1) сәйкестендіру деректерін, тіркелу елін, валюталық шарт тарапының валюталық шарттың басқа тарапының капиталына қатысуы туралы мәліметтерді қоса алғанда, валюталық шартқа қатысушылар туралы мәліметтерді;
2) валюталық шарттың деректемелері мен сомасын, валюталық шарттың және ол бойынша есеп айырысулардың валютасын, валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды аяқтау күнін қоса алғанда, мәміле туралы мәліметтерді;
3) мәміле бойынша есеп айырысулар жүзеге асырылатын шоттар туралы мәліметтерді;
4) валюталық шартқа қатысушылары енгізген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды және жүзеге асырылатын мәмілеге байланысты валюталық шартқа қатысушылардың өзге де құжаттарын талап етуге құқылы.
14-бап. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу
1. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу осы шартқа есептік нөмір беруді және капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы - резиденттің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептік нөмірді пайдалана отырып, ол бойынша мәліметтерді және есептерді кейіннен ұсынуын көздейді.
Есептік тіркеу талаптары қатысушылары резиденттер (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) болып табылатын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға қолданылады.
2. Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы болып табылатын резидент (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беруі үшін оның тараптарының кез келгені осындай валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды бастағанға дейін өтініш жасайды.
Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерді резидент орындар алдында мүлік бейрезиденттен резиденттің пайдасына берілсе (ақша түссе), онда капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш жасау мүлік резиденттің билік етуіне берілгенге (ақша түскенге) дейін және (немесе) түскен ақша резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына есепке жатқызылғанға дейін жүзеге асырылады.
Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу нәтижесінде есептік тіркеуге арналған өлшемшарттар мен талаптарға сәйкес келсе, онда капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беру тараптар енгізілген өзгерістермен және (немесе) толықтырулармен бірге капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерді орындауды бастағанға дейін (егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін бейрезидент міндеттемені орындауды бастаса, мүлік резиденттің билік етуіне берілгенге (ақша түскенге) дейін) жүзеге асырылады.
Есептік тіркеуге жататын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар бойынша уәкілетті банктердегі банктік шоттар арқылы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізу есептік нөмір болған кезде ғана жүзеге асырылады.
3. Резидент (уәкілетті банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартты есептік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне:
1) резиденттің сәйкестендіру нөмірі көрсетілген өтінішті, жеке тұлғалар үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, өтінішті;
2) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың және капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерге қатысты оған өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың көшірмелерін ұсынады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі көрсетілген құжаттардың түпнұсқаларын, сондай-ақ капитал қозғалысы операциясын жүзеге асыруға қатысы бар және (немесе) ұсынылған құжаттарда сілтеме жасалған өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді танысу үшін сұратуға құқылы.
Шет тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен ұсынылады.
Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмірді беру резидент осы тармақта көзделген барлық құжаттар мен мәліметтерді ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
4. Есептік тіркеу талаптары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі қатысушылары болып табылатын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға қолданылмайды.
5. Резиденттердің (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттарға есептік нөмірлерді алу тәртібі және олардың міндеттемелердің туындауын, орындалуын және тоқтатылуын растайтын құжаттарды ұсыну мерзімдері, есептердің нысандарын және уәкілетті банктер мен осындай шарттарға қатысушылар болып табылатын резиденттердің оларды ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар бойынша ақша қозғалысы мен міндеттемелердің өзге де орындалуын мониторингтеу тәртібі, талаптар мен өлшемшарттар, соның ішінде ол болған кезде осындай шарттар есептік тіркеуге жататын капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт сомасының шекті мәні және есептік тіркеу рәсімдеріне жатпайтын жағдайлар Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында айқындалады.
6. Осы баптың талаптары «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары оның аумағында жүргізетін валюталық операцияларға қолданылмайды.
15-бап. Жүргізілген валюталық операциялар туралы хабардар ету
1. Жүргізілген валюталық операциялар, оның ішінде клиенттердің тапсырмасы бойынша жүргізілген валюталық операциялар туралы хабардар етуді уәкілетті банктер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне жіберілетін есептер нысанында жүзеге асырады.
2. Уәкілетті банктер төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізу кезінде алынған мәліметтер негізінде, сомасы шекті мәнге тең болатын немесе одан асатын жүргізілген валюталық операциялар туралы хабардар етеді.
