502. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ақпарат берген кезден, сондай-ақ медициналық техниканы жергілікті бюджет есебінен сатып алатын тапсырыс берушілер ақпаратты берген сәттен бастап жиырма жұмыс күні ішінде лизинг беруші денсаулық сақтау ұйымының медициналық техниканы қабылдауға және тиісінше пайдалануға дайындық деңгейін, медициналық техниканың денсаулық сақтау ұйымы көрсететін қызметтерге сәйкестігін айқындау мақсатында клиникалық-техникалық негіздемесі бөлігінде сараптамалық бағалауды жүргізеді және оның нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды шығарады.
503. Лизинг беруші сараптамалық қорытынды шығарылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде оны денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға жібереді.
504. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган лизинг беруші сараптамалық қорытындыны ұсынған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде оны тапсырыс берушіге кейіннен бірыңғай дистрибьюторға өтінім ұсыну үшін жібереді.
505. Тапсырыс берушілер медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуға өткізілген конкурстың қорытындылары бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган тізімді бекіткеннен кейін, сондай-ақ бюджет бекітілгеннен кейін бірыңғай дистрибьюторға өтінім береді, онда мыналар:
1) сатып алынатын медициналық техниканың атауы;
2) техникалық ерекшелігі, жиынтықтығы, саны, беру мерзімі, шарттары және орны;
3) облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне жергілікті деңгейде медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттерді қоса алғанда, республикалық бюджет қаражатының есебінен медициналық техника сатып алынған жағдайда лизинг берушінің сараптамалық қорытындысының көшірмесі;
4) мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманың немесе куәліктің, жарғының/ереженің көшірмелері қоса берілген тапсырыс берушілердің толық атауы, олардың деректемелері, мекенжайы (пошта және заңды), байланыс телефондарының, факстарының нөмірлері, электрондық поштасының мекенжайы, бірінші басшының немесе оны алмастыратын адамның атқарып отырған лауазымын растайтын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), сатып алуды жүзеге асыруға жауапты адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), шеңберінде сатып алу жоспарланған бағдарламаның, кіші бағдарламаның, ерекшеліктің атауы, банктік деректемелер қамтылады.
506. Бірыңғай дистрибьютор жыл сайын медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартын жасасқаннан кейін медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартының ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті қаржы жылына арналған денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша үш жақты сатып алу шартымен ресімделетін тапсырыс берушілердің әрбір келесі күнтізбелік жылға өтінімдерінің негізінде:
1) медициналық техника бірыңғай дистрибьютордың тізіміне енгізілген;
2) тапсырыс берушілер медициналық техниканы беру санын (көлемін) айқындаған;
3) медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартының талаптарында белгіленген әлеуетті өнім берушіге, медициналық техникаға қойылатын талаптарға сәйкестігі расталған жағдайларда медициналық техниканы сатып алуды жүзеге асыруға міндеттенеді.
507. Бірыңғай дистрибьютор жыл сайын тапсырыс берушілерден өтінімдерді алған сәттен бастап күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей отандық өндірушіге берудің ұзақ мерзімді шартының шеңберінде сатып алынатын медициналық техниканы сатып алудың үш жақты шартын қол қоюға жібереді. Отандық өндіруші оны алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей сатып алудың үш жақты шартына қол қояды.
Бірыңғай дистрибьютор қол қойылған сатып алудың үш жақты шартын алған күннен бастап оны тапсырыс берушіге қол қоюға береді.
Тапсырыс беруші алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей сатып алудың үш жақты шартына қол қояды және Бірыңғай дистрибьюторға жібереді.
508. Отандық тауар өндіруші мынадай жағдайларда лизинг беруші сараптамалық бағалау жүргізгеннен кейін жеткізілетін медициналық техниканы берудің ұзақ мерзімді шартына жылына бір реттен асырмай шекті бағаны өзгерту үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға жүгіне алады:
1) техникалық сипаттамалардың жақсару жағына қарай өзгеруі;
2) сараптамалық қорытындының алдыңғы күнімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімін өндірушілердің баға индексінің ресми өзгерісін есепке ала отырып, шекті бағаны ұлғайту немесе азайту.
509. Отандық тауар өндіруші денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға медициналық техниканың шекті бағасына ұсынылатын өзгерістер туралы өтінім жібереді, ол мыналарды қамтиды:
1) Қағидалардың 508-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда тіркелген медициналық техниканың тізбесі, медициналық техниканың жинақтау бөлігіндегі болжамды бағасы, техникалық ерекшелік және медициналық техниканы жақсарту жағына қарай техникалық сипаттамалары;
2) Қағидалардың 508-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда тіркелген медициналық техниканың тізбесі, сараптамалық қорытындының алдыңғы күнінен бастап өнеркәсіп өнімін өндірушілердің баға индексінің ресми өзгерісін растайтын құжат, медициналық техниканың жинақтау бөлігіндегі болжамды бағасы, техникалық ерекшелік.
510. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде отандық тауар өндірушіге сарапталық бағалау жүргізу үшін медициналық техниканың келісілген тізбесін жібереді.
511. Сараптамалық бағалау денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен оңтайлы техникалық сипаттамаға сараптамалық бағалауды жүзеге асыру әдістемесіне және медициналық техниканың клиникалық-техникалық негіздемесіне сәйкес қызметтерді ақылы көрсету туралы жасалған шарт негізінде жүргізіледі.
Сараптамалық бағалауды жүргізу үшін отандық тауар өндіруші шарт жасалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен оңтайлы техникалық сипаттамаға сараптамалық бағалауды жүзеге асыру әдістемесінде және медициналық техниканың клиникалық-техникалық негіздемесінде көзделген құжаттарды ұсынады.
Сараптамалық бағалауды жүзеге асыратын ұйым қызметтерді ақылы көрсету туралы шартта белгіленген мерзімдерде отандық тауар өндірушілерге сараптамалық қорытындыны ұсынады.
512. Отандық тауар өндіруші денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орғанға сараптамалық қорытындының түпнұсқасын жібереді.
513. Уәкілетті орган техникалық ерекшелікпен бірге тігілген сараптамалық қорытындыны отандық тауар өндірушіден алған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға берудің ұзақ мерзімді шарттары бойынша сатып алуға жататын медициналық техниканың бекітілген тізбесін жинақтау бөлігіндегі шекті бағасымен бірге жібереді.
514. Берудің ұзақ мерзімді шартын бұзуға:
1) шартта көзделген міндеттемелердің бірнеше рет бұзылуы:
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген лицензияланатын қызметті орындауға лицензияның кері қайтарылуы;
3) екі жыл қатарынан беруден бас тарту (себептері мен мән-жайларына қарамастан);
4) бірнеше рет сапасы лайықсыз тауарды беру;
5) өнім берушінің жосықсыз өнім берушілер тізбесіне енгізілу жағдайлары негіз болып табылады.
23-тарау. Бірыңғай дистрибьютордың қоймасында дәрілік заттардың, медициналық
мақсаттағы бұйымдардың төмендемейтін қорын қалыптастыру және пайдалану тәртібі
515. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың төмендемейтін қоры бірыңғай дистрибьютордың өз қаражаты есебінен қалыптастырылады.
516. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың төмендемейтін қорын бірыңғай дистрибьютор алдыңғы жылы тапсырыс беруші нақты сатып алған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың жалпы көлемінің он пайызына дейін бірыңғай дистрибьютор төмендемейтін қор тізбесін бекіткен күні сатып алады.
517. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың төмендемейтін қорын бірыңғай дистрибьютор тапсырыс берушінің өтінімі бойынша мынадай жағдайларда:
1) өнім берушілер бірыңғай дистрибьюторға беру мерзімін бұзған кезде;
2) өнім берушілер беруден бас тартқан кезде;
3) өнім берушінің кінәсінен шарт бұзылған кезде;
4) тапсырыс берушілерден сол қаржы жылы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемін ұлғайтуға қатысты қосымша өтінім келіп түскен кезде;
5) осы Қағидаларға сәйкес сатып алу тәсілдерінің бірімен (өз қалауы бойынша) жасалатын шарттар есебінен қалған жарамдылық мерзімін жаңартқан жағдайда тапсырыс берушілерден келесі қаржы жылына өтінімдер келіп түскен кезде пайдаланылады.
518. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың төмендемейтін қорын осы Қағидаларда белгіленген тәсілдермен (дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қалдықтарын есепке алғанда) бірыңғай дистрибьютор толықтырып отырады (өз қалауы бойынша).
4-бөлім. Лизинг берушінің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің шеңберінде медициналық техниканы сатып алуы
24-тарау. Лизинг берушінің бірыңғай дистрибьютор арқылы медициналық техниканы сатып алуы
1-параграф. Лизинг берушінің медициналық техниканы сатып алу тәртібі
519. Қаржы лизингі шарттарында одан әрі денсаулық сақтау ұйымдарына беру үшін лизинг берушінің қаражаты есебінен сатып алынатын медициналық техника үшін бірыңғай дистрибьютор осы Қағидалардың 3-бөліміне сәйкес сатып алуды ұйымдастыруды жүзеге асырады.
