Транспланттау жүргізуді кешеуілдету реципиент өміріне қауіп төндіретін, ал осы тармақта көрсетілген адамдар болмаған немесе олардың тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған айрықша жағдайларда транспланттауды жүргізу туралы шешімді дәрігерлер консилиумы, ал оны жинау мүмкін болмаған жағдайда транспланттауды жүзеге асыратын дәрігер медициналық құжаттамаға жазбаларды ресімдеп және ол туралы кейіннен бір тәулік ішінде денсаулық сақтау ұйымының лауазымды адамдарын хабардар ете отырып қабылдайды.
3. Реципиент не кәмелетке толмаған реципиенттің немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған реципиенттің заңды өкілі алдағы транспланттауға байланысты реципиенттің денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы ескертілуге тиіс.
4. Инфекция жұқтырған тіндерді (тіндердің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттауға тыйым салынады.
5. Тірі донордан тінді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау және тіндерді (тіннің бөлігін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен Денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесіне енгізілген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті мамандық бойынша лицензия алған денсаулық сақтау ұйымдарында жүзеге асырылады.
Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу, дайындау, сақтау, консервациялау, тасымалдау және тіндерді (тіннің бөлігін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау жөніндегі денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қалыптастырылады.
6. Транспланттау мақсатында мәйіттерден тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу және консервациялау денсаулық сақтау ұйымдарында уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
7. Тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алудың, дайындаудың, сақтаудың, консервациялаудың, тасымалдаудың, донордан реципиентке транспланттауды жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
8. Осы баптың күші ұрпақты болу тіндерін (жыныстық жасушаларды) қамтитын, адамның өсіп-өну процесіне қатысы бар тіндерге (тіннің бөліктеріне) және (немесе) ағзаларға (ағзалардың бөліктеріне), сондай-ақ қан мен оның компоненттеріне қолданылмайды.
171-бап. Донор мен реципиенттің құқықтары
1. Донор осы Кодекстің 165-бабында көзделген құқықтардан басқа:
1) денсаулық сақтау ұйымдарынан тіндерді (тіндердің бөліктерін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу бойынша алдағы хирургиялық араласуға байланысты өзінің денсаулығында орын алуы ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге;
2) тіндерді (тіндердің бөліктерін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу бойынша жүргізілген хирургиялық араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға құқылы.
2. Реципиент:
1) денсаулық сақтау ұйымдарынан тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау бойынша алдағы хирургиялық араласуға байланысты өзінің денсаулығы үшін ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге;
2) тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу бойынша жүргізілген хирургиялық араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға құқылы.
3. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және өзге де қызметкерлеріне донор мен реципиент туралы мәліметтерді жария етуге тыйым салынады.
2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 28-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
28-тарау. Адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін, гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін, қаны мен оның компоненттерін, жасушаларының, тіндерінің, биологиялық сұйықтықтары мен сөлдерінің үлгілерін әкелу, әкету
2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 172-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 172-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
172-бап. Адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін, гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін әкелу, әкету үшін негіздер
1. Адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін, гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу:
1) денсаулық сақтау ұйымдарында транспланттау қажет болған;
2) Қазақстан Республикасының аумағында диагностикалық зерттеулер қажет болған;
3) бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзген кезде жүзеге асырылады.
2. Адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) және (немесе) тіндерін, гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін Қазақстан Республикасының аумағынан әкету:
1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жердегі жақын туыстары мен жұбайына (зайыбына) медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
3) диагностикалық зерттеулер қажет болған кезде;
4) бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзген кезде;
5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда;
6) Қазақстан Республикасының аумағында тұратын донордың гемопоэздік дің жасушаларын, сүйек кемігін шетелде тұратын реципиентке транспланттауды жүргізу қажет болған кезде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында және 2-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, адамның ағзаларын (ағзаларының бөліктерін), тіндерін Кеден одағына кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкетуге арналған лицензияны уәкiлеттi орган медициналық қызметке арналған лицензияға сәйкес «трансплантология», «гематология» мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының өтiнiшi бойынша бередi.
4. Туыстас емес транспланттауды жүргізу мақсатында адамның гемопоэздік дің жасушалары, сүйек кемігі өткізілетін жағдайда, оларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде жүзеге асырылады.
5. Адамның ағзаларын және (немесе) тіндерін жеке тұлғалардың әкелуіне және әкетуіне жол берілмейді.
6. Адамның әкелуге және әкетуге арналған тiндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) биологиялық қауiпсiздiк тұрғысынан зерттеу, консервациялау және тасымалдау тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.
