5. Ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) комуналдық органикалық қалдықтарды бөлек жинауды және оларды қалпына келтіруді, оның ішінде компостерлеу арқылы ынталандыру;
2) коммуналдық қалдықтарды тұрақты әкетуді ұйымдастыру;
3) коммуналдық қалдықтарды басқару кезінде экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;
4) коммуналдық қалдықтарды санкциясыз жағуды болғызбау және олардың жолын кесу арқылы іске асырады.
6. Коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрауыштары (электрондық және электр жабдықтар, құрамында сынап бар қалдықтар, батарейкалар, аккумуляторлар және өзге де қауіпті құрамдастар) бөлек жиналуға және арнайы бейімделген кәсіпорындарға қалпына келтіруге берілуге тиіс.
366-бап. Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік
1. Инфрақұрылымды жобалау, салу, құру, реконструкциялау, жаңғырту мен пайдалану және тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, көму, кездейсоқ қоқыстарды жою жөніндегі қызметті жүзеге асыру (бұдан әрі - тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Кездейсоқ қоқыстарды жою деп оларды жинақтауға немесе көмуге арналған арнайы белгіленген орындардан тыс орналастырылған қалдықтарды сұрыптау, залалсыздандыру, қайта өңдеу, кәдеге жарату немесе көму үшін арнайы бейімделген ұйымдарға жинау, тасымалдау және беру түсініледі.
2. Кәдеге жарату төлемінің қаражатын тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру үшін пайдалану осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады. Бұл ретте мұндай жобалар халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тариф есебінен жүзеге асырылатын тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жөніндегі қызмет үшін ғана қолданылады.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру тәртібі мен шарттарын әзірлейді және бекітеді, оған мыналар кіреді:
1) жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу тәртібі мен шарттары;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының үлгілік конкурстық құжаттамасы және үлгілік шарттар;
3) жекеше әріптестің шығындарын өтеу тәртібі, шарттары және шектері;
4) халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған шекті тарифті әзірлеу және бекіту тәртібі.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары осы баптың 3-тармағының 1) - 3) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жергілікті жобаларына қатысты конкурсты ұйымдастырушылар болады, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша конкурстық құжаттаманы әзірлейді және бекітеді.
5. Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары шеңберінде жекеше әріптестің шығындарын өтеу халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздерінен түсетін қаражат есебінен жүзеге асырылады.
6. Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы осы баптың 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған шекті тариф пен ағымдағы тариф арасындағы айырманы өтейді.
7. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің әрбір жобасы үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған шекті тарифтің мөлшерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлеп, бекітеді және тиісті қаладағы, аудандағы көрсетілген операциялар бойынша нақты және инвестициялық шығыстарды көрсетеді.
367-бап. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесі
1. Тұрмыстық қатты қалдықтар деп қатты пішіндегі коммуналдық қалдықтар түсініледі.
2. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесі (бұдан әрі - орталықтандырылған жүйе) - меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан, тұрғын үйлерде не жеке тұрған ғимараттарда (құрылысжайларда) тұратын (орналасқан) және (немесе) өз қызметін жүзеге асыратын және меншік құқығында контейнер алаңдары мен контейнерлері жоқ, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын жерде орналасқан, меншік құқығындағы контейнер алаңдары мен контейнерлері бар жеке және заңды тұлғаларды тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету шеңберінде жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын жүйе. Контейнер алаңдары - тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыратын арнайы бейімделген көлікке арналған кірме жолдары бар, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау үшін контейнерлер орналастырылатын қалдықтарды жинақтауға арналған арнайы алаңдар.
3. Тұрғын үйлерде тұратын жеке тұлғалар жария шарттар негізінде орталықтандырылған жүйені пайдалануға және жергілікті өкілді орган бекіткен тарифтерге сәйкес қалдықтарды тасымалдағаны үшін көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге міндетті.
Тұрғын үйлерде немесе жеке тұрған ғимараттарда (құрылысжайларда) қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер орталықтандырылған жүйені пайдалану кезінде осы Кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдар айқындаған, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерімен тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға шарт жасасуға міндетті.
