Жаңа реттегіш құралды енгізу Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралғаннан кейін ғана жүзеге асырылады.
83-бап. Реттеушілік әсерді талдау
Кейіннен мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін, енгізілетін реттегіш құралдың және онымен байланысты талаптардың пайдасы мен шығындарын салыстырудың талдамалық рәсімі реттеушілік әсерді талдау болып табылады.
Белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу немесе анық айқындалған проблемаларды шешу үшін реттеудің баламалы тәсілдерін бағалау арқылы нақты реттегіш құралдарды пайдалану бөлігінде мемлекеттік саясаттың пәрменділігі мен тиімділігін арттыру реттеушілік әсерді талдаудың мақсаты болып табылады.
2. Реттеушілік әсерді талдау реттегіш құрал енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейін жүргізіледі.
3. Реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелері бойынша реттегіш құралды қолдану тиімділігіне қарай реттегіш құралдың күші жойылуы немесе өзгеше түрде қайта қаралуы мүмкін.
Реттегіш құралды енгізу кезінде мәлімделген, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, оның күші жойылуға жатады.
4. Реттеушілік әсерді талдауды реттеуші мемлекеттік органдар осы Кодекстің 82-бабының 3-тармағында көзделген, өздері әзірлейтін құжаттардың жобаларына қатысты, сондай-ақ кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган, Ұлттық палата және басқа да мүдделі тұлғалар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.
5. Реттеушілік әсерді талдау жаңа реттегіш құралды енгізудің міндетті шарты болып табылады.
6. Қолданыстағы реттегіш құралдарға қатысты реттеушілік әсерді талдауды реттеуші мемлекеттік органдар қолданыстағы құжаттарды қайта қарау тәртібімен жүргізеді.
7. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:
1) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарайды және реттеуші мемлекеттік органдардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытынды береді;
2) реттеуші мемлекеттік органдар жүргізген реттеушілік әсерді талдаудың түйіндерімен келіспеген жағдайда, реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді.
8. Реттеуші мемлекеттік орган жүргізген реттеушілік әсерді талдаудың, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган және (немесе) өзге де мүдделі тұлғалар жүргізген реттеушілік әсерді баламалы талдаудың нәтижелері жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырылады.
84-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыретi
1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне мыналар жатады:
1) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту;
2) жұмыскерлердің жылдық орташа санын және жылдық орташа кірісті есептеу қағидаларын бекіту;
3) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті әзірлеу және бекіту қағидаларын бекіту.
Техникалық реттеу саласында:
1) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
2) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн қалыптастыру;
3) техникалық реттеу саласындағы құқықтық реформаны қамтамасыз ету;
4) ішкі айналысқа арналған тауардың шығарылуы туралы сертификат беруге уәкілеттік берілген органды (ұйымды) айқындау.
Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу саласында:
1) аккредиттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2) аккредиттеу жөніндегі органды таңдау бойынша конкурс өткізу қағидаларын және аккредиттеу жөніндегі органға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту;
3) аккредиттеу жөніндегі органды осы бөліктің 2) тармақшасында көрсетілген қағидаларға сәйкес айқындау.
Бәсекелестікті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі өзіне Конституциямен, осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
85-бап. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган және оның кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыретi
1. Жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.
2. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:
1) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары жол беретiн кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Yкiметiн хабардар етедi;
2) уәкілетті мемлекеттік органдар әзірлейтін тәуекелдерді бағалау өлшемшарттарын, тексеру парақтарын бірлесіп бекіту арқылы мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін үйлестіруді жүзеге асырады;
3) міндетті ведомстволық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандарын әзірлейді және бекітеді;
4) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді;
5) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлейді;
6) жұмыскерлердің жылдық орташа санын және жылдық орташа кірісті есептеу қағидаларын әзірлейді;
7) реттегіш құралдардың реттеушілік әсерін талдауды жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
8) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті әзірлеу және бекіту қағидаларын әзірлейді;
9) ретеуші мемлекеттік органдарға реттеушілік әсерді талдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетеді және олардың қызметін үйлестіреді;
10) реттеуші мемлекеттік органдардың реттеушілік әсерді талдау жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы есептерін қарайды;
11) мемлекеттік қызметшілерді және өзге де адамдарды реттеушілік әсерді талдауды ендіру мен жүзеге асыру мәселелері бойынша оқытуды ұйымдастырады;
12) реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді;
13) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есептің жобасын әзірлейді;
14) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асырады.
3. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
86-бап. Реттеуші мемлекеттік органдар және олардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті
1. Мыналар:
1) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
2) реттегіш құрал енгізілген немесе енгізілуі жоспарланып отырған жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар реттеуші мемлекеттік органдар болып табылады.
2. Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын реттеуші мемлекеттік органдардың құзыретіне:
1) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын тиісті салада (аяда) мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) өз құзыреті шегінде осы Кодекстің 141-бабының 2 және 3-тармақтарында, 143-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін бекіту;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру;
4) мемлекеттік бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру;
5) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
3. Реттегіш құрал енгізілген немесе енгізілуі жоспарланып отырған жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын реттеуші мемлекеттік органдардың құзыретіне:
1) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы есептерді ұсыну;
2) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
87-бап. Бақылау және қадағалау органдары және олардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті
1. Тексерілетін субъектілер қызметінің осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан байқауды және тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бақылау және қадағалау органдары болып табылады.
2. Бақылау және қадағалау органдарының құзыретіне:
1) тиісті салада мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) өз құзыреті шегінде осы Кодекстің 141-бабының 2 және 3-тармақтарында, 143-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін әзірлеу;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу;
4) мемлекеттік бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүргізу;
5) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
6) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.
88-бап. 2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
89-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті
Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласында:
1) кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге да заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
90-бап. Жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары:
1) өз құзыреті шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуын мемлекеттік бақылауды;
2) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес рұқсат беру рәсімдерін, хабарламалар қабылдауды;
3) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен Кодекс 7-1-тараумен толықтырылды
7-1-тарау. Монополияға қарсы орган және оның өкілеттіктері
90-1-бап. Монополияға қарсы органның жүйесі
1. Монополияға қарсы органның біртұтас жүйесін орталық атқарушы орган, оның ведомствосы және оған бағынысты аумақтық бөлімшелер құрайды.
2. Аумақтық бөлімшелер өзінің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктері және орталық атқарушы орган бекіткен ереже шегінде жүзеге асырады.
90-2-бап. Монополияға қарсы органның міндеттері
Монополияға қарсы органның міндеттері:
1) адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу;
2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексеру, жолын кесу;
3) экономикалық шоғырлануды мемлекеттік бақылау;
4) бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиясыздандыру болып табылады.
90-3-бап. Монополияға қарсы органның ведомствосына басшылық
Монополияға қарсы органның ведомствосына басшылықты ведомствоның бірінші басшысы жүзеге асырады.
90-4-бап. Монополияға қарсы органның басқа мемлекеттердiң монополияға қарсы органдарымен өзара iс-қимылы
1. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберiнде монополияға қарсы орган халықаралық шарттарға сәйкес, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес хабарламалар, ақпарат беру туралы сұрау салулар жіберу, консультациялар жүргiзу, тергеп-тексерулер туралы хабардар ету арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттердiң монополияға қарсы органдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.
2. Монополияға қарсы орган халықаралық ұйымдарға қатысу шеңберінде өзге мемлекеттердің монополияға қарсы органдарына сұрау салулар жіберуге және олардың сұрау салулары бойынша ақпарат беруге құқылы.
90-5-бап. Монополияға қарсы және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы
1. Монополияға қарсы орган өз өкілеттіктері шегінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) құқық қорғау органдарына бәсекелестікті қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың анықталған фактілері туралы хабарлайды;
2) құқық қорғау органдарының сұрау салуы бойынша тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі туралы талдамалық ақпаратты береді;
3) құқық қорғау органдарының сұрау салулары бойынша өз құзыреті шегінде сараптамалар жүргізеді және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының мәселелері бойынша қорытындылар береді;
4) құқық қорғау органдарының, олардың аумақтық бөлімшелерінің қаулылары мен сұрау салулары бойынша өз қызметкерлерін Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру жөніндегі процестік әрекеттер мен іс-шараларға қатысу үшін сарапшылар ретінде жібереді.
2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары өз өкілеттіктері шегінде монополияға қарсы органмен өзара іс-қимылды мынадай нысандарда жүзеге асырады:
1) монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын анықталған құқық бұзушылықтар туралы хабарлайды;
2) монополияға қарсы органның сұрау салулары мен өтініштері бойынша:
Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру жөніндегі бірлескен іс-шараларды өткізу, сондай-ақ монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіретін құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесу үшін қызметкерлерін жібереді;
Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылардың тұрған жерін анықтау және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен монополияға қарсы органның жазбаша сұрау салуларына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін оларды монополияға қарсы органға жеткізу жөнінде шаралар қолданады;
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен монополияға қарсы орган ұсынатын, қылмыстық жазаланатын бәсекелестікке қарсы әрекеттердің белгілері бар материалдар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім қабылдайды, бұл жөнінде монополияға қарсы органға хабардар етеді;
монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың дәлелдемелерін табуға және бекітуге практикалық көмек көрсетеді.
