7. Сот іске қатысушы адамдардың немесе олардың өкілдерінің өтініші бойынша сот отырысының төрағалық етушісі мен хатшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы хаттаманы ұсынуға міндетті.
8. Егер іске қатысатын адамдар ауызша түсініктерге, мәлімдемелерге, өтінішхаттарға, қорытындыларға олардың жазбаша мазмұнын қосып берсе, онда хаттамада азаматтық іс материалдарына жазбаша құжаттардың қоса берілгені туралы көрсетіледі, хаттамада олардың толық мазмұны жазылмайды.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен кодекс 257-1-баппен толықтырылды
257-1-бап. Сот отырысын аудио- немесе бейнежазу құралдарымен тіркеп жазу (аудио-, бейнехаттама)
1. Ашық сот отырысының барысын тіркеп жазу аудио- немесе бейнежазу құралдарының көмегімен жүзеге асырылады.
Сот отырысының барысында аудио- немесе бейнежазу құралдарын қолдану (аудио-, бейнехаттама) үздіксіз жүзеге асырылады.
2. Сот отырысын аудио- немесе бейнежазу құралдарымен тіркеп жазуды сот отырысының хатшысы жүзеге асырады. Іске қатысатын адамдардың барлығы сот отырысына келмеген жағдайда, процесті аудио- немесе бейнежазу құралдарының көмегімен тіркеп жазу (аудио-, бейнехаттама) жүзеге асырылмайды.
3. Істі талқылауды аудио- немесе бейнежазу құралдарын пайдалану арқылы тіркеп жазған жағдайда, сот отырысының хатшысы жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасайды.
Сот отырысының қысқаша хаттамасында:
1) сот отырысының жылы, айы, күні және орны;
2) сот отырысы басталған және аяқталған уақыт;
3) істі қарайтын соттың атауы, судьяның, сот отырысы хатшысының тегі мен инициалдары;
4) істің атауы;
5) соттың аудио-, бейнежазу құралдарын қолдануы туралы мәліметтер;
6) аудио- немесе бейнежазбаны қамтитын файлдың атауы;
7) іске қатысатын адамдардың, өкілдердің, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келгені туралы мәліметтер;
8) іске қатысатын адамдар дәлелдемелер ретінде ұсынған қосымша материалдардың іске қоса тіркелгені туралы мәліметтер;
9) түпкілікті нысандағы хаттаманың жасалған күні көрсетіледі.
Сот отырысының қысқаша хаттамасына төрағалық етуші және хатшы қол қояды.
Сот отырысының аудио- немесе бейнежазбасын қамтитын материалдық жеткізгіш пен қысқаша хаттамасы іс материалдарына қоса тіркеледі.
4. Сот іске қатысатын адамдардың немесе олардың өкілдерінің өтінішхаты бойынша оларға сот отырысының аудио-, бейнежазбасының көшірмесін ұсынуы мүмкін.
5. Сот отырысының барысын тіркеп жазуды қамтамасыз ететін аудио- немесе бейнежазу құралдарын техникалық қолдану тәртібін соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган айқындайды.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 258-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.15.07. № 337-ІV ҚР Заңымен 258-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
258-бап. Хаттамаға ескертпелер
Іске қатысушы адамдар немесе олардың өкілдері сот отырысының хаттамасы дайындалған және оған қол қойылған күннен бастап бес күн ішінде онымен танысуға, хаттамада жіберілген қателіктерді немесе жасалған іс-әрекеттердің және олардың нәтижелерін тіркеудің (көрсетудің) толық еместігін көрсете отырып, бес күн ішінде оған жазбаша түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертпелер беруге құқылы.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен кодекс 258-1-баппен толықтырылды
258-1-бап. Сот отырысының аудио- немесе бейнежазбасына және қысқаша хаттамасына ескертпелер
1. Іске қатысатын адамдардың сот отырысы аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сот отырысының аудио-, бейнежазбасымен (аудио-, бейнехаттамасымен) және қысқаша хаттамасымен танысуға және бес жұмыс күні ішінде сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында олардың жазбаларының толық еместігі мен дұрыс еместігіне қатысты ескертпелер беруге құқықтары бар.
2. Сот отырысының аудио-, бейнежазбасына (аудио-, бейнехаттамасына) және қысқаша хаттамасына ескертпелерді қарау осы Кодекстің 259-бабында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 259-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 257-бап өзгертілді
259-бап. Хаттамаға жасалған ескертпелерді қарау
1. Хаттамаға жасалған ескертпелерді оған қол қойған төрағалық етуші қарайды, ол ескертпелермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын куәландырады.
