344-бап. Қауіпті қалдықтарды басқару кезіндегі экологиялық талаптар
1. Осы Кодекстің 327-бабының талаптары сақталған кезде тиісті экологиялық рұқсаты бар кәсіпкерлік субъектілері ғана қауіпті қалдықтарды араластыруды жүзеге асыра алады.
Араластыру технологиялық регламентке және (немесе) ең үздік қолжетімді техникаларға сәйкес қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою кезінде адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына және қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді барынша азайту мақсатында жүзеге асырылады.
2. Қауіпті қалдықтарды экологиялық рұқсат болған кезде - арнайы жабдықталған орындарда көмуге, ал қауіпті қалдықтар жер қойнауына, оның ішінде шахталардың, кеніштердің және көлік еңістерінің суландырылмаған жерасты тау-кен қазбаларында көмілген жағдайда жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті органның келісімімен де рұқсат етіледі.
Қауіпті қалдықтарды жинақтауға немесе көмуге бөлінген аумақта оларды басқаруға байланысты емес қызметтің басқа да түрлерін жүзеге асыруға тыйым салынады.
3. Қауіпті қалдықтарды көму орны қалдықтың түрі, қауіптілік дәрежесі және көмілген күні көрсетіле отырып, жергілікті жерде жақсы көрінетін тану белгілерімен белгіленуге тиіс.
4. Қауіпті қалдықтарды жинау, тасу, қалпына келтіру және (немесе) жою жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектісі қауіпті қалдықтарды басқару кезінде туындауы мүмкін төтенше және авариялық жағдайлар кезінде іс-қимыл жасау жоспарын әзірлеуге міндетті.
345-бап. Қауіпті қалдықтарды тасу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қауіпті қалдықтарды тасу барынша азайтылуға тиіс.
2. Қауіпті қалдықтарды мынадай жағдайларда:
1) тасу мақсатында қауіпті қалдықтардың тиісті қаптамасы мен таңбалануы болса;
2) арнайы жабдықталған және арнайы белгілермен жарақталған көлік құралдары болса;
3) қауіпті қалдықтар паспорты және тасылатын қауіпті қалдықтардың көлемі, оларды тасу мақсаты мен межелі орны көрсетілген қауіпті қалдықтарды тасуға және беруге арналған құжаттама болса;
4) қауіпті қалдықтарды тасу кезіндегі, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарын орындауға қойылатын қауіпсіздік талаптары сақталса, тасуға жол беріледі.
3. Тасу мақсатында қауіпті қалдықтарды қаптау және таңбалау тәртібі Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасында белгіленеді.
4. Қауіпті қалдықтарды көлік құралдарында тасу тәртібі, тиеу-түсіру жұмыстарын орындауға қойылатын талаптар және экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі басқа да талаптар көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісілген нормалар мен қағидаларда айқындалады.
5. Қауіпті қалдықтар көлік құралына тиелген, оларды қауіпті қалдықтарды тасуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға қабылдап алған кезден бастап оларды белгіленген жерде көлік құралынан түсіргенге дейін осындай қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу үшін осындай көлік құралы тиесілі көлік ұйымы немесе тұлға жауапты болады.
346-бап. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау
1. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясына (бұдан әрі - Базель конвенциясы) және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған өзге де халықаралық шарттарға сәйкес қауіпті деп танылатын қалдықтар тобы осы баптың мақсаты үшін қауіпті қалдықтар деп есептеледі.
2. Қауіпті және басқа да қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу Базель конвенциясының, Қазақстан Республикасы ратификациялаған өзге де халықаралық шарттардың және Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары сақтала отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Қауіпті қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы трансшекаралық тасымалдау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Қорытынды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысан бойынша шығарылады.
4. Қауіпті қалдықтарды Қазақстан Республикасының аумағынан Базель конвенциясына қатысушы мемлекеттерге және ұлттық заңнамасының шеңберінде қауіпті қалдықтарды импорттауға тыйым салған дамушы елдерге, сондай-ақ егер осындай қалдықтарды пайдалану экологиялық негізделген түрде жүзеге асырылмайды деп пайымдауға негіз болса, экспорттауға тыйым салынады. Бұдан басқа, қауіпті қалдықтарды оңтүстік ендіктен 60 градус оңтүстікке қарай орналасқан елдерге жою үшін экспорттауға тыйым салынған.
5. Қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау кезінде осындай қалдықтардың иелері белгіленіп отырған қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауға қатысты мұндай тасымалдаудың қоршаған ортаға, адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына ықтимал салдарлары көрсетілетін ақпаратты мүдделі мемлекеттерге беруге міндетті.
6. Қауіпті қалдықтар трансшекаралық тасымалдау кезінде қаптау, таңбалау және тасу саласында жалпыға бірдей қабылданған халықаралық қағидалар мен нормаларға сәйкес қапталуға, таңбалануға және тасылуға тиіс.
7. Қауіпті қалдықтарды одан әрі қалпына келтіру мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкету Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мемлекеттік орган беретін лицензия негізінде жүзеге асырылады.
8. Жеке тұлғалардың қауіпті қалдықтарды жеке пайдалануы үшін (коммерциялық емес мақсатта) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуіне және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуіне тыйым салынады.
9. Қауіпті қалдықтарды көму және залалсыздандыру мақсатында оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге тыйым салынады.
10. Егер Қазақстан Республикасының аумағына бірреттік өнімді әкелу басқарылуы жоғары экологиялық тәуекелмен ұштасқан немесе экономикалық тұрғыдан орынсыз болатын қалдықтардың түзілуіне алып келетін болса, ондай әкелу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша шектелуі немесе оған толық тыйым салынуы мүмкін.
11. Пайдаланылу нәтижесінде залалсыздандыру және қалпына келтіру үшін Қазақстан Республикасында жұмыс істеп тұрған объектілердің осындай операцияларды жүзеге асыруға жеткілікті қуаттылығы жоқ қауіпті қалдықтар түзілетін өнімді Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге тыйым салынады.
12. Пайдаланылу нәтижесінде Қазақстан Республикасының жойылуы қиын органикалық ластағыш заттар туралы халықаралық шарттарында белгіленген, жойылуы қиын органикалық ластағыш заттарды қамтитын қалдықтар түзілетін өнімді өндіруге және Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге тыйым салынады.
347-бап. Қауіпті қалдықтарды есепке алу
1. Қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар, қауіпті қалдықтарды түзушілер, қауіпті қалдықтарды жинау, тасу және (немесе) залалсыздандыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері қалдықтардың көлемін, түрін, шығу тегін, межелі пункттерін, қауіпті қалдықтарға қатысты көзделген жинау жиілігін, тасу әдісін және жұмыс істеу әдісін хронологиялық есепке алуды жүзеге асыруға және осы ақпаратты осы баптың 3-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беруге міндетті.
2. Қауіпті қалдықтарды тасу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінде кемінде он екі ай сақталуға тиісті есепке алу жазбаларын қоспағанда, қауіпті қалдықтар бойынша есепке алу жазбалары кемінде бес жыл сақталуға тиіс.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар қауіпті қалдықтарды түгендеу жөніндегі есепті жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан 1 наурызына дейінгі жағдай бойынша электрондық нысанда ұсынуға міндетті.
4. Қауіпті қалдықтарды басқару жөніндегі операцияның аяқталғанын құжаттамалық растауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның немесе қалдықтардың бұрынғы иесінің сұратуы бойынша осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалар ұсынуға тиіс.
5. Қалдықтарды басқару саласындағы бастапқы статистикалық деректерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы осы Кодекстің 384-бабында айқындалатын тәртіппен қалдықтарды басқаруды жүзеге асыратын тұлғалар ұсынатын есептілік негізінде қалдықтардың мемлекеттік кадастрындағы мәліметтерге сәйкес қалыптастырады және олар Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сәйкес статистика жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.
25-тарау. ҚАЛДЫҚТАРДЫ КӨМУ ПОЛИГОНДАРЫ
348-бап. Қалдықтарды көму полигондары туралы жалпы ережелер
Қалдықтарды көму полигоны (бұдан әрі - полигон) деп экологиялық, құрылыс және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетін, қалдықтар алу ниетінсіз тұрақты орналастырылатын арнайы жабдықталған орын түсініледі.
