2. Кәсіпкерлік субъектісі борышкердің немесе кредитордың сотқа берген, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, өзге де адамдардың өтінішінің негізінде сот шешімімен банкрот деп жарияланады.
3. Заңды тұлғаны оңалту және оның банкроттық рәсімі Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ БІРЛЕСТІКТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫС ІСТЕУ ШАРТТАРЫ
54-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері
Кәсіпкерлік субъектілері өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің ортақ мүдделерін білдіру мен қорғау мақсатында құратын қауымдастық (одақ) кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестігі болып табылады.
Кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін қаржыландыру кәсіпкерлік субъектілерінің ерікті мүшелік жарналары және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қамтамасыз етіледі.
55-бап. Кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктері қызметінің негіздері
Кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің қызметі:
1) барлық кәсіпкерлік субъектілерінің тең құқықтылығына;
2) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына сәйкес келмейтін шешімдерді қабылдауға жол бермеуге;
3) кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің заңды түрде жүзеге асырылатын қызметін шектеуге жол бермейтін тәуелсіздікке;
4) қызметінің ашықтығы, өз мүшелері алдында есеп беруге, жауапкершілікке;
5) шешімдер қабылдаудағы және оларды іске асырудағы тиімділікке, жүйелілікке және жеделдікке негізделеді.
56-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, оның мақсаты мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі - Ұлттық палата) Қазақстан Республикасының бизнес қоғамдастығы мен мемлекеттік билік органдары арасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру және өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларды қамтамасыз ету, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестіктерінің (бұдан әрі - қауымдастық (одақ) қызметін ынталандыру және қолдау мақсатында құрылған, кәсіпкерлік субъектілері одағын білдіретін коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Ұлттық палатаны құрудың мақсаты Қазақстан Республикасында кәсіпкерліктің өсуі мен одан әрі дамуы үшін институционалдық негізді қалыптастыру болып табылады.
3. Ұлттық палатаның міндеттері:
1) кәсіпкерлік қоғамдастықты шоғырландыру;
2) кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру, қамтамасыз ету және қорғау;
3) кәсіпкерлік субъектілері мен олардың қауымдастықтарының (одақтарының) мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
4) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауға жәрдемдесу;
5) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын заңнамасын жетілдіру процесіне қатысу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттер болып табылады.
57-бап. Ұлттық палатаның жүйесі
1. Қауымдастықтар (одақтар) Ұлттық палатаның басқару органдарында және жұмыс органдарында кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіруге белгіленген өлшемшарттарға өздерінің сәйкестігін Ұлттық палатаның тануы үшін аккредиттеуден өтуге тиіс.
2. Ұлттық палата жүйесіне:
1) республикалық деңгейде:
Ұлттық палата;
Ұлттық палатада аккредиттелген республикалық салааралық, салалық қауымдастықтар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің республикалық қауымдастықтары (одақтары);
2) аумақтық деңгейде:
облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана кәсіпкерлерінің палаталары (бұдан әрі - өңірлік палаталар);
өңірлік палаталарда аккредиттелген өңірлік салааралық, өңірлік салалық қауымдастықтар (одақтар), сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің өңірлік қауымдастықтары (одақтары);
өңірлік палаталарда аккредиттелген облыстардағы, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардағы және астанадағы қауымдастықтар (одақтар);
өңірлік палаталарда аккредиттелген аудандардағы, аудандық маңызы бар қалалардағы қауымдастықтар (одақтар);
3) қалалық және аудандық деңгейлерде:
тиісті облыстардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аудандарындағы, сондай-ақ облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы өңірлік палаталардың филиалдары;
4) «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының мақсаттарын іске асыру үшін құрылған, Ұлттық палата құрылтайшы ретінде қатысатын заңды тұлғалар;
5) Ұлттық палатаның шет мемлекет аумағындағы филиалдары мен өкілдіктері;
6) Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кіреді.