Жеке тұрған ғимараттарда (құрылысжайларда) қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің орталықтандырылған жүйеге жатпайтын көрсетілетін қызметтерін пайдалану кезінде «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсаттар және хабарламалар тізіліміне енгізілген қалдықтарды басқару саласындағы кәсіпкерлік субъектілерімен тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға шарт жасасуға міндетті.
4. Орталықтандырылған жүйені жергілікті атқарушы орган осы Кодекстің талаптарына және коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларына сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын тұрмыстық қатты қалдықтар нарығының қатысушыларын айқындау бойынша конкурс (тендер) өткізу арқылы ұйымдастырады.
5. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларында өзгеше көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай қағидаларға сәйкес келетін және қалдықтардың басқа түрлерін тасымалдауға арналмаған, арнайы жабдықталған көлік құралдарын ғана пайдалануға міндетті.
6. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өз бетінше әкету кезінде заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер осы Кодекстің талаптарын сақтауға, сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеуді және (немесе) көмуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерімен шарттар жасасуға міндетті.
7. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауды және тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері немесе тұрмыстық қатты қалдықтарды өз бетінше әкетуді жүзеге асыратын қалдықтардың меншік иесі мұндай қалдықтардың тұрмыстық қатты қалдықтарды қалпына келтіруді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне жеткізілуін қамтамасыз етеді.
8. Осы Кодекстің 351-бабында көрсетілген қалдықтарды қоспағанда, тұрмыстық қатты қалдықтарды көму полигонына қалдықтарды тікелей әкету тұрмыстық қатты қалдықтарды қалпына келтіруді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері болмаған немесе осы елді мекендегі осындай субъектілердің өндірістік қуаты жеткіліксіз болған жағдайда жүргізіледі.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 368-баптың тақырыбы өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
368-бап. Коммуналдық қалдықтарды тасымалдауға қойылатын талаптар
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Коммуналдық қалдықтарды тасымалдау (оның ішінде әкету) осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін көлік құралдарымен жүзеге асырылуға тиіс.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Коммуналдық қалдықтарды тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері көліктің қозғалысы туралы толық навигациялық ақпаратты «Қазақстан Республикасы қоршаған ортасының және табиғи ресурстарының жай-күйі туралы ұлттық дерекқор» ақпараттық жүйесіне беруге міндетті.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Коммуналдық қалдықтарды әкетуді жүзеге асыратын көлік құралдарының қозғалысын спутниктік навигациялық жүйелердің деректері бойынша қадағалау үшін «Қазақстан Республикасы қоршаған ортасының және табиғи ресурстарының жай-күйі туралы ұлттық дерекқор» ақпараттық жүйесінің тиісті кіші бөлімін әзірлеуді және жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Коммуналдық қалдықтарды тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері тиісті қызметтер көрсету кезінде мынадай талаптарды сақтауға:
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) коммуналдық қалдықтарды тасымалдауға арналған арнайы жабдықталған көлік құралдарын пайдалануға;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген көлік құралдарын «Қазақстан Республикасы қоршаған ортасының және табиғи ресурстарының жай-күйі туралы ұлттық дерекқор» ақпараттық жүйесіне қосылған спутниктік навигациялық жүйелермен жабдықтауға және бұл жүйелерді үнемі жұмыс жағдайында ұстауға;
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) коммуналдық қалдықтарды басқару қағидаларында белгіленген үлгілік нысан бойынша коммуналдық қалдықтардың меншік иелерімен шарттар жасасуға;
4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын сақтауға тиіс.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Коммуналдық қалдықтарды тасымалдауға, көлік құралдарының боялуына, арнайы айырым белгілерімен жабдықталуына және жабдықтарына, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарына қойылатын талаптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарында белгіленеді.
