6) осы Кодекстің 226-бабының 13-тармағында көзделген өтінішті алған кезден бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде қайтаруға жататын ақша сомасын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға міндетті.
228-бап. Зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аудару тәртібі
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін құжаттарды алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде алушының зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға міндетті.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алған жағдайда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры алушының алдында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
16-тарау. АСЫРАУШЫСЫНАН АЙЫРЫЛҒАН АДАМДАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
1-параграф. Жалпы ережелер
229-бап. Асыраушысынан айырылған адамдардың әлеуметтік қорғалу құқығы
1. Туыстары мен жақындарының қайтыс болуына байланысты адамдардың мынадай:
1) қайтыс болған асыраушысының асырауында болған отбасының еңбекке жарамсыз мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
2) егер қайтыс болған асыраушы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылса, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер түрінде әлеуметтік қорғауға құқығы бар.
2. Осы бапта көзделген құқықтар осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда іске асырылады.
3. Жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша асыраушысынан айырылған адамдарға қосымша әлеуметтік көмек шаралары ұсынылуы мүмкін.
230-бап. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау және төлеу тәртібі
1. Асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алуға құқығы бар адамның немесе оның заңды өкілінің өтініші асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем (бұдан әрі - асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы және әлеуметтік төлем) тағайындау үшін негіз болып табылады.
2. Асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы және әлеуметтік төлем тағайындауға өтінішті ұсыну олар «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы тағайындалған кезде талап етілмейді.
3. Уәкілетті мемлекеттік орган:
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін есептеу (айқындау), оны тағайындау, төлеу, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу (айқындау), оны тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау тәртібін айқындайды.
231-бап. Асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді тағайындауға өтінішті қабылдаудан және оларды тағайындаудан бас тарту
1. Асыраушысынан айырылған адамдар үшін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді тағайындауға өтінішті қабылдаудан бас тартуға мыналар:
1) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді тағайындау, жүзеге асыру, оларды тағайындауға проактивті көрсетілетін қызмет арқылы өтініш немесе келісім беру фактілерін растайтын мәліметтер алу;
2) өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбауы және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттардың және (немесе) асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданатын күні қолданылу мерзімі өтетін құжаттарды ұсынуы;
3) жеке басын куәландыратын құжат бойынша мәліметтердің (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтермен расталатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны ауыстырудан басқа) оларды тағайындауға қажетті құжаттарға сәйкес келмеуі;
4) асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді тағайындау құқығының болмауы;
5) асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы және әлеуметтік төлем тағайындау үшін талап етілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге өтініш берушінің келісімінің болмауы негіз болып табылады.
2. Асыраушысынан айырылған адамдар үшін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді тағайындаудан бас тартуға мыналар:
1) асыраушысынан айырылған адамдар үшін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді тағайындау үшін өтініш беруші ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің анықталуы;
2) өтініш берушінің және (немесе) асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті ұсынылған құжаттардың, деректердің және мәліметтердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) тексеру кезінде Қор сұратқан асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжатты және (немесе) мәліметтерді ұсынбауы;
4) асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің есептелген мөлшерінің теріс мәні негіз болып табылады.
232-бап. Асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы және әлеуметтік төлем алушылардың құқықтары мен міндеттері
1. Асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы және әлеуметтік төлем алушылардың:
1) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуына қарамастан, осы Кодексте көзделген тәртіппен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алуға;
2) Мемлекеттік корпорациядан және Қордан асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді тағайындау және алу тәртібі туралы ақпаратты сұратуға және тегін алуға;
3) мемлекеттік органдардың, Мемлекеттік корпорацияның және Қордың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқығы бар.
2. Асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді алушылар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді тағайындау үшін толық және анық мәліметтер ұсынуға;
2) асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемді алу кезеңінде асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлем мөлшерін өзгерту немесе оларды төлеуді тоқтату үшін негіз болатын мән-жайлар туралы Мемлекеттік корпорацияға он жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.
