егер тұтастай алғанда дивидендтерді төлейтін резидент заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасында 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 және одан көп пайызды құраса, онда осы тармақтың ережесі қолданылмайды;
егер тұтастай алғанда дивидендтерді төлейтін резидент заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасында 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 пайыздан аз болса, онда осы тармақтың ережесі дивидендтердің бүкіл сомасына қолданылады.
Салық төлеушінің акцияларды немесе қатысу үлестерін иеленуінің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімі, егер салық төлеуші мұндай акцияларды немесе қатысу үлестерін бұрынғы меншік иелерінің қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде алса немесе осы заңды тұлғалардың құрылтайшылары (меншік иелері) сол бір тұлғалар болып табылатын жағдайда бір заңды тұлға басқа заңды тұлғадан сатып алса, бұрынғы меншік иелерінің акцияларды немесе қатысу үлестерін иелену мерзімдері ескеріле отырып, жиынтық түрде айқындалады.
Осы тармақтың ережелері бұрын корпоративтік табыс салығы салынған және резидент-заңды тұлғадан:
акциялар бойынша, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төленуге жататын кіріс;
резидент-заңды тұлға өз құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза кірістің бір бөлігі;
құрылтайшы, қатысушы жарғылық капиталға салым ретінде енгізген мүлікті қоспағанда, резидент-заңды тұлға таратылған кезде немесе құрылтайшылар, қатысушылар салымдарының мөлшерін пропорционалды түрде азайту арқылы не құрылтайшылардың, қатысушылардың үлестерін толық немесе ішінара өтеу арқылы жарғылық капитал азайтылған кезде, сондай-ақ резидент-заңды тұлғаға қатысу үлесін құрылтайшы, қатысушы алып қойған кезде мүлікті бөлуден түсетін кіріс түрінде алынған кірістерге ғана қолданылады.
Бұл ретте дивидендтерді төлейтін резидент-заңды тұлға активтерінің құнындағы жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің үлесі осы Кодекстің 650-бабына сәйкес айқындалады.
Осы тармақтың мақсатында жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы жер қойнауын пайдаланушы болып танылмайды.
5. Уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген, жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген тұлғаларға төленетіндерді қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы-заңды тұлғалар төлейтін дивидендтер түріндегі бейрезиденттің кірістері мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде 10 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салуға жатады:
дивидендтерді есепке жазу күніне бейрезидент-салық төлеуші дивидендтер төленетін акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленеді;
дивидендтерді төлейтін резидент болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы-заңды тұлға дивидендтер есепке жазылған айдың бірінші күнінің алдындағы он екі айлық кезең ішінде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан меншікті және (немесе) өзара байланысты тарап болып табылатын резидент-заңды тұлғаға тиесілі өндірістік қуаттарда көрсетілген кезеңде өндірілген көмірді қоса алғанда, минералды шикізаттың кемінде 70 пайызын кейіннен қайта өңдеуді (бастапқы қайта өңдеуден кейін) жүзеге асырады.
Егер осы Кодекстің 293-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында аталған заңды тұлғаны қоспағанда, дивидендтерді төлейтін резидент болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы-заңды тұлға есептелген корпоративтік табыс салығын қызмет бойынша, оның ішінде осындай азайту көзделген инвестициялық келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша 100 пайызға азайтуды жүргізген жағдайда, осы тармақтың ережелері мынадай тәртіппен қолданылады:
егер тұтастай алғанда дивидендтерді төлейтін резидент-заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасында 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 және одан көп пайызды құраса, онда осы тармақтың ережесі қолданылмайды;
егер тұтастай алғанда дивидендтерді төлейтін резидент-заңды тұлға бойынша есептелген корпоративтік табыс салығының жалпы сомасында 100 пайызға азайтылған корпоративтік табыс салығының үлесі 50 пайыздан аз болса, онда осы тармақтың ережесі дивидендтердің бүкіл сомасына қолданылады.
