8) ірі қатысушы белгілері бар тұлғаның, сондай-ақ ірі қатысушының осы Заңның 49-бабының 5-тармағы талаптарының орындалмауына әкеп соққан іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі жағдайларында мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
2. Уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлар орын алған кезде:
1) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы белгілері бар тұлғадан, сондай-ақ ірі қатысушысынан олардың тікелей немесе жанама түрде иелік ету үлесін инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының он пайызынан төмен деңгейге дейін азайтуды;
2) инвестициялық портфельді басқарушыдан ірі қатысушыға қатысты инвестициялық портфельді басқарушыны тәуекелге ұрындыратын олардың арасындағы операцияларды (тікелей және жанама түрде) жүзеге асыруды тоқтата тұруды;
3) инвестициялық портфельді басқарушыдан, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысынан инвестициялық портфельді басқарушыны қосымша капиталдандыру жөнінде шаралар қолдануды талап етуге құқылы.
3. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы не ірі қатысушысы белгілері бар тұлға осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарды орындамаған жағдайда, уәкілетті органның шешімі негізінде инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына не ірі қатысушысы белгілері бар тұлғаға тиесілі инвестициялық портфельді басқарушының акцияларына сенімгерлік басқару тағайындалады. Осы акциялар уәкілетті органға сенімгерлік басқаруға үш айға дейінгі мерзімге беріледі.
Уәкілетті орган инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына не ірі қатысушысы белгілері бар тұлғаға тиесілі инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын ұлттық басқарушы холдингке сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдауға құқылы.
Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына не ірі қатысушысы белгілері бар тұлғаға тиесілі инвестициялық портфельді басқарушының акциялары ұлттық басқарушы холдингке сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда, акцияларды сенімгерлік басқару тағайындалатын мерзім уәкілетті органның сенімгерлік басқаруды тағайындау туралы тиісті шешімінде айқындалады.
Уәкілетті орган не ұлттық басқарушы холдинг инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын сенімгерлік басқаруды жүзеге асыру кезеңінде акциялардың меншік иесі сенімгерлік басқарудағы акцияларға қатысты қандай да бір іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы емес.
Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы не ірі қатысушысы белгілері бар тұлға уәкілетті органға инвестициялық портфельді басқарушының барлық өзіне тиесілі акцияларын өтінішхатта көрсетілген тұлғаларға сату туралы өтінішхат беруге құқылы.
Өтінішхатта көрсетілген акцияларды иемденушілер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінің талаптарын орындаған жағдайда уәкілетті орган өтінішхатты қанағаттандырады.
Сенімгерлік басқару белгіленген мерзім өткенге дейін инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын сенімгерлік басқаруға беруге негіздер жойылмаған кезде уәкілетті орган не ұлттық басқарушы холдинг сенімгерлік басқарудағы акцияларды бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында акцияларды өткізу туралы шешім қабылданған күнге қалыптасқан нарықтық құн бойынша оларды өткізу арқылы иеліктен шығарады. Акциялардың нарықтық құны туралы ақпарат болмаған жағдайда, бағалаушы акцияларды өткізу бағасын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындауы мүмкін. Аталған акцияларды сатудан түскен ақша акциялары сенімгерлік басқаруға берілген тұлғаларға аударылады.
Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына не ірі қатысушысы белгілері бар тұлғаға тиесілі инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын сату жөніндегі іс-шаралар инвестициялық портфельді басқарушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
4. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына не ірі қатысушысы белгілері бар тұлғаға тиесілі инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын сенімгерлік басқаруды жүзеге асыру, сондай-ақ уәкілетті органның не ұлттық басқарушы холдингтің сенімгерлік басқару кезеңіндегі іс-әрекеттері тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 72-4-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
72-4-бап. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының есептілігі
1. Инвестициялық портфельді басқарушының заңды тұлға болып табылатын ірі қатысушысы жыл сайын уәкілетті органға қаржы жылы аяқталғаннан кейін күнтізбелік бір жүз жиырма күн ішінде қаржылық есептілікті және оған түсіндірме жазбаны, сондай-ақ үлестес тұлғалармен жасалған мәмілелер туралы есепті ұсынуға тиіс.