349-бап. Полигондардың сыныптары
1. Әрбір полигон мынадай сыныптардың біріне жатқызылуға тиіс:
1-сынып - қауіпті қалдықтар полигоны;
2-сынып - қауіпті емес қалдықтар полигоны;
3-сынып - тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны.
2. Әртүрлі сыныптағы полигондарда көму үшін қалдықтар түрінің тізбелерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
3. Қауіпті емес қалдықтар полигондарында қауіпті қалдықтарды көмуге тыйым салынады.
350-бап. Полигондарға қойылатын экологиялық талаптар
1. Қалдықтарды қоныстану аумақтарының шегінде, орман-саябақ, курорттық, емдеу-сауықтыру, рекреациялық және су қорғау аймақтарының аумағында, ауызсумен және шаруашылық-ауызсумен жабдықтау мақсатында пайдаланылатын жерасты су объектілерінің су жинау алаңдарында, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілеріне жатқызылған аумақтарда көмуге тыйым салынады.
2. Егер пайдалы қазбалар жатқан жерлердің ластануына және тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайларда қалдықтарды пайдалы қазбалар жатқан және тау-кен жұмыстары жүргізілетін жерге көмуге тыйым салынады.
3. Қауіпті емес қалдықтар ғана алдын ала өңдеусіз көмілуі мүмкін.
4. Қауіпті қалдықтар көмілгенге дейін залалсыздандыруға, тұрақтандыруға және осындай қалдықтардың қауіпті қасиеттерін азайтатын немесе болғызбайтын басқа да әсер ету тәсілдеріне ұшырауға тиіс.
5. Тұрмыстық қатты қалдықтарды алдын ала сұрыптамай көмуге тыйым салынады.
6. Қалдықтарды белгілі бір сыныпты полигонда көмуге қабылдау өлшемшарттары мынадай талаптарды:
1) қоршаған ортаны (әсіресе, жерасты және жерүсті суларын) және адамдардың денсаулығын қорғауды;
2) полигон шегінде қалдықтарды тұрақтандыру тәсілдерін қамтамасыз етуді;
3) қабылданатын қалдықтардың сапалық құрамын қамтамасыз етуді;
4) қабылданатын қалдықтардың көлемі бойынша шектеуді және олардың органикалық құрамдастарының биологиялық деградациялану қабілетінің болуы;
5) қорғау өлшемшарттарына сәйкес ықтимал қауіпті құрамдастарды көлемі бойынша шектеуді;
6) қалдықтар мен түзілетін сүзіндінің экоуыттылық қасиеттерін төмендетуді қамтиды.
7. Қалдықтарды жинақтауға немесе көмуге арналған арнайы белгіленген орындардан тыс қалдықтарды жинап қоюға тыйым салынады.
8. Әрбір полигон олардың қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуінің алдын алу үшін депонирленген қалдықтарда түзілетін сүзінділер мен сарқынды суларды мониторингтеу жүйесімен жабдықталуға тиіс.
Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондары шығарындыларды (қоқыс газын) мониторингтеу жүйесімен де жабдықталуға тиіс.
9. Тұрмыстық қатты қалдықтардың полигондары сүзінді мен қоқыс газын жинауға және бұруға арналған жүйелермен жабдықталуға тиіс. Сүзінді мен қоқыс газын жинауға және бұруға арналған жүйелерді жобалауға, салуға және пайдалануға қойылатын талаптар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерде, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген ұлттық стандарттарда белгіленеді.
10. Жаңадан салынып жатқан тұрмыстық қатты қалдықтардың полигондары сүзуге қарсы экранмен жабдықталуға тиіс. Сүзуге қарсы экрандарды жобалауға және салуға қойылатын талаптар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерде белгіленеді және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің орындауы үшін міндетті.
11. Полигонда көмуге арналған қалдықтардың көлемі мен қауіпті қасиеттері олар полигондарға түскенше азайтылуға тиіс.
12. Полигон операторы биологиялық ыдырайтын қалдықтарды көму көлемін азайту және қоқыс газын жинау және кәдеге жарату жүйелерін орнату жолымен полигонда метан шығарындыларын азайту бойынша шаралар қабылдауға тиіс.
