2. Техникалық хатшылық көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу үшін уәкілетті органға ұсынады.
3. Уәкілетті орган көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекітуді және тіркеуді олар уәкілетті органға келіп түскен күннен бастап есептелетін күнтізбелік он күн ішінде жүзеге асырады.
30-бап. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру
1. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беруді техникалық хатшылық көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
2. Көлік құралын жасаушы көлік құралын жасаушыға халықаралық сәйкестендіру кодын беру туралы куәлікті алу үшін көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру қағидаларына сәйкес құжаттар тізбесін техникалық хатшылыққа жібереді.
3. Көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру жөніндегі құжаттарды қарау олар техникалық хатшылыққа келіп түскен күннен бастап есептелетін күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылады.
4. Көлік құралын жасаушыға құжаттарды қарау нәтижелері бойынша көлік құралын жасаушыға халықаралық сәйкестендіру кодын беру туралы куәлік беріледі.
31-бап. Өнім дайындаушылардың, импорттаушылардың, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалардың, сатушылардың сәйкестікті растау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Өнім дайындаушылар, импорттаушылар, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалар және сатушылар:
1) осы өнім үшін көзделген, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестікті растау нысаны мен схемаларын таңдауға;
2) аккредиттеу саласы өтінім берілетін өнімге қолданылатын сәйкестікті растау жөніндегі кез келген органға жүгінуге;
3) егер таңдап алынған сәйкестікті растау схемасында көзделсе, сәйкестігі міндетті растаудан өткен өнімге сәйкестік белгісін қолдануға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттеу субъектілерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттеріне шағым жасай отырып, уәкілетті органға жүгінуге;
5) өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге құқылы.
2. Сәйкестігі міндетті растауға жататын өнім дайындаушылар, импорттаушылар, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалар, сатушылар:
1) өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге;
2) өнімнің сәйкестігін растауды жүргізуді қамтамасыз етуге;
3) сатып алушылардың, оның ішінде тұтынушылардың талап етуі бойынша өнімнің сәйкестік сертификаттарын, сәйкестік туралы декларацияларын, олардың көшірмелерін ұсынуға;
4) ілеспе құжаттамада сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік туралы декларация жөніндегі мәліметтерді көрсетуге;
5) егер сәйкестік сертификатының немесе сәйкестік туралы декларацияның қолданылу мерзімі өткен болса не сәйкестік сертификатының немесе сәйкестік туралы декларацияның қолданылуы тоқтатыла тұрған, күші жойылған немесе тоқтатылған болса, өнімді айналысқа шығаруды тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;
6) сәйкестікті растау жөніндегі органға техникалық құжаттамаға немесе сертификатталған өнім өндірудің технологиялық процестеріне енгізілетін өзгерістер туралы хабарлауға;
7) сәйкестікті растау нәтижелері бойынша техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді өндіруді және (немесе) айналысқа шығаруды тоқтата тұруға;
8) техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алуды қамтамасыз етуге;
9) уәкілетті органның және техникалық регламенттер талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген өзге де мемлекеттік органдардың ұйғарымдарын олар белгілеген мерзімдерде орындауға міндетті.
32-бап. Сәйкестік сертификаты
1. Сәйкестік сертификатын өтінім берушіге таңдап алынған сәйкестікті растау схемасына сәйкес барлық рәсімдерді орындаудың оң нәтижелері болған жағдайда өнімдерге, процестерге және көрсетілетін қызметтерге сәйкестікті растау жөніндегі орган береді.
Дайындаушы, импорттаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, сатушы сәйкестік сертификатының иелері болып табылады.
2. Сәйкестік сертификатының нысандары және оларды ресімдеу тәртібі сәйкестікті бағалау қағидаларында айқындалады.
Сәйкестік сертификатын оны берген сәйкестікті растау жөніндегі орган техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде тіркеуге тиіс.
3. Сәйкестік сертификатының күші Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
4. Сериялы шығарылатын өнімге сәйкестік сертификаты сәйкестікті растау схемасында белгіленген мерзімге беріледі.
33-бап. Сәйкестік белгісі
1. Сәйкестік белгісі сәйкестікті растау рәсімінен өткен өнімді таңбалауға арналады.
2. Сәйкестік белгісінің бейнесі, оған қойылатын техникалық талаптар және таңбалау тәртібі ұлттық стандарттарда айқындалады.