2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 173-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
173-бап. Адамның қаны мен оның компоненттерін, жасушаларының, тіндерінің, биологиялық сұйықтықтары мен сөлдерінің үлгілерін әкелу, әкету үшін негіздер
1. Қазақстан Республикасының аумағына қан мен оның компоненттерін әкелу:
1) Қазақстан Республикасының аумағында медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
2) Қазақстан Республикасының аумағында диагностикалық зерттеулер жүргізу қажет болған кезде;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) шет елде тұратын донордың және Қазақстан Республикасында тұратын реципиенттің тін үйлесімділігін растау үшін НLА-жүйесі бойынша зертханалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау шеңберінде реципиентің иммундық стимуляциясын жүргізу қажет болған кезде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағынан қан мен оның компоненттерін әкету:
1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жердегi жақын туыстары мен жұбайына (зайыбына) медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;
3) диагностикалық зерттеулер қажет болған кезде;
4) бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзген кезде;
5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) Қазақстан Республикасының халқын қан препараттарымен қамтамасыз ету үшін (келісімшарттық фракциялау) Қазақстан Республикасының қан қызметі саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында дайындалған қан компоненттерінен плазмалық қан препараттарын шетелдік өндірушінің зауыттарында өндіру үшін қан компоненттері шетелге жіберілген кезде;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) Қазақстан Республикасында тұратын донордың және шет елде тұратын реципиенттің тін үйлесімділігін растау үшін НLА-жүйесі бойынша зертханалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау шеңберінде реципиентің иммундық стимуляциясын жүргізу қажет болған кезде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайлардан басқа, қан мен оның компоненттерін әкелу және әкету айырбастау тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін. Осындай айырбастау қажетті биологиялық қасиеттері бар қан мен оның компоненттері болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында және 2-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, қан мен оның компоненттерін Кеден одағына кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкетуге арналған лицензияны уәкілетті орган медициналық қызметке арналған лицензияға сәйкес «қан дайындау» мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының өтiнiшi бойынша бередi.
5. Диагностикалық және ғылыми мақсаттарға арналған немесе биомедициналық зерттеулер жүргізу процесінде алынған жасушалардың, тіндердің, биологиялық сұйықтықтар мен сөлдердің, оның ішінде адамның тіршілік әрекеті өнімдерінің, физиологиялық және патологиялық шығындылардың, сүртінділердің, қырындылардың, шайындылардың үлгілерін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде жүзеге асырылады.
6. Қан мен оның компоненттерін жеке тұлғалардың әкелуіне және әкетуіне жол берілмейді.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 174-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 174-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
174-бап. Адамның ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) және (немесе) тiндерiн, қан мен оның компоненттерiн әкелудiң, әкетудiң тәртiбi
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстiң 172-бабының 3-тармағында және 173-бабының 4-тармағында көрсетiлген денсаулық сақтау ұйымдарының адамның ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) және (немесе) тiндерін, қан мен оның компоненттерiн Кеден одағына кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуі және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкетуі тауарлардың сыртқы саудасын лицензиялау саласындағы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен берілетін лицензия негізінде жүзеге асырылады.
2. Уәкілетті орган адамның тіндерін, қан мен оның компоненттерін әкелуге, әкетуге арналған лицензияны беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді үш жұмыс күні ішінде, ал адамның ағзаларын әкелуге, әкетуге арналған лицензияны беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді бір жұмыс күні ішінде қабылдайды.
8-Бөлім. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет
29-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі
175-бап. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі
1. Денсаулық сақтау жүйесі үшін кәсіптік ғылыми-педагог, медицина және фармацевтика кадрларын даярлау, оладың біліктілігін арттыру және қайта даярлау денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің міндеттері болып табылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарында және білім беру ұйымдарының медициналық және фармацевтикалық факультеттерінде жүзеге асырылады. Ғылыми орталықтар мен клиникалардың шарттарын жасасу арқылы білімді, ғылым мен практиканы интеграциялауға негізделген интеграцияланған академиялық жүйені қалыптастыру медициналық білім беру бағдарламаларын іске асырудың міндетті шарты болып табылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарттар мен медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникалық базалары туралы ережені және оларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Резидентураның тыңдаушыларын қоспағанда, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген адамдар үшін мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат, ал клиникалық мамандықтар бойынша маман сертификаты да олардың медициналық ұйымдарда лауазымдар атқаруы үшін негіз болып табылады.
5. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтикалық білім резидентураны, магистратураны және докторантураны қамтиды. Резидентура туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Қосымша білім беру қосымша білім берудің білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын медициналық білім және ғылым ұйымдарында жүзеге асырылады.
Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қосымша білім берудің негізгі нысандары болып табылады. Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау тәртібін, сондай-ақ қосымша медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын уәкілетті орган айқындайды.