Резидент немесе бейрезидент болып табылатын клиент шекті мәнге тең болатын немесе одан асатын сомада валюталық операция бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын жүргізу үшін уәкілетті банкке мынадай:
1) егер осы деректер төлем құжатында көрсетілгендермен сәйкес келмесе, төлем құжаты бойынша жөнелтушінің және бенефициардың тіркелген елі;
2) корпоративішілік ақша аударымының белгісі (заңды тұлға өзінің құрылымдық бөлімшелерімен жүзеге асыратын немесе бір заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің арасында жүзеге асырылатын операциялар үшін);
3) төлем және (немесе) ақша аударымы жүргізілетін валюталық операцияның коды туралы мәліметтерді ұсынады.
Егер клиент резидент болып табылса, онда валюталық операция бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы соның негізінде және (немесе) оны орындау үшін жүргізілетін валюталық шарт бойынша қосымша мынадай:
1) төлем құжаты бойынша жөнелтушімен және бенефициармен сәйкес келмеген жағдайда, валюталық шарт бойынша ақша жөнелтуші және ақша алушы туралы мәліметтерді;
2) төлем құжаты бойынша жөнелтушімен және бенефициармен сәйкес келмеген жағдайда, валюталық шарт бойынша ақша жөнелтушінің және ақша алушының тіркелген елі;
3) валюталық шарттың деректемелері және валюталық шарттың есептік нөмірі (ол болған кезде) туралы мәліметтерді ұсынады.
Валюталық операция бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы туралы осы тармақта көрсетілген мәліметтерді клиент уәкілетті банкке ұсынады немесе уәкілетті банк клиент ұсынған құжаттар және (немесе) мәліметтер негізінде өзі дербес көрсетеді. Валюталық бақылау агенті ретінде уәкілетті банк валюталық операцияның кодын және осы тармақта көзделген өзге де мәліметтерді көрсетудің дұрыстығын қамтамасыз етеді.
Хабардар етуге жататын валюталық операция бойынша төлем және (немесе) ақша аударымының сомасына қатысты шекті мән, валюталық операциялардың кодтары және осы тармақта көрсетілген мәліметтерді ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
3. Есептердің нысандарын және оларды ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, уәкілетті банктердің жүргізілген валюталық операциялар туралы хабардар ету тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында айқындалады.
Мәліметтердің тізбесіне және «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысушылардың тапсырмасы бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын уәкілетті банктердің оларды ұсыну тәртібіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының актілерінде айқындалады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталық операцияларды жасау мән-жайларын нақтылау мақсатында валюталық бақылау агенттерінен немесе резидент-жөнелтушіден, немесе резидент-бенефициардан хабарламаға енгізілген төлем және (немесе) ақша аударымы бойынша, осындай төлем және (немесе) ақша аударымы соның негізінде және (немесе) оны орындау үшін жүзеге асырылған валюталық шарттың көшірмесін, сондай-ақ осындай валюталық шарт бойынша өзге де мәліметтерді талап етуге құқылы.
5. Осы баптың талаптары «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары оның аумағында жүргізетін валюталық операцияларға қолданылмайды.
16-бап. Шетелдік банктердегі шоттар туралы хабардар ету
1. Резидент-заңды тұлға (банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін шетелдік банкте шот ашылғаны туралы осындай шотты пайдалана отырып операцияларды жүзеге асырғанға дейін осындай шотқа есептік нөмір беруге өтініш жасау арқылы хабардар етеді.
Резидент-заңды тұлға (банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептік нөмірін көрсете отырып, шетелдік банкте ашылған шотты пайдаланып жүргізілген операциялар бойынша ақпарат ұсынады.
Резидент-заңды тұлға (банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) шетелдік банктегі шотқа есептік нөмір беру үшін бизнес-сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып өтінішті және шоттың деректемелері көрсетілген шетелдік банк құжатының көшірмесін ұсынады.
Есептік нөмір берілген шетелдік банктегі шоттың деректемелері өзгерген немесе ол жабылған жағдайларда, резидентзаңды тұлға (банкті және шетелдік ұйымның филиалын (өкілдігін) қоспағанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін бұл туралы белгіленген мерзімдерде хабардар етеді.