Анаэробты немесе аэробты ыдырауға ұшырай алатын қалдықтар, оның ішінде бақтар мен саябақтар қалдықтары, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі қалдықтарымен салыстыруға болатын тамақ қалдықтары, макулатура биологиялық ыдырайтын қалдықтар деп түсініледі.
13. Полигон операторы қалдықтарды сыныптау негізінде оларды қабылдаудың біріздендірілген рәсімін әзірлеуге тиіс.
14. Полигонда жұмыстарды ұйымдастыру полигонды салу жобасының құрамында әзірленетін полигонды пайдаланудың технологиялық схемасында айқындалады және қоршаған ортаны қорғауды, механикаландыру құралдарының барынша өнімділігін және қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуге тиіс.
15. Жұмыстарды жоспарлаудың негізгі құжаты қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген полигонды пайдалану графигі болып табылады.
16. Қалдықтар полигонының жобасында оны жабу, жерлерді рекультивациялау, қоршаған ортаға әсер етуіне мониторинг жүргізу және полигон жабылғаннан кейін ластануды бақылау үшін тарату қорын құру көзделуге тиіс.
Тарату қорын полигон операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларда белгіленген тәртіппен қалыптастырады.
Тарату қорынсыз қалдықтар полигонын пайдалануға тыйым салынады.
17. Полигондарда қалдықтарды орналастыруға және полигондарды ұстауға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
351-бап. Полигондар үшін қолайсыз қалдықтар
1. Полигондарда көму үшін мынадай қалдықтарды:
1) сұйық нысандағы кез келген қалдықтарды (сұйық қалдықтарды);
2) полигон жағдайында жарылғыш, коррозиялық, тотығатын, өрт қауіптілігі жоғары немесе өрт қауіпті болып табылатын қауіпті қалдықтарды;
3) сумен реакцияға түсетін қалдықтарды;
4) медициналық қалдықтарды;
5) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес айқындалған биологиялық қалдықтарды;
6) рекультивациялау кезiнде тұрақтандырушы материал ретiнде қолданылуын қоспағанда, пайдаланылған тұтастай шиналар және олардың фрагменттерін;
7) құрамында жойылуы қиын органикалық ластағыштар бар қалдықтарды;
8) пестицидтерді;
9) қабылдау өлшемшарттарын қанағаттандырмайтын қалдықтарды;
10) пластмасса, пластик және полиэтилен қалдықтарын, полиэтилентерефталат қаптаманы;
11) макулатураны, картон мен қағаз қалдықтарын;
12) құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды;
13) шыны ыдысты:
14) шыны сынықтарын;
15) түсті және қара металдар сынықтарын;
16) литий, қорғасын-қышқылды батареяларды;
17) электрондық және электр жабдықтарын;
18) пайдаланудан шыққан көлік құралдарын;
19) құрылыс қалдықтарын;
20) тамақ қалдықтарын қабылдауға тыйым салынады.
2. Қабылдау өлшемшарттарын орындау мақсатында қалдықтарды араластыруға тыйым салынады.
3. Тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарында қалдықтарды осы баптың 1-тармағының 6), 10), 11), 12), 13), 14), 15), 16) және 17) тармақшаларында көрсетілген түрлер бойынша міндетті түрде сұрыптау көзделуге тиіс. Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген ұлттық стандарттар сақтала отырып жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талапты орындау қамтамасыз етілмейтін тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын пайдалануға тыйым салынады.
4. Жергілікті атқарушы органдар биологиялық ыдырайтын қалдықтардың көмілуін қысқартуға ынталандыру жөніндегі іс-шараларды, оған қоса оларды қайта өңдеу, атап айтқанда компостерлеу және кәдеге жарату әдісімен, оның ішінде биогаз және (немесе) энергия өндіру мақсатында қайта өңдеу жөніндегі шараларды ұйымдастырады.
