Осы тармақтың мақсаттары үшін резиденттің үлестес тұлғасына:
1) резидент - заңды тұлғаның акционерлік қоғамының дауыс беретін акцияларының он және одан көп пайызы (қатысушылар дауыстарының он және одан көп пайызы) тиесілі тұлға;
2) осы резидентке акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан көп пайызы (қатысушылар дауыстарының он және одан көп пайызы) тиесілі тұлға;
3) осы резидентпен бірлесіп үшінші тұлғаның бақылауындағы тұлға жатады.
22-бап. Шектеулі ықпал ету шаралары, қадағалап ден қою шаралары және санкциялар
1. Валюталық бақылау органдары валюталық бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзушылықтарын анықтаған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шектеулі ықпал ету шараларын, қадағалап ден қою шараларын және санкцияларды қолдануға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзушылықтар анықталған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы ұйымына қатысты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес қадағалап ден қою шараларын не санкцияны қолдануға құқылы.
Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзушылықтар анықталған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзге резиденттерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын бейрезиденттерге қатысты анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша хабарлама түрінде шектеулі ықпал ету шарасын қолдануға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша хабарламасы валюталық бақылау субъектілерінің осындай хабарламада белгіленген мерзімде орындауы үшін міндетті болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша хабарламасын орындамау тексеру жүргізу, оның ішінде басқа да валюталық бақылау органдарымен бірлесіп, құзыреті шегінде тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.
23-бап. Резиденттер мен бейрезиденттердің құқықтары және міндеттері
1. Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен бейрезиденттер:
1) валюталық бақылау органдары жүргізген тексерулердің нәтижелерімен танысуға;
2) валюталық бақылау органдары мен агенттерінің әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттер мен бейрезиденттер:
1) валюталық реттеу және валюталық бақылау органдары мен валюталық бақылау агенттеріне осы Заңда және Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгіленген талаптарды орындау мақсатында өздері жүргізетін валюталық операциялар бойынша есептілікті, ақпаратты және құжаттарды ұсынуға;
2) валюталық бақылау органдары мен агенттеріне валюталық операцияларды жүргізуге қатысты ақпаратты және сұратылатын құжаттарды валюталық бақылау органының жазбаша сұрау салуында немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген мерзімдерде ұсынуға;
3) валюталық бақылау органдарына тексерулерді және бақылаудың өзге де нысандарын жүргізуі барысында, сондай-ақ олардың нәтижелері бойынша түсініктемелер беруге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім ішінде есептіліктің сақталуын қамтамасыз ете отырып, жүргізілетін валюталық операциялар бойынша есепке алуды жүргізуге және есептілік жасауға;
5) валюталық бақылау органдарының анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптарын (нұсқауларын, нұсқамаларын, хабарламаларын) орындауға;
6) валюталық бақылау органдарына тексерулер жүргізуі барысында өз үй-жайларына кіруді, құжаттарға және автоматтандырылған дерекқорға қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
6-тарау. АРНАЙЫ ВАЛЮТАЛЫҚ РЕЖИМ
24-бап. Арнайы валюталық режим
1. Қазақстан Республикасының төлем балансының орнықтылығына, ішкі валюта нарығының тұрақтылығына және экономикалық қауіпсіздігіне елеулі қатер төнген жағдайларда, егер жағдайды экономикалық саясаттың басқа шараларымен шешу мүмкін болмаса, арнайы валюталық режим енгізіледі.
Арнайы валюталық режим Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына төнген қатерді жою үшін жағдай жасауға бағытталған валюталық реттеу шараларының кешенін көздейтін және резиденттер мен бейрезиденттердің валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операциялар жүргізуіне жекелеген валюталық шектеулер енгізуге жол беретін валюталық операцияларды жүргізудің ерекше режимін білдіреді.
Арнайы валюталық режим Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынуы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің актісімен енгізіледі.
Арнайы валюталық режим шеңберінде енгізілетін валюталық шектеулер уақытша шаралар болып табылады, кемсітпейтін сипатта болады және оларды белгілеуді туындатқан мән-жайлардың жойылуына қарай күшін жояды.
Арнайы валюталық режим шеңберінде енгізілуі мүмкін шектеулерге:
1) валюталық операция сомасынан пайыз ретінде айқындалатын мөлшердегі депозитті уәкілетті банкке не Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне белгіленген мерзімге сыйақы төлемей орналастыру талабы;
2) валюталық операцияларды жүргізуге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің арнайы рұқсатын алу талабы;
3) резиденттер алған шетел валютасын міндетті түрде сату талабы;
4) шетелдік банктердегі шоттарды пайдалану бойынша шектеулер, валюталық түсімді қайтару мерзімін және валюталық операциялар бойынша көлеміне, санына және есеп айырысу валютасына лимиттерді белгілеу жатады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынуы негізінде өзге де уақытша валюталық шектеулерді енгізуі мүмкін.
2. Арнайы валюталық режимнің талаптары арнайы валюталық режим енгізілгенге дейін резиденттермен жасалған валюталық шарттар бойынша міндеттемелерді бейрезиденттердің орындауы нәтижесінде туындаған, резиденттердің бейрезиденттер алдындағы міндеттемелерді орындауын, сондай-ақ бейрезиденттердің салымдар (депозиттер) мен бағалы қағаздар бойынша алынған дивидендтерді, сыйақылар мен өзге де кірістерді аударуды жүзеге асыруын шектей алмайды.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді енгізу туралы актісінде белгіленетін рұқсаттар мен хабарламаларға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылмайды.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді енгізу туралы актісінде:
1) валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты операцияларды жүргізуге енгізілетін шаралар мен уақытша шектеулердің тізбесі;
2) арнайы рұқсат беру талаптарын қоса алғанда, арнайы валюталық режимнің талаптарын орындау тәртібі;
3) арнайы валюталық режимді енгізу уақыты және оның қолданылу мерзімі қамтылады.
5. Арнайы валюталық режимнің қолданылу мерзімі бір жылдан аспауға тиіс.
Арнайы валюталық режим енгізілген мерзім өткен соң мұндай режимнің күші жойылды деп есептеледі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынуы негізінде арнайы валюталық режимнің қолданысын осы тармақта белгіленген мерзімдер шегінде ұзартуға не тиісті акт шығару арқылы оның күшін толық немесе ішінара мерзімінен бұрын жоюға құқылы.
6. Арнайы валюталық режимнің қолданылуы кезеңінде резиденттер мен бейрезиденттер Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы валюталық режимді енгізу туралы актісінде белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 3-тармағының жетінші абзацын қоспағанда, 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж. № 11, 38-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 13-14, 63-құжат; 2010 ж., № 15, 71-құжат; 2012 ж., № 1, 6-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 22-І, 140-құжат; № 22-VІ, 159-құжат; 2016 ж., № 12, 87-құжат; 2017 ж., № 14, 51-құжат; № 23-ІІІ, 111-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2018 жылғы шілденің 2-і.
№ 167-VІ