282. Сарапшы не сарапшылар комиссияның төрағасы белгілеген мерзімдерде, бірақ екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдерді қарау мерзімінен кешіктірмей:
1) өз құзыретінің шегінде әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін растау үшін олар ұсынған құжаттарды толықтығы тұрғысында қарайды және зерделейді;
2) әлеуетті өнім берушілер ұсынатын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың бірыңғай дистрибьютордың тізіміне және осы Қағидаларда белгіленген сатып алынатын дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға қойылатын талаптарға сәйкестігіне тендерлік өтінімнің техникалық бөлігі бойынша сараптамалық қорытындыны ресімдейді, қол қояды және ұсынады.
283. Комиссия хатшысы сараптамалық қорытынды алғаннан кейін сараптамалық қорытындыны (сарапшының не сарапшылардың сәйкестендіру деректерін көрсетпей) сатып алу веб-порталына орналастырады және барлық комиссия мүшелеріне сатып алу веб-порталы арқылы хабарлама таратады. Комиссия сараптамалық қорытындыны ескере отырып, екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған өтінімдерді қарайды.
284. Комиссия біліктілік талаптарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін әлеуетті өнім берушілерді анықтаған жағдайда, осындай әлеуетті өнім берушілерге екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдерді алдын ала қарау хаттамасы сатып алу веб-порталына орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдерді осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келтіру үшін мүмкіндік береді.
Осы Қағидалардың 9-тармағын бұзған әлеуетті өнім берушілерге екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдерді осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келтіруге рұқсат етілмейді.
285. Комиссия енгізілген тендерлік өтінімді қамтамасыз етуді:
1) банктік кепілдік түрінде ұсынылған тендерлік өтінімді қамтамасыз етудің қолданылу мерзімінің жеткіліксіз болған;
2) комиссияға:
тендерлік өтінімді қамтамасыз етуді ұсынған адамды;
оған қатысу үшін банктік кепілдік түрінде тендерлік өтінімді қамтамасыз ету енгізетін екі кезеңдік тендердің атауын;
тендерлік өтінімді қамтамасыз етудің қолданылу мерзімін банктік кепілдік түрінде ұсынған;
тендерлік өтінімді қамтамасыз ету ұсынған адамды;
пайдасына тендерлік өтінімді қамтамасыз ету енгізілетін адамды анықтауға мүмкіндік бермейтін мәліметтердің болмауынан көрінетін тендерлік өтінімдерді қамтамасыз етудің тиісінше ресімделмеген жағдайларда осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейді деп таниды.
286. Екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдерді әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тұрғысында қарау нәтижелері бойынша комиссия мүшелерін және екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдер берген әлеуетті өнім берушілерді электрондық пошта арқылы бір мезгілде хабардар ете отырып, шешім қабылдау күні комиссияның төрағасы, комиссияның барлық мүшелері, сондай-ақ комиссия хатшысы қол қоятын екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдерді алдын ала қарау хаттамасы ресімделеді.
287. Екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдерді алдын ала қарау хаттамасы мынадай ақпараттан тұрады:
1) күні мен уақыты;
2) екі кезеңдік тендердің нөмірі;
3) екі кезеңді тендердің атауы;
4) ұйымдастырушының атауы;
5) ұйымдастырушының мекенжайы;
6) комиссияның құрамы, комиссияның хатшысы;
7) саны мен жалпы сомасы көрсетілген, сатылып алынатын тауарлардың атаулары, лоттардың нөмірлері;
8) қатысатын лоттардың нөмірлері көрсетілген, тендерлік өтінімдер ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атаулары және әрбір лот бойынша олар мәлімдеген бастапқы баға ұсыныстары;
9) тендерлік комиссия мүшелерінің мынадай мәліметтерді қамтитын алдын ала дауыс беру нәтижелері:
себептері көрсетілген, тендерлік өтінімдерге ескертулері бар әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
тендерлік өтінімдерге ескертулер жоқ әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
отандық тауар өндірушілер тендерлік өтінімдер ұсынған лоттардың нөмірлері;
дәрілік заттарды өндіру тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына және медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру «Техникалық реттеу туралы» 2004 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ИСО 13485 сапаны басқару жүйесі стандартының талаптарына сәйкес келген жағдайда отандық тауар өндіруші болып табылатын әлеуетті өнім берушінің бір тендерлік өтінімі ұсынылғанда берудің ұзақ мерзімді шартын жасасу мүмкін болатын лоттардың нөмірлері;
лоттардың нөмірлері көрсетілген, өнім беру шарттарын жасасу басымдығына үміткер әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
тендерлік өтінімдер ұсынылмаған лоттардың нөмірлері;
10) олар бойынша екеуден аз тендерлік өтінім ұсынылған лоттардың нөмірлері;
11) сатып алу веб-порталында осы хаттама орналастырылған кезден бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдерге толықтыруларды ұсынудың соңғы күні және уақыты.