Өтініш беруші асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлемнің мөлшеріне әсер ететін мән-жайлар туралы уақтылы хабарламаған жағдайда олардың мөлшері көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап, бірақ олар тағайындалған кезден кейін ғана қайта қаралады;
3) асыраушысынан айырылған адамдар үшін артық есептелген (төленген) жәрдемақы мен әлеуметтік төлем сомаларын - ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде сот тәртібімен қайтаруды жүргізуге міндетті.
3. Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органның және (немесе) Қордың кінәсінан уақтылы алынбаған не толық алынбаған асыраушысынан айырылған адамдар үшін жәрдемақы мен әлеуметтік төлем сомалары оларға құқық туындаған күннен бастап өткен уақыт үшін мерзімі шектелмей төленеді.
233-бап. Асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақыдан және әлеуметтік төлемнен ұстап қалу
Алушының өтініші негізінде төленуге тиіс сомадан ұсталатын асыраушысынан айырылған адамдар үшін жәрдемақының, әлеуметтік төлемдердің артық есептелген (төленген) сомаларын қоспағанда, асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақыдан және әлеуметтік төлемнен ұстап қалу жүргізілмейді.
2-параграф. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы
234-бап. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу құқығы және оны тағайындау шарттары
1. Қайтыс болған асыраушының асырауында болған отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар. Бұл ретте балаларға және осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдарға жәрдемақылар олар асыраушының асырауында болған-болмағанына қарамастан тағайындалады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
2. Мыналар:
1) он сегіз жасқа толмаған және егер он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедектігі бар адамдар болып танылса, осы жастан асқан балалары (оның ішінде асырап алған балалары, өгей балалары), аға-інілері, апа-сіңлілерді (қарындастары) және немерелері, бұл ретте, егер еңбекке қабілетті ата-аналары болмаса - аға-інілері, апа-сіңлілері (қарындастары) және немерелері, егер ата-аналарынан алимент алмаса - өгей балалары отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелері болып есептеледі.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу құқығы бар кәмелетке толмағандар бұл құқықты өздері асырап алынған кезде де сақтайды;
2) егер осы Кодекстің 207-бабына сәйкес зейнеткерлік жасына жетсе - әкесі, шешесі (оның ішінде асырап алушылар), зайыбы, жұбайы;
3) егер қайтыс болған асыраушысының сегіз жасқа толмаған балаларын, інілерін, сіңлілерін (қарындастарын) немесе немерелерін күтумен айналысса және жұмыс істемейтін болса - жасы мен еңбекке қабілеттілігіне қарамастан ата-аналардың немесе жұбайлардың біреуі не атасы, әжесі, аға-інісі немесе апа-сіңлісі (қарындасы);
4) егер олар осы Кодекстің 207-бабына сәйкес зейнеткерлік жасқа жетсе және оларды асырауға міндетті адамдары болмаса және өмір сүру үшін басқа қаражат көздері жоқ болса, атасы мен әжесі отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелері болып есептеледі.
3. Академиялық демалыста болу кезеңін қоса алғанда, күндізгі оқу нысаны бойынша жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша оқитын он сегіз жастан асқан азаматтардың оқу орнын бітіргенге дейін, бірақ жиырма үш жастан асырмай асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар.
4. Қайтыс болған адамның отбасы мүшелері, егер олар оның толық асырауында болса немесе одан өздері үшін өмір сүрудің тұрақты және негізгі қаражат көзі болған көмекті алып тұрса, оның асырауында болған деп есептеледі.
5. Ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға (тұлдыр жетімдерге) тағайындалған асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар олардың заңды өкіліне төленеді.
6. Осы параграфтың қайтыс болғандардың отбасыларына қатысты барлық нормалары, егер бұл фактілер сот тәртібімен белгіленген болса, тиісінше хабарсыз кеткендердің немесе қайтыс болды деп жарияланғандардың отбасыларына да қолданылады.
