1. Жалпы аварияны бөлудi талап ететiн тарап мәлiмделген зияндар шын мәнiнде жалпы авария деп танылуға тиiс екенiн дәлелдеуге мiндеттi.
2. Диспаша жасауда мүдделерi қозғалуы мүмкiн тұлға диспашерге теңiздегi ортақ iс аяқтағанға дейiн бір жыл iшiнде өтеудi талап ететiн ысыраптары немесе шығыстары туралы жазбаша нысанда өтiнiш бередi.
Мұндай өтiнiш берiлмеген немесе мұндай өтiнiш туралы сұрау салудан кейiн он екi ай iшiнде тұлға мәлiмделген талапты негiздеу мақсатында дәлелдемелердi не мүлiктiң құны туралы деректердi табыс етпеген жағдайда, диспашер өзiнде бар ақпарат негiзiнде диспаша жасауға құқылы. Бұл орайда диспашаға оның көрiнеу дұрыс болмауы негiзiнде ғана дау туғызылуы мүмкiн.
3. Диспаша жасалып жатқан кезде шешу үшiн арнаулы білімдер (кеме жүргiзу, кеме жасау, кемелердi жөндеу, кемелер мен жүктердi бағалау, сондай-ақ өзге де арнаулы білiмдер) талап етiлетiн мәселелер туындаған жағдайда, диспашер өзi тағайындаған сарапшыға тиiстi қорытынды дайындауды тапсыруға құқылы. Мұндай қорытындыны диспашер басқа дәлелдемелермен қатар бағалайды.
4. Диспаша жасаудың негiзiне алынған материалдар танысу үшiн ашық болуға тиiс және диспашер мүдделi тұлғалардың талап етуi бойынша оларға материалдар деректерiнiң куәландырылған көшiрмелерiн солардың есебiнен беруге мiндеттi.
166-бап. Диспаша жасау үшiн алым
Диспаша жасалғаны үшiн алым алынады, ол диспашаға енгiзiлiп, барлық мүдделi тұлғалардың арасында олардың жалпы аварияға қатысу үлесiне бара-бар бөлiнедi.
167-бап. Диспашаны түзету және оған дауласу
1. Диспашалар тiзiлiмiнде диспаша тiркелгеннен кейiн ондағы есептеулерден табылған қателердi диспашер өз бастамасымен немесе араларында жалпы авария бөлiнген тұлғалардың өтiнiшi бойынша диспашаға оның құрамдас бөлiгi болып табылатын қосымша (аддендум) жасау арқылы түзетуi мүмкiн.
2. Араларында жалпы авария бөлiнген тұлғалар диспаша немесе оған аддендум алынған күннен бастап алты ай iшiнде, бұл туралы диспашерге оған талап-арыздың көшiрмесiн жiберу арқылы мiндеттi түрде хабарлай отырып, диспашерге сотта дау айта алады.
3. Диспашер сотта диспаша туралы даудың қаралуына қатысуға және iстiң мәнi бойынша түсiнiктеме беруге құқылы немесе, егер талап етiлсе, міндеттi.
4. Диспаша туралы дауды қарайтын сот диспашаны күшiнде қалдыруы, оған өзгерістер енгізуi немесе оның күшiн жойып, диспашерге сот шешiмiне сәйкес жаңа диспаша жасауды тапсыруы мүмкiн.
168-бап. Диспашаның орындалуы
Осы Заңның 167-бабының 2-тармағында көзделген мерзiмде диспашаға дау айтылмаған немесе дау айтылып, бірақ сот күшiнде қалдырған жағдайда, ол бойынша өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiлуi мүмкiн.
17-тарау. Кемелер соқтығысқан жағдайда
зиянды өтеу
169-бап. Кемелердiң соқтығысуынан келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiк
1. Кемелердiң соқтығысуынан келтiрген зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен өтеледi.
2. Кемелердiң соқтығысуы лоцманның кiнәсiнен, соның iшiнде мiндеттi лоцмандық алып өту кезiнде болған жағдайда жауапкершiлiк нақ сол тәртiппен анықталады.
3. Кемелердiң соқтығысуы екi немесе одан да көп тараптың кiнәсiнен болған жағдайда, келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiк олардың әрқайсысы кiнәсiнiң деңгейiне мөлшерлес анықталады. Тараптардың әрқайсысы кiнәсiнің деңгейiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайда, соқтығысудың мән-жайлары негiзге алына отырып, жауапкершiлiк олардың арасында тең бөлiнедi.
4. Кеме иелерi зардап шегушiлер немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес зиянды өтеттiруге құқығы бар адамдар алдында азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн ортақ жауапкершiлiкте болады.
Келтiрiлген зиянды бірлесiп өтеген кеме иесi зардап шегушiге зиян келтiрушiлердің әрқайсысынан осы зиян келтiрушi кiнәсiнің деңгейiне сәйкес келетiн мөлшерде зардап шегушiге төленген өтем үлесiн талап етуге құқылы.
170-бап. Жауапкершiлiктi жоққа шығаратын мән-жайлар
1. Кемелердің соқтығысуы кездейсоқ соқтығысу, еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан соқтығысу жағдайында зиян келтiрiлуiне тараптардың кiнәсi болмаған немесе соқтығысу себептерiн анықтау мүмкiн болмаған жағдайда тараптардың бірде-біреуiнiң зиянның өтелуiн талап етуге құқығы жоқ. Мұндай жағдайда тараптардың әрқайсысы өзi келтiрген зиянға тәуекел етедi.
2. Кемелер немесе олардың бірi соқтығысу кезiнде зәкiрде тұрған немесе өзге бір әдiспен бекітілген жағдайда да осы баптың 1-тармағында белгiленген ережелер қолданылады.
18-тарау. Қауіпті жүктерді тасымалдаудан және
теңіздің кемелерден аққан мұнаймен
ластануынан келтірілген залал үшін
жауапкершілік
171-бап. Кеме иесiнiң жауапкершiлiгi
1. Осы Заңның 175-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеме иесi қауiптi жүктi тасымалдау салдарынан және (немесе) теңiздiң кемеден аққан мұнаймен ластануынан оқыс жағдай туындаған кезден бастап зардап шегушi тұлғаға келтiрiлген зиян мен залал үшiн жауапты болады.
2. Мыналар:
1) қауiптi жүктің кемеде және кеме сыртында азаматтың өмiрi мен денсаулығына зиян келтiруi;
2) қауiптi жүктiң салдарынан мүлiктiң кемеде немесе кеме сыртында жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi);
3) қауiптi жүк келтiрген, қалпына келтiру шараларына жұмсалатын шығыстармен шектелген қоршаған ортаның ластануынан болған залалдар, сондай-ақ осындай залал келтiрiлуi салдарынан қолдан шығып кеткен тиiмдiлiк;
4) ескерту шараларына жұмсалған шығыстар және кейiннен осындай шаралар келтiрген залал қауiптi жүктердi тасымалдауға байланысты залал болып табылады.
3. Мыналар:
1) мұнайдың ағуы немесе төгiлуi қай жерде болса да, кемеден мұнайдың ағуы немесе төгiлуi салдарынан болған кеме сыртындағы ластанудан келтiрiлген, қалпына келтiру шараларына жұмсалатын шығыстармен шектелген залал, сондай-ақ осындай залал келтiрiлуi салдарынан қолдан шығып кеткен тиiмдiлiк;
2) алдын алу шараларына жұмсалған шығыстар және кейiннен осындай шаралар келтiрген залал жүк немесе өз отыны ретiнде тасымалданатын кемеден аққан мұнайдың теңiздi ластауынан келтiрiлген залал болып табылады.
172-бап. Екi немесе одан да көп кеме иелерiнiң ортақ жауапкершiлiгi
Екi немесе одан да көп кеме қатысқан оқыс жағдай салдарынан ластанудан залал келтiрiлген ретте, оқыс жағдайға қатысы бар барлық кеме иелерi, егер мұндай кеме иелерi осы Заңның 175-бабының негiзiнде жауапкершiлiктен босатылмаса, ластанудан болған барлық залал үшiн ортақ жауапкершiлiкте болады.
173-бап. Кеме иесiнiң толық жауапкершiлiгi
Кеме иесi, егер:
1) ластанудан болған залал оның қасақана немесе өрескел абайсыздықтан жасаған әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) салдарынан болғаны дәлелденсе;
2) ол осы Заңның 176-бабында көзделген жауапкершiлiктi шектеу қорын құру жөніндегі талапты орындамаған болса, толық көлемiнде жауапты болады.