Биологиялық ыдырайтын қалдықтарды компостерлеу экологиялық және санитариялық-гигиеналық талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
352-бап. Тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыруға арналған полигондарда орналастыруға тыйым салынатын өнеркәсіптік қатты және шлам тәрізді қалдықтар
Тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыруға арналған полигондарда мынадай өнеркәсіптік қатты және шлам тәрізді қалдықтарды орналастыруға тыйым салынады:
1) хлор өндіру жөніндегі химия өнеркәсібінің қалдықтары:
синтетикалық каучук, хлор, каустик өндірісінің құрамында сынап және оның қосылыстары бар графитті шламы;
метанол, органикалық шыны өндірісінің құрамында метанол бар қалдықтары;
монохлорсірке қышқылы тұздары өндірісінің құрамында гексахлоран, метанол, трихлорбензол бар шламдары;
ДДТ, уротропин, цинеб, мыс трихлорфеноляты, тиурам-Д тасымалдау үшін пайдаланылған қағаз қаптар;
мыс трихлорфеноляты өндірісінің құрамында трихлорфенол бар шламдары;
пластополимерлер өндірісінің құрамында бензол мен дихлорэтан бар пайдаланылған катализаторлары;
құрамында хлоропрен бар коагулюм және омега полимерлері;
трихлорбензолдың, тыңайтқыштар өндірісінің құрамында гексахлоран, трихлорбензол бар қалдықтары;
2) хром қосылыстарын өндіру жөніндегі химия өнеркәсібінің қалдықтары:
натрий монохроматы мен хлорлы натрий өндірісінің шламы, калий бихроматы өндірісінің құрамында алты валентті хром бар қалдықтары;
3) сода өндіру жөніндегі өнеркәсіптің құрамында мырышы бар мырыш күйігі қалдықтары;
4) жасанды талшық өндірісінің қалдықтары:
құрамында диметилтерефталат, терефтал қышқылы, мырыш, мыс бар шламдар;
капролактамды сүзуден қалған, құрамында капролактам бар қалдықтар;
метанолиз қондырғысының құрамында метанол бар қалдықтары;
5) лак-бояу өнеркәсібінің қалдықтары:
лак және эмаль қабықтары, жабдықты тазалау кезіндегі құрамында мырыш, хром, еріткіштер, тотықтырғыш майлар бар қалдықтар;
құрамында мырыш пен магний бар шламдар;
6) химия-фотография өнеркәсібінің қалдықтары:
гипосульфит және сусыз сульфит өндірісінің құрамында фенол бар қалдықтары;
магнитті лактың, коллодийдің, бояулардың құрамында бутилацетат, толуол, дихлорэтан, метанол бар қалдықтары;
7) пластмасса өндірісінің құрамында фенол бар қалдықтары;
8) азот өнеркәсібінің қалдықтары:
коксты газды тазалау қондырғысынан алынған шлам (шайырлар) және синтез және компрессия цехының құрамында канцерогенді заттар бар пайдаланылған майлары;
моноэтаноламинді айдаудан қалған, құрамында моноэтаноламин бар текшелі қалдық;
9) мұнай өңдеу және мұнай-химия өнеркәсібінің қалдықтары:
майларды, парафинді тазартудан қалған, құрамында хром мен кобальт бар алюмосиликатты адсорбент;
құрамында отыз пайыздан астам күкірт қышқылы бар қышқыл гудрондар;
кокс алудың және жартылай коксты газдандырудың құрамында фенол бар фустары мен фусты-шайырлы қалдықтары;
құрамында хром бар пайдаланылған катализаторлар;
құрамында май бар пайдаланылған саз;
алкилфенолды құю қондырғыларынан алынған сүзу процесінің құрамында мырыш бар қалдықтары;
10) машина жасау қалдықтары:
құрамында хром бар ағындылардың хромды шөгіндісі;
құрамында циан бар ағындылардың цианды шөгіндісі;
органикалық байланыстырғыштағы құрамында хром бар стерженьді қоспалар;
вакуумды сүзгілерден, гальвандық цехтарды бейтараптандыру станцияларынан кейінгі құрамында мырыш, хром, никель, кадмий, қорғасын, мыс, хлорофос, тиокол бар шөгінді;
11) фармацевтикалық өнеркәсіп қалдықтары:
синтомицин өндірісінің құрамында бром, дихлорэтан, метанол бар қалдықтары;
12) байыту қалдықтары мен құрамында ауыр металл тұздары бар шламдар.
