Егер үкім мәтінінің көлемі үлкен болса, төрағалық етуші оны жария ету кезінде қысқаша үзілістер жасап, содан соң үкімнің толық мәтінін жария етуді жалғастыруға не үкімнің кіріспе және қарар бөліктерін ғана жария етуге құқылы.
2. Егер үкім сотталушы (ақталушы) бiлмейтiн тiлде жазылса, онда аудармашы үкімнің жария етілу барысында оны сотталушының ана тiлiне немесе ол бiлетiн басқа тiлге iлеспе түрде дауыстап аударуға тиiс.
3. Төрағалық етушi сотталған (ақталған) адамға, процестiң басқа қатысушыларына үкiмге шағым жасау тәртібі мен мерзімін, сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертулер жасау құқығын, сондай-ақ iстiң апелляциялық қаралуына қатысу туралы өтiнiшхат беру құқығын түсiндiредi. Ақталған адамға хабарлама табыс етілуге және оның заңсыз ұсталу, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталу, бұлтартпау шараларын қолдану, сотқа заңсыз тартылу арқылы келтiрiлген зиянды өтеткізу құқығы, сондай-ақ оны жүзеге асыру тәртiбi түсiндiрілуге тиiс.
4. Егер сотталушы айрықша жазалау шарасына - өлiм жазасына сотталған болса, төрағалық етушi оған кешiрiм жасау туралы өтiнiшхат беру құқығын түсiндiредi.
5. Егер сотталушыға пробациялық бақылау тағайындалып, оған үкім заңды күшіне енгеннен кейін он тәулік ішінде пробация қызметіне келу міндеті жүктелсе, сот оған осы міндетті орындамау салдарын түсіндіреді.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды
6. Егер сотталушы кепілгерлік белгіленуге байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, сот сотталушыға, сондай-ақ кепілгер болған адамға сотталушының кепілгерлік кезеңінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасауының салдарларын түсіндіреді.
403-бап. Сотталушыны күзетілуден босату
Сотталушы ақталған кезде не жаза тағайындамай немесе жазаны өтеуден босата отырып, сондай-ақ бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға бас бостандығынан шартты түрде айыруға соттай отырып, айыптау үкiмi шығарылған кезде күзетілудегі сотталушы сот отырысы залында күзетілуден дереу босатылуға жатады.
404-бап. Үкiмнің көшiрмесiн табыс ету
Үкiм жарияланғаннан кейiн - бес тәулiктен кешiктiрмей, ал көлемі үлкен болған кезде он бес тәуліктен кешіктірмей оның көшiрмесi сотталған адамға немесе ақталған адамға, қорғаушы мен айыптаушыға табыс етілуге тиiс. Үкiмнiң көшiрмесi процестің басқа қатысушыларына өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде табыс етiледi.
405-бап. Жекеше қаулы
1. Сот жекеше қаулы шығаруға негiз болған кезде кеңесу бөлмесiнде жекеше қаулы шығарады, онда мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың, ұйымдардың немесе олардың басшыларының назарын iс бойынша анықталған заң бұзушылық фактiлерiне, қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға ықпал еткен және тиiстi шаралар қабылдауды талап ететiн себептер мен жағдайларға аударады. Адамның әрекеттерiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен әкiмшiлiк терiс қылық анықталған жағдайда, сот оған заңда көзделген жаза қолдануға құқылы.
2. Жекеше қаулы сот анықтау, алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде жол берiлген, азаматтардың құқықтарын бұзушылықтарды және басқа да заң бұзушылықтарды тапқан кезде де шығарылуы мүмкiн.
3. Сот жекеше қаулы арқылы ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарын жекелеген азаматтардың өндiрiстегi немесе тұрмыстағы терiс мiнез-құлқына немесе олардың қызметтiк немесе азаматтық борышын бұзғанына аударуға құқылы.
4. Сот, егер мұны қажет деп таныса, басқа жағдайларда да сот талқылауының материалдары бойынша жекеше қаулы шығаруға құқылы.
5. Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың жолын кесуге немесе оны ашуға жәрдемдескен азаматтың азаматтық немесе қызметтiк борышын өтеу кезiнде көрсеткен жоғары саналылығын, ерлiгiн жекеше қаулысы арқылы ұйымдар мен еңбек ұжымдарының назарына жеткiзе алады.