58-бап. Ұлттық палата қызметінің қағидаттары
1. Ұлттық палатаның қызметі:
1) дербестік;
2) барлық кәсіпкерлік субъектілерінің тең құқықтылығы;
3) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарына қайшы келмейтін шешімдерді қабылдау;
4) қызметінің ашықтығы, өз мүшелері алдында есеп беру, жауапкершілік;
5) шешімдер қабылдаудағы және оларды іске асырудағы тиімділік, жүйелілік және жеделдік;
6) салааралық, салалық және өңірлік қауымдастықтарды (одақтарды) дамыту;
7) кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі;
8) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілер өндіретін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал жасау;
9) қоғам мен кәсіпкерлік мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету қағидаттарына негізделеді.
58-баптың 2-тармағы өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізілді
2. Ұлттық палата, егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге коммерциялық емес ұйымдарға міндетті түрде мүше болу белгіленген кәсіпкерлік субъектілерін, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген (есептік тіркеуден өткен) кәсіпкерлік субъектілерінің мүше болуының міндеттілігі қағидаты бойынша құрылады.
Міндетті мүше болуға негізделген кәсіпкерлік қызмет саласындағы өзін-өзі реттеу ұйымдарының мүшелері (қатысушылары) болып табылатын кәсіпкерлік субъектілеріне кәсіпкерлік субъектілерінің Ұлттық палатаға міндетті түрде мүше болу қағидаты қолданылады.
59-бап. Ұлттық палатаның мүшелері
1. Егер осы Кодексте және «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, кәсіпкерлік субъектілері Ұлттық палатаның мүшелері болып табылады.
2. Ұлттық палатаның мүшелері:
1) Ұлттық палата тарапынан кәсіби қолдау мен қорғауды, сондай-ақ оның жарғысында көзделген көрсетілетін қызметтерді пайдалануға;
2) оның басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
3) Ұлттық палатаға жазбаша сұрау салулармен өтініш жасауға және Ұлттық палатаға берілген өкілеттіктер шегінде уәжді жауаптар алуға, оның қызметін ұйымдастыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
4) «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Ұлттық палатаның жарғысында көзделген тәртіппен Ұлттық палатаны басқаруға қатысуға;
5) Ұлттық палата ұйымдастыратын оқытудан, қайта даярлаудан және біліктілікті арттырудан өтуге;
6) білікті ақпараттық-талдамалық қолдау, оның ішінде әртүрлі бейіндегі тәуелсіз сарапшылар көрсететін қызметтерді алуға;
7) Ұлттық палата жарғысында көзделген тәртіппен оның қызметі туралы есептерді тыңдауға;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
3. Ұлттық палатаның мүшелері міндетті мүшелік жарналар төлеуге міндетті.
4. Ұлттық палата мүшелерінің құқықтары тең.
5. Ұлттық палата кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға құқылы емес.
6. Дауларды реттеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
60-бап. Ұлттық палатаның құзыреті
Ұлттық палата осы Кодексте, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген функцияларды жүзеге асырады.
61-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметімен, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Міндетті мүшелік жарналардың шекті мөлшерлерін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық палатаның өзара іс-қимылы оны құру мақсатына және оның міндеттеріне қол жеткізуге бағытталады.
3. Ұлттық палатаның Қазақстан Республикасының Үкіметімен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы осы Кодексте және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіппен мынадай нысанда:
1) Ұлттық палатаның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және оларға сараптама жасауға қатысуы;
2) Ұлттық палатаның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын, Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге және оларға сараптама жасауға қатысуы;
3) Ұлттық палатаның орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қатысуымен консультативтік-кеңесші органдарды құруы;
4) Ұлттық палатаның орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанынан кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін қозғайтын мәселелер бойынша құрылатын консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына қатысуы;
5) Ұлттық палатаны құрудың мақсатын, оның міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
4. Коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік органдар Ұлттық палатаның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтары мен міндеттерін қозғайтын ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен ұсынуға міндетті.
62-бап өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізілді
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 62-бап өзгертілді
62-бап. Өзін-өзі реттеуді енгізу және оның түрлері
Кәсіпкерлік және кәсіби қызмет салаларында қолайлы құқықтық және экономикалық жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзін-өзі реттеу ұйымдарына ерікті және міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу енгізілуі мүмкін.
Кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет саласындағы міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу үшін мынадай шарттардың алдын ала сақталуы:
1) нақты саладағы реттеуші мемлекеттік орган және мүдделі тұлғалар осы Кодекстің 83-бабына сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс;
2) міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді енгізу жоспарланып отырған салада Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасын қоспағанда, ерікті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйымдардың және (немесе) кәсіпкерлік немесе кәсіптік қызмет субъектілерінің міндетті мүшелігі бар өзге де коммерциялық емес ұйымдардың жұмыс істеуі қажет.
2-БӨЛІМ. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ МЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ
4-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ НОРМА ШЫҒАРУШЫЛЫҚҚА ҚАТЫСУЫ
63-бап. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 64-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
64-бап. Сараптама кеңестері
1. Сараптама кеңесі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жанынан:
кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;
кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;
сараптама кеңестерінің мүшелерінен кәсіпкерлік мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарға сараптама қорытындыларын алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сараптама кеңестерінің құрамына Ұлттық палатаның, өзін-өзі реттеу ұйымдарының, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің бiрлестiктерi мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кіреді.
Сараптама кеңестерінің отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
3. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерi мен өзге де коммерциялық емес ұйымдар сараптама кеңесінің мүшелері мәртебесіне өздері орталық мемлекеттiк немесе жергiлiктi атқарушы органда аккредиттелген кезден бастап қана ие болады.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері мен өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуден өткізу тәртібін, оның ішінде аккредиттеу туралы куәліктің нысанын, аккредиттеудің күшін жою негіздері мен тәртібін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
Аккредиттеу туралы куәлік үш жыл мерзімге беріледі.
Орталық мемлекеттік және (немесе) жергілікті атқарушы органдарда қатарынан екі реттен көп аккредиттелген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері аккредиттеу туралы куәлікті мерзімсіз негізде алады.
5. Сараптама кеңесінің отырыстарына сараптама кеңесі мүшелерінің өкілдері қатысады, олардың өкілеттіктері сенімхатпен расталады.
Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сараптама кеңестерінiң құрамдары осы органдар басшыларының шешiмдерiмен бекiтiледi.
6. Мемлекеттiк құпияларды қамтитын нормативтiк құқықтық актілердің жобалары сараптама кеңесінің қарауына жатпайды.
7. Сараптама кеңесінің мүшелері нормативтік құқықтық актінің жобасын, Қазақстан Республикасы халықаралық шартының жобасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шартты қарауды сараптама кеңесінің мүшелеріне тиісті жобаны ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру туралы хабарламаны сараптама кеңесінің дереу жіберуі арқылы отырыс өткізбей жүзеге асырады.
Сараптама кеңесінің отырысы сараптама кеңесі мүшелерінің бастамасы бойынша өткізіледі. Күн тәртібі оның мүшелерінің кемінде үштен екісі болған кезде қаралады.
Бұл ретте сараптама кеңесінің отырыстары сараптама кеңесінің мүшелерін тікелей шақыру не нақты уақыт режимінде бейнеконференция байланысын немесе интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін.
8. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның құзыретіне жататын болса, осындай кез келген мәселе сараптама кеңесінің қарауына шығарылуы мүмкін.
9. 2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 65-бап жаңа редакцияда
65-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері
Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау осы Кодекске және «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
66-бап. 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
67-бап. 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
68-бап. 2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 69-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
69-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын халықаралық шарттар жасасудың ерекшеліктері
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарды әзірлеу кезінде осы Кодексте және «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабында көзделген тәртіп қолданылады.
5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК
70-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік ұғымы
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік мынадай белгілерге сәйкес келетін, мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы ынтымақтастық нысаны болып табылады:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу арқылы мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес қатынастарын құру;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудың орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді мерзімі (мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының ерекшеліктеріне қарай бестен отыз жылға дейін);
3) мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға бірлесіп қатысуы;
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасында инвестициялық және пайдалану кезеңдерінің болуы.
Инвестициялық кезең мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін жобалауды (қажет болған жағдайда), салуды және (немесе) реконструкциялауды және (немесе) жаңғыртуды не құруды қамтиды. Пайдалану кезеңі мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін оның функционалдық мақсатына сәйкес пайдалануды не мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің инфрақұрылымына техникалық қызмет көрсетуді, не оны басқаруды қамтиды;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін жекеше әріптестің инвестицияларды жүзеге асыруы.
71-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері
Мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес, сондай-ақ «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға қатысатын өзге де тұлғалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері болып табылады.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 72-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
72-баптың күші 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күнге дейін конкурстық құжаттамасы бекітілген немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру қажеттілігінің бар екендігі туралы уәкілетті тұлғаның қорытындысы берілген жобаларға қолданылмайды
72-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде құрылатын (оның ішінде салынатын және қажет болған жағдайда жобаланатын) және (немесе) реконструкцияланатын және (немесе) жаңғыртылатын, сондай-ақ пайдаланылатын ғимараттар, құрылысжайлар және (немесе) жабдық, мүліктік кешендер, зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелері мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері болып табылады.
73-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері мен қағидаттары
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің тиімді өзара іс-қимыл жасауы үшін жағдайлар жасау;
2) халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету инфрақұрылымы мен жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекеттің экономикасына инвестициялар тарту;
3) халықтың, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділік деңгейін және сапасын арттыру;
4) Қазақстан Республикасындағы жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қағидаттары:
1) дәйектілік қағидаты - мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері арасындағы өзара қатынастарды кезең-кезеңмен орнату;
2) конкурстық қағидаты - «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, жекеше әріптесті конкурстық негізде айқындау;
3) теңгерімділік қағидаты - мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру процесінде міндеттерді, кепілдіктерді, тәуекелдерді және кірістерді мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасында өзара тиімді бөлу;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) нәтижелілік қағидаты - мемлекеттік-жекешелік әріптестік нәтижелеріне қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін өлшемшарттар мен көрсеткіштерді белгілеу;
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1) ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі қағидаты - Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектерде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау мен іске асыру процестері туралы ақпаратқа ашық қол жеткізу;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) халық үшін құндылық қағидаты - әлеуметтік инфрақұрылымды және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамытуды қамтамасыз ету, тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің қолжетімділік деңгейі мен сапасын арттыру, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде жұмыс орындарын құру болып табылады.
74-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдану салалары және оны жүзеге асыру тәсілдері
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік экономиканың барлық саласында (аясында) жүзеге асырылады. Бұл ретте тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын объектілер мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін берілмейді.
2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүзеге асырылу тәсілі бойынша институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді.
3. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы іске асырады.
4. Өзге жағдайларда мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік тәсілі бойынша жүзеге асырылады.
Келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу арқылы, оның ішінде мынадай түрлердегі:
1) концессия;
2) мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару;
3) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға беру);
4) лизинг;
5) технологияны әзірлеуге, тәжірибелік үлгіні дайындауға, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ және ұсақ сериялы өндіріс бойынша жасалатын шарттар;
6) өмірлік цикл келісімшарттары;
7) сервистік келісімшарттар;
8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік белгілеріне сәйкес келетін өзге де шарттар жасасу арқылы іске асырылады.
6-тарау. КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
75-бап. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігінің жалпы ережелері
1. Кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік, экологиялық және өзге де салаларды дамытуға ерікті үлес қосуы кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі болып табылады.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасында кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі үшін жағдайлар жасайды.
3. Кәсіпкерлік субъектілерін әлеуметтік жауапкершілік бойынша қызметті жүзеге асыруға мәжбүрлеуге ешкім құқылы емес.
Қайырымдылықты жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің істеріне мемлекеттің заңсыз араласуына жол берілмейді.
4. Кәсіпкерлік субъектілері өз қызметінде жұмыспен қамту және еңбек қатынастары, қоршаған ортаны қорғау салаларында және өзге де салаларда кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін ендіре алады.