6) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуде жәрдем көрсету жөніндегі шараларды әзірлейді;
7) қарулы жанжалдар, төтенше жағдайлар ахуалында қызметтік-жауынгерлік міндеттерді, сондай-ақ төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге, терроризмге қарсы күреске қатысуға және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге байланысты міндеттерді орындайтын Ұлттық ұланды басқаруды қамтамасыз етеді;
8) Ұлттық ұланның әскерлерін инспекциялауды жүзеге асырады;
9) Ұлттық ұланның құзыреті шегінде мемлекеттік нысаналы бағдарламаларды әзірлеуге және орындауға қатысады;
10) өз құзыреті шегінде Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік іс-қимылы мәселелері бойынша ведомстволық құқықтық актілер шығарады және олардың орындалуын бақылайды;
11) Ұлттық ұланның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларын дайындауға қатысады;
12) Ұлттық ұланда заңдылық пен құқық тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады және әскери қызметшілердің, олардың отбасы мүшелері мен азаматтық персоналдың әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етеді;
13) Ұлттық ұланды мерзімді қызметтегі, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтауды және азаматтық персоналды қабылдауды ұйымдастырады және жүргізеді;
14) Ұлттық ұлан үшін, оның ішінде шетелде халықаралық шарттар негізінде кадрлар даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды, әскери атақтар беруді жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің қарауына номенклатураға сәйкес лауазымға тағайындау және әскери атақтар беру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
15) Ұлттық ұланды қару-жарақтың, әскери техниканың қажетті түрлерімен, оқ-дәрілермен және басқа да материалдық құралдармен қамтамасыз етуді ағымдағы және перспективалық жоспарлауды, оларды пайдалануды, олардың сақталуын, есепке алынуын, есептен шығарылуын және кәдеге жаратылуын ұйымдастырады, сондай-ақ бейбіт уақытта Ұлттық ұланды жұмылдыра өрістету үшін осы құралдар запасының жинақталуы мен орналастырылуын жоспарлайды;
16) әскери қызметшілер мен жеке құрамның моральдық-психологиялық және жауынгерлік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын моральдық-психологиялық қамтамасыз ету және әскери қызмет қауіпсіздігінің қажетті жағдайларын қамтамасыз ету бойынша тәрбие жұмысы мен әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастырады;
17) Ұлттық ұланның құрылысы және оны дамыту, оның ұйымдық-штаттық құрылымын жетiлдiру жоспарларын әзiрлейді және iске асырады;
18) Ұлттық ұланды құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, Ұлттық ұланның мүдделерін сотта, өзге де мемлекеттік органдарда қорғауды үйлестіреді және қамтамасыз етеді;
19) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің, әскери қызметтен босатылған азаматтардың және олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған профилактикалық, емдеу, сауықтыру және оңалту іс-шаралары кешенін жүзеге асырады;
20) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын Ұлттық ұланға қатысты бөлігінде іске асыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырады;
21) Қазақстан Республикасының Үкіметіне Ұлттық ұлан бөлімдерінің күзетуіне жататын маңызды мемлекеттік объектілер мен коммуникациялардың, арнайы жүктердiң тізбесін айқындау жөнінде ұсыныстар дайындайды;
22) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін жайластыруды, Ұлттық ұлан объектілерінің күрделі құрылысын ұйымдастырады;
23) мыналарды:
Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы туралы ережені;
Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының, жоғары әскери оқу орнының штатын, әскери қызметшілер жүктемесінің нормативтерін, штаттық нормативтерді, Ұлттық ұландағы лауазымдар номенклатурасын;
Ұлттық ұланның міндеттерін орындау жөніндегі нұсқаулығын;
Ұлттық ұланның әскери-дәрігерлік комиссиясы туралы ережені;
Ұлттық ұланның кадрларын даярлауды жүзеге асыратын жоғары әскери оқу орнына қабылдау қағидаларын;
Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидаларын;
Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне сыныптық біліктілік беру, оны жоғарылату, растау, төмендету және сақтау тәртібін;
Ұлттық ұланда әскери қызмет өткеру нұсқаулығын;
Ұлттық ұланда әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу жөніндегі қағидаларды әзірлейді.