6. Жекеше қаулы бойынша бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей қажеттi шаралар қолданылып, оның нәтижелерi жекеше қаулы шығарған сотқа хабарлануға тиiс, ол туралы сот жекеше қаулының қарар бөлігінде көрсетеді.
406-бап. Сот үкiм шығарумен бiр мезгiлде шешетiн мәселелер
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамның кәмелетке толмаған балалары, қарт ата-анасы, асырауында қараусыз қалатын басқа да адамдар бар болған жағдайда, сот айыптау үкiмiн шығарумен бiр мезгiлде көрсетілген адамдарды туысқандарының не басқа адамдардың немесе мекемелердiң қамқоршылығына немесе қорғаншылығына беру туралы, ал сотталған адамның қараусыз қалатын мүлкi немесе тұрғынжайы бар болған жағдайда оларды қорғау жөнiнде шаралар қолдану туралы қаулы шығарады. Қажет болған кезде, сот қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан жәбiрленушiнiң ауыр мертігуіне немесе қайтыс болуына байланысты оның қараусыз қалған кәмелетке толмаған балаларын, еңбекке жарамсыз ата-аналарын, асырауындағы басқа да адамдарды орналастыру туралы, сондай-ақ жәбiрленушiнiң мүлкi мен тұрғынжайын қорғау туралы қаулы шығарады.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін органның тағайындауы бойынша іске жәбірленушінің қорғаушысы не өкілі қатысқан жағдайда, сот үкім шығарумен бір мезгілде сотталушыға немесе жәбірленушіге көрсетілген заң көмегіне ақы төлеу туралы, қорғауға және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу туралы қаулы шығарады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған процестік шешімдер үкiм жария етiлгеннен кейiн де мүдделi адамдардың арыздары бойынша қабылдануы мүмкiн.
4. Үкім шығарған сот процеске қатысушылардың немесе үкімді орындайтын органның өтінішхаты бойынша үкімді орындауға байланысты күмәндар мен түсініксіз тұстарды оның мәнін өзгертпей түсіндіру туралы қаулы шығаруға құқылы.
47-тарау. ЖЕКЕШЕ АЙЫПТАУ ІСТЕРІ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
407-бап. Жекеше айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу тәртiбi
Осы Кодекстiң 32-бабының екінші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстерге жататын жекеше айыптау iстерi бойынша iс жүргiзу, осы тарауда белгiленген алып қоюларды қоспағанда, осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен айқындалады.
408-бап. Жекеше айыптауды қозғау
1. Жекеше айыптауды тұлға (бiрнеше тұлға) сотқа, соттылық туралы қағидаларды сақтай отырып, адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағым беру арқылы қозғайды. Шағым анықтау органына, тергеушiге немесе прокурорға берілген кезде ол сотқа жiберiлуге жатады.
2. Шағымда ол берiлген соттың атауы, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы, дәлелдемелерi көрсетiле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, сотқа iстi iс жүргiзуге қабылдау туралы өтiну, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәлiметтер; сотқа шақырылуы қажеттi куәлардың тiзiмi қамтылуға тиіс. Шағымға оны берген адам қол қояды. Анонимді шағымдар iс жүргiзуге қабылданбайды.
3. Егер шағымға талап арыз және талап қоюдың талаптарын растайтын қажетті материалдар қоса берілсе, шағымда азаматтық талап қоюды қарау туралы өтiну де қамтылуы мүмкiн.
4. Шағым сотқа істің аумақтық тұрғыдағы соттылығына сәйкес, өздеріне қатысты жекеше айыптау iсi қозғалатын адамдардың санына қарай көшiрмелерiмен бірге берiледi.
5. Егер жекеше айыптауды бiрнеше тұлға нақ бір адамға қатысты қозғаса, олар бір шағымды бірлесіп немесе әрқайсысы бiр-бiрiнен тәуелсiз жеке түрде бередi.
6. Сот шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаған кезден бастап оны берген тұлға жекеше айыптаушы және жәбірленуші болып табылады және оған осы Кодекстiң 72-бабында және 410-бабының үшінші және төртiншi бөлiктерiнде көзделген құқықтар түсiндiрiлуге тиiс, бұл туралы судья және шағым берген тұлға қолдарын қойған хаттама жасалады.
