18. «Кiшi сержант» кезектi арнаулы атағы ол үшiн «кiшi сержант» және одан жоғары арнаулы атақ көзделген лауазымға тағайындалатын қызметкерге берiледi.
19. Офицерлік немесе сержанттық құрамның арнаулы атағынан айырылған азаматқа (әскери мiндеттiге) қатардағы құрамның әскери есебiне бiр мезгiлде ауыстыра отырып, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) жергiлiктi әскери басқару органының бастығы «қатардағы қызметкер» әскери атағын бередi.
28-бап. Арнаулы атақты төмендету, одан айыру және арнаулы атағын қалпына келтіру
1. Қызметкердің арнаулы атағы бiр сатыға:
1) жоғары офицерлік құрам - Қазақстан Республикасының Президентiмен;
2) офицерлік құрам (жоғары офицерлік құрамнан басқа) - арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысымен;
3) өзге де арнаулы атақтар - лауазымдар номенклатурасына сәйкес төмендетілуi мүмкiн.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Арнаулы атағы төмендетілген қызметкердің бұрынғы арнаулы атағы, атқарып жүрген лауазымына қарамастан, арнаулы атағы төмендетілген күннен бастап алты ай өткен соң уәкілетті басшының бұйрығымен қалпына келтіріледі.
Арнаулы атақтағы еңбек сіңіру мерзімі арнаулы атақты төмендету түрінде тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрық шыққан күннен бастап үзіледі және арнаулы атақты қалпына келтіру туралы бұйрық шыққан күннен бастап қайта жалғасады.
Қызметкердің бұрынғы арнаулы атағын қалпына келтіргенге дейін және оған кезекті арнаулы атақ берілгенге дейін арнаулы атақты қайтадан төмендетуге жол берілмейді, бірақ ықпал етудің өзге де шарасы қолданылады.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған қызметкерлер соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі бойынша арнаулы атағынан айырылады.
Қызметкерді арнаулы атағынан айыру жеке құрам бойынша бұйрықпен ресімделеді.
4. Заңсыз соттауға байланысты арнаулы атағынан айырылған азаматқа бұрынғы арнаулы атағы Қазақстан Республикасының заңдарында және басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген бұрынғы құқықтары мен жеңiлдiктерi қалпына келтiрiле отырып, оны ақтау туралы шешiм күшiне енгеннен кейiн берiледi.
29-бап. Қызметкерлерді лауазымға тағайындау және ауыстыру
1. Қызметкер арнаулы атаққа сәйкес келуі тиіс лауазымға тағайындалады.
2. Арнаулы мемлекеттік органдардағы лауазымдар және оларға сәйкес арнаулы және әскери атақтар тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
3. Арнаулы мемлекеттік органдардағы типтік емес лауазымдар және оларға сәйкес келетін арнаулы және әскери атақтар тізбесін осы органдардың бірінші басшылары бекітеді.
30-бап. Лауазымға тағайындау тәртібі
1. Қызметкерді лауазымға тағайындау осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қызметкерлермен келiсiмшарт жасасу, оларды лауазымдарға тағайындау, ауыстыру, босату, шығару, сондай-ақ оларға арнаулы атақтар беру туралы бұйрықтар (жеке құрам бойынша бұйрықтар) шығаруға құқығы бар лауазымды адамдар тiзбесiн (лауазымдар номенклатурасы) арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысы айқындайды.
3. Қызметкерді лауазымға тағайындау бiлiмi мен кәсіби даярлығы деңгейiн, оның психологиялық қасиеттерiн, денсаулық жағдайын және осы Заңда көзделген өзге де мән-жайларды ескере отырып, жүргізiледi.
4. Қызметкерлерді лауазымдарға тағайындау қызметтiк әрекетінің тәжiрибесi ескерiле отырып, оларды негізгі немесе бір бейінді мамандығы бойынша пайдалануды қамтамасыз етуге тиіс. Қызметкерді олар үшiн жаңа мамандық бойынша лауазымдарға пайдалану қажет болған кезде, олар осы лауазымдарға тағайындалар алдында тиiстi қайта даярлықтан өтуге тиiс.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Офицерлік құрамның атағы бар, жоғары оқу орнынан кейiнгi білімнің бiлiм беру бағдарламалары бойынша арнаулы (әскери) оқу орнына оқуға қабылданған қызметкер бұрынғы атқарған лауазымынан босатылады және магистрант немесе докторант лауазымына тағайындалады.
