68) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, тиісті типтердегі және түрлердегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
69) психологиялық қолдау орталықтары қызметінің қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
70) білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
71) орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, оның ішінде қолайсыз ауа райы метеожағдайларында, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған кезде қашықтан оқыту бойынша және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын, кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын, сондай-ақ қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;
72) ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидалары мен бағдарламаларын әзірлейді және бекітеді;
73) мүмкіндігі шектеулі балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
74) мүмкіндігі шектеулі балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдау стандартын әзірлейді және бекітеді;
75) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, орта білім берудің, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі мен қағидаларын, сондай-ақ жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру іске асырылатын мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің тізбесін әзірлейді және бекітеді;
76) тиісті саланың уәкілетті органдарымен келісу бойынша педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлейді және бекітеді;
77) білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған кәсіптік стандарттарды әзірлейді және бекітеді;
78) мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
79) еңбек жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымынан босату қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
80) білім беру ұйымдарының педагогтері мен басшылары қызметінің тиімділігі рейтингін жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
81) педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын, сондай-ақ педагог қызметін курстан кейін қолдауды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын, педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын, біліктілікті арттырудың ваучерлік-модульдік жүйесінің әдістемесін, мемлекеттік білім беру ұйымдары, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын білім беру ұйымдары педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарының құнын айқындау әдістемесін әзірлейді және бекітеді, сондай-ақ педагогтерді қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
82) тиісті саланың уәкілетті органымен келісу бойынша мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған, оларда пайдаланылуы шектелген нәрселер мен заттардың тізбесін бекітеді;
83) аккредиттеу органдарын, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органдарын тану талаптары мен қағидаларын әзірлейді және бекітеді, танылған аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларының тізілімін, сондай-ақ оларды оған енгізу, оны тоқтата тұру және одан шығару негіздерін қалыптастырады және бекітеді;
84) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;
85) меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының және нормативтік құқықтық актілердің, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының орындалуын, білім беруді басқару органдарын, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдарда бюджеттік және қаржылық тәртіпті мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады;
86) білім беру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын нұсқамада белгіленген мерзімде жою туралы орындалуы міндетті жазбаша нұсқамалар береді;
87) білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырыс беруді ұйымдастыру, оларды сақтау, есепке алу мен беру және негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын, ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарын олармен қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді, олардың пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
88) білім беру қызметінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысандарын әзірлейді және бекітеді және мектепке дейінгі ұйымдардың және жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптарының, орта, арнаулы, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекітеді;
89) мектепке дейінгі ұйымдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін кәсіптік практиканы өткізуге арналған үлгілік шарттың және дуальды оқыту туралы үлгілік шарттың нысандарын бекітеді;
90) мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
91) мемлекеттік орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, қосымша білім беретін мектептен тыс ұйымдарда білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді және (немесе) тауарларды, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды жосықсыз берушілердің (әлеуетті өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекітеді;
92) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім беруді басқару органдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындауды және лауазымынан босатуды келіседі;
93) мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнаулы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын әзірлейді және бекітеді;
94) мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған орта білім беру ұйымдарын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанына қайта ұйымдастыруға арналған өлшемшарттарды бекітеді;
95) салалық көтермелеу жүйесін бекітеді;
96) осы Заңның мақсаты мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
97) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Білім беру саласындағы уәкілетті органның осы баптың бірінші бөлігінің 8), 9), 20), 32), 34), 35), 36), 38), 39), 44), 47), 48), 53), 56), 63), 68), 71), 72), 73), 75), 78), 80), 81), 94) және 95) тармақшаларында көзделген өкілеттіктері әскери, арнаулы оқу орындарына қолданылмайды.»;
2) 26-бапта:
3-тармақтың екінші бөлігі «халықаралық олимпиадалардың» деген сөздерден кейін «, ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының» деген сөздермен толықтырылсын;
4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Тізбесін Шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының және орындаушылардың халықаралық конкурстарының бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдарымен соңғы үш жылда марапатталған Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін мамандықтар тізбесіне сәйкес күндізгі оқыту нысаны бойынша жетекші шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жоғары білім алу үшін таңдаған мамандықтарының олимпиаданың немесе конкурстың пәніне сәйкес келуі және академиялық оқытуға сөзсіз қабылдану шартымен (қаржылық талаптарды қоспағанда), Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жас шектеулері ескеріле отырып, конкурстық негізде «Болашақ» халықаралық стипендиясын алуға құқығы бар.».
4. «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» 2011 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:
12-1-баптың 6-тармағының екінші бөлігі «мөлшерін» деген сөзден кейін «, сондай-ақ оның құнын айқындау әдістемесін» деген сөздермен толықтырылсын.
2-бап. Осы Заң:
1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағын;
2) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағы 1) тармақшасының жиырма тоғызыншы абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2025 жылғы 10 ақпан
№ 163-VІІІ ҚРЗ