Салық төлеушінің акцияларды немесе қатысу үлестерін иеленуінің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімі, егер салық төлеуші мұндай акцияларды немесе қатысу үлестерін бұрынғы меншік иелерінің қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде алса, бұрынғы меншік иелерінің акцияларды немесе қатысу үлестерін иелену мерзімдері ескеріле отырып, жиынтық түрде айқындалады.
Осы тармақтың мақсатында көмірді қоса алғанда, кейіннен қайта өңдеуге жіберілген минералды шикізаттың көлемін айқындаған кезде:
бастапқы қайта өңдеуден кейінгі кез келген қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімді өндіруге тікелей жіберілген;
бастапқы қайта өңдеу өнімін кейіннен қайта өңдеуде одан әрі пайдалану мақсатында өндірісте пайдаланылған шикізат ескеріледі.
Осы тармақтың ережелері бұрын корпоративтік табыс салығы салынған және резидент-заңды тұлғадан:
акциялар бойынша, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төленуге жататын кіріс;
резидент-заңды тұлға өз құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза кірістің бір бөлігі;
құрылтайшы, қатысушы жарғылық капиталға салым ретінде енгізген мүлікті қоспағанда, резидент-заңды тұлға таратылған кезде немесе құрылтайшылар, қатысушылар салымдарының мөлшерін пропорционалды түрде азайту арқылы не құрылтайшылардың, қатысушылардың үлестерін толық немесе ішінара өтеу арқылы жарғылық капитал азайтылған кезде, сондай-ақ резидент-заңды тұлғаға қатысу үлесін құрылтайшы, қатысушы алып қойған кезде мүлікті бөлуден түсетін кіріс түрінде алынған кірістерге ғана қолданылады.
Бұл ретте дивидендтерді төлейтін резидент-заңды тұлға активтерінің құнындағы жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің үлесі осы Кодекстің 650-бабына сәйкес айқындалады.
Осы баптың 4-тармағының және осы тармақтың мақсатында бұрын корпоративтік табыс салығы салынған кірістер мынадай тәртіппен айқындалады:
осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына, сондай-ақ осы Кодекстің 300-бабына сәйкес ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын кіріс,
алу
осы Кодекстің 313-бабының 1 немесе 2-тармағында белгіленген мөлшерлеме мен осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына, сондай-ақ осы Кодекстің 300-бабына сәйкес ауыстырылатын залалдар сомасына азайтылған салық салынатын кірісті көбейту арқылы есептелген корпоративтік табыс салығының сомасы.
Бұрын корпоративтік табыс салығы салынған кіріс дивидендтер бөлінетін әрбір салықтық кезең үшін айқындалады.
Бұл ретте бұрын корпоративтік табыс салығы салынған кірісті айқындау кезінде корпоративтік табыс салығы бойынша төленген аванстық төлемдер сомасы есепке алынбайды.
Осы Кодекстің 314-бабында көрсетілген салықтық кезең аяқталғанға дейін дивидендтер бөлінген және төленген жағдайларда, салық агенті осы баптың 4-тармағының және осы тармақтың ережелерін қолдануға құқылы емес.
Бұл ретте осы баптың 4-тармағында және осы тармақта белгіленген шарттар орындалған кезде тиісті салықтық кезең аяқталғаннан кейін салық агенті осы Кодекстің 211-бабында белгіленген тәртіппен бейрезиденттің кірісінен төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы бойынша бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге құқылы. Корпоративтік табыс салығының артық төленген сомасы туындаған кезде салық агентінің осы Кодекстің 11-тарауының 1-параграфында көзделген тәртіппен осындай соманы есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды жүргізуге құқығы бар.»;
31) 654-бапта:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақыларды есепке жазу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржаларының ресми тізіміндегі осындай дивидендтер мен сыйақылар.
