3. Жүк жөнелтуші, тасымалдаушы және жүк алушы ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тасымалдауды қауіпсіз орындауға қажетті жағдайларды жасауға міндетті.
4. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.
5. Ядролық материалдарды, радиоактивті заттарды және радиоактивті қалдықтарды тасымалдау тасуға рұқсат етілген ядролық материалдар, радиоактивті заттар және радиоактивті қалдықтар қаптамасының коды мен типі, тасу шарттары, тіркеу нөмірі мен күні, олардың қолданылу мерзімі көрсетіле отырып, конструкциясын уәкілетті орган бекітетін көліктік қаптама комплектілерінде жүзеге асырылады.
17-бап. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу
1. Қазақстан Республикасының аумағында түзілген радиоактивті қалдықтар ықтимал қауіп төндіруі мүмкін бүкіл уақыт кезеңінде халық пен қоршаған ортаны радиациялық қорғауды қамтамасыз ететіндей түрде көмілуге тиіс.
2. Радиоактивті қалдықтардың түзілуіне алып келетін, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар оларды барынша азайту шараларын қабылдауға міндетті.
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Пайдаланылып болған ядролық отынды және радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз орналастыру олардың түзілуіне алып келетін қызметтің кез келген түрінің міндетті кезеңі ретінде жобалау және пайдалану құжаттамасында көзделуге тиіс.
4. Пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеуге заңды тұлғалар ғана жіберіледі.
5. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу қызметі лицензия негізінде жүзеге асырылады.
6. Радиоактивті қалдықтармен және (немесе) пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
7. Радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген талаптар сақталуға тиіс.
18-бап. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызметті жүзеге асыру
1. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарындағы және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтардағы қызмет осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.
2. Бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумақтарында және жүргізілген ядролық сынақтар салдарынан ластанған басқа да аумақтарда осы аумақтардың шекаралары олардың радиоактивті ластануы ескеріле отырып белгіленеді.
19-бап. Құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтер бар материалдардың пайдаланылуын бақылау
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметке жатпайтын өндірістік қызметте пайдаланылатын материалдардың құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтердің болуына байланысты жұмыскерлер мен тұрғындардың сәуле алуы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен гигиеналық нормативтерден аспауға тиіс.
2. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары жұмыскерлер мен тұрғындарды құрамында алып қою деңгейлерінен жоғары табиғи радионуклидтер бар материалдардан нормативтен тыс сәуле алудан қорғау мақсатында радиациялық бақылауды жүзеге асырады.
20-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың біліктілігі
1. Ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті, авариялық әзірлікті қамтамасыз ету және ядролық және (немесе) радиациялық аварияларға ден қою үшін атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың тиісті біліктілігі болуға тиіс.
2. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал мынадай санаттарға бөлінеді:
1) мамандар - жоғары буын басшыларын, аға басшыларды (бөлімдер мен секторлардың бастықтарын); кіші буын басшыларын (аға операторларды, техникалық қызмет көрсету және техникалық қолдау топтарының бастықтарын және олардың орынбасарларын) қамтитын персонал; қызметі атом энергиясы пайдаланылатын объектіні пайдалануға байланысты инженерлік және (немесе) ғылыми персонал;
2) техниктер - бақылау-өлшеу аппаратурасының техниктерін, радиациялық бақылау техниктерін, химиялық зертхана техниктерін, техник-механиктерді, техник-электриктерді және электрондық аппаратура техниктерін қамтитын персонал, сондай-ақ ядролық қондырғыны пайдалануға байланысты жұмыстармен тікелей айналысатын өзге де мамандандырылған персонал;
3) жұмысшылар - дәнекерлеушілерді, слесарьларды, механиктерді, электриктерді, механизмдер операторларын қамтитын персонал және басқа да білікті жұмысшы персонал.
3. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал уәкілетті орган бекіткен біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.
4. Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың атом энергиясы пайдаланылатын объектілердегі еңбек қызметіне біліктілік талаптарына сай келмейтін және (немесе) мәлімделген жұмыс түріне медициналық қарсы көрсетілімдері бар жұмыскерлерді жіберуіне тыйым салынады.
5. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналдың тиісті кәсіби деңгейін қолдау және білімі мен дағдыларын арттырудағы қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен персоналдың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.
21-бап. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персонал біліктілігі мен кәсіптік даярлығы деңгейінің атқаратын лауазымына сәйкес келуіне уәкілетті орган айқындаған тәртіппен аттестаттаудан өтеді.