2. Инвестициялық портфельді басқарушының жеке тұлға болып табылатын ірі қатысушысы уәкілетті органға қаржы жылы аяқталғаннан кейін күнтізбелік бір жүз жиырма күн ішінде кірістері мен мүлкі туралы мәліметтерді қамтитын есептілікті, сондай-ақ:
1) басқа тұлғалармен бірлесіп инвестициялық портфельді басқарушы қабылдайтын шешімдерге шарттың күшіне қарай не өзгеше түрде ықпал етуді жүзеге асыру туралы, оның ішінде осындай ықпал ету мүмкіндігін айқындайтын өкілеттіктерді табыстаудың сипаттамасы қамтылатын;
2) жарғылық капиталдардағы өзіне тиесілі қатысу үлестерін (акцияларды) көрсете отырып, ұйымдардағы өзінің атқаратын лауазымдары туралы;
3) ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы өзіне тиесілі қатысу үлестері (акциялар), сондай-ақ оларды иелену көздері туралы;
4) жақын туыстары, жұбайы және жұбайының (зайыбының) жақын туыстары туралы, сондай-ақ осы адамдардың бақылауындағы ұйымдар туралы ақпаратты;
5) кірістері мен мүлкі туралы мәліметтерді, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы салық органдарына ұсынатын жеке табыс салығы жөніндегі декларациясы болған кезде, оның көшірмесін беруге тиіс.
3. Есептілікті ұсыну тәртібі мен нысандары уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленеді.
4. Инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан да көп пайызына иелік ететін (дауыс беру мүмкіндігі бар), заңды тұлға болып табылатын ірі қатысушысы уәкілетті органға:
1) есепті тоқсаннан кейінгі күнтізбелік тоқсан күн ішінде тоқсан сайынғы шоғырландырылған қаржылық есептілікті және оған түсіндірме жазбаны;
2) қаржы жылы аяқталғаннан кейін күнтізбелік бір жүз жиырма күн ішінде аудиторлық ұйым растамаған, шоғырландырылған және шоғырландырылмаған жылдық қаржылық есептілікті және оған түсіндірме жазбаны;
3) үлестес тұлғалармен жасалған мәмілелер туралы тоқсан сайынғы есепті ұсынуға тиіс.
5. Инвестициялық портфельді басқарушының заңды тұлға болып табылатын ірі қатысушысының жылдық қаржылық есептілігіне түсіндірме жазбада, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызына иелік ететін (дауыс беру мүмкіндігі бар) ірі қатысушысының тоқсан сайынғы және жылдық қаржылық есептілігіне түсіндірме жазбаларда мынадай ақпарат көрсетілуге тиіс:
1) ірі қатысушының қызметі түрлерінің сипаттамасы;
2) ірі қатысушы оның қатысушысы (акционері) болып табылатын әрбір ұйымның атауы, оның жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің мөлшері (тиесілі акциялар саны), қызмет түрінің немесе түрлерінің сипаттамасы, ірі қатысушы оның ірі қатысушысы (ірі акционері) болып табылатын ұйымдардың қаржылық есептілігі;
3) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының ірі қатысушысы (ірі акционері) болып табылатын әрбір ұйымның атауы, оның жарғылық капиталға қатысу үлесінің мөлшері (өзіне тиесілі акциялар саны), осы ұйымның қызмет түрінің немесе түрлерінің сипаттамасы және қаржылық есептілігі, сондай-ақ үлестес тұлғалар, ірі қатысушыға бақылауды жүзеге асыратын тұлғалар, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысын бақылайтын тұлғаның еншілес және тәуелді ұйымдары туралы мәліметтер.
Инвестициялық портфельді басқарушыда инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызына иелік ететін (дауыс беру мүмкіндігі бар) ірі қатысушысы болмаған жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы қаржылық есептілікті және осы тармақта көрсетілген ақпаратты тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірмей ұсынуға тиіс.
Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының, заңды тұлғаның басшы қызметкерлерінің құрамы өзгерген жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы - заңды тұлға растайтын құжаттарды қоса бере отырып, көрсетілген өзгерістер болған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға басшы қызметкерлердің мінсіз іскерлік беделі туралы мәліметтерді ұсынады.
6. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы - заңды тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының бейрезиденті қаржы жылы аяқталғаннан кейін күнтізбелік бір жүз сексен күн ішінде уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінің талаптарына сәйкес жылдық қаржылық есептілікті уәкілетті органға ұсынуға тиіс.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның Қазақстан Республикасының бейрезиденті жеке тұлға болып табылатын ірі қатысушысына осы баптың 2-тармағының талаптары қолданылады.
7. Егер Қазақстан Республикасының резиденті - қаржы ұйымы инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы болып табылатын болса, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы осы баптың 5-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген ақпаратты ұсынады. Бұл ретте, егер инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы уәкілетті органға талап етілген кезең үшін қаржылық есептілікті ұсынған жағдайда, осы қаржылық есептілік және оған түсіндірме жазба ұсынылмайды.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 72-5-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
72-5-бап. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының аудиті
1. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушылары үшін қаржы жылының қорытындылары бойынша аудит жүргізу міндетті.