28-тарау. РАДИОАКТИВТІ ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
369-бап. Радиоактивті қалдықтар және оларды сыныптау
1. Радиоактивті қалдықтарға одан әрі пайдалануға жатпайтын, кез келген агрегаттық күйдегі мынадай заттар жатады:
1) құрамындағы радионуклидтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген деңгейлерден асып кететін материалдар, бұйымдар, жабдық, шығу көзі биологиялық объектілер;
2) пайдаланылған, қайта өңдеуге жатпайтын ядролық отын;
3) өз ресурсын тауысқан немесе зақымданған радионуклидті көздер;
4) құрамындағы радионуклидтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген деңгейлерден асып кететін, жер қойнауынан алынған және үйінділер мен қалдық қоймаға жинап қойылатын тау жыныстары, кендер және кендерді байыту мен сілтісіздендіру қалдықтары.
2. Радиоактивті қалдықтардың агрегаттық күйі, шығу көзі, радиоактивтілік деңгейі, радионуклидтердтің жартылай ыдырау кезеңі оларды сыныптау негізі болып табылады.
3. Радиоактивті қалдықтар агрегаттық күйі бойынша сұйық және қатты болып бөлінеді.
Радиоактивті сұйық қалдықтарға органикалық емес заттардың ерітінділері, сүзгі материалдарының пульпалары, органикалық сұйықтықтар жатады.
Радиоактивті қатты қалдықтарға бұйымдар, машиналар мен механизмдердің бөлшектері, материалдар, биологиялық объектілер, радиоактивті сәулелердің өз ресурсын тауысқан көздері жатады.
4. Егер қалдықтардың құрамындағы радионуклидтердің үлестік активтілігі бақылауға жататын радиоактивті материалдар үшін радиациялық қауіпсіздік нормаларымен регламенттелген мәндерден көп болса, ал белгісіз радионуклидті құрамда үлестік активтілік:
1) бета-сәулеленетін радионуклидтер үшін - килограмына жүз килобеккерельден;
2) альфа-сәулеленетін радионуклидтер (трансурандықтарды қоспағанда) үшін - килограмына он килобеккерельден;
3) трансурандық радионуклидтер үшін килограмына бір килобеккерельден көп болған кезде қалдықтар радиоактивтіге жатады.
5. Радиоактивті қалдықтар түзілу көздері бойынша былайша сыныпталады:
1) тау-кен өнеркәсібінің қалдықтары;
2) зерттеушілік және энергетикалық ядролық қондырғылардың қалдықтары;
3) ядролық жарылыстардың қалдықтары;
4) пайдаланылмайтын радиоактивті сәулелену көздері және қызмет мерзімі өткен көздер.
6. Радиоактивті қатты қалдықтар радиоактивтілік деңгейі бойынша былайша сыныпталады:
1) активтілігі төмен қалдықтар - үлестік активтілігі (килограмына килобеккерельден): бета-сәулеленетін радионуклидтер үшін - бір мыңнан кем; альфа-сәулеленетін радионуклидтер (трансурандықтарды қоспағанда) үшін - бір жүзден кем; трансурандық радионуклидтер үшін - оннан кем қалдықтар;
2) активтілігі орташа қалдықтар - үлестік активтілігі (килограмына килобеккерельден): бета-сәулеленетін радионуклидтер үшін - бір мыңнан он миллионға дейінгі; альфа-сәулеленетін радионуклидтер (трансурандықтарды қоспағанда) үшін - бір жүзден бір миллионға дейінгі; трансурандық радионуклидтер үшін - оннан бір жүз мыңға дейінгі қалдықтар;
3) активтілігі жоғары қалдықтар - үлестік активтілігі (килограмына килобеккерельден): бета-сәулеленетін радионуклидтер үшін - он миллионнан астам; альфа-сәулеленетін радионуклидтер (трансурандықтарды қоспағанда) үшін - бір миллионнан астам; трансурандық радионуклидтер үшін - бір жүз мыңнан астам қалдықтар.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы, оның ішінде радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты қызметті мемлекеттік бақылауды және қадағалауды атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік бақылауды жəне қадағалауды атом энергиясын пайдалану саласындағы уəкілетті орган Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес тексеру жəне бақылау жəне қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.
