Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам үшін бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін, Қазақстан Республикасының Үкіметін қоспағанда, әкімшілік орган, лауазымды адам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағымдарды қарауға уәкілеттік берілген өзге де әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодекстің мақсаттары үшін шағымды қарайтын орган деп танылады.
4. Шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.
Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.
Бұл ретте әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.
5. Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.
6. Жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам болмаған жағдайда, әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) сотқа шағым жасалуы мүмкін, бұл туралы әкімшілік іс бойынша шешім қабылдау кезінде әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган әкімшілік рәсімге қатысушыға хабар береді.
7. Шағымдарды прокуратура органдарының қарауы «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негіздерде және шектерде жүзеге асырылады.
92-бап. Шағым беру мерзімі
1. Әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актіні қабылдау немесе әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірмей әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмеген жағдайда, бұл мерзімді әкімшілік рәсімге қатысушының өтінішхаты бойынша шағымды қарайтын орган қалпына келтіруі мүмкін.
Шағым берудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру мақсатында шағымды қарайтын орган ауруды, еңсерілмейтін күштің мән-жайларын және адамды шағым беру мүмкіндігінен айыратын өзге де себептерді дәлелді себептер ретінде таниды.
3. Шағым жасау үшін өткізіп алынған мерзім шағымды қарайтын органның шағымды қабылдаудан бас тартуы үшін негіз болып табылмайды. Мерзімді өткізіп алу себептері шағымды қарау кезінде анықталады және шағымды қанағаттандырудан бас тарту үшін негіздердің бірі болып табылуы мүмкін.
93-бап. Шағымның нысаны мен мазмұны
1. Шағым жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда беріледі.
2. Шағымда мыналар көрсетіледі:
1) шағымды қарайтын органның атауы;
2) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі, пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
3) жеке тұлғаның нақты тұратын және заңды тұлғаның орналасқан жерінің мекенжайы;
4 ) әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылатын әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;
5) әкімшілік рәсімге қатысушы өз талаптарын және дәлелдерін негіздейтін мән-жайлар;
6) шағым беру күні;
7) әкімшілік рәсімге қатысушының қолы;
8) шағымға қоса берілетін құжаттардың тізбесі;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер.
94-бап. Шағымды қабылдау, тіркеу, қайтару және кері қайтарып алу
1. Шағымды қабылдау, тіркеу, есепке алу, қайтару және кері қайтарып алу осы Кодекстің 64-бабының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Шағымды тіркегеннен кейін әкімшілік рәсімге қатысушыға шағымды қарау кезіндегі оның құқықтары мен міндеттері түсіндірілуге тиіс.
95-бап. Шағымды қараусыз қалдыру
1. Шағымды қарайтын орган, егер:
1) шағымды қарайтын органның әкімшілік рәсімге қатысушыға қатысты шағымды қарау нәтижелері бойынша шағымда көрсетілген сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шешімі бар болса;
2) сол адамға қатысты, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот актісі бар болса;
3) шағымды қарайтын орган шағымды қайтарса;
4) шағымды қарайтын орган арыз иесінен шағымды кері қайтарып алуды қабылдаған болса, шағымды қараусыз қалдырады.
2. Әкімшілік рәсімге қатысушы шағымды қарайтын орган шағымды қараусыз қалдыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарландырылады.
3. Шағымды қараусыз қалдыру үшін негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін әкімшілік рәсімге қатысушы қайтадан шағым беруге құқылы.
96-бап. Шағым берудің салдары
Шағым беру мыналарды:
1) азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау қажеттілігін;
2) тиісті шешім қабылдағанға дейін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың қолданысын тоқтата тұру және (немесе) олардан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі әкімшілік актіні, оның жазбаша нұсқамаларын, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өз құзыреті шегінде қабылдаған қадағалап ден қою (қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шараларынан басқа) шараларын қолдану жөніндегі, банкті оның депозиторлары мен кредиторларының мүдделеріне қатер төндіретін және (немесе) қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін қаржылық жағдайы тұрақсыз банктер санатына жатқызу туралы, банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу және оған «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттеу жөніндегі шараларды қолдану туралы әкімшілік актіні, сондай-ақ бюджет қаражатын орынсыз және негізсіз пайдаланудың анықталған фактілеріне байланысты мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының әкімшілік актілерін;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, әкімшілік актінің, әкімшілік әрекеттің орындалуын тоқтата тұрады.
14-тарау. ШАҒЫМДЫ ҚАРАУ
97-бап. Шағымды жеке-дара және алқалы түрде қарау
1. Шағымды лауазымды адам - жеке-дара, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда не әкімшілік органның шешімі бойынша алқалы құрам қарайды.
2. Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын лауазымды адам мынадай:
1) мұндай адам шағымды қарайтын органның алқалы құрамына кіретін;
2) осы Кодекстің 91-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, шағымды қарауға жіберілмейді.
98-бап. Шағымды қараудың жалпы қағидалары
1. Шағымды қарайтын орган шағымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін шаралар қабылдауға міндетті.
2. Нақты мән-жайларды зерттеудің нысанасы мен шектерін шағымды қарайтын орган айқындайды.
3. Шағымды қарайтын орган әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылатын лауазымды адамды, осы Кодекстің 74-бабына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушыны тыңдайды.
4. Шағымды қарайтын орган әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органның, лауазымды адамның, әкімшілік рәсімге қатысушының дәлелдерімен, сондай-ақ шағымда баяндалған талаптармен байланысты емес және әкімшілік істі толық көлемде тексереді.
5. Шағымды қарайтын орган осы Кодекстің 75-бабына сәйкес әкімшілік іспен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
6. Арыз иесіне зиян келтіріп шағым беруге жол берілмейді.
99-бап. Шағымды қарау мерзімі
Шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды.
15-тарау. ШАҒЫМ БОЙЫНША ШЕШІМ
100-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімдердің түрлері
1. Шағымды қарайтын орган шағымды қарай отырып, мына шешімдердің бірін шығарады:
1) әкімшілік актінің күшін жою туралы;
2) әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік актіні қабылдау туралы;
3) әкімшілік әрекетті жасау туралы;
4) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
5) әкімшілік істі жол берілген бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып жүзеге асыру үшін әкімшілік рәсімді әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберу туралы;
6) шағымды қараусыз қалдыру туралы.
2. Шағымды қарайтын орган, егер әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау шағымды қарайтын органның құзыретіне жататын жағдайда, осы баптың бірінші бөлігінің 1), 2) немесе 3) тармақшаларында көзделген шешімді шығарады.
Шағымды қарайтын орган әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жол берілген бұзушылықтарды көрсете отырып және, егер тиісті актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау шағымды қарайтын органның құзыретіне жатпаса, оларды жою жөніндегі ұсыныстармен шағымды әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жібереді.
3. Мыналар:
әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымын дұрыс айқындамау және анықтамау;
әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мазмұнының әкімшілік істің материалдарына сәйкес келмеуі;
Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу немесе дұрыс қолданбау осы баптың бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген шешімдерді шығару үшін негіздер болып табылады.
4. Шағымды мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі, ал шешімнің көшірмесі әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберіледі.
Шағымды қанағаттандырудан бас тарту дәлелді болуға тиіс.
Шағымды қарайтын органның шешімі орындау үшін міндетті болып табылады.
5. Егер шағымды қарайтын орган осы Кодексте белгіленген мерзімдерде шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім қабылдамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап шағымды қарайтын орган шағымды қанағаттандырудан бас тартты деп есептеледі.
6. Шағымды қарайтын органның шешімімен келіспеген жағдайда әкімшілік рәсімге қатысушы шағымды қарайтын басқа органға немесе сотқа әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
101-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімнің мазмұны
1. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімде мыналар көрсетіледі:
1) шешім қабылданған күн;
2) шағымды қарайтын органның атауы;
3) шағымды берген адам туралы мәліметтер: жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлғалар үшін - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, заңды тұлға (филиал мен өкілдік) үшін бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
4) шағым жасалатын әкімшілік актінің, әкімшілік әрекеттің (әрекетсіздіктің) қысқаша мазмұны;
5) шағымның мәні;
6) шағымды қарайтын орган шағым бойынша шешім шығарған кезде басшылыққа алған Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сілтемесі бар негіздеме.
2. Шешімде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген және (немесе) шағымды дұрыс қарау үшін маңызы бар, сондай-ақ шешім қабылдау үшін негіз болған өзге мәліметтер де көрсетілуі мүмкін.
4-БӨЛІМ. ӘКІМШІЛІК СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУ
16-тарау. ІСТЕРДІҢ СОТТЫЛЫҒЫ
2021.20.03. № 20-VІІ ҚР Заңымен 102-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
102-бап. Әкімшілік істердің соттылығы
1. Әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады.
Республикалық маңызы бар қалалар және астана, облыс орталықтары шегіндегі мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, талап қоюшының арызы бойынша мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік соттың соттылығына жатқызылған істерді талап қоюшының тұрғылықты жеріндегі сот қарауы мүмкін.
2. Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
3. Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 27-бабының 1-2-бөлігінде аталған инвесторлардың әкімшілік органдардың, лауазымды адамдардың әкімшілік актілеріне, әкімшілік әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау жөніндегі талап қоюларын қарайды.
103-бап. Әкімшілік істердің әскери соттарға соттылығы
Әскери соттар, егер әскери басқару органдары, әскери бөлім жауапкер болып табылса, мамандандырылған басқа соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, әскери жиындардан өтіп жүрген азаматтардың талап қоюлары бойынша әкімшілік істерді қарайды.
Егер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында әскери сот құрылмаса, оның соттылығына жатқызылған әкімшілік істерді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қарайды.
104-бап. Облыстық және оған теңестірілген соттардың соттылығына жататын әкімшілік істер
Облыстық және оларға теңестірілген соттар әкімшілік істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
105-бап. Әкімшілік істердің Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына соттылығы
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), Орталық референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істерді қарайды.
2. Әкімшілік істер бойынша сот актілері кассациялық тәртіппен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында қаралуға жатады.
106-бап. Әкімшілік істердің аумақтық соттылығы
1. Әкімшілік істер әкімшілік актінің шығарылған орны бойынша немесе жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралуға жатады.
2. Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде шығарылған әкімшілік акт Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралуға жатады.
3. Электрондық құжат нысанында шығарылған әкімшілік акт талап қоюшының тұрғылықты (орналасқан) жері бойынша қаралады.
4. Әкімшілік органға оның аумақтық бөлімшесінің, филиалының, өкілдігінің қызметінен туындайтын талап қою аумақтық бөлімшенің, филиалдың, өкілдіктің орналасқан жері бойынша беріледі.
107-бап. Істердің байланыстылығы бойынша және тараптардың таңдауы бойынша соттылық
1. Бірнеше жауапкерге талап қою жауапкерлердің біреуінің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін. Осы бапқа сәйкес іс соттылығына жататын бірнеше сот арасындағы таңдау талап қоюшыға тиесілі болады.
2. Тараптар әкімшілік іс сот отырысында талқылауға тағайындалғанға дейін өздерінің арасындағы келісім бойынша осы әкімшілік іс үшін, оның ішінде соттың іс жүргізуіндегі әкімшілік істер бойынша да аумақтық соттылықты өзгерте алады.
3. Әкімшілік актімен, әкімшілік әрекетпен (әрекетсіздікпен) ұштасқан жауапкер келтірген залалды өтеу туралы талапты мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот қарайды.
4. Моральдық зиянды өтеу туралы талап азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.
5. Талап қоюшы бірнеше талап қою талаптарын, егер олар бір жауапкерге қойылса, өзара байланысты болса және оларды қарау бір соттың құзыретіне кірсе, бір талап қоюға біріктіре алады.
6. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, әртүрлі сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жататын бірнеше талапты бір іс жүргізуге біріктіруге жол берілмейді. Бұл ретте жария-құқықтық дауларға қатысы жоқ және бөлуге жатпайтын талаптар бөліп көрсетілуге және соттылығы бойынша тиісті аудандық (қалалық) сотқа жіберілуге тиіс.
108-бап. Әкімшілік істі бір соттың іс жүргізуінен басқа сотқа беру
1. Соттылық қағидалары сақтала отырып, соттың іс жүргізуіне қабылданған және сот отырысында қарауға тағайындалған әкімшілік іс, егер оны қарау барысында ол басқа соттың соттылығына жатқызылса да, ол мәні бойынша қаралуға тиіс.
2. Егер:
1) әкімшілік істі осы сотта қарау кезінде оның іс жүргізуге соттылық қағидалары бұзыла отырып қабылданғаны анықталса;
2) бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдірілгеннен кейін не басқа себептер бойынша судьялар ауыстырылса немесе әкімшілік істі осы сотта қарау мүмкін болмаса;
3) осы Кодекстің 107-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер туындаса, сот әкімшілік істі басқа соттың қарауына береді.
3. Әкімшілік істі басқа сотқа беру немесе әкімшілік істі басқа сотқа беруден бас тарту туралы соттың ұйғарымы шығарылады, оған шағым жасалуы мүмкін. Әкімшілік істі басқа сотқа беру - шағым жасау мерзімі өткен соң, ал шағым берілген жағдайда шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы соттың ұйғарымы шығарылғаннан кейін жүзеге асырылады.
Екі тарап сот айқындаған соттылықпен келіскен жағдайда, олардың жазбаша өтінішхаты бойынша әкімшілік істі бір соттан екіншісіне беру ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жүргізіледі.
109-бап. Соттылық туралы дауларды шешу
1. Соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және қайта қарауға жатпайды.
2. Әртүрлі облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан бірінші сатыдағы соттар арасындағы дауды тиісті облыстық немесе оған теңестірілген соттың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты шешеді.
17-тарау. ӘКІМШІЛІК ІСТЕР БОЙЫНША СОТ ТАЛҚЫЛАУЫНЫҢ ЖАЛПЫ БАСТАУЛАРЫ
110-бап. Сот талқылауының тікелей және ауызша болуы
1. Әкімшілік істер бойынша сот талқылауы соттарда, осы Кодекстің 23-тарауындағы тәртіппен қаралған әкімшілік істер бойынша іс жүргізуді қоспағанда, ауызша жүргізіледі.
Әкімшілік істер бойынша дәлелдемелер сот талқылауында тікелей зерттелуге жатады. Сот тараптардың және әкімшілік процеске басқа да қатысушылардың түсініктемелерін, куәлар мен сарапшылардың айғақтарын тыңдауға, заттай дәлелдемелерді қарап-тексеруге, жазбаша дәлелдемелермен және өзге де құжаттармен танысуға, дыбысжазбаларын тыңдауға және бейнежазбаларды, кино-, фотоматериалдарды көруге, өзге де ақпарат жеткізгіштердегі материалдармен танысуға, сондай-ақ дәлелдемелерді зерттеу бойынша басқа да әрекеттерді жасауға тиіс.
Ерекше жағдайларда әкімшілік процеске қатысушылардың ауызша айғақтарын (түсініктерін) тікелей тыңдау мүмкін болмаған кезде сот олардың әкімшілік рәсім барысында алынған айғақтарын (түсініктерін) жария етуге құқылы.
2. Қажет болған жағдайларда әкімшілік іс бойынша дәлелдемелерді зерттеу кезінде сот маманның консультациялары мен түсініктерін тыңдайды.
3. Әкімшілік процестің тараптарының, басқа да қатысушыларының түсініктемелерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың, мамандардың қорытындыларын тыңдауды сот бейнеконференц-байланыс арқылы жүзеге асыруы мүмкін.
4. Әкімшілік іс бойынша түпкілікті шешімдер, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын құжаттарды қоспағанда, тікелей сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негізделуі мүмкін.
111-бап. Әкімшілік істі талқылау кезінде сот құрамының өзгермейтіндігі
1. Әкімшілік істі сол бір судья немесе соттың құрамы қарауға тиіс.
2. Судьяның сот талқылауына қатысуы мүмкін болмаған жағдайда, ол басқа судьямен ауыстырылады, ал әкімшілік істі талқылау басынан басталады.
Судьяны немесе бірнеше судьяны ауыстыру:
1) судья Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен мәлімделген және қанағаттандырылған өздігінен бас тартқан немесе қарсылық білдірген;
2) судья ауыруына, демалыста болуына, оқуда болуына, қызметтік іссапарда жүруіне байланысты ұзақ уақыт болмаған;
3) судьяның өкілеттіктері «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған немесе тоқтатыла тұрған жағдайда мүмкін болады.
3. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда процестік әрекеттерді басқа судьяның жасауы, оның ішінде талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарау, сот талқылауын кейінге қалдыру судьяны ауыстыру болып табылмайды.
112-бап. Сот талқылауына қатысу
1. Сот талқылауы, осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жауапкер міндетті түрде қатысқан кезде жүргізіледі.
Жауапкер келмеген кезде сот әкімшілік істі қарауды кейінге қалдырады.
Сот жауапкерге ақшалай өндіріп алуды қолдануға, ал қайта келмеген жағдайда әкімшілік істі оның қатысуынсыз қарауға құқылы.
2. Әкімшілік істі жауапкердің қатысуынсыз талқылауға, егер бұл әкімшілік істі толық, объективті және жан-жақты қарауға кедергі келтірмесе, жол берілуі мүмкін.
3. Сот талап қоюшыға сот талқылауына тікелей қатысуға мүмкіндік беруге міндетті. Соңғысының дәлелсіз себептермен келмеуі әкімшілік істі оның қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
4. Мүдделі адамдар соттың бастамасы бойынша не әкімшілік процеске қатысушының өтінішхаты бойынша әкімшілік іске қатысуға тартылуы мүмкін.
113-бап. Әкімшілік процестегі хабарлама (хабархат)
1. Әкімшілік процеске қатысушыларға істің қаралатын немесе жекелеген процестік әрекеттердің жасалатын уақыты мен орны туралы хабарланады және тиісті ұйғарым шығарылған күннен бастап не сот талқыланатын күн тағайындалған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей хабарламалармен (хабархаттармен) сотқа шақырылады.
Хабарлама (хабархат) телефонограммамен, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабармен, жеделхатпен немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен не хабархаттың немесе шақырудың тіркеліп-бекітілуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.
Егер әкімшілік істе көрсетілген мекенжай бойынша адам іс жүзінде тұрмаса, хабарлама (хабархат) оның заңды мекенжайы бойынша немесе жұмыс орны бойынша жіберілуі мүмкін. Заңды тұлғаға арналған хабарлама (хабархат) оның тіркелген орны және (немесе) нақты орналасқан жері бойынша жіберіледі.
2. Хабарлама (хабархат):
1) хабарланатын адам әкімшілік іс бойынша іс жүргізу процесінде көрсеткен және өзінің қолтаңбасымен растаған ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабар жіберілген;
2) адамның өзіне жеке немесе онымен бірге тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің біріне табыс етілгені туралы жіберушіге қайтарылуға жататын хабарламаға қолын қойғызып табыс етілетін жеделхатпен, тапсырыс хатпен хабарланған жағдайларда тиісті түрде жеткізілген және анық болып есептеледі.
Заңды тұлғаға арналған хабарлама (хабархат) заңды тұлғаның басшысына немесе жұмыскеріне табыс етіледі, ол өзінің тегін, аты-жөні мен лауазымын көрсете отырып, табыс етілгені туралы хабарламада (хабархатта) хабархатты алғаны жөнінде қол қояды;
3) хабарламаны (хабархатты) тиісінше жеткізу фактісін тіркеп-бекітуге (куәландыруға) мүмкіндік беретін өзге де тәсілмен жіберілген жағдайларда тиісті түрде жеткізілген және анық болып есептеледі.
Кез келген басқа хабарлама (хабархат) процестік әрекеттерді жүргізу және шешімдер қабылдау үшін жеткілікті деп есептелмейді.
Әкімшілік процеске қатысатын адамдар процестік және өзге де құжатта әкімшілік іс бойынша іс жүргізу барысында өзі бұрын ерікті түрде көрсеткен тұрғылықты жері (орналасқан жері) мекенжайының, жұмыс орнының, ұялы байланыстың абоненттік нөмірінің, электрондық мекенжайының анық екендігімен танысқанын өз қолтаңбасымен растайды, ал көрсетілген контактілерге (мекенжайға) жіберілген хабарлама (хабархат) тиісінше және жеткілікті деп есептелетін болады.
3. Адресат хабарламаны (хабархатты) қабылдаудан бас тартқан кезде оны жеткізуші немесе табыс етуші адам хабарламаға (хабархатқа) тиісті белгі соғады, ол сотқа қайтарылады. Сот мұндай хабарламаны (хабархатты) тиісінше жеткізілді деп есептеуге құқылы.