2. Персоналды аттестаттау ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздік нормалары мен талаптарын білуін тексеру, сондай-ақ еңбек міндеттерін атқару кезінде шешімдер қабылдау қабілетін айқындау мақсатында жүргізіледі.
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Уәкілетті орган:
1) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде қондырғыны тікелей басқару, ядролық, радиациялық, ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету лауазымдық міндеттеріне кіретін мамандарды;
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді бақылау, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін, радиоактивті қалдықтарды есепке алу және бақылау лауазымдық міндеттеріне кіретін ядролық қондырғы персоналын;
3) радиациялық қауіпсіздікті бақылау, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу және бақылау лауазымдық міндеттеріне кіретін радиациялық, электрофизикалық қондырғы персоналын аттестаттауды өткізеді.
Өзге персоналды атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде жұмыс істейтін персоналды аттестаттау қағидаларына сәйкес аттестаттайды.
4. Персоналды аттестаттау мынадай түрлерге бөлінеді:
1) бастапқы аттестаттау;
2) мерзімді аттестаттау;
3) кезектен тыс аттестаттау;
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) қайта аттестаттау.
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Персоналды бастапқы аттестаттау жұмыскер лауазымға тағайындалғаннан кейін бір ай ішінде жүргізіледі. Мерзімді аттестаттау үш жылда бір рет өткізіледі. Кезектен тыс аттестаттау мынадай жағдайларда:
1) атом энергиясы пайдаланылатын объектілерде оқыс оқиғалар туындағанда - олардың туындауына жол берген адамдарға қатысты;
2) уәкілетті органның тексерулері нәтижесінде анықталған, ядролық және (немесе) радиациялық және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік талаптары, ядролық материалдарды, иондандырушы сәулелену көздерін есепке алу талаптары бұзылғанда - бұзушылыққа жол берген адамдарға қатысты;
3) атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаның шешімі бойынша тағайындалады.
Қайта аттестаттау бастапқы немесе мерзімді немесе кезектен тыс аттестаттау қорытындысы бойынша теріс нәтиже алынған жағдайда тағайындалады.
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Жұмыскер бастапқы немесе мерзімді немесе кезектен тыс аттестаттау нәтижелері бойынша теріс қорытынды алған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қайта аттестаттау нәтижелерін алғанға дейін жұмысынан шеттетіледі.
Қайта аттестаттау қорытындысы бойынша біліктілігінің және кәсіптік даярлығының жеткіліксіздігі салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмейтіні туралы теріс қорытынды алған жұмыскермен еңбек шарты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тоқтатылады.
22-бап. Қондырғыларды пайдаланудан шығару, ядролық немесе радиациялық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару және көму пункттерін жабу
1. Пайдаланушы ұйым ядролық қондырғыны немесе көму пунктін жобалау сатысында ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарудың немесе көму пунктін жабудың алдын ала жоспарын Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес әзірлейді.
2. Пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу кезеңдерінің, негізгі конструкцияларды бөлшектеу әдістерінің, жұмыстардың құнын бағалау мен оларды орындау мерзімдерінің, қажетті ресурстардың сипатын, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды, ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарғаннан кейін немесе көму пунктін жапқаннан кейін оларды орналастыру алаңының негізгі нормалары мен сипаттамаларын қамтиды.
3. Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін пайдалану кезінде пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспары жаңа техникалық және технологиялық әзірлемелер, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының өзгерістері, жұмыстардың құны мен талап етілетін ресурстар ескеріле отырып, қайта қаралуға және жаңғыртылуға жатады.
4. Ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу туралы шешім қабылдау кезінде пайдаланушы ұйым сол уақытта қолда бар технологияларды, әдістемелерді, экономикалық көрсеткіштерді, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып, пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспарын жасайды. Пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару немесе көму пунктін жабу жөніндегі жұмыстарды жобалау және жүргізу үшін негіз болып табылады.
5. Пайдаланушы ұйым қондырғыны пайдалануды тоқтату туралы шешімді өмірлік циклдің кез келген кезеңінде дербес қабылдайды. Бұл ретте пайдаланушы ұйым қабылданған шешім, пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру басталатын күн мен оның мерзімдері туралы уәкілетті органды хабардар етеді. Пайдаланушы ұйым пайдаланудан шығару жоспары бойынша жұмыстардың толық көлемде орындалуын қамтамасыз етеді.
