3) жылдарға бөле отырып тарифтік сметаны бекіту;
4) тозуды есепке жазудың тікелей әдісін қолдану;
5) осы Заңның 23-бабына және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес табиғи монополия субъектісінің сатып алуларды өткізуі;
6) табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну кезінде тартылған активтерінің баланстық немесе қайта бағаланған құнын және уәкілетті орган айқындаған әдіс бойынша есептелген пайда мөлшерлемесін және бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін қажетті қаражат көлемін ескере отырып пайданың жол берілетін деңгейін айқындау;
7) инвестициялық бағдарламаны бекіту;
8) бекітілген тарифтік смета шығындарының баптарын орындамағаны, амортизациялық аударымдардың және бекітілген инвестициялық бағдарлама іс-шараларының қаражатын мақсатқа сай пайдаланбағаны үшін уақытша өтемдік тарифті бекіту.
17-бап. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі
1. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі қолданылатын тарифті уәкілетті орган реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін ескере отырып, бес және одан көп жыл мерзімге бекітеді.
2. Тарифтік реттеудің ынталандыру әдісі мыналарды көздейді:
1) экономикалық негізділігін ескере отырып, тарифте есепке алынатын шығындардың түрлері мен мөлшерлерін шектеу;
2) тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгілік нормалар мен нормативтердің негізінде айқындалған, олар болған жағдайда шикізат, материалдар, отын, энергия шығыстарының техникалық және технологиялық нормаларын, нормативтік техникалық ысыраптарды, персоналдың нормативтік санын қолдану.
Осы тармақшаның күші тарифтік реттеудің шығындық әдісінен тарифтік реттеудің ынталандыру әдісіне өткен жағдайда тарифті бекіту кезінде қолданылады;
3) бақыланатын және бақыланбайтын шығындарды айқындау;
4) бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындамағаны үшін уақытша өтемдік тарифті және бақыланбайтын шығындарды бекіту;
5) инвестицияланған капиталды қайтаруды және инвестицияланған капиталдың кірістілік нормаларын, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынуы кезінде тартылған активтерінің баланстық құнын және уәкілетті орган айқындаған әдіс бойынша есептелген пайда мөлшерлемесін ескере отырып пайданы айқындау;
6) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін айқындау;
7) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштерін айқындау;
8) тозуды есепке жазудың тікелей әдісін қолдану;
9) инвестициялық бағдарламаны бекіту.
18-бап. Индекстеу әдісі
1. Индекстеу әдісі қолданылатын тарифті қуаты аз табиғи монополия субъектісі бекітілген тарифті уәкілетті орган айқындайтын деңгейден асырмай индекстеу жолымен жыл сайын белгілейді.
2. Тарифті индекстеу деңгейі Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму өлшемдері ескеріле отырып, жыл сайын күнтізбелік жыл басталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей айқындалады.
19-бап. Жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты негізінде тарифті айқындау
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны қарау кезінде тариф реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін қажетті шығындар құнынан төмен болмауға, сондай-ақ мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес салған инвестициялардың қайтарылуын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жобасының, оның ішінде концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес салынған инвестициялардың кірістілік деңгейін қамтамасыз етуге тиіс.
2. Жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты, бекітілген инвестициялық бағдарлама негізінде тарифті айқындау тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Тарифті айқындау мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің, оның ішінде концессионердің немесе уәкілетті органның бастамасы бойынша жүргізіледі.
4. Тарифтің қолданылу мерзімі мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің, оның ішінде концессионердің бекітілген инвестициялық бағдарламаны және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын, оның ішінде концессия шартын іске асыру мерзімінен аспайтын кезеңге белгіленеді.
20-бап. Тарифтi оңайлатылған тәртiппен бекiту
1. Уәкілетті орган:
1) алғаш рет құрылған табиғи монополия субъектісінің;
2) жаңа реттелетін қызметті (жаңа реттелетін қызметтерді) көрсететін табиғи монополия субъектісінің;
3) егер қолданыстағы тариф объектiлер және (немесе) учаскелер бойынша бөлек бекiтiлген болса, жаңа объектiлерді және (немесе) учаскелерді сатып алған (салған) жағдайда;
2019.27.12. № 295-VІ ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) көрсетілетін қызметтеріне субъектіге тариф бекітілген кірме жолдардың ажырамас бөлігі болып табылмайтын кірме жолдардың жаңа учаскелері сатып алынған (салынған) жағдайда;
4) қуаты аз табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетiлетiн қызметiне тарифтi оңайлатылған тәртiппен бекітедi.
