4. Егер келтірілген ядролық нұқсанмен қатар, ядролық оқыс оқиғамен келтірілген залалдардан ажырату мүмкін болмайтын өзге де залалдар болса, онда мұндай залалдар ядролық нұқсан деп танылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының өтеуіне жатады.
26-2-бап. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылық шегі
1. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының бір ядролық оқыс оқиғаға азаматтық-құқықтық жауаптылық шегі:
1) радиациялық қауіптіліктің бірінші санатына жатқызылатын ядролық қондырғылар үшін бір жүз елу миллион арнайы қарыз алу құқықтарын;
2) радиациялық қауіптіліктің екінші және үшінші санаттарына жатқызылатын ядролық қондырғылар үшін бес миллион арнайы қарыз алу құқықтарын құрайды.
2. Ядролық қондырғылардың, ядролық материалдардың, радиоактивті қалдықтардың типін, құрамын, қуатын және басқа да техникалық өлшемдерін, сондай-ақ олардың санын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі радиациялық қауіптілігі бірінші санаттағы ядролық қондырғының операторына келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықтың өзгеше шегін, бірақ бес миллион арнайы қарыз алу құқықтарына балама шектен төмен емес шекті айқындауға құқылы.
26-3-бап. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын қаржылық қамтамасыз ету
1. Уәкілетті органның қарамағындағы ядролық қондырғыларды қоспағанда, ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының осы Заңның 26-2-бабында белгіленген азаматтық-құқықтық жауаптылық шегінде қаржылық қамтамасыз етуі болуға міндетті.
Бір алаң шегінде орналастырылған бірнеше ядролық қондырғыларға қатысты ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығы ядролық қондырғылардың радиациялық қауіптілігінің неғұрлым жоғары санаты негізге алына отырып, мөлшері бір ядролық қондырғы үшін айқындалатын қаржылық қамтамасыз етумен ұсынылуы мүмкін.
2. Келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықты қаржылық қамтамасыз ету тәсілдерін ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы айқындайды.
Келтірілген ядролық нұқсанды өтеген жағдайда ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын қаржылық қамтамасыз ету келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандырудан немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзгеше қамтамасыз етуден тұрады.
3. Сақтандырушыны қоса алғанда, ядролық қондырғы операторына немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторына осы Заңның 26-2-бабында белгіленген азаматтық-құқықтық жауаптылық шегінде қаржылық қамтамасыз ету берген заңды тұлға оны және уәкілетті органды қаржылық қамтамасыз ету тоқтатыла тұратын немесе тоқтатылатын күнге дейін кемінде күнтізбелік бір жүз елу күн бұрын жазбаша нысанда хабардар етпей, біржақты тәртіппен қаржылық қамтамасыз етуді тоқтата тұруға немесе тоқтатуға құқылы емес.
4. Ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылықты қаржылық қамтамасыз етуінің болуын тексеру осы Заңның 7 және 7-1-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.
26-4-бап. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыру шарты
1. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыру осы Заңда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының бір немесе бірнеше ядролық қондырғыға қатысты келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыруды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандыру шартында мынадай талаптар қамтылуға тиіс:
1) ядролық нұқсан қарулы қақтығыс, әскери іс-қимылдар, азаматтық соғыс немесе көтеріліс салдарынан туындаған, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғаның пиғылы немесе өрескел абайсыздығы салдарынан толық немесе ішінара келтірілгенде осындай тұлғаға келтірілген ядролық нұқсанды өтеуді төлеу бөлігіндегі жағдайларды қоспағанда, ядролық оқыс оқиға болған жағдайда сақтандырушының сақтандыру төлемін жүргізу міндеті;
2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндетті не жүзеге асырған сақтандырушыға сақтанушының залалдарды (суброгацияны) өтеу құқықтарының өтуінен бас тарту;
3) пайда алушының, сақтандырылушының, сондай-ақ сақтанушының орнына уәкілетті органның сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар ету құқығы;
4) сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы оның басталған кезінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар ету міндеті.
4. Бір алаң шегінде орналастырылған ядролық қондырғылардың барлығына немесе бірнешеуіне қатысты ядролық қондырғы операторымен немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторымен жасалған, келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасы ядролық қондырғылардың радиациялық қауіптілігінің неғұрлым жоғары санаты негізге алына отырып, бір ядролық қондырғы үшін айқындалады.
5. Егер ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы сақтандырушы өтеген залалдар үшін жауапты жеке немесе заңды тұлғаға өзінің талап ету құқығынан бас тартса немесе бұл құқықты жүзеге асыру ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының кінәсінан мүмкін болмаса, сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатылмайды.
26-5-бап. Талап қоюдың ескіруі
1. Адамның өміріне немесе денсаулығына келтірілген ядролық нұқсанды өтеумен байланысты талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі ядролық оқыс оқиға басталған күннен бастап отыз жыл деп белгіленеді. Ядролық оқыс оқиға басталған күннен бастап отыз жыл өткен соң қойылған талаптар өткен уақыт үшін, бірақ талап қоюдың алдындағы үш жылдан аспайтын уақытқа қанағаттандырылады.
2. Қоршаған ортаға зиян мен жеке және заңды тұлғалардың залалдарын, сондай-ақ алдын алу шараларына арналған шығындарды қоса алғандағы, келтірілген ядролық нұқсанды өтеумен байланысты талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі ядролық оқыс оқиға басталған күннен бастап он жыл деп белгіленеді.
26-6-бап. Регрестік талаптар
Келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықта болатын ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының немесе осы Заңда көзделген оны қаржылық қамтамасыз ету тәртібімен мұндай нұқсанды өтеген кез келген басқа заңды тұлғаның:
1) азаматтық-құқықтық шартта көзделген;
2) ядролық нұқсанның келтірілуіне кінәлі жеке тұлғаға регресс құқығын қоспағанда, кері талап ету (регресс) құқығы жоқ.
26-7-бап. Ядролық қондырғы операторын немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторын келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықтан босату тәртібі және негіздері
1. Ядролық қондырғы операторын немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторын келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықтан босату сот тәртібімен жүргізіледі.
2. Ядролық нұқсан қарулы қақтығыс, әскери іс-қимылдар, азаматтық соғыс немесе көтеріліс салдарынан туындады, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғаның пиғылы немесе өрескел абайсыздығы салдарынан толық немесе ішінара келтірілді деген дәлелдемелер болғанда осындай тұлғаға келтірілген ядролық нұқсанды өтеуді төлеу бөлігіндегі жағдайда ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықтан босатылады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
27-бап. Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
28-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектiлермен тиісінше жұмыс істемеу салдарынан келтірілген зиянды өтеу
1. Атом энергиясы пайдаланылатын объектiлермен тиісінше жұмыс істемеу салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен тиісінше жұмыс істемеуге кінәлі жеке және заңды тұлғалар, жерді рекультивациялауға және топырақ құнарлылығын қалпына келтіруге жұмсалған шығындарды қоса алғанда, жерге, суға, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне келтірілген нұқсанды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеуге міндетті.
29-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. «Атом энергиясын пайдалану туралы» 1997 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., №7, 83-құжат; 2004 ж., №23, 142-құжат; 2007 ж., №1, 4-құжат; №2, 18-құжат; №8, 52-құжат; 2009 ж., №18, 84-құжат; 2010 ж., №5, 23-құжат; 2011 ж., №1, 2-құжат; 2012 ж., №15, 97-құжат; 2014 ж., №1, 4-құжат; №10, 52-құжат; №19-І, 19-ІІ, 96-құжат; 2015 жылғы 3 қарашада «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2016 жылғы қаңтардың 12-і.
№ 442-V