7. Егер нақ бір қылмыстық жазаланатын іс-әрекетке қатысты жекеше айыптауды қозғауға бiрнеше тұлға құқықты болса және ол олардың бiреуiнiң арызы бойынша қозғалған болса, қалған тұлғалар басталып кеткен iс жүргiзуге қатысуға құқылы. Бұл жағдайда көрсетілген тұлғалардың әрқайсысының арызы бойынша өз алдына iс қозғау талап етiлмейдi.
8. Егер бұл iс жүргізу қозғалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттiң нысанасына байланысты болса, айыпталушы айыптаушыға қарсы айыптау бiлдiруге құқылы. Айыптау және қарсы айыптау бiр мезгiлде шешiлуге тиiс. Айыптауды кері қайтарып алу қарсы айыптау бойынша iс жүргiзуге әсер етпейдi.
9. Егер жекеше айыптау бұрын кері қайтарып алынған болса, ол қайтадан қозғалмайды.
409-бап. Судьяның жекеше айыптау iсi бойынша сот талқылауы басталғанға дейiнгi әрекеттерi
1. Егер берiлген шағым осы Кодекстiң 408-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарға сәйкес келмесе, судья өзінің қаулысымен оны берген тұлғаға шағымды осы талаптарға сәйкес келтiрудi ұсынады және бұл үшiн мерзiм белгiлейдi. Нұсқау орындалмаған жағдайда судья өзiнiң қаулысымен шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартады және оны берген тұлғаны бұл туралы хабардар етедi. Көрсетілген мән-жай бойынша шағымды қабылдаудан бас тарту қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімі шегінде сотқа осындай шағымды қайтадан беруге кедергі келтірмейді.
2. Судья жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарап, үш тәулiк iшiнде:
1) шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдау туралы;
2) шағымды оның тергеулігi немесе соттылығы бойынша беру туралы;
3) шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Егер шағым осы Кодекстің 408-бабының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келсе және осы соттың соттылығына жататын болса, сот оны өз іс жүргізуіне қабылдайды.
Егер шағым осы соттың соттылығына жатпаса немесе онда адамды осы Кодекстің 32-бабының екінші бөлігінде көрсетілмеген өзге іс-әрекеттерді жасады деп айыптау туралы өтіну болса, судья өз қаулысымен шағымды тиісінше - соттылығы бойынша сотқа немесе тергеулігі бойынша қылмыстық қудалау органына жібереді.
Егер шағымның авторы осы Кодекстің 409-бабы бірінші бөлігінің талаптарын орындамаса не осы Кодекстің 35-бабында көзделген, қылмыстық қудалаудың басталуы мүмкін бомайтын мән-жайлардың бар екені анықталса, судья өз қаулысымен шағымды қабылдаудан бас тартады.
3. Шағым бойынша қабылданған шешiм туралы қаулының көшiрмесi - арыз иесiне, ал осы баптың екiншi бөлiгiнiң 1) тармағында көзделген жағдайда айыпталушыға да жiберiледi.
4. Сот отырысын тағайындау үшiн негiздер болған ретте судья шағым сотқа келiп түскен күннен бастап жетi тәулiкке дейiнгі мерзiмде өзіне қатысты шағым берiлген тұлғаны шақыруға, оны iс материалдарымен таныстыруға, берiлген шағымның көшiрмесiн табыс етуге, сотталушының сот отырысындағы осы Кодекстiң 65-бабында көзделген құқықтарын түсiндiруге міндетті, бұл туралы одан қолхат алынады. Судья жекеше айыптаушыдан және сотталушыдан олар сотқа шақыратын куәлардың тізімін беруін талап етеді. Өзіне қатысты шағым берiлген адам сотқа келмеген жағдайда, шағымның көшiрмесi сотталушының құқықтары, сондай-ақ қорғау куәларының тізімін сотқа ұсыну қажеттігі түсiндiрiліп, поштамен не басқа байланыс құралдары пайдаланыла отырып жiберiледi.