174-бап. Кеме иесiнiң жауапкершiлiгiн шектеу
1. Кеме иесiнiң қауiптi жүк тасымалдауға байланысты жауапкершiлiгiнiң мөлшерi бір оқыс жағдайға қатынасы бойынша жалпы сомамен шектеледi, ол мынадай тәртiппен есептеп шығарылады:
1) сыйымдылығы екi мың тоннадан аспайтын кеме үшiн он миллион есептiк бірлiк;
2) сыйымдылығы екi мың тоннадан асатын кеме үшiн осы тармақтың 1) тармақшасында аталған сомаға сыйымдылығы әрбір келесi тоннасы үшiн, жалпы сомасы жүз миллион есептiк бірлiктен аспайтын жағдайда:
екi мың бір тоннадан елу мың тоннаға дейiн - бір жарым мың есептiк бірлiк;
елу мың тоннадан астам - үш жүз алпыс есептiк бірлiк қосылады.
2. Кеме иесi бір оқыс жағдайға қатынасы бойынша теңiздiң мұнаймен ластануынан келтiрiлген залал үшiн өз жауапкершiлiгiн кеме сыйымдылығының әрбір тоннасына шаққандағы бір жүз отыз үш есептiк бірлiктiң жалпы сомасымен шектеуге құқылы. Бұл орайда жалпы сома он төрт миллион есептiк бірлiктен аспауы керек.
175-бап. Кеме иесiнiң жауапкершiлiктен босатылуы
1. Егер залал:
1) соғыс қимылдарының, дүлей зiлзалалардың салдарынан;
2) үшiншi тұлғалардың қасақана әрекетiнен (әрекетсiздiгiнен);
3) кеме сыртындағы навигациялық құралдардың тиiсiнше жұмыс iстемеу салдарынан келтiрiлгенiн дәлелдесе, кеме иесi қауiптi жүктердi тасымалдаудан және теңiздің мұнаймен ластануынан келтiрiлген зиян үшiн жауапты болмайды.
2. Кеме иесi, зардап шеккен тұлғаның қасақана немесе өрескел абайсыздығынан залал келтiрiлгенiн дәлелдеген жағдайда зиянды өтеу мөлшерi кемiтiлуi мүмкiн немесе зиянды өтеуден бас тартылуы мүмкін.
3. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда өтеуден толық бас тартуға жол берiлмейдi.
176-бап. Жауапкершiлiктi шектеудің мiндеттi қоры
1. Қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде және (немесе) теңiздiң кемеден аққан мұнаймен ластануынан келтiрiлген зиянды өтеу жөніндегі мiндеттемелерiн орындау үшiн кеме иесi өз жауапкершiлiгiнің шегiне тең жалпы сомада жауапкершiлiктi шектеу қорын құруға мiндеттi.
Жауапкершiлiктi шектеу қоры өзiнен шығасы ақшаны сот атына депозит жағдайларында орналастыру немесе банк кепілдiгiн беру не сот жеткiлiктi деп таныған өзге де қаржылық қамтамасыз ету арқылы құрылуы мүмкiн.
2. Кеме иесiнің қауiптi жүктердi тасымалдаудан және теңiздiң кемеден аққан мұнаймен ластануынан келтiрiлетiн залалды болғызбау немесе азайту жөніндегі шығыстары оған жауапкершiлiктi шектеу қорына қатысты басқа кредиторларда қандай құқықтар болса, сондай құқықтар бередi.
3. Сақтандырушының немесе мiндеттемелердi қаржымен қамтамасыз етiп берушi тұлғаның не кеме иесiнiң осы бапта көзделген ережелерге сәйкес жауапкершiлiктi шектеу қорын құруға құқығы бар. Қордың құрылуы кеме иесiне қатысты зардап шегушiнің құқығына қолданылмайды.
4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес құрылған жауапкершiліктi шектеу қорына осы Заңның 202-бабында жауапкершiлiктi шектеу қорын бөлу туралы белгiленген ережелер қолданылады.
Азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген залалды өтеу жөніндегі талаптар басқа талаптар алдында мұндай талаптардың жиынтық сомасы осы Заңның 174-бабының 1-тармағында белгiленген жалпы сомадан аспайтын шамада басымдықпен қанағаттандырылуға тиiс.