2. Төрағалық етуші берілген ескертпелермен келіспеген жағдайда олар істі қарауға қатысқан адамдарға хабарлана отырып, сот отырысында қаралады. Істі қарауға қатысқан адамдардың келмеуі хаттамаға ескертпелерді қарау үшін кедергі болып табылмайды. Ескертпелерді қарау нәтижесінде төрағалық етуші олардың дұрыстығын куәландыру туралы не олардың толық немесе ішінара қабылданбауы туралы ұйғарым шығарады. Соттың ұйғарымы шағымдануға және наразылық білдіруге жатпайды, бірақ ұйғарымға қарсылық аппеляциялық шағымға немесе наразылыққа енгізілуі мүмкін. Барлық ескертпелер іске тіркеледі.
3. Хаттамаға жасалған ескертпелер олардың берілген күнінен бастап бес күн ішінде қаралуға тиіс.
4. Іс бойынша төрағалық етуші әлдебір объективті себептермен хаттамаға жасалған ескертпелерді қарай алмаған жағдайда, олар іс материалдарына тіркеледі.
24-тарау. Сырттай іс жүргізу және сырттай шешім шығару
260-бап. Сырттай іс жүргізу негіздемелері
1. Отырыстың өткізілетін орны мен уақыты тиісті түрде хабарланған, келмей қалуының дәлелді себептерін хабарламаған және істі өзі жоқта қарауды сұрамаған жауапкер сот отырысына келмей қалған жағдайда, егер талап қоюшы бұған қарсы болмаса, іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
2. Іске бірнеше жауапкер қатысқан кезде сот отырысына барлық жауапкерлер келмей қалған жағдайда іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
3. Егер сот отырысына келген талап қоюшы жауапкер жоқта істі сырттай жүргізу тәртібімен қарауға келіспесе, сот істің қаралуын кейінге қалдырады және жауапкерге жаңа сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлама жібереді. Тиісті түрде хабарланған жауапкер тағы да келмей қалған жағдайда сот істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарайды.
4. Сот істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады.
5. Талап қоюшы істің нысанасын немесе талаптың негіздемесін өзгерткен жағдайда сот істі соттың сол отырысында сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға құқылы емес.
261-бап. Сырттай іс жүргізу тәртібі
Сот сырттай іс жүргізу тәртібімен істі қарау кезінде іске қатысушы адамдар берген дәлелдемелерді зерттейді, олардың дәлелдерін ескереді және сырттай шешім деп аталатын шешім шығарады.
262-бап. Сырттай шешімнің мазмұны
1. Сырттай шешімнің мазмұны осы Кодекстің 221-бабының ережелерінде белгіленеді.
2. Сырттай дәлелді шешім шығаруды кейінге қалдыруға жол берілмейді.
3. Сырттай шешімнің қарар бөлігінде жауапкердің бұл шешімнің күшін жою туралы өтініш беруінің мерзімі мен тәртібі көрсетілуге тиіс.
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 263-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
263-бап. Сырттай шешімнің көшірмесін салып жіберу
1. Сырттай шешім шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей оның көшірмесі табыс ету туралы хабарламамен бірге жауапкерге және талапкерге жіберіледі.
2. Жауапкердің өтінішхаты бойынша сырттай шешімнің көшірмесі электрондық құжат нысанында жіберіледі.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 264-бап өзгертілді
264-бап. Сырттай шешімге шағым жасау
1. Жауапкер сырттай шешім шығарған сотқа өзі шешімнің көшірмесін алған кезден бастап бес күн ішінде бұл шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы.
2. Сырттай шешімге тараптар бұл шешімнің күшін жою туралы арыз беру мерзімі өткен соң, ал арыз берілген жағдайда - бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған кезден бастап он бес күн ішінде апелляциялық тәртіппен шағым беруі немесе прокурор наразылық келтіруі мүмкін.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 265-бап өзгертілді
265-бап. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың мазмұны
1. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызда:
1) сырттай шешім шығарған соттың атауы;
2) арыз берген тараптың атауы;
3) жауапкердің сот отырысына дәлелді себептермен келмей қалуын куәландыратын мән-жайлар туралы мәліметтер және бұл мән-жайларды растайтын дәлелдемелер, сондай-ақ шешімнің мазмұнына әсер етуі мүмкін дәлелдемелер;
4) арыз беруші тараптың өтініші;
5) арызға қоса тіркелетін материалдардың тізбесі болуға тиіс.
2. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызға тарап немесе өкілеттігі болған жағдайда оның өкілі қол қойып, ол іске қатысушы адамдардың саны бойынша көшірмелермен бірге сотқа табыс етіледі.