5. Судья кәмелетке толмағандар мен олардың өкілдеріне олардың істі соттылығы бойынша аудандық және оған теңестірілген сотқа беру туралы өтінішхатпен жүгіну құқығын түсіндіруге міндетті.
6. Судья тараптарға татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу мүмкiндiгiн түсiндiруге мiндеттi. Олардан татуласу туралы арыз немесе медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім түскен жағдайда, iс бойынша iс жүргiзу осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 5) тармағы негiзiнде судьяның қаулысымен тоқтатылады.
7. Егер тараптардың арасында татуласуға қол жеткiзiлмесе, судья осы баптың төртiншi және алтыншы бөлiктерiнің талаптары орындалғаннан кейiн осы Кодекстiң 322-бабының қағидалары бойынша iстi сот отырысында қарауды тағайындайды.
410-бап. Тараптардың бастамасы бойынша дәлелдемелердi ұсыну және жинау
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалғаны туралы шағым берген жәбiрленушi, өзге де тұлға онда көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайлары және айыпталушының кiнәлiлiгi сотта қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкiн екендiгiн көрсетуге тиіс.
2. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер iс қаралғанға дейiн судьяға өз мүдделерінің қорғалуы үшiн маңызы бар мән-жайларды қандай адамдардың (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi) куәлiк айғақтарымен, құжаттармен, өзге де дәлелдемелермен анықтауға болатынын өзi немесе өкiлi арқылы хабарлайды.
3. Жекеше айыптаушы, оның өкілі, сотталушы, оның қорғаушысы және өкiлдерi сотқа істі қарау басталғанға дейін және оны қарау барысында іс үшін маңызы бар нәрселерді, құжаттарды ұсынуға, өздерінен сот отырысында жауап алу туралы өтінішхат беруге құқылы.
4. Судья тараптарға олардың өтiнiшхаты бойынша дәлелдемелердi жинауға және олар көрсеткен куәларды шақыруға жәрдем көрсетуге тиiс.
411-бап. Жекеше айыптау iсiн сот отырысында қарау
1. Жекеше айыптау iсiн сот отырысында қарау, осы бапта белгiленген алып қоюларды қоспағанда, сот талқылауының жалпы қағидалары бойынша жүргiзiледi.
2. Сот талқылауы шағымның сотқа келіп түскен кезінен бастап он бес тәулiктен кешiктiрiлмей басталуға, бірақ сотталушы өзінің құқықтары түсiндiрiлген шағымның көшiрмесiн алған кезден бастап үш тәулiктен ерте басталмауға тиiс.
3. Жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарау қарсы шағымды қараумен қоса бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiлуi мүмкiн. Бiрiктiруге сот тергеуi басталғанға дейiн судьяның қаулысы бойынша жол берiледi. Шағымдарды бiр iс жүргiзуге бiрiктiрген кезде оларды берген тұлғалар процеске бiр мезгiлде жекеше айыптаушы және сотталушы ретiнде қатысады. Қарсы шағымның түсуiне және iс жүргiзулердi бiрiктiруге байланысты қорғауға дайындалу үшiн үстiнен қарсы шағым берiлген тұлғаның өтiнiшхаты бойынша iс үш тәулiктен аспайтын мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн. Өздерiнiң шағымдарында жазған мән-жайлар туралы бұл тұлғалардан жауап алу - жәбiрленушiден жауап алу қағидалары бойынша, ал қарсы шағымдарда жазылған мән-жайлар туралы жауап алу сотталушыдан жауап алу қағидалары бойынша жүргiзiледi.
Сот талқылауына жекеше айыптаушы мен сотталушы жеке өзі қатысуға немесе онда өз өкiлдерiнiң өкiлдiк етуiне құқылы.
4. Сот тергеуi басталардан бұрын төрағалық етушi тараптарға өзара татуласудың мүмкіндігі туралы және татуласудың тәртібі мен салдарын түсіндіруге міндетті. Татуласуға қандай да бір шартсыз немесе тараптардың міндеттеме алуынсыз келуге болады. Татуласу туралы өтінішхат сот кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн мәлімделуі мүмкін.