Офицерлік құрамның атағы жоқ, арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған қызметкер бұрынғы атқарған лауазымынан босатылады және көрсетілген оқу орнында білім алушы адамдар үшін көзделген курсант, тыңдаушы лауазымына тағайындалады.
Арнаулы (әскери) оқу орнына қабылданған Қазақстан Республикасының азаматы көрсетілген оқу орнында білім алушы адамдар үшін көзделген курсант, тыңдаушы лауазымына тағайындалады.
Арнаулы (әскери) оқу орнына қабылдаған кезде қызметкердің (Қазақстан Республикасы азаматының) бұрын берiлген атағы сақталады.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Арнаулы (әскери) оқу орнына, магистратураға, докторантураға қабылданбаған қызметкерлер өздерін аталған оқу орнына түсу үшін жіберген бөлімшеге бұрынғы атқарған лауазымына қайтып келеді.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Арнаулы (әскери) оқу орындарын бітірген қызметкерлер қажетті бiлiм деңгейi бар адамдар орналасуға жататын және Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетін Арнаулы мемлекеттік органдағы лауазымдар және оларға сәйкес келетiн арнаулы атақтар тiзбесiнде (бұдан әрі - лауазымдар тiзбесi) көзделген офицерлік құрамның лауазымдарына тағайындалады.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша арнаулы (әскери) оқу орындарын немесе мемлекеттік қызметшілерді даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарын бітірген қызметкерлер оқуды аяқтағаннан кейін бұрын атқарған лауазымынан төмен емес лауазымға тағайындалады.
Көрсетілген лауазымдарға тағайындау мүмкiн болмаған кезде мұндай қызметкерлер даярлық бейiнi бойынша ұқсас өзге лауазымдарға тағайындалады (айрықша жағдайларда лауазымға одан әрі тағайындау үшiн тиісті бастықтың қарамағына жiберiледi).
8. Лауазымдарға тағайындау кезiнде мынадай шарттар сақталады:
1) сержанттар құрамы және офицерлік құрам атқаруға жататын лауазымдарға тиiстi құрамның қызметкерлері тағайындалады.
Аталған лауазымдарға тиiстi құрамның қызметкерлерiн тағайындау мүмкiн болмаған кезде оларға арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысы айқындайтын тәртiппен төмен тұрған құрамның қызметкерлері тағайындалуы мүмкiн;
2) тиiстi бастықтардың қарамағына жiберiлген қызметкерлерді лауазымдарға тағайындау осы Заңның 33-бабының 4-тармағында белгiленген мерзiмнен аспайтын, мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде жүргiзiледi;
3) қызметке жарамдылық санаты туралы әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысы ұсынылады;
4) егер қызметкерге мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерге рұқсаттама беруден бас тартылған немесе аталған рұқсаттама тоқтатылған жағдайда, ол мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерге берiлетiн рұқсаттамамен байланысты емес лауазымға белгiленген тәртiппен тағайындалады немесе қызметтен шығарылуға жатады;
5) өзара жақын туыстықта болатын қызметкерлерге, олар бiр-бiрiне тiкелей бағынысты болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет өткеруге рұқсат берiлмейдi.
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 8-1-тармақпен толықтырылды
8-1. Профессор-оқытушылар құрамының және ғылыми қызметкерлердің штаттық лауазымдарына тиісті құрамның қызметкерлерін тағайындау мүмкін болмаған жағдайда оларға жұмыскерлер арасынан адамдар арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен, оның ішінде уақытша тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте жұмыскердің лауазымдық айлықақысы ол атқаратын профессор-оқытушылар құрамының және ғылыми қызметкерлердің штаттық лауазымы бойынша бекітіледі.
