осы Заңның 23-2-бабының 7-тармағында көзделген құжаттар болмаған;
тексеру тағайындау туралы актіде көрсетілген тексеру мерзімі өткен не тексеру ұзартылған жағдайда тексеруді ұзарту туралы қосымша актіде көрсетілген мерзім өткен жағдайларда, жібермеуге;
2) егер материалдар мен мәліметтер тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынбауға;
3) тексеру тағайындау туралы актіге, тексеру нәтижесі туралы актіге, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерінің (қызметкерлерінің) әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен шағым жасауға;
4) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерінің (қызметкерлерінің) бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін шектейтін, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген талаптарын орындамауға;
5) тексеруді жүзеге асыру процесін, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерінің (қызметкерлерінің), мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тартылатын мамандарының, консультанттарының және сарапшыларының жекелеген әрекеттерін олардың қызметіне кедергі жасамай, алынған ақпаратты, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және Интернетте еркін тарату құқығынсыз аудио және фото-, бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуге;
6) өз құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру мақсатында жүргізілетін тексеруге үшінші тұлғаларды тартуға құқылы.
2. Тексеру жүргізу кезінде бақылау субъектісі немесе оның уәкілетті адамы:
1) бақылау субъекітісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына осы Заңның 23-2-бабының 7-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсеткен кезде Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерінің (қызметкерлерінің), сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тексеру жүргізуге тартылатын мамандарының, консультанттарының және сарапшыларының кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының тексеру жүргізу үшін келген қызметкерінің (қызметкерлерінің), сондай-ақ тексеру жүргізуге тартылатын мамандардың, консультанттардың және сарапшылардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкеріне (қызметкерлеріне) қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде материалдар мен мәліметтерді не олардың көшірмелерін тексеру нәтижелері туралы актіге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға қоса тіркеу үшін ұсынуға, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілердің инженерлік-техникалық қорғау құралдарына, оның ішінде ақпараттық жүйелерге және автоматтандырылған дерекқорға тексеру нысанасына сәйкес қолжетімділік беруге;
4) тексеру тағайындау туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
5) тексеру аяқталған күні тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасына және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы алған кезде оның екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
6) тексеру жүргізу кезеңінде тексеру нысанасына жататын материалдарға өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ инженерлік-техникалық құралдардың, ақпараттық жүйелер мен автоматтандырылған дерекқордың конфигурациясына және сипаттамасына өзгерістер енгізуге жол бермеуге;
7) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындауға міндетті.
2010.08.04. № 266-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 24-бап жаңа редакцияда
24-бап. Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңдылықтың сақталуын қадағалау
Терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты прокурорлар жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Астана, Ақорда, 1999 жылғы шілденің 13-ы.
№ 416-І ҚРЗ