6. Ядролық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару туралы шешімді ядролық және (немесе) радиациялық аварияға алып келген немесе алып келуі мүмкін, ядролық қондырғыны қауіпсіз пайдалану талаптары бұзылған жағдайда және пайдаланушы ұйымның ядролық қондырғыны одан әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге негізделген мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
7. Көму пунктін жабу туралы шешімді оны жабу жөніндегі іс-шаралар аяқталған кезде уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Уәкілетті органның ұсынуы:
1) көму пунктін пайдалану салдарынан ластанған аумақты рекультивациялауды;
2) көму пункті орналасқан алаңдағы радиациялық ахуалды бақылап өлшеуді жүргізуді;
3) көмілген радиоактивті қалдықтарды, көму пунктінің конструкциясын, көму пункті орналасқан алаңның геотектоникалық, геологиялық және геофизикалық сипаттамаларын толық сипаттай отырып, құжаттама топтамасын архивке беру үшін ресімдеуді қамтитын, пайдаланушы ұйым орындаған көму пунктін жабу жөніндегі іс-шараларға негізделеді.
23-бап. Авариялық әзірлік және ден қою
1. Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары:
1) ядролық немесе радиациялық аварияның әсер ету факторлары авариялық ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғы орналасқан алаңның шегінен тысқары шыққан немесе олардың шығу қатері болған жағдайда;
2) әсері немесе әсер ету қатері Қазақстан Республикасының аумағына таралатын, басқа мемлекеттің аумағында орын алған трансшекаралық ядролық немесе радиациялық авариялар кезінде уәкілетті органның шешімімен қолданысқа енгізіледі.
2. Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары:
1) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ядролық немесе радиациялық авария жағдайындағы құқықтары мен міндеттерін;
2) ядролық және радиациялық аварияларға әзірлік және ден қою жөніндегі әрекеттер мен іс-шараларды басқару тәртібін;
3) ядролық немесе радиациялық авария жағдайында және оның салдарын жою жағдайында ұйымдар мен мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестіруді айқындайды.
3. Уәкілетті орган тиісті ядролық немесе радиациялық авария туралы ақпаратты алған кезде ол жөнінде, сондай-ақ ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын қолданысқа енгізу туралы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға дереу хабарлайды.
4. Пайдаланушы ұйымдар аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірлейді және бекітеді. Аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларында оқыс оқиғалар кезінде және авариялар мен олардың салдарын жою кезінде ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғының радиациялық қауіптілік санатына сәйкес персоналға, тұрғындарға және қоршаған ортаға ықтимал әсерді барынша азайту жөніндегі әрекеттер тәртібі мен іс-шаралар көзделеді.
5. Пайдаланушы ұйымдар атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеудің барлық кезеңінде авариялық әзірлік және ден қою жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.
6. Атом энергиясын пайдалану саласында трансшекаралық авариялар немесе оқыс оқиғалар туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, құлақтандыру және ден қою жөніндегі шараларды қабылдайды.
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-тарау. ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) РАДИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САРАПТАМАСЫ. ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) РАДИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК САРАПТАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ҰЙЫМДАРДЫ АККРЕДИТТЕУ
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
24-бап. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы
1. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғылардың, радиациялық қондырғылардың қауіпсіздігін олар ықтимал қауіп төндіруі мүмкін бүкіл уақыт кезеңіне тәуелсіз бағалауды жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.
2. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы ядролық, радиациялық және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты жүйелерде, жабдықтарда, ядролық және радиациялық қондырғылардың жобалау және пайдалану құжаттамасында өзгерістер болған кезде қайта жүргізіледі.
Пайдаланушы ұйым уәкілетті органды және ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын бұрын жүргізген сараптама ұйымын ядролық және радиациялық қондырғының жобалау және пайдалану құжаттамасын ұсына отырып, жоспарланып отырған өзгерістер туралы бір мезгілде жазбаша хабардар етеді.
3. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын осы қызмет түрін жүзеге асыруға уәкілетті органда аккредиттелген ұйымдар жүргізеді. Бұл ретте пайдаланушы ұйымның лауазымды адамдарымен жақын туыстық немесе жекжаттық қарым-қатынаста тұрған адам, сондай-ақ пайдаланушы ұйыммен еңбек қатынастарында немесе өзге де шарттық қатынастарда тұрған жеке тұлғалар сарапшы бола алмайды.
4. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасына құжаттарды пайдаланушы ұйым ұсынады.
5. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу нәтижелері бойынша сараптама объектісін іске асыру жөнінде шешім қабылдауға жол беру мен ықтималдық туралы қорытынды беріледі.