288. Әлеуетті өнім берушілердің тендерлік өтінімдері біліктілік талаптарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келген жағдайда, тендерлік өтінімдерді алдын ала қарау хаттамасы ресімделмейді.
289. Комиссияның әлеуетті өнім берушілерді екі кезеңдік тендерге қатысуға алдын ала жіберу туралы шешімі екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдер ашылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қабылданады және комиссия хатшысы екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдер ұсынған әлеуетті өнім берушілерді электрондық пошта бойынша автоматты түрде хабардар ете отырып, сатып алу веб-порталына орналастырады.
290. Екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдердің алдын ала қарау хаттамасына комиссия мүшелері сатып алу веб-порталында қол қояды.
291. Комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда осы комиссияның кез келген мүшесінің ерекше пікірге құқығы бар, ол алдын ала қарау хаттамасына қоса беріледі және құжаттың электрондық көшірмесі нысанында сатып алу веб-порталына орналастырылады.
Алдын ала қараудың тиісті хаттамасында комиссия мүшесінің қолы болмаған жағдайда комиссия хатшысы сатып алу веб-порталына қолының болмау себебін қамтитын құжатты немесе ақпаратты орналастырады.
292. Осы Қағидалардың 287-тармағының 11) тармақшасында белгіленген мерзім өткеннен кейін комиссия хатшысы сатып алу веб-порталы арқылы біліктілік талаптарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келтірілген екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдерді қайта қарау рәсіміне бастама жасайды.
293. Әлеуетті өнім беруші сатып алу веб-порталы арқылы тендерлік өтінімдерді алдын ала қарау хаттамасында көрсетілген мерзімде тендерлік өтінімді беру кезінде қойылатын талаптарға сәйкес ресімделген комиссияның ескертулері бойынша бірыңғай дистрибьюторға тендерлік өтінімге толықтыруларды ұсынады.
Әлеуетті өнім берушінің тендерлік өтініміне толықтырулар ұсынудың соңғы мерзімі арасындағы кезең екі сағаттан аспауға тиіс.
294. Комиссия тендерлік өтінімдерді бес жұмыс күні ішінде қайта қарайды.
295. Тендерлік өтінімдерді қайта қарау кезінде комиссия:
1) алдын ала қарау хаттамасында көрсетілген әлеуетті өнім берушілердің тендерлік өтінімдерін біліктілік талаптарына және осы Қағидалардың талаптарына толық сәйкес келтіру және ескертулерді жою тұрғысында қайта қарайды;
2) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін құжаттар тізбесін ұсынған әлеуетті өнім берушілерді айқындайды.
296. Тендерлік өтінімдерде қамтылған мәліметтерді нақтылау мақсатында комиссия жазбаша нысанда және (немесе) электрондық құжат нысанында тиісті жеке немесе заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты сұрата алады.
Комиссияға екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімді жетіспейтін құжаттармен толықтырумен, тендерлік өтінімде ұсынылған құжаттарды ауыстырумен, тендерлік өтінімдерді талаптарға сәйкес келтіру мерзімі өткеннен кейін тиісінше ресімделмеген құжаттарды сәйкес келтірумен байланысты сұрау салу жолдауына және өзге де әрекеттерге жол берілмейді.
297. Екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінім, егер онда екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімнің мәнін қозғамайтын түзетуге болатын грамматикалық немесе арифметикалық қателер болса, тендерлік құжаттаманың талаптарына сәйкес келеді деп танылады.