5. Кеме иесi жауапкершiлiктi шектеу қорын құрған жағдайда залалды өтеу туралы талаптар бойынша өндiрiп алуды кеме иесiнiң өзге мүлкiне қолдануға жол берiлмейдi. Бұл орайда соттың қауiптi жүктердi тасымалдау мен теңiздің кемеден аққан мұнаймен ластануынан келтiрiлген залалды өтеу туралы талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдануына, оның iшiнде тыйым салуына болмайды.
177-бап. Жауапкершiлiктi сақтандыру немесе қаржымен қамтамасыз ету
1. Қауiптi жүк, сондай-ақ екi мың тоннадан астам мөлшерде мұнай тасымалдаушы кеме иесi ластау үшiн жауапкершiлiк тәуекелiн сақтандыруға не Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шартта көзделген мiндеттемелердiң орындалуын осы Заңның 174-бабына сәйкес анықталатын ластаудан болған залал үшiн жауапкершiлiк мөлшерiнде қаржымен қамтамасыз етiп беруге мiндеттi.
2. 2005.02.06. № 55-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
3. Кеменiң бортында жауапкершiлiктiң сақтандырылуын немесе қаржымен қамтамасыз етiлуiн растайтын куәлiктiң болуы мiндеттi. Куәлiктi, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен кеменi мемлекеттік тiркеу органы бередi.
178-бап. Ластанудан келтiрiлген зиянды өтеу туралы талап қою
1. Кеме иесiне, сақтандырушыға немесе кеме иесi мiндеттемелерiнiң орындалуын қаржымен қамтамасыз етiп берген тұлғаға ластанудан келтiрiлген зиянды өтеу туралы талап қоюы Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Сотта жауапкер ретiнде болатын сақтандырушы немесе кеме иесi мiндеттемелерiнiң орындалуын қаржымен қамтамасыз етiп берген тұлға, банкроттық және таратылу жағдайларын қоспағанда, соттың iс қарауы барысында кеме иесi жасайтын кез келген қарсылықты табыс етуге құқылы. Ластанудан болған залалды қасақана әрекеттер салдарынан кеме иесi келтiрген жағдайда, сот кеме иесiн тең жауапкер ретiнде тартуы мүмкiн.
19-тарау. Кемелерді және басқа да
мүлікті құтқару
179-бап. Құтқару туралы шарттар
Кеме капитанының кеме иесi атынан құтқару операцияларын жүзеге асыру үшiн құтқару туралы шарттар жасасуға құқығы бар. Кеме капитанының немесе кеме иесiнiң мұндай шарттарды кеме бортындағы мүлiк иесiнiң атынан жасасуға құқығы бар.
180-бап. Шарттардың жарамсыздығы немесе олардың өзгертiлуi
Шарт немесе оның кез келген талаптары, егер:
1) шарт қауiптiң шамадан тыс әсерiмен немесе ықпалымен жасалып, оның талаптары әдiлетсiз болса;
2) шартта көзделген ақы нақты көрсетiлген қызметтерге қатысты шамадан тыс жоғары немесе төмен болса, жарамсыз деп танылуы немесе өзгертiлуi мүмкiн.
181-бап. Құтқарушының, кеме иесiнiң және кеме капитанының мiндеттерi
1. Қауiптi жағдайда тұрған кеме иесiне немесе қауiптi жағдайда тұрған басқа да мүлiк иесiне қатысты құтқарушы:
1) құтқару операцияларын iстiң мән-жайлары бойынша қамқорлықпен және сақтықпен жүзеге асыруға;
2) қоршаған ортаға залалды болғызбау немесе азайту жөнiнде шаралар қолдануға;
3) iстiң мән-жайларынан туындаған қажеттiлiк кезiнде басқа құтқарушылардан көмек сұрауға;
4) қауiптi жағдайда тұрған кеменiң капитаны немесе оның иесi не қауiптi жағдайда тұрған басқа да мүлiктiң иесi басқа құтқарушылардың қатысуын талап еткен кезде, егер бұл құтқарушы сыйақысының мөлшерiне әсер етпейтiн болса, және мұндай талап заңсыз деп танылмайтын болса, оған келiсуге мiндеттi.
2. Қауiптi жағдайда тұрған кеменiң капитаны және оның иесi немесе қауiптi жағдайда тұрған басқа да мүлiктiң иесi құтқарушыға қатысты:
1) құтқару операциялары барысында онымен ынтымақтасуға;
2) қоршаған ортаға залалды болғызбау туралы немесе азайту туралы тиiстi қамқорлық көрсетуге;
3) кеме немесе басқа да мүлiк қауiпсiз орынға жеткiзiлгеннен кейiн, егер мұны құтқарушы талап етсе, оны қабылдауға мiндеттi.
182-бап. Сыйақы төлеу шарттары
1. Мүдделi тұлға үшiн оң нәтижеге жеткiзiп, құтқару операцияларын жүзеге асырған құтқарушының сыйақы алуға құқығы бар.
2. Осы Заңның 184-бабында көзделген жағдайды қоспағанда, егер құтқару операцияларының оң нәтижесi болмаса, сыйақы төленбейдi.
183-бап. Сыйақы мөлшерiн белгiлеу өлшемдерi
1. Құтқару операцияларын жүзеге асырғаны үшiн сыйақы мөлшерi мынадай өлшемдер ескерiле отырып белгiленедi:
1) кеменің немесе басқа да мүлiктің құтқарылған құны;
2) қоршаған ортаға залалды болғызбаудағы немесе азайтудағы құтқарушылардың шеберлiгi мен күш-жiгерi;
3) құтқарушылар қол жеткiзген табыстың дәрежесi;
4) қауiптiң сипаты мен дәрежесi;
5) кеменi, басқа да мүлiктi және адамдарды құтқарудағы құтқарушылардың шеберлiгi мен күш-жiгерi;
6) құтқарушылар жұмсаған уақыт және жасалған шығыстар мен келтiрiлген зияндар;
7) жауапкершiлiк тәуекелi мен құтқарушылар немесе олардың жабдықтары ұшыраған өзге де тәуекелдер;
8) қызметтер көрсетудiң жылдамдығы;
9) кемелердiң немесе құтқару операцияларына арналған басқа да жабдықтардың болуы мен пайдаланылуы;
10) құтқарушы жабдықтарының дайындық жағдайы, мұндай жабдықтардың тиiмдiлiгi және құны.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес белгiленген сыйақыны кемеге және басқа да мүлiкке барлық мүдделi тұлғалар кеме мен басқа да мүлiктiң тиiстi құтқарылған құнына бара-бар төлейдi.
3. Сыйақы төлеуге байланысты төленуге тиiстi зияндар мен сот шығындарын қоспағанда, сыйақының мөлшерi құтқарылған кеменiң және басқа да мүлiктің құнынан аспауға тиiс.
4. Осы Заңның 184-бабында көзделген арнаулы өтем анықталғанға дейiн кеменің және басқа да мүлiктiң ең жоғары құтқарылған құны мөлшерiнде сыйақы белгiлеуге жол берiлмейдi.
184-бап. Арнаулы өтем
1. Қоршаған ортаға залал келтiру қатерiн төндiрген кемеге (не оның жүгiне) қатысты құтқару операцияларын жүзеге асырған және осы Заңның 183-бабына сәйкес сыйақы алуға құқығы жоқ құтқарушы кеме иесiнен осы баптың 3-тармағында белгiленген мөлшерде арнаулы өтем төлеудi талап етуге құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайлар болып, құтқарушы өзi жүргiзген құтқару операцияларының нәтижесiнде қоршаған ортаға залалды болғызбаған немесе азайтқан жағдайда, осы баптың 1-тармағына сәйкес құтқарушыға кеме иесi төлейтiн арнаулы өтем оған жұмсалған шығыстардың ең көп дегенде отыз процентiне дейiн көбейтiлуi мүмкiн. Сот немесе аралық сот осы Заңның 183-бабының 1-тармағында көзделген өлшемдердi ескере отырып, арнаулы өтемнiң мөлшерiн құтқару операциясының барысында құтқарушы жасаған шығыстардың толық сомасына дейiн көбейтуге құқылы.
3. Арнаулы өтем мөлшерi анықталған кезде, осы Заңның 183-бабы 1-тармағының 8)-10) тармақшаларында көзделген өлшемдер ескерiле отырып, құтқарушының құтқару операцияларын жүзеге асыру кезiнде жасаған нақты шығыстары мен құтқару операциясында ақылға сыйымды пайдаланылған жабдықтар мен персонал үшiн төленген ақы ескерiледi.
4. Құтқарушының осы Заңның 183-бабына сәйкес алуы мүмкiн сыйақысынан арнаулы өтем асып түсетiн жағдай мен мөлшерде ғана сондай өтем төленедi.
5. Егер құтқарушы қоршаған ортаға залалды өзiнiң салақтығы салдарынан жоя алмаса немесе азайта алмаса, арнаулы өтем толық төленбейдi немесе iшiнара төленедi.
185-бап. Сыйақының құтқарушылар арасында бөлiнуi
Сыйақыны бірнеше құтқарушы арасында бөлу, осы Заңның 183-бабында белгiленген өлшемдер ескерiле отырып, олардың әрқайсысының құтқару операциясына қатысу деңгейiне мөлшерлес жүргiзiледi.
186-бап. Сыйақының кеме иесi мен кеме экипажы мүшелерiнiң арасында бөлiнуi
1. Құтқару операциясын жүзеге асыру үшiн төленетiн сыйақыны кеме иесi мен кеме экипажы мүшелерiнiң арасында бөлу құтқару операциясын жүзеге асыруға байланысты кеме иесi мен кеме экипажының мүшелерi жұмсаған шығыстар шегерiлгеннен кейiн мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
1) сыйақы мөлшерiнің бестен үшi кеме иесiне тиесiлi болады, бестен екiсi кеме экипажы мүшелерiнің арасында бөлiнедi;
2) кеме экипажы мүшелерiне тиесiлi үлес осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес олардың арасында құтқару операциясын жүзеге асыру кезіндегі қатысу дәрежесiне және әрқайсысының жалақысына мөлшерлес бөлiнедi.
Айрықша мән-жайлар болған ерекше жағдайларда сыйақыны бөлудің өзге де тәртібі қолданылуы мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген ережелер құтқару операцияларын кәсiби қызмет ретiнде жүзеге асыратын кемелердің мұндай операцияларды жүргiзгенi үшiн алатын сыйақысын бөлуге қолданылмайды.
187-бап. Адамдарды құтқару
1. Құтқару операцияларын жүргiзу кезiнде құтқарылған адамдардан сыйақы төлеудi талап етуге жол берiлмейдi.
2. Адамдарды құтқару қажеттiгiн туғызған оқиғаға байланысты қызмет көрсетуге қатысқан құтқарушылардың кеменi және (немесе) басқа да мүлiктi құтқарғаны не қоршаған ортаға залалды болғызбағаны немесе азайтқаны үшiн құтқарушыларға тиесiлi сомадағы үлеске құқығы бар.
2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен 188-бап өзгертілді (бұр. ред.қара)
188-бап. Құтқару шартын орындау кезiнде көрсетiлген қызметтер үшiн төленетiн ақы
Көрсетiлген қызметтер үшiн жасалған шығыстар құтқару шартын тиiсiнше орындау кезiнде туындаған шығыстардың мөлшерiнен асып түспеген жағдайда сыйақы төленбеуге тиiс.
189-бап. Құтқару операцияларын тиiсiнше жүзеге асырмаудың салдары
Құтқару операцияларын тиiстi түрде жүзеге асырмаған құтқарушыға оның кiнәсiнiң дәрежесiне қарай (қосымша құтқару операцияларын жүзеге асыру қажеттiгiнiң, құтқару операцияларын жүргiзу кезіндегі қиындықтардың және басқаларының туындауы) арнаулы өтем төлеуден толық немесе iшiнара бас тартылуы мүмкiн.
190-бап. Мүдделi тұлғаның құтқару операцияларына тыйым салуының салдары
Кеме иесiнiң және (немесе) қауiптi жағдайда тұрған кеме капитанының немесе қауіптi жағдайда тұрған өзге де мүлік иесiнiң тыйым салуына қарамастан жүргiзiлген құтқару операциялары аталған тұлғалардың құтқарушыға немесе үшiншi тұлғаларға сыйақы төлеу жөніндегі мiндеттемелерiне әкеп соқпайды.
191-бап. Кемелердiң белгiлi бір иеленушiге тиесiлi болуы
Осы тарауда белгiленген ережелер, құтқарылған кеме мен құтқару операцияларын жүзеге асырушы кеме белгiлi бір кеме иесiне тиесiлi болған жағдайда да қолданылады.
192-бап. Құтқарушының талаптарын қамтамасыз ету
1. Құтқарушының талап етуi бойынша сыйақы және (немесе) арнаулы өтем төлеуге жауапты тұлға өз мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз етудi ұсынады.
2. Құтқарылған кеме иесiнің, жөнелтушi (алушы) құтқарушының талаптарын тиiсiнше қамтамасыз етудi енгiзгенге дейiн, құтқарылған жүктi беруге құқығы жоқ.