Бұл ретте осы тармақшаның бірінші бөлігінің ережесі күнтізбелік жылда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өлшемшарттарға сәйкес биржада сауда-саттық жүзеге асырылған бағалы қағаздар бойынша есепке жазылған дивидендтерге қолданылады;»;
4) тармақша алып тасталсын;
1-тармақтың 32) тармақшасы 2022 ж. 1 қаңтардан бастап 2023 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды
32) 681-баптың 5-тармағы 5) тармақшасындағы «сомасы қаралмайды.» деген сөздер «сомасы;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) салық төлеуші жергілікті атқарушы орган қалыптастыратын тізілімге енгізілген кезде көрсетілген жергілікті атқарушы орган құрған комиссияның шешімі бойынша шағын бизнес субъектілері төтенше жағдайдың қолданылуы кезеңінде келтірілген мүліктік зиянның өтеміне алған ақшаның сомасы қаралмайды.»;
33) 720-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Көмірсутек кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен, тұтқырлығы жоғары, су басқан, дебиті аз және игерілген санаттарға жатқызу тәртібін, олардың тізбесін және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бөлігінде салық салу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Пайдалы қазбалардың қатты түрлерінің кен орнын (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындарының тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен санатқа жатқызу өлшемшарттарын, сондай-ақ рентабельділік деңгейін және рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейін айқындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.»;
34) 745-баптың 6-тармағының бірінші бөлігінде:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілгенді қоспағанда, осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген минералды шикізаттың құны - халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын, пайдалы қазбалардың осындай түрлеріне сай келетін, 20 пайызға ұлғайтылған өндіру мен бастапқы қайта өңдеудің (байытудың) нақты өндірістік өзіндік құны негізінде;»;
мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
«4) өнімдік ерітінділерден алынған уран құны - бекітілген коэффициентке сәйкес фунттарды килограмға ауыстыру ескеріле отырып, салықтық кезеңнің әрбір айы үшін табиғи уран концентраты (U3O8) нысанындағы уран фунты үшін шетел валютасындағы айлық баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні мен тиісті салықтық кезең үшін валюта айырбастаудың орташа арифметикалық нарықтық бағамының көбейтіндісі ретінде төменде келтірілген формула бойынша айқындалатын табиғи уран концентраты (U3O8) нысанындағы уранның бір килограмы үшін орташа өлшемді баға негізінде айқындалады.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінің мақсаттары үшін табиғи уран концентраты (U3O8) нысанындағы уран фунты үшін баға белгіленімі «Ux Consultіng LLC» компаниясының (АҚШ) «Ux Weekly» және «TradeTech LLC» компаниясының (АҚШ) «Тhe Nuclear Market Revіew» дереккөздерінде жарияланатын ақпарат негізінде айдың соңғы күні шетел валютасында қолданылатын табиғи уран концентраты (U3O8) фунтына споттық бағаның айлық индикаторын білдіреді. Көрсетілген дереккөздердің бірінде табиғи уран концентраты (U3O8) нысанындағы уран бағасының белгіленімі туралы ақпарат болмаған жағдайда, осындай белгіленімі бар басқа көрсетілген дереккөздің бағасы қолданылады.
Осы тармақшаның екінші бөлігінде көрсетілген дереккөздерде табиғи уран концентраты (U3O8) нысанындағы уран бағасының белгіленімі туралы ақпарат болмаған кезде Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында айқындалатын басқа да дереккөздердің деректері бойынша баға қолданылады.