5. Сот тергеуi жекеше айыптаушының немесе оның өкiлiнiң шағымды баяндауынан басталады. Жекеше айыптау iсi бойынша қарсы шағымды бiр мезгiлде қарау кезiнде, оның дәлелдерi негiзгi шағымның дәлелдерi баяндалғаннан кейiн, дәл сол ретпен баяндалады. Айыптаушы дәлелдемелерiн ұсынады, ол оларды зерттеуге қатысуға, сотқа айыптаудың мәнi бойынша, сотталушыға қылмыстық заңды қолдану және оған жаза тағайындау туралы, сондай-ақ сот талқылауы кезiнде туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн айтуға құқылы. Айыптаушы сот отырысында, егер бұл сотталушының жағдайын нашарлатпайтын және оның қорғалуға деген құқығын бұзбайтын болса, айыптауды өзгерте алады, сондай-ақ айыптаудан бас тартуға құқылы.
6. Егер айыптаушының өзі істі қарауға қатыспаған болса, жекеше айыптаушының немесе оның өкiлiнiң осы Кодекстiң 157-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген дәлелді себептерсіз сот отырысына келмей қалуы iстiң тоқтатылуына әкеп соғады, алайда, іс сотталушының өтiнiшхаты бойынша олардың қатысуынсыз мәні бойынша қаралуы мүмкiн.
412-бап. Жекеше айыптау iсi бойынша соттың шешiмi
1. Жекеше айыптау жөнiндегi iстi қарап, судья осы Кодекстiң қағидаларын басшылыққа ала отырып, мына шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
1) айыптау немесе ақтау үкiмiн шығарады;
2) iстi тоқтатады;
3) жариялы немесе жекеше-жариялы тәртіппен қудаланатын қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу туралы мәселенi шешу үшiн тиісті прокурорға жiбередi.
2. Соттың жекеше айыптау iсi бойынша шешiмiне тараптар осы Кодексте көзделген тәртiп пен мерзiмде жалпы негiздерде шағым жасай алады.
413-бап. Жекеше айыптау ісі бойынша iстi тоқтату
1. Жекеше айыптау iсін жүргізу осы Кодекстiң 35-бабында көзделген мән-жайлар бар болған кезде, сондай-ақ жәбiрлеушiнiң не айыпталушының жақын туыстары iстi қарауды талап еткеннен басқа жағдайларда, жекеше айыптаушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылуға жатады.
2. Жекеше айыптау бойынша iс жүргiзудi тоқтату тәртiбi, осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен айқындалады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 8-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
8-бөлім. Соттың үкімдері мен қаулыларын апелляциялық тәртіппен қайта қарау
48-тарау. СОТТЫҢ ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНБЕГЕН ШЕШІМДЕРІНЕ АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ ЖАСАУ, НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРУ
414-бап. Үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау, наразылық білдіру құқығы
1. Үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау құқығы сотталған адамға, ақталған адамға, олардың қорғаушыларына, оның ішінде үкім жария етілгеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушыларға, олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне, жәбірленушіге (жекеше айыптаушыға), олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне тиесілі. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері және заңды өкілдері үкімге азаматтық талап қоюға қатысты бөлігінде шағым жасауға құқылы.
2. Істі қарауға мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан прокурор сот актісін апелляциялық тәртіппен қайта қарау туралы наразылық келтіре алады. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқан-қатыспағанына қарамастан, өз құзыреті шегінде үкімді қайта қарау туралы наразылық енгізе алады.
3. Егер соттың қаулысы осы істің тараптары болып табылмайтын тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты болса, олар да қаулыға шағым жасауға құқылы.
415-бап. Апелляциялық тәртіппен қаралуға жататын сот актілері
1. Аудандық және оған теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, гарнизондардың әскери соттарының заңды күшіне енбеген үкімдері апелляциялық тәртіппен қаралуға жатады.
2. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілгендерді қоспағанда, бірінші сатыдағы соттардың заңды күшіне енбеген қаулыларына осы тарауда көзделген тәртіппен жекеше шағым, наразылық келтірілуі мүмкін.
3. Бұлтартпау шарасы, ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулылардан басқа, сот талқылауы барысында осы Кодекстің 10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша шығарылған қаулылар, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысы залында тәртіп сақтауға қатысты қаулылар осы тараудың қағидалары бойынша қайта қаралуға жатпайды. Жоғарыда көрсетілген қаулыларға қарсылықтар үкімге келтірілген апелляциялық шағымдарда, наразылықтарда баяндалуы мүмкін.