3. алынып тасталды
266-бап. Соттың арыз қабылданғаннан кейінгі іс-әрекеттері
Сот іске қатысушы адамдарға сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың қаралатын уақыты мен орнын хабарлайды, оларға арыздың және оған қоса тіркелген материалдардың көшірмесін жібереді.
267-бап. Арызды қарау
Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды сот оның сотқа келіп түскен кезінен бастап он күн ішінде сот отырысында қарайды. Сот отырысы өткізілетін уақыт пен орын туралы хабарланған іске қатысушы адамдардың келмей қалуы арыздың қаралуына кедергі болмайды.
268-бап. Соттың өкілеттігі
Сот сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды қарап, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы немесе сырттай шығарылған шешімнің күшін жою және істі мәні бойынша соттың сол құрамында немесе өзге құрамында қайта қарау туралы ұйғарым шығарады.
269-бап. Сырттай шешімнің күшін жоюдың негіздемелері
Егер жауапкердің сот отырысына келмей қалуына дәлелді себептер болып, олар туралы сотқа мезгілінде хабарлауға оның мүмкіндігі болмағанын сот анықтаса және ол шешімнің мазмұнына ықпал етуі мүмкін дәлелдемелерді табыс етсе, сырттай шешімнің күші жойылуға тиіс.
270-бап. Істің қайта қаралуы
Сырттай шешімнің күші жойылған жағдайда сот істі мәні бойынша қайта қарайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған жауапкер келмей қалған жағдайда, істі жаңадан қараған кезде сот шығарған шешім сырттай шешім деп танылмайды. Жауапкердің бұл шешімді сырттай іс жүргізу тәртібімен қайта қарау туралы қайталап арыз беруге құқығы жоқ.
271-бап. Сырттай шешімнің заңды күші
Сырттай шешім осы Кодекстің 235-бабының ережелері бойынша күшіне енеді.
3-бөлімше. Ерекше талап қоюмен іс жүргізу
25-тарау. Сайлауға, референдумдарға қатысушы азаматтар мен
қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы арыздар бойынша іс жүргізу
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 272-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
272-бап. Арыз беру
Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, лауазымды адамдардың шешімімен, әрекетімен (немесе әрекетсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылды деп санайтын азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі осы Кодекстің 3-тарауы мен басқа да заңдарда белгіленген соттылық бойынша сотқа жазбаша нысандағы не электрондық құжат нысанындағы арызбен жүгінуге құқылы.
ҚР 09.07.04 ж. № 583-II (бұр.ред. қара); 2005.08.07 № 67-III (бұр.ред. қара) ҚР Заңдарымен 273-бап өзгертілді
273-бап. Арызды қарау
1. Сайлауға әзірлік және оны өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнiнен бастап бір ай iшiнде түскен арыз оның берілген күнінен бастап бес күн мерзімде, ал дауыс беру күнінен бес күн бұрын, дауыс беру күнi және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн түскен арыз дереу қаралуға тиіс.
Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмдеріндегі түзетулер қажеттiгi туралы сайлау комиссиясының шешiмiне шағым жасау туралы арыз келiп түскен күнi қаралуға тиiс.
2. Арызды сот арыз берушінің, тиісті сайлау комиссиясы немесе мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмеуі істің қаралуы мен шешілуіне кедергі болмайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II; 09.07.04 ж. № 583-II (бұр.ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) Заңдарымен 274-бап өзгертілді
274-бап. Соттың шешімі және оның орындалуы
1. Арыз негiздi деп танылған сот шешiмi бұзылған сайлау құқығын қалпына келтiру үшiн негiз болып табылады.
2. Сот шешімі дереу заңды күшіне енеді және ол апелляциялық, кассациялық шағымдануға жатпайды. Ол тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына немесе сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікте болады.
2006.16.01. № 122-III ҚР Заңымен 25-1-тараумен толықтырылды (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
25-1-тарау. Жергілікті атқарушы органдардың азаматтардың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқықтарын
бұзатын шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі арыздар бойынша іс жүргізу
2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен 274-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
274-1-бап. Арыз беру
1. Жергілікті атқарушы органның шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысуда азаматтың құқығы бұзылып отыр деп есептеген азамат осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық бойынша сотқа арыз беріп жүгінуге құқылы.
1-1. Арызға азаматтың алқабиге кандидаттардың тізіміне енгізілу және алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқығының бұзылуы туралы айғақтайтын дәлелдемелер қоса тіркелуге тиіс.
