12. Қайта өңдеу туралы келісімге құзыретті орган оның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қол қоюға тиіс.
13. Қайта өңдеу туралы келісім барлық тараптар оған қол қойғаннан кейін жасалды деп есептеледі.
14. Қайта өңдеу туралы келісімді құзыретті орган қайта өңдеу туралы жасалған келісімдер тізілімінде есепке алуға тиіс.
244-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімнің мазмұны
1. Қайта өңдеу туралы келісімде мыналар қамтылуға тиіс:
1) келісім нысанасы;
2) жер қойнауын пайдаланушыда бар, пайдалы қатты қазбаларды өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге негіз болған құжатқа нұсқау;
3) жер қойнауын пайдаланушының инвестициялық және әлеуметтік міндеттемелері;
4) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес берілген инвестициялық преференцияның (преференциялардың) түрі;
5) берілген инвестициялық преференцияны қолдану мерзімі;
6) келісімге сәйкес құрылған, кеңейтілген немесе жаңғыртылған өндірістік мүлікті пайдаланудан шығару, оны демонтаждау, кәдеге жарату және бүлінген жерді рекультивациялау бойынша міндеттемелер;
7) қайта өңдеу туралы келісім шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасы қайта өңдеу туралы келісімге қолданылатын құқық болып табылады.
3. Қайта өңдеу туралы келісімде өндіруге арналған ең төмен шығыстар және жер қойнауын пайдаланушының оқытуды, Қазақстан Республикасындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті қаржыландыру бойынша міндеттемелері туралы осы Кодексте және пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияда (лицензияларда) көзделген шарттардан өзге шарттар көзделуі мүмкін.
Көрсетілген шарттарды өзгерту немесе алып тастау қайта өңдеу туралы келісім жасасу күні лицензияны тиісінше қайта ресімдеуге алып келеді.
4. Қайта өңдеу туралы келісім тараптар айқындайтын басқа да ережелерді де қамтуы мүмкін.
5. Қайта өңдеу туралы келісім жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату туралы ережені қамтымайды.
6. Қайта өңдеу туралы келісім мерзімі осындай келісімде көзделген өндіруге арналған лицензия мерзімінен аспайды. Егер келісім пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған екі немесе одан көп лицензияға сілтеме жасаса, онда келісім мерзімі солардың біреуінің мерзімінің аяқталатын ең соңғы күні аяқталады.
Қайта өңдеу туралы келісімде көзделген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензияның (барлық лицензиялардың) қолданылуын тоқтату осы келісімді тоқтатуға алып келеді.
7. Қайта өңдеу туралы келісім қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Тараптардың келісуі бойынша қайта өңдеу туралы келісімнің мәтіні өзге тілге де аударылуы мүмкін.
8. Қайта өңдеу туралы келісімді жасасу, орындау және тоқтату жөніндегі қатынастарға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы осы тарауда реттелмеген жағдайларда қолданылады.
245-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша инвестициялық преференциялар
1. Инвестициялық преференциялар пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізетін, Қазақстан Республикасында құрылған заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдаланушыға Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес басым инвестициялық жобаға жататын, Қазақстан Республикасының аумағында пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу жобасын іске асыруы кезінде беріледі.
2. Инвестициялық преференция жер қойнауын пайдаланушының әлеуметтік және инвестициялық міндеттемелерін, оның ішінде:
1) өндіру және (немесе) қайта өңдеу өндірістерінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін жұмыс орындарын ашу және сақтау жөніндегі;
2) қайта өңдеу өндірісін құру, кеңейту және (немесе) жаңғырту жөніндегі;
3) пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу көлемі мен деңгейі жөніндегі;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылатын тұлғаларға шикізат ретінде ішкі нарықта өткізу үшін шығарылатын өнім көлемі жөніндегі;
5) ғылыми-техникалық саланың, қоршаған ортаны қорғау саласының және қолданбалы ғылым саласының мамандарын даярлау бойынша қазақстандық оқу орындарының бағдарламаларын қаржыландыру жөніндегі;
6) әлеуметтік және (немесе) мәдени мақсаттағы объектілерді салуды және (немесе) реконструкциялауды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерін көздеуі мүмкін өзара түсіністік қағидаттарында беріледі.