298. Тендерлік өтінімдерді қайта қарау нәтижелері бойынша аукционға жіберу хаттамасы жасалады, оған комиссия мүшелері қол қояды және комиссия хатшысы комиссия мүшелерін және екі кезеңдік тендерге қатысуға арналған тендерлік өтінімдер берген әлеуетті өнім берушілерді электрондық пошта арқылы бір мезгілде хабардар ете отырып, оны сатып алу веб-порталында жариялайды.
299. Аукционға жіберу хаттамасы мынадай ақпараттан тұрады:
1) күні мен уақыты;
2) екі кезеңдік тендердің нөмірі;
3) екі кезеңдік тендердің атауы;
4) ұйымдастырушының атауы;
5) ұйымдастырушының мекенжайы;
6) комиссияның құрамы, комиссияның хатшысы;
7) сатып алынатын тауарлардың атаулары, саны мен жалпы сомасы көрсетілген лоттардың нөмірлері;
8) лоттардың нөмірлері көрсетілген, тендерлік өтінімдерді ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
9) тендерлік өтінімдерге ескертулер болмаған әлеуетті өнім берушілердің атауы;
10) тендерлік өтінімдерге комиссияның ескертулері болған әлеуетті өнім берушілердің атаулары, сондай-ақ тендерлік өтінімдерге толықтырулар ұсыну туралы ақпарат;
11) отандық тауар өндірушілер тендерлік өтінімдер ұсынған лоттардың нөмірлері;
12) кәсіпкерлік бастамаға қолдау көрсетілген лоттардың нөмірлері;
13) ең төмен бастапқы баға ұсынысын айқындаумен лоттар бойынша әлеуетті өнім берушілердің бастапқы баға ұсыныстары;
14) осы Қағидалардың 296-тармақшасына сәйкес комиссияның сұрау салулары туралы;
15) комиссия мүшелерінің дауыс беру нәтижелері және олар бойынша мынадай мәліметтерден тұратын қабылданған шешімдер:
аукционға жіберілмеген әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
аукционға жіберілген әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
бәсекелестік ортаның болмауына байланысты аукционға қатыспайтын бір ғана әлеуетті өнім беруші жіберілген лоттардың нөмірлері.
4-параграф. Тендерлік өтінімді қабылдамау негіздемелері
300. Тендерлік өтінімді қабылдамау негіздемелері осы Қағидалардың 247-тармағында белгіленген, бұл ретте талап етілетін құжаттар электрондық көшірмелер, қажет болған кезде банк кепілдігі түрінде ұсынылатын кепілдікті қамтамасыз етуді қоспағанда, сатып алу веб-порталы арқылы әлеуетті өнім берушінің басшысының не уәкілетті өкілінің электрондық-цифрлық қолтаңбасы қойылған құжаттардың электрондық көшірмелері түрінде ұсынылады.
5-параграф. Төмендетуге арналған аукцион
301. Бастапқы баға ұсынысы тендерлік өтінімдерді ашу сәтінде веб-порталда автоматты түрде ашылады.
Лоттың жалпы сомасына пайыздық арақатынаста көрсетілген дәрілік заттарды тасымалдау, сақтау, есепке алу және өткізу жөніндегі қызметтер үшін әлеуетті өнім беруші бастапқы, түпкілікті баға ұсыныстарын және (немесе) сыйақы мөлшерін төмендету жағына қарай өзгерткен жағдайда фармацевтикалық көрсетілетін қызметті сатып алу бойынша аукционды өткізу кезінде әлеуетті өнім беруші баға ұсыныстарының тиісті өзгерістері мен сыйақы мөлшерін ұсынады.
Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде сыйақы мөлшерін өзгерту рәсімі баға ұсыныстарын өзгерту рәсіміне ұқсас.
302. Сатып алу веб-порталы сатып алынатын тауарлар (лоттар) бойынша бастапқы баға ұсыныстарын автоматты түрде салыстырады және әрбір тауар (лот) бойынша бөлек ең төмен баға ұсынысын (бастапқы бағаны) айқындайды.
Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде дәрілік заттардың құны мен оларды тасымалдау, сақтау, есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтер үшін сыйақы мөлшерінен тұратын фармацевтикалық көрсетілетін қызметтің жиынтық құны ең төмен болып табылатын әлеуетті өнім беруші жеңімпаз болып айқындалады.
303. Аукционға жіберілген әлеуетті өнім берушілер қатысады.
