2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) мүлкінің құқыққа қарсы мақсаттарда пайдаланылуы туралы білмеген не білмеуге тиіс болған адамға заңды негіздерде тиесілі, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қарулары және (немесе) құралдары осы адамға қайтарылуға жатады;
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 1-2) тармақшамен толықтырылды
1-2) өзге жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылық жасау қарулары және (немесе) құралдары тиісті мекемелерге белгілі бір адамдарға беріледі немесе жойылады;
2) ұстауға тыйым салынған немесе ұстауға шектеу қойылған заттар тиiстi мекемелерге берілуге жатады немесе жойылады;
3) құндылығы жоқ және пайдалануға келмейтiн заттар жойылуға жатады, ал мүдделi тұлғалардың немесе мекемелердің өтінішхаты болған жағдайда, оларға берiлуi мүмкiн;
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) қылмыстық жолмен жиналған ақша және өзге де құндылықтар заңды иесіне қайтарылуға жататын мүлікті және одан түсетін кірістерді қоспағанда, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа алынған ақша және өзге де мүлік, сондай-ақ заңсыз кәсiпкерлiктің және контрабанданың нәрселері соттың шешiмi бойынша мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылуға жатады; қалған заттар заңды иелерiне берiледi, ал иелері анықталмаған кезде мемлекеттiң меншiгiне өтеді. Бұл заттардың тиесiлiгi туралы дау туындаған жағдайда, дау азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен шешілуге жатады;
5) заттай дәлелдемелер болып табылатын құжаттар дәлелдемелерді сақтаудың бүкіл мерзiмi iшiнде іспен бiрге қалады не осы Кодекстiң 120-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртiппен мүдделi жеке немесе заңды тұлғаларға берiледi.
4. Соттың, прокуратура, қылмыстық қудалау және сот сараптамасы органдарының қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелерді, құжаттарды алып қою, есепке алу, сақтау, беру және жою тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
119-бап. Процестік әрекеттердiң хаттамалары
1. Қылмыстық процестi жүргізетін адам тiкелей қабылдаған мән-жайларды куәландыратын, осы Кодекстiң қағидаларына сәйкес жасалған тергеу әрекеттерінің хаттамаларында қамтылған, сондай-ақ тергеу әрекеті барысында маман жүргізген қарап-тексеру, куәландыру, алу, тiнту, ұстап алу, мүлiкке тыйым салу, тануға ұсыну, үлгілерді алу, мәйiттi эксгумациялау, айғақтарды сол жерде тексеру, құжаттарды ұсыну, тергеу экспериментi, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін зерттеу, заттай дәлелдемелерді зерттеу кезінде анықталған, сондай-ақ сот отырысының сот әрекеттері мен олардың нәтижелері көрсетілетін хаттамасында қамтылған нақты деректер қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы ауызша арызды қабылдау кезінде жасалған хаттамаларда, ұсынылған нәрселер мен құжаттарда, айыбын мойындап келуiнде, тұлғаларға тиесілі олардың құқықтары мен оларға жүктелген мiндеттердi түсiндiруде қамтылған нақты деректер дәлелдемелер ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
120-бап. Құжаттар
1. Егер жеке, заңды тұлғалар және лауазымды адамдар құжаттарда баяндаған немесе куәландырған мәлiметтердiң қылмыстық iс үшiн маңызы бар болса, құжаттар дәлелдемелер деп танылады.
