381-бап. Сот тергеуiнiң аяқталуы
1. Төрағалық етушi дәлелдемелердi зерттеу аяқталғаннан кейiн:
1) тараптарға - олардың сот жарыссөзiнде, ал соттың - үкiм шығару кезiнде тек сот тергеуiнде қаралған дәлелдемелерге ғана сiлтеме жасауға құқылы екендiгiн түсiндiредi;
2) тараптардан олар сот тергеуiн толықтыруды қалайтынын-қаламайтынын және немен толықтырғысы келетiнiн сұрайды.
2. Сот тергеуiн толықтыру туралы өтiнiшхаттар мәлiмделген жағдайда, сот бұл өтiнiшхаттарды талқылайды және оларды шешедi.
3. Өтiнiшхаттарды шешкеннен және қажеттi сот әрекеттерiн орындағаннан кейін, сондай-ақ сот тергеуiн толықтыру туралы өтiнiшхат қозғалмаған немесе сот оларды уәждi түрде қабылдамаған жағдайларда, төрағалық етушi сот тергеуiн аяқталды деп жариялайды.
382-бап. Iстiң қысқартылған тәртiппен сотта талқылануы
1. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ ауыр қылмыстар туралы істер бойынша сот талқылауы, мынадай шарттар болған кезде:
1) сотталушы өзiнiң кiнәсiн толық көлемде, оның iшiнде қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянның мөлшерін және өзiне қойылған талап қою талаптарын мойындаса;
2) сотқа дейiнгi іс жүргiзу барысында процеске қатысушылардың осы Кодексте белгiленген құқықтарын бұзуға немесе құқықтарына қысым көрсетуге жол берiлмесе;
3) процеске қатысушылар iс бойынша жиналған дәлелдемелердiң қатыстылығы мен жол берілетіндігіне дауласпаса және оларды сот отырысында зерттеудi талап етпесе;
4) іс бойынша сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу кезінде;
5) процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған кезде қысқартылған тәртiппен жүргiзiледі.
2. Iстi сотта талқылаудың қысқартылған тәртiбi сотталушыдан, жәбірленушіден жауап алудан, процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу мән-жайлары, азаматтық талап қою және процестік шығындар бойынша төлемдердің мерзімі мен тәртібі туралы мәселелерді анықтаудан ғана тұрады. Қысқартылған сот талқылауы он тәулікке дейінгі мерзімде аяқталуға тиіс, айрықша жағдайларда бұл мерзім судьяның уәжді қаулысымен жиырма тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін.
3. Сот, егер сот отырысы барысында қысқартылған тәртіппен сот талқылауына кедергі келтіретін мән-жайлар анықталса, сот тергеуiн толық көлемде жүргiзу туралы қаулы етеді.
45-тарау. СОТ ЖАРЫССӨЗІ ЖӘНЕ СОТТАЛУШЫНЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
383-бап. Сот жарыссөзiнiң мазмұны мен тәртiбi
1. Сот тергеуi аяқталған соң төрағалық етушi соттың сот жарыссөзiне көшетiнiн хабарлайды және сот жарыссөзiне қатысушыларға олардың өз сөздерiнде сот отырысында зерттелмеген материалдарға сiлтеме жасауға құқылы еместігін түсіндіреді. Сотқа жаңа дәлелдемелер ұсыну қажет болған ретте, олар сот тергеуiн қайта бастау туралы өтiнiшхат бере алады.
2. Сот жарыссөзiне қатысушының өтінішхаты бойынша оған сот жарыссөзiне дайындалу үшiн уақыт берiледi, бұл үшiн төрағалық етушi ұзақтығын көрсете отырып, сот отырысына үзiлiс жариялайды.
3. Сот жарыссөзi айыптаушының, жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң, сотталушының және қорғаушының сөздерiнен тұрады. Процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған істер бойынша қысқартылған сот тергеуі кезінде сот жарыссөзі жүргізілмейді. Процеске қатысушылардың сөз сөйлеу ретiн олардың ұсыныстары бойынша сот белгiлейдi, бiрақ барлық жағдайда да бiрiншi болып айыптаушы сөз сөйлейді.
