468-бап. Тауарларды таңдау
1. Тауар жеткiзiлiмi шартында сатып алушының (алушының) тауарларды тауар берушiнiң орналасқан жерiнен алуы (тауарлар таңдауы) көзделуi мүмкiн.
2. Егер шартта таңдау мерзiмi көзделмесе сатып алушының (алушының) тауарлар таңдауы тауар берушiнiң тауарлар дайын деген хабарын алғаннан кейін қисынды мерзімде жүргізілуге тиіс.
3. Тауар жеткiзiлiмi шартында сатып алушының (алушының) тауар берушi орналасқан жерде тауар таңдауы көзделген кезде, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, сатып алушы берiлетiн тауарларды қарап-көрудi олар берiлетiн жерде жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Сатып алушының (алушының) шартта белгiленген тауар жеткізілімі мерзімінде, ал ол болмаған кезде - тауар берушінің тауарлардың дайын екендігі туралы хабарын алғаннан кейін қисынды мерзiмде тауарларды таңдамалы тауар берушiге шартты орындаудан бас тартуға немесе сатып алушыдан тауарларға ақы төлеудi талап етуге құқық бередi.
469-бап. Жеткiзiлетiн тауарлар үшiн есеп айырысу
1. Сатып алушы жеткiзiлетiн тауарларға шартта көзделген есеп айырысу тәртібі мен нысандарын сақтай отырып ақы төлейдi. Егер тараптардың келісімiнде есеп айырысудың тәртібі мен нысаны белгiленбесе, есеп айырысу төлем тапсырмалары арқылы жүзеге асырылады.
2. Егер шартта тауардың жиынтыққа енетiн жекелеген бөлiктерiмен жеткiзiлiмi көзделген болса, шартта өзгеше белгiленбегендiктен, сатып алушы тауарға ақы төлеудi жиынтыққа енетiн соңғы бөлiктi тиеп-жөнелткеннен (таңдап алғаннан) кейiн жүзеге асырады.
3. Егер шартта алушының (төлеушiнiң) тауарға ақы төлеудi жүзеге асыратыны көзделсе және соңғысы ақы төлеуден негізсіз бас тартса не шартта белгiленген мерзiмде тауарға ақы төлемесе, тауар берушi сатып алушыдан жеткiзiлген тауарға ақы төлеудi талап етуге құқылы.
470-бап. Ыдыс және буып-түю
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушы (алушы) тауар берушiге заң актілерінде белгiленген тәртiп пен мерзiмде тауар келiп түскен көп айналымды ыдысты және буып-түю құралдарын қайтаруға мiндеттi.
2. Басқа да ыдыс пен буып-түю заттары тауар берушіге шартта көзделген жағдайларда ғана қайтарылуға тиiс.
471-бап. Сапасы лайықсыз тауар жеткiзiлімінiң салдары
1. Өзiне сапасы лайықсыз тауар жеткiзiлген сатып алушы (алушы) тауар берушiге осы Кодекстiң 428-бабында көзделген талаптарды қоюға құқылы, бұған жеткiзiлген тауардың кемшiлiктерi туралы сатып алушының хабарын алған тауар берушi жеткiзiлген тауарды кешiктiрмей сапасы лайықты тауармен алмастырған жағдайлар қосылмайды.
2. Өзiне берiлген тауарды бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын сатып алушы (алушы), егер тауар жеткiзiлiмi шартында өзгеше көзделмесе, тұтынушы қайтарған сапасы лайықсыз тауарды қисынды мерзiмде алмастыруды талап етуге құқылы.
472-бап. Жиынтықталмаған тауарлар жеткізілімінің салдары
1. Тауар жеткiзiлiмі шартының жағдайларын, заң актілерінiң талаптарын не әдетте жиынтықтауға қойылатын талаптарды бұза отырып, тауарлар берiлген сатып алушы (алушы) тауар берушiге осы Кодекстiң 433-бабында көзделген талаптарды қоюға құқылы, бұған жеткiзiлген тауарлардың жиынтықталмағандығы туралы сатып алушының хабарын алған тауар берушi тауарларды кешiктiрмей толықтырған не оларды жиынтықталған тауарлармен алмастырған жағдай қосылмайды.
2. Тауарларды бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын сатып алушы (алушы), егер тауар беру шартында өзгеше көзделмесе, тұтынушы қайтарған жиынтықталмаған тауарларды қисынды мерзімде жиынтықталған тауарлармен алмастыруды талап етуге құқылы.