3. Құтқарылған кеме мен басқа да мүлiктi құтқарушының келісімiнсiз, мұндай кеме мен мүлiктi құтқару операциялары аяқталғаннан кейiн бастапқы жеткiзiлген теңiз портынан немесе орыннан тиiсті кемеге немесе мүлікке құтқарушының талаптарын тиiсiнше қамтамасыз етiп бергенге дейiн ауыстырылуға болмайды.
193-бап. Алдын ала төлем
Құтқарушы құтқару кезiнде өзi жұмсаған шығыстарды өтеу есебiне алдын ала төлем төлеудi талап етуге құқылы. Ол төленген жағдайда құтқарушының талаптарын кейiнгi қамтамасыз ету тиiсiнше төмендейдi.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2010.28.12. № 369-IV ҚР Заңымен (бұр. ред.қара) 194-бап жаңа редакцияда
194-бап. Мемлекеттік органдардың құтқару операцияларына қатысуы
1. Мемлекеттік органдар осы тарауда белгiленген қағидаға сәйкес құтқару операцияларына қатысады.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес құтқару операцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың сыйақы алуға құқығы жоқ.
20-тарау. Теңіз талаптары бойынша жауапкершілік мөлшерін шектеу
195-бап. Теңiз талаптары бойынша жауапкершiлiк мөлшерiн шектеуге құқығы бар тұлғалар
1. Кеме иесi мен құтқарушы жауапкершiлiгiнің мөлшерi осы Заңның 196-бабында көзделген теңiз талаптары бойынша шектеледi. Бұл орайда құтқару операцияларын жүзеге асыру жөнінде, соның iшiнде осы Заңның 196-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген операциялар бойынша тiкелей қызмет көрсететiн тұлға құтқарушы болып табылады.
2. Осы Заңның 196-бабында көзделген теңiз талабы, әрекетi (әрекетсiздiгi) үшiн осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалар жауап беретiн тұлғаға қойылған жағдайда, сол тұлға жауапкершiлiгiнің мөлшерi осы тарауда көзделген ережелерге сәйкес шектеледi.
3. Сақтандырушының сақтандыру шарты бойынша төлейтiн сақтандыру төлемiнiң мөлшерi осы тарауда белгiленген ережелерге сәйкес шектелген теңiз талаптары бойынша сақтандырылған жауапкершiлiк мөлшерiнен аспауы керек.
196-бап. Жауапкершiлiктi шектеу өлшемдерi
1. Осы Заңның 197-бабында белгiленген ережелер сақталған жағдайда мынадай теңiз талаптары бойынша:
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1 тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) адамның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлуiне не мүлiктiң жоғалуына, кем шығуына немесе зақымдануына (бүлiнуiне) байланысты, соның iшiнде кеме бортында не кеменiң пайдаланылуына немесе құтқару операцияларына тiкелей байланысты болған порт құрылыстарының, су бассейндерiнiң, кеме жүретiн жолдардың және навигациялық жағдай құралдарының зақымдануына байланысты қойылатын талаптар;
2) жолаушыларды, багаж бен жүктердi теңiз арқылы тасымалдау кезiнде жеткізу мерзiмiн өткiзiп алуы салдарынан келтiрiлген залалды өтеу туралы талаптар;
3) шарттан туындамаған, қайта кеменi пайдалануға немесе құтқару операцияларын жүзеге асыруға байланысты құқықтарды бұзу салдарынан келтiрiлген өзге де залалды өтеу туралы талаптар;
4) залалды болғызбау немесе азайту жөнiнде қолданылған шаралар келтірген залал үшін жауапты тұлғадан гөрi, осындай шаралар келтiрген келесi залал үшiн жауапты тұлға ол жөнiнде осы тарауда белгiленген нормаларға сәйкес өз жауапкершiлiгiн шектей алатын тұлғаның талаптары бойынша жауапкершiлiк шектеледi.
2. Егер талаптар керi талап ету тәртібімен немесе шарттан немесе өзгеше түрде туындаған кепiлдiктер негiзiнде қойылса да, осы баптың 1-тармағында көзделген талаптар жауапкершiлiктi шектеуге жатады.
Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген талаптар, залал үшiн жауапты тұлғамен жасалған шарт бойынша сыйақыға қандай дәрежеде қатысты болғанына қарай жауапкершiлiктi шектеуге жатпайды.