4. Егер мемлекеттiк айыптауды бiрнеше мемлекеттiк айыптаушы қолдаса, iске бiрнеше жәбiрленушi, қорғаушы, азаматтық жауапкер мен олардың өкiлдерi, азаматтық талапкерлер мен олардың өкiлдерi, сотталушылар қатысса, төрағалық етушi сөз сөйлеу кезектiлiгiн өзара келiсуi үшiн оларға уақыт бередi. Қажет болғанда бұл үшiн сот отырысына үзiлiс жариялануы мүмкiн. Егер көрсетілген адамдар жарыссөздегi өз сөздерiнiң кезектiлiгi туралы келiсiмге келе алмаса, сот олардың пiкiрлерiн тыңдап болып, сөз сөйлеу кезегi туралы қаулы қабылдайды.
5. Сот жарыссөзiнiң ұзақтығын сот белгiлi бiр уақытпен шектей алмайды, алайда, төрағалық етушi, егер жарыссөзге қатысатын тұлғалардың сөзi қаралатын iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты болса не сот отырысында зерттелмеген дәлелдемелерге негiзделген болса, оларды тоқтатуға құқылы.
6. Сот жарыссөзіне қатысатындардың барлығы сөз сөйлеп болған соң, олардың әрқайсысы тараптар өкiлдерiнiң сөзiнде айтылған себептер бойынша тағы бiр реттен қысқаша қарсылықтарын немесе ескертулерiн (репликаларын) бiлдiріп сөйлеуге құқылы. Соңғы ескертуді айту құқығы барлық жағдайда да сотталушы мен оның қорғаушысына тиесiлi.
7. Сот жарыссөзiне әрбір қатысушы сотқа осы Кодекстiң 390-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1) - 6) тармақтарында көрсетілген мәселелер бойынша шешiмнiң өзi ұсынатын тұжырымдалуын жазбаша түрде ұсына алады. Ұсынылатын тұжырымдаудың сот үшiн мiндеттi күшi болмайды.
384-бап. Сотталушының соңғы сөзi
1. Сот жарыссөзi аяқталған соң, төрағалық етушi сотталушыға соңғы сөз бередi. Сотталушыға оның соңғы сөзi кезiнде ешқандай сұрақ қоюға жол берiлмейдi.
Сот сотталушының соңғы сөзiнiң ұзақтығын белгiлеуге құқылы емес. Төрағалық етушi, егер сотталушының сөзi қаралған iске қатысы жоқ мән-жайларға қатысты болса, оны тоқтатуға құқылы.
2. Процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған істер бойынша қысқартылған сот тергеуі кезінде сотталушының соңғы сөзі айтылмайды.
385-бап. Сот тергеуiн қайта бастау
Егер сот жарыссөзiнде сөз сөйлеушi немесе сотталушы соңғы сөзiнде iс үшiн маңызы бар жаңа мән-жайлар туралы хабарласа, сот тараптардың өтiнiшхаты немесе өз бастамасы бойынша сот тергеуiн қайта бастайды. Сот қайта басталған сот тергеуi аяқталған соң сот жарыссөзiн жаңадан бастайды және сотталушыға соңғы сөз бередi.
386-бап. Соттың кеңесу бөлмесiне кетуi
1. Сотталушының соңғы сөзiн тыңдап болған соң сот үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кетедi, төрағалық етушi ол туралы сот отырысы залындағы қатысушыларға хабарлайды.
2. Үкiмнiң жарияланатын уақыты процеске қатысушыларға судьялар кеңесу бөлмесiне кетер алдында хабарлануы мүмкiн.
46-тарау. ҮКІМ ШЫҒАРУ
387-бап. Қазақстан Республикасының атынан үкiм шығару Қазақстан Республикасындағы соттар Қазақстан Республикасының атынан үкiм шығарады.
388-бап. Үкiмнiң заңдылығы мен негiздiлiгi
1. Сот үкiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
2. Егер үкiм заңның барлық талаптары сақтала отырып және заң негiзiнде шығарылса, ол заңды болып танылады.
3. Егер үкiм сот отырысында сотқа ұсынылған дәлелдемелердi жан-жақты және объективтi зерттеу негiзiнде шығарылса, ол негiздi деп танылады.
389-бап. Үкім шығару құпиясы
1. Істі қараған судья үкімді өзіне қандай да болсын ықпал ету мүмкіндігін болғызбайтын жағдайларда шығарады. Үкім шығару кезінде өзге адамдардың, оның ішінде запастағы судьяның болуына жол берілмейді.
2. Жұмыс уақыты аяқталған соң, сондай-ақ жұмыс күні ішінде судья кеңесу бөлмесінен шығып демалу үшін үзіліс жасауға құқылы.
