10) мемлекеттік кредиттік бюромен ақпарат беру туралы шарт жасасуға;
11) уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде және тәртіппен, сондай-ақ нысанда уәкілетті органға есептілік ұсынуға;
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
11-1) талап ету құқығын басқаға беру шарттары бойынша мәліметтерді өзінің тұрған жеріндегі мемлекеттік кіріс органдарына салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген нысан бойынша тоқсаннан кейiнгi айдың 25-күнінен кешiктiрмей ұсынуға;
12) уәкілетті орган анықтаған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жоюға;
13) осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 3), 5) және 6) тармақшаларында көзделген құжаттарға енгізілген өзгерістер туралы он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге;
14) борышкермен өзара іс-қимыл жасасу процесін коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) тұрған жеріндегі үй-жайларында аудио- немесе бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуге және аудио- және (немесе) бейнежазба материалдарын борышкермен және (немесе) оның өкілімен өзара іс-қимыл жасасқан күннен бастап алты ай бойы сақтауға;
15) уәкілетті органға оның сұрау салуы негізінде, оның ішінде борышкерлер мен кредиторлардың келіп түскен шағымдары бойынша мәліметтер, құжаттар мен аудио- және (немесе) бейнежазба (бар болған жағдайда) материалдарын беруге;
16) борышкермен жеке кездесулер арқылы өзара іс-қимыл жасасу кезінде борышкердің тұрғылықты жері бойынша не тұрған жері, не тіркелген жері бойынша, не борышкердің тұрғылықты жері не тұрған жері немесе тіркелген жері болып табылатын елді мекені жайласқан облыстардың әкімшілік орталықтарында филиалдың немесе өкілдіктің болуын қамтамасыз етуге;
17) осы Заңның 5-бабы 1-тармағының бірінші абзацында және 4-тармағы бірінші бөлігінің бірінші абзацында көрсетілген тұлғалармен өзара іс-қимыл жасасу кезінде көрсетілген баптың талаптарын бұзған жұмыскердің өкілеттіктерін тоқтату бойынша, оның ішінде уәкілетті орган көрсетілген жұмыскерді шеттету туралы талап қойған жағдайда да шаралар қабылдауға, сондай-ақ босатылған жұмыскер туралы ақпаратты босату күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға беруге;
18) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, коллекторлық агенттіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің он немесе одан да көп пайызын өзі дербес немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп тікелей немесе жанама иеленетін және (немесе) пайдаланатын және (немесе) оларға билік ететін немесе бақылау жасайтын тұлғалар туралы мәліметтер ұсынуға;
19) осы Заңның 5-бабында көзделген коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын және осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.
2. Коллекторлық агенттіктер коллекторлық қызметке мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында өзінің қызметі туралы уәкілетті орган сұратқан ақпарат пен мәліметтерді береді.
Коллекторлық агенттіктің уәкілетті органға ақпарат бермеуі, сол сияқты оны бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) уақтылы бермеуі немесе Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес ұсынылуы талап етілетін мәліметтерді қамтымайтын ақпарат беруі не сұратылатын өзге ақпаратты бермеуі, сол сияқты оны бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан да көп рет) уақтылы бермеуі не анық емес ақпарат беруі, сондай-ақ есептілік пен мәліметтер ұсынбауы немесе көрінеу анық емес есептілік пен мәліметтер ұсынуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.
16-бап. Борышкердің және (немесе) оның өкілінің құқықтары мен міндеттері
1. Борышкер және (немесе) оның өкілі:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, кредитордан берешекті сотқа дейін өндіріп алу мен реттеуді жүзеге асыратын коллекторлық агенттік, оның тұрған жері, онда өзінің дербес деректерінің бар-жоғы, берешектің мөлшері мен құрылымы туралы мәліметтер алуға;
2) коллекторлық агенттіктің талаптарына толығымен, сондай- ақ оның бір бөлігіне, оның ішінде сотта дау айтуға;
3) осы Заңның 6-бабына сәйкес берешегін сотқа дейін реттеу тәртібіне;
4) өзінің берешегі туралы ақпарат алу үшін коллекторлық агенттікпен осы Заңның 5-бабында көзделген кез келген тәсілмен өзара іс-қимыл жасасуға;
5) коллекторлық агенттіктің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасап, уәкілетті органға жүгінуге;
6) берешегі толық өтелген кезде кредитор алдында берешегінің жоқтығы туралы анықтама алу үшін мемлекеттік кредит бюросына және (немесе) кредиторға жүгінуге;
7) коллекторлық агенттіктің жұмыскерлерімен өзара іс- қимыл жасасу процесін аудио- және (немесе) бейнетехника құралдарының көмегімен өзі дербес тіркеуге;
8) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерін орындауға байланысты, көрсетілген шарт талаптарын өзгерту туралы жүгіну себептерін негіздей отырып, осындай өтінішпен кредиторға жүгінуге;
9) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқылы.