473-бап. Тауар жеткiлiксiз берiлiп, тауардың кемшiлiктерiн жою туралы немесе тауарды толық жиынтықтау туралы талаптар орындалмаған жағдайдағы сатып алушының құқықтары
1. Егер тауар берушi тауарларды шартта көзделген мөлшерде бермесе не сатып алушының сапасы лайықсыз тауарды алмастыру туралы немесе белгiленген мерзiмде тауарды толық жиынтықтау туралы талаптарын орындамаса, сатып алушы оларды сатып алу жөніндегі барлық қажеттi және қисынды шығындарды тауар берушiге жатқыза отырып, берiлмеген тауарларды басқа адамдардан сатып алуға құқылы.
Сатып алушының басқа адамдардың тауарлар сатып алуға жұмсаған шығындарын есептеу, тауар берушi оларды толық бермеген немесе тауарлардың кемшiлiктерiн жою туралы не тауарларды толық жиынтықтау туралы талаптар орындалмаған жағдайда, осы Кодекстiң 411-бабының 1-тармағында көзделген ережелер бойынша жүргiзiледi.
2. Сатып алушы (алушы) сапасы лайықсыз тауарларға және жиынтықталмаған тауарларға ақы төлеуден бас тартуға, ал егер мұндай тауарларға ақы төленiп қойған болса, төленген соманы тауарлардағы кемшiлiктер жойылғанға және тауарлар толық жиынтықталғанға дейін не олар алмастырылғанға дейін қайтаруды талап етуге құқылы.
474-бап. Тауарды жеткiлiксiз бергенi немесе тауар берудi кешiктiргенi үшiн тұрақсыздық айыбы
Тауарды жеткiлiксiз бергенi немесе берудi кешiктiргенi үшiн заң актілерінде немесе шартта белгiленген тұрақсыздық айыбы, егер заң актілерінде немесе шартта тұрақсыздық айыбын өндiрiп алудың өзгеше тәртібі белгіленбесе, шартта белгіленген күннен бастап, міндеттеменің нақты орындалған күніне дейін өндіріп алынуы мүмкін.
475-бап. Тауар берудiң бiрнеше шарттары бойынша бiртектес мiндеттемелердi өтеу
1. Тауар берушi сатып алушыға аттас тауарлар жеткізудi тауар жеткiзiлiмiнiң бiрнеше шарттары бойынша жүзеге асыратын және жеткiзген тауарлар саны тауар берушiнiң барлық шарттар бойынша мiндеттемелерiн өтеуге жетпейтін жағдайларда жеткiзiлген тауарлар тауар жеткiзiлiмiн жүзеге асыру кезiнде не жеткiзiлгеннен кейiн кешiктiрiлмей тауар берушi көрсеткен шарттың орындалу есебiне есептелуге тиiс.
2. Егер сатып алушы тауар жеткiзiлiмiнiң бiрнеше шарттары бойынша алған аттас тауарлар үшiн тауар берушіге ақы төлеген болса және төленген сома сатып алушының барлық шарттар бойынша міндеттемелерін өтеуге жетпесе, төленген сома тауарларға ақы төлеудi жүзеге асыру кезiнде не ақы төленгеннен кейiн кешiктiрiлмей сатып алушы көрсеткен шарттың орындалу есебiне есептелуге тиiс.
3. Егер тауар берушi немесе сатып алушы өздерiне осы баптың және 1 және 2-тармақтарына сәйкес берiлген құқықтарды пайдаланбаса, міндеттеменiң орындалуы орындау мерзiмi ертерек басталған шарт бойынша міндеттемелерді өтеуге есептеледі. Егер бірнеше шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі бір мезгілде басталса, орындауға берілген мерзім барлық шарттар бойынша міндеттемелердің өтелуіне бара-бар түрде есептеледі.
476-бап. Шартты орындаудан бiржақты бас тарту
1. Тараптардың бiреуi (осы Кодекстiң 401-бабы 2-тармағының екiншi бөлiгi) шартты елеулi түрде бұзған жағдайда шартты (толық немесе iшiнара) орындаудан бiржақты бас тартуға немесе оны бiржақты өзгертуге жол берiледi.
2. Тауар берушiмен шарттың бұзылуы мына жағдайларда:
1) кемшiлiгi бар, сапасы лайықсыз тауар берiлiп, ол кемшiлiктердi сатып алушы үшiн қолайлы мерзiмде жою мүмкiн болмағанда;
2) тауар беру мерзiмдерi бiрнеше рет бұзылғанда елеулi деп ұйғарылады.