3. Үкім жарияланғанға дейін судья іс бойынша шешімді айқындайтын өз пікірі мен пайымдауын жария етуге құқылы емес.
390-бап. Соттың үкiм шығару кезiнде шешетiн мәселелерi
1. Сот үкiм шығару кезiнде кеңесу бөлмесiнде мынадай мәселелердi:
1) жасалуына сотталушы айыпталып отырған іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелденген-дәлелденбегенін;
2) бұл іс-әрекеттің қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын-табылмайтынын және ол нақ қайсы қылмыстық заңда көзделгенін (бап, бөлiк, тармақ);
3) сотталушының осы іс-әрекеттi жасағаны дәлелденгенін-дәлелденбегенін;
4) сотталушының осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кiнәлi-кінәсіз екендігін;
5) оның жауаптылығы мен жазасын жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлардың бар-жоғын;
6) сотталушының өзі жасаған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жазалануға жататынын-жатпайтынын;
7) сотталушыға қандай жаза тағайындалуға тиiстігін;
8) жаза тағайындамай үкiм шығару немесе жазадан босату не қылмыстық жазаны өтеудi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74 және 76-баптарында көзделген жағдайларда кейiнге қалдыруға негiздердің бар-жоғын;
9) бас бостандығынан айыруға сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің қандай түрi мен режимiнде жазасын өтеуге тиiс екенін;
10) азаматтық талап қоюдың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын, оның кiмнiң пайдасына және қандай мөлшерде қанағаттандырылатынын;
11) азаматтық талап қоюды немесе ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүлiктi не iстеу керектігін;
12) заттай дәлелдемелерді не iстеу керектігін;
13) процестік шығындар кiмге, қандай мөлшерде жүктелуге тиiстігін;
14) соттың сотталушыны құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан, мемлекеттiк наградаларынан айыруға (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыну енгiзуге) тиiстігін-тиісті еместігін;
15) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 91-бабында көзделген жағдайларда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы;
16) қылмысты жасауға ықпал ететiн мән-жайлардың бар-жоғы туралы;
17) сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 18) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
18) алдыңғы үкiм бойынша шартты сотталудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 19) тармақшамен толықтырылды
19) алдыңғы үкім бойынша кепілгерлікті белгілей отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатудың күшін жою туралы шешеді.
2. Ақтау үкiмiн шығару кезiнде сот ақталушыға тергеп-тексеру, прокуратура, сот органдарының заңсыз әрекеттерiмен келтiрiлген зиянды өтеу туралы мәселе жөнiнде шешiм қабылдайды.
3. Сотталушыны бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптаған кезде, сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) - 7) тармақтарында көрсетiлген мәселелердi әрбiр қылмыстық құқық бұзушылық бойынша жеке-жеке шешедi.
4. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп бiрнеше сотталушы айыпталса, сот әрбір сотталушының жасалған іс-әрекетке қатысу рөлi мен дәрежесiн айқындай отырып, олардың әрбіріне қатысты осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген барлық мәселелердi жеке-жеке шешедi.
5. Сот осы баптың бiрiншi бөлiгiнде санамаланған негiзгi мәселелердi шешкеннен кейін мынадай:
1) сотталушының, ал қажет болған жағдайда - жәбiрленушiнiң ата-анасыз қалған, кәмелетке толмаған балаларын орналастыру туралы;
2) сотталушының мүлкiн, қажет болған жағдайда жәбiрленушiнiң мүлкiн қорғау туралы;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) жекеше қаулы шығару қажеттiгi туралы;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) алдыңғы үкім бойынша кепілгерлікті белгілей отырып қылмыстық жауаптылықтан босатудың күші жойылған жағдайда кепіл нысанасының тағдыры туралы қосымша мәселелердi шешуге көшедi.
6. Егер Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі осы қылмыстық іс бойынша қолданылуға жататын заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні басқа соттың бастамасы бойынша конституциялық емес деп тану туралы ұсынуды іс жүргізуге қабылдаса, сот үкім шығаруды кейінге қалдыруға міндетті.
391-бап. Сотталушының есi дұрыстығы туралы мәселенi шешу
1. Сотқа дейінгі іс жүргізу немесе сот талқылауы кезiнде сотталушының есi дұрыстығы туралы мәселе туындаған жағдайларда, сот үкiм шығару кезiнде бұл мәселенi тағы да бiр рет талқылауға мiндеттi.
