2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы кез келген уақытта құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесінен олар жүргізіп жатқан іс-шараның нәтижелерін зерттеу, бағалау және тергеп-тексеру материалдарына қосып тігу үшін талап етіп алдыруға құқылы.
238-бап. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу нәтижесінде алынған ақпаратты зерттеу және оны дәлелдемелер ретінде пайдалану
1. Жасырын тергеу әрекетінің нәтижелерін зерттеуді сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы осы Кодекстің 47 және 124-баптарының талаптарын сақтай отырып, қажет болған кезде маманды және анықтау органының тиісті қызметкерін тарта отырып жүргізеді.
Зерттеу нәтижелері туралы осы Кодекстің 47 және 199-баптарының талаптары сақтала отырып хаттама жасалады, онда жүргізілген жасырын тергеу әрекетінің нәтижелері көрсетіледі.
2. Тергеуге қатысы бар нақты деректер хаттамаға қосып тігіледі.
239-бап. Жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін бағалау және дәлелдеуде пайдалану
1. Жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері осы Кодекстің 25 және 125-баптарында көзделген қағидалар бойынша бағаланады.
2. Жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін зерттеу хаттамалары, дыбыс жазбалары мен бейнелердің жазбалары, фотосуреттер, ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен тіркелген басқа да нәтижелер, алып қойылған нәрселер мен құжаттар немесе олардың көшірмелері дәлелдеуде тергеу әрекеттерінің нәтижесінде алынған дәлелдемелермен бірдей пайдаланылады.
3. Егер дәлелдеуде қандай да бір адамның құпия тіркелген сөздері немесе әрекеттері пайдаланылса, ол адамнан бұл туралы міндетті түрде жауап алынуға тиіс. Адамды оған айтпастан алынған нақты деректермен таныстыруы кезінде, бұл адамға жүргізілген жасырын әрекет туралы олар осы адамға қаншалықты тікелей қатысы болса, сол шамада хабарланады және мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария етуді болғызбайды.
240-бап. Жасырын тергеу әрекеттерінің хаттамаларына қоса тіркелмеген материалдармен танысу
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тергеуші, анықтаушы қылмыстық процесте дәлелдемелік маңызы жоқ деп таныған жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері тергеп-тексеру материалдарына қоса тігілмейді және құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесінде бөгде адамдардың олармен танысу мүмкіндігін болдырмайтын жағдайларда, осы баптың 1-1 және алтыншы бөліктерінде көзделген мәселелер түпкілікті шешілгенге дейін сақталады, содан соң тиісті акт жасала отырып жойылады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы қылмыстық процесте дәлелдемелік маңызы жоқ деп таныған жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері жойылатын күннен екі ай бұрын тиісті прокурор хабардар етіледі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды; 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-1. Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы адамды оған қатысты жасырын тергеу әрекеті жүргізілген қылмыстық іс бойынша қорытынды шешім шығарылған кезден бастап алты айдан кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы жасырын тергеу әрекетінің нәтижелерімен таныстырмастан, хабардар етуге тиіс.
Бұл мерзімді мамандандырылған тергеу сотының, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының уәжді өтінішхаты бойынша бір жылға дейін ұзартуы мүмкін.
Мамандандырылған тергеу сотының, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының уәжді өтінішхаты бойынша адамды:
1) террористік немесе экстремистік қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша;
2) қылмыстық топ жасаған қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша;
3) егер хабардар ету мемлекеттік құпияларды жария ету қатерін төндірсе;
4) егер хабардар ету қызметті құпия негізде және астыртын нысанда жүзеге асыратын адамдардың және өзге де адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірсе, оған қатысты жүргізілген жасырын тергеу әрекеті туралы хабардар етпеуге келісуі мүмкін.
2. Өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адам тергеп-тексеруге қоса тігілмеген мәліметтермен мемлекеттік құпиялардың және заңмен қорғалатын өзге де құпияның жария болуын болдырмайтын шекте танысу туралы өтінішхат беруге құқылы. Өтінішхатты - тергеуші, анықтаушы, прокурор, ал істі сот қараған кезеңде өтінішхаттар түскен кезде - сот қарайды.
3. Тергеуші, анықтаушы, прокурор, сот өтінішхатты материалдардың қылмыстық процестегі ықтимал маңызын және жол берілген адам құқықтарын шектеулерді ескере отырып бағалайды.
Тергеуші, анықтаушы, прокурор, сот, егер бұл қылмыстық процеске тартылған қандай да бір адамның өміріне, денсаулығына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі қауіп төндіруі мүмкін болса немесе егер ол үшінші тұлғаның жеке өмірінің құпиясын қозғайтын болса, іске қоса берілмеген материалдармен танысу туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуға құқылы.
4. Іске қоса берілмеген материалдармен танысқаннан кейін адам оларды қылмыстық істің материалдарына қоса беру туралы өтінішхат бере алады. Тергеушінің, анықтаушының, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуына осы Кодекстің 105 және 106-баптарында көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін, судьяның бас тартуына істі сотта қарау аяқталған сот актісіне шағыммен бірге шағым жасалады.
5. Сот талқылауы кезінде мәлімделген, жасырын тергеу әрекетінің іске қоса берілмеген материалдарымен танысу туралы өтінішхат бойынша шешімді осы істі қарайтын соттың дәл сол құрамы қабылдайды.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды; 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген адамның осы баптың 1-1-бөлігінде көзделген хабардар ету кезінен бастап он бес тәулік ішінде осы Кодекстің 106-бабында көзделген тәртіппен мамандандырылған тергеу сотына, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына тиісті жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді заңсыз деп тану және келтірілген нұқсанды (ондай болған кезде) өтеткізу туралы арызбен жүгінуге құқығы бар.
241-бап. Қылмыстық процесте ақпаратты қорғау жөніндегі іс-шаралар
1. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу фактісі туралы мәліметтер және оны жүргізу нәтижесінде алынған ақпарат жасырын тергеу әрекеті аяқталғанға дейін құпия болып табылады, оларды жария еткені үшін лауазымды адамдар немесе оны жүргізуге тартылған адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
2. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу әдістері, оларды жүргізетін адамдар, оның ішінде қызметін құпия немесе конспирациялық нысанда жүзеге асыратын адамдар туралы мәліметтер, мемлекеттік құпияны құрайды және жария етілуге жатпайды.
3. Егер жасырын тергеу әрекеті негізінде алынған мәліметтер адамның жеке өмірінің құпиясын қозғайтын немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияға қатысты болса, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы олардың таратылуын шектеу үшін заңда көзделген барлық құралдарды пайдаланады.
242-бап. Адамды немесе орынды жасырын аудио- және (немесе) бейнебақылау
1. Адамды жасырын аудио- және (немесе) бейнебақылау - қажет болған кезде жасырын кіру және (немесе) зерттеу арқылы бейне-, аудиотехниканы не өзге де арнайы ғылыми-техникалық құралдарды пайдаланумен бір мезгілде олардың мазмұнын материалдық жеткізгіште тіркеп жүргізілетін, адамның сөйлеген сөзін және өзге де ақпаратты, сондай-ақ оның іс-әрекеттерін жасырын бақылау.
2. Орынды жасырын аудио- және (немесе) бейнебақылау - қажет болған кезде орынға жасырын кіру және (немесе) орынды зерттеу арқылы бейне-, аудиотехниканы не өзге де арнайы ғылыми-техникалық құралдарды пайдаланумен бір мезгілде олардың мазмұнын материалдық жеткізгіште тіркеп жүргізілетін, нақты белгілі бір жерде болып жатқан сөйлесулерді және басқа да дыбыстарды және (немесе) оқиғаларды жасырын бақылау.
3. Тергеуші, анықтаушы адамға немесе орынға жасырын аудио-, және (немесе) бейнебақылау жүргізу қажет деп тауып, анықтау органына тиісті тапсырма береді.
4. Техникалық құралды табыс ету хаттамасы құрал табыс етілген адамның, анықтау органы қызметкерінің және (немесе) тергеушінің, анықтаушының қолдарымен куәландырылады.
5. Адамды немесе орынды жасырын аудио-, бейнебақылау аяқталғаннан кейін уәкілетті орган тергеушіге, анықтаушыға іс үшін маңызы бар аудио-, бейнежазбаларды ілеспе хатпен бірге мөрленген түрде береді, онда жазбаның негізі, басталу және аяқталу уақыты, ұзақтығы көрсетілуге тиіс.