8-бап. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы
1. Ұлттық ұланды Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы басқарады.
2. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы:
1) Ұлттық ұланның ұдайы жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін сақтап отырады;
2) әскерлердің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылына, жедел және жауынгерлік даярлығына, озық тәжірибені енгізуге, материалдық базаны дамытуға және жеке құрам үшін қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасауға басшылық жасайды;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскерлерді мерзімді қызметтегі, келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен жасақтау, олардың запасқа шығарылуын ұйымдастыру жоспарларын бекітеді;
4) өз құзыреті шегінде бұйрықтар, директивалар және өзге де құқықтық актілер шығарады;
5) Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;
6) белгіленген адам саны шегінде Ұлттық ұланның әскери басқару органдарының, құрамаларының, әскери бөлімдері мен жоғары әскери оқу орнының құрылымдары мен штаттарын бекітеді;
7) қарулы жанжалдар, төтенше жағдайлар ахуалында күштер мен құралдардың құрамын, сондай-ақ төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге, терроризмге қарсы күреске қатысуға және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуге байланысты міндеттерді айқындайды;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне және азаматтық персоналына тәртіптік жазалар қолданады;
9) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және азаматтық персоналын көтермелейді, оның ішінде ведомстволық наградалармен наградтайды;
10) Ұлттық ұланды қаруландыруға әскери және өзге де техника мен басқа да мүлікті қабылдап алуды қамтамасыз етеді, жарамсыз күйге жеткен немесе жоғалған материалдық құндылықтарды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен есептен шығарады;
11) өз орынбасарларына, Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары әскерлерінің қолбасшыларына, құрамаларының және әскери бөлімдерінің командирлеріне, жоғары әскери оқу орнының бастығына өкілеттік береді;
12) Ұлттық ұланда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты ұйымдастырады;
13) Ішкі істер министріне Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасарларын, Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары әскерлерінің қолбасшылары мен олардың орынбасарларын, Ұлттық ұланның жоғары әскери оқу орнының бастығын, Ұлттық ұлан құрамаларының командирлерін лауазымға тағайындау және лауазымнан босату туралы ұсыныстар енгізеді;
14) мемлекеттік органдарда және халықаралық ұйымдарда Ұлттық ұланның атынан өкілдік етеді;
15) полковник әскери атағын беру үшін офицерлерді Ішкі істер министріне ұсынады;
16) әскери қызметшілерге жоғары әскери атақтар беру туралы Ішкі істер министріне қолдаухат береді;
17) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің әскери қызмет өткеру, әскери қызметшілерді ротациялау мәселелерін шешеді, лауазымдарға тағайындайды, лауазымдардан босатады, подполковникті қоса алғанға дейінгі және атқаратын штаттық лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бір саты жоғары кезекті әскери атақтарды, оның ішінде мерзімінен бұрын береді, Ішкі істер министріне офицерлік құрамның әскери атақтарын төмендету жөнінде ұсынулар енгізеді, подполковникті қоса алғанға дейінгілерді запасқа немесе отставкаға шығарады;
18) Ішкі істер министріне Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің және азаматтық персонал адамдарының кандидатураларын Қазақстан Републикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынады;
19) өзіне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап. Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы
Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы:
1) өңірлік қолбасшылықтың әскерлеріне оларға жүктелген қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау бойынша, сондай-ақ оның құрамына кірмейтін, белгіленген тәртіппен жедел бағынысына, оның ішінде даярлау және міндеттерді орындау кезеңіне уақытша берілген құрамаларға, әскери бөлімдер мен бөлімшелерге басшылық жасауды жүзеге асырады;
2) әскерлердің жедел және жауынгерлік даярлығына, жауынгерлік, тылдық және техникалық жағынан қамтамасыз етудің барлық түрлеріне, озық тәжірибені енгізуге, материалдық базаны дамытуға және жеке құрам үшін қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасауға басшылық жасайды;
3) жауапкершілік аймағында төтенше жағдай енгізілген және төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, өз өкілеттіктері шегінде өзіне бағынысты құрамалар мен әскери бөлімдердің күштері мен құралдарын тартуға шешімдер қабылдайды;
4) бұйрықтар мен өкімдер шығарады;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылығы құрамына кіретін құрамалар мен әскери бөлімдердің әскери қызметшілерінің әскери қызмет өткеру және азаматтық персоналды қабылдау мәселелерін шешеді;
6) жоғары сержанттық құрамды қоспағанда, капитанды қоса алғанға дейін келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді лауазымдарға тағайындайды және лауазымдардан босатады, кезекті әскери атақтар береді, запасқа немесе отставкаға шығарады.