3. Сәйкестік сертификатын алған дайындаушы, импорттаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, сатушы сәйкестік белгісін ұлттық стандарттарда белгіленген, өздері үшін қолайлы кез келген тәсілдермен қолдануға құқылы.
4. Сәйкестігі міндетті растауға жататын және техникалық регламенттерде және (немесе) ұлттық стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін растаудан өтпеген өнімге сәйкестік белгісін қоюға жол берілмейді.
34-бап. Сәйкестік туралы декларация
1. Сәйкестік туралы декларация, егер бұл техникалық регламенттерде көзделсе, сәйкестігі міндетті растауға жататын өнімге қатысты ресімделеді.
Дайындаушы, импорттаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, сатушы сәйкестік туралы декларацияны қабылдаушы тұлғалар болып табылады.
2. Сериялы шығарылатын өнімге және өнім партиясына сәйкестік туралы декларацияның қолданылуы сәйкестікті растау схемасында белгіленеді.
3. Сәйкестік туралы декларацияны аккредиттеу саласы осы өнім түрін қамтитын сәйкестікті растау жөніндегі орган техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде тіркеуге тиіс.
4. Сәйкестікті декларациялау:
1) өз дәлелдемелері негізінде сәйкестік туралы декларацияны қабылдау;
2) сапа менеджменті жүйелерін сертификаттау жөніндегі органның және (немесе) аккредиттелген зертхананың және (немесе) өнімді сертификаттау жөніндегі органның қатысуымен алынған дәлелдемелер негізінде сәйкестік туралы декларацияны қабылдау арқылы жүзеге асырылады.
Сәйкестікті растау үшін дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін құжаттардың тізбесі тиісті техникалық регламентте айқындалады.
Дәлелдемелер ретінде өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін растауға негіз болған техникалық құжаттама, өз зерттеулері (сынақтары) мен өлшемдерінің нәтижелері және (немесе) басқа да құжаттар пайдаланылады.
Өз дәлелдемелері және сәйкестікті растау жөніндегі органның қатысуымен алынған дәлелдемелер негізінде сәйкестікті декларациялау кезінде өтінім беруші өз таңдауы бойынша өз дәлелдемелеріне қосымша ретінде зертханада жүргізілген зерттеулер (сынақтар) мен өлшемдер хаттамаларын пайдалануға, сапа менеджменті жүйесінің сертификатын ұсынуға құқылы.
Сапа менеджменті жүйесінің сертификаты сәйкестік туралы декларацияны қабылдау кезінде, егер мұндай өнім үшін техникалық регламенттерде сәйкестікті растаудың өзге нысаны көзделген жағдайды қоспағанда, дәлелдемелер құрамында пайдаланылуы мүмкін.
5. Сәйкестік туралы декларацияның қолданылу мерзімі аяқталған кезден бастап үш жыл бойы сәйкестік туралы декларацияның бір данасы және сәйкестікті растау үшін дәлелдемелер ретінде пайдаланылатын материалдар - өтінім берушіде, ал сәйкестік туралы декларацияның екінші данасы оны тіркеген сәйкестікті растау жөніндегі органда сақталады.
35-бап. Техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген өнімнің нарықтағы айналыс шарттары
1. Техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген өнімнің белгіленген тәртіппен расталған, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігі оның нарықтағы айналысының қажетті шарты болып табылады.
2. Еуразиялық экономикалық одақ техникалық регламенттерінің осы өнімге қолданылатын талаптарына сәйкес келетін және Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінде белгіленген сәйкестікті бағалау рәсімдерінен өткен өнім Еуразиялық экономикалық одақ құқығына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақ нарығындағы өнім айналысының бірыңғай белгісімен міндетті таңбалауға жатады.
Техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген, сәйкестікті бағалаудан өтпеген, сондай-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжаттарсыз немесе техникалық реттеу тізілімінде немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінде осындай құжаттардың бар-жоғы туралы мәліметтер болмаған кезде өнімді айналысқа шығаруға тыйым салынады.
Техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген, белгіленген тәртіппен сәйкестікті бағалаудан өтпеген өнімді жарнамалауға жол берілмейді.
3. Өнім дайындаушылар, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғалар, импорттаушылар, сатушылар оны айналысқа шығарған кезде техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың талап етуі бойынша оларға өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау туралы құжаттарды немесе техникалық реттеу тізілімінен немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінен осындай құжаттардың бар-жоғы туралы мәліметтерді, басқа да дәлелдемелік материалдарды ұсынады.