7. Медицина және фармацевтика кадрларын даярлауды жоспарлауды уәкілетті орган, сондай-ақ денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары саланың қажеттіліктерін ескере отырып, өз өкілеттіктері шегінде жүзеге асырады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 176-бап жаңа редакцияда (2012 ж. 9 қазанан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
176-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттау
1. Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттау орта (техникалық және кәсіптік), орта білімнен кейінгі, жоғары медициналық білімі бар адамдардың, сондай-ақ кадрларды қайта даярлаудан өткен және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған адамдардың медициналық қызметті жүзеге асыруға дайындығын айқындау және оларға маман сертификатын бере отырып, оларды клиникалық практикаға (пациенттермен жұмысқа) жіберу мақсатында жүргізіледі.
Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен уәкілетті орган аккредиттеген денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік даярлықты бағалауды және мамандар біліктілігіне сәйкестікті растауды жүзеге асыратын ұйымдар жүргізетін кәсіптік даярлықты бағалау, денсаулық сақтау саласындағы мамандар біліктілігіне сәйкестікті растау негізінде жүргізіледі.
2. Тиісті сертификаты бар маманның басшылығымен клиникалық практикаға (пациенттермен жұмысқа) жіберілетін резидентура тыңдаушыларын қоспағанда, тиісті маман сертификаты болмаса, жеке тұлғаның клиникалық практикамен айналысуына тыйым салынады.
Денсаулық сақтау саласындағы маманның сертификатынан айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
3. Денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттауды жүргізу тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ кәсіптік даярлықты бағалау және денсаулық сақтау саласындағы мамандар біліктілігіне сәйкестікті растау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде медициналық білім алған адамдарды денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификатталуға жіберу тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық қызметтi жүзеге асыруға шақырылған шетелдік мамандардың шет елде алған медициналық қызметпен айналысу құқығын беретін немесе біліктiлiк санатының берілгені туралы куәландыратын құжат маман сертификатына теңестіріледі.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен кодекс 176-1-баппен толықтырылды (2012 ж. 9 қазанан бастап қолданысқа енгізілді)
176-1-бап. Біліктілік санаттарын беру және кері қайтарып алу
1. Біліктілік санатын беру тиісті біліктілік санатын беру арқылы нақты мамандық бойынша біліктілік санатын беру туралы куәлік бере отырып, медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандардың біліктілік деңгейін айқындау үшін жүргізілетін ерікті рәсім болып табылады.
Біліктілік санатын беруді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен уәкілетті орган аккредиттеген, кәсіптік даярлықты бағалауды және денсаулық сақтау саласындағы мамандар біліктілігіне сәйкестікті растауды жүзеге асыратын ұйымдар кәсіптік даярлықты бағалау және денсаулық сақтау саласындағы мамандар біліктілігіне сәйкестікті растау негізінде жүргізеді.
2. Денсаулық сақтау саласындағы маман уәкілетті орган берген біліктілік санатын беру туралы куәлігі болған кезде маман сертификатын алуға құқылы.
3. Біліктілік санаттарының тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мамандарды қоспағанда, денсаулық сақтау саласындағы мамандар үшін біліктілік санатын беру туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу тәртібін, мерзімдерін уәкілетті орган айқындайды.
5. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мамандар үшін біліктілік санатын беру туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу тәртібін, мерзімдерін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
177-бап. Қазақстан Республикасы дәрігерінің анты
Жоғары білім беру ұйымдарын медициналық мамандықтар бойынша оқып бітірген түлектер мынадай мазмұндағы Қазақстан Республикасы дәрігерінің антын қабылдайды: «Дәрігердің құрметті атағын ала отырып, өз ұстаздарым мен әріптестерімнің алдында өзімді азаматтардың денсаулығын сақтауға бар болмысыммен бағыштап, дәрігерлік ұлы іске адал әрі қалтқысыз қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін. Өз қызметімде денсаулығы ең жоғары құндылық болып табылатын өз пациенттерімнің мүдделерін ғана басшылыққа аламын деп ант етемін. Жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, әлеуметтік жағдайы мен азаматтығына қарамастан, мұқтаж болған әрбір адамға бірдей ынта-жігермен және шыдамдылықпен медициналық көмек көрсетуге ант етемін. Дәрігерлік құпияны сақтауға, оны ешқашан пайдакүнемдік мақсатта пайдаланбауға ант етемін. Өз білімім мен дағдыларымды ұдайы жетілдіруге, өзіме де, өз шәкірттеріме де талапшыл болуға, ешқашан риясыз көмек көрсетуден бас тартпауға және егер оны пациенттің мүддесі талап етсе, әріптестеріммен кеңесуге ант етемін. Қазақстандық медицинаның игі дәстүрлерін сақтауға және байытуға, мені дәрігерлік өнерге баулыған адамдарға алғыс білдіре отырып, оларды құрметтеуге ант етемін.».