3. Сатып алушымен шарттың бұзылуы мына жағдайларда:
1) тауарларға ақы төлеу мерзімдері бірнеше рет бұзылғанда;
2) бiрнеше рет тауарлар таңдалып алынбағанда елеулi деп ұйғарылады.
4. Тараптардың келісімiмен шартты орындаудан немесе оны бiржақты өзгертуден бiржақты бас тартудың өзге де негiздерi көзделуi мүмкiн.
5. Бiр тарап шартты өзгерту немесе оны орындаудан бiржақты бас тарту туралы екінші тараптан хабар алған кезден бастап, егер хабарда шартты бұзудың немесе өзгертудiң өзге мерзiмi көзделмесе не тараптардың келісімiнде белгiленбесе, тауар жеткiзiлiмi шарты бұзылған немесе өзгертiлген деп есептеледi.
477-бап. Шарт бұзылған жағдайда залалды есептеу
1. Егер сатушының мiндеттеменi бұзуы салдарынан шарт бұзылғаннан кейiн сатып алушы тауарды қисынды мерзiмде шартта көрсетілгенінің орнына басқа адамнан неғұрлым жоғары, бірақ қисынды бағамен сатып алса, ол сатушыға шартта белгіленген баға мен орнына жасалған мәміле бойынша белгіленген баға арасындағы айырма түрінде залалды өтеу туралы талап қоя алады.
2. Егер сатып алушының мiндеттеменi бұзуы салдарынан шарт бұзылғаннан кейiн сатушы тауарды қисынды мерзiмде басқа адамға шартта көзделгенiнен неғұрлым төмен, бiрақ қисынды бағамен сатса, сатушы сатып алушыға шартта белгіленген баға мен орнына жасалған мәміле бойынша белгіленген баға арасындағы айырма түрінде залалды өтеу туралы талап қоя алады.
3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген негiздер бойынша шарт бұзылғаннан кейiн бұзылған шарттың орнына мәмiле жасалмаса және осы тауардың ағымдағы бағасы болса, тарап шартта белгiленген баға мен шарт бұзылған кездегi ағымдағы баға арасындағы айырма түрiнде залалды өтеу туралы талап қоя алады.
Әдетте салыстырмалы мән-жайларда ұқсас тауарлар үшiн тауар беру жүзеге асырылуға тиiстi жерде алынатын баға ағымдағы баға деп танылады. Егер бұл жерде ағымдағы баға болмаса, басқа жерде қолданылған ағымдағы баға пайдаланылуы мүмкiн, ол тауарды тасымалдау жөніндегі шығындар айырмасы ескерiлетiн қисынды айырбас бола алады.
4. Осы баптың 1 және 3-тармақтарында көзделген талаптарды қанағаттандыру мiндеттемесiн орындамаған тарапты, осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы негiзiнде, екiншi тарапқа келтiрiлген өзге залалды өтеуден босатпайды.
4. Келісім-шарт жасасу
478-бап. Келісім-шарт жасасу шарты
1. Келісім-шарт жасасу шарты бойынша ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi өзi өсiрген (өндiрген) ауыл шаруашылық өнiмiн - ұқсату немесе сату үшiн осындай өнiмдi сатып алуды жүзеге асыратын дайындаушы-тұлғаға беруге мiндеттенедi.
2. Осы параграфтың ережелерiмен реттелмеген келісім-шарт жасасу шарты бойынша қатынастарға тауар беру шарты туралы ережелер (осы Кодекстiң 458-477-баптары) қолданылады.
479-бап. Дайындаушының мiндеттерi
1. Егер келісім-шарт жасасу шартында өзгеше көзделмесе, дайындаушы өндiрушiден ауыл шаруашылық өнiмiн оның тұрған жерiнде қабылдауға және тасып әкетудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Ауыл шаруашылық өнiмiн қабылдау дайындаушы орналасқан жерде немесе ол көрсеткен өзге орында жүзеге асырылатын жағдайда дайындаушының келісім-шарт жасасу шартының талаптарына сәйкес келетiн және дайындаушыға шартта келісілген мерзiмде берiлген ауыл шаруашылық өнiмiн қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.
Дайындаушы өнiм сапасын стандарттарға сәйкес дәл анықтауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Келісім-шарт жасасу шартында ауыл шаруашылық өнiмiн ұқсатуды жүзеге асыратын дайындаушының өндiрушiге оның талап етуi бойынша ауыл шаруашылық өнiмiн ұқсатудан қалған қалдықтарды шартта белгiленген баға бойынша ақы төлете отырып қайтару мiндетi көзделуi мүмкiн.
480-бап. Ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушiнiң мiндеттерi
Ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi дайындаушыға өсiрген (өндiрген) ауыл шаруашылық өнiмiн мөлшерi, сапасы мен түр-түрi келісім-шарт жасасу шартында көзделгендей етiп беруге мiндеттi.
481-бап. Ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушiнiң жауапкершiлiгi
Мiндеттеменi орындамаған немесе мiндеттеменi тиiстi түрде орындамаған ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi өзiнiң кiнәсi болған жағдайда жауапты болады.
5. Энергиямен жабдықтау
482-бап. Энергиямен жабдықтау шарты
1. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергиямен жабдықтаушы ұйым абонентте (тұтынушыға) жалғанған желi арқылы энергия беруге мiндеттенедi, ал абонент алынған энергия үшiн ақы төлеуге, сондай-ақ оны тұтынудың шартта көзделген режимiн сақтауға, өзiнiң қарауындағы энергетика желiлерiн пайдалану қауіпсіздігін және энергияны тұтынуға байланысты пайдаланылатын аспаптар мен жабдықтардың ақаусыздығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
2. Энергиямен жабдықтау шарты жария болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
3. Тараптар үшiн мiндеттi болып табылатын энергиямен жабдықтау шартының талаптары осы Кодекске және басқа да заң актілеріне сәйкес белгiленедi.
ҚР 08.01.03 ж. № 376-II Заңымен 483-бап өзгертілді
483-бап. Энергиямен жабдықтау шартын жасасу және ұзарту
1. Энергиямен жабдықтау шарты абонентпен онда энергиямен жабдықтаушы ұйымның желілеріне жалғанған қажетті жабдық болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жасалады.
2. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда белгiленген тәртiппен абоненттi жалғанған желiге алғаш рет iс жүзiнде қосылған кезден бастап шарт жасалған болып есептеледi.
Егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, мұндай шарт белгiсiз мерзiмге жасалған болып есептеледi және осы Кодекстiң 490-бабында көзделген негiздер бойынша өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.
3. Мерзiм аяқталғаннан кейiн энергиямен жабдықтау шартын тоқтату немесе өзгерту туралы тараптардың бiреуiнiң өтiнiшi болмаған жағдайда ол шартта көзделген дәл сондай мерзiмге және нақ сондай талаптар бойынша ұзартылған болып есептеледі. Шартты жаңа мерзiмге ұзартқан кезде тараптардың келісімi бойынша оның талаптары өзгертiлуi мүмкiн.
4. Егер шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн тараптардың бiрiнен жаңа шарт жасасу туралы ұсыныс енгiзiлсе, тараптардың қатынастары жаңа шарт жасалғанға дейiн бұрынғы жасалған шартпен реттеледi.
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 484-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
484-бап. Энергия мөлшерi
1. Энергиямен жабдықтаушы ұйым шартта көзделген мөлшерде және тараптар келiскен энергия беру режимiн сақтай отырып, абонентке жалғанған желі арқылы энергия беруге мiндеттi. Энергиямен жабдықтаушы ұйым берген және абонент қабылдаған энергияның мөлшерi оның нақты тұтынылуы туралы есеп деректерiне сәйкес анықталады.
2. Энергия берудi шартта келісілмеген мөлшерде қамтамасыз етуге байланысты энергиямен жабдықтаушы ұйым шеккен шығындарды өтеген жағдайда шартта абоненттiң өзi алатын энергияның шартта белгіленген мөлшерін өзгертуге құқығы көзделуі мүмкін.
3. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда ол энергияны өзiне қажеттi мөлшерде пайдалануға құқылы. Энергиямен жабдықтаушы ұйым берген және абонент алған энергия мөлшері есептеу аспаптарының көрсеткіштерімен, ал олар болмаған немесе уақытша бұзылған кезде - есеп айырысу жолымен анықталады.
485-бап. Энергия мөлшерi туралы шарт талаптарын бұзудың зардабы
Егер энергиямен жабдықтаушы ұйым жалғанған желi арқылы абонентке энергияны шартта көзделгенінен аз мөлшерде берсе, заң актілерінде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнiнен туындамаса, осы Кодекстiң 419-бабында көзделген ережелер қолданылады.