2. Арызды Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасына сәйкес, алқабиге кандидаттардың алдын ала тізімімен азаматтарды таныстыру мерзімі аяқталған кезден бастап жеті күн мерзім ішінде сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында беруге болады.
274-2-бап. Арызды қарау
1. Осы Кодекстің 274-1-бабында белгіленген мерзімдерде келіп түскен арыз - екі күн мерзімде, ал осы мерзім аяқталатын күні келіп түскен арыз дереу қаралуға тиіс.
2. Сот арыз иесінің, тиісті жергілікті атқарушы орган өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген, аталған адамдардың сотқа келмей қалуы істі қарау және шешу үшін кедергі болып табылмайды.
274-3-бап. Арыз бойынша сот шешімі және оның орындалуы
1. Қылмыстық сот ісін жүргізуге алқаби ретінде қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысуға азаматтың құқығы бұзылуын анықтаған сот шешімі алқабиге кандидаттардың алдын ала тізімдеріне түзетулер енгізу үшін негіз болып табылады.
2. Сот шешімі тиісті жергілікті атқарушы органға жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
26-тарау. 2014.05.07. № 236-V ҚР Заңымен алып тасталды (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 27-тараудың тақырыбы өзгертілді
27-тарау. Мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың,
лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері
мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) дау айту туралы іс бойынша іс жүргізу
27-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы ҚР Жоғарғы Сотының 2010.24.12. № 20 нормативтік қаулысын қараңыз
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2014.05.07. № 236-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 278-бап өзгертілді
278-бап. Арыз беру
1. Азамат және заңды тұлға мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің шешіміне, әрекетіне (немесе әрекетсіздігіне) тікелей сотта дау айтуға құқылы. Жоғары тұрған органдар мен ұйымдарға, лауазымды адамға алдын ала жүгіну сотқа арыз беруге және соттың оны мәні бойынша қарауға қабылдауына және шешуіне міндетті шарт болып табылмайды.
1-1. Осы тараудың қағидалары бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органның (лауазымды адамның) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы істер бойынша арыздар сотта қаралуға жатпайды.
2. Арыз сотқа осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық қағидалары бойынша беріледі. Қаралуы аудандық соттардың соттылығына жатқызылған арыздар азаматтың тұрғылықты жеріндегі сотқа не әрекеттеріне дау айтылып отырған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің тұрған жеріндегі сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін.
3. Арыз берушінің мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтер туралы хабардар болуының негізі бойынша Қазақстан Республикасынан шетелге кетуіне рұқсат беруден бас тартуға тиісті аудандық және кету туралы өтінішті қанағаттандырмау жөнінде шешім қабылданған жердегі соған теңестірілген сотта дау айтылады.
4. алынып тасталды
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 279-бап өзгертілді
279-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сот арқылы дау айтуға жататын шешімдері, әрекеті (немесе әрекетсіздігі)
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сотта дау айтылатын шешімдеріне, әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) нәтижесінде:
1) азаматтың және заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылған;
2) азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғаның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн жүзеге асыруына кедергі жасалған;
3) азаматқа немесе заңды тұлғаға әлдебір мiндет заңсыз жүктелген немесе олар заңсыз жауапқа тартылған алқалық және жеке-дара шешiмдер мен әрекеттер (әрекетсiздiк) жатады.
2. Осы тарауға сәйкес мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен лауазымды адамдардың мынадай шешімдері мен әрекеттеріне:
1) тексерілуі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің айрықша құзыретіне жатқызылған нормативтік құқықтық актілерге;
2) оларға қатысты заң сотқа шағымданудың өзгеше тәртібін көздейтiн жеке-дара және нормативтiк құқықтық актiлерге сотта дау айтуға болмайды;
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 280-бап өзгертілді
280-бап. Сотқа арыз беріп жүгінуге арналған мерзім
1. Азамат және заңды тұлға өз құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өздерiне мәлiм болған күннен бастап үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiнуге құқылы.
2. Арыз беріп жүгінуге арналған үш айлық мерзімді өткізіп алу соттың арызды қабылдаудан бас тартуына негіз болып табылмайды. Мерзімнің өткізіліп алу себептері сот отырысында арызды мәні бойынша қарау кезінде анықталады және арыздың қанағаттандырылуынан бас тарту негіздемелерінің бірі болуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2010.29.12. № 374-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.17.11. № 254-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 281-бап өзгертілді
281-бап. Арызды қарау
1. Арызды сот бір ай мерзiм iшiнде прокурордың, азаматтың, заңды тұлға өкiлiнiң шешімдері мен әрекеттеріне дау айтылып отырған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, қоғамдық бірлестік, ұйым басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қатысуымен қарайды.