30-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет
178-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметтің субъектілері
1. Денсаулық сақтау саласында ғылыми кадрлар даярлауды негізгі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет ретінде жүзеге асыратын заңды тұлға денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым (бұдан әрі - ғылыми ұйым) болып табылады.
2. Ғылыми ұйымдар ғылыми-зерттеу ұйымдары (ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар), жоғары медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдары және ғылыми қызметпен айналысатын өзге де ұйымдар болып бөлінеді.
3. Ғылыми ұйымдар Қазақстан Республикасының білім беру және денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық, фармацевтикалық және білім беру қызметімен айналысуы мүмкін.
179-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызметті үйлестіру
1. Іргелі және қолданбалы сипаттағы ғылыми әзірлемелердің басымдықтарын қалыптастыруды, денсаулық сақтау саласында ғылыми қолдауды үйлестіруді, медицина ғылымының тұжырымдамасын әзірлеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
2. Уәкілетті орган ғылыми ұйымдардың құрылтайшысы болады.
3. Уәкілетті орган денсаулық сақтау саласындағы ғылыми бағдарламалардың ғылыми-медициналық сараптамасын жүзеге асырады.
180-бап. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізу, диагностиканың,емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдану
1. Медициналық-биологиялық эксперименттер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізудің мақсаты олардың қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау және дәлел дерін ғылыми әдістермен алу болып табылады.
2. Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер жануарларға жүргізіледі.
3. Адамның (пациенттің немесе ерік білдірген адамның) қатысуымен болатын клиникалық зерттеулер, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулердің оң нәтижелері алынған жағдайда, оның жазбаша хабардар етілген келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.
4. Кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен болатын клиникалық зерттеулер кәмелетке толған адамдарға зерттеулер жүргізумен қатар мынадай:
1) балаларды емдеуге арналған медициналық технологиялар немесе дәрілік заттар;
2) кәмелетке толмаған адамдарды емдеуге арналған дәрілік заттың ең оңтайлы мөлшерлемесі туралы деректер алу мақсатында жүргізіледі.
Кәмелетке толмаған адамдардың қатысуымен клиникалық зерттеулер жүргізу олардың заңды өкілдерінің жазбаша хабардар етілген келісімімен ғана жүргізіледі.
5. Клиникалық зерттеуге қатысуға келісімі алынған жағдайда, кәмелетке толмаған адамның заңды өкіліне, пациентке немесе ерік білдірген адамға:
1) медициналық технология, фармакологиялық немесе дәрілік зат, клиникалық зерттеудің мәні мен ұзақтығы туралы;
2) медициналық технологияның, фармакологиялық немесе дәрілік заттың қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы, сондай-ақ денсаулық үшін қолдану қатерінің дәрежесі туралы;
3) медициналық технологияны, фармакологиялық немесе дәрілік затты қолданудың денсаулықтың жай-күйіне күтілмеген әсері жағдайындағы іс-әрекеттер туралы;
4) денсаулықты сақтандыру шарттары туралы ақпарат берілуге тиіс.
6. Клиникалық зерттеулер кез келген сатыда:
1) зерттеулерге қатысушы кәмелетке толмаған адамның, оның заңды өкілінің, пациенттің немесе ерік білдірген адамның талап етуі бойынша;
2) кәмелетке толмаған адамның, пациенттің немесе ерік білдірген адамның өміріне, денсаулығына қауіп төнген жағдайда тоқтатылады.
7. Зерттеулерге қатысатын пациенттердің және ерік білдірген адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы құжаттарды ресімдеу, сондай-ақ зерттеулер материалдарын этикалық бағалау клиникалық зерттеулер жүргізудің міндетті шарттары болып табылады.
8. Диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдістері клиникалық зерттеулердің оң нәтижелері алынған жағдайда қолданылуы мүмкін.
9. Мыналарға:
1) заңды өкілдері жоқ кәмелетке толмаған адамдарға;
2) егер қажетті ақпарат жүкті әйелдерге клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде ғана алынуы мүмкін болса және жүкті әйел мен оның шаранасына зиян келтіру қатері толық жойылған жағдайда жүкті әйелдерге арналған медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізілетін жағдайларды қоспағанда, жүкті әйелдерге;
3) әскери қызметшілерге;
4) бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамдарға және уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларында отырған адамдарға;
5) психикасының бұзылуын (ауруын) емдеуге арналған медициналық технологиялар мен дәрілік заттарға клиникалық зерттеулерді қоспағанда, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға, психикасы бұзылған (ауыратын) науқастарға медициналық технологияларға, фармакологиялық және дәрілік заттарға клиникалық зерттеулер жүргізуге тыйым салынады.
10. Клиникалық зерттеулер (тиісті клиникалық және ғылыми практика) жүргізу стандарттарын уәкілетті орган және өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар бекітеді.