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. «Жедел-iздестiру қызметi туралы», «Қарсы барлау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының талаптары сақтала отырып алынған, құқыққа қайшы әрекеттер туралы нақты деректер тіркелген материалдар құжаттар болып табылады және қылмыстық процесте дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
3. Құжаттар жазбаша да, өзге нысанда да тіркелген мәлiметтердi қамтуы мүмкiн. Құжаттарға, сонымен бiрге, осы Кодекстiң 122-бабында көзделген тәртiппен алынған, талап етiп алдырылған немесе ұсынылған түсiнiктемелер, түгендеулердің, ревизиялардың актiлерi, анықтамалар, салықтық тексерулер актілері, салық қызметі органдарының қорытындылары, сондай-ақ компьютерлiк ақпаратты қамтитын материалдар, фото- және кинотүсірілімдер, дыбыс- және бейнежазбалар да жатады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Құжаттар iске қосып тігіледі және оны сақтаудың бүкiл мерзiмi ішінде сонда сақталады. Алып қойылған және iске қосып тігілген құжаттар ағымдағы есепке алу, есептілік үшiн және заңды иесiнің өтінішхаты бойынша өзге де құқыққа сыйымды мақсаттарда талап етiлген жағдайда, олар оған қайтарылуы немесе уақытша пайдалануға, оның ішінде электрондық жеткізгіштерден берілуі, егер бұл iс үшiн залалсыз болатын болса, не олардың көшiрмелерi, қажет болған кезде нотариус куәландырған көшірмелері берiп жіберілуі мүмкiн.
Берілетін құжаттардың көшірмесін жасауға, нотариустың олардың көшірмелерінің дұрыстығын куәландыруға байланысты шығыстар өтінішхат бастамашысының есебінен жүзеге асырылады.
Қылмыстық іс үшін маңызы жоқ құжаттар заңды иесіне қайтарылады.
5. Құжаттардың осы Кодекстiң 118-бабында көрсетiлген белгiлерi болған жағдайларда, олар заттай дәлелдемелер деп танылады.
16-тарау. ДӘЛЕЛДЕУ
121-бап. Дәлелдеу
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Дәлелдеу iстi заңды, негiзді және әдiл шешу үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында дәлелдемелерді жинаудан, зерттеуден, бағалаудан және пайдаланудан тұрады. Дәлелдеу осы Кодекстің 23-тарауында көзделген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша ғана жүргізіледі.
2. Күдіктінің, айыпталушының қылмыстық жауаптылық негiздерiнің және кiнәсiнiң бар екенін дәлелдеу мiндетi айыптаушыда болады.
122-бап. Дәлелдемелерді жинау
1. Дәлелдемелерді жинау сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы процесінде осы Кодексте көзделген процестік әрекеттерді жүргізу арқылы жүргізіледі. Дәлелдемелерді жинау оларды табуды, бекітуді және алып қоюды қамтиды.
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган процеске қатысушылардың өтінішхаттары немесе өз бастамасы бойынша өзінің іс жүргізуіндегі қылмыстық іс бойынша жауап алу немесе сарапшы немесе маман ретінде қорытынды беру үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен кез келген адамды шақыруға; осы Кодексте көзделген процестік іс-әрекеттерді жүргізуге; коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді берудің және жария етудің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртібін сақтай отырып, жеке, заңды тұлғалардан және лауазымды адамдардан, сондай-ақ жедел-іздестіру немесе қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардан іс үшін маңызы бар құжаттар мен нәрселерді беруді талап етуге; уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардан ревизиялар мен тексерулер жүргізуді талап етуге құқылы. Қылмыстық қудалау органы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне ревизиялар мен тексерулер жүргізудің талап етілетіні туралы бір тәулік ішінде прокурорды хабардар етеді. Сот өз бастамасымен дәлелдемелер жинауға құқылы емес.
3. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ге немесе сот талқылауына қатысуға жіберілген қорғаушы, жәбірленушінің өкілі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеу туралы тәртіпті сақтай отырып, жәбірленушіні қорғауды, оның мүдделерін білдіруді жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді:
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) заңды тұлғалардан, оның ішінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерден анықтамаларды, мінездемелерді, өзге де құжаттарды талап етіп алуға құқылы. Көрсетілген тұлғалар қорғаушыға, жәбірленушінің өкіліне олар сұратқан құжаттарды немесе олардың расталған көшірмелерін он тәулік ішінде беруге міндетті.
Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені қарау кезінде талап етіп алдырылатын анықтамалар, мінездемелер және өзге де құжаттар қорғаушыға жиырма төрт сағат ішінде ұсынылады;
2) осы Кодекстің 272-бабының бесінші, тоғызыншы және оныншы бөліктеріне сәйкес шарттық негізде сот сараптамасын жүргізуге бастамашылық жасау;
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) сот сараптамасы органына не осы Кодекстің 273-бабы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында аталғандардың арасындағы адамға шарттық негізде сот сараптамасын жүргізу туралы сұрау салу жіберу;
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) шарттық негізде маман тарту арқылы, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып алуға құқылы.
Маманды шарттық негізде тартқан кезде қорғаушы, жәбірленушінің өкілі оның осы Кодекстің 80-бабында көзделген құқықтары мен міндеттерін және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420 және 423-баптары бойынша қылмыстық жауаптылықты қолхат ресімдей отырып түсіндіреді.
Көрсетілген қолхат бір тәулік ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға іс материалдарына қоса тіркеу үшін жіберіледі;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) қылмыстық іске қатысты ақпаратты білуі ықтимал адамдардың келісуімен, оларға сұрау салу арқылы, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып алуға құқылы.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Дәлелдемелер ретінде қылмыстық іске қосып тігу үшін ауызша да, жазбаша да, не электрондық құжат нысанындағы мәліметтерді, сондай-ақ нәрселер мен құжаттарды күдікті, айыпталушы, қорғаушы, жекеше айыптаушы, жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, сондай-ақ кез келген азаматтар мен ұйымдар беруге құқылы.
5. Осы баптың үшінші бөлігі 1) тармағының талаптарын орындамау заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
123-бап. Дәлелдемелерді бекiту
1. Нақты деректер процестік әрекеттердiң хаттамаларында тіркелгеннен кейiн ғана дәлелдемелер ретiнде пайдаланылуы мүмкін.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында хаттамаларды жүргiзу жауаптылығы анықтаушыға, тергеушiге және прокурорға, ал сотта - сот отырысына төрағалық етушi мен хатшыға жүктеледi.
3. Тергеу және сот әрекеттерiне қатысушыларға, сондай-ақ сот талқылауында тараптарға осы әрекеттердiң барысы мен нәтижелерi тіркелген хаттамалармен танысу, хаттамаларға толықтырулар мен түзетулер енгiзу, осы әрекеттi жүргiзудiң тәртiбi мен шарттары жөнiнде ескертулер мен қарсылықтар айту, хаттамадағы жазбаларға өз редакциясын ұсыну, анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың немесе соттың назарын iс үшiн маңызы болуы мүмкiн мән-жайларға аудару құқығы қамтамасыз етiлуге тиiс. Хаттамада тергеу және сот әрекеттерiне қатысушыларға олардың құқықтары түсiндiрiлгенi туралы белгi жасалады.
4. Ауызша айтылған толықтырулар, түзетулер, ескертулер, қарсылықтар, өтінішхаттар мен шағымдар хаттамаға енгiзiледi, ал жазбаша нысанда баяндалғандары хаттамаға қоса беріледі. Сызып тасталған немесе кіріктіріліп жазылған сөздер немесе басқа да түзетулер туралы хаттама соңында қойылған қолдар алдында ескертпе жасалады.
5. Тергеу әрекетiнiң хаттамасымен танысқан адамдар хаттаманың әрбір бетiне мәтiннiң соңғы жолының астына және хаттаманың соңына өзiнің қолын қояды. Сот отырысы хаттамасының бір бөлiгiмен танысу кезінде әрбір беттiң соңына не осы бөлiктiң соңына қолын қоюға құқылы.
6. Анықтаушы, тергеушi, прокурор немесе сот ескертулермен немесе қарсылықтармен келiспеген жағдайда, бұл туралы қаулы шығарады.
7. Заңда көзделген жағдайларда процеске қатысушылардың немесе басқа да адамдардың қайсыбіреуі тергеу әрекетiнiң хаттамасына қол қоюдан бас тартқан кезде анықтаушы, тергеушi немесе прокурор хаттамаға бұл туралы белгi жасайды, оны өзiнiң қолымен куәландырады.