2. Өтінімді қарау ұсынылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімді құрайды.
3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген табиғи монополиялар субъектілері үшін оңайлатылған тәртіппен бекітілген тарифтің қолданылу мерзімі он екі айдан аспауға тиіс.
4. Оңайлатылған тәртіппен бекітілген тарифті қолданысқа енгізу тариф бекітілген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.
5. Осы баптың 1-тармағында аталған табиғи монополиялар субъектілері үшін оңайлатылған тәртіппен бекітілген тарифтің қолданылу мерзімі өткеннен кейін тариф тарифтік реттеудің шығындық әдісі қолданыла отырып, күнтізбелік бір жылға бекітіледі.
Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген табиғи монополиялар субъектілері үшін оңайлатылған тәртіппен бекітілген тариф көтерілген жағдайда, уәкілетті орган жаңа тарифтерді енгізумен бір мезгілде табиғи монополиялар субъектілерінің негізсіз алған кірісін тұтынушыларға өтеу туралы шешім қабылдауға міндетті.
6. Осы баптың 1-тармағында аталған табиғи монополиялар субъектілері тариф қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей тұтынушыларға тарифтің, бекітілген тарифтік сметаның өзгеру себептерін қамтитын ақпаратты ұсына отырып, бұл жөнінде хабарлайды.
7. Жасалған мәміленің немесе банкрот деп танылған борышкер − табиғи монополия субъектісінің мүліктік массасын өткізудің нәтижесінде оның активтері өз меншігіне түскен табиғи монополия субъектісі жаңа тариф бекітілгенге дейін, бірақ активтер түскен күннен бастап алты айдан асырмай, осы активтердің алдыңғы меншік иесі үшін бекітілген тариф бойынша тұтынушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтер ұсынуды жалғастырады.
8. Уәкілетті орган тариф оңайлатылған тәртіппен бекітілетін кезде ол бекітілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жария тыңдаулар өткізеді.
21-бап. Инвестициялық бағдарламаны бекіту және оны өзгерту
1. Инвестициялық бағдарлама Қазақстан Республикасының даму басымдықтары және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері ескеріле отырып әзірленеді және:
1) реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынудың технологиялық циклінде тікелей пайдаланылатын қолданыстағы активтерді кеңейтуге, жаңғыртуға, реконструкциялауға, жаңартуға, жаңа активтерді жасауға;
2) энергия үнемдеуді қамтамасыз етуге және энергия тиімділігін арттыруға;
3) ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларды көздейді.
2. Инвестициялық бағдарламаны:
1) уәкілетті орган табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерін сақтау және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуі тұрғысынан;
2) құзыреті осы Заңның 9 және 10-баптарында көзделген өзге мемлекеттік орган не жергілікті атқарушы орган, ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыру мақсатында технологиялық негізділік және реттеліп көрсетілетін қызметтерге тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру тұрғысынан қарайды.
3. Инвестициялық бағдарламаның жобасын қараған кезде:
1) осы баптың 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмейтін;
2) қаржыландыру көзімен қамтамасыз етілмеген;
3) негіздейтін құжаттармен расталмаған іс-шаралар алып тасталады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес инвестициялық бағдарламаның барлық іс-шараларын алып тастау инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тартуға негіз болып табылады.
4. Құзыреті осы Заңның 8, 9 және 10-баптарында көзделген уәкілетті органның, өзге мемлекеттік органның не жергілікті атқарушы органның инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тартуы тарифті бекітуден бас тартуға негіз болып табылады.
5. Инвестициялық бағдарлама тарифтің қолданылу мерзіміне бекітіледі.
6. Бекітілген инвестициялық бағдарламаның іске асырылуы және оны іске асыруға тартылған қарыз қаражатының қайтарылуы:
тарифте есепке алынған пайданың және амортизациялық аударымдардың есебінен;
Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен жүзеге асырылады.
7. Табиғи монополия субъектісі құзыреті осы Заңның 8, 9 және 10-баптарында көзделген уәкілетті органға және (немесе) өзге мемлекеттік органға не жергілікті атқарушы органға бекітілген инвестициялық бағдарламаны тарифті жоғарылатпай өзгерту туралы өтінішпен ағымдағы жылғы 1 қарашаға дейін бір мезгілде жүгінуге құқылы.