6. Сараптаманың теріс қорытындысын алу сараптама қорытындысында көрсетілген барлық ескертулерді жойған пайдаланушы ұйымды сараптама жүргізу үшін қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
7. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын қаржыландыру пайдаланушы ұйымның қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-бап. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасының объектілері
Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасына мыналар жатады:
1) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды, радиациялық қондырғыларды орналастыру және салу алаңдарын таңдау жөніндегі жобалау құжаттамасы;
2) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғылардың, радиациялық қондырғылардың жобалау және пайдалану құжаттамасы;
3) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды, радиациялық қондырғыларды техникалық жаңғыртуға арналған жобалау құжаттамасы;
4) радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғыларды, радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару жөніндегі жобалау және пайдалану құжаттамасы.
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 26-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
26-бап. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеу
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Уәкілетті орган ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеуден өткізеді.
2. Аккредиттеу жүргізудің нәтижелері бойынша аккредиттеу туралы куәлік беріледі. Аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу мерзімі үш жылды құрайды. Аккредиттеу туралы куәлік аккредиттеу саласын, аккредиттеу саласындағы жұмыс түрлерін, қолданылатын есеп-қисап әдістемелері мен бағдарламалық-техникалық құралдарды қамтиды.
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымның:
1) аккредиттеу саласында немесе аккредиттеу саласымен тікелей байланысты қызметте кемінде бес жыл практикалық жұмыс тәжірибесі;
2) аккредиттеудің тиісті саласындағы жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етуге қабілетті білікті персоналы;
3) мәлімделген жұмыс түрлерін орындау үшін бағдарламалық-техникалық құралдары және (немесе) есеп-қисап әдістемелері болуға тиіс.
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды уәкілетті орган олар келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
5. Мыналар:
1) ұсынылған құжаттарда анық емес ақпараттың болуы;
2) ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) өтініш берушінің персоналы біліктілігінің мәлімделген аккредиттеу саласына сәйкес келмеуі;
4) есеп-қисап әдістемелері мен бағдарламалық құралдарының мәлімделген аккредиттеу саласына сәйкес келмеуі;
5) мәлімделген қызмет түрімен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімінің болуы өтініш берушіні аккредиттеуден бас тартуға негіз болып табылады.
Аккредиттеуден бас тарту туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
6. Аккредиттелген ұйымдар:
1) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша аккредиттеу саласындағы қызметті жүзеге асыруға байланысты құжаттаманы ұсынуға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыстарды орындау барысында алынған құпия ақпаратты жария етпеуге міндетті.
2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Уәкілетті орган ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын аккредиттелген ұйымдардың тізілімін жүргізеді.
8. 2021.25.02. № 12-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2020.14.05. № 329-VI ҚР Заңымен 4-1-тараумен толықтырылды
4-1-тарау. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығы және оны қаржылық қамтамасыз ету
26-1-бап. Келтірілген ядролық нұқсан үшін ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығы
1. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы кінәсіна қарамастан, келтірілген ядролық нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықта болады.
2. Ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы келтірілген ядролық нұқсан оператордың ядролық қондырғысы беретін және (немесе) онда шығарылған ядролық материалмен байланысты және өзге ядролық қондырғы операторы Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) олардың арасында жасалған шарттың талаптарына сәйкес ядролық материал үшін жауаптылықты өзіне қабылдаған кезге дейін болған ядролық оқыс оқиғадан туындады деген дәлелдемелер негізінде осындай нұқсан үшін азаматтық-құқықтық жауаптылықта болады.
Ядролық оқыс оқиға ядролық нұқсан үшін жауаптылық мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың тарапы болып табылмайтын мемлекет аумағының шегіндегі шетелдік заңды тұлғаға берілетін ядролық материалмен байланысты болған жағдайда, ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы ядролық материал оны болатын мемлекеттің аумағына жеткізген көлік құралынан түсірілгенге дейін азаматтық-құқықтық жауаптылықта болады.
Ядролық оқыс оқиға ядролық нұқсан үшін жауаптылық мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың тарапы болып табылмайтын мемлекет аумағының шегіндегі шетелдік заңды тұлғадан ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының келісуі бойынша берілетін ядролық материалмен байланысты болған жағдайда, ядролық қондырғы операторы немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторы ядролық материал әкетілетін мемлекеттің аумағынан көлік құралына тиелгеннен кейін азаматтық-құқықтық жауаптылықта болады.
3. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ядролық қондырғы операторының немесе ядролық қондырғылардың бірыңғай операторының азаматтық-құқықтық жауаптылығы келтірілген ядролық нұқсанға оның келтірілген жеріне қарамастан қолданылады.