2. Резидент-жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін шетелдік банктердегі шоттары туралы хабардар етпейді. Жеке тұлғалардың шетелдік банктердегі меншікті шоттарынан (меншікті шоттарына) ақша аударымдары туралы осындай ақша аударымдарын жүзеге асыратын уәкілетті банк хабардар етеді.
3. Резидент-заңды тұлғалардың (банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) шетелдік банктердегі шоттар үшін есептік нөмірлерді алу тәртібі, осындай шоттар бойынша ақша қозғалысы жөніндегі есептердің нысандарын және оларды ұсыну мерзімдерін қоса алғанда, олардың шетелдік банктегі шот деректемелерінің өзгергені немесе оның жабылғаны туралы хабардар ету тәртібі, жеке тұлғалардың ақша аударымдары туралы есептерді уәкілетті банктердің ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында айқындалады.
4. Осы баптың талаптары «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына қолданылмайды.
17-бап. Валюталық операцияларды мониторингтеу мақсаттары үшін ақпарат ұсыну
1. Шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасында қызметін бір жылдан астам жүзеге асыратын филиалдары (өкілдіктері) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне резиденттермен және бейрезиденттермен жасалған операциялар туралы ақпаратты есептер нысанында, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сұрау салуы бойынша ұсынады.
Есептердің нысандарын және оларды ұсыну мерзімдерін, сондай-ақ шетелдік қаржылық емес ұйымдардың филиалдары (өкілдіктері) жүзеге асырған кезде есептерді ұсынуы талап етілетін қызмет түрлерін қоса алғанда, шетелдік қаржылық емес ұйымдар филиалдарының (өкілдіктерінің) ақпаратты ұсыну тәртібі шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын филиалдарының (өкілдіктерінің) ақпарат ұсыну қағидаларында айқындалады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының актілерінде жүргізілетін валюталық операциялар туралы мәліметтерді ұсыну бойынша «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына қойылатын талаптар, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының органдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл жасау тәртібі белгіленеді.
5-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ БАҚЫЛАУ
18-бап. Валюталық бақылау органдары, агенттері және субъектілері
1. Қазақстан Республикасында валюталық бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, өзге де валюталық бақылау органдары мен агенттері осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және өзге де мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес Қазақстан Республикасындағы валюталық бақылау органдары болып табылады.
Уәкілетті банктер, уәкілетті ұйымдар, сондай-ақ клиенттердің тапсырмалары бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар валюталық бақылау агенттері болып табылады.
3. Қазақстан Республикасында валюталық бақылау валюталық операцияларды жүзеге асыратын резиденттерге, оның ішінде қаржы ұйымдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын бейрезиденттерге (бұдан әрі - валюталық бақылау субъектілері) қатысты жүргізіледі.
Қаржы ұйымдарына қатысты валюталық бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүргізеді. Өзге тұлғаларға қатысты валюталық бақылауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқа да валюталық бақылау органдарымен бірлесіп, құзыреті шегінде жүргізеді.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқа да валюталық бақылау органдарымен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ валюталық бақылау агенттерінің басқа да валюталық бақылау органдарымен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауын үйлестіреді.
19-бап. Валюталық бақылау органдары мен агенттерінің өкілеттіктері
1. Валюталық бақылау органдары мен агенттері өз құзыреті шегінде, резиденттер және бейрезиденттер Қазақстан Республикасында жүргізетін валюталық операциялардың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес келуі бөлігінде осы операцияларды бақылауды жүзеге асырады.
2. Валюталық бақылау органдары валюталық операциялар бойынша есептілікті ұсыну тәртібін айқындауға, валюталық операцияларды жүргізуге байланысты құжаттарды және (немесе) ақпаратты сұратуға, Қазақстан Республикасында барлық резиденттер мен бейрезиденттердің орындауы үшін міндетті болып табылатын, анықталған бұзушылықтарды жою туралы талаптар қоюға және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да шараларды қабылдауға құқылы.
3. Валюталық бақылау агенттері:
1) операциялар, оның ішінде клиенттердің тапсырмалары бойынша операциялар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
2) валюталық операциялар бойынша есепке алу мен есептіліктің толықтығын және объективтілігін қамтамасыз етуге;
3) өздерінің клиенттері жол берген, өздеріне белгілі болған Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзу фактілері туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өздерінің өкілеттіктеріне сәйкес Қазақстан Республикасының басқа да валюталық бақылау органдары мен құқық қорғау органдарына хабарлауға;
4) валюталық бақылау органдарына өздерінің қатысуымен жүргізілетін валюталық операциялар туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынуға міндетті.