304. Аукцион әлеуетті өнім берушінің ең төмен бастапқы баға ұсынысынан бастап бастапқы баға ұсынысын аукцион қадамына төмендету жолымен өткізіледі.
305. Аукцион қадамы аукционға қатысушысының ең төменгі бастапқы бағасынан кемінде жарты пайызды (0,5) құрайды.
Фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде аукцион қадамы аукционға қатысушының ең төмен бастапқы бағасынан кемінде бес пайызды құрайды.
306. Егер әлеуетті өнім берушілер бірдей бастапқы баға ұсыныстарын ұсынса, басқа да бастапқы баға ұсыныстарынан бұрын келіп түскен бастапқы баға ұсынысы ең төменгі бастапқы баға ұсынысы болып танылады.
307. Аукцион өткізу кезінде аукционға қатысушылар ағымдағы ең төмен баға ұсынысын аукцион қадамы шегіндегі мөлшерге қарай төмендетуді көздейтін баға ұсыныстарын береді.
308. Егер осындай баға ұсынысын осы аукцион қатысушысы берген жағдайда, аукционға қатысушы ағымдағы ең төмен баға ұсынысынан төмен болатын баға ұсынысын бере алмайды.
309. Аукцион сатып алу веб-порталында аукционға жіберу туралы хаттамада көрсетілген күні мен уақытта өткізіледі.
Аукционды өткізу күні аукционға жіберу туралы хаттама орналастырылған күннен бастап екі жұмыс күні өткеннен кейін келесі күн жұмыс күні болып табылады.
Төмендетуге арналған аукционның басталу уақыты Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-де автоматты түрде айқындалады. Аукциондық сауда-саттықты өткізу кезеңі автоматты түрде мынадай шарттарға сәйкес айқындалады:
1) егер аукциондық сауда-саттық 1-ден 20 лотқа дейін қоса алғанда өткізілсе, онда аукциондық сауда-саттық ұзақтығы аукционды өткізу басталғаннан 2 (екі) сағатты құрайды;
2) егер аукциондық сауда-саттық 21-ден 50 лотқа дейін қоса алғанда өткізілсе, онда аукциондық сауда-саттық ұзақтығы аукционды өткізу басталғаннан 3 (үш) сағатты құрайды;
3) егер аукциондық сауда-саттық 51-ден 100 лотқа дейін қоса алғанда өткізілсе, онда аукциондық сауда-саттық ұзақтығы аукционды өткізу басталғаннан 4 (төрт) сағатты құрайды;
4) егер 100 лоттан астам аукциондық сауда-саттық өткізілсе, онда аукциондық сауда-саттық ұзақтығы аукционды өткізу басталғаннан 6 (алты) сағатты құрайды.
310. Егер төмендетуге арналған аукционның қатысушысы аукцион өткізудің соңғы отыз минуты ішінде түпкілікті баға ұсынысын берсе, онда осындай лотқа арналған аукциондық сауда-саттықтың жалпы уақыты отыз минутқа автоматты түрде ұзартылады. Аукциондық сауда-саттықты аяқтау мерзімін ұзартудың жалпы саны шектелмеген.
Төмендетуге арналған аукцион өткізу уақыты әрбір лотқа бөлек есептеледі, бұл ретте барлық лоттарға аукциондық сауда-саттықтар бір хабарландыруда бір мезгілде басталады. Егер көрсетілген уақыт ішінде тауардың мейілінше төмен бағасы туралы бір де бір баға ұсынысы түспесе, төмендетуге аукцион аяқталады.
Сатып алу веб-порталы аукцион қорытындылары бойынша ең төменгі баға ұсынысын ұсынған аукцион жеңімпазын автоматты түрде айқындайды.
Егер аукционды өткізу басталғаннан кейін отыз минут ішінде аукционға қатысушылардың бір де біреуі өткізіліп отырған аукционның мәні болып табылатын тауардың бағасы туралы баға ұсынысын ұсынбаған жағдайда, бастапқы бағасы ең төмен болып табылатын әлеуетті өнім беруші аукционның жеңімпазы деп танылады.
311. Әлеуетті өнім берушінің бағаны төмендетуге арналған әрбір ұсынысына әлеуетті өнім берушінің бірінші басшысының немесе оның уәкілетті адамының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қойылуға тиіс. Әлеуетті өнім берушінің бағаны төмендетуге арналған баға ұсынысы бағаны төмендету сауда-саттықтарының ағымдағы ең төмен бағасынан төмендету қадамының шегінде төмен болуға тиіс және кері қайтарып алмайды немесе ұлғайту жағына қарай өзгертілмейді.