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 486-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
486-бап. Энергияның сапасы
1. Энергиямен жабдықтаушы ұйым беретiн энергияның сапасы ұлттық стандарттарда және стандарттау жөніндегі өзге де нормативтік құжаттарда белгіленген немесе шартта көзделген талаптарға сәйкес болуға тиiс.
2. Энергиямен жабдықтаушы ұйым энергияның сапасына қойылатын талаптарды бұзған жағдайда, егер заң актілерінде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, осы Кодекстiң 491-бабында көзделген ережелер қолданылады.
487-бап. Абоненттiң желiлердi, аспаптар мен жабдықтарды күтiп ұстау және пайдалану жөніндегі мiндеттерi
1. Абонент өз пайдалануындағы энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың тиiстi техникалық жай-күйiн және қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, энергияны тұтынудың белгiленген режимін сақтауға, сондай-ақ авариялар, өрт, энергия есептеу аспаптарының ақаулы болуы және энергияны пайдалану кезiнде туындайтын өзге де кемшiлiктер туралы энергиямен жабдықтаушы ұйымға дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда энергетикалық желiлердiң, сондай-ақ энергия тұтынуды есептейтiн аспаптардың тиiстi техникалық жай-күйi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндетi, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымға жүктеледi.
3. Энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың техникалық жай-күйiне және оларды пайдалануға қойылатын талаптар заңдармен белгiленедi.
4. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлерiн абонент пайдалануындағы энергетикалық желiлердiң, аспаптар мен жабдықтардың техникалық жай-күйін және қауiпсiздiгiн бақылау үшiн аспаптарға жiберуге мiндеттi. Олардың сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі заңдармен белгiленедi.
2012.04.07. № 25-V ҚР Заңымен 488-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
488-бап. Энергияға ақы төлеу
1. Энергияны коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін пайдалану жағдайларын қоспағанда, энергияға ақы төлеу есепке алу аспаптарының көрсеткіштерiне сәйкес анықталатын, абонент iс жүзiнде алған энергия мөлшерi үшiн, ал олар болмаған немесе уақытша бұзылған кезде есептеу арқылы жүргізіледі.
2. Энергия үшiн есеп айырысу тәртібі заңдармен немесе тараптардың келісімiмен белгiленедi.
489-бап. Абоненттiң энергияны басқа тұлғаға беруi
1. Абонент жалғанған желi арқылы энергиямен жабдықтаушы ұйымнан өзi алған энергияны басқа тұлғаға (қосалқы абонентке) энергиямен жабдықтайтын ұйымның келiсуiмен ғана бере алады.
2. Абоненттiң қосалқы абонентке энергия беру жөніндегі шартына, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, осы параграфтағы ережелер қолданылады.
3. Қосалқы абонентке энергия беру кезiнде, егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымның алдында абонент жауапты болады.
490-бап. Шартты өзгерту және бұзу
1. Абоненттiң энергетикалық қондырғыларының мемлекеттік энергетикалық қадағалау органы куәландырған қанағаттанғысыз жай-күйi авария қаупiн туғызатын немесе азаматтардың өмiрi мен қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайды қоспағанда, энергияны үзiлiспен беруге, тоқтатуға немесе шектеп беруге тараптардың келісімi бойынша жол берiледi. Энергиямен жабдықтаушы ұйым абонентке энергияны үзiлiспен беру, тоқтату немесе шектеп беру туралы алдын ала ескертуге тиiс.
2. Энергиямен жабдықтау ұйымы жүйесiнде аварияның алдын алу немесе оны жою жөнiнде шұғыл шаралар қолдану қажет болған жағдайда абоненттiң келiсуiнсiз және оған ескертпей, бiрақ оған дереу хабарлай отырып энергияны үзіліспен беруге, тоқтатуға немесе шектеп беруге жол беріледі.
3. Заңдарда үздiксiз циклды өндiрiс үшiн энергия берудегi үзіліске оның берiлуiн тоқтатуға немесе шектеуге жол берiлмейдi және заңдармен реттеледi.
4. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланушы азамат абонент болған жағдайларда, бұл туралы ол энергиямен жабдықтаушы ұйымға хабарлап, пайдаланған энергия ақысын толық төлеген кезде шарттан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы.
5. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтынуға пайдаланушы азамат абонент болған жағдайларда энергиямен жабдықтаушы ұйым шартты орындауды тоқтатқанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей абонентке ескерткен жағдайда өзi пайдаланған энергияға абоненттiң ақы төлемеуiне байланысты шарттың орындалуын бiр жақты тоқтатуға құқылы.
491-бап. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша жауаптылық
1. Энергиямен жабдықтау шарты бойынша мiндеттемелер орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайларда энергиямен жабдықтаушы ұйым мен абонент осыдан келтiрiлген нақты залалды өтеуге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы).
2. Егер заңдар негiзiнде жүзеге асырылған энергия тұтыну режимiн реттеу нәтижесiнде абонентке энергия беруде үзiлiс жасалған болса, энергиямен жабдықтаушы ұйым өзi кiнәлi болған жағдайда шарт мiндеттемелерiнiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшін жауапты болады.
492-бап. Энергиямен жабдықтау шартының ережелерiн жалғанған желi арқылы жабдықтау жөніндегі өзге де қатынастарға қолдану
1. Жалғанған желi арқылы жылу энергиясымен жабдықтау жөніндегі қатынастарға, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, осы параграфтың ережелерi қолданылады.
2. Жалғанған желi арқылы газбен, мұнаймен және мұнай өнiмдерiмен, сумен, басқа да тауарлармен жабдықтау жөніндегі қатынастарға, егер заңдарда, шартта өзгеше белгiленбесе немесе ол мiндеттемелер мәнiнен туындамаса, осы параграфтың ережелерi қолданылады.
6. Кәсiпорынды сату
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 493-бап өзгертілді
493-бап. Кәсiпорынды сату шарты
1. Кәсiпорынды сату шарты бойынша сатушы тұтас алғанда кәсiпорынды мүлiктiк кешен ретiнде сатып алушының меншiгiне (осы Кодекстiң 119-бабы) беруге мiндеттенедi, бұған сатушы басқа тұлғаларға беруге құқығы болмайтын құқықтар мен мiндеттер қосылмайды.
2. Кәсiпорынның қызметкерлерi жөніндегі құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген тәртiппен сатушыдан сатып алушыға ауысады.
3. Фирмалық атауларды, тауар белгiлерiн, қызмет көрсету белгiлерiн және сатушыны дараландыратын басқа да құралдар мен оның өнiмдерiн, оның атқаратын жұмысын немесе көрсететiн қызметiн пайдалану құқықтары, сондай-ақ лицензия негiзiнде дараландыратын құралдарды пайдалану жөнiнде сатушыға тиесiлi құқықтар, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушыға ауысады.
4. Тиiстi қызметпен айналысуға арнайы рұқсат (лицензия) беру негiзiнде алынған құқықтар, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе, кәсіпорынды сатып алушыға ауыспауға тиіс. Шарт бойынша берілетін кәсіпорынның құрамына оның арнайы рұқсаты (лицензиясы) болмауынан сатып алушы орындай алмайтын мiндеттемелердiң енгiзiлуi сатып алушыны кредит берушiлер алдындағы тиісті міндеттемелерден босатпайды. Міндеттемелерді орындамағаны үшін сатушы мен сатып алушы кредит берушілер алдында бірдей жауап береді.
5. Кәсіпорын бірыңғай мүліктік кешен болған жағдайда, мемлекеттік кәсіпорынды сату ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 494-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
494-бап. Кәсiпорынды сату шартының нысаны
1. Кәсiпорынды сату шарты, осы Кодекстiң 495-бабының 2-тармағында аталған құжаттарды мiндеттi түрде қоса отырып, тараптардың қолы қойылған бiр құжат дайындау жолымен жазбаша түрде жасалады.
2. 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2006.05.05 № 139-III ҚР Заңымен 495-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
495-бап. Сатуға жататын кәсiпорынның құрамын белгiлеу және құнын бағалау
1. Сатуға жататын кәсiпорынның құрамы мен құны, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, тараптардың келісімiмен айқындалады.
2. Шартқа қол қойылғанға дейiн тараптар: түгендеу актiсiн, бухгалтерлiк балансты, кәсiпорынның құрамы мен құны туралы аудиторлық ұйымның аудиторлық есебін, сондай-ақ кредит берушiлердi, олар қойған талаптардың сипатын, мөлшерi мен мерзiмдерiн көрсете отырып, кәсiпорынның құрамына енгiзiлетiн барлық борыштың (мiндеттемелердiң) тiзбесiн жасап, қарауға тиiс.