520. Денсаулық сақтау ұйымдары лизинг берушіге бірыңғай дистрибьютордың тізіміне енгізілмеген медициналық техниканы қаржы лизингі жағдайларында сатып алу үшін өтінім береді, ол мыналарды қамтиды:
1) клиникалық-техникалық негіздеме;
2) медициналық техниканың атауы, моделі, шыққан жерінің атауы және өндірушінің атауы, сондай-ақ сатып алынатын медициналық техниканың жеке өндірушіге тиесілігін айқындайтын өзге де сипаттамалары көрсетілген техникалық ерекшелік;
3) лизинг беруші оңтайлы техникалық сипаттамаларына, клиникалық-техникалық негіздемесіне және құнына сараптамалық бағалау жүргізу үшін, сондай-ақ ұйымдастырушылық сараптама және қаржы лизингі шарттары мен талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізу үшін айқындайтын тәртіппен құжаттар және тізбеге сәйкес құжаттар.
521. Лизинг беруші денсаулық сақтау ұйымынан өтінім келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде сараптамалық бағалау және ұйымдастырушылық сараптама, қаржы лизингі шарттары мен талаптарына сәйкестікке сараптама жүргізеді.
522. Лизинг беруші бес жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторға сатып алуды ұйымдастыру үшін қағаз және электрондық жеткізгіштегі медициналық техниканың тізбесін жібереді, ол медициналық техниканың атауы, моделі, шыққан жерінің атауы және өндірушінің атауы, сондай-ақ сатып алынатын медициналық техниканың жеке өндірушіге тиесілігін айқындайтын өзге де сипаттамалар көрсетілген техникалық ерекшелікті қамтиды.
523. Бірыңғай дистрибьютор осы Қағидалардың 522-тармағына сәйкес ұсынылған медициналық техниканың тізбесін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 3-бөліміне сәйкес сатып алуды ұйымдастырады. Хабарландыруда тізбесін, санын, беру мерзімін, шарттары мен орнын, бағасы мен сатып алуға бөлінген соманы, медициналық техниканың атауы, моделі, шыққан жерінің атауы және өндірушінің атауы көрсетілген техникалық сипаттамаларын (техникалық ерекшеліктерін) қамтитын сатып алынатын медициналық техниканың тізімі көрсетіледі.
524. Сатып алу қорытындылары шығарылғаннан кейін бірыңғай дистрибьютор бес жұмыс күні ішінде лизинг берушіге қорытындылар хаттамасының куәландырылған көшірмесін жібереді.
525. Егер екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алу немесе оның қандай да бір лоты өткізілмеді деп танылса, лизинг беруші мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) екі кезеңдік тендер тәсілімен сатып алуды қайталама өткізу туралы;
2) екі кезеңдік тендер шарттарын өзгерту және екі кезеңдік тендер тәсілімен қайталама өткізу туралы;
3) бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы.
526. Лизинг беруші сатып алу қорытындылары хаттамасының куәландырылған көшірмесін алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде лизинг беруші айқындаған нысан бойынша денсаулық сақтау ұйымдарымен және медициналық техниканың жеңімпазымен қаржы лизингі шартын жасайды.
527. Қаржы лизингі шартын жасасқаннан кейін өнім беруші денсаулық сақтау ұйымына лизинг нысанасын береді, іске қосу-жөндеу жұмыстарын, персоналды оқытуды және аталған шартта көзделген тәртіппен және шарттарда медициналық техникаға кепілдікті сервистік қызмет көрсетуді жүргізеді. Бұл ретте медициналық техникаға кепілдікті сервистік қызмет көрсету медициналық техника пайдалануға енгізілген күннен бастап қаржы лизингі шартының әрекет ету мерзіміне қолданылады.
528. Денсаулық сақтау ұйымдары лизинг берушіге бірыңғай дистрибьютордың тізіміне енгізілген медициналық техниканы қаржы лизингі шарттарында сатып алу үшін өтінім береді, ол мыналарды қамтиды:
1) клиникалық-техникалық негіздеме;
2) медициналық техниканың атауы, моделі, шыққан жерінің атауы және өндірушінің атауы, сондай-ақ сатып алынатын медициналық техниканың жеке өндірушіге тиесілігін айқындайтын өзге де сипаттамалары көрсетілген техникалық ерекшелік;
3) лизинг беруші оңтайлы техникалық сипаттамаларына, клиникалық-техникалық негіздемесіне және құнына сараптамалық бағалау жүргізу үшін, сондай-ақ ұйымдастырушылық сараптама және қаржы лизингі шарттары мен талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізу үшін айқындайтын тәртіппен және құжаттар тізбесіне сәйкес құжаттары қамтиды.
