4. Сақтанушы қайтыс болған жағдайда сақтандыру ұйымы меншікті қаражаты есебінен отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға зейнетақы аннуитеті шартында белгіленген мөлшерде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің кемінде 35 еселенген мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлемді жүзеге асырады.
5. Республикалық бюджет қаражатынан жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау және жүзеге асыру тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
4-БӨЛІМ. ӘЛЕУМЕТТІК АУДАРЫМДАР ЖӘНЕ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАЛАРЫ
18-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК АУДАРЫМДАР
243-бап. Міндетті әлеуметтік сақтандыруға жататын адамдар
Міндетті әлеуметтік сақтандыруға:
1) жұмыскерлер, ақы төленетін өзге де жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген), оның ішінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде еңбек қызметін жүзеге асыратын адамдар;
2) дара кәсіпкерлер, оның ішінде шаруа және фермер қожалықтарының басшылары, сондай-ақ олардың он сегіз жасқа толған мүшелері;
3) жеке практикамен айналысатын адамдар;
4) тармақшаның қолданысы 2025 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
4) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық агенттерімен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар (бұдан әрі - азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалар);
5) тармақша 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
5) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар;
6) осы Кодекске сәйкес жеке көмекшілер жатады.
Осы Кодекстің 207-бабында көзделген жасқа толған адамдар міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатпайды.
Осы баптың күші қандастарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының аумағында кіріс алып келетін қызметті жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең дәрежеде қолданылады.
244-бап. Әлеуметтік аударымдардың мөлшерлемесі
1. Төлеушілердің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін және (немесе) өз пайдасына Қорға төлеуге жататын әлеуметтік аударымдар әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 3,5 пайызы, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
2-тармақ 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
2. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар үшін олар өз пайдасына төлейтін әлеуметтік аударымдардың мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 20 пайызын құрайды.
3. Бірыңғай төлем құрамында әлеуметтік аударымдарды төлеуді таңдаған салық агенттері үшін әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 3,2 пайызы, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісінің 4,5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-3-бабының 1-тармағында белгіленген бірыңғай төлем мөлшерлемесіндегі әлеуметтік аударымдардың үлесі:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 16,0 пайызды;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 14,9 пайызды;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 18,9 пайызды;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 18,1 пайызды;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 17,4 пайызды;
2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 17,1 пайызды құрайды.
245-бап. Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі
1. Әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістерді қоспағанда, жұмыскерлер мен осы Кодекстің 243-бабының 1) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін жұмыс берушінің еңбекке ақы төлеу ретінде кірістер түрінде төлейтін шығыстары әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.
Жұмыс берушінің шығыстарына әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ақшалай жабдықталымы енгізіледі.
Бұл ретте бір төлеушіден әлеуметтік аударымдарды есептеудің ай сайынғы объектісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Егер бір төлеушіден күнтізбелік ай үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінен аз болса, онда әлеуметтік аударымдар жалақының ең төмен мөлшері негізге алына отырып есептеледі, төленеді.
2. Осы Кодекстің 243-бабының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі мыналар:
өзі және шаруа немесе фермер қожалықтарының мүшелері үшін - Қорға әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістерін қоспағанда, өз пайдасына әлеуметтік аударымдарды есептеу мақсаттары үшін өздері дербес айқындайтын, өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын аудару үшін айқындалатын кіріске тең, бірақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салық салу мақсаттары үшін айқындалатын кірістен аспайтын алатын кірісінің сомасы болып табылады.
Бұл ретте айына әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін алынатын кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Егер аталған адамдардың кірісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінен аз болса, онда олар өз пайдасына республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінен әлеуметтік аударымдарды төлейді;
жалдамалы жұмыскерлер үшін - осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді ескере отырып, Қорға әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістерді қоспағанда, жұмыскерге еңбекке ақы төлеу ретінде кірістер түрінде төленетін шығыстар болып табылады.
3-тармақтың қолданысы 2025 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
3. Осы Кодекстің 243-бабының 4) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді ескере отырып, Қорға әлеуметтік аударымдар төленбейтін кірістерді қоспағанда, нысаналы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша алынатын кіріс сомасы әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.
4-тармақ 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
4. Осы Кодекстің 243-бабының 5) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы, астанадағы айлық есептік көрсеткіштің 1 еселенген мөлшері және басқа елді мекендердегі айлық есептік көрсеткіштің 0,5 еселенген мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.