Аталған құжаттарда көрсетiлген мүлiк, құқықтар мен мiндеттер, егер осы Кодекстiң 493-бабынан өзгеше туындамайтын болса және шартта өзгеше белгiленбесе, сатушыдан сатып алушыға ауысуға тиiс.
496-бап. Кредит берушiлердiң кәсiпорынды сату кезіндегі құқықтары
1. Сатушы сатылатын кәсiпорынның құрамына енгiзiлген мiндеттемелер жөнiнде кәсiпорын сатып алушыға берiлгенге дейiн оны сату туралы кредит берушiлерге жазбаша түрде хабарлауға тиiс.
2. Борышты аударуға өз келісімiн беру туралы сатушыға жазбаша хабарламаған кредит берушi кәсiпорынның сатылатындығы туралы хабар алған күннен бастап үш ай iшiнде мiндеттемелердi тоқтатуды немесе мерзiмiнен бұрын орындауды және сатушының осыдан келген залалдарды өтеуiн не кәсiпорынды сату шартын толық немесе оның тиiстi бөлiгiн жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәртiп бойынша кәсiпорынды сату туралы хабардар етiлмеген кредит берушi сатушының кәсiпорынды сатып алушыға бергендiгi туралы өзi бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап бiр жыл iшiнде, осы баптың 2-тармағында көзделген талаптардың қанағаттандырылуы туралы талап қоя алады.
4. Кәсiпорын сатып алушыға берiлгеннен кейiн кредит берушiнiң келiсуiнсiз сатып алушыға аударылып, берiлген кәсiпорынның құрамына енгiзiлген борыш үшiн сатушы мен сатып алушы бiрдей жауап бередi.
497-бап. Кәсiпорынды беру
1. Сатушының кәсiпорынды сатып алушыға беруi өткізу актiсi бойынша жүзеге асырылады, онда кәсiпорынның құрамы жөніндегі және кәсiпорынды сату туралы кредит берушiлерге хабарлау жөніндегі деректер, сондай-ақ берiлген мүлiктен табылған кемшiлiктер туралы мәлiметтер және оны жоғалтып алуға байланысты беру мiндеттерiн орындау мүмкiн болмайтын мүлiктердiң тiзбесi көрсетiледi.
2. Өткізу актiсiн жасауды және оны қол қоюға табыс етудi қоса алғанда, кәсiпорынды беруге дайындау сатушының мiндетi болып табылады, егер шартта өзгеше көзделмесе, соның есебiнен жүзеге асырылады.
3. Өткізу актiсiнде екi тарап қол қойған күннен бастап кәсiпорын сатып алушыға берiлген деп есептеледi.
Сол кезден бастап кәсiпорын құрамында берiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi сатып алушыға ауысады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 498-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
498-бап. Кәсiпорынға құқықтардың ауысуы
1. Мемлекеттік тiркелуге жататын кәсiпорынның құрамына кiретiн мүлiкке құқық тiркелген кезден бастап сатып алушыға ауысады. Қалған мүлiкке құқықтар екi тарап табыстау актiсiне қол қойған кезден бастап ауысады.
2. 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Шартта сатып алушыға берiлген кәсiпорынға меншiк құқығы кәсiпорынға ақы төленгенше немесе өзге де мән-жайлар туғанға дейiн сатушының өзiнде қалдыру көзделген жағдайларда сатып алушы меншiк құқығы өзiне ауысқанға дейiн, берiлген кәсiпорынның құрамына кiретiн мүлiктер мен құқықтарды кәсiпорынның қызметiн мүлiктiк кешен ретiнде қамтамасыз ету үшiн қаншалықты қажет болса, соншалықты дәрежеде пайдалануға құқылы.
499-бап. Кемшiлiктерi бар кәсiпорынды беру мен қабылдаудың салдары
1. Кәсiпорынды өткізу актiсi бойынша құрамы шартта көзделгенге сәйкес келмейтiн кәсiпорынды сатушының беру және сатып алушының қабылдау салдары, соның iшiнде берiлген мүлiктердiң сапасына қатысты салдары, егер шарттан өзгеше туындамаса және ол осы баптың 2-4-тармақтарында өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 413-415, 419, 422, 428, 432-баптарында көзделген ережелер негiзiнде айқындалады.