370-бап. Радиоактивті қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптар
1. Жеке және заңды тұлғалар атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган белгілеген радиоактивті материалдарды өндіру, сақтау, тасымалдау, пайдалану, кәдеге жарату және жою қағидаларын сақтауға, радиациялық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейі нормативтерінің бұзылуына жол бермеуге, қоршаған ортаның радиациялық ластануының алдын алу және оны жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
2. Радиоактивті қалдықтарды жинау, сақтау, тасымалдау және көму жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Радиоактивті материалдарды тасу кезінде төтенше жағдайлар туындаған жағдайда азаматтардың денсаулығын, олардың мүлкін, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының, халықтың радиациялық қауіпсіздігі мен техникалық регламенттердің талаптары сақталуға тиіс.
371-бап. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерін сыныптау
1. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттеріне радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму үшін пайдаланылатын табиғи (табиғаттық) немесе жасанды алаңдар, сыйымдылықтар немесе үй-жайлар жатады.
2. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттеріне осындай қалдықтар кейіннен алып кету ниетінсіз орналастырылатын пункттер жатады.
3. Радиоактивті қалдықтарды сақтау пункттері:
1) геологиялық барлау, тау-кен өндіру және тау-кен қайта өңдеу қызметі нәтижесіндегі құрамында басым түрде табиғи радионуклидтер бар;
2) ядролық энергетика объектілерінен алынған, ядролық жарылыстар мен радиоизотопты өндіріс нәтижесіндегі құрамында басым түрде жасанды радионуклидтер бар радиоактивті қалдықтарды қабылдау бойынша бөлінеді.
4. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттері радиоактивті қалдықтарды жинау алаңының ауқымы бойынша жергілікті және өңірлік болып бөлінеді. Жергіліктіге - бір объектінің немесе бір ауданның, ал өңірлікке екі және одан да көп объектінің және (немесе) ауданның қалдықтарын орналастыруға арналған пункттер жатады.
372-бап. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының аумағында түзілетін радиоактивті қалдықтар өздерінің ықтимал қауіп төндіруі мүмкін уақыт кезеңіне халықтың және қоршаған ортаның радиациялық қорғалуын қамтамасыз ететіндей болып көмілуге тиіс.
2. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган беретін лицензиялар негізінде жүзеге асырылады және бұл қызмет түрлері экологиялық нормалау мен экологиялық рұқсаттар алу объектілері болып табылмайды. Радиоактивті қалдықтарға нормативтерді атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
3. Радиоактивті қалдықтарды орналастыру радиоактивті қалдықтардың түзілуіне алып келетін кез келген қызмет түрінің міндетті кезеңі ретінде жобалау және техникалық құжаттамада көзделуге тиіс. Радиоактивті қалдықтарды басқару осы Кодексте көзделген экологиялық талаптар ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму кезінде операторлар:
1) өздігінен жүретін тізбекті ядролық реакциялардың ықтималдығын жоюбға және артық жылу бөлінуінен қорғауды қамтамасыз етуге;
2) радиациялық қауіпсіздік қағидалары мен нормаларына сәйкес белгіленген қорғау әдістерін қолдану арқылы халықты және қоршаған ортаны тиімді қорғауды қамтамасыз етуге;
3) радиоактивті қалдықтарды сақтауға байланысты болуы мүмкін биологиялық, химиялық және басқа да тәуекелдерді есепке алуды жүргізуге;
4) көму объектісінің тұрған жеріне, конструкциясы мен құрамындағысына қатысты есепке алу құжаттарын сақтауға;
5) радиоактивті материалдарға санкциясыз қол жеткізілуін және радиоактивті заттардың қоршаған ортаға жоспарланбаған шығарылуын бақылауды жүзеге асыруға және ондай ықтималдылықты болғызбауға тиіс.
373-бап. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттеріне қойылатын экологиялық талаптар
1. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерін құру және олардың жұмысын ұйымдастыру жөніндегі барлық жобалар санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаға және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін сараптамаға жатады. Жобалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
2. Жобада:
1) радиоактивті қалдықтарды түзу көздері, радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің болжамды әрекет еті радиусында қоршаған ортаға радиоактивті әсер етудің басқа да көздері, олардың сандық және сапалық сипаттамалары;
2) радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің ұйымдық құрылымы, өндірістік радиациялық бақылау жүргізу көлемі мен тәртібі;
3) халыққа дозалық жүктеменің есеп-қисаптары радиоактивті қалдықтардың болжамды әрекет ету радиусындағы барлық радиация көзінің жол берілетін және бақыланатын деңгейлері мен қоршаған ортаға және халыққа ықпалын бағалау көрсетілуге тиіс.
