5-бап. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған шекті мөлшерден аспауға тиіс.
2. Берілетін микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу қағидасын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Микроқаржы ұйымы микрокредит бойынша сыйақы шамалары туралы ақпарат бар жарнаманы таратқан және (немесе) орналастырған кезде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін көрсетуге міндетті.
3. 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6-бап. Қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша мiндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету
1. Қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындауы Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсiлдермен қамтамасыз етiледi.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-1-тармақтың бірінші - он төртінші абзацтары 2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылды
1-1. Жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушының жүргізген төлем сомасы, егер бұл қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерін орындау үшін жеткіліксіз болса, қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:
1) негізгі борыш бойынша берешек;
2) сыйақы бойынша берешек;
3) микрокредит беру туралы шартта айқындалған мөлшердегі тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;
5) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;
5-1) 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) микроқаржы ұйымының орындауды алу бойынша шығасылары.
Осы тармақта белгіленген талаптар осы Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредит беру туралы шартқа, сондай-ақ ломбард жасаcатын микрокредит беру туралы шартқа қолданылмайды.
2. 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Осы Заңның 4-бабы 3-1-тармағының талаптарымен жасалған шартты қоспағанда, жеке тұлғамен жасалған, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредит беру туралы шарт бойынша микрокредит сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні ішінде мерзімі өткізіп алынған әрбір күн үшін мерзімі өткізіп алынған төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға тиіс, мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні өткеннен кейін мерзімі өткізіп алынған әрбір күн үшін мерзімі өткізіп алынған төлем сомасының 0,03 пайызынан аспауға, бірақ микрокредит беру туралы шарт қолданылатын әрбір жылға берілген микрокредит сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс.
7-бап. Микроқаржы ұйымының құқықтары мен мiндеттерi
1. Микроқаржы ұйымы:
1) 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-1) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) осы Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғаға беруге;
2) микрокредиттер беру қағидаларында айқындалған, микрокредит беру туралы шартты жасау және ол бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн қажетті құжаттар мен мәлiметтердi қарыз алушыдан (өтініш берушіден) сұратуға;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) қарыз алушының өтініші бойынша тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеу мақсатында екінші деңгейдегі банктер арқылы микрокредитті үшінші тұлғаға аударуды жүзеге асыруға;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және микрокредит беру туралы шартта белгіленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Микроқаржы ұйымы:
1) орналасқан жерi өзгерген не атауы өзгерген жағдайда бұл туралы уәкілетті органға, сондай-ақ қарыз алушыларды (өтініш берушілерді) микроқаржы ұйымының орналасқан жері бойынша, сондай-ақ қарыз алушы (өтініш беруші) - жеке тұлғаның заңды мекенжайы бойынша және қарыз алушы (өтініш беруші) - заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша екi баспа басылымында қазақ және орыс тілдерінде тиiстi ақпарат жариялау арқылы не мұндай өзгерiстер болған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде әрбір қарыз алушыны (өтініш берушіні) жазбаша хабардар ету арқылы жазбаша хабарлауға;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 4 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) қатысушылардың (акционерлердің) құрамы өзгерген жағдайда, бұл туралы және қатысушылардың (акционерлердің) осы Заңның 14-бабы 6-тармағының талаптарына сай келуі туралы уәкілетті органға мұндай өзгеріс болған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде жазбаша хабарлауға;
2) микрокредиттер беру қағидаларының көшiрмесiн микроқаржы ұйымы қарыз алушысының (өтініш берушісінің) көруі және онымен танысуы үшін қолжетiмдi жерде, оның ішінде микроқаржы ұйымының интернет-ресурсы бар болса, сонда орналастыруға;
3) өтініш берушіге микрокредитті алуға, оған қызмет көрсетуге және оны өтеуге (қайтаруға) байланысты төлемдер туралы толық және анық ақпарат беруге;
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) микрокредит беру туралы шартты жасасқанға дейін өтініш берушіге микрокредитті өтеу әдісімен танысу және оны таңдау үшін түрлі әдістермен есептелген өтеу кестелерінің жобаларын беруге міндетті. Қарыз алушыға микроқаржы ұйымдары жеке тұлғаларға беретін микрокредиттер бойынша тұрақты төлемдерді есептеу әдістемесіне және уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген осындай микрокредиттер бойынша сыйақыны есептеуге арналған уақытша базаларға сәйкес микрокредит беру туралы шартта белгіленген кезектілікпен есептелген микрокредитті өтеу кестелерінің жобалары мынадай өтеу әдістерімен міндетті түрде ұсынылуға тиіс:
сараланған төлемдер әдісі, бұл ретте микрокредит бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомаларын және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақыны қамтитын азайтылып отыратын төлемдермен жүзеге асырылады;
аннуитеттік төлемдер әдісі, бұл ретте микрокредит бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша ұлғайтылып отыратын төлемдерді және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақы бойынша азайтылып отыратын төлемдерді қамтитын микрокредиттің бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Бірінші және соңғы төлем мөлшерлері бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін.