10-бап. Ұлттық ұланды тұрақты орналасқан пункттерінен тыс жерлерде міндеттерді орындауға тарту
1. Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлiмдерiн тұрақты орналасқан пункттерінен тыс жерлерде қоғамдық тәртiптi қорғау жөніндегі мiндеттердi орындауға немесе iшкi iстер органдарына төтенше жағдайдың құқықтық режимін, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етуде жәрдем көрсету, терроризмге қарсы операцияға және төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға қатысу үшін, сондай-ақ заңсыз қаруланған құралымдарға қарсы күресу, жанжал ауданын оқшаулау және онда бөгеттер қою, аса қауiптi құқық бұзушылықтардың, диверсиялардың, терроризм актілерінің, қарулы қақтығыстардың жолын кесу және тайталасушы тараптарды ажырату, заңсыз қаруланған құралымдарды қарусыздандыру және жою, жанжал ауданындағы халықтан қаруды алып қою, жанжал ауданына iргелес аудандарда қоғамдық тәртiптiң қорғалуы мен қауiпсiздiктi күшейту жөніндегі iс-шараларды жүргiзу үшiн тарту Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлiмдерiнiң жеке құрамын тұрақты орналасқан пункттерінен тыс жерлерде осы бапта көрсетiлген, оларға жүктелген мiндеттердi орындауға тартудың ұзақтығы үш айдан аспауға тиiс.
3. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің шет мемлекеттер аумақтарындағы авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарға қатысуы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
4-тарау. ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
11-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Ұлттық ұланның штат саны лимитін бекітеді;
2) Ұлттық ұланды материалдық-техникалық ресурстармен, азық-түлiкпен, заттай мүлiкпен, қару-жарақпен, оқ-дәрiлермен, әскери және арнайы техникамен, байланыс құралдарымен және басқа да арнайы техникалық құралдармен жарақтандыруды қамтамасыз етеді;
3) Ұлттық ұланның бөлiмдерi күзетуге тиіс маңызды мемлекеттік объектiлер мен коммуникациялардың, арнайы жүктердiң тiзбесiн айқындайды;
4) жұмылдыруды жариялауға, төтенше және соғыс жағдайы режимдерінің енгізілуіне байланысты мемлекеттік органдарға, мекемелерге және ұйымдарға көлік құралдарын, байланыс құралдарын және өзге де материалдық-техникалық құралдарды дайындау және оларды Ұлттық ұланға беру жөніндегі тапсырмаларды белгілейді, сондай-ақ басқа да жұмылдыру тапсырмаларын белгілейді;
5) Ұлттық ұланның әскери бөлімдерін, оқу орталықтары мен басқа да объектілерін орналастыру және олардың тұрақты қызметі үшін жер учаскелерін береді;
6) Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерiн, запастағы (отставкадағы) адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн әлеуметтiк және құқықтық қорғау, материалдық және тұрмыстық қамтамасыз ету бойынша шаралар қолданады;
7) Ұлттық ұланның қызметiн қамтамасыз етудiң басқа да мәселелерiн шешедi;
8) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
12-бап. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі:
1) Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік іс-қимылына жедел басшылықты жүзеге асырады;
2) Ұлттық ұлан қызметінің мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер шығарады;
3) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиті шегінде Ұлттық ұланның құрылымын және орналасуын белгілейді;
4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына Ұлттық ұланның жалпы санын өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді;
5) Ұлттық ұланның ұдайы жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін сақтау бойынша шаралар қабылдайды, оларды қызметтік-жауынгерлік қолдану жөніндегі құжаттарды бекітеді;
6) Ұлттық ұлан қатарына мерзімді әскери қызметшілер шақыруды және одан шығаруды ұйымдастыруға Ұлттық ұланның қатысуын қамтамасыз етеді;
7) Қазақстан Республикасының Президентіне Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымына тағайындауға, лауазымынан босатуға және Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне жоғары әскери атақтар беруге ұсыну енгізеді;