Бұл ретте республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің мөлшері қолданылады.
5. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-2-бабында айқындалған қызметкердің кірісі бірыңғай төлемді есептеу объектісі болып табылады.
Бірыңғай төлемнің құрамына кіретін әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу бірыңғай төлем төлеушінің қаражаты есебінен жүргізіледі.
Бұл ретте бірыңғай төлемнен әлеуметтік аударымдарды есептеу үшін алынатын ай сайынғы кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
6. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 319-бабының 2-тармағы 31) тармақшасының тоғызыншы абзацына сәйкес жергілікті атқарушы органдар және өзге де заңды тұлғалар осы Кодекстің 243-бабының 6) тармақшасында көрсетілген адамдарға төлейтін материалдық пайда олар үшін әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі болып табылады.
7. Қорға әлеуметтік аударымдар:
1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 319-бабы 2-тармағының 3), 4) тармақшаларында және 31) тармақшасының тоғызыншы абзацында көрсетілген кірістерді қоспағанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 319-бабының 2-тармағында белгіленген;
2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабы 1-тармағының 9), 10), 12), 14) тармақшаларында, 17) тармақшасының алтыншы абзацында, 21) және 50) тармақшаларында көрсетілген кірістерді қоспағанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабының 1-тармағында белгіленген;
3) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 484-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында белгіленген кірістерден төленбейді.
Осы тармақтың қолданысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 89-1-тарауына сәйкес бірыңғай төлем есептелетін жұмыскерлердің кірісіне қолданылмайды.
246-бап. Әлеуметтік аударымдарды төлеу
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, төлеуші Қорға әлеуметтік аударымдарды есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей, әлеуметтік аударымдар төленетін айды көрсете отырып, уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен ай сайын есептейді және төлейді.
2. Патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген мерзімде патенттің құнын әр ай үшін бөлек төлеу үшін әлеуметтік аударымдарды төлейді.
3-тармақтың қолданысы 2025 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды
3. Салық агенттері азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алған жеке тұлғалар үшін әлеуметтік аударымдарды кіріс алған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей төлейді.
4-тармақ 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
4. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен әлеуметтік аударымдарды төлейді.
5. Салық агенттері «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-4-бабының 5-тармағында белгіленген мерзімде бірыңғай төлемнің құрамына кіретін әлеуметтік аударымдарды төлеуді жүргізеді. Бірыңғай төлемнің артық (қате) төленген және (немесе) бірыңғай төлемді уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың сомаларын төлеу, аудару және бөлу, сондай-ақ қайтару тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, сондай-ақ салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімдерін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі, денсаулық сақтау саласындағы және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органдармен келісу бойынша айқындайды.
6. Қолма-қол ақшасыз нысанда жүзеге асырылатын әлеуметтік аударымдарды төлеу күні - банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан әлеуметтік аударымдар сомасына төлем тапсырмасының акцептін алған күн қолма-қол нысанда төлеушінің банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға әлеуметтік аударымдарды енгізген күн болып есептеледі.
7. Әлеуметтік аударымдар Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді.
8. Осы Кодекстің 256-бабы 1-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес есепке жазылған әлеуметтік аударымдардың және (немесе) өсімпұлдың толық және уақтылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.
9. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар Мемлекеттік корпорацияға, Қорға жүгінген кезде олар әлеуметтік аударымдардың жай-күйі мен қозғалысы туралы ақпаратты уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен береді.
247-бап. Артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды қайтару
1. Төлеушінің артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың сомалары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және жағдайларда қайтарылуға жатады.
2. Мыналар:
1) Қорға міндетті түрде төленуге жататын әлеуметтік аударымдар мен өсімпұл сомалары;
2) осы Кодекстің 78-бабының 4-тармағына, 85-бабының 4-тармағына, 118-бабының 4-тармағына, 181-бабының 2-тармағына, 240-бабының 3-тармағына сәйкес әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу кезінде ескерілмеген, артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың сомаларын қоспағанда, әлеуметтік төлемді тағайындау үшін ескерілген кезең үшін есептелген артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдардың сомалары қайтарылуға жатпайды.
19-тарау. ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАЛАРЫ
248-бап. Міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын агенттер осы Кодексте айқындалатын мөлшерлемелер бойынша төлеуге тиіс.