246-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату салдары
Жер қойнауын пайдаланушының пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған ең төмен шығыстары бойынша міндеттемелерін және (немесе) өндіруге арналған лицензия бойынша оқытуды, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті қаржыландыру бойынша міндеттемелерді өзгертуді немесе алып тастауды көздейтін қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату осы келісімді жасасқанға дейін қолданылған лицензияның шарттарын қолдануға алып келеді.
Қайта өңдеу туралы келісімді тоқтату берілген инвестициялық преференцияларды тоқтатуға да алып келеді.
247-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтар мен міндеттерді басқаға беру
1. Жер қойнауын пайдаланушының қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтары мен міндеттерін көрсетілген келісім жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының тиісті ауысуынсыз басқаға беруіне тыйым салынады.
2. Қайта өңдеу туралы келісімді жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының ауысуы көрсетілген келісім бойынша құқықтар мен міндеттердің міндетті түрде басқаға берілуіне алып келеді.
248-бап. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтарға ауыртпалық салу
1. Кепілді қоса алғанда, қайта өңдеу туралы келісім бойынша құқықтарға ауыртпалық салуға, көрсетілген келісімді жасасуға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салынбай жол берілмейді.
2. Кепілді қоса алғанда, қайта өңдеу туралы келісімді жасауға негіз болған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ауыртпалық салу осы келісім бойынша құқықтарға міндетті ауыртпалық салуға алып келеді.
Х БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫ КЕҢІСТІГІН ПАЙДАЛАНУ, КЕН ІЗДЕУШІЛІК, ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
33-тарау. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар
249-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия
Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия бойынша оны иеленушінің операциялардың мынадай кіші түрлерінің бірін жүргізу мақсатында жер қойнауы учаскесін пайдалануға айрықша құқығы бар:
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) мұнай мен газды, газ бен мұнай өнімдерін жерасты сақтау қоймаларын жер бетінен бес метр төмен тереңдікте орналастыру және пайдалану;
2) қатты, сұйық және радиоактивті қалдықтарды, зиянды улы заттарды сақтау немесе көму, сарқынды, өнеркәсіптік және техникалық суларды жер қойнауына ағызу (айдау) үшін жерасты орындарын (құрылысжайларын) орналастыру және (немесе) пайдалану;
3) жерасты сулары қорларын жасанды толтыру үшін жер қойнауына суды айдау, оның ішінде осы мақсаттарға арналған жерасты құрылысжайларын салу және (немесе) пайдалану;
4) тау-кен өндіру және (немесе) тау-кен байыту өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді орналастыру және (немесе) пайдалану.
250-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған аумақтар
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия кең таралған пайдалы қазбалар болып табылмайтын пайдалы қазбалардың кен орны жоқ немесе пайдалы қазбалардың аз мөлшердегі ресурстары бар жер қойнауы учаскесін пайдалануға беріледі.
2. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны:
1) осы Кодекстің 25-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда;
2) пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды немесе жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесінің аумағына;
3) пайдалы қазбаларды барлау немесе өндіру салдарын жою жүргізіліп жатқан жер қойнауы учаскесінің аумағына;
4) кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, табылған пайдалы қазбалар ресурстары немесе осындай перспективалары бар жер қойнауы учаскелеріне;
5) жерасты шаруашылық-ауыз су учаскелері аумағына беруге тыйым салынады.
251-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беру туралы өтініш
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны алуға мүдделі тұлға жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ол белгілеген нысан бойынша өтініш береді.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің атауы, орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді көшірме немесе өтініш иесі шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын басқа заңдастырылған құжат);
2) өтініш иесі пайдалануға беру үшін сұрап отырған тиісті жер қойнауы учаскесін айқындайтын аумаққа нұсқау;
3) сұралатын жер қойнауы учаскесін пайдалану мерзіміне нұсқау;
4) осы Кодекстің 249-бабына сәйкес жер қойнауы кеңістігін пайдалану мақсатына нұсқау.
3. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін тұлғаның, егер мұндай тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өкілеттігін растайтын құжат;
3) жерасты құрылысжай объектісінің сипаттамасын, оны оқшаулау сипаттамасын, тау-кен жыныстарының типін, коллектор қаттарының жерасты тереңдігін және тиімді қуатын, оның алаңын, кеуектілік коэффициентін, төселетін және жабылатын су тірегінің сипаттамасын, жерасты суларының табиғи ағысының жылдамдығын, көмудің, қоймаға жинап қою мен ағызудың сапалық және сандық көрсеткіштерін, тау-кен техникалық, арнаулы инженерлік-геологиялық, гидрогеологиялық және экологиялық шарттарын қамтитын, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын нысан бойынша геологиялық есеп;
4) өнімнің атауы, ол түзілетін техникалық өндіріс немесе процесс, оның физикалық сипаттамасы, толық химиялық құрамы, уытты құрауыштардың болуы, өрт қаупі, жарылыс қаупі, ерігіштігі, сақтау кезінде басқа заттармен үйлесімділігі, негізгі ластаушы радионуклидтер, олардың белсенділігі, сондай-ақ тасымалдау жүйесінің сипаттамасы көрсетіле отырып, зиянды, улы заттардың, қатты және сұйық қалдықтардың, сарқынды және өнеркәсіптік сулардың сипаттамасы.
4. Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін нотариат куәландыруға тиіс.
5. Өтініш пен оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, оған қоса берілетін құжаттар, әрбір құжатқа қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп өзге тілде де жасалуы мүмкін, аударманың дұрыстығын нотариус куәландырады.
6. Өтінішті беру кезі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға өтініш келіп түскен күнмен және уақытпен айқындалады және есепке алуға жатады.
7. Берілген өтініш туралы мәліметтер өтініш берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға жатады және:
1) өтініш иесінің (тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) атауын;
2) өтініш иесі пайдалануға беруге сұрап отырған жер қойнауы учаскесін айқындайтын аумақ координаттарын;
3) өтініш келіп түскен күн мен уақытты қамтиды.
252-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беру туралы өтінішті қарау
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтініш пен оған қоса берілетін құжаттарды келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қарайды.
Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган өтінішті қарау процесінде өтінішке қоса берілген геологиялық есепке мемлекеттік сараптама жүргізуді ұйымдастырады. Геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасын жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия екі ай ішінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізеді. Осы мерзімді жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия қосымша зерттеулер жүргізуге, қажетті материалдар ұсыну мен комиссия мүшелерінің алдын ала ескертулері мен ұсыныстарын жоюға қажетті, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге ұзарта алады. Геологиялық есептің мемлекеттік сараптамасының теріс қорытындысы жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия беруден бас тартуға негіз болып табылады.
Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда және жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тарту үшін осы Кодекстің 254-бабы 1-тармағының 1) - 7) тармақшаларында көзделген негіздер болмаған кезде, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссия оң қорытынды шығарған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш иесіне жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасын және жою жоспарын дайындау, сондай-ақ олар бойынша осы тарауда көзделген сараптамалар мен келісу жүргізу қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
Өтініш иесі жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасына және жою жоспарына жасалған сараптамалар мен келісудің оң қорытындыларын осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген хабардар ету күнінен бастап бір жылдан кешіктірмей жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға тиіс.
Өтініш иесі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға көрсетілген мерзімді ұзарту қажеттілігін негіздей отырып, осындай ұзарту үшін жүгінуге құқылы. Егер мұндай ұзарту қажеттілігі өтініш иесіне байланысты емес мән-жайлардан туындаса, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы мерзімді осы тармақтың төртінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен күннен бастап алты айдан аспайтын кезеңге ұзартады.
2. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімдер сақталған кезде, жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы мен жою жоспары сараптамаларының оң қорытындылары ұсынылған күннен бастап бес күн ішінде өтініш иесіне жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны береді.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беру жер қойнауын пайдаланушыға облыстың жергілікті атқарушы органының Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беруі үшін негіз болып табылады.