8) Қазақстан Республикасының Президентіне Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерiн және азаматтық персоналын мемлекеттік наградалармен наградтауға ұсыну енгізеді;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен азаматтық персоналына тәртіптік жазалар қолданады;
10) Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасарларын, Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылықтары әскерлерінің қолбасшылары мен олардың орынбасарларын, Ұлттық ұланның жоғары әскери оқу орнының бастығын, Ұлттық ұлан құрамаларының командирлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады, Ұлттық ұланның офицерлерін қызметтен шығарады, офицерлік құрамның алғашқы әскери атағын және полковник әскери атағын береді;
11) мыналарды:
Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы туралы ережені;
Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының штатын, әскери қызметшілер жүктемесінің нормативтерiн, штаттық нормативтерді, Ұлттық ұландағы лауазымдар номенклатурасын;
Ұлттық ұланның кадрларын даярлауды жүзеге асыратын жоғары әскери оқу орнына қабылдау қағидаларын;
Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидаларын;
Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне сыныптық біліктілік беру, оны жоғарылату, растау, төмендету және сақтау тәртібін;
Ұлттық ұланның міндеттерін орындау жөніндегі нұсқаулығын;
Ұлттық ұланның әскери-дәрігерлік комиссиясы туралы ережені;
Ұлттық ұланда әскери қызмет өткеру нұсқаулығын;
Ұлттық ұланда әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу жөніндегі қағидаларды бекітеді;
12) өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13-бап. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі:
1) Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін ведомстволық әскери оқу орындарында даярлауға жәрдемдеседі;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
14-бап. Жергілікті атқарушы, өзге де мемлекеттік органдар және ұйымдар
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) өздеріне ведомстволық бағынысты аумақта Ұлттық ұланның әскери басқару органдарын, құрамаларын, әскери бөлiмдерi мен бөлiмшелерін құру және орналастыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Ішкi iстер министрінің ұсыныстарын қарауға өз құзыреті шегінде қатысады;
2) өздеріне ведомстволық бағынысты аумақта Ұлттық ұланның бөлімшелері төтенше жағдайларды жою жөніндегі міндеттерді орындаған және азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды орындаған кезде жеке құрамды орналастыру үшін өтеусіз түрде орындармен қамтамасыз етеді, азық-түлікпен, көліктік, медициналық, коммуналдық және өзге де қажетті көрсетілетін қызметтермен іркіліссіз қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық ұлан үшiн тиiстi тыныс-тiршiлiк жағдайларын жасайды, Ұлттық ұланның әскери қызметшiлерi мен қызметшілерінің және олардың отбасы мүшелерiнiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз етедi, офицерлерге және әскери қызметтi келісімшарт бойынша өткеріп жатқан әскери қызметшiлерге тұрғын үй бөледi;
4) Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының, құрамалары мен әскери бөлiмдерiнiң қолбасшылығына Ұлттық ұланға әскери қызметке шақыруды ұйымдастыруда жәрдем көрсетедi;
5) кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрімен келісу бойынша Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлімдерінің күштері мен құралдарын олардың тұрақты орналасқан жері бойынша табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарларын жою үшін тартады;
6) жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
2. Өзге де мемлекеттік органдар, меншік нысанына қарамастан ұйымдар және олардың лауазымды адамдары өз өкілеттіктері шегінде Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне олардың қызметтік міндеттерін орындауына жәрдем көрсетеді, сондай-ақ төтенше жағдай, төтенше жағдайды енгізу ахуалында:
1) әуежайларда, әуеайлақтарда, қону алаңдарында Ұлттық ұланның әуе кемелеріне бірінші кезекте әуе кеңістігін пайдалану, қону, аялдау, ұшып шығу, навигациялық, метеорологиялық және ұшуларды қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де ақпаратты алу құқығын өтеусіз береді;
2) Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен бөлімшелеріне жүктелген міндеттерді орындау кезінде оларды басқару үшін байланыс желілері мен арналарын өтеусіз береді;
3) Ұлттық ұланның әскери эшелондарын (көлігін) уақтылы жөнелту және өзі дербес жүретін әскери қызметшілерін уақтылы тасымалдау мақсатында Ұлттық ұланның арнайы тасымалдар органының өтінімдері бойынша бірінші кезектегі тәртіппен қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша және қосымша төлемдер алмай, жылжымалы құрам, тасымалдау құралдары бірлігінің, жолаушылар поездарындағы орындардың (оның ішінде жоспардан тыс тасымалдауларды жүзеге асыру үшін) қажетті санын бөледі;
4) Ұлттық ұланның арнайы тасымалдар органдарына «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери эшелондардың (көліктің) және командалардың жөнелтілгені және қозғалысы туралы қажетті ақпарат береді.
15-бап. Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың iшкi iстер департаменттерінің бастықтары
Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың iшкi iстер департаменттерінің бастықтары:
1) Ұлттық ұланның Бас қолбасшысымен келісу бойынша Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы құрамалары мен әскери бөлімдерінің, арнайы моторландырылған әскери бөлімдерінің күштері мен құралдарын көрсетілген құрамалар мен әскери бөлімдердің қызметтік мақсатын және жеке құрамның оқуына және демалуына жағдай жасауды ескере отырып, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігінің шекаралары шегінде қоғамдық тәртіпті сақтауға ішкі істер органдарымен бірлесіп қатысу үшін тартады;
2) құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлерiмен бiрлесiп Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы құрамалары мен әскери бөлiмдерi және арнайы моторландырылған бөлiмдерi үшiн олардың санына қарай қызметтiк мiндеттердiң көлемiн айқындайды;
3) Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы құрамалары мен әскери бөлімдері және арнайы моторландырылған бөлiмдерi командирлерiнiң қызметтiк-жауынгерлік іс-қимыл нәтижелерi туралы ақпаратын тыңдайды;
4) Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлімдерінің командирлеріне Ұлттық ұланның құрамалары мен әскери бөлімдерінің (бөлімшелерінің), оның ішінде Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасының басқа да өңірлерінен келетіндердің қызмет етуі үшін тиісті жағдайлар жасауда, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін және олардың отбасы мүшелерін құқықтық қорғау кепілдіктерін сақтауда жәрдем көрсетеді.
5-тарау. ҰЛТТЫҚ ҰЛАНДА ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ ӨТКЕРУ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ
16-бап. Ұлттық ұланның кадрлары
1. Ұлттық ұланның кадрлары әскери қызметшілерден және азаматтық персонал адамдарынан тұрады.
2. Ұлттық ұланда әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшiлердiң әскери атақтары, айырым белгiлері және олар үшiн белгiленген киім нысаны болады. Оларға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнде қызмет өткеру жағдайларын регламенттейтін нормативтiк-құқықтық актiлердің күші және осы Заңда көзделген ерекшеліктер мен толықтырулар ескерiлген, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларының талаптары қолданылады.
3. Ұлттық ұланның азаматтық персоналының еңбек қызметі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледі.
17-бап. Ұлттық ұландағы әскери қызмет
1. Ұлттық ұлан «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, сондай-ақ аумақтан тыс қағидат бойынша әскери қызметке шақыру арқылы жеке құраммен жасақталады.
2. Ұлттық ұланға әскери қызметке тұрған азаматтар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларында айқындалған тәртіппен әскери ант қабылдайды.