2. Міндетті зейнетақы жарналарын:
1) жұмыскерлер, ақы төленетін өзге де жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) адамдар, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін адамдар;
2) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын, салық агенттерімен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін адамдар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлейді;
Агенттер міндетті зейнетақы жарналарын осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың кірістерінен осы Кодексте көзделген тәртіппен ұстайды және төлейді.
Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына есептеу, ұстап қалу (есепке жазу) және аудару және олар бойынша өндіріп алу тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары, судьялар үшін қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналарының сомаларын олар теріс себептермен лауазымынан босатылған жағдайда алып қою және бюджетке аудару қағидаларын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Мыналар:
1) осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адамдар;
2) егер мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу осы тармақшада көрсетілген адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады;
3) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар;
4) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуді:
1) дара кәсіпкерлер, оның ішінде шаруа және фермер қожалығының басшылары, олардың он сегіз жасқа толған мүшелері, сондай-ақ өз пайдасына жеке практикамен айналысатын адамдар;
2) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын, салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар;
3) Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде, Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде және консулдық мекемелерінде жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар өздері дербес жүзеге асырады.
5. Агенттер еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін, кәсіптері уәкілетті мемлекеттік органдар бекітетін өндірістердің, жұмыстардың, жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесінде көзделген жұмыскерлер үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлейді.
Агент:
1) осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адамдар үшін;
2) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар үшін;
3) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
6. Агенттер, осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскерлер, өзге де ақы төленетін жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) адамдар үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төлейді.
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына есептеу (есепке жазу) және аудару және олар бойынша өндіріп алу тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Агент:
1) осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адамдар үшін;
2) егер мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін;
3) әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар үшін;
4) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар үшін;
5) Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген лауазымда болу мерзімінің өтуіне байланысты өкілеттіктері тоқтатылған, ай сайынғы өмір бойы жабдықталымдарды алатын Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары, ай сайынғы ақшалай жабдықталымдарды алатын отставкадағы судьялар үшін;
6) 1975 жылғы 1 қаңтарға дейін туған адамдар үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
7. Міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді.
8. Міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеуге арналған кіріске еңбекке ақы төлеудің ақшалай түрдегі барлық түрлері және өзге де кірістер енгізіледі.
9. Ұсталған (есептелген) міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Мемлекеттік корпорацияға аударылады.
Міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді:
1) дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар (осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген адамдардан басқа), жеке практикамен айналысатын адамдар нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыскерлерге, сондай-ақ жеке тұлғаларға төленген кірістерден кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
2) дара кәсіпкерлер (осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген дара кәсіпкерлерден басқа), шаруа және фермер қожалықтары, жеке практикамен айналысатын адамдар өз пайдасына - есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
3) патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер патент құнын төлеу үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген мерзімде;
4) Мемлекеттік корпорация - әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей;
5) сақтандыру ұйымы - жалақыны (кірісті) жоғалтуға байланысты зиянды өтеу ретінде сақтандыру төлемін жүзеге асырған айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
6) осы баптың 4-тармағында аталған тұлғалар - егер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) өзгеше көзделмесе, кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
7) тармақша 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
7) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімде жүзеге асырады.
10. Бірыңғай төлемге енгізілген, ұстап қалынған міндетті зейнетақы жарналарының және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының сомаларын бірыңғай төлемді есептеу (есепке жазу), аудару жөніндегі агенттер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-4-бабының 5-тармағында белгіленген мерзімде Мемлекеттік корпорацияға аударады. Бірыңғай төлемнің және (немесе) бірыңғай төлемді уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың артық (қате) төленген сомаларын төлеу, аудару және бөлу, сондай-ақ қайтару тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, сондай-ақ салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімдерін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі, денсаулық сақтау саласындағы және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органдармен келісу бойынша айқындайды.
11. Осы Кодекстің 256-бабының 1-тармағына сәйкес есепке жазылған міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) өсімпұлдарды төлеудің толық және уақтылы жүзеге асырылуын бақылауды осы баптың 4-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген адамдардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеуін қоспағанда, мемлекеттік кіріс органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
12. Міндетті зейнетақы жарналары басқа адамдардың пайдасына төленуі мүмкін емес.
13. Резидент - заңды тұлғаның шешімі бойынша оның филиалдары, өкілдіктері агент ретінде қаралуы мүмкін.
249-бап. Міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті зейнетақы жарналары:
1) осы Кодекстің 248-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын ай сайынғы кірісінің 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Бұл ретте бір агенттен міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын ай сайынғы кірісі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;