529. Лизинг беруші денсаулық сақтау ұйымынан өтінім келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде сараптамалық бағалау және ұйымдастырушылық сараптама және қаржы лизингі шарттары мен талаптарына сәйкестікке сараптама жүргізеді.
530. Оңтайлы техникалық сипаттамаларына, клиникалық-техникалық негіздемесіне және құнына сараптамалық бағалау, сондай-ақ ұйымдастырушылық сараптама және қаржы лизингі шарттары мен талаптарына сәйкестікке сараптама жүргізілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде лизинг беруші отандық өндірушінің сатып алуға жоспарланған медициналық техникасының тізбесін жасайды және лизингтік төлемдерді өтеу көзіне байланысты денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органына оны атауы, құны, саны, беру мерзімі мен орны бөлігінде келісуге жібереді.
531. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органы осы Қағидалардың 530-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде медициналық техниканың тізбесін келіседі.
532. Лизинг беруші денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органымен медициналық техниканың тізбесін келіскеннен кейін жиырма жұмыс күні ішінде лизинг беруші айқындаған нысан бойынша денсаулық сақтау ұйымдарымен және отандық тауар өндіруші болып табылатын өнім берушімен қаржы лизингі шартын жасасады.
533. Қаржы лизингі шартын жасасқаннан кейін өнім беруші-отандық тауар өндіруші денсаулық сақтау ұйымына медициналық техниканы жеткізеді, іске қосу-жөндеу жұмыстарын, персоналды оқытуды және аталған шартта көзделген тәртіппен және шарттарда медициналық техникаға кепілдікті сервистік қызмет көрсетуді жүргізеді. Бұл ретте медициналық техникаға кепілдікті сервистік қызмет көрсету медициналық техника пайдалануға енгізілген күннен бастап қаржы лизингі шартының әрекет ету мерзімінде қолданылады.
2-параграф. Қаржы лизингі шартын кепілдікті қамтамасыз ету
534. Қаржы лизингі шарттарын кепілдікті қамтамасыз етудің (бұдан әрі - кепілдікті қамтамасыз ету) мазмұны, нысаны және енгізу талаптары осы Қағидаларға сәйкес қаржы лизингі шартында белгіленеді.
535. Қаржы лизингі шартын кепілдікті қамтамасыз ету:
1) лизинг берушінің банктік шотына енгізілетін кепілдікті ақшалай жарна;
2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша банктік кепілдіктің түпнұсқасы түрінде ұсынылады.
536. Өнім берушінің қаржы лизингі шарты бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін үшінші тұлғаларда енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаны тұтастай не бір бөлігінде талап ету құқығының пайда болуына әкеп соғатын әрекеттер жасауына жол берілмейді.
537. Кепілдікті қамтамасыз ету, егер шартта өзгеше көзделмесе, өнім беруші қаржы лизингі шартын жасаған күннен кейін он жұмыс күні ішінде енгізіледі.
538. Қаржы лизингі шартының орындалуын кепілдікті қамтамасыз ету осы шарт бойынша өнім беруші өзінің барлық міндеттемелерін толық және тиісінше орындағаннан кейін оның жазбаша өтініші бойынша өнім берушіге қайтарылады.
539. Лизинг беруші қаржы лизингі шартын орындауды қамтамасыз етуді өнім берушіге мынадай:
1) өнім берушінің шарттық міндеттемелерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты қаржы лизингі шарты бұзылған;
2) қаржы лизингі шарты бойынша өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған (беру мерзімдерін бұзу, сапасыз медициналық техниканы беру, шарттың басқа талаптарын бұзу) жағдайларда қайтармайды.
540. Шартты орындауды қамтамасыз ету мөлшерін лизинг беруші қаржы лизингі шартының жалпы сомасының үш пайызы мөлшерінде белгілейді.
5-бөлім. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды немесе
медициналық техниканы сатып алудың арнайы ережелері
541. Банк кепілдігінің түпнұсқасын қоспағанда, ашылған тендерлік немесе конкурстық өтінімдер әлеуетті өнім берушілерге қайтарылмайды. Бұл ретте тапсырыс беруші немесе тендерді ұйымдастырушы немесе бірыңғай дистрибьютор аталған құжаттың көшірмесін сақтауға тиіс.
542. Сатып алуды өткізу кезінде бұзушылықтар анықталған жағдайда тапсырыс берушінің немесе сатып алуды ұйымдастырушының немесе бірыңғай дистрибьютордың басшысы осындай сатып алуды тұтастай не тиісті лоттар бойынша жарамсыз деп таниды.