Микроқаржы ұйымы микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес есептелген микрокредитті өтеу кестелерінің қосымша жобаларын ұсыныуы мүмкін;
Осы тармақшада белгіленген талаптар осы Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредит беру туралы шартқа қолданылмайды;
4-1) 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) қарыз алушыға (өтініш берушіге) микрокредит алуға байланысты оның құқықтары мен мiндеттерi туралы ақпарат беруге;
2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға мәліметтерді хабарлауға;
6) микрокредит беру құпиясын сақтауға;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7) тармақша өзгертілді
7) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түсімін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес, берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді сыныптауды жүзеге асыруға және оларға қарсы провизияларды (резервтерді) құруға міндетті.
Осы тармақшада белгіленген талап ломбардтарға қолданылмайды;
8) уәкілетті орган белгiлеген пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, оларды есептеу әдістемесін сақтауға;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 8-1) тармақша өзгертілді (2021 ж. 4 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8-1) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленген, микроқаржы ұйымы қарыз алушысының борыштық жүктемесі коэффициентін есептеу тәртiбiн және оның шекті мәнін сақтауға міндетті.
Осы тармақшада белгіленген талап ломбардтарға қолданылмайды;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тізбесі, нысандары, ұсыну мерзімдері мен тәртібі уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленетін қаржылық және өзге де есептілікті ұсынуға;
10) уәкілетті орган анықтаған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жоюға;
11) 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
11-1) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда микрокредит беруден бас тартуға;
12) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгiленген өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.
3. Микроқаржы ұйымы:
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) сыйақы мөлшерлемелерін (оларды төмендету жағдайларын қоспағанда) және (немесе) микрокредиттi өтеу тәсiлi мен әдісін біржақты тәртіппен өзгертуге;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) кепілсіз банктік қарыз және микрокредиттер бойынша күнтізбелік алпыс күннен астам, республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткiштiң бес еселенген мөлшеріне тең немесе одан асатын мөлшерде мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғаларға осы Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредитті беруге құқылы емес.
Осы тармақшада белгіленген талап ломбардтарға қолданылмайды;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-2) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-2) микрокредит бойынша сыйақы мен тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) қоспағанда, кез келген төлемдерді белгілеуге және қарыз алушыдан (өтініш берушіден) алуға;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) жеке тұлға болып табылатын, микроқаржы ұйымына микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарған қарыз алушыдан микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) және басқа да төлемдерді талап етуге;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) кепілге салынған заттарды пайдалануға және оларға билік етуге;
2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды; 2021.31.12. № 100-VII ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) қарыз алушы - жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредиті бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік тоқсан күні өткен соң есепке жатқызылған сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеуді талап етуге құқылы емес.
Осы тармақшаның талабы микрокредит беру туралы шартқа, егер оны жасасу күні негізгі борыш сомасы тіркеуге жататын мүлік кепілімен және (немесе) ақша кепілімен толық қамтамасыз етілген болса, қолданылмайды;
2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды; 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) қарыз алушы - жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредиті бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күні өткен соң есепке жазылған сыйақыны, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеуді талап етуге құқылы емес.