4. Осы баптың мақсаттары үшін жою жоспарын дайындау, ұсыну және оған сараптама жасау осы Кодекстің 260-бабында көзделген жағдайларда талап етіледі.
253-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияларды берудің басымдығы
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға берілген, сол бір аумақты қамтитын жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияларды беруге өтініштер келіп түсу кезектілігі тәртібімен қаралады.
2. Кезекті өтініш алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім қабылданғаннан кейін ғана қаралады.
Кезекті өтінішті қарау алдыңғы қаралған өтініш бойынша лицензияны беруден бас тарту туралы шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні өткен соң басталады.
Егер бас тарту туралы шешімге өтініш иесі сотқа шағым жасаса, кезекті өтінішті қарау туралы мәселені жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган соттың шешімі күшіне енгеннен кейін шешеді.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия қаралған өтініштердің арасынан өтініші бірінші болып осы Кодекстің талаптарына сәйкес келетін өтініш иесіне беріледі.
4. Лицензия беру туралы шешім қабылданған өтініштен кейін келіп түскен өтініштер бойынша лицензияларды беруден бас тарту туралы шешім қабылданады.
254-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тарту
1. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган мынадай негіздердің бірі болған кезде:
1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) өтінішке осы Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;
3) сұралатын жер қойнауы учаскесі немесе оның бір бөлігі жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия бойынша басқа тұлғаның пайдалануындағы жер қойнауы учаскесіне жататын болса;
4) сұралатын жер қойнауы учаскесі осы Кодекстің 250-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келмесе;
5) сұралатын жер қойнауы учаскесі осы Кодекстің 250-бабының 2-тармағында көрсетілген аумақтарда толық немесе ішінара орналасса;
6) лицензияны беру ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге алып келетін болса;
7) өтінішке қоса берілген геологиялық есеп сараптамасының қорытындысына сәйкес өзінің геологиялық және (немесе) геотехникалық сипаттамалары бойынша сұралып отырған жер қойнауы учаскесі өтініште көрсетілген мақсаттарда жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жарамсыз екені белгіленсе;
8) өтініш иесі жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы мен жою жоспары талап етілетін сараптамаларының оң қорытындыларын және келісуін ұсыну мерзімін сақтамаған кезде жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны беруден бас тартады.
2. Лицензияны беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады, ол уәжді болуға және өтініш иесіне лицензияны қарау және беру үшін көзделген мерзімдер ішінде берілуге тиіс.
Осы баптың 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес лицензияны беруден бас тарту осындай бас тарту үшін негіз болған себептер көрсетілмей шығарылады.
Лицензияны беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтініш иесі бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасауы мүмкін.
3. Лицензияны беруден бас тарту өтініш иесін өтінішті қайта беру құқығынан айырмайды.
255-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мазмұны
Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия осы Кодекстің 31-бабында көрсетілген мәліметтер мен шарттардан басқа жер қойнауын пайдаланудың мынадай шарттарын қамтуға тиіс:
1) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен қол қою бонусын төлеу және жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақы (жалдау төлемін) төлеу туралы міндеттеме;
2) осы Кодекстің 249-бабына сәйкес жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың нысаналы мақсаты;
3) міндеттемелерді бұзғаны үшін лицензияны қайтарып алу негіздері.
256-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мерзімі
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияның мерзімі қатарынан жиырма бес жылдан аспайды.
Лицензия мерзімі жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша лицензияның бастапқы мерзімінен аспайтын кезеңге ұзартылуы мүмкін.
Лицензия мерзімін ұзарту саны шектелмейді.
2. Ұзарту туралы өтініш жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға лицензия мерзімі өткенге дейін бір жылдан ерте емес ол бекітетін нысан бойынша беріледі.