Аудиторлық есептің көшірмесі көрсетілген құжатты алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға ұсынылуға тиіс.
2. Инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының жиырма бес пайызына тікелей немесе жанама иелік ететін (дауыс беру мүмкіндігі бар) заңды тұлға болып табылатын, өзі орналасқан елде шоғырландырылған қадағалауға жататын Қазақстан Республикасының бейрезиденті ірі қатысушының шоғырландырылған жылдық қаржылық есептілігін Қазақстан Республикасының осы бейрезиденті ірі қатысушы орналасқан елде қаржы ұйымдарының аудитін жүргізуге құқығы бар аудиторлық ұйым растауға тиіс.
3. Инвестициялық портфелді басқарушының Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылатын ірі қатысушысы уәкілетті органға қазақ немесе орыс тілдерінде аудиторлық есептің көшірмесін және аудиторлық ұйымның ұсынымдарын ұсынады.
4. Инвестициялық портфельді басқарушы, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы аудиторлық есепте көрсетілген, инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық жай-күйіне әсер ететін бұзушылықтарды жоймаған жағдайда, уәкілетті орган аталған тұлғалардың аудиторлық есепті алған күнінен бастап үш ай ішінде бұзушылықтарды жойғанға дейін:
1) инвестициялық портфельді басқарушыға қатысты тиісті лицензияның қолданысын тоқтата тұруға;
2) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына қатысты осы Заңның 72-3-бабының 2-тармағында көзделген шараларды қолдануға құқылы.
5. Осы есеп алынған күннен бастап бір жыл бойы бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, уәкілетті орган:
1) инвестициялық портфельді басқарушыны лицензиядан айыруға;
2) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына қатысты осы Заңның 72-3-бабының 3-тармағында көзделген шараларды қолдануға құқылы.
14-тарау. Кастодиандық қызмет
73-бап. Кастодиандық қызметтi жүзеге асыру тәртібі
2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Бағалы қағаздар нарығында кастодиандық қызметтi кастодиандық қызмет пен сейфтiк операцияларға лицензиялары бар банктер және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асыруға құқылы.
2. Кастодиан өзiнiң қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына және клиентпен жасалған кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шартқа сәйкес жүзеге асырады.
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара); 2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Кастодианның шетелдік клиенттерге қызметтер көрсету жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылмайтын кастодиан өз клиентінің үлестес тұлғасы болмауға тиіс.
4. Кастодианға кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шартқа сәйкес клиент берген ақша мен қаржы құралдары кастодиандық қызмет объектiлерi болып табылады.
5. 07.07.04 ж. № 577-II ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
74-бап. Кастодианның функциялары мен мiндеттерi
1. Кастодиан мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) ақшаға, эмиссиялық бағалы қағаздарға және кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген өзге де қаржы құралдарына қатысты клиентке шоттар ашу;
2) ақшаны, эмиссиялық бағалы қағаздарды және кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген өзге де қаржы құралдарын есепке алуды қамтамасыз ету;
3) нақтылы ұстауды жүзеге асыру;
4) эмиссиялық бағалы қағаздармен және кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша төлем агентiнiң функциясын атқару;
5) клиенттiң эмиссиялық бағалы қағаздарымен мәмiлелердi тiркеу және осы бағалы қағаздар бойынша оның құқықтарын растау;
6) эмиссиялық бағалы қағаздар және кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген өзге де қаржы құралдары бойынша кiрiс алу және оны клиенттiң шотына есептеу;
7) эмитенттiң тапсырмасы бойынша клиентке ақпарат беру;
8) клиентке кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шартта көзделген өзге де қызметтер көрсету;
9) құжатты бағалы қағаздарды және құжатты нысанда шығарылған өзге де қаржы құралдарын сақтау.
2. Кастодиан:
1) кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шарттың талаптарын, сондай-ақ клиенттiң бұйрықтарын олардың мазмұнына сәйкес орындауға;
2) эмиссиялық бағалы қағаздардың және өз активтерiне қатысты кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген өзге де қаржы құралдарының бөлек сақталуы мен есепке алынуын қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес, клиенттердiң шоттарын жүргiзу технологиясын сақтауға;
4) клиентке тұрақты негiзде немесе оның талап етуi бойынша шоттарының жай-күйi туралы есеп беруге;
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4-1) бағалы қағаздарды және кастодиандық қызмет көрсетуге берілген өзге де қаржы құралдарын ұстаушыға талап етуі бойынша оның шоттарының жай-күйі туралы есептілікті ұсынуға;
5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
75-бап. Кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шарт
1. Кастодиан мен оның клиентi арасындағы қатынастар кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шарт негiзiнде туындайды, оған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген сақтау және тапсырма шартының нормалары қолданылады.