8-бап. Өтініш берушінің құқықтары мен мiндеттерi
1. Өтініш беруші:
1) микрокредиттер беру қағидаларымен, микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру тарифтерімен танысуға;
2) микрокредитті алуға, оған қызмет көрсетуге және оны өтеуге (қайтаруға) байланысты төлемдер туралы толық және анық ақпарат алуға;
3) микрокредит беру туралы шарт жасасудан бас тартуға құқылы.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Өтініш беруші микроқаржы ұйымына микрокредит беру туралы шарт және қарыз алушының міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ететін шарттар жасасу үшін қажетті, микрокредит алуға қажетті құжаттардың тізбесінде, сондай-ақ микрокредит беру туралы шарт бойынша кредиттік дерекнаманы жүргізу тәртібінде айқындалған құжаттар мен мәліметтерді ұсынады.
3. Өтініш берушінің осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген өзге де құқықтары мен мiндеттерi бар.
9-бап. Қарыз алушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Қарыз алушының:
1) микрокредиттер беру қағидаларымен, микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру тарифтерімен танысуға;
2) алған микрокредитке микрокредит беру туралы шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен билік етуге;
3) өз құқықтарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қорғауға;
4) микрокредит беру туралы шарт бойынша берілген микрокредит сомасын микроқаржы ұйымына мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтаруға;
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) микрокредит беру туралы өзі жасасқан шарт бойынша құқық (талап ету) басқаға берілген жағдайда, осы Заңның 9-1-бабы 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғамен келіспеушіліктерді реттеу үшін банк омбудсманына жүгінуге құқығы бар. Көрсетілген құқық жеке тұлға болып табылатын қарыз алушыға қолданылады;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және микрокредит беру туралы шартта белгіленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қарыз алушы:
1) микрокредит беру туралы шартта белгiленген мерзiмдерде және тәртiппен алынған микрокредиттi қайтаруға және ол бойынша сыйақыны төлеуге;
2) микроқаржы ұйымы осы Заңға сәйкес сұрататын құжаттар мен мәлiметтердi беруге;
3) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында және микроқаржы ұйымымен жасалған шарттарда белгіленген өзге де талаптарды орындауға мiндеттi.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 9-1-баппен толықтырылды
9-1-бап. Берешекті сотқа дейін өндіріп алуға және реттеуге немесе құқықты (талап етуді) басқаға беру тәртібі
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Микроқаржы ұйымының коллекторлық агенттікпен осындай шарт жасасу жағдайларын қоспағанда, оның үшінші тұлғалармен нысанасы берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу, сондай-ақ қарыз алушының берешегіне байланысты ақпарат жинау жөнінде қызметтер көрсету болып табылатын шарт (бұдан әрі - берешекті өндіріп алу туралы шарт) жасасуына тыйым салынады.
2. Микроқаржы ұйымының коллекторлық агенттікпен берешегі тұрғынжай түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген жеке тұлғаға қатысты берешекті өндіріп алу туралы шарт жасасуына жол берілмейді.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Берешек коллекторлық агенттікте сотқа дейін өндіріп алуда және реттеуде болған кезеңде микроқаржы ұйымы:
сотқа берешекті өндіріп алу туралы талап қойып жүгінуге;
берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезең үшін сыйақы төлеуді талап етуге, сондай-ақ негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңге тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес.
4. Мынадай талаптардың бірі сақталған кезде:
құқықтарды (талап етулерді) сатып алу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген осындай ұйым қызметі түрлерінің бірі болып табылғанда;
құқықтарды (талап етулерді) сатып алу жеке тұлғаларды қолдау жөніндегі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар немесе мемлекеттік органдардың құқықтық актілері шеңберінде жүзеге асырылғанда, құқықты (талап етуді) жарғылық капиталдарына қатысу үлестерінің не орналастырылған акцияларының елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі ұйымдарға беруді қоспағанда, микроқаржы ұйымының жеке тұлғамен жасасылған және тұрғынжай түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) басқаға беруді жүргізуіне тыйым салынады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.13.05. № 325-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді; 2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Микроқаржы ұйымының құқықтарды (талаптарды) мынадай тұлғаларға:
екінші деңгейдегі банкке;
коллекторлық агенттікке;
микроқаржы ұйымына;
секьюритилендіру мәмілесі кезінде Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес құрылған арнайы қаржы компаниясына;
микроқаржы ұйымы қамтамасыз етілген облигацияларды шығарған немесе қарыз алған кезде микрокредит беру туралы шарт бойынша талап ету құқықтарын кепіл ұстаушы - заңды тұлғаға;
қаражатты микроқаржы ұйымдарында шартты түрде орналастыру арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру жөніндегі мәміле шеңберінде жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша - жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорына;
жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты микрокредит беру туралы шарты бойынша немесе заңды тұлғаның халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес құнсыздану белгілері, оның ішінде микрокредит беру туралы шарт бойынша құқыққа (талапқа) ие болған немесе олар туындаған (жасалған) кезде анықталған микрокредит беру туралы шарты бойынша құқыққа (талапқа) қатысты өзге тұлғаға берілуін қоспағанда, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) үшінші тұлғаға беруді жүргізуіне тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші абзацында аталған тұлға микрокредит беру туралы шарт бойынша алынған құқықтарды (талаптарды) мынадай жағдайлардың бірінде:
құқықтар (талаптар) жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты микрокредит беру туралы шарты бойынша алынғанда;
құқықтар (талаптар) берешегінің мөлшері басқаға беру күніне республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 16 500 еселенген мөлшерінен аспайтын заңды тұлғаның микрокредит беру туралы шарты бойынша алынғанда;
егер өзіне микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) берілген тұлға Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылса, сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына береді.
Микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтар (талаптар) мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:
1) коллекторлық агенттік жарғылық капиталының, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтеріне ие болатын банктің еншілес ұйымы бас ұйымының меншік капиталының мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ең аз мәннен төмен емес мәнді құрағанда;
2) қызметті:
банкке немесе банк холдингіне банктің бас банктің күмәнді және үмітсіз активтеріне ие болатын еншілес ұйым құруына рұқсат берілген;
коллекторлық агенттік коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілген кезден бастап үш жыл бойы жүзеге асырғанда;
3) сервистік компаниялар тізіліміне енгізу күніне уәкілетті орган қолданған орындалмаған және (немесе) қолданыстағы қадағалап ден қою шаралары немесе шектеулі әсер ету шаралары және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 211-1-бабында және 227-бабының бірінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазалар болмағанда;
4) сервистік компанияның бірінші басшысында алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы болмағанда;
5) сервистік компания уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келгенде сервистік компанияға берілуі мүмкін.
Бас банктің күмәнді және үмітсіз активтеріне ие болатын банктің еншілес ұйымдарына және микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтар (талаптар) сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін сервистік компаниялар ретінде әрекет ететін коллекторлық агенттіктерге қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін сервистік компаниялардың тізілімін жүргізеді және оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
Сервистік компанияны сервистік компаниялар тізілімінен шығару сенімгерлік басқару шартын бұзу үшін негіз болып табылады.
Микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтар (талаптар) сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына берілген жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші абзацында аталған тұлға микрокредит беру туралы шарт бойынша өзіне берілген құқыққа (талапқа) қатысты кредитордың құқықтарын сервистік компаниямен жасалған сенімгерлік басқару шарты шеңберінде не осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға қайта беру арқылы іске асырады.
Сервистік компаниямен сенімгерлік басқару шарты бұзылған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінің сегізінші абзацында аталған тұлға басқа сервистік компаниямен жаңа сенімгерлік басқару шартын жасасуға не құқықтарды (талаптарды) осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға қайта беруге міндетті.
Осы тармақтың талаптары осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды.
6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе микрокредит беру туралы шартта өзгеше көзделмесе, микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) қарыз алушының келісімінсіз басқаға беруге құқылы емес.
2022.04.07. № 133-VII ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Микроқаржы ұйымы мүлік кепілімен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талапты) осы баптың 5-тармағының бірінші бөлігінде аталған тұлғаларға құқық (талап) басқаға берілгенге дейін соңғы алты ай ішінде «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушы жүргізген мүлік құнын бағалаусыз беруге құқылы емес.