7. Бір мезгілде мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға құқығы бар адамдарға олардың таңдауы бойынша бір жәрдемақы тағайындалады.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын адамның өтініші негізінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен өтініш барлық қажетті құжаттарымен бірге Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күннен бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының бір түрінен екіншісіне ауыстыру жүргізіледі.
8. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы жәрдемақыға құқығы туындаған күннен бастап, бірақ барлық қажетті құжаттармен бірге жәрдемақы тағайындауға өтініш жасаған күнге дейін он екі айдан аспайтын уақытқа немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақы тағайындауға келісім алған күнге дейін тағайындалады.
9. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы осы бапқа сәйкес қайтыс болған адамның отбасы мүшесі еңбекке қабілетсіз болып есептелетін бүкіл кезеңге, ал осы Кодекстің 207-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығын беретін жасқа толған отбасы мүшелеріне өмір бойына белгіленеді.
10. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес асыраушысынан айырылу бойынша зейнетақы тағайындалған адамдарға 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджет қаражаты есебінен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін іс жүзінде алған зейнетақы мөлшерінен кем емес мөлшерде асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленеді.
235-бап. Отбасының барлық мүшесіне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша бір мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау
1. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар отбасының барлық мүшесіне ортақ асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша бір мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
2. Отбасы мүшесінің талап етуі бойынша оның асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы үлесі бөлінеді және оған жеке төленеді.
3. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының үлесін бөлу оны бөлуге жүгінген күннен бастап жүргізіледі.
4. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақымен қамтамасыз етілетін отбасы мүшелерінің саны өзгерген кезде оның мөлшері жәрдемақыға құқығы бар отбасы мүшелерінің санына қарай тиісінше ұлғайтылады немесе азайтылады.
5. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін нақ сондай қайта қарау отбасының бір мүшесіне оны төлеу тоқтатыла тұрған немесе төлеуді тоқтата тұруға алып келген мән-жайлар өткеннен кейін қайта басталған жағдайларда да белгіленеді.
236-бап. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері
1. Асыраушысынан айырылған адамдарға мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді.
2. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының ең жоғары мөлшері оның отбасының еңбекке қабілетсіз барлық мүшесіне 3,00 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде тағайындалады.
3. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақының мөлшері:
отбасының еңбекке қабілетсіз бір мүшесі болған кезде - ең төмен күнкөріс деңгейінен 0,92;
екі мүшесі болған кезде - барлық еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне 1,70 ең төмен күнкөріс деңгейі;
үш мүшесі болған кезде - барлық еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне 2,25 ең төмен күнкөріс деңгейі;
төрт мүшесі болған кезде барлық еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне 2,60 ең төмен күнкөріс деңгейі;
бес мүшесі болған кезде - барлық еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелеріне 2,75 ең төмен күнкөріс деңгейі тағайындалады.
Отбасының еңбекке қабілетсіз алты және одан да көп мүшесі болған кезде жәрдемақының мөлшері әрқайсысына 3,00 ең төмен күнкөріс деңгейінің тең үлесі ретінде есептеледі.
4. Ата-анасының екеуінен де айырылған жағдайда жетім балаларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақы әрбір балаға 1,54 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелеріне - 0,62 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, бірақ отбасының еңбекке қабілетсіз барлық мүшелеріне 2,92 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын мөлшерде тағайындалады.
5. Қызметтік міндеттерін атқару немесе әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар, ішкі істер органдары және Қазақстан Республикасының бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитеті қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақының мөлшері жүгінген күннен бастап отбасының еңбекке қабілетсіз әрбір мүшесіне 0,29 ең төмен күнкөріс деңгейіне, бірақ отбасының барлық мүшелеріне 2,92 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын мөлшерге ұлғайтылады.