2. Борышкер және (немесе) оның өкілі:
1) коллекторлық агенттікке өзінің тұрғылықты жерінің (заңды мекенжайының) өзгергені, атының, әкесінің атының (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тегінің ауысуы, жеке басты куәландыратын құжаттарының алмастырылғаны (мерзімі өткен, жоғалған жағдайда) туралы, өздерімен (өзімен) байланысу үшін пайдаланылатын байланыс ақпаратының өзгергені және коллекторлық агенттіктің өздерімен (өзімен) байланысу және өзара іс-қимыл жасасу тәсілінің өзгергені туралы хабарлауға;
2) коллекторлық агенттіктің сұрау салуы бойынша кірістері мен шығыстарының деңгейі, тұрғылықты жері (заңды мекенжайы), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берешекті өтеу үшін өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлкінің бар-жоғы туралы анық ақпаратты ашуға;
3) осы Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес коллекторлық агенттікпен берешекті реттеу бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
4) он бес жұмыс күні ішінде кредитор ұсынған берешекті өтеу талаптарын қарауға және коллекторлық агенттікке не кредиторға борышкер үшін қолайлы талаптарды хабарлауға міндетті.
4-тарау. КОЛЛЕКТОРЛЫҚ АГЕНТТІКТЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН БАҚЫЛАУ
17-бап. Уәкілетті органның құзыреті
1. Коллекторлық агенттіктердің қызметін мемлекеттік реттеуді және бақылауды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
2. Уәкілетті орган:
1) коллекторлық агенттіктерді есептік тіркеуге алады және олардың тізілімін жүргізеді;
2) коллекторлық агенттік есептілігінің тiзбесiн, нысандарын, оны ұсыну мерзiмдерi мен тәртiбiн айқындайды;
3) коллекторлық агенттіктің қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) коллекторлық агенттіктің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) борышкердің шағымын қарайды;
5) осы Заңда көзделген жағдайларда, сотқа заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру не тарату туралы талап қою береді;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
18-бап. Ықпал ету шаралары және оларды қолдану негіздері
1. Коллекторлық агенттік Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасын, Қазақстан Республикасының банктік заңнамасын не Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасын бұзған, коллекторлық агенттіктің борышкермен өзара іс-қимыл жасасатын басшы және өзге де жұмыскерлерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған кезде уәкілетті орган осы бапта белгіленген ықпал ету шараларын қолданады. Ықпал ету шаралары деп шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар түсініледі.
Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасын бұзған кезде коллекторлық агенттікке «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ықпал ету шаралары қолданылады.
2. Уәкілетті орган коллекторлық агенттікке мынадай шектеулі ықпал ету шараларын қолдануға:
1) коллекторлық агенттікке анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған орындалуы мiндеттi түзеу шараларын қабылдау және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - іс-шаралар жоспары) белгiленген мерзiмде ұсыну қажеттігі жөнінде орындалуы мiндеттi жазбаша нұсқама жіберуге құқылы. Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынылған іс- шаралар жоспарында бұзушылықтардың сипаттамасы және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептер, сондай-ақ жағдайлар, жоспарланған іс-шаралар тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі. Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды;
2) уәкілетті орган осы ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасы, Қазақстан Республикасының банктік заңнамасы не Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасы нормаларының жазбаша ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас түрде қайталап бұзылғанын анықтаған жағдайда, коллекторлық агенттікке осы баптың 4-тармағында көзделген санкциялардың қолданылуы мүмкін екендігі туралы жазбаша ескерту шығаруға;
3) уәкілетті орган мен коллекторлық агенттік арасында анықталған бұзушылықтарды дереу жою қажеттігі және осы бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі шаралар тізбесін және (немесе) коллекторлық агенттік анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін өзіне қабылдайтын шектеулер тізбесін бекіту қажеттігі туралы жазбаша келісім жасасуға құқылы. Жазбаша келісімге коллекторлық агенттік тарапынан міндетті түрде қол қойылуға тиіс;
4) коллекторлық агенттіктің борышкермен өзара іс-қимыл жасасатын басшы жұмыскерін не өзге де жұмыскерін шеттету туралы талап қоюға құқылы.
3. Коллекторлық агенттік уәкілетті органды жазбаша нұсқамада және жазбаша келісімде көзделген мерзімдерде осы құжаттарда көрсетілген шаралардың орындалуы туралы хабардар етуге міндетті. Егер бұзушылықты жою үшін белгіленген мерзім бір айдан асатын болса, коллекторлық агенттік ай сайын айдың жиырмасыншы күнінен дейін уәкілетті органды анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс- шаралардың орындалуы туралы хабардар етеді. Бір шектеулі ықпал ету шарасын қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда басқа шектеулі ықпал ету шараларының қолданылуын жоққа шығармайды, бұрын қабылданған шаралардың қолданылуын тоқтата тұрмайды және тоқтатпайды
4. Уәкілетті орган санкциялар ретінде:
1) осы Заңның 9-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен коллекторлық агенттікті коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығаруды;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер бойынша коллекторлық агенттікке айыппұл салуды және одан айыппұлды өндіріп алуды қолдануға құқылы.
5. Уәкілетті органның коллекторлық агенттікке осы бапта көзделген ықпал ету шараларын қолдану туралы шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 19-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
19-бап. Коллекторлық агенттіктің қызметін мемлекеттік бақылау
Коллекторлық агенттіктердің қызметін мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
20-бап. Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
21-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін коллекторлық қызмет белгілеріне ие қызметті жүзеге асырған ұйымдар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде әділет органдарында коллекторлық агенттік ретінде қайта тіркелуге жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген талап сақталмаған кезде ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қайта ұйымдастырылуға не мәжбүрлеп таратылуға жатады.
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы мамырдың 6-ы.
№ 62-VI