Мемлекеттік бағдарламалар іске асырылған жағдайда, табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға және (немесе) өзге мемлекеттік органға не жергілікті атқарушы органға бекітілген инвестициялық бағдарламаны өзгерту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
8. Табиғи монополия субъектісі бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын табиғи монополия субъектісіне байланысты емес себептер (шарттың екінші тарапы міндеттемелерін орындамауы, конкурсты (тендерді) өткізілмеді деп тану, еңсерілмейтін күштің мән-жайлары салдары) бойынша орындамаған жағдайда, бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындау мерзімдері олар іске асырылатын жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін келесі күнтізбелік жылға ауыстырылуы мүмкін.
Бекітілген ивестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындау мерзімдерін қайта ауыстыруға жол берілмейді.
22-бап. Уәкілетті орган бекіткен тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерту тәртібі
1. Уәкілетті орган бекіткен тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгертуге мыналар негіздер болып табылады:
1) стратегиялық тауарлар құнының және (немесе) мемлекеттік реттеуге жататын стратегиялық тауарларды тасымалдауға тарифтердің (бағалардың) өзгеруі;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төтенше жағдайдың жариялануы;
3) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер мөлшерлемелерінің өзгеруі;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға байланысты бекітілген инвестициялық бағдарламаның өзгеруі;
5) ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюы;
6) жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау жөніндегі және сумен жабдықтаудың реттеліп көрсетілетін қызметтерін ұсыну кезінде атом-энергетикалық кешен пайдаланатын, өзі өндіретін электр энергиясының және судың өзіндік құнының газдың және (немесе) оны тасымалдау бағасының өзгеруіне байланысты өзгеруі;
7) реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапа мен сенімділік көрсеткіштерінің сақталмауы;
8) мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның ақпараты негізінде электр энергиясын беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметті ұсынатын табиғи монополия субъектісі қызметінің «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-1-бабы 6-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі;
9) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізбеу;
2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 10-тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) табиғи монополия субъектісіне «Қызылорда - Жезқазған - Қарағанды - Теміртау - Нұр-Сұлтан» маршруты бойынша магистральдық газ құбырын мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға беру.
2. Осы баптың 1-тармағының 4), 5), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген негіздерді қоспағанда, тариф қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерген жағдайда, шығындардың тиісті бабы өзгереді.
Осы баптың 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес тариф қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерген кезде бекітілген тарифтік сметадан тарифтерді қалыптастыру қағидаларында айқындалған инвестициялық шығындар (пайда, амортизациялық аударымдар, негізгі құралдар құнының өсуіне алып келетін күрделі шығындар) алып тасталады.
3. Тарифті өзгерту уәкілетті органның немесе табиғи монополия субъектісінің бастамасы бойынша жылына бір реттен жиілетпей жүзеге асырылады.
4. Уәкілетті орган бекіткен тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерту үшін табиғи монополия субъектісі уәкілетті органға негіздейтін материалдармен қоса өтінім ұсынады.
Уәкілетті органның тарифті қолданылу мерзімі өткенге дейін өзгерту туралы өтінімді қарау мерзімі:
1) осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, оның ұсынылған күнінен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімді;
2) осы баптың 1-тармағының 4) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайларда, оның ұсынылған күнінен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімді;
3) осы баптың 1-тармағының 10) тармақшасында көзделген жағдайда, оның ұсынылған күнінен бастап тоқсан жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құрайды.
Тариф уәкілетті органның бастамасы бойынша өзгерген жағдайда, табиғи монополия субъектісі тиісті ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде экономикалық негізделген есеп-қисаптар мен материалдарды ұсынуға міндетті.
5. Егер өтінімді қараған кезде қосымша ақпарат қажет болған жағдайда, уәкілетті орган оны мерзімді, бірақ кемінде бес жұмыс күнін белгілей отырып, жазбаша түрде сұратуға құқылы.
Бұл ретте өтінімді қарау табиғи монополия субъектісін бұл жөнінде хабардар ете отырып, қажетті ақпарат алынғанға дейін тоқтатыла тұрады.
6. Осы баптың 1-тармағына сәйкес өзгертілген тарифті қолданысқа енгізу уәкілетті орган белгілеген күннен бастап жүзеге асырылады.
7. Осы баптың 1-тармағының 4), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда тариф бекітілетін кезде уәкілетті орган ол бекітілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жария тыңдаулар өткізеді.
8. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда табиғи монополия субъектісі тариф қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей тұтынушыларға тарифтің, бекітілген тарифтік сметаның өзгеру себептерін көрсететін ақпаратты ұсына отырып, бұл жөнінде хабарлайды.
23-бап. Табиғи монополия субъектісінің сатып алуды жүзеге асыруы
1. Осы бап және табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидалары мыналарды:
1) мемлекеттік сатып алуды;
2) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама тиесілі табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуын;
3) Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымнан электр және (немесе) жылу энергиясын сатып алуды;
4) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес теңгерімдеуші электр энергиясын, электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықта, спот-нарықта сатып алуды;
5) қуаты аз табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуын;
6) шығындары тариф бекітілетін кезде есепке алынбайтын табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуын қоспағанда, тарифтік реттеудің шығындық әдісі қолданылатын тарифі бекітілген табиғи монополия субъектісінің сатып алуына қолданылады.
2. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мынадай тәсілдердің бірімен:
1) тендер арқылы конкурспен;
2) баға ұсыныстарын сұратумен;
3) бір көзден алумен;
4) тауар биржалары арқылы;
5) электрондық сауда алаңдары арқылы жүзеге асырылады.
3. Осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу конкурс тәсілімен және (немесе) тауар биржалары, электрондық сауда алаңдары арқылы жүзеге асырылады.
4. Егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспаса, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу осындай біртекті тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге өткізіледі. Бұл ретте баға шешуші шарт болып табылады.
5. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу:
1) конкурс немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылған;
2) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген бағалар, тарифтер бойынша сатып алынған;
3) сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқықтарға ие тұлғадан немесе мемлекеттік немесе табиғи монополия субъектісі болып табылатын тұлғадан тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған;
4) тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер еңсерілмейтін күш мән-жайларының туындау, оның ішінде төтенше жағдайлардың зардабын оқшаулау және (немесе) жою салдарынан, аварияларды жою үшін сатып алынған;
5) өкілдік ету шығыстарына байланысты тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған;
6) қағаз жеткізгіштегі және (немесе) электрондық нысандағы мерзімді баспасөз басылымдары сатып алынған;
7) мынадай:
Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы заңнамасына сәйкес сот орындаушылары өткізетін;
Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес өткізілетін;
Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес өткізілетін;
мемлекеттік мүлікті жекешелендіру кезінде сауда-саттықтарда (аукциондарда) өткізілетін мүлік (активтер) сатып алынған;
8) егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспаса, осындай біртекті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған;
9) бару және кері қайту жолын, тұрғын үй-жай жалдауды, көліктік қызмет көрсетуді, тамақпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, жұмыскерді қызметтік іссапарға жіберуге байланысты көрсетілетін қызметтер сатып алынған;
10) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған тапсырыс берушінің бірдейлендіру, стандарттау немесе сәйкестікті қамтамасыз ету мақсатында нақ сол өнім берушіден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттігі туындаған жағдайларда жүзеге асырылады.
23-баптың 6-тармағының қолданысы 2020 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ осы Заңның 36-бабының 2-тармағының редакцияда қолданылды
6. Табиғи монополия субъектісінің сатып алуы, сауда-саттықтардың нәтижелерін жеке интернет-ресурстарында орналастыруды жүзеге асыратын тауар биржалары, электрондық сауда алаңдары арқылы сатып алуды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, қағаз жеткізгіште немесе сатып алу процесінің әрбір сатысы туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыру арқылы, ал өзінің интернет-ресурсы болмаған жағдайда, уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсына отырып электрондық нысанда жүзеге асырылады.
7. Осы бапта реттелмеген бөлікте сатып алу табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларына сәйкес өткізіледі.