Профессор-оқытушылар құрамының және ғылыми қызметкерлердің штаттық лауазымдарына уақытша тағайындалған жұмыскерлер осы лауазымдарға қызметкерлер тағайындалған кезде басқа штаттық лауазымдарға тағайындалады, ал оларды көрсетілген лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған жағдайда белгіленген тәртіппен лауазымынан босатылады.
9. Қызметкерлер жоғары тұрған, тең немесе төмен тұрған лауазымдарға тағайындалуы мүмкiн.
10. Лауазымдар тiзбесiнде ол лауазымға бұрынғы лауазым бойынша арнаулы атаққа қарағанда неғұрлым жоғары арнаулы атақ, ал штатта көзделген арнаулы атақтар тең болған жағдайда - бiлiктiлiк талаптарының немесе басқару органының неғұрлым жоғары деңгейi сәйкес келсе, лауазым жоғары тұрған болып есептеледі.
11. Қызметкерді жоғары тұрған лауазымға тағайындау қызметi бойынша жылжыту тәртібiмен жүргiзiледi.
Жоғары тұрған лауазымға өзі қызмет өткеретiн органының аттестаттау комиссиясы ұсыным жасаған, қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жоғары кәсіби қасиеттерін және ұйымдастырушылық қабiлетiн көрсеткен қызметкер тағайындалады.
12. Лауазымдар, егер оларға тең арнаулы атақ, сондай-ақ тең бiлiктiлiк талаптары немесе басқару органдарының деңгейi сәйкес келсе, тең болып есептеледі.
13. Қызметкерді тең лауазымға тағайындау:
1) ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға байланысты;
2) қызметкерді қызметте орынды пайдалану үшiн;
3) осы Заңның 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайлар болған кезде, келiсiмшарт бойынша қызмет өткеретiн қызметкердің баянатына сәйкес отбасы жағдайы бойынша;
4) әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жүргiзiледi.
14. Лауазым, егер оған неғұрлым төменiрек арнаулы атақ, сондай-ақ анағұрлым төмен бiлiктiлiк талаптары немесе басқару органдарының төменгi деңгейi сәйкес келсе, төмен болып есептеледі.
15. Төмен лауазымға тағайындау:
1) қызметкердің келiсiмiмен:
оның даярлық бейiнiне тең бос лауазым болмаған кезде ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға байланысты;
үлгi нысанын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн отбасылық-мүлiктiк жағдайын тексеру актiсiмен расталатын, осы Заңның 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында айқындалған отбасы жағдайы бойынша;
әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша;
осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 4) тармақшасында айқындалған мән-жайларды қоспағанда, бастықтың қарамағында болған кезеңде;
2) келiсiмшартты бұзу үшiн негiздер болып табылмайтын, қызмет өткеру тәртібi мен қағидаларын бiрнеше рет (бір жыл ішінде екі және одан да көп) бұзған жағдайда аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша қызметкердің келiсiмiнсiз бiр сатыдан төмен емес лауазымға тағайындау жүргiзiледi.
16. Қызметкерді лауазымға тағайындау, лауазымнан босату, бастықтың қарамағына жіберу, шығару, арнаулы атақ беру, одан төмендету, айыру кезiнде, сондай-ақ жаңа келiсiмшарт жасасқан кезде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіпте ұсыну ресiмделедi.
31-бап. Қызметкерлерді ауыстыру тәртібі
1. Қызметкерді ауыстыру - бұл оның лауазымдық жағдайын немесе қызмет орнын өзгерту.
Ауыстыру:
1) лауазымға тағайындалған;
2) iссапарға жiберiлген;
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 1), 2), 3), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша бастықтың қарамағына жiберiлген;
4) арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылданған;
5) бiр арнаулы мемлекеттік органнан басқасына ауыстырылған;
6) бөлiмше тұрақты орналасу орнын өзгерткен жағдайларда жүргiзiледi.