4. Валюталық бақылау органдары мен агенттері өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде, оның ішінде Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес электрондық нысанда ақпарат алмасу кезінде өздеріне белгілі болған, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтауға міндетті.
5. Уәкілетті банк резиденттің және (немесе) бейрезиденттің валюталық операциялары бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын, олар Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес талап етілетін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынған жағдайда ғана жүзеге асырады.
6. Валюталық бақылау агенттері Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында осы Заңға сәйкес резиденттер мен бейрезиденттер валюталық операцияларды жүргізген кезде олардан:
1) жеке тұлғалар үшін - жеке басын куәландыратын құжатты;
2) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін - Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығын растайтын құжатты (ол болған кезде);
3) заңды тұлғалар және заңды тұлға болып табылмайтын ұйымдар үшін - құрылтай құжаттарын және өзге де құжаттарды, оның ішінде осы тұлғаның қатысушыларын сәйкестендіретін құжаттарды;
4) валюталық шартты немесе оның көшірмесін, оның ішінде осы Заңда белгіленген жағдайларда есептік нөмір берілгені туралы белгісі бар валюталық шартты немесе оның көшірмесін;
5) осы Заңда белгіленген жағдайларда лицензияны;
6) валюталық шарттар бойынша міндеттемелердің орындалғанын не солардың негізінде міндеттемелерді орындау қажет болатынын растайтын құжаттарды және (немесе) мәліметтерді;
7) осы Заңның 15-бабына сәйкес валюталық операциялар бойынша төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы мәліметтерді талап етуге құқылы.
Уәкілетті банк валюталық шарттардың және осы тармақта талап етілетін өзге де құжаттардың түпнұсқаларын, сондай-ақ шет тілінде жасалған құжаттардың қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын танысу үшін сұратуға құқылы.
7. Валюталық бақылау агенттерінің жүргізілетін валюталық операцияға қатысы жоқ құжаттарды ұсынуды талап етуге құқығы жоқ.
8. Тұлға Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес талап етілетін құжаттарды ұсынбаған, анық емес құжаттарды ұсынған жағдайларда не Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында белгіленген әрекеттерді жүзеге асырмаған кезде уәкілетті банктер валюталық операция бойынша төлемді және (немесе) ақша аударымын жүзеге асырудан бас тартады.
20-бап. Валюталық бақылау нысандары
1. Валюталық бақылау органдары валюталық бақылау субъектілеріне қатысты валюталық бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексеру нысанында және бақылаудың өзге де нысандарында жүзеге асырады.
2. Қаржы ұйымдарына қатысты тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер, валюталық бақылау органының жоспардан тыс тексерулері және бақылаудың өзге де нысандары жүргізіледі. Валюталық операцияларды жүзеге асыратын өзге резиденттерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын бейрезиденттерге қатысты олар валюталық операциялар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізген кезде валюталық бақылау рәсімдері, валюталық бақылау органының жоспардан тыс тексерулері және бақылаудың өзге де нысандары жүргізіледі.
3. Валюталық бақылау органдары бақылаудың өзге де нысандарын:
1) уәкілетті ұйымның айырбастау пунктінің үй-жайы мен жабдығын біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарап-тексеру;
2) валюталық бақылау агентіне валюталық бақылауды тиісінше жүзеге асыру мақсатында орындалуы міндетті тапсырма жіберу;
3) валюталық бақылау агентінен клиенттің Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарын ықтимал бұзуы туралы ақпараттың келіп түсуіне байланысты валюталық бақылау органы сұратқан, валюталық операцияның жүргізілуіне байланысты ақпаратты, есептілікті және құжаттарды және Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарына сәйкес ұсынылатын өзге де ақпаратты (есептілікті) талдау арқылы жүзеге асырады.