243-бап. Электр (телекоммуникациялық) байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты жасырын бақылау, ұстап қалу және түсіріп алу
1. Электр (телекоммуникациялық) байланыс желілерін жасырын бақылау - телефон арқылы немесе дыбыстық ақпаратты жеткізуге мүмкіндік беретін басқа құрылғылар арқылы берілетін дыбыстық ақпаратты ғылыми-техникалық құралдарды және (немесе) компьютерлік бағдарламаларды қолдана отырып, қажет болған кезде жасырын кіру және (немесе) тексеру арқылы жүргізілетін жасырын тыңдау және (немесе) жазып алу.
Электр байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты ұстап қалу және түсіріп алу - сымды, радио, оптикалық және басқа да электр-магниттік жүйелер арқылы берілетін белгілерді, сигналдарды, дыбыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, суреттерді, бейнекөріністерді, дыбыстарды және басқа да ақпаратты ұстап қалу және түсіріп алу.
2. Тергеуші, анықтаушы электр (телекоммуникациялық) байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты жасырын бақылауды, ұстап қалуды және түсіріп алуды қажет деп тауып, анықтау органына тиісті тапсырма береді.
3. Жасырын тергеу әрекетінің нәтижелері тиісті материалдық жеткізгіште тіркеледі, ол қапталып, мөрленеді және жасырын тергеу әрекетін жүргізген уәкілетті органның лауазымды адамының қойған қолымен куәландырылады.
Материалдық жеткізгіш тергеушіге, анықтаушыға беріледі.
244-бап. Абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жасырын алу
1. Абонентттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жасырын алу - абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар (пайдалану жабдықтары) арасындағы қосылулардың күні, уақыты, ұзақтығы туралы мәліметтерді алу.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы тергеу судьясының санкциясы алынғаннан кейін қаулыны орындау үшін құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесіне жібереді, оның қызметкері талап етілетін, кез келген материалдық ақпарат жеткізгіште тіркелген ақпаратты беруге міндетті.
Көрсетілген ақпарат оның берілген кезеңі және абоненттердің және (немесе) абоненттік құрылғылардың нөмірлері көрсетілетін ілеспе хатпен бірге мөрмен жабылған түрде беріледі.
245-бап. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу
1. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу - компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты арнайы ғылыми-техникалық құралдармен және (немесе) компьютерлік бағдарламалармен, қажет болған кезде жасырын кіру және қарап-зерттеу арқылы жүргізілетін жасырын түсіріп алу.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу қажет деп тауып, анықтау органына тиісті тапсырма береді.
3. Компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу нәтижелері тиісті материалдық жеткізгіште тіркеледі, ол қапталып, мөрленеді және жасырын тергеу әрекетін жүргізген уәкілетті органның лауазымды адамының қойған қолымен куәландырылады.
Материалдық жеткізгіш тергеушіге, анықтаушыға беріледі.
246-бап. Пошта жөнелтілімдері мен өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылау
1. Хаттарда, жеделхаттарда, радиограммаларда, бандерольдарда, сауқаттарда және басқа да пошта жөнелтілімдерінде іс үшін маңызы бар мәліметтер, құжаттар және нәрселер қамтылған деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде оларға қатысты жасырын бақылау жүзеге асырылуы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Тергеуші, анықтаушы пошта жөнелтілімдері мен өзге жөнелтілімдерді жасырын бақылауды қажет деп тауып, уәжді қаулы шығарады.
Қаулыда: пошта-телеграф жөнелтілімдерін кідірту жөнінде міндет жүктелетін байланыс мекемесінің атауы, пошта-телеграф жөнелтілімдері жасырын бақылануға жататын адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), олардың мекенжайы, жасырын бақылау қолданылатын пошта-телеграф жөнелтілімдерінің түрі, осы бақылау қолданылатын мерзім көрсетілуге тиіс.
Көрсетілген қаулы тергеу судьясына ұсынылады және ол санкция берген жағдайда, оны тергеуші, анықтаушы орындау үшін пошта мекемелеріне немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғаларға жібереді.
3. Пошта мекемелері немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғалар тергеушіні, анықтаушыны өздерінің иелігінде бақылануға жататын пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімнің бар екендігі туралы дереу хабардар етеді.