312. Екі кезеңдік тендердің қорытындылары туралы хаттама автоматты түрде қалыптастырылады және бір мезгілде комиссия мүшелерінің және екі кезеңдік тендерге қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім берушілердің электрондық поштасына мынадай ақпараттан тұратын хабарландырумен аукционды өткізу аяқталған күні сатып алу веб-порталына орналастырылады:
1) екі кезеңдік тендердің нөмірі;
2) екі кезеңдік тендердің атауы;
3) ұйымдастырушының атауы;
4) ұйымдастырушының мекенжайы;
5) комиссияның құрамы, комиссияның хатшысы туралы деректер;
6) саны мен жалпы сомасы көрсетілген сатып алынатын тауарлардың атаулары, лоттардың нөмірлері;
7) аукционға жіберілген әлеуетті өнім берушілердің атаулары мен орналасқан жері (мекенжайы);
8) әлеуетті өнім берушілердің бастапқы ең төменгі баға ұсынысы;
9) аукционды бастау күні мен уақыты;
10) аукционды аяқтау күні мен уақыты;
11) сатып алынатын тауарлардың атаулары, саны, бағасы мен сомасы көрсетілген әрбір лот бойынша жеңімпаздардың атаулары (бар болса);
12) екінші орын алған әлеуетті өнім берушінің атауы (ол айқындалған жағдайда);
13) екі кезеңдік тендерді не оның жекелеген лотын өткізілмеді деп тану негіздемесі (мұндай жағдай туындаған кезде);
14) осы Қағидалардың 21-тарауына сәйкес лоттарды көрсете отырып, берудің ұзақ мерзімді шарты жасалатын отандық өндірушілер болып табылатын әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
15) осы Қағидалардың 18-тарауына сәйкес бір көзден сатып алу тәсілін қолданбай лоттарды көрсете отырып, осы Қағидалардың 27, 31 және 32-тармақтарына сәйкес өнім беру шарты жасалатын әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
16) лоттар көрсетілген беру шарттары жасалатын әлеуетті өнім берушілердің атаулары.
6-параграф. Екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алуды өткізілмеді деп тану негіздемелері
313. Екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алу немесе оның қандай да бір лоты осы Қағидалардың 247-тармағында белгіленген негіздемелер бойынша өткізілмеді деп танылады.
16-тарау. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу
1-параграф. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі
314. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды бірыңғай дистрибьютор мынадай жағдайларда:
1) екі кезеңдік тендер тұтастай немесе оның қандай да бір лоты бойынша өткізілмеді деп танылған кезде;
2) тапсырыс берушіден дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемін ұлғайту жағына қарай қосымша өтінім келіп түскен кезде, сондай-ақ сол қаржы жылы төмендемейтін қорды қалыптастыру және толықтыру үшін сатып алу кезінде;
3) екі кезеңдік тендердің жеңімпазы және екінші орын алған әлеуетті өнім беруші (бар болса) белгіленген мерзімде өнім беру шартына қол қоймаған;
4) өнім беру шарты немесе берудің ұзақ мерзімді шарты бойынша өнім берушінің өз міндеттемелерін орындамауына, тиісінше орындамауына байланысты өнім беру шарты бұзылған кезде;
5) халықаралық патенттелмеген атауы (құрамы) және (немесе) сипаттамасы бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген аналогтары жоқ дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды (бұдан әрі - аналогтары жоқ тауарлар) әлеуетті өнім беруші - шетелдік өндірушіден (дайындаушы зауыттан) немесе отандық тауар өндірушіден сатып алу кезінде;
6) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар (келісімдер), сондай-ақ оларды іске асыру үшін қол қойылған халықаралық шарттар негізінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы құрған халықаралық ұйымдар арқылы сатып алу кезінде жүзеге асырады.