36-бап. Сәйкестікті ерікті түрде растау
1. Сәйкестікті ерікті түрде растау ерікті түрде сертификаттау нысанында жүргізіледі.
2. Ерікті түрде сертификаттау өтінім берушінің бастамасы мен талап етуі бойынша кез келген сәйкестікті бағалау объектілеріне қатысты - олардың стандарттау жөніндегі құжаттарға, ал олар болмаған кезде мәлімделген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан жүргізіледі.
3. Ерікті түрде сертификаттау жүйесінің жұмыс істеу және қолданылу, сондай-ақ тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу және көрсетілген тізілімдегі мәліметтерді беру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Ерікті түрде сертификаттау жүйесін заңды тұлға және (немесе) дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға немесе бірнеше заңды тұлғалар және (немесе) дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғалар құра алады.
Ерікті түрде сертификаттау жүйесін құрған тұлға немесе тұлғалар сертификаттауға жататын объектілердің тізбесін және сәйкестігіне ерікті түрде сертификаттау жүзеге асырылатын олардың сипаттамаларын белгілейді, осы ерікті түрде сертификаттау жүйесіне қатысушыларды айқындайды. Ерікті түрде сертификаттау жүйесінде сәйкестік белгісін қолдану көзделуі мүмкін.
5. Сәйкестікті ерікті түрде растау, егер бұл техникалық регламентте немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленсе, өнімнің сәйкестігін міндетті растауды алмастырмайды.
6. Сәйкестікті ерікті түрде растауды сәйкестікті растау жөніндегі орган шарттық негізде жүргізеді.
7. Сәйкестікті ерікті түрде растау рәсімін жүргізу тәртібіне және сәйкестік белгілерін беруге қойылатын талаптар ұлттық стандарттарда белгіленеді.
8. Мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар ұлттық стандарттарға сәйкестігін ерікті түрде растаудан өткен тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің отандық өндірісін дамытуды ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды іске асырады.
37-бап. Көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растау
Көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растау Қазақстан Республикасы заңнамасының және стандарттау жөніндегі құжаттардың белгіленген талаптарына көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін ерікті түрде сертификаттау арқылы жүргізіледі.
Сертификаттау кезінде қолданылатын схемаларды өтінім беруші сәйкестікті бағалау қағидаларында айқындалған тәртіппен тұтынушы мүлкінің сақталуын қамтамасыз етуге қарай көрсетілетін қызметтерді орындау ерекшеліктерін, сынақтар жүргізу ықтималдылығын, дәлелдемелердің талап етілетін деңгейін, өтінім берушінің ықтимал шығындарын ескере отырып айқындайды.
38-бап. Өнімді сынау
1. Мыналар сынақтардың мақсаттары болып табылады:
1) өнім үлгісі, өзге де сәйкестікті бағалау объектісі қасиеттерінің сипаттамаларын айқындау;
2) егер сынақтар сәйкестікті растау шеңберіндегі рәсім болып табылса, сәйкестікті растаудың жүргізілуін қамтамасыз ету;
3) егер сынақтар сәйкестікті бағалаудың дербес нысаны болып табылса, осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көрсетілген өзге де мақсаттар.
2. Мыналар сынақтардың қағидаттары болып табылады:
1) сынақтар нәтижелерінің анықтығы, сынақтарды жүргізу кезіндегі бейтараптылық;
2) егер сынақтар сәйкестікті бағалаудың дербес нысаны болып табылса, осы Заңның 4-бабының 2-тармағында көрсетілген өзге де қағидаттар.
3. Сынақтар, егер бұл сертификаттау немесе сәйкестікті декларациялау кезінде қолданылатын сәйкестікті растау схемасында көзделсе, сәйкестікті растау шеңберіндегі рәсім болып табылады. Сынақтар, егер бұл техникалық регламенттерде көзделсе, сәйкестікті бағалаудың дербес нысаны болып табылады.
4. Осы Заңның 43-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, зертхана сынақтарды өтінім берушінің сынақтар жүргізуге берген өтінімі негізінде және сынақтар жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындауға шарт жасалған жағдайда жүргізеді.
5. Сынақтарды, егер бұл сертификаттау немесе сәйкестікті декларациялау кезінде қолданылатын сәйкес тікті растау схемасында көзделсе, тиісті аккредиттеу саласы бар аккредиттелген зертхана жүргізеді.