416-бап. Заңды күшіне енбеген үкімдерге, қаулыларға берілген апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды қарайтын соттар
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысы қарайды.
2. Гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, наразылықтарды Әскери сот қарайды.
3. Егер іс бойынша үкім және қаулы шығарылса, онда үкімге апелляциялық шағымдар, наразылықтар және қаулыға жекеше шағымдар, наразылықтар облыстық немесе оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысының бір отырысында қаралады.
4. Басты сот талқылауы барысында шығарылатын бұлтартпау шарасы және ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулыға жекеше шағымдар, наразылықтар іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін апелляциялық сатыда қаралады. Көрсетілген шағымдарды, наразылықтарды апелляциялық сатыда қарау қылмыстық істі бірінші сатыдағы сотта одан әрі қарауды үзбейді.
417-бап. Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар келтіру тәртібі
1. Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы шығарған сот арқылы келтірiледi. Апелляциялық сатыға тiкелей келiп түскен апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар осы Кодекстiң 420-бабының және 421-бабы екiншi бөлiгiнiң талаптарын орындау үшiн үкім, қаулы шығарған сотқа жiберілуге жатады.
2. Істі қайтадан қарау кезінде шығарылған үкімге, қаулыға осындай тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
418-бап. Үкімдерге, қаулыларға апелляциялық шағым жасау, наразылық бiлдiру мерзiмдерi
1. Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы жария етілген күннен бастап он бес тәулiк iшiнде берiлуi мүмкiн, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам оларды өзіне үкімнің, қаулының көшiрмесi табыс етiлген күннен бастап дәл сондай мерзiмде бере алады.
2. Сот актісіне шағым жасау үшiн белгiленген мерзiм iшiнде iсті бірінші сатыдағы соттан талап етiп алдыруға болмайды.
3. Мерзiмдi өткізіп алып берiлген апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық үкімді, қаулыны шығарған соттың қаулысымен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаған ретте осы негіздер көрсетіле отырып, авторға қайтарылады. Егер шағымдарды, наразылықтарды бірінші сатыдағы сот қабылдаған соң оларды беру мерзімінің өткізіп алынғаны апелляциялық сатыда анықталса, апелляциялық саты судьясы өз қаулысымен оларды қараусыз қалдырады.
419-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық беру мерзiмін қалпына келтiру тәртiбi
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық беру мерзімі өткізіп алынған жағдайда шағым, наразылық беруге құқығы бар тұлғалар үкімді, қаулыны шығарған сот алдында өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат бере алады. Апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхатты сот отырысында - басты сот талқылауы кезінде төрағалық еткен судья, ал ол ұзақ уақыт (кемінде бес тәулік) болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол өтінішхат қозғаған тұлғаны түсініктеме беру үшін шақыртуға құқылы.
2. Судьяның өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы қаулысына тиісті облыстық немесе оған теңестірілген сотқа шағым жасауға, наразылық білдіруге болады, ол өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруге және осы Кодекстің 420-бабында және 421-бабының екінші бөлігінде жазылған талаптарды сақтай отырып, шағым, наразылық бойынша істі қарауға құқылы. Соттың апелляциялық шағым, наразылық берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы қаулысымен келіспейтін процеске қатысушылар апелляциялық сатының отырысы басталғанға дейін немесе онда өз дәлелдерін беріп, осы қаулының күшін жою туралы өтінішхат беруге құқылы. Осындай өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, апелляциялық саты өзінің қаулысымен апелляциялық шағымды, наразылықты қараусыз қалдырады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген сот процеске қатысушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі мүмкіндігін шектейтін заң бұзушылық кезінде (сот отырысының хаттамасын уақтылы дайындамау, іске қатысатын, сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамға сот актісінің көшірмесін аудармасыз табыс ету, сот актісінің қарар бөлігінде шағым жасау мерзімін көрсетудегі ағаттықтар), сондай-ақ оның шағымды уақтылы беруіне немесе наразылық келтіруіне объективті түрде кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болған кезде апелляциялық (жекеше) шағым берудің, наразылық келтірудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіруге міндетті.