2-параграф. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі
315. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды ұйымдастыру және өткізу (осы Қағидалардың 314-тармағының 5) және 6) тармақшаларына сәйкес сатып алуды қоспағанда) мынадай жүйелі іс-шараларды орындауды көздейді:
1) бірыңғай дистрибьютордың осы тәсілді қолдану негіздемесімен бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу өткізу туралы шешім қабылдау;
2) бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу рәсімін ұйымдастыру мен өткізу үшін комиссия құру;
3) әлеуетті өнім берушілерге бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы шақыру жіберу;
4) әлеуетті өнім берушінің бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы шақыру алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу жөніндегі келісімін немесе себептерін көрсете отырып қатысудан бас тарту туралы хатты жіберу. Бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушінің негізделген өтініші бойынша құжаттарды ұсыну мерзімін күнтізбелік жиырма күнге дейін ұзарта алады. Бұл ретте, осы тармақшада белгіленген мерзімде жауаптың болмауы бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысудан бас тарту ретінде бағаланады;
5) әлеуетті өнім берушінің бірыңғай дистрибьюторға бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы шақыруды алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 212, 214-тармақтарына сәйкес осы Қағидалардың 3 және 4-тарауларының талаптарына әлеуетті өнім берушінің сәйкестігін растайтын ұсыныстар мен құжаттарды жіберу. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысы тиісті лот бойынша сатып алу үшін бөлінген бағадан және халықаралық патенттелмеген атауы және (немесе) саудалық атауы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті бағадан асырылмайды;
6) өнім беру шартының бағасын төмендетуге қарай әлеуетті өнім берушімен келіссөздер жүргізу. Әлеуетті өнім беруші мұндай ұсыныстан бас тарта алады, бұл бірыңғай дистрибьютордың өнім беру шартына қол қоюдан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды;
7) бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы қажетті құжаттарды әлеуетті өнім беруші ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютордың интернет-ресурсына орналастыру, онда мыналар көрсетіледі:
комиссияның құрамы мен хатшысы;
бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды өткізу негіздемесі;
бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға шақырылған әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
бірыңғай дистрибьюторға құжаттарды ұсыну уақыты мен күні көрсетілген әлеуметті өнім берушілердің атаулары;
құжаттары осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
құжаттары осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін әлеуетті өнім берушілердің атаулары;
сатып алынатын тауарлардың (бар болса) атауы, саны, бағасы мен сомасы көрсетілген, бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу жүзеге асырылатын әлеуетті өнім берушінің атауы;
өнім беру шартына қол қойылуға тиіс мерзім;
бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған тауарлардың атауы.
Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алудың қорытындылары туралы хаттамаға барлық қатысып отырған комиссия мүшелері, төраға, төрағаның орынбасары, комиссия хатшысы шешім қабылдаған күні қол қояды және әр парағына бұрыштама қол қояды;
8) бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алудың қорытындылары туралы хаттаманың негізінде өнім беру шартын жасасу немесе осы тараудың 4-параграфында көзделген жағдайларда өнім беру шартына қосымша келісім жасасу. Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу қорытындылары бойынша беру шарттары осы Қағидалардың 18-тарауының талаптары ескеріле отырып жасалады.
Осы тармақта көзделген талаптар осы тарауда белгіленген сатып алу тәсілінің ерекшеліктері ескеріле отырып қолданылады.
3-параграф. Екі кезеңдік тендер тұтастай немесе қандай да бір лоты бойынша
өткізілмеді деп танылған кезде бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу тәртібі
316. Екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып аулға қатысуға арналған өтінімдердің ұсынылмауы себебінен өткізілмеді деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютордың веб-порталына тауарларды бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу туралы хабарландыруды орналастырады.
317. Екі кезеңдік тендер бір де бір әлеуетті өнім берушінің аукционға қатысуға жіберілмеуі себебінен өткізілмеді деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютордың веб-порталына тауарларды бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу туралы хабарландыруды орналастырады.
Бұл ретте бір көзден сатып алуға екі кезеңдік тендерге қатысқан осы Қағидалардың 3-тарауының біліктілік талаптарына сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілерге рұқсат етіледі.
318. Екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алу аукционға қатысуға тек бір әлеуетті өнім берушінің жіберілуі себебінен өткізілмеді деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютор бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді.
319. Екі кезеңдік тендер аукцион өткізу кезінде бір әлеуетті өнім берушінің қалуы себебінен өткізілмеді деп танылған жағдайда бірыңғай дистрибьютордың бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мұндай әлеуетті өнім берушіге шақыру жібереді.