39-бап. Шет мемлекеттердің сәйкестікті растау нәтижелерін тану
1. Шет мемлекеттердің сәйкестік сертификаттары, өнімді сынақтан өткізу хаттамалары, сәйкестік белгілері және сәйкестікті бағалау туралы өзге де құжаттар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен танылады.
2. Осы баптың ережелері халықаралық мамандандырылған көрме аумағын көрмеден кейін пайдалануға арналған тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар аумағында жобаларды іске асыруға қатысты шетелдік сәйкестік сертификаттарына, сынақтан өткізу хаттамаларына, сәйкестік белгілеріне және сәйкестікті бағалау туралы өзге де құжаттарға қолданылмайды.
4-тарау. УӘКІЛЕТТІ ОРГАН ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ МЕН ҚАДАҒАЛАУ
40-бап. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау мақсаттары, субъектілері және объектілері
1. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта, оның ішінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесі үшін техникалық реттеу объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүлкін, оның ішінде олардың сәйкестігін бағалаудың анықтығын қамтамасыз ету арқылы қорғау, техникалық реттеу объектілерінің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын жағдайларды болғызбау және саудадағы техникалық кедергілерді жою мақсатында Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге бағытталған.
2. Мыналар техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілері болып табылады:
1) сәйкестікті растау, аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлар;
2) аккредиттеу субъектілері;
3) тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшылық ұйым және сарапшы-аудиторлар;
4) тауардың шығарылған жері туралы сертификат және ішкі айналысқа арналған тауардың шығарылған жері туралы, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау туралы сертификат беруге уәкілеттік берілген ұйым;
5) оқу орталықтары;
6) аккредиттеу жөніндегі орган;
7) техникалық реттеу объектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иелену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығына ие дайындаушылар, импорттаушылар, сатушылар, дайындаушылар уәкілеттік берген тұлғалар.
3. Техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген өнім техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау объектісі болып табылады.
4. Уәкілетті органның ведомствосы, оның аумақтық бөлімшелері және олардың лауазымды адамдары бақылау және қадағалау субъектілеріне және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік-фитосанитариялық бақылау мен қадағалауға жататын өнімді қоспағанда, техникалық регламенттер өзіне қатысты қолданысқа енгізілген өнімге қатысты оны айналысқа шығару сатысында Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің не Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдерінің сақталуына техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау және бақылау мақсатында сатып алу нысанында жүзеге асырылады.
Тексеруді және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырады.
Өнім үлгілерін іріктеп алу қажеттігіне байланысты бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырады.
Бақылау және қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылауды, бақылау мақсатында сатып алуды уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 41-баптың тақырыбы өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
41-бап. Бақылау және қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Бақылау және қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және оларға жол бермеу, бақылау мен қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау нəтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын бақылау және қадағалау субъектісіне беру және оған әкімшілік жүктемені азайту болып табылады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді зерделеу, талдау, салыстыру арқылы, оның ішінде:
1) мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектілері, мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар берген;
2) техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінен және басқа да ақпараттық жүйелерден алынған;
3) бұқаралық ақпарат құралдарынан және өзге де ашық көздерден, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінен алынған мәліметтер негізінде жүзеге асырылады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Айналысқа шығару кезінде техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігі тексерілетін өнім - бақылау жəне қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау объектісі, ал оған қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес иелену, пайдалану және (немесе) билік ету құқығына ие тұлға бақылау жəне қадағалау субъектісі болып табылады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау қорытындысы бойынша бақылау және қадағалау субъектісіне бұзушылықтарды жою тәсілі міндетті түрде түсіндіріле отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалмай, бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным (бұдан әрі - ұсыным) жасалады.
5. Ұсыным бақылау және қадағалау субъектісіне қолын қойғызып, жеке өзіне немесе жөнелту мен алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген ұсыным мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - ұсынымға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - бақылау және қадағалау субъектісінің электрондық мекенжайына жөнелтілген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Ұсыным табыс етілген күнінен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде, ал стандарттау жөніндегі құжаттарда және қағидалар мен әдістерді қамтитын стандарттар тізбесіне енгізілген өлшемдерді орындау әдістемелерінде белгіленген, өнімнің сәйкестігін бағалау рәсімін жүргізