7. Ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
1) өтініш берушінің мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттардың толық емес топтамасын ұсынуы;
2) өтініш берушінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін құжаттарды ұсынуы;
3) ғарыш объектісіне билік етуді шектейтін немесе жоятын ғарыш объектісіне құқықтар ауыртпалығының болуы;
4) ғарыш объектісіне билік ету құқығын шектейтін немесе жоятын заңды күшіне енген сот шешімі.
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Мемлекеттік тіркеуден бас тартылған кезде уәкілетті орган өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бас тартудың себептерін көрсете отырып, өтініш берушіге жазбаша уәжді түрде жауап жібереді.
9. Ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасауға болады.
10. Мемлекеттік тіркеуден бас тартуға негіздер жойылған кезде мемлекеттік тіркеуге өтінішті қайтадан беруге болады.
11. Мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырғаннан кейін, сондай-ақ өтініш беруші уәкілетті органға ғарыш объектісін жойған немесе кәдеге жаратқан фактісін растайтын құжаттарды ұсынған кезде уәкілетті орган ғарыш объектілері тіркелімінде тиісті жазба жүргізеді.
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12-бап. Ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылау
Ғарыш қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру нысанында уәкілетті орган жүзеге асырады.
3-тарау. ҒАРЫШ ҚЫЗМЕТІН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 13-бап жаңа редакцияда
13-бап. Ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау
Осы Заңның 5-бабының 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, жеке және заңды тұлғалардың ғарыш кеңістігін пайдалану саласындағы қызметі, Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес берілетін лицензия негізінде жүзеге асырылады.
14-бап. Ғарыш қызметі саласындағы ғылыми зерттеулер
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ғарыш қызметі саласындағы ғылыми зерттеулер ғарыш қызметін ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз етуге және ғарыш техникасы мен технологияларының жаңа үлгілерін әзірлеуге бағытталған іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды және ғарыштық эксперименттерді қамтиды.
Ғарыш қызметі саласындағы ғылыми зерттеулер ғылым саласындағы уәкілетті орган үйлестіретін ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар шеңберінде орындалады. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар ғалымдар, жоғары білікті мамандар мен ғылыми қызметкерлер, Қазақстан Республикасының ғылыми және қоғамдық ұйымдары, жоғары оқу орындары тартыла отырып, уәкілетті органның басшылығымен әзірленеді және іске асырылады.
2. Ғарыш техникасы мен технологияларын әзірлеу кезінде алынған зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 15-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15-бап. Ғарыш жүйелері мен ғарыш зымыран кешендерін құру
Ғарыш жүйелерін және ғарыш зымыран кешендерін құру ғарыш жүйелері мен ғарыш зымыран кешендерінің, олардың құрамдас бөліктерінің ғылыми зерттеулерін және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, оларды жобалауды, жасауды, монтаждауды, салуды, сынақтан өткізуді, сондай-ақ пайдалануға беруді қамтиды.
16-бап. Ғарыштық байланыс жүйесін пайдалану
1. Ғарыштық байланыс жүйесін пайдалануды реттеу оны тиімді пайдалануға бағытталған құқықтық, экономикалық, ұйымдық және техникалық шаралар кешенін білдіреді.
2. Ғарыштық байланыс жүйесі жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мұқтажы үшін ғарыш аппараттары транспондерлерін ұсынуға арналған.
3. 2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. 2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
17-бап. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін пайдалану
1. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесі ғарыш түсірілімдері арқылы ғылыми, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және қорғаныс міндеттерін шешу мақсатында Жер беті және жер беті құрылымы туралы кеңістіктік деректерді жинауға, жаратылыстық табиғи параметрлер мен құбылыстардың, табиғи ресурстардың, қоршаған ортаның, сондай-ақ антропогендік факторлар мен түзілімдердің сипаттамасын және уақытша құбылмалылығын сипаттауға арналған.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің ұлттық операторы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп айқындайтын тәртіппен ғарыш түсірілімдерін жоспарлайды, Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін алады, өңдейді және жеке және (немесе) заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына таратады.
18-бап. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесін пайдалану
1. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесі тұтынушыларға жаһандық навигациялық спутниктік жүйенің тұтастығы туралы ақпарат, сондай-ақ координаттық-уақыттық параметрлерді айқындаудың дәлдігін арттыруға мүмкіндік беретін ақпарат ұсынуға арналған.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында спутниктік навигациялық қызметтерді уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп айқындайтын тәртіппен ұйымдастырады және ұсынады.