2. Кастодиан кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шартты жасасу кезiнде клиенттi өзiнiң iшкi құжаттарымен таныстыруға мiндеттi.
3. Кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шартта:
1) клиентке кастодиандық қызмет көрсету жөнiнде қызметтер ұсыну тәртібі;
2) кастодианның және оның клиентiнiң құқықтары мен мiндеттерi;
3) кастодианның қызметiне ақы төлеу тәртібі;
4) кастодианның кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген бағалы қағаздары бойынша кiрiс алуының талаптары мен тәртібі және оны клиенттiң шотына есептеу;
5) кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шартты бұзу тәртібі;
6) тараптардың жауапкершiлiгi;
7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де талаптар болуға тиiс.
15-тарау. Трансфер-агенттік қызмет
76-бап. Трансфер-агенттiк қызметтi жүзеге асырудың талаптары мен тәртібі
1. Бағалы қағаздар рыногында трансфер-агенттiк қызмет трансфер-агент клиенттерiнiң арасындағы құжаттарды (ақпаратты) қабылдау және беру мақсатында жүзеге асырылады.
2. Бағалы қағаздар рыногында трансфер-агенттiк қызметтi жүзеге асырудың талаптары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен және лицензиаттың iшкi құжаттарымен белгiленедi.
77-бап. Трансфер-агенттiң функциялары
1. Трансфер-агент мынадай функцияларды:
1) өзi тапсыру үшiн алған құжаттарды тiркеу және есепке алу;
2) клиенттерге берiлген құжаттарды тiркеу және есепке алу;
3) трансфер-агенттiк қызметтi жүзеге асырған кезде қолданылатын электрондық деректер базасының сақталуын қамтамасыз ету;
4) трансфер-агенттiк қызметтi жүзеге асырған кезде қолданылатын электрондық жүйелердi жұмысқа қабiлеттi жағдайда ұстау;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Трансфер-агент пен оның клиенттерi арасындағы қатынастар трансфер-агенттiк қызмет көрсету жөніндегі шарт негiзiнде туындайды, оған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тапсырма шартының нормалары қолданылады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 15-1-тараумен толықтырылды
15-1-тарау. Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметі
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 77-1-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
77-1-бап. Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асырудың шарттары мен тәртібі
1. Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметіне лицензиясы бар ұйымдар, орталық депозитарий қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін (бұдан әрі осы тарауда - клиринг ұйымдары) жүзеге асыруға құқылы.
2. Орталық депозитарий және (немесе) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуды ұйымдастыруды жүзеге асыратын және аударым операцияларына лицензиясы бар өзге де ұйым есеп айырысу ұйымы болып табылуы мүмкін.
3. Есеп айырысу ұйымы клиринг ұйымының бұйрықтары негізінде қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуларды жүзеге асырады.
4. Клиринг ұйымының директорлар кеңесі қаржы құралдарымен мәмілелердің орындалмауы тәуекелдерін төмендету үшін клиринг ұйымының тәуекелдерді басқару жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтыруларды қамтамасыз етуге міндетті.
Клиринг ұйымының орталық контрагенттің функцияларын жүзеге асыратын немесе мәмілелер бойынша міндеттемелерді орындаудың қандай да бір кепілдіктерін ұсынатын тәуекелдерді басқару жүйесі арнайы (кепілді және резервтік) қорларды қалыптастыруды қамтиды.
5. Клиринг ұйымының тәуекелдерді басқару жүйесіне, клиринг ұйымындағы тәуекелдер мониторингінің, оларды бақылау мен басқарудың шарттары мен тәртібіне қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде және клиринг ұйымының ішкі құжаттарында белгіленеді.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Клиринг ұйымының директорлар кеңесі клиринг ұйымының көрсетілетін қызметтерін пайдаланатын субъектілермен клиринг ұйымының өзара қарым-қатынастарын айқындайтын, қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асырудың қағидаларын бекітуге тиіс.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Клирингтік ұйым қағидалар бекітілген не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органды растайтын құжаттарды қоса бере отырып хабардар етеді.
7. Клиринг ұйымы есеп айырысу ұйымы мен клиринг қатысушылары арасындағы тиісті қосылу шарттарында белгіленген талаптармен және тәртіппен есеп айырысу ұйымына клиринг қатысушыларының есеп айырысу ұйымында ашылған шоттары бойынша қаржы құралдарын аударуға (есептен шығаруға, есепке жазуға), оларға ауыртпалық салуға бұйрықтар береді.
8. Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асырудың шарттары мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленеді.
9. Клиринг ұйымының клиенті (клиринг қатысушысы) таратылған жағдайда, оның қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметінің нысанасы болып табылатын міндеттемелері өзі жасасқан мәмілелер орындалған жағдайда, оның ішінде клиринг ұйымының оның мәмілелер бойынша міндеттемелерінің толық немесе ішінара қамтамасыз етуі, маржалық жарналары, клиринг ұйымдарына жарналары (кепілді және резервтік) болып табылатын қаржы құралдарын толық пайдалануы есебінен және уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде және осы клиринг ұйымының ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен тоқтатылады.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 77-2-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
77-2-бап. Клиринг ұйымының функциялары
1. Мыналар клиринг ұйымының функциялары болып табылады:
1) жасалған мәмілелер бойынша ақпаратты клиринг ұйымының ішкі құжаттарына сәйкес қабылдау және өңдеу, оны салыстырып тексеру және түзету;
2) жасалған мәмілелердің өлшемдерін, оларды растау, толық немесе ішінара орындалуы немесе орындалмауы туралы ақпаратты есепке алу;
3) қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу нәтижесінде қаржы құралдарымен мәмілелер қатысушыларының, есеп айырысуларға қатысатын субъектілердің (қаржы құралдарының төленуін және аударылуын жүзеге асыратын мәміле тараптарының) талаптарын және (немесе) міндеттемелерін айқындау;
4) есеп айырысу ұйымының клиринг қызметінің нәтижелері бойынша бұйрықтарды дайындау және беру;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында және клиринг ұйымының ішкі құжаттарында көзделген өзге де функциялар.
2. Клиринг ұйымы мен оның клиенттері арасындағы қатынастар клиринг қызметін көрсетуді жүзеге асыру туралы шарт негізінде туындайды, онда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген қосылу шартының нормалары қолданылады.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 77-3-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
77-3-бап. Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыру қағидалары
1. Клиринг ұйымының қағидаларын оның атқарушы органы әзірлейді, оны клиринг ұйымының директорлар кеңесі бекітеді.
2. Клиринг ұйымының қағидалары клиринг ұйымы көрсететін қызметтерді пайдаланатын субъектілермен клиринг ұйымының өзара қарым-қатынастарын, сондай-ақ қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асырудың шарттары мен тәртібін айқындайды және мыналарды:
1) сауда-саттыққа клирингтік қатысушыларға қойылатын талаптарды, оның ішінде сауда-саттыққа клирингтік қатысушысының қаржылық тұрақтылығын ұстап тұру жөніндегі міндетті;
2) сауда-саттыққа клирингтік қатысушы мәртебесін берудің (қолданысын тоқтата тұрудың, айырудың) тәртібі мен шарттарын;
3) сауда-саттыққа клирингтік қатысушылардың клиринг ұйымына сауда-саттыққа клирингтік қатысушылардың қаржылық жай-күйіне мониторингті жүзеге асыру, сауда-саттыққа клирингтік қатысушылары клиринг ұйымы қағидаларының талаптарына сәйкес келуі үшін беретін олардың қызметі туралы ақпарат тізбесін, сондай-ақ осы ақпаратты ұсынудың тәртібі мен мерзімдерін;
4) клиринг ұйымы сауда-саттыққа клирингтік қатысушылардан және уәкілетті органнан алған ақпаратқа билік ету тәртібін;
5) сауда-саттыққа клирингтік қатысушылардың қаржылық жай-күйінің мониторингі, сондай-ақ сауда-саттыққа клирингтік қатысушылардың клиринг ұйымы қағидаларының талаптарына сәйкес келу тәртібін;
6) арнайы клиринг (кепілді) қорларын қалыптастыру тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ клиринг ұйымының жарналары мен алымдарын төлеу тәртібі мен шарттарын;
7) клиринг ұйымының резервтік қорларын қалыптастыру тәртібі мен шарттарын;
8) жасалған мәмілелер бойынша ақпаратты жинау, өңдеу және сақтау, алшақтықтар болған кезде, оны салыстырып тексеру мен түзету тәртібін;
9) клиринг ұйымының қаржы құралдарымен жасалған мәмілелердің өлшемдерін есепке алуы мен растауы тәртібін;