұрақты жұмысы жоқ немесе оқу орындарында өндірістен қол үзіп оқитын адамдарға тағайындалмайды.
43-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту
1. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.