Егер ұзарту туралы өтінішті қарау кезеңінде лицензия мерзімі өтіп кетсе, лицензия осындай қарау кезеңінде қолданылуын жалғастырады. Лицензияның ұзарту мерзімін есептеу алдыңғы мерзім аяқталған күннен кейінгі күннен басталады.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия мерзімі:
1) мәлімделген ұзарту мерзімі осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес келмеген;
2) лицензияның қолданылуын ұзарту туралы өтінішті берудің осы баптың 2-тармағында көзделген мерзімі бұзылған;
3) лицензия шарттарының жойылмаған бұзушылықтары болған жағдайда ұзартуға жатпайды.
257-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану кезінде жер қойнауы кеңістігін пайдалану шарттарын айқындайтын жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы жобалау құжаты болып табылады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы, сондай-ақ оған енгізілетін өзгерістер санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаға және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен келісуге жатады. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасы немесе тиісінше оның өзгерісі бойынша тиісті экологиялық рұқсатты, санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың оң қорытындысын және келісуді алған жағдайда ғана жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға құқылы.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жобасын жасау жөніндегі нұсқаулықты жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.
258-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензияға иеленетін жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде жерасты құрылысжайын пайдалану туралы есептерді ұсынуға міндетті.
2. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі барлық жұмыстар құжаттауға жатады. Құжаттамада жер қойнауы учаскесін анық зерттеу және кейіннен игеру үшін қажет жұмыстар сипаттамасын қамтуға тиіс.
3. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) қолданылатын техникалық құралдардың оңтайлылығы мен қауіпсіздігін;
2) жер қойнауын қауіпті техногендік процестердің пайда болуынан қорғауды;
3) қатты, сұйық және радиоактивті қалдықтарды, зиянды улы заттарды сақтау және (немесе) көму, сарқынды, өнеркәсіптік және техникалық суларды ағызу (айдау) кезінде есепке алудың анықтығын;
4) зертханалық зерттеулер мен талдаулардың деректерін қоса алғанда, жер қойнауы кеңістігін пайдалану кезінде алынған барлық бастапқы және қайталама геологиялық ақпараттың анықтығы мен сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
4. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде алынатын тау-кен массасының, топырақтың және (немесе) орны ауыстырылатын топырақтың көлемі, егер бұл экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келсе, шектелмейді.
Алынатын тау-кен массасы мен топырақ жер қойнауы кеңістігін пайдалануды қамтамасыз ететін құрылысжайларды, құрылғыларды және басқа да объектілерді тұрғызу және пайдалану мақсатында ғана пайдаланылуы мүмкін.
259-бап. Жер қойнауы кеңістігін пайдаланудың салдарын жою
1. Жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою, осы Кодекстің 260-бабында көзделген салдарды қоспағанда,Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес бүлінген жерді рекультивациялау арқылы жүргізіледі.
2. Тиісті жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға осындай тоқтау күнінен бастап сегіз айдан кешіктірілмейтін мерзімде жоюға кірісуге міндетті. Тау-кен өндіру немесе тау-кен байыту өндірісі нәтижесінде жер қойнауы учаскесінің аумағында орналастырылған техногендік минералдық түзілімдер лицензия тоқтатылған күннен бастап жер қойнауы құрамына олардың ресурстары ретінде енгізілген деп танылады және осы бапқа сәйкес жойылуға жатады.
3. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 261-бабының ережелеріне сәйкес бас тартқан жер қойнауы кеңістігі учаскесінің бір бөлігінде салдарды жою осындай бас тартқанға дейін жүргізіледі. Жою аяқталғаннан кейінгі және оны жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензиядан алып тастағанға дейінгі кезеңде осындай учаскенің бір бөлігін пайдалануға жол берілмейді.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Жою актісіне қол қойылған күннен бастап жер қойнауы кеңістігін (оның бір бөлігін) пайдалану учаскесінде жер қойнауы кеңістігін пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою аяқталды деп есептеледі. Жою актісіне облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың тиісті жергілікті атқарушы органы өз өкілдері мен жер қойнауын зерттеу жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілдерінен құратын комиссия және жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға, ол болған кезде) қол қояды. Егер жою жеке меншіктегі, тұрақты немесе ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жою актісіне жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы да қол қояды.