3. Жобада халықтың тәуекелді тобына дозалық жүктемені бағалау қамтылатын, қоршаған ортаға әсер ету ескеріле отырып, арнайы іздестірулер мен экономикалық бағалаулар негізінде балама нұсқалар қатарынан сақтау және (немесе) көму пункті салынатын орынды таңдау негізделуге тиіс.
4. Геодезиялық, геологиялық, гидрогеологиялық және гидрометеорологиялық іздестірулерді қоса алғанда, инженерлік іздестірулер:
1) радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктін салу және орналастыру орнының таңдалуын және оның табиғи және техногендік факторлардың қолайсыз әсерлерінен инженерлік қорғалуын;
2) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды негіздеуді қамтамасыз етуге тиіс.
5. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерін құру және олардың жұмысын ұйымдастыру жөніндегі жобаларда дезактивациялаудан немесе басқа да қызметтен кейін бүлінген жерлерді рекультивациялау көзделуі керек.
6. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттерінің айналасында Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын шекаралары бар санитариялық-қорғаныш аймағы белгіленеді.
7. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттерін:
1) тұрғын үй құрылысын салу аумақтарында;
2) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келіспей пайдалы қазбалар жатқан алаңда;
3) активті карст аймақтарында;
4) шөгулер, сел тасқындары, қар көшкіндері және басқа да қауіпті геологиялық процестер аймақтарында;
5) батпақты жерлерде;
6) жерасты ауызсу көздерінен су алу аймақтарында;
7) курорттарды санитариялық қорғау аймақтарында;
8) қалалардың жасыл аймақтарының аумақтарында;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда;
10) шаруашылық-ауызсумен жабдықтаудың жерасты және жерүсті көздері, су құбыржолдарын тазарту құрылысжайларын, магистральдық сутартқыштарды санитариялық қорғау аймақтарының I, II, III белдеулері аумағында;
11) су бөлу аумақтарында;
12) ормандар, орман саябақтары және қорғаныш және санитариялық-гигиеналық функцияларды орындайтын және халықтың демалу орындары болып табылатын басқа да жасыл екпелер алып жатқан немесе олардың алып жатуына арналған жерлерде орналастыруға жол берілмейді.
8. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктін салуға жер учаскесін таңдау кезінде мынадай шарттар сақталуға тиіс:
1) ауызсу, бальнеологиялық және техникалық мұқтаждықтарға жарамды ызасудың болмауы;
2) жанасқан жыныстардың жоғары сорбциялық-сыйымдылық қасиеттері;
3) жерасты суының айтарлықтай тереңдікте (алпыс және одан көп метрде) жатуы;
4) ызасу деңгейінің радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктінің түбінен төрт метрден жақын болмауы;
5) сулы белдеулер болып табылмайтын және төмен жатқан сулы белдеулермен гидравликалық байланысы жоқ геологиялық қабаттардың болуы;
6) опырылым тектоникасының және қарқынды жарықшақтықтың болмауы, сейсмикалық қауіпті опырылуға дейінгі арақашықтық қырық километрден асуға тиіс;
7) төгінділер түзуге, шөгуге, құлауға сезімталдықтың өте төмен болуы;
8) эрозияның болмауы;
9) геоморфологиялық тұрақтылық;
10) іргетас топырағы мен жынысының қатты және өте тығыз болуы;
11) іргетастың мықтылығы он метрден асатын су өткізбейтін жыныстан болуы;
12) жергілікті жердің еңістілігі бес пайыздан аспайтын шағын төбелі болуы;
13) жақын жердегі жерасты суы мен ызасу су тартқышқа дейін немесе жер бетіндегі су көздерінен арақашықтықтың төрт километрден жақын болмауы;
14) жерді іс жүзінде пайдаланудың айтарлықтай экономикалық тиімділік бермеуі және оны әлеуетті пайдаланудың да танылған бағалауының болмауы;
15) төрт километр арақашықтықта мәдени және ұлттық маңызы бар құндылықтардың болмауы;