19-бап. Ғарыш зымыран кешендерiн пайдалану
1. Ғарыш зымыран кешендерi ғарыш объектілерін ғарыш кеңістігіне ұшыруға арналған.
2. Ғарыш зымыран кешендерiн қолдану арқылы ғарыш объектілерін ұшыру Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау тәртібіне сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң шешімі болған кезде жүзеге асырылады.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 3-1-тараумен толықтырылды
3-1-тарау. Ғарыш жүйелерінің ұлттық операторлары
19-1-бап. Ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторы
1. Ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторы - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, ғарыштық байланыс жүйесін құру, пайдалану және дамыту міндеттері жүктелген, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам.
2. Ғарыштық байланыс жүйесінің ұлттық операторының өкілеттіктері:
1) ғарыштық байланыс жүйесін техникалық пайдалануды қамтамасыз етеді;
2) байланыс, оның ішінде ғарыш аппараттары транспондерлерін ұсыну бойынша қызметтерді, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ақпараттық-коммуникациялық жүйелерге кең жолақты қолжетімділік қызметтерін көрсетеді;
3) байланыс саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының ғарыш аппараттары транспондерлерін резервке қою, сондай-ақ ұлттық ғарыш аппараттарының қамту аймақтарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде кеңейту мақсатында шетелдік ғарыштық байланыс операторларымен өзара іс-қимыл жасайды;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.
19-2-бап. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің ұлттық операторы
1. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің ұлттық операторы - Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін құру, пайдалану және дамыту міндеттері жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға.
2. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесінің ұлттық операторының өкілеттіктері:
1) Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін техникалық пайдалануды қамтамасыз етеді;
2) ғарыштық түсірілімдерді жоспарлайды және Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ұсыну бойынша қызмет көрсетеді;
3) Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау және спутниктік навигация деректері негізінде кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құрады және дамытады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.
19-3-бап. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторы
1. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторы - дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесін құру, пайдалану және дамыту міндеттері жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға.
2. Дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторының өкілеттіктері:
1) дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің техникалық пайдаланылуын қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының барлық аумағында жеке және (немесе) заңды тұлғаларға дәлдігі жоғары спутниктік навигация қызметтерін көрсетеді;
3) жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің навигациялық өрісінің тұтастығын бақылауды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.
4-тарау. ҒАРЫШ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
20-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш инфрақұрылымы объектілері
1. Қазақстан Республикасының ғарыш инфрақұрылымы объектілері оның ғарыш саласының негiзiн құрайды және:
1) жерүстi ғарыш инфрақұрылымының объектiлерiн;
2) ғарыш объектiлерiн қамтиды.
2. Ғарыш инфрақұрылымы объектілері стратегиялық объектілер болып табылады.
21-бап. Жерүстi ғарыш инфрақұрылымы объектілері
Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілеріне мыналар жатады:
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) ғарыштық зерттеулердің ғылыми-технологиялық және тәжірибелік-эксперименттік базасы;
2) ғарыш қызметін қамтамасыз етуге арналған ғарыш техникасы мен ғарыш зымыран кешендері өндірісінің құралдары;
3) ғарыш айлақтары;
4) тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау аудандары;
5) ғарыш объектілерін басқаратын жерүсті кешендері;
6) ғарыш объектілерінен ақпарат қабылдауға, оны өңдеу мен таратуға арналған жерүсті нысаналы кешендер.
Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерінің сақталуы және қауіпсіз пайдаланылуы мақсатында, тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөлшектер құлайтын аудандарды қоспағанда, күзет аймақтары - солардың шегінде аймақтарды белгілеу мақсатымен сыйыспайтын қызметке шектеу қойылатын немесе тыйым салынатын жер учаскелері белгіленеді.
22-бап. Ғарыш техникасы өндірісінің құралдары
1. Ғарыш техникасы өндiрiсiнiң құралдарына ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюролары мен құрастыру-сынау кешенi жатады.
2. Қазақстан Республикасы үшiн жасалатын ғарыш техникасы өндiрiсiне арналған мемлекеттiк тапсырмалардың тiзбесiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Бюджет қаражатынан қаржыландырылатын ғарыш аппараттарын өндіруді өздерінің өндірістік мүмкіндіктері шегінде, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы мен құрастыру-сынау кешені жүзеге асырады.