353-бап. Қауіпті қалдықтар полигондарына арналған жалпы талаптар
1. Қауіпті қалдықтарды көмуге арналған полигонның орналасқан жері:
1) қауіпті қалдықтар полигоны шекарасынан тұрғын және рекреациялық аймақтарға, су объектілеріне, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мен елді мекендерге дейінгі қашықтыққа;
2) жерасты, жерүсті суларының және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың болуына;
3) геологиялық және гидрогеологиялық жағдайларға;
4) учаскедегі су басу, ойысу, шөгу немесе сел жүру қатеріне;
5) мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін қорғауға қатысты талаптарға сәйкес келуге тиіс.
2. Қауіпті қалдықтар полигонының сипаттамаларына және метеорологиялық жағдайларға қарай:
1) полигон бойына судың кенеттен келуін бақылау;
2) қалдықтарды көму орнына жерүсті және (немесе) жерасты суларының келуін болғызбау;
3) сарқынды сулар үшін белгіленетін жол берілетін төгінді нормативтеріне дейін ластанған су мен сүзіндіні жинау және тазалау көзделуге тиіс.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қоқыс газын жинау, тазалау және пайдалану қоқыс газын түзуге қабілетті емес қауіпті қалдықтарды көму жүргізілетін полигондарды қоспағанда, қоршаған ортаға залалды немесе оның жай-күйінің нашарлауын және адамдардың денсаулығына тәуекелді барынша азайтатын тәсілмен жүргізілуге тиіс.
4. Полигон операторы:
1) иістер мен шаңның таралуын;
2) желмен таралатын материалдарды, қосылыстар мен аэрозольдерді;
3) шу мен қозғалысты;
4) құстарды, паразиттерді және жәндіктерді;
5) өртті барынша азайту үшін шаралар қабылдауға тиіс.
5. Қауіпті қалдықтар полигоны учаскедегі ластың қоғамдық жолдар мен жақын маңдағы аумаққа шығарылуын болғызбайтындай етіп жабдықталуға тиіс.
6. Полигон бөгде адамдардың еркін кіруінен қорғалуға тиіс. Бақылау және әрбір техникалық құралға қол жеткізу жүйесінде осындай құралдардың заңсыз пайдаланылуын байқайтын және оған кедергі келтіретін шаралар бағдарламасы қамтылуға тиіс.
7. Қауіпті қалдықтар полигонын басқаруды полигонды пайдалануға арналған техникалық құралдары бар және осындай полигон жұмыскерлерін кәсіптік техникалық даярлау мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлғалар жүзеге асырады.
8. Жол берілетін әсер ету деңгейі полигон жобасының негізінде полигон орналасқан жердегі өзіндік ерекшелігі бар гидрогеологиялық жағдайлар ескеріле отырып, қалдықтарды көмуге экологиялық рұқсатта айқындалуға тиіс.
9. Полигонға Қазақстан Республикасы қалдықтарының мемлекеттік кадастрына енгізілген жеке тіркеу нөмірі беріледі. Полигон операторы полигонға қабылданатын қалдықтарды есепке алуды жүргізуге арналған құжат айналымы жүйесін әзірлеуге тиіс.
354-бап. Қалдықтарды қабылдау рәсімдері
1. Қалдықтарды полигонға тапсыратын қалдықтардың меншік иелері полигонның операторына қалдықтарды белгілі бір түрге жатқызуды растайтын олардың сапалық және сандық сипаттамалары туралы анық ақпаратты, ал қауіпті қалдықтарға қатысты - қауіпті қалдықтар паспортының көшірмесін қосымша беруге міндетті.
2. Полигон операторларының осы полигонға көмуге рұқсат етілген және көму құқығы экологиялық рұқсатпен расталатын қалдық түрлерін ғана полигонға көму үшін қабылдауға құқығы бар.
3. Полигон операторы қалдықтарды қабылдау кезінде:
1) қауіпті қалдықтар паспортын қоса алғанда, қалдықтарға құжаттаманы тексеруді;
2) қалдықтар түскен кезде оларды көзбен шолып қарап-тексеруді;
3) қалдықтардың меншік иесі ұсынған құжаттамадағы сипаттамамен қабылданатын қалдықтарды салыстыруды;