65. Конверттерді ашқан және ұсыныстарды жариялаған кезде тендерге қатысушылардың немесе олардың өкілдерінің қатысуға құқығы бар.
66. Тендер комиссиясы ұсынылған ұсыныстардың тендер құжаттамасындағы талаптарға сәйкестігін тексереді.
67. Егер ұсынылған құжаттар талаптарға сәйкес келмесе, олар бұдан әрі қарауға жатпайды және осындай өтінімді берген тұлға тендерге қатысушы мәртебесінен айрылады, ол тендер комиссиясы отырысының хаттамасында белгіленеді.
68. Конверттер ашылғаннан және ұсыныстар жарияланғаннан кейін тендер комиссиясы талқылау және ұсыныстарды бағалау үшін отырысқа кетеді.
69. Тендер комиссиясының шешімі қатысып отырған комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады, дауыстар тең болған кезде тендер комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
70. Тендер комиссиясының отырысы, егер тендер комиссиясының кемінде 2/3 мүшесі қатысса, заңды болып табылады.
71. Тендердің жеңімпазы деп тендер комиссиясының шешімі бойынша объект үшін жалға алу ақысының ең көп сомасын ұсынған және тендер құжаттамасындағы барлық талаптарға жауап беретін тендерге қатысушы танылады.
72. Тендер жеңімпазын айқындайтын немесе тендер қорытындылары бойынша өзге де шешімді айқындайтын тендер комиссиясының қорытындысы тендер комиссиясы мүшелерінің барлығы қол қоятын хаттамамен ресімделеді және оны жалға беруші бекітеді.
73. Хаттамада мынадай деректер болуы тиіс:
1) тендер комиссиясының құрамы;
2) объектінің атауы;
3) объектінің техникалық сипаттамасы;
4) тендердің шарттары;
5) тендерге қатысушылар және олардың ұсыныстары туралы мәліметтер;
6) тендерге қатысушылардың тізімі;
7) ұсынылатын жалға беру ақысының ставкасы;
8) тендер жеңімпазы;
9) тараптардың мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шартына қол қою жөніндегі міндеттемелері.
74. Тендер нәтижелері туралы хаттаманың көшірмесі тендердің жеңімпазына беріледі және мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шартын жасасуға оның құқығын растайтын құжат болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2015.25.04. № 301 Қаулысымен 75-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
75. Жалға алушымен мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шарты тендер хаттамасына қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен аспайтын мерзімде немесе жалға беруші объектіні нысаналы мақсаты бойынша мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) туралы шешім қабылдағаннан кейін жасалады және тізілімнің www.gosreestr.kz мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналастырылған веб-порталында тіркелуге тиіс, одан кейін теңгерім ұстаушы күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде объектіні қабылдау-беру актісі бойынша жалға алушыға береді.
Жалға берушімен мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шарты шарт талаптары тиісті түрде орындалған кезде шарттың қолданылу мерзімін ұзарту құқығымен бір жылдан аспайтын мерзімге жасалады.
Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту негізгі шартқа қосымша келісім жасасу жолымен жүзеге асырылады.
Егер шартта белгіленген мерзім аяқталғанға дейін теңгерім ұстаушы жалға берушіге шарттың қолданылу мерзімін ұзартудан жазбаша түрде бас тартуды ұсынбаса, негізгі шартқа қосымша келісім жалға алушының еркін нысанда жасалған, шарттың уақытын созу туралы жазбаша өтініш пен жалға берушінің шешімі негізінде жасалады.
Шартта белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін және жалға алушы шарттың уақытын созу туралы жазбаша өтініш ұсынбаған жағдайда, шарт тоқтатылды деп саналады.
76. Қабылдау-беру актісін жалға беруші бекітеді және мыналарды қамтуы тиіс:
1) актіні жасау орны мен күнін;
2) оларға сәйкес өкілдер тараптардың мүдделерін білдіруге уәкілетті құжаттардың атауы мен деректемелері;
3) оларға сәйкес объектіні беру жүргізілетін мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шартының нөмірі мен қол қою күні;
4) анықталған ақауларының тізбесімен берілетін объектінің техникалық жай-күйі;
5) тараптардың мөрлерімен расталған өкілдердің қолдары.
77. Қабылдау-беру актісі мемлекеттік және орыс тілдерінде алты данада жасалады, екеуі жалға берушіде сақталады, екеуі теңгерімді ұстаушыда сақталады және екеуі жалға алушыға беріледі.
78. Тендердің жеңімпазы мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шартын жасасудан бас тартқан жағдайда Жалға беруші қалған тендерге қатысушылар қатарынан жеңімпазды айқындауға (егер қалғандардың саны екеуден аз болмаса) не жаңа тендер өткізу туралы шешім қабылдауға құқылы.
79. Мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шарты міндетті түрде мынадай жағдайларды қамтуы тиіс:
1) объектінің техникалық сипаттамасы;
2) жалға алушыға жалға берілген мүліктің мерзімі және шарттың қолданылу мерзімі;
3) жалға алынған мүлікті пайдалану ақысын енгізу тәртібі, мөлшері мен мерзімі;
4) жалға алушының міндеттері;
5) жалға берушінің міндеттері;
6) шартты мерзімінен бұрын бұзу негіздері мен шарттары.
80. Бір жылдан астам мерзімге жасалған мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шарты мемлекеттік тіркеуге жатады.
81. Коммуналдық қызмет көрсетулерге төлемдер, ағымдағы және күрделі жөндеуге ақша аудару, объектіге қызмет көрсетуге төлемдер мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) ақысына кірмейді. Бұл төлемдерді жалға алушылар ведомстволық күзетке, пайдалану, коммуналдық, санитарлық және басқа да қызметтерге тікелей төлейді.
82. Егер мүліктік жалға беру (жалгерлікке беру) шартында өзгеше көзделмесе, мүлікті пайдалану үшін жалдау ақысының ставкалары жылына бір реттен көп емес өзгертілуі мүмкін.
83. Егер заңнамалық, актілерде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жалға берушінің келісімінсіз жалға алушы жасаған бөлінбейтін жақсартулардың құны өтеуге жатпайды.
84. Қазақстан Республикасының аумағындағы қорғаныс объектілері мүдделі мемлекеттер үкіметтері арасындағы арнайы келісімдер негізінде басқа мемлекеттердің ұйымдарына мүліктік жалға берілуі (жалгерлікке берілуі) мүмкін.
85. Қорғаныс объектілерін мүліктік жалға беруден (жалгерлікке беруден) түскен қаражат республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.