2. Ұйымдастырушылық-штаттық іс-шараларға сәйкес жүзеге асырылатын бөлімшенің тұрақты орналасу орны өзгерген, сондай-ақ бөлімшенің тұрақты орналасу орнына қарамастан тең лауазымға тағайындалған кезде қызметкерді ауыстыру арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы осы құқықты берген уәкілетті басшының шешімімен оның келісімінсіз жүргізіледі.
3. Қызметкерді ауыстыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен iстердi және лауазымын тапсырғаннан кейiн ғана жүргiзiледi.
Iстерді және лауазымын тапсыруды бастауды уәкілетті басшы жеке құрам бойынша бұйрықтан үзiндi-көшірме немесе қызметшiнi ауыстыру жөнiнде жазбаша хабарлама түскен күннен бастап, бiрақ хабарлама келіп түскен күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей, ал демалыста немесе емделуде жүрген қызметкер үшін - ол келген күннен бастап айқындайды.
32-бап. Лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқаруды жүктеу
1. Қызметтiк қажеттiлiкке байланысты қызметкерге ол атқармайтын лауазымға тең немесе одан жоғары лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқару:
1) бос (тағайындалмаған) лауазым бойынша - оның келiсiмiмен жүктелуi мүмкiн, бұл жағдайда қызметкер атқарып отырған лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатылады, бiрақ атқарып отырған лауазымынан босатылмайды және оған мiндеттердi уақытша атқаруға жiберiлген лауазымы бойынша ақшалай үлес төленеді;
2) бос емес (тағайындалған) лауазым бойынша - оны атқарып отырған қызметкер уақытша болмаған немесе оны атқарып отырған қызметкерді лауазымынан шеттеткен жағдайда, 2 айдан аспайтын мерзiмге жүктелуi мүмкiн.
2. Қызметкерге бос лауазымды уақытша атқаруды жүктеудi және оны атқарып отырған лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатуды осы лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам жүзеге асырады. Бұл ретте қызметкерге жоғары офицерлік құрам атқаруға тиiс бос лауазымдар бойынша лауазымды уақытша атқаруды жүктеу арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысы белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Органның бастығы өзi уақытша болмаған жағдайда мiндеттердi уақытша атқаруды орынбасарларының бiреуiне, олар болмаған кезде басқа лауазымды адамға жүктейдi.
33-бап. Бастықтың қарамағына жіберу
1. Қызметтi одан әрі өткеру мәселелерiн шешу үшiн қызметкерлерді лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам бұйрықтар шығару құқығы бар уәкілетті басшының қарамағына жiберуi мүмкiн.
2. Қызметкерді бастықтың қарамағына жiберуге осы баптың 4-тармағында айқындалған жағдайларда және мерзiмдерде жол берiледi.
3. Қарамағында қызметкерлер бар лауазымды адамдар олардың лауазымдық мiндеттерiнiң тiзбесiн бекiтедi.
4. Қызметкер:
1) оны басқа лауазымға тағайындау кезінде уәкілетті басшының қарамағында екі айдан аспайтын мерзімде болу;
2) ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар (штаттардың қысқаруы) өткізуге байланысты уәкілетті басшының қарамағында үш айдан аспайтын мерзімде болу;
3) қызметкерді тең лауазымға ауыстыру мүмкіндігінің болмауына байланысты уәкілетті басшының қарамағында алты айдан аспайтын мерзімде болу;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) қызметкерге қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылуына не қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарылғанға дейін уәкілетті басшының қарамағында болу;
5) мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберілу;
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) қолданыстағы резервте болу;
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) мемлекеттік қызметшілерді жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін білім беру бағдарламалары бойынша даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының (осы тармақтың 9) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда) және (немесе) шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқу үшін оқу демалысының берілуіне байланысты оқу жоспарында айқындалған мерзімге уәкілетті басшының қарамағында болу;
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) ақшалай ризық сақталмай шетелге қызметке, оқуға жіберілген қызметкер - жұбайымен (зайыбымен) бірге болған кезде қызметкерлердің уәкілетті басшысының қарамағында болу;
2015.13.11. № 398-V ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес білім алуға байланысты уәкілетті басшының қарамағында болу жағдайларында штаттық емес лауазымдарда қызмет өткеруі мүмкін.
34-бап. Лауазымнан босату
1. Қызметкер жаңа лауазымға тағайындалған, ауыстырылған, қызметтен шығарылған жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Заңда көзделген басқа да мән-жайларға байланысты атқарып жүрген лауазымынан босатылады.
2. Қызметкерді атқарып жүрген лауазымынан босатуға уәкілетті басшының құқығы бар.
35-бап. Ресми өкілдер
Арнаулы мемлекеттік органдар өздерінің ресми өкілдерін өзге мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен немесе құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының шет елдердегi мекемелеріне жіберуі мүмкін.
Ресми өкілдер туралы ережені арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
36-бап. Қызметкерлерді мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберу
2015.23.11. № 417-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қызметкерлер мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу үшін және заңдарда көзделген өзге де жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарына, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, олардың бірінші басшыларының келісімімен, не халықаралық шарттар негізінде халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілуі мүмкін.
Іссапарға барған қызметкердің өзі іссапарға барған мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуы осы Заңда айқындалған тәртіппен конкурстық іріктеуден тыс жүзеге асырылады.
Бұл ретте іссапарға жіберілген адамның мәртебесі сақталады, ал бұдан бұрын жасалған келісімшарттың қолданысы тоқтатылмайды.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлермен жаңа келісімшарттар жасасу осы Заңға сәйкес жүргізіледі.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерге арнаулы атақтар беру, оларды қызметтен шығару, мемлекеттік наградалармен наградтау осы Заңда көзделген тәртіппен жүргізіледі.
4. Іссапарға жіберілген қызметкерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген лауазымдық айлықақылар және арнаулы атақ бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген айлықақылар төленеді.
5. Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге сыйлықақы беру олар іссапарға жіберілген мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ ұйымдардың қызметкерлерi үшiн айқындалған тәртiппен лауазымдық айлықақылар негiзге алына отырып жүзеге асырылады.
Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге лауазымдық айлықақылар, сауықтыруға арналған жәрдемақылар мен сыйлықақы төлеу олар iссапарға жiберiлген мемлекеттiк органдарды, сондай-ақ ұйымдарды ұстауға көзделген қаражат есебiнен Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. Өзге де төлемдер, сондай-ақ арнаулы киім үлгісімен қамтамасыз ету, қызметкерлерді iссапарға жiберген арнаулы мемлекеттік органды ұстауға көзделген қаражат есебiнен жүргiзiледi.
6. Халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерге, егер халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген жалақы оларды ұстау үшін көзделген қаражат есебінен төленеді.
7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберу кезеңінде қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтар, кепілдіктер, жеңілдіктер, өтемақылар, зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік қорғау сақталады.
Іссапарға жiберiлген қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте іссапарға жіберілген қызметкерлерге міндетті зейнетақы аударымдарын есептеу үшін олардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, сондай-ақ ұйымдарында атқарып отырған лауазымдары бойынша лауазымдық айлықақылары есепке алынады, ал халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлердің міндетті зейнетақы аударымдарын есептеу үшін арнаулы мемлекеттік органдарда атқарған соңғы лауазымдары бойынша лауазымдық айлықақылары және арнаулы атақтары бойынша айлықақылары есепке алынады.
Қалған бiржолғы сипаттағы төлемдер бойынша iссапарға жiбергенге дейiн қызметкердің атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы есепке алынады.
37-бап. Кадр резерві
1. Арнаулы мемлекеттік органның кадрлық құрамын қалыптастыру және лауазымдардың жасақталуын қамтамасыз ету мақсатында арнаулы мемлекеттік органда кадр резерві жасалады.
2. Кадр резерві аттестаттау нәтижелері бойынша жоғары тұрған лауазымға жоғарылатуға ұсынылған қызметкерлерден қалыптастырылады.
3. Бос басшы лауазымға арнаулы мемлекеттік органның кадр резервінде тұрған адам уәкілетті басшының шешімі бойынша орналастырылады. Кадр резервінде тұрған қызметкерлер ұсынылған лауазымнан бас тартқан кезде бос лауазымға аттестаттау нәтижесі бойынша басқа қызметкер орналастырылады.
4. Кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру жауаптылығы арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті басшысына және кадр бөлімшесіне жүктеледі. Арнаулы органдарда кадр резерві кадрлардың сапалық құрамы және тиісті лауазымдарға орналастыру қажеттігі ескеріле отырып қалыптастырылады.
5. Кадр резервіне қоюды уәкілетті басшы жүзеге асырады.
6. Қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған, лауазымынан немесе арнаулы атағынан төмендетілген, сондай-ақ оған қызметіне толық сәйкес келмеуі туралы ескерту түрінде тәртіптік жазалау шарасы қолданылған жағдайларда кадр резервінен шығарылады.
7. Қызметкердің кадр резервінде тұру мерзімі үш жылдан аспауға тиіс. Кадр резервіне қойылып, бірақ кадр резервінде болған кезеңде олар үшін жоспарланған лауазымға тағайындалмаған адамдар кадр резервіне жалпы негіздерде жаңадан қойылуы мүмкін.
8. Арнаулы мемлекеттік органның кадр бөлімшелері кадр резервіне қойылған қызметкерлердің тізімдерін жүргізеді.
9. Кадр резервін қалыптастыру және олармен жұмыс істеуді ұйымдастыру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
5-тарау. ДЕМАЛЫСТАР
38-бап. Демалыс түрлері
1. Қызметкерлер үшін демалыстардың мынадай түрлері белгіленедi:
1) жыл сайынғы;
2) қысқа мерзiмдi;
3) жүктiлiгi және босануы бойынша, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге демалыстар;
4) қосымша;
5) каникулдық;
6) оқу;
7) ауруы бойынша;
8) бала үш жасқа толғанға дейін оны бағып-күтуге арналған айлықақысы сақталмайтын демалыс.
39-бап. Демалыстар берудің және олардың ұзақтығын есептеудің жалпы тәртібі
1. Демалыстар уәкілетті басшының бұйрығы негiзiнде берiледi.
2. Демалыстардың ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады, бұл ретте жыл сайынғы және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы, демалысты өткiзу орнына барып қайту жолына қажеттi уақыт есептелмегенде, демалыс берiлетiн жылда алпыс тәулiктен аспауға тиiс.
3. Осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыстардың барлық түрлерiнде болған кезеңде қызметкерлердің ақшалай үлесi және өзге де қосымша төлемдерi сақталады.
40-бап. Жыл сайынғы демалыс
1. Қызметкерлерге жыл сайынғы демалыстар уәкілетті басшы бекіткен демалыстар кестесіне сәйкес күнтізбелік жыл ішінде беріледі.
Демалыс уақытында, бөлімшенің толық таралуын және келісімшартта көзделген өзге жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның бастамасы бойынша қызметкерді ауыстыруға, жұмыстан шығаруға жол берілмейді.
2. Еңбек сіңірген жылдарын, қызмет ерекшеліктері мен жағдайларын ескере отырып, қызметкерлерге (курстанттарды қоспағанда) берілетін жыл сайынғы демалыстардың ұзақтығы:
қызметте еңбек сіңірген жылдары күнтізбелік 10 жылға дейінгілерге - 30 тәулік;
10-нан 15 жылға дейінгілерге - 35 тәулік;
15-тен 20 жылға дейінгілерге - 40 тәулік;
20 жыл және одан көптерге - 45 тәулік;
ұшу жұмыстарындағы, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін жергілікті жерлерде қызмет өткеретін адамдарға - 45 тәулік болып белгіленеді.
3. Қызмет мүдделерін және қызметкерлердің тілектерін ескере отырып, демалыс екі бөлікке бөлінуі мүмкін.
4. Қызметкердің қызметке тұрған жылдағы және қызметтен шығарылған жылдағы жыл сайынғы демалысының ұзақтығын есептеу жыл сайынғы демалыс ұзақтығын он екіге бөліп, алынған тәулік санын қызметке тұрған немесе шығарылған жылдағы қызметтің толық айларының санына көбейту арқылы есептеледі.