4. Бақылаудың өзге де нысанын жүзеге асыру рәсімдері:
1) рұқсат беру бақылауы шеңберінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған лицензиясын және (немесе) оған қосымшаны бергенге дейін, қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан уәкілетті ұйымның айырбастау пунктіне арналған үй-жайға баруды және оны қарап-тексеруді, жабдықты қарап-тексеруді қамтиды. Бару және қарап-тексеру заңды тұлғадан келіп түскен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған лицензиясын және (немесе) оған қосымшаны алуға өтініш негізінде жүзеге асырылады. Қарап-тексерудің нәтижелері заңды тұлғаға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға арналған лицензиясын және (немесе) оған қосымшаны беру не беруден бас тарту туралы шешім қабылдау кезінде ескеріледі;
2) валюталық бақылау агентіне тапсырманың мәні және оны орындау мерзімдері көрсетілген жазбаша сұрау салу нысанында тапсырма жіберуді қамтиды. Валюталық бақылау агенті валюталық бақылау органының жазбаша тапсырмасын сұратылған ақпаратты және (немесе) құжаттарды осындай тапсырмада көрсетілген нысанда және мерзімдерде ұсыну арқылы орындайды;
3) валюталық бақылау органының Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес немесе валюталық бақылау органының сұрау салуы бойынша ұсынылған ақпаратты, есеп тілікті, құжаттарды Қазақстан Республикасы валюталық заңнамасының талаптарын, оның ішінде алынған ақпараттың, есептіліктің, құжаттардың уақтылығы, толықтығы және анықтығы жөніндегі талаптарды сақтау тұрғысынан талдауды жүзеге асыруын қамтиды.
21-бап. Жекелеген валюталық операциялар бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізуге қойылатын талаптар
1. Уәкілетті банктер жүргізілуі Қазақстан Республикасынан ақшаны әкетуге бағытталуы мүмкін жекелеген валюталық операциялар бойынша резиденттердің (уәкілетті банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда) төлемдерін және (немесе) ақша аударымдарын ақша жөнелтуші немесе ақша алушы болып табылатын резидент уәкілетті банкке осы төлем және (немесе) ақша аударымы туралы ақпаратты валюталық бақылау органдарына беруге рұқсат берген кезде ғана жүзеге асырады.
Осы тармақта көрсетілген рұқсат еркін нысанда ресімделеді. Жүргізілуі Қазақстан Республикасынан ақшаны әкетуге бағытталуы мүмкін валюталық операцияларды жүзеге асыруға негіз болатын валюталық шарт шеңберіндегі валюталық операциялар бойынша барлық төлемдерге және (немесе) ақша аударымдарына қатысты бір рұқсат беруге жол беріледі.
2. Жүргізілуі Қазақстан Республикасынан ақшаны әкетуге бағытталуы мүмкін валюталық операцияларға мынадай операциялар:
1) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында бейрезиденттен алуға жататын ақшаны резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына аударуды жүзеге асыру көзделмесе, бейрезиденттің резидентке (уәкілетті банкті қоспағанда) ақша беруі көзделетін қаржылай қарыз;
2) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында бейрезиденттен алуға жататын ақшаны резиденттің уәкілетті банктердегі банктік шоттарына аударуды жүзеге асыру көзделмесе, резидентте (уәкілетті банкті қоспағанда) бейрезидентке ақша қайтару бойынша талаптарының туындауы көзделетін қаржылай қарыз;
3) резиденттің үлестес тұлға болып табылмайтын бейрезидентке қаржылай қарыздың нысанасын пайдаланғаны үшін сыйақы төлемей жеті жүз жиырма күннен асатын мерзімге ақша беруі көзделетін қаржылай қарыз;
4) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында бейрезиденттің экспортты төлеу бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі резидент міндеттемелерді орындаған күннен бастап жеті жүз жиырма күннен асатыны көзделсе, экспорт жөніндегі операциялар;
5) егер тиісті валюталық шарттың талаптарында бейрезидент импорт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, бейрезиденттің ақшаны (аванс төлемін немесе толық алдын ала ақыны) қайтару бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі резидент міндеттемелерді орындаған күннен бастап жеті жүз жиырма күннен асатыны көзделсе, импортты төлеу жөніндегі операциялар жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайлар сауда немесе исламдық қаржыландыру жөніндегі мәмілелер шеңберінде туындайтын қаржылай қарыздарды, сондай-ақ бейрезиденттер Қазақстан Республикасындағы өз филиалдарымен (өкілдіктерімен) жүзеге асыратын операцияларды және шетелдік ұйымдардың Қазақстан Республикасындағы филиалдарының (өкілдіктерінің) арасындағы операцияларды қамтымайды.