8. Стратегиялық тауарлар сатып алуды табиғи монополия субъектiсi:
1) электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган растаған, тиiстi тауар нарығында электр энергиясы тапшылығының болу;
2) тұтынушыларға қойылатын электр энергиясының көтерме сауда нарығына қатысуға арналған шарттарға табиғи монополия субъектісінің сай келмеу;
3) электр энергиясын беру саласындағы табиғи монополия субъектісінің шаруашылық мұқтаждарына электр энергиясын, шектес мемлекеттердің энергия жүйелерімен шекарадағы электр энергиясының нақты мемлекетаралық сальдо-ағымының жоспарлы ауытқуларына, электр энергиясын беру саласындағы табиғи монополия субъектісінің желілерінде электр энергиясының технологиялық шығыстарын өтеуге сатып алынатын электр энергиясының теңгерімсіздігіне өтем жасау мақсатында электр энергиясын сатып алу;
4) Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес газ тарату ұйымдарынан газ сатып алу;
5) Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес электр энергиясын сатып алу;
6) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес теңгерімдеуші электр энергиясын, электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықтардан, спот-нарықтан сатып алу;
7) электр энергиясын беру саласындағы табиғи монополия субъектісінің шаруашылық мұқтаждарына электр энергиясын Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес белгіленген тарифтің шекті деңгейінен жоғары емес бағамен орталықтандырылған сауда-саттықтан сатып алу жағдайларын қоспағанда, тiкелей стратегиялық тауар өндiрушiлерден жүзеге асырады.
9. Осы баптың 2-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген тәсілдермен сатып алуға табиғи монополия субъектісі алдында міндеттемелерін орындамау немесе тиісінше орындамау фактісін растайтын өзіне қатысты соттың шешімі заңды күшіне енген тұлғаның соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі жыл бойы қатысуына жол берілмейді.
24-бап. Тұтынушылардың реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділігі
1. Тұтынушылардың реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділігі:
1) осы Заңның 25-бабында көзделген ақпаратты табиғи монополия субъектісінің интернет-ресурсында орналастырумен, ол болмаған жағдайда, оны уәкілетті органға оның интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсынумен;
2) бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау (құрылыс салу схемасы) жобасына сай инженерлік коммуникацияларды дамыту жоспарына сәйкес табиғи монополия субъектісінің: электр, жылу энергиясын беру, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, сондай-ақ магистральдық газ құбырларына және мұнай құбырларына, газ тарату жүйелеріне және топтық резервуарлық қондырғыларға қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттар берумен;
3) тұтынушының реттеліп көрсетілетін қызметке қосуға арналған техникалық шарттарды орындауымен;
4) реттеліп көрсетілетін қызметке қосумен немесе реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтумен;
5) реттелетін қызметті көрсетуге шарт жасасумен қамтамасыз етіледі.
2. Табиғи монополия субъектісінің: электр, жылу энергиясын беру, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, сондай-ақ магистральдық газ құбырларына және мұнай құбырларына, газ тарату жүйелеріне және топтық резервуарлық қондырғыларға қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды табиғи монополия субъектісі осы Заңда белгіленген мерзімде береді.
3. Осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының талабы осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 10), 11), 12) және 13) тармақшаларында көзделген реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілеріне қолданылмайды.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосу осы Заңның 24-1-бабына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің белгіленген қуаты 200 кВт-қа дейінгі электр қондырғыларын энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне қосуды қоспағанда, мынадай кезеңдерден тұрады:
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) сәулет-жоспарлау тапсырмасын, топографияны дайындау кезінде сәулет және қала құрылысы органы қалыптастыратын және электрондық нысанда табиғи монополия субъектісіне жіберетін, техникалық шарттарды беруге өтініш;
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) табиғи монополия субъектісінің сәулет және қала құрылысы органының техникалық шарттар беруге немесе реттеліп көрсетілетін қызметтер көлемін ұлғайтуға өтінішін қарауы;
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) табиғи монополия субъектісінің техникалық шарттарды сәулет және қала құрылысы органына жіберуі;
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) сәулет және қала құрылысы органдары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес сәулет-жоспарлау тапсырмасымен және топографиямен бірге жүзеге асыратын, техникалық шарттарды беруге өтінішті қарау нәтижесін беру;
5) тұтынушының техникалық шарттарға сәйкес жұмыстарды жүргізуі;
6) тұтынушының жұмыстардың аяқталғаны және табиғи монополия субъектісі желілеріне қосуға әзірлігі туралы хабарлауы.
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды беруге өтінішті қабылдауды және оны қарау нәтижесін беруді Мемлекеттік корпорация «электрондық үкіметтің» веб-порталы немесе табиғи монополия субъектісінің кеңсесі арқылы жүзеге асырады.