2. Сот сотталушыны іс-әрекет жасаған уақытта есi дұрыс емес күйде болған немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн оның өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) нақты сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғыну не оларды игеру мүмкiндiгiнен айыратын психикасының бұзылуымен ауырған деп тани отырып, қылмыстық iстi тоқтатуға және сотталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығаруға құқылы. Мұндай шешімді сот басты сот талқылауына қорғаушы қатысқан жағдайда, кеңесу бөлмесінде қабылдай алады.
3. Егер қорғаушы басты сот талқылауына қатыспаса, сот осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде істі осы Кодекстің 519-бабында көзделген тәртіппен қарау үшін тиісті сотқа жіберу туралы қаулы шығарады.
392-бап. Үкiмдердiң түрлерi
Соттың үкiмi айыптау немесе ақтау үкімі болуы мүмкiн.
393-бап. Айыптау үкiмi
1. Айыптау үкiмi соттың сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi деп тану туралы шешiмiн қамтиды.
2. Айыптау үкiмi:
1) сотталушы өтеуге тиiсті қылмыстық жаза тағайындала отырып;
2) адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып;
3) қылмыстық жаза тағайындалып және оны өтеуден босата отырып;
4) қылмыстық жаза тағайындалмай;
5) қылмыстық жазаны өтеу кейiнге қалдырыла отырып шығарылады.
3. Айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол сот талқылауы барысында сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлілігі соттың зерттеген дәлелдемелерiнiң жиынтығымен расталған жағдайда ғана шығарылады.
4. Сот сотталған адам өтеуге тиiсті жазаны тағайындай отырып, айыптау үкiмiн шығарып, жазаның түрiн, мөлшерiн, режимiн және оны өтеу мерзімін есептеудiң басталуын дәл айқындауға тиіс.
5. Сот, егер осы қылмыстық құқық бұзушылық үшiн адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмi өтiп кетсе, сондай-ақ осы Кодекстiң 36-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, айыптау үкiмiн адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып шығарады.
6. Сот, егер үкiм шығару кезiнде:
1) сотталған адамға осы үкiммен тағайындалған жазаны қолданудан немесе өтеуден босататын рақымшылық жасау актiсi шығарылған;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62-бабында белгiленген алдын ала қамауға алуды есепке жатқызу қағидаларын ескере отырып, осы iс бойынша сотталушының күзетілуде болу уақыты сот тағайындаған жазаны қамтыған жағдайларда, айыптау үкiмiн жазаны тағайындап және одан босата отырып шығарады.
7. Егер айыптау үкiмiн шығару кезiнде сотталушы қайтыс болса, сот iстi тоқтатады немесе тараптардың өтiнiшхаты бойынша айыптау үкiмiн жазаны тағайындамай шығарады.
8. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабында және 76-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда сот айыптау үкiмiн қылмыстық жазаны өтеудi кейiнге қалдыра отырып шығарады.
394-бап. Ақтау үкiмi
1. Ақтау үкімі арқылы сот сотталушыны қылмыстық жауаптылыққа тартқызып, сотқа берген айыптау бойынша оның қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кiнәсiз екенін таниды және жариялайды.
2. Егер:
1) қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы болмаса;
2) сотталушының іс-әрекетiнде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса;
3) сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуы дәлелденбесе, ақтау үкiмi шығарылады.
3. Санамаланған негiздердiң кез келгенi бойынша ақтау соттың сотталушының кiнәсiздiгiн тануын бiлдiредi және оның толық ақталуына әкеп соғады.
4. Егер ақтау үкiмiн шығару кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмай қалса, сот үкiмнің қарар бөлімінде өзге адамды қылмыстық қудалау қажеттiгi туралы мәселенi шешу үшiн iстi прокурорға жiберу туралы көрсетеді.
395-бап. Үкiмдi жасау
1. Осы Кодекстiң 390-бабында көрсетiлген мәселелердi шешкеннен кейiн сот үкiмдi жасауға көшедi.
2. Үкiм сот талқылауы жүргiзiлген тiлде жазылады.
3. Үкiм кiрiспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөлiмдерінен тұрады.
4. Үкімді судья қолдан жазуы, машинаға басу тәсілімен не компьютерлік тәсілмен дайындауы мүмкін және ол оған қол қояды.
5. Үкімдегі түзетулер ескертілуге және үкім жария етілгенге дейін оның тиісті бетінде судьяның қол қоюымен куәландырылуға тиіс.