Тергеуші, анықтаушы хабарламаны алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде, қажет болған кезде пошта мекемесінің уәкілетті қызметкерінің немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлғаның қатысуымен жөнелтілімді қарап-тексереді және (немесе) оның құрамымен танысады, осы жөнелтілімнің құрамын тіркеп немесе онсыз, оны одан әрі жеткізу туралы шешім қабылдайды.
4. Пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімді қарап-тексерудің және (немесе) олармен танысудың әрбір жағдайында тергеуші, анықтаушы осы Кодекстің 199-бабының талаптарын сақтай отырып, хаттама жасайды, онда іс-шараны жүргізуге қатысқан тұлғалардың деректері, қарап-тексеруге және (немесе) таныстырылуға жатқызылған пошта жөнелтілімі мен өзге де жөнелтілімнің атауы және түрі, жөнелтілімнің құрамын тіркеп немесе онсыз, оны одан әрі жеткізу туралы мәліметтер көрсетіледі.
5. Тергеуші, анықтаушы қажет болған жағдайларда пошта-телеграф жөнелтілімдерін қарап-тексеруге және алуға қатысу үшін тиісті маманды, сондай-ақ аудармашыны шақыруға құқылы.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Пошта жөнелтілімдері мен өзге жөнелтілімдерді жасырын бақылау шарасына қажеттілік жойылған кезде, бірақ кез келген жағдайда да тергеп-тексеру аяқталуынан кешіктірмей тергеуші (анықтаушы) тергеу судьясының санкциясымен осы шараның күшін жояды, бұл туралы пошта мекемесі немесе жөнелтілімдерді жеткізу бойынша қызметтер көрсететін тұлға үш тәулік ішінде хабардар етіледі.
247-бап. Орынға жасырын кіру және (немесе) оны қарап-зерттеу
1. Орынға жасырын кіруді және (немесе) оны қарап-зерттеуді уәкілетті орган тұрғын, қызметтік, өндірістік үй-жайларды, ғимаратты, құрылысты, қойманы, көлік құралын немесе жергілікті жер учаскесіне кіру, қажет болған кезде оларды қарап-зерттеу, сондай-ақ тергеу әрекеттерін дайындау және жүргізу арқылы жүзеге асырады.
2. Осы іс-шара аяқталғаннан кейін уәкілетті орган тергеушіге (анықтаушыға) барлық алынған материалдарды мөрленген түрде толық көлемде ілеспе хатпен бірге ұсынады.
248-бап. Адамды немесе орынды жасырын байқауға алу
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 232-бабының жетінші бөлігінде көрсетілген адамдарды немесе орынды жасырын байқауға алу, қажет болған кезде, сөйленетін сөзге және өзге де дыбыстық ақпаратқа аудиожазбаны жүзеге асырмай, бейне-, фотобайқау техникалық құралдары пайдалана отырып жүзеге асырылады.
2. Адамды немесе орынды жасырын байқауға алуды жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымды адамы байқауға алынатын адаммен немесе орынмен байланыс жасаған өзге де адамдарды байланыс жасалған кезден бастап қырық сегіз сағат бойы жасырын байқауға алуды жүзеге асыруға құқылы.
3. Адамды немесе орынды жасырын байқауға алу нәтижесінде күн сайынғы есеп жасалады, оған алынған нәрселер мен құжаттар қоса беріледі.
4. Осы іс-шара аяқталғаннан кейін уәкілетті орган тергеушіге, анықтаушыға барлық алынған материалдарды мөрленген түрде толық көлемде ілеспе хатпен бірге ұсынады.
249-бап. 2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
250-бап. Жасырын бақыланатын сатып алу
1. Жасырын бақыланатын сатып алу жасалатын немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы нақты деректерді жалған мәміле ахуалын жасау жолымен алу мақсатында жүргізіледі.
Бұл ретте өзіне қатысты оның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығы бар деп пайымдауға жеткілікті негіздер бар адамнан еркін өткізуге тыйым салынған немесе айналымы заңмен шектелген, сондай-ақ қылмыстық қолсұғушылық объектілері немесе құралдары болып табылатын нәрселер немесе заттектер ақылы түрде сатып алынады.
2. Уәкілетті органның қызметкеріне немесе жасырын тергеу әрекетіне қатысуға ерікті түрде ниет білдірген адамға оның барысы мен нәтижелерін тіркеудің ғылыми-техникалық және өзге де құралдарын, сондай-ақ еркін өткізуге тыйым салынған не айналымы заңмен шектелген немесе қылмыстық қолсұғушылық объектілері және (немесе) құралдары болып табылатын нәрселерді немесе заттектерді ақылы түрде сатып алу үшін ақша қаражатын беру туралы осы Кодекстің 199-бабына сәйкес жеке хаттамалар жасалады.
3. Уәкілетті органның қызметкерінен немесе жасырын тергеу әрекетіне қатысуға ерікті түрде ниет білдірген адамнан сатып алынған нәрселерді және заттектерді алу, сондай-ақ оларды қарап-тексеру нәтижелері туралы осы Кодекстің 199 және 219-баптарының қағидаларына сәйкес хаттама жасалады.
251-бап. 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
31-тарау. ТІНТУ ЖӘНЕ АЛУ
252-бап. Тiнту
1. Тiнту iс үшiн маңызы бар нәрселерді немесе құжаттарды табу және алып қою, оның ішінде тыйым салынуға жататын мүлікті табу мақсатында жүргiзiледi.
2. Тiнту жүргiзуге көрсетілген нәрселердің немесе құжаттардың белгiлi бiр үй-жайда немесе өзге орында не нақты адамда болуы мүмкiн деп пайымдауға жеткiлiктi деректердiң болуы негiз болып табылады.
3. Тiнту iздестiрiлiп жатқан адамды және адам мәйiтін табу үшiн жүргiзiлуi мүмкiн.
253-бап. Алу
Алу, егер іс үшiн маңызы бар белгiлi бiр нәрселер мен құжаттардың қайда және кiмде екенi анық белгілі болса, оларды, сондай-ақ тәркіленуге жататын мүлікті алып қою мақсатында жүргiзiледi.
254-бап. Тiнту мен алуды жүргiзу тәртiбi
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік жаңа редакцияда
1. Тiнту мен алуды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам уәждi қаулы бойынша жүргізеді. Тiнту жүргiзу туралы, сондай-ақ мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге құпияны қамтитын құжаттарды алу туралы қаулыны тергеу судьясы санкциялауға тиiс.
Тiнту мен алуды жүргізу туралы қаулыны санкциялау осы Кодекстiң 220-бабының 13-1, 13-3 және 13-4-бөлiктерiнде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Тұрғын үй-жайда онда тұрып жатқан адамдардың еркiнен тыс алу осы Кодекстiң 220-бабының он үшінші, 13-1, 13-3 және 13-4-бөлiктерiнiң қағидалары бойынша жүргiзiледi.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Айрықша жағдайларда, iздестiрiлiп жатқан және (немесе) алып қойылуға жататын объект оны табуды ұзаққа созудан жоғалуы, бүлiнуi немесе қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкiн болғанда не iздестiрiлiп жатқан адам жасырынуы мүмкiн болғанда тiнту және алу тергеу судьясының санкциясынсыз, осы Кодекстiң 220-бабының он төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен жүргізілуі мүмкiн.
4. Тiнту куәгерлердiң қатысуымен, ал қажет болған жағдайларда маманның және аудармашының қатысуымен жүргiзiледi.
Алу оның барысы мен нәтижелерін тіркеудің ғылыми-техникалық құралдары міндетті түрде қолданыла отырып жүргізіледі, қажет болған кезде оған маман және аудармашы тартылуы мүмкін.
5. Тұрғын үй-жайларда, ұйымдардың үй-жайларында тiнту немесе алу осы Кодекстiң 220-бабының он бесінші және он алтыншы бөлiктерiнде көрсетілген адамдардың қатысуымен жүргiзiледi.
6. Дипломатиялық өкiлдiктер орналасқан үй-жайларда, сондай-ақ дипломатиялық өкiлдiктердiң мүшелерi мен олардың отбасылары тұрып жатқан үй-жайларда тiнту және алу осы Кодекстiң 220-бабының он жетінші бөлiгiнде белгiленген талаптар сақтала отырып жүргiзiледi.
7. Тiнтуді немесе алуды жүргiзу басталғанға дейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам оларды жүргiзу туралы қаулыны көрсетуге мiндеттi.
8. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тiнтуге кiрiскенде iс үшiн маңызды болуы мүмкiн, алынуға жататын нәрселер мен құжаттарды ерiктi түрде берудi ұсынады. Егер олар ерiктi түрде берiлсе және алынуға жататын нәрселер мен құжаттардың жасырылып қалғанына күмәндануға негiздер болмаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам одан әрi iздеу жүргiзбеуге құқылы.
Тінту хаттамасында адамның табу үшін тінту жүргізілуі мүмкін нәрселер мен құжаттарды өз еркімен бергені туралы міндетті түрде көрсетіледі.
9. Егер жабық үй-жайлар мен қоймалардың иесi оларды ерiктi түрде ашудан бас тартса, тiнту жүргiзген кезде олар ашқызылуы мүмкiн. Бұл ретте есiк тиектерін және басқа нәрселерді қажетсiз бұзуға жол берiлмеуге тиiс.
10. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам алуды жүргізу кезiнде алынуға жататын нәрселер мен құжаттарды берудi ұсынады, ал бұдан бас тартылған жағдайда алуды мәжбүрлi түрде жүргiзедi.
11. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тiнту мен алу кезiнде сол үй-жайда тұрып жатқан адамның немесе басқа да адамдардың жеке өмiрiнiң анықталған мән-жайларының жарияланбауына шаралар қолдануға мiндеттi.
12. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тiнту немесе алу жүргiзiлiп жатқан үй-жайда немесе орында болған адамдарға және осы үй-жайға немесе орынға келген адамдарға тiнту немесе алу аяқталғанға дейiн ол жерден кетуге, сондай-ақ бiр-бiрiмен немесе өзге адамдармен сөйлесуге тыйым салуға құқылы.
13. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тiнту мен алуды жүргiзу кезінде iске қатысы болуы мүмкiн нәрселер мен құжаттарды алып қоюмен шектелуге тиiс. Айналымына тыйым салынған заттар мен құжаттар олардың iске қатысы бар-жоғына қарамастан алып қойылуға жатады.
14. Тінту кезінде алып қойылатын нәрселер мен құжаттар куәгерлерге және басқа да қатысып отырған адамдарға көрсетiледi, тінту орнында қапталады, мөрленеді және куәгерлер мен оған қатысып отырған адамдардың қойған қолдарымен куәландырылады.
15. Алу кезінде алып қойылатын нәрселер мен құжаттар қатысып отырған адамдарға көрсетiледi, алу орнында қапталып, мөрленеді және оған қатысып отырған басқа адамдардың қойған қолдарымен куәландырылады.
16. Қажет болған жағдайларда тiнту жүргiзілген кезде фотосуретке түсіру, кинотүсiру және бейнежазба жүргiзiледi.
255-бап. Жеке басын тiнту
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстiң 252-бабында көзделген негiздер болған кезде және 254-бабының талаптарын сақтай отырып, тiнтiлетiн адамның денесiндегі немесе денесінің ішіндегі, оның киiмiндегі нәрселер мен құжаттарды және оның жанындағы нәрселерді табу және алып қою мақсатында жеке басына тiнту жүргізуге құқылы.
2. Жеке басын тiнтудi тiнтілетін адаммен жынысы бiр адам ғана және сондай жыныстағы куәгерлер мен мамандардың қатысуымен жүргiзедi.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Жеке басты тінту, мына жағдайлардың біреуі болған кезде:
1) егер осы Кодекстің 254-бабының талаптары сақтала отырып тінту жүргізіліп жатқан үй-жайдағы немесе өзге орындағы адам іс үшін маңызы болуы мүмкін құжаттарды немесе нәрселерді өзінде жасырып отыр деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса;
2) егер ол адам ұстап алынған немесе күзетпен қамалған кезде жүргізілген болса, арнайы қаулы шығарылмай және тергеу судьясының санкциясынсыз жүргізілуі мүмкін. Бұл жағдайда жеке басын тінту куәгерлердің қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін.
Тінтілетін адамның денесінің ішіндегі нәрселерді табу қажет болған кезде жеке басын тінтуге тиісті бейіннің мамандары қатысады.
256-бап. Тiнту немесе алу хаттамасы
1. Тiнтуді немесе алуды жүргiзетiн адам осы Кодекстiң 199-бабында көзделген талаптарды сақтай отырып, хаттама жасайды.