8. Заңда көзделген жағдайларда сот отырысының хаттамасында жазылған сот әрекетi туралы жазбаларға қол қоюдан бас тартылған кезде осы хаттамада белгi жасалып, оны сот отырысына төрағалық етушi мен хатшы өз қолдарымен куәландырады.
9. Хаттамаға қол қоюдан бас тартқан адам бас тартуының себебiн түсiндiруге құқылы және бұл түсiніктеме хаттамаға енгiзiлуге тиiс.
10. Егер процестік әрекетке қатысушы өзiнiң дене кемiстігі салдарынан хаттаманы өзi оқи алмаса немесе оған қол қоя алмаса, онда оның келiсiмiмен оның қорғаушысы, өкiлi немесе оның өзі сенім білдіретін басқа жеке тұлға хаттаманы дауыстап оқиды және оған қол қояды, хаттамада бұл туралы белгi жасалады.
11. Дәлелдемелердi бекiту үшiн хаттамалар жасаумен қатар дыбыс-, бейнежазба, кино-, фототүсiру, бедерлер, баспа-таңбалар, жоспарлар, схемалар дайындау және ақпаратты түсіріп алудың басқа да тәсілдері қолданылуы мүмкiн. Тергеу әрекетiне немесе сот талқылауына қатысушының дәлелдемелердi бекiтудiң көрсетiлген тәсілдерін қолданғаны туралы пайдаланылған ғылыми-техникалық құралдардың техникалық сипаттамалары келтiрiле отырып, тиiсiнше тергеу әрекетiнің хаттамасында немесе сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
12. Фонограммалар, бейнежазбалар, кинофильмдер, фотосуреттер, бедерлер, баспа-таңбалар, жоспарлар, схемалар, тергеу немесе сот әрекетiнiң барысы мен нәтижелерiн басқа да бейнелеулер хаттамаға қоса беріледi. Әрбiр қосымшада оған қатысты тергеу немесе сот әрекетiнiң атауы, орны, күнi көрсетiлген түсiндiрме жазба болуға тиiс. Бұл жазбаны iс бойынша сотқа дейiнгi тергеп-тексеру барысында - прокурор, анықтаушы немесе тергеушi және қажет болған жағдайларда, куәгерлер, ал сотта сот отырысының төрағалық етушiсі мен хатшысы өз қолдарымен куәландырады.
124-бап. Дәлелдемелердi зерттеу
Iс бойынша жиналған дәлелдемелер жан-жақты және объективтi түрде зерттелуге жатады. Зерттеу алынған дәлелдемені талдауды, оны басқа дәлелдемелермен салыстыруды, оларды тексеру үшін қосымша дәлелдемелер жинауды, дәлелдемелер алу көздерiн тексерудi қамтиды.
125-бап. Дәлелдемелердi бағалау
1. Әрбiр дәлелдеме - оның қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға тиiс.
2. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы дәлелдемелерді осы Кодекстiң 25-бабына сәйкес заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi жиынтығымен жан-жақты, толық және объективтi қарауға негiзделген өздерiнiң iшкi сенімі бойынша бағалайды.
3. Егер дәлелдеме осы iс үшiн маңызы бар мән-жайлардың бар екендiгi туралы түйіндерді растайтын, теріске шығаратын немесе күмән туғызатын нақты деректердi бiлдiретiн болса, ол iске қатысты дәлелдеме деп танылады.
4. Егер дәлелдеме осы Кодексте белгiленген тәртiппен алынған болса, ол жол берілетін дәлелдеме деп танылады.
5. Егер тексеру нәтижесiнде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетiндiгi анықталса, ол анық дәлелдеме деп танылады.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Егер дәлелденуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты ешқандай күдіксіз және даусыз белгiлейтiн, iске қатысты жол берілетін және анық дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктi деп танылады.