2. Сот отырысының орны мен уақыты туралы тиісті түрде хабарланған, санамаланған адамдардың қайсыбірінің сот отырысына келмей қалуы істі мәні бойынша қарауға кедергі болмайды. Бұл жағдайда сот жекеше ұйғарым шығаруға құқылы, осы ұйғарым арқылы көрсетілген адамның сотты құрметтемеушілік фактісі туралы, ал арыз қанағаттандырылған кезде - осы адамның заң бұзушылықтарға жол бергені туралы жоғары тұрған органның немесе лауазымды адамның назарына жеткізеді.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 282-бап өзгертілді
282-бап. Соттың шешімі және оның орындалуы
1. Сот арызды орынды деп танып, тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің азаматтың және заңды тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын, және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзуға жол берілген бұрмалаушылықты толық көлемінде жоюға міндеттілігі туралы шешім шығарады.
2. Егер сот дау айтылған шешімдер мен әрекеттер заңдарға сәйкес, мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің өкілеттігі шегінде шығарылып жасалғанын және азаматтың және заңды тұлғаның құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылмағанын анықтаса, арызды қанағаттандырудан бас тартады.
3. Соттың шешімі жол берілген заң бұзушылықтарды жою үшін шешімдері мен әрекеттеріне дау айтылған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның басшысына, лауазымды адамға, мемлекеттік қызметшіге не бағыныштылығы бойынша жоғары тұрған органға, ұйымға немесе лауазымды адамға сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін үш күн ішінде жіберіледі.
4. Шешімнің орындалғаны туралы сотқа, азаматқа немесе заңды тұлғаға сот шешімі алынған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей хабарлануға тиіс. Сот шешімінің орындалмағаны үшін кінәлі лауазымды адамдар заңда көзделген жауаптылықта болады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 28-тараудың тақырыбы өзгертілді
28-тарау. Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына орай даулар туралы іс бойынша іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 283-бап өзгертілді
283-бап. Арыз беру
1. Өздерiне нормативтiк құқықтық актiнiң күшi қолданылатын, мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның заңда көзделген тәртiппен қабылданып, жарияланған нормативтiк құқықтық актiсiмен азаматтардың немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында кепiлдiк берiлген құқықтары және заңмен қорғалған мүдделерi бұзылып отыр деп санайтын азамат немесе заңды тұлға бұл актiнi заңға толық немесе жекелеген бөлiгiнде қайшы келедi деп тану туралы арызбен сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Тексерілуі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құзыретіне жатқызылған нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына дау айту туралы арыздар сотта қаралуға тиісті емес.
3. Арыз осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген сотта қаралуға жататын іс бойынша беріледі.
4. Азаматтың және заңды тұлғаның арызы осы кодекстің 150-бабында көзделген талаптарға сай келуге және онда нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның атауы немесе лауазымды адам, оның қабылданған күні туралы қосымша деректер болып, осы акт немесе оның жекелеген ережелері арқылы азаматтың және заңды тұлғаның нақты қандай құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылып отырғаны, дау туғызып отырған актінің Қазақстан Республикасы Конституциясының қандай баптарына, заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының қандай ережелеріне қайшы келетіндігі көрсетілуге тиіс.
5. Арызға дау айтылып отырған актінің немесе оның бір бөлігінің көшірмесі қоса тіркеліп, нормативтік құқықтық актіні қандай бұқаралық ақпарат органы және оны қашан жарияланғаны көрсетіледі.
6. Сотқа арыз беру нормативтік құқықтық актінің қолданылуын тоқтатпайды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 284-бап өзгертілді
284-бап. Арызды қарау
1. Сотқа арызбен жүгiнген азаматқа немесе заңды тұлғаға, сондай-ақ нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органға (лауазымды адамға) сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарланады.
2. Іс арыз берілген күннен бастап он күн мерзімде азаматтың немесе заңды тұлға өкiлiнiң, прокурордың, нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам өкілінің міндетті түрде қатысуымен қаралады. Алайда істің мән-жайларына байланысты сот істі сот отырысына келмеген кейбір мүдделі адамдар болмаған жағдайда да тыңдай алады.
3. Сот отырысында сот нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның құзыреттілігін, бүкіл нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына сәйкестігін тексереді.
4. Нормативтік құқықтық актіні заңға қайшы деп тану туралы арызды қараған кезде аталған актіні қабылдауға негіз болған мән-жайларды дәлелдеу міндетті актіні қабылдаған мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға жүктеледі.