1. Ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығыстардың есеп-қисаптарын бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі уәкілетті органның қарауына жыл сайын 1 наурызға дейін енгізеді.
2. Ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығыстардың есеп-қисаптарын уәкілетті орган құжаттар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қарайды.
3. Ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығыстардың есеп-қисаптарын қараудан бас тарту:
1) ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығыстардың есеп-қисаптарының нысаны мен мазмұны осы Заңның және Қазақстан Республикасы бюджеттік заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген;
2) құжаттар уәкілетті орган бекіткен белгіленген талаптарға сәйкес ұсынылмаған жағдайларда жүзеге асырылады.
4. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығыстардың есеп-қисаптарын «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталына орналастырады.
11-тарау. АҚПАРАТТЫҚ-КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР САЛАСЫН ДАМЫТУ
61-бап. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдау
1. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдауды Қазақстан Республикасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды ынталандыру мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институты және басқа да ұлттық даму институттары жүзеге асырады.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ұлттық даму институты өз қызметін осы Заңға және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырады.
3. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды мемлекеттік қолдаудың негізгі қағидаттары:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын жеке кәсіпкерлік және мемлекеттік-жекешелік әріптестік базасында дамыту;
2) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, ақпараттық жүйелерді әзірлеуге тапсырыстар алу кезіндегі отандық заңды тұлғалардың басымдығы;
3) отандық бағдарламалық қамтылым, бағдарламалық өнімдер өндірісін және техникалық құралдар өндірісін дамытуды ынталандыру;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығының құрылымын дамыту;
5) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығында адал бәсекелестікті қолдау.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік қолдау қағидаттарына сәйкес Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген шаралардан басқа, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту жөніндегі шаралар мыналар:
1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің нормативтік-әдіснамалық базасын қалыптастыру және дамыту, оның ішінде халықаралық стандарттарды ендіру;
2) 2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды қаржыландыру;
4) 2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды венчурлық және өзге де бюджеттен тыс өтеулі қаржыландыру үшін жағдайлар жасау;
6) 2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу арқылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларға инвестицияларды жүзеге асыру, заңды тұлғаларды, оның ішінде шетелдік қатысумен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен құру болып табылады.
62-бап. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету
1. Мемлекет ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандықтар бойынша техникалық, кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында даярлау және қайта даярлау үшін жағдайлар жасайды.
2. Ұйымдар, ұлттық компаниялар, олардың үлестес тұлғалары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мамандықтар бойынша кәсіптік, техникалық, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім алушылар үшін практика базасы ретінде әрекет етеді.
3. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын ғылыми қамтамасыз ету ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті мемлекеттік қолдау арқылы, оның ішінде технологияларды коммерцияландыру үшін жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылады.
12-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
63-бап. Ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық
1. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарына және заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру субъектілері халықаралық ұйымдар мен бірлестіктерге кіруге, халықаралық және шетелдік жобалар мен бағдарламаларға қатысуға құқылы.
Мемлекеттік органдар уәкілетті органмен келісу бойынша ақпараттандыру саласында шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен, халықаралық ұйымдармен және шетелдік заңды тұлғалармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
3. Ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық:
1) шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен, халықаралық ұйымдармен және шетелдік заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын орындау жөніндегі іс-шараларды іске асыруға қатысу;
2) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, оның ішінде Қазақстан Республикасының ұлттық шлюзі арқылы халықаралық (мемлекетаралық) ақпараттық өзара іс-қимылдың тұрақты және қауіпсіз жүйесін қалыптастыруға көмек көрсету;
3) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуды қамтамасыз ету бойынша шетелдік заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ кадрлық даму және ғылыми ынтымақтастық;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуына шетелдік заңды тұлғалармен және халықаралық ұйымдармен бірлесіп ұдайы негізде мониторинг және болжау жүргізу;
5) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасу, сондай-ақ мемлекеттің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымына қол сұғатын және мемлекеттік қызметтің саяси, экономикалық, әлеуметтік және өзге салаларын бұзатын әрекеттерге тыйым белгілеу;
6) Қазақстан Республикасында және шетелде семинарлар, конференциялар және тренингтер өткізу;
7) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды адамға, қоғамға және мемлекетке зиян келтіру тұрғысынан пайдалануға өзара түсіністік негізінде тыйым белгілеу;
8) ақпараттандыру саласындағы жобаларды шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен, шетелдік заңды тұлғалармен, шетелдік қоғамдық ұйымдармен және қорлармен бірлесіп қаржыландыру және іске асыру нысанында жүзеге асырылады.
4. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту, институттық қамтамасыз ету және тәжірибе мен білім алмасу мәселелері жөніндегі халықаралық ынтымақтастық шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың және шетелдік заңды тұлғалардың қатысуымен жүзеге асырылады.
13-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 64-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
64-бап. Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылау
Ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
65-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 66-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
66-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары мен ақпараттық жүйелері бар және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар хаттамасы, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестаты жоқ мемлекеттік органдар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар және аттестаттау жүргізеді.
2. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған немесе мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтар хаттамасы, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестаты жоқ мемлекеттік емес ақпараттық жүйелер осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап үш жыл ішінде ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтардан және аттестаттаудан өтеді.
2022.03.05. № 118-VII ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Бір ай ішіндегі орташа тәуліктік қолжетімділігі Қазақстан Республикасының аумағындағы бір жүз мыңнан астам пайдаланушыны құрайтын шетелдік онлайн-платформаның және (немесе) лездік хабарлар алмасу сервисінің меншік иелері және (немесе) өзге де заңды өкілдері осы Заңның 18-2-бабы қолданысқа енгізілгеннен кейін алты ай ішінде бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі өзінің заңды өкілін тағайындауға міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген талап сақталмай, шетелдік онлайн-платформа немесе лездік хабарлар алмасу сервисі қызметінің жүзеге асырылуы жалғастырылған жағдайда, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында олардың қызметіне шектеу қоюға құқылы.
67-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Ақпараттандыру туралы» 2007 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2007 ж., № 2, 13-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 15, 118-құжат; 2012 ж., № 2, 13-құжат; № 8, 64-құжат; № 14, 95-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; № 7, 36-құжат; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 24-і.
№ 418-V