126-бап. Дәлелдеу процесiндегi ғылыми-техникалық құралдар
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган, қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокат, сондай-ақ сарапшы және маман қылмыстық іс бойынша дәлелдеу процесінде ғылыми-техникалық құралдарды осы Кодексте көзделген процестік міндеттерін өздері орындауы кезінде пайдалана алады.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган, қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокат ғылыми-техникалық құралдарды пайдаланған кезде жәрдем көрсету үшiн маманды тартуы мүмкiн.
3. Егер ғылыми-техникалық құралдар:
1) заңда тiкелей көзделсе немесе оның нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе;
2) ғылыми тұрғыдан дәрменді болса;
3) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң тиiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн болса;
4) қауiпсiз болса, олар қолдануға жарамды деп танылады.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қылмыстық процестi жүргізетін органның ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануы ғылыми-техникалық құралдардың деректерi, оларды қолданудың шарттары мен тәртiбi, бұл құралдар қолданылған объектiлер және оларды пайдаланудың нәтижелерi көрсетiле отырып, тиiстi процестік әрекеттердiң хаттамаларында және сот отырысының хаттамасында, ал қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың оларды пайдалануы сұрау салу актісінде көрсетiледi.
127-бап. Преюдиция
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Соттың қылмыстық iс бойынша заңды күшiне енген үкімі, сондай-ақ қылмыстық істі мәні бойынша шешетін басқа да шешiмі анықталған мән-жайларға да, олардың соттың үкімі мен шешімі шығарылған адамға қатысты құқықтық бағалануына қатысты да барлық мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi. Бұл ереже соттың үкімі мен басқа да шешiмдерiн жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша кассациялық тәртіппен тексеруге, олардың күшiн жоюға және оларды өзгертуге кедергi болмайды.
2. Соттың азаматтық iс бойынша заңды күшiне енген шешiмi сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық процестi жүргізетін орган үшiн оқиғаның немесе әрекеттiң орын алғаны не алмағаны туралы мәселе жөнiнде ғана мiндеттi және ол сотталушының кiнәлiлігі немесе кiнәсіздігі туралы түйіндерді алдын ала шешпеуге тиiс.
3. Соттың заңды күшiне енген, өзінде талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкiмi сот үшiн оның азаматтық iсті қарауы кезiнде осы бөлiгінде мiндеттi.
4. Нақ сол күдік бойынша қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны туралы қаулыдан басқа, қылмыстық қудалау органы қаулысының сот үшiн мiндеттi күшi болмайды.
4-БӨЛІМ. ПРОЦЕСТІК МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫ
17-тарау. КҮДІКТІНІ ҰСТАП АЛУ
128-бап. Ұстап алу негіздері
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы күдіктіні ұстап алу - қылмыстық қудалау органы қылмыстың жолын кесу және оған күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселенi шешу мақсатында немесе адамның жасырынуы не неғұрлым ауыр қылмыс жасауы мүмкін деп пайымдауға негіздер болса, қылмыстық теріс қылық бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін қолданатын процестік мәжбүрлеу шарасы.
2. Қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы, мына негiздердiң бiрi:
1) осы адам қылмыс жасау кезiнде немесе тiкелей оны жасағаннан кейiн ұсталған;
2) көзімен көргендер (куәлар), оның iшiнде жәбiрленушiлер қылмыс жасаған адам ретінде осы адамды тікелей көрсетсе не ол адамды осы Кодекстiң 130-бабында көзделген тәртiппен ұстап алған кезде;
3) осы адамда немесе оның киімінде, өзiнің бойында немесе тұрғынжайында қылмыстың анық iздерi табылған кезде;
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметiнiң және (немесе) жасырын тергеу іс-қимылдарының заңға сәйкес алынған материалдарында адамға қатысты ол жасаған немесе жасауға дайындап жатқан қылмыс туралы анық деректер болғанда, бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалуы мүмкін қылмыс жасады деп күдiк келтірілетін адамды ұстап алуға құқылы.