90-6-бап. Монополияға қарсы органның құзыреті
Монополияға қарсы орган:
1) бәсекелестiктi қорғау және монополистiк қызметтi шектеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын жүзеге асырады;
2) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарды салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
3) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
5) мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестікті шектеуге және (немесе) жоюға бағытталған актілерінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) жолын кеседі;
6) экономикалық шоғырлануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында көзделген бұзушылықтарды қоспағанда, тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың алдын алады және оны жояды;
8) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдерін және келісілген әрекеттерін, жосықсыз бәсекелестікті болғызбайды және олардың жолын кеседі;
9) бәсекелестікті қорғау, монополистік қызметті шектеу және тауар нарықтарының жұмыс істеуі саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді келіседі;
10) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының нормаларын қолдану туралы ақпаратты таратуды және адал бәсекелестікті насихаттауды жүзеге асырады;
11) тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдауды жүзеге асырады;
12) тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметін талдауды және оның мониторингін жүзеге асырады;
13) тауарлардың өзара алмастырылу, оларды сатып алуға қолжетімділік өлшемшарттарын, сондай-ақ тауар нарығының шекараларын айқындай отырып, тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу жөніндегі әдістемелерді, қаржы ұйымдарына қатысты - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша бекітеді;
14) тармақша 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
14) қоғамдық маңызы бар нарықтарды талдау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
15) мемлекеттік кәсіпорындар және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар құрылатын және (немесе) олар қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын тауар нарықтарына зерттеп-қарау жүргізу жөніндегі әдістемелерді, мемлекеттік кәсіпорындарға және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлғаларға және олармен үлестес заңды тұлғаларға қатысты - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді;
16) және 17) тармақшалар 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
16) тауар нарықтарындағы экономикалық шоғырлануды бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
17) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша қаржы нарықтарындағы экономикалық шоғырлануды бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
18) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген монополиялық жоғары (төмен), монопсониялық төмен бағаны анықтайды;
19) монополиялық жоғары (төмен) және монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістемелерді бекітеді;
20) нарық субъектілерінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық фактілері бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен тергеп-тексеру жүргізеді;
21) банктік құпияны, сақтандыру құпиясын және бағалы қағаздар нарығындағы коммерциялық құпияны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, оның ішінде мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органнан, мемлекеттік кірістер органдарынан, нарық субъектілерінен, сондай-ақ лауазымды адамдардан және өзге де жеке және заңды тұлғалардан осы Кодексте көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты, оның ішінде коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты сұратады және алады;
22) нарық субъектілеріне:
осы Кодекстің нормаларын бұзушылықтарды тоқтату және (немесе) олардың салдарларын жою;
бастапқы жағдайды қалпына келтіру;
осы Кодекске қайшы келетін шарттарды бұзу немесе өзгерту;
экономикалық шоғырлануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асырған кезде мәмілелерді бұзу немесе оларды жарамсыз деп тану арқылы олардың күшін жою қажеттілігі;
егер белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарт жасасудан негізсіз бас тарту немесе жалтару бұзушылық болып табылған жағдайда, өзге нарық субъектісімен шарт жасасу туралы орындалуға міндетті нұсқамалар шығарады;
23) мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарға, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдарға осы Кодекске қайшы келетін өздері қабылдаған актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту, бұзушылықтарды жою, сондай-ақ өздері жасасқан келісімдер мен мәмілелерді бұзу, күшін жою немесе өзгерту және бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттер жасау туралы орындалуға міндетті нұсқамалар енгізеді;
24) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайды және әкімшілік жазалар қолданады, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтар туралы істерді қарау бойынша сотқа қатысады;
25) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу үшін құқық қорғау органдарына материалдар жібереді;
26) жыл сайын, 1 маусымнан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және монополистік қызметті шектеу жөнінде қолданылатын шаралар туралы жылдық есепті жібереді, сондай-ақ оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады;
27) жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 5 қаңтарынан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды бәсекелестік ортаға беру жөніндегі ұсыныстарды және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін жаңартып отыру жөнінде ұсыныстарды жібереді;
28) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында жүргiзілетiн мемлекеттік саясаттың ақпараттық ашықтығын қамтамасыз етедi, оның ішінде тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың он бесінен кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өзінің интернет-ресурсында өз қызметі туралы мәлiметтердi орналастырады;
29) мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың бағаларына сараптама жүргізеді;
30) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқық қорғау органдарына жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы жүгінеді;
31) нарық субъектісінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органның, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымның лауазымды адамына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға алып келуі мүмкін әрекетті (әрекетсіздікті) жасауға жол бермеу туралы жазбаша нысанда алдын ала ескерту жібереді;
32) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын ақпаратты қоспағанда, өзінің интернет-ресурсында тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдауды орналастырады;
33) нарық субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуы туралы хабарламаны нарық субъектілеріне жібереді;
34) монополияға қарсы орган қабылдаған бәсекелестікті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме береді;
35) нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
36) нарық субъектілері үшін монополияға қарсы комплаенстің үлгілік сыртқы актілерін әзірлейді және бекітеді;
37) нарық субъектісі (нарық субъектілері) жіберетін монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің монополияға қарсы комплаенстің үлгілік сыртқы актісіне сәйкестігін белгілейді;
38) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері туралы ақпаратты, монополияға қарсы органның шешімін өзінің интернет-ресурсында орналастырады;