6. Егер отбасының еңбекке қабілетсіз мүшесі алатын жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша алатын айлық жәрдемақының мөлшерінен аз болса, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақы төлеу жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне отбасының еңбекке қабілетсіз осы мүшелері үшін белгіленген, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейінгі тиісті қосымша төлемдер түрінде жүргізіледі.
237-бап. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеу
1. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеу ағымдағы ай үшін жүргізіледі. Алушы қайтыс болған жағдайда жәрдемақы қайтыс болған айына қоса төленеді.
2. Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын және мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі адамдарға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы:
егер тағайындалған жәрдемақы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен болса, осы Кодекстің 236-бабында көзделген мөлшерде;
осы Кодекстің 236-бабына сәйкес тағайындалған жәрдемақы мөлшерінің 30 пайызы көлемінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде төленеді.
Стационар жағдайында психоневрологиялық аурулары бар және мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын адамдарға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы осы Кодекстің 236-бабына сәйкес тағайындалған жәрдемақы мөлшерінің 30 пайызы көлемінде, бірақ ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде төленеді.
Тағайындалған жәрдемақы мөлшерінің 70 пайызын аудару жеке банктік шотқа немесе арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының қолма-қол ақшаны бақылау шотына жүргізіледі.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының көрсетілген қаражатты пайдалану тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
3. Стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын және мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы толық көлемде төленеді.
4. Алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарынан шыққан жағдайда асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу шыққан айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап толық көлемде қайта басталады.
5. Алушы уақтылы талап етпеген асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының есептелген сомасы өткен уақыт үшін, бірақ оларды алуға өтініш берудің алдындағы 3 жылдан аспайтын уақыт үшін төленеді.
238-бап. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату
1. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеу:
1) алушының банктік шоты бойынша үш және одан да көп ай бойы шығыс операцияларының болмауы туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады;
2) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, қандас куәлігінің қолданылу мерзімі өткені туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат, қандастың куәлігі берілген күннен бастап қайта басталады;
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) алушыға және (немесе) асырауындағыларға қатысты хабарсыз кеткен адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шараларының жүргізілуін растайтын құжаттың немесе адамды хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің болуы туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу хабарсыз кеткен адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шаралары тоқтатылған немесе адамды хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің күшін жою туралы сот актісі күшіне енген күннен бастап, бірақ тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
4) ата-ана құқықтарынан айыру немесе шектеу туралы, бала асырап алу туралы шешімді жарамсыз деп тану немесе оның күшін жою туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы қорғаншы (қамқоршы) тағайындаған адамға тоқтатыла тұрған күннен бастап төленеді. Ата-ана құқықтарын қалпына келтіру кезінде асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу ата-ана құқықтарын қалпына келтіру немесе шектеулерді жою туралы сот шешімі күшіне енген күннен бастап қайта басталады;
5) Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасында белгіленген жағдайларда қорғаншыны (қамқоршыны) өз міндеттерін атқарудан босату немесе шеттету туралы шешімдердің бірін қабылдау туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы қорғаншы (қамқоршы) тағайындаған адамға немесе қорғаншы мәртебесі қалпына келтірілген адамға тоқтатыла тұрған күннен бастап төленеді;
6) хабарсыз кетті деп танылған немесе қайтыс болды деп жарияланған адамдардың жеке зейнетақы шоттарына міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару немесе азаматтың тірі болу фактісін растайтын ақпараттың түсуі фактісінің анықталуы туралы мәліметтері, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте, егер азаматтың тірі болу фактісі расталса, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу тоқтатылады, расталмаған жағдайда - асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу тоқтатылған күннен бастап қайта басталады;
7) қайтыс болған асыраушының балаларын, аға-інілерін, апа-сіңлілерін (қарындастарын) немесе немерелерін бағып-күтумен айналысатын адамдардың жұмысқа орналасу фактісінің анықталуы туралы мәліметтері, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте, егер жұмысқа орналасу фактісі расталмаса, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады;