160-бап. Залалдарды өтеу туралы талапты шешу
1. Талап қоюшы осы Кодекстің 132, 133, 134 және 135-баптарында көрсетілген талап қоюлармен бір мезгілде осы талаптармен себеп-салдарлық байланыстары бар залалдарды өтеу туралы талап қоюға құқылы.
2. Тиісті талаптар қанағаттандырылған жағдайда сот шешімде келтірілген залалдың мөлшерін айқындайды.
161-бап. Сот шешімінің заңды күшіне енуі
Бірінші сатыдағы соттың шешімі, егер дереу орындалуға жіберілмеген болса, осы шешім, егер апелляциялық шағым, өтінішхат берілмесе, апелляциялық шағым жасауға арналған мерзім өткен соң заңды күшіне енеді.
Апелляциялық шағым жасауға, өтінішхат келтіруге арналған мерзімі өткізіп алынған және сот мерзімді қалпына келтіруден бас тартқан жағдайларда, шешім бас тарту туралы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді.
25-тарау. САЙЛАУҒА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСАТЫН АЗАМАТТАР МЕН ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ ӘКІМШІЛІК ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
162-бап. Талап қоюды беру
Мемлекеттік органның, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, кәсіпорынның, ұйымның, олардың лауазымды адамдарының шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылады деп есептейтін азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі, кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың кеңесші дауыс беру құқығы бар өкілдері, саяси партиялардың, өзге де қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары осы Кодекстің 16-тарауында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген соттылық бойынша сотқа талап қоюды беруге құқылы.
163-бап. Сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы әкімшілік істі қарау
1. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, сайлауды, республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде, сондай-ақ дауыс беру күнінен бастап бір ай ішінде келіп түскен талап қою - бес күндік мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күнге жетпейтін мерзімде, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскен талап қою дереу қаралуға тиіс.
Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тізімдерін түзету қажеттігі туралы сайлау комиссиясының шешіміне шағым жасау туралы талап қою келіп түскен күні қаралуға тиіс.
2. Талап қоюды сот талап қоюшының, тиісті сайлау комиссиясы немесе мемлекеттік орган, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органы, кәсіпорын, ұйым өкілінің, прокурордың қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмей қалуы әкімшілік істі қарауға және шешуге кедергі болмайды.
164-бап. Соттың шешімі, оған шағым жасау, прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қарау, наразылық білдіру және орындау
1. Талап қою негізді деп танылған соттың шешімі бұзылған сайлау құқығын қалпына келтіру үшін негіз болып табылады.
2. Бірінші сатыдағы соттың шешіміне, егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, шешімнің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш күн ішінде апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.
3. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ Орталық референдум комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша осы Кодекстің 105-бабында көзделген соттылық қағидалары бойынша шығарылған соттың шешімі ол жарияланған күнінен бастап заңды күшіне енеді және шешімінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап үш күн ішінде шешімге кассациялық тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
4. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында өзгеше көзделмесе, осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген шешімдерге апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты, кассациялық шағым, прокурордың наразылығы - сотқа келіп түскен күнінен бастап үш күн мерзімде, ал дауыс беру күніне дейін бес күнге жетпейтін мерзімде, дауыс беру күні және сайлаудың, республикалық референдумның қорытындылары жарияланғанға дейін келіп түскендері дереу қаралады.
5. Заңды күшіне енген соттың шешімі тиісті мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына, кәсіпорынға, ұйымға, сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
26-тарау. ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ АЗАМАТТАРДЫҢ АЛҚАБИ РЕТІНДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУГЕ ҚАТЫСУ ҚҰҚЫҒЫН БҰЗАТЫН ШЕШІМДЕРІНЕ, ӘРЕКЕТТЕРІНЕ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІНЕ) ДАУ АЙТУ ТУРАЛЫ ӘКІМШІЛІК ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
165-бап. Талап қоюды беру
1. Жергілікті атқарушы органның шешімімен, әрекетімен (әрекетсіздігімен) азаматтың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысу құқығы бұзылады деп санайтын азамат осы Кодекстің 16-тарауында белгіленген соттылығы бойынша сотқа талап қоюмен жүгінуге құқылы.
2. Талап қоюға азаматтың алқабиге кандидаттардың тізіміне енгізу және алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқықтарының бұзылғаны туралы куәландыратын дәлелдемелер қоса тіркелуге тиіс.
3. Талап қою Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасына сәйкес азаматтарды алқабилерге кандидаттардың алдын ала тізімдерімен таныстыру мерзімі аяқталған кезден бастап жеті жұмыс күні ішінде сотқа берілуі мүмкін.
166-бап. Әкімшілік істі қарау
1. Осы Кодекстің 165-бабында белгіленген мерзімдерде келіп түскен талап қою - екі жұмыс күні ішінде, ал осы мерзім аяқталатын күні келіп түскені дереу қаралуға тиіс.
2. Әкімшілік істі сот талап қоюшының, тиісті жергілікті атқарушы орган өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмеуі әкімшілік істі қарау және шешу үшін кедергі болып табылмайды.
167-бап. Соттың шешімі және оны орындау
1. Азаматтың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу үшін іріктеу рәсіміне қатысу құқығының бұзылуы анықталған соттың шешімі алқабиге кандидаттардың алдын ала тізімдеріне түзетулер енгізу үшін негіз болып табылады.
2. Соттың шешімі тиісті жергілікті атқарушы органға жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген жауаптылықта болады.
27-тарау. СОТ АКТІЛЕРІН ҚАЙТА ҚАРАУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
168-бап. Апелляциялық шағым беру тәртібі
1. Апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
2. Заңды күшіне енбеген соттың шешімдеріне әкімшілік процеске қатысушылар апелляциялық шағым беру арқылы апелляциялық тәртіппен түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап екі ай ішінде шағым жасауы мүмкін. Прокурордың апелляциялық өтінішхаты осы Кодекстің 31-бабында көзделген әкімшілік істер бойынша түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап екі ай ішінде берілуі мүмкін.
3. Бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына жекеше шағым, прокурордың өтінішхаты ұйғарым түпкілікті нысанда дайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
4. Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін.
Апелляциялық өтінішхат келтіру құқығы әкімшілік істі қарауға қатысқан прокурорға тиесілі.
5. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар өз құзыреті шегінде әкімшілік істің қаралуына қатысқан-қатыспағанына қарамастан шешімге апелляциялық өтінішхат келтіруге құқылы.
Апелляциялық шағым жасау, өтінішхат келтіру мерзімдері өткен соң, егер апелляциялық шағым, өтінішхат берілмесе, соттың шешімі заңды күшіне енеді.
6. Бірінші сатыдағы соттардың сот актілеріне әкімшілік процеске қатысушылардың апелляциялық шағымдарын, прокурордың өтінішхатын облыстық және оған теңестірілген соттар қарайды.
2021.20.03. № 20-VІІ ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Осы Кодекстің 102-бабы үшінші бөлігінің қағидалары бойынша қаралған әкімшілік істер бойынша шығарылған сот актілеріне апелляциялық шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын Нұр-Сұлтан қаласының соты қарайды.
8. Апелляциялық сатыдағы соттағы әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ ол сотқа келіп түскен күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімдерде қаралады және шешіледі.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Сот талқылауының мерзімін ұзарту туралы ұйғарым прокурордың өтінішхаты бойынша шағым жасауға, қайта қаралуға жатпайды.
Апелляциялық сатыдағы сотта алдын ала тыңдау осы Кодекстің 21-тарауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік іс ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады.
9. Әкімшілік процеске қатысушының уәжді өтінішхаты бойынша сот оған өзінің құқықтық ұстанымын негіздеу үшін бір айдан аспайтын қосымша мерзім беруге құқылы.
2021.20.03. № 20-VІІ ҚР Заңымен 10-бөлік өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы шағым жасаудың кассациялық мерзімі өткен соң күшіне енеді.
Кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайтын, бірінші сатыдағы соттың ұйғарымдарына жекеше шағымдар бойынша апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары жария болған күнінен бастап күшіне енеді.
Әкімшілік істің одан әрі жылжу мүмкіндігіне кедергі келтіретін апелляциялық сатыдағы соттың өзге де ұйғарымдарына кассациялық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
169-бап. Кассациялық шағым жасау тәртібі
1. Кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
2. Соттың заңды күшіне енбеген шешімдері мен ұйғарымдарына әкімшілік процеске қатысушылар кассациялық шағым беру арқылы кассациялық тәртіппен апелляциялық сатының түпкілікті нысандағы сот актісі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде шағым жасай алады.
Прокурордың кассациялық өтінішхаты осы Кодекстің 31-бабында көзделген әкімшілік істер бойынша түпкілікті нысандағы шешім шығарылған күннен бастап бір ай ішінде берілуі мүмкін.
Кассациялық өтінішхат келтіру құқығы облыстардың прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорларға тиесілі.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары өз құзыреті шегінде әкімшілік істі қарауға қатысқан-қатыспағанына қарамастан, шешімге кассациялық өтінішхат келтіруге құқылы.
Кассациялық шағым жасау, өтінішхат келтіру мерзімдері өткен соң, егер кассациялық шағым, өтінішхат берілмесе, соттың шешімі заңды күшіне енеді.
3. Заңды күшіне енген, оның ішінде татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу тәртібімен аяқталған әкімшілік істер бойынша сот актілері Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының өз бастамасы бойынша да, осы баптың екінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаттары бойынша да келтірілген, оған осы Кодекстің 31-бабында көзделген әкімшілік істер бойынша берілген наразылықтары бойынша заңды күшіне енген күнінен бастап үш ай ішінде қайта қаралуы мүмкін.
Аталған мерзім осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген негіздер бойынша сот актілерін қайта қарау жағдайларына қолданылмайды.
2021.20.03. № 20-VІІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Сот актілеріне кассациялық шағымдарды, өтінішхаттар мен наразылықтарды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы қарайды.
5. Кассациялық сатыдағы сотта әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ ол сотқа келіп түскен күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімдерде қаралады және шешіледі.
Сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат - ол келіп түскен күннен бастап алты ай ішінде, ал әкімшілік істі талап етіп алдыру жағдайында әкімшілік іс келіп түскен күннен бастап алты ай ішінде қаралады.
Кассациялық сатыдағы сотта алдын ала тыңдау осы Кодекстің 21-тарауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
6. Кассациялық сатыдағы әкімшілік істер бойынша қаулылар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы бойынша, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.
Кассациялық тәртіппен қайта қарауға мыналар негіздер болып табылады:
1) қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін ауыр орны толмас салдарға алып келуі мүмкін жағдайлар;
2) қабылданған қаулы белгіленбеген адамдар тобының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын жағдайлар;
3) қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар.
170-бап. Жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау жөнінде іс жүргізу
Жаңадан ашылған және жаңа мән-жайлар бойынша іс жүргізу Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
28-тарау. СОТ БАҚЫЛАУЫ
171-бап. Соттың шешімін орындауға жіберу
1. Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді.
2. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс.
3. Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады.
4. Соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау даусыз тәртіппен осы Кодекстің 127-бабының тоғызыншы бөлігінде белгіленген мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді.
172-бап. Соттың ақша сомасын өндіріп алу туралы шешімін мәжбүрлеп орындату
1. Жауапкерді ақша сомасын төлеуге міндеттейтін, ерікті түрде орындалмаған соттың шешімі атқару парағының негізінде мәжбүрлі түрде орындалады, ол талап қоюшының арызы бойынша жазып беріледі.
2. Атқару парағының мазмұны, оны жазып беру мен беру, сот орындаушысының қаулыларын санкциялау тәртібі осы тарауда белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
173-бап. Сот актісін дереу орындау
1. Сот әкімшілік процеске қатысушылардың негізді өтінішхаты бойынша, сондай-ақ өз бастамасы бойынша, егер анағұрлым кеш орындау әкімшілік процеске қатысушының құқықтарына елеулі зиян келтіретін болса не қиындататын болса немесе мүмкін болмаса, соттың шешімін дереу орындауға жіберуге құқылы.
Сот актісі дереу орындауға жіберілген кезде сот әкімшілік процеске басқа қатысушылардың да құқықтары мен жария мүдделерін де ескереді.
2. Сот кез келген уақытта әкімшілік процеске қатысушының өтінішхаты негізінде дереу орындауға жіберілген сот актісінің орындалуын тоқтата тұруы мүмкін.
3. Дереу орындауға жіберілген сот актілері, егер жоғары тұрған сатының заңды күшіне енбеген сот актісімен күші жойылса немесе өзгертілсе, орындауға жатпайды.
29-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
174-бап. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
175-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Мемлекеттік органдар осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін әкімшілік рәсімдерді регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді осы Кодекске сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты жүргізуі қажет.
3. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап:
1) «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 20, 379-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; 2007 ж., № 12, 86-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29-құжат; № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 7, 54-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 15, 118-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 5-6, 30-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 24, 144-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; № 21-ІІ, 130-құжат; № 22-І, 141-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат; № 22-V, 156-құжат; 2016 ж., № 7-І, 47-құжат; 2017 ж., № 14, 51-құжат; 2019 ж., № 8, 46-құжат; № 21-22, 90-құжат);
2) «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 2, 17-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат; № 14, 117-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 14, 84-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; № 22-І, 141-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 23-ІІ, 172-құжат; 2016 ж., № 22, 116-құжат; 2018 ж., № 9, 31-құжат; № 22, 82-құжат) күші жойылды деп танылсын.
4. Соттарда жатқан, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін іс жүргізуге қабылданған істерді қарау осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының процестік заңнамасының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
5. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қозғалған, бірақ осы Кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін аяқталмаған әкімшілік рәсім Қазақстан Республикасының осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болатын заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қозғалған, бірақ осы Кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін аяқталмаған әкімшілік рәсім, егер арыз иесі бұл туралы тиісті әкімшілік орган, лауазымды адам алдында жазбаша нысанда өтінішхат берсе, аяқталмаған бөлігінде осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 29 маусым
№ 350-VІ