6. Үкiмге ол жария етілгеннен кейiн өзгерiстер енгiзуге жол берiлмейдi.
396-бап. Үкiмнiң кiрiспе бөлiгi
Үкiмнiң кiрiспе бөлiгiнде:
1) үкiмнiң Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны;
2) үкiмнiң шығарылған уақыты мен орны көрсетіледі. Судьялар бiрнеше тәулік бойы кеңескен жағдайда, үкiмнiң шығарылған уақыты оның жария етiлген күнiмен айқындалады;
3) үкiм шығарған соттың атауы, соттың құрамы, сот отырысының хатшысы, процеске қатысушылар, олардың өкiлдерi, аудармашы;
4) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде), оның туған жылы, айы, күнi және туған жерi, тұрғылықты жері, жұмыс орны, айналысатын кәсiбi, бiлiмi, отбасылық жағдайы және сотталушының жеке басы туралы, iс үшiн маңызы бар өзге де мәлiметтер;
5) жасалғанына сотталушы айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көздейтiн қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ) көрсетiледi.
397-бап. Айыптау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгi
1. Айыптау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалған орны, уақыты, жасалу тәсiлi, кiнә нысаны, себептерi мен салдары көрсетiле отырып, сот дәлелденген деп таныған қылмыстық әрекеттiң сипаттамасы қамтылуға тиіс. Үкiмде соттың сотталушыға қатысты түйіні негiзделген дәлелдемелер және сот басқа дәлелдемелердi жоққа шығарған себептер келтiрiледi. Жауаптылықты жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ процестік келісімде көзделген, жазаны тағайындау шектері көрсетіледі. Айыптаудың бiр бөлiгi негiзсiз деп танылған немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың дұрыс сараланбағаны анықталған жағдайда, айыптауды өзгертудiң негiздерi мен себептерi көрсетiледi. Сотталушының әрекеттерiн қайта саралау қажеттiгi туралы түйінге келе отырып немесе кейбiр баптардың (бап бөлiгiнiң, бап бөлiгi тармағының) артық тағылғанын анықтап, сот үкiмнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде іс-әрекеттi сол бойынша саралау керек болатын қылмыстық заңның бабын (баптың бөлiгiн, баптың бөлiгiнiң тармағын) көрсетедi және артық тағылған бапты (баптың бөлiгiн, бап бөлiгiнiң тармағын) алып тастау туралы көрсетедi.
2. Сот қылмыстық жазаны тағайындауға, одан немесе оны нақты өтеуден босатуға, өзге де ықпал ету шараларын қолдануға қатысты барлық мәселелерді шешудiң себептерiн де көрсетуге мiндеттi.
3. Сипаттау-уәждеу бөлiгінде осы Кодекстiң 390-бабында көрсетiлген басқа да мәселелер бойынша қабылданған шешiмдердiң негiздемесi қамтылуға тиiс.
4. Жабық сот отырысында қаралған істер бойынша, айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде сот талқылауында жариялықты шектеу үшін негіз болатын мән-жайлар туралы тұжырымдалулар болмауға тиіс.
5. Процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған істер бойынша айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлiгi осы Кодекстің 627-бабына сәйкес жазылады.
398-бап. Айыптау үкiмiнiң қарар бөлiгi
1. Айыптау үкiмiнiң қарар бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кiнәлi деп тану туралы шешiм;
3) сотталушы ол бойынша кiнәлi деп танылған қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ);
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) жасалғанына сотталушы кiнәлi деп танылған әрбiр қылмыстық құқық бұзушылық үшiн оған тағайындалған негiзгi және қосымша жазаның түрi мен мөлшерi, сондай-ақ алдыңғы үкiм бойынша шартты түрде сотталудың күшiн жою немесе оны сақтау, алдыңғы үкім бойынша кепілгерлікті белгілей отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатудың күшін жою туралы шешiм және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58 және 60-баптарының негiзiнде өтелуге жататын түпкiлiктi жазалау шарасы көрсетiлуге тиiс.
Сот бас бостандығынан айыру түрiнде жаза тағайындаған кезде үкiмде сотталған адам жазасын өтеуге тиiс мекеменiң түрi мен режимiн көрсетедi, ал сотталған адамды қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазалар тағайындалған кезде, үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн оның он тәулiк iшiнде пробация қызметiне есепке қою үшiн келуі мiндетiн белгiлейдi;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) шартты түрде соттаған кезде, бас бостандығын шектеуге пробациялық бақылау мерзiмiнiң ұзақтығы және сотталған адамға жүктелетiн мiндеттер, сондай-ақ оларды орындамаудың заңда көзделген салдарлары, кепілгерлік белгілене отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатылған кезде кепілгерлік мерзімінің ұзақтығы және осы кезеңде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаудың салдарлары;
6) сотталған адамды құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан, мемлекеттiк наградаларынан айыру (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыну енгiзу) туралы шешiм;
7) егер сотталушы үкiм шығарылғанға дейiн ұстап алынса және оған күзетпен ұстау, үйқамақ түрiнде бұлтартпау шаралары қолданылса немесе ол арнаулы медициналық ұйымға орналастырылса, алдын ала күзетпен қамауға алуды есепке алу туралы шешiм;
8) сотталған адамға мәжбүрлеп емдеудi қолдану және қамқоршылық белгiлеу туралы шешiм;
9) үкiм заңды күшiне енгенге дейiн сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы шешiм;
10) негізгі жазаны орындауды кейінге қалдыру туралы мәселенің шешімі;
11) белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде жазалау туралы шешім көрсетiлуге тиiс.
2. Сотталушы қылмыстық заңның бiрнеше бабы (баптардың бөлiктерi, тармақтары) бойынша айыпталған жағдайда, үкiмнiң қарар бөлiгiнде олардың қайсысы бойынша сотталушының ақталғаны және қайсысы бойынша сотталғаны көрсетiлуге тиiс.
3. Сотталушы жазаны өтеуден босатылған немесе үкiм жаза тағайындалмай шығарылған немесе жазасын өтеудi кейiнге қалдыру қолданылған жағдайда, бұл туралы үкiмнiң қарар бөлiгiнде көрсетiледi.
399-бап. Ақтау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгi
1. Ақтау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде: тағылған айыптың мәнi; сот анықтаған iстiң мән-жайлары; сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi туралы пайымдау негiзделген дәлелдемелердi сот анық емес немесе жеткiлiксiз деп таныған себептер; сотталушыны ақтау үшiн негiз болған дәлелдемелер; азаматтық талап қоюға қатысты шешiмнiң себептерi баяндалады.
2. Ақтау үкiмiнде ақталушының кiнәсiздiгiне күмән тудыратын тұжырымдалуларды пайдалануға жол берiлмейдi.
3. Жабық сот отырысында қаралған істер бойынша ақтау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде сот талқылауының жариялылығын шектеуге негіз болған мән-жайлар туралы тұжырымдалулар қамтылмауға тиіс.
400-бап. Ақтау үкiмiнiң қарар бөлiгi
1. Ақтау үкiмiнiң қарар бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны кiнәсiз деп тану және оны ақтау туралы шешiм, ақтаудың негiздерi;
3) егер бұлтартпау шарасы таңдалған болса, оның күшiн жою туралы шешiм;
4) ақталған адамның қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартылу арқылы келтірілген зиянды өтеткізу құқығының танылуы қамтылуға тиіс.
401-бап. Үкiмнiң қарар бөлiгiнде шешілуге жататын өзге де мәселелер
Айыптау үкімінің де, ақтау үкiмiнiң де қарар бөлiгiнде осы Кодекстiң 398 және 400-баптарында санамаланған мәселелерден басқа:
1) қойылған азаматтық талап бойынша шешiм;
2) заттай дәлелдемелер туралы мәселенiң шешімі;
3) процестік шығындарды бөлу туралы шешiм;
4) үкiмге апелляциялық шағым жасаудың не наразылық білдiрудiң тәртiбi мен мерзiмi туралы нұсқау;
5) қорғалатын адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларын жүзеге асырудың күшін жою не оны жалғастыру туралы мәселенің шешімі;
6) егер тәркiлеудi қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылданған болса, мұндай шаралардың күшін жою, оларды сақтау туралы шешiм қамтылуға тиiс.
Ақтау үкімі шығарылған кезде сот қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартумен келтірілген зиянды өтеткізу тәртібін түсіндіретін хабарламаны жасайды, ол үкім жария етілген соң ақталған адамға табыс етіледі.
402-бап. Үкiмдi жариялау
1. Төрағалық етуші үкімнің толық мәтініне қол қойғаннан кейін сот отырысы залына оралып, үкімді түрегеліп тұрып жариялайды. Сот отырысы залындағы қатысушылардың бәрі үкімді түрегеліп тұрып тыңдайды.