23-бап. «Байқоңыр» ғарыш айлағы
1. Байқоңыр» ғарыш айлағы ғарыш инфрақұрылымының құрамдас бөлігі болып табылады және оған техникалық, ұшыру, қондыру кешендері, ғарыш объектілерін ұшыруды дайындауға және жүзеге асыруға арналған жер учаскелері кіреді.
2. «Байқоңыр» ғарыш айлағы стратегиялық объект болып табылады және жекешелендіруге жатпайтын мүлiктiк кешенді білдіреді.
24-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш объектілерін таңбалау
Ғарыш кеңістігіне ұшырылатын Қазақстан Республикасының ғарыш объектілерінде уәкілетті орган халықаралық стандарттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайтын таңбалар болуға тиіс.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 25-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
25-бап. Ғарыш объектілерін және техникалық құралдарды кәдеге жарату
Пайдаланудан шығарылған ғарыш объектілері және техникалық құралдар уәкілетті орган және халықаралық шарттар айқындайтын тәртіппен кәдеге жаратылуға жатады.
26-бап. Ғарыш саласы объектісін жалға беру
Ғарыш саласы объектісін ғарыш қызметінің халықаралық немесе шетелдік қатысушысына жалға беру тәртібі, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
5-тарау. ҒАРЫШ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ
27-бап. Ғарыш қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету
1. Ғарыш қызметі адамдар денсаулығының сақталуы мен қоршаған ортаның қорғалуы, жеке және заңды тұлғалар мүлкінің қорғалуы қамтамасыз етілген жағдайда жүзеге асырылады.
Ғарыш қызметінің қауіпсіздігін уәкілетті орган - белгіленген қауіпсіздік қағидаларына сәйкес, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде қамтамасыз етеді.
2. Ғарыш қызметін жүзеге асыру салдарынан туындаған жеке тұлғалардың денсаулығына келтірілген зиянды, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің мүлкіне келтірілген залалды өтеу ерікті түрде немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот шешімі бойынша жүргізіледі.
Зиян жәбірленушінің еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі, оның емделуіне және денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалатын шығындар, аурудың күтіміне байланысты шығындар ескеріле отырып, толық көлемде өтелуге жатады.
3. Ғарыш объектісін штаттық ұшыру жүргізілгенге дейін ғарыш қызметіне қатысушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға тасымалдағыш зымыраннан бөлінетін бөліктердің Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан құлау аудандарының координаттарын жолдайды.
4. Ғарыш объектісін ұшыруды жүргізу салдарынан адамдар немесе жануарлар өлімі болған, сондай-ақ азаматтарға және қоршаған ортаға залал келтірілген жағдайда, ғарыш қызметіне қатысушылар келтірілген залалды осы баптың 2-тармағына сәйкес өтеуге тиіс.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Шетелдік жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі ғарыш объектісі Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдармен алдын ала келісілген жағдайда оның ғарыш кеңістігіне шығарылуы немесе Жерге қайтып оралуы процесінде ол Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы қауіпсіз ұшып өтуін жүзеге асыра алады.
2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 28-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
28-бап. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезіндегі аварияларды тексеру
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан авариялар Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тексерілуге жатады.
29-бап. Ғарыш қызметінің әсеріне ұшыраған қоршаған ортаны және өңірлердегі халық денсаулығының жай-күйін экологиялық бақылау
1. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мемлекеттік мониторингін қоршаған ортаны қорғау, жер ресурстарын басқару саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде арнайы уәкілеттік берілген мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізеді.
2. Ғарыш қызметіне қатысушылар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген тәртіппен қоршаған ортаға өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
3. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаны қорғау және халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды қоршаған ортаны қорғау және денсаулық caқтау саласындағы уәкілетті органдар жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында ғарыш қызметін жүзеге асыруға байланысты қоршаған ортаны қорғау және төтенше жағдайлар саласындағы ақпарат ашық болып табылады, ол хабар тарату және байланыс жүйесін пайдалана отырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратуға жатады.
30-бап. Ғарыш қызметіндегі тыйым салулар мен шектеулер
1. Ғарыш қызметін жүзеге асыру кезінде:
1) адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндіруге;
2) жаппай қырып-жою қаруын орбитаға шығаруға, ғарыш кеңістігінде орналастыруға;
3) ғарыш техникасын және (немесе) аспан денелерін қоршаған ортаға теріс әсер ету үшін пайдалануға;
4) ғарыш кеңістігінің ластануы жөніндегі халықаралық нормалар мен стандарттарды бұзуға тыйым салынады.
2. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірілген, қоршаған ортаға материалдық нұқсандар немесе залал келтірілген кезде жекелеген жоба шеңберіндегі ғарыш қызметі Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес шектеледі немесе оған тыйым салынады.
6-тарау. ҒАРЫШКЕРЛІККЕ КАНДИДАТТЫҢ, ҒАРЫШКЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ
31-бап. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мәртебесі. Ғарышкерлікке кандидатты, ғарышкерді даярлау
1. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мәртебесін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі береді.
2. Ғарышкерлер Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағын қалыптастырады. Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы Қазақстан Республикасының ғарышкерлер жасағы туралы ереже негізінде әрекет етеді.
3. Мемлекет ғарышкерлікке кандидаттарды, ғарышкерлерді даярлауды, қайта даярлауды қамтамасыз етеді.
4. Ғарышкердің ғарышқа ұшуға даярлығы және оны орындауы ғарыш қызметіне тиісті қатысушымен (ғарышқа ұшу жүзеге асырылған жағдайда ұшу-ғарыштық сынауларды және (немесе) ғылыми зерттеулер мен эксперименттерді жүргізетін тапсырыс берушімен) жасалатын келісімшарт негізінде жүзеге асырылады, онда тараптардың міндеттемелері айқындалады.
5. Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің даярлықта, қайта даярлықта болған уақыты, сондай-ақ оның ғарыш қызметі саласындағы жұмыс уақыты ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жұмыс өтіліне кіреді.
32-бап. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер мертіккен, ауырған немесе қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайдағы кепілдіктер
1. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақатының, мертігуінің, ауруының салдарынан мүгедектік белгіленген кезде ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге бюджет қаражаты есебінен:
1) І топтағы мүгедекке - 3000 айлық есептік көрсеткіш;
2) ІІ топтағы мүгедекке - 2000 айлық есептік көрсеткіш;
3) ІІІ топтағы мүгедекке - 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
2. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оның мұрагерлеріне бюджет қаражаты есебінен 6000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
2016.08.04. № 490-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1 немесе 2-тармақтарында көзделген біржолғы өтемақыны төлеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Егер ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің қаза табуы (қайтыс болуы), мертігуі немесе ауруы қызметтік міндеттерін атқаруға байланысты емес мән-жайлармен байланысты болғандығы белгіленген тәртіппен дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.
5. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, мемлекет аталған адам қаза тапқан (қайтыс болған) күннен бастап алты ай өткен соң қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлерінің меншігіне мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір тұрғын үйді бөліп беруді немесе ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге бұрын берілген қызметтік тұрғын үйді қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлерінің меншігіне тегін беруді не егер ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге бұрын берілген қызметтік тұрғын үй басқа мемлекеттің аумағында болған жағдайда, қаза тапқан (қайтыс болған) адамның мұрагерлерінің қалауына қарай Қазақстан Республикасының елді мекеніндегі мемлекеттік тұрғын үй қорынан соған ұқсас тұрғын үй беруді қамтамасыз етеді.
6. Осы баптың 5-тармағының ережесі ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің және оның мұрагерлерінің меншігінде Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын жай болмаған жағдайда қолданылады.
33-бап. Жерлеуге жұмсалатын шығыстарды өтеу
Қаза тапқан (қайтыс болған) ғарышкерлікке кандидатты, ғарышкерді жерлеу тұрғылықты жері бойынша не оның туыстарының қалауы бойынша Қазақстан Республикасының басқа жерінде жүргізіледі. Мәйітті тасымалдауға дайындауға, мәйітті тасымалдауға, жерлеуге, құлпытас жасатуға және орнатуға байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебінен 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтеледі.
34-бап. Ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету
1. Ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен оның жыл сайынғы профилактикалық тексерілуі, медициналық және санаториялық-курорттық емделуі қамтамасыз етіледі.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелері ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің бірге тұратын отбасы мүшелеріне қолданылады.
3. Осы баптың 1-тармағының ережелері Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге қолданылмайды.
35-бап. «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» (Летчик-космонавт Казахстана) құрметті атағына ие болған ғарышкерлерді материалдық қамтамасыз ету
«Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» (Летчик-космонавт Казахстана) құрметті атағына ие болған ғарышкерлерге лауазымдық жалақысына 2,9 мөлшеріндегі арттыру коэффициенті белгіленеді.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
36-бап. Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
37-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы қаңтардың 6-ы.
№ 528-IV