3. Осы баптың екінші бөлігінің 1) тармағында көзделген негіздерді қоспағанда, адамдарды қылмыс жасады деген күдікпен ұстап алу кейінге қалдыруға болмайтын қажетті тергеу әрекеттері өткізілгеннен кейін жүргізіледі.
4. Адамға қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтіруге негiз беретiн өзге де деректер болған кезде, егер ол адам жасырынуға әрекет жасаса не оның тұрақты тұрғылықты жерi болмаса немесе күдіктінің жеке басы анықталмаса не сотқа күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат жіберілсе ғана ұстап алынуы мүмкін.
5. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды ұстап алу мерзімі нақты ұстап алған кезден бастап есептеледі және жетпіс екі сағаттан аспауға тиіс.
129-бап. Жеткізу
1. Жеткізу - адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы.
2. Адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бары расталған жағдайда, қылмыстық қудалау органы осы Кодекстің 131-бабында көзделген тәртіппен ұстап алуды жүзеге асыруға құқылы, бұл ретте жеткізу мерзімі осы Кодекстің 131-бабының төртінші бөлігінде көзделген ұстап алудың жалпы мерзіміне қосылады.
3. Жеткізу мерзімі аяқталған соң, бұдан әрі процестік ұстап алу жағдайларын қоспағанда, адамға жеткізілгендігі туралы дереу анықтама беріледі.
130-бап. Азаматтардың қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды процестік емес ұстап алуға құқығы
1. Жәбiрленушiнiң, сондай-ақ кез келген өзге азаматтың қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды оның өзге де қолсұғушылықтар жасау мүмкiндiгiнiң жолын кесу мақсатында ұстап алуға және оны қылмыстық қудалау органына немесе өзге де мемлекеттік билік органына беру не жеткізу үшін оның жүріп-тұру еркіндігін шектеуге құқығы бар.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, ұстап алынған адам қарсылық көрсеткен кезде оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 33-бабында көзделген шектерде дене күшi мен басқа да құралдар қолданылуы мүмкін. Егер ұсталған адамда қару немесе қылмыстық iс үшiн маңызы бар өзге де қауiптi заттар бар деп пайымдауға негiз болса, оны ұстап алған азамат ұстап алынған адамның киiмiн қарап-тексеруге және онда бар нәрселерді құқық қорғау органдарына немесе өзге де мемлекеттiк билік органына беру үшiн алып қоюға құқылы.
131-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды процестік ұстап алу тәртiбi
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алу кезінде қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы оның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғанын ауызша хабарлайды, оған қорғаушы шақыру құқығын, үнсіздік сақтау құқығын және оның айтқандары сотта оған қарсы қолданылуы мүмкін екендігін түсіндіреді.
Егер ұстап алынған адам қазақ және (немесе) орыс тiлдерiн бiлмесе не ұстап алу кезінде алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан масаң күйде не психосоматикалық ауру жағдайында өзіне түсіндірілген құқықтарын барабар қабылдай алмаса, онда күдіктінің құқықтарын түсiндiру одан күдiктi ретiнде жауап алу басталғанға дейiн тиісінше аудармашының (қажет болған кезде) және (немесе) қорғаушының қатысуымен жүзеге асырылады, бұл туралы жауап алу хаттамасында белгi жасалады.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Анықтау органының лауазымды адамы, анықтаушы, тергеуші осы Кодекстің 129-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде ұстап алу хаттамасын жасайды. Күдіктінің жалпы денсаулық жағдайын және дене зақымдануының бар-жоғын анықтау үшін ол осы Кодекстің 223-бабында көзделген тәртіппен куәландырылуға жатады.
Ұстап алу хаттамасында мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) күдіктінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
2) күдіктіні кімнің ұстап алғаны, ұстап алу негізі, уәждері, орны, нақты ұстап алу және жеткізу уақыты (сағаты мен минуты көрсетіле отырып);
3) күдіктінің құқықтары түсіндірілгені туралы мәліметтер;
4) жеке тінту нәтижелері;
5) ұстап алынған адамның денсаулық жағдайы туралы мәліметтер;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)