Табиғи уран концентраты нысанындағы уранның бір килограмы үшін орташа өлшемді баға мынадай формула бойынша айқындалады:
мұнда:
S - салықтық кезең үшін табиғи уран концентраты нысанындағы уранның бір килограмы үшін орташа өлшемді баға;
P1, P2, Р3 - салықтық кезең ішінде әрбір ай үшін дереккөздерден бағалардың орташа арифметикалық айлық белгіленімі;
бағалардың орташа арифметикалық айлық белгіленімі мынадай формула бойынша айқындалады:
мұнда:
Рn - бағалардың орташа арифметикалық белгіленімі;
Cn - «Ux Consultіng LLC» компаниясының (АҚШ) «Ux Weekly» дереккөзінен есепті кезеңнің тиісті айының соңғы күніне табиғи уран концентраты (U3O8) нысанындағы уран фунты үшін бағаның айлық белгіленімінің мәні;
Dn - «TradeTech LLC» компаниясының (АҚШ) «Тhe Nuclear Market Revіew» дереккөзінен есепті кезеңнің тиісті айының соңғы күніне табиғи уран концентраты (U3O8) нысанындағы уран фунты үшін бағаның айлық белгіленімінің мәні (Exchange Value);
К - 2,59978 мөлшерінде белгіленген, фунттарды килограмға ауыстыру коэффициенті;
Е - тиісті салықтық кезең үшін шетел валютасын айырбастаудың орташа арифметикалық нарықтық бағамы.»;
35) 746-бапта:
бірінші бөлікте:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, пайдалы қазбаларды, минералды шикізатты, оның ішінде бастапқы қайта өңдеуден ғана өткен минералды шикізатты өндіру салығының мөлшерлемелері мынадай мөлшерлерде белгіленеді:
кестенің 1, 2, 3 және 9-жолдары мынадай редакцияда жазылсын:
«
1. | Қара, түсті және радиоактивті металдар кені | Хром кені (концентрат) | 21,06% |
Марганец, темір-марганец кені (концентрат) | 3,25% |
Темір кені(концентрат) | 3,64% |
Уран (өнімдік ерітінділерден алынған, шахталық әдіс) | 6% |
2. | Металдар | Мыс | 8,55% |
Мырыш | 10,5% |
Қорғасын | 10,4% |
Алтын, күміс | 7,5% |
Платина, палладий | 6,5% |
Алюминий | 0,38% |
Қалайы | 3,9% |
Никель | 7,8% |
3. | Құрамында металдар бар минералды шикізат | Ванадий | 5,2% |
Хром, титан, магний, кобальт, вольфрам, висмут, сүрме, сынап, мышьяк және басқалар | 7,8% |
»;
«
9. | Жанатын, химиялық және агрономиялық минералды шикізат | Кокстелетін тас көмір, антрацит | 4,05% |
Тас көмір (кокстелетін және антрациттен басқа), қоңыр көмір, жанғыш тақтатастар | 2,7% |
Фосфориттер | 4,0% |
Бораттар, оның ішінде бор ангидриті | 3,5% |
Калий және калий-магний тұздары | 6,0% |
Барит | 4,5% |
Тальк | 2,0% |
Гипс | 5,6% |
Күкірт | 6,0% |
Флюориттер | 3,0% |
Воластанит | 3,5% |
Шунгит | 2,0% |
Графит және басқалар | 3,5% |
»;
екінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Бұл ретте өндірілген тас көмірге (кокстелетіннен және антрациттен басқа), қоңыр көмірге, жанғыш тақтатастарға пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы бапта белгіленген мөлшерлемесіне мынадай жағдайларда:»;
үшінші, төртінші және бесінші бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, кен орны бойынша баланстан тыс қорлардың құрамынан өндірілетін пайдалы қазбалардың және минералды шикізаттың барлық түріне пайдалы қазбаларды өндіру салығы 0 пайыз мөлшерлеме бойынша төленеді.
Бұл ретте пайдалы қазбаларды өндіру салығының 0 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемесі өндірілуі баланстан тыс қорлардың құрамынан рентабельділігі төмен кен орындарында жүзеге асырылатын, пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесі осы баптың 2-тармағына сәйкес белгіленетін пайдалы қазбаларды және минералды шикізатты өткізу жағдайларын қоспағанда, баланстан тыс қорлардың құрамынан, оның ішінде бастапқы қайта өңдеуден (байытудан) кейін алынатын пайдалы қазбаларды және минералды шикізатты өткізген жағдайда қолданылмайды.
Егер осы баптың 1-тармағы кестесінің 13-жолында көрсетілген кендік емес минералды шикізат бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы Кодекстің 744 және 745-баптарына сәйкес есептелген сомасы салықтық кезең ішінде жер қойнауын пайдаланушы өндірген осындай кендік емес минералды шикізаттың физикалық көлемі мен республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын 0,02 айлық есептік көрсеткішті көбейту сомасынан аз болса, осындай кендік емес минералды шикізат бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы өндірілген осындай кендік емес минералды шикізат көлемінің бірлігі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 0,02 мөлшеріндегі мөлшерлеме бойынша айқындалады.»;
мынадай мазмұндағы 2 және 3-тармақтармен толықтырылсын:
«2. Егер осы Кодекстің 720-бабы 4-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өлшемшарттарға сәйкес келетін кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділік деңгейі 5 және одан аз пайызды құраған жағдайда, мұндай кен орнында (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындарының тобында, кен орнының бір бөлігінде) өндірілген пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушы 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелерін қолдануға құқылы.
Кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орнының тобы, кен орнының бір бөлігі) осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес айқындалған төмен рентабельділік өлшемшарттарына іс жүзінде сәйкес келмеген кезде жер қойнауын пайдаланушы тиісті күнтізбелік жылдың төртінші тоқсанынан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде осы баптың 1-тармағында белгіленген мөлшерлемелер негізінде пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемелерді қайта есептеуді осындай өлшемшарттар сақталмаған бүкіл жыл үшін жүргізеді және алынған мәндерді төртінші тоқсандағы пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша қосымша декларацияда көрсетеді. Осындай декларацияда көрсетілген пайдалы қазбаларды өндіру салығының сомасы төртінші тоқсанның салықтық міндеттемесі болып табылады және жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен бюджетке төленуге жатады.
Осы тармақтың ережелері жер қойнауын пайдалану құқығын қайта ресімдеу (жер қойнауын пайдаланудың лицензиялық режиміне көшіру) не пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру (жер қойнауы учаскесін бөлу) үшін берілген жер қойнауы учаскелерін түрлендіру жүзеге асырылған кен орындарына да (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобына да, кен орнының бір бөлігіне де) қолданылады.
3. Кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығы өнеркәсіптік өндіру басталған кезден бастап алпыс ай ішінде 0 пайыз мөлшерлеме бойынша бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде есептеледі:
1) кен орнында (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобында, кен орнының бір бөлігінде) минералды шикізатты өнеркәсіптік өндіру 2022 жылғы 31 желтоқсаннан кейін басталды;
2) кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі 15 пайыздан аспайды;
3) өзара байланысты тараптың пайдасына иеліктен шығаруды қоспағанда, пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мөлшерлемесі қолданылған кен орны бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы осы тармақтың ережелерін қолдану кезеңі ішінде иеліктен шығаруға жатпайды.
Осы тармақтың мақсатында кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі осы Кодекстің 720-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген тәртіпке сәйкес айқындалады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында белгіленген шарттар сақталмаған кезде пайдалы қазбаларды өндіру салығы осы тармақтың ережелерін қолданудың бүкіл кезеңі үшін осы баптың 1 немесе 2-тармағына сәйкес белгіленген мөлшерлемелер бойынша төленеді.
Кен орны (жер қойнауын пайдалануға арналған бір келісімшарт бойынша кен орындары тобы, кен орнының бір бөлігі) бойынша рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі осы тармақтың 2) тармақшасында белгіленген көрсеткішке жеткен кезде салық төлеуші тиісті күнтізбелік жылдың төртінші тоқсанынан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемелерді қайта есептеуді жүргізеді. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемелердің аталған қайта есептелуі рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі он бес пайыздан асқан бүкіл жыл үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығының осы баптың 1 немесе 2-тармағында көрсетілген мөлшерлемелері қолданыла отырып жүзеге асырылады және осындай жылдың төртінші тоқсанындағы пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша қосымша декларацияда көрсетіледі. Осындай декларацияда көрсетілген пайдалы қазбаларды өндіру салығының сомасы төртінші тоқсанның салықтық міндеттемесі болып табылады және жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен бюджетке төленуге жатады.
Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық міндеттемелер қайта есептелгеннен соң кейінгі кезеңдерде рентабельділіктің ішкі нормасының деңгейі он бес пайыздан төмен төмендеген жағдайда, салық төлеуші осы кейінгі кезеңдер үшін осы тармақтың ережелерін қолдануға құқылы емес.».
2. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
2-тармақтың 1) тармақшасы 2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
1) бүкіл мәтін бойынша:
«мүгедектерді», «мүгедекке», «мүгедек», «мүгедек бала», «мүгедек баланың» деген сөздер тиісінше «мүгедектігі бар адамдарды», «мүгедектігі бар адамға», «мүгедектігі бар адам», «мүгедектігі бар бала», «мүгедектігі бар баланың» деген сөздермен ауыстырылсын;
«І немесе ІІ топтағы», «І, ІІ немесе ІІІ топтардағы» деген сөздер тиісінше «бірінші немесе екінші топтағы», «бірінші, екінші немесе үшінші топтардағы» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтың 2) тармақшасының бірінші, екінші абзацтары 2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2) 33-баптың 2) тармақшасында:
оныншы абзацтағы «және 40» деген сөздер «, 40 және 71» деген сөздермен ауыстырылсын;
бір жүз елу екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Салық төлеушінің кірістеріне 10 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынады.»;
бір жүз елу үшінші абзац алып тасталсын;
төрт жүзінші және төрт жүз жиырмасыншы абзацтардағы «3), 4) және 5) тармақшаларына» деген сөздер «3) тармақшасына» деген сөздермен ауыстырылсын;
төрт жүз отыз бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«7) бағалы қағаздар бойынша дивидендтер мен сыйақыларды есепке жазу күніне Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржаларының ресми тізіміндегі осындай дивидендтер мен сыйақылар.»;
мынадай мазмұндағы төрт жүз отыз алтыншы абзацпен толықтырылсын:
«Осы тармақшаның бірінші бөлігінің ережесі күнтізбелік жылда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өлшемшарттарға сәйкес биржада сауда-саттық жүзеге асырылған бағалы қағаздар бойынша дивидендтерге қолданылады;»;
төрт жүз отыз алтыншы - төрт жүз отыз тоғызыншы абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
«8) мыналарды:
акциялар бойынша, оның ішінде депозитарлық қолхаттардың базалық активтері болып табылатын акциялар бойынша төленуге жататын таза кірісті немесе оның бір бөлігін;
резидент-заңды тұлға өз құрылтайшылары, қатысушылары арасында бөлетін таза кірісті немесе оның бір бөлігін;
резидент-заңды тұлға таратылған кезде немесе жарғылық капитал азайтылған кезде, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыдан, қатысушыдан осы резидент-заңды тұлғаға қатысу үлесін немесе оның бір бөлігін сатып алған кезде және осындай эмитент-заңды тұлға акционерден осы эмитент шығарған акцияларды сатып алған кезде мүлікті бөлуден түсетін кірісті бөлу кезінде күнтізбелік жыл ішінде резидент-заңды тұлғадан республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 30 000 еселенген мөлшері шегінде алынған дивидендтер.»;
төрт жүз қырқыншы - төрт жүз қырық сегізінші абзацтар алып тасталсын;
2-тармақтың 2) тармақшасының он жетінші - жиырма жетінші абзацтары 2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
мынадай мазмұндағы бес жүз жетінші абзацпен толықтырылсын:
«төтенше жағдайдың қолданылуы кезеңінде келтірілген мүліктік зиянды өтеу түріндегі;»;
жеті жүз алпыс сегізінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы бойынша декларацияда кейіннен көрсетіле отырып, салықтық кезеңде алынған кірістер бойынша жүргізіледі.»;
мынадай мазмұндағы жеті жүз жетпісінші абзацпен толықтырылсын:
«Осы Кодекстің 71-тарауына сәйкес кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру міндеті жүктелген тұлғалар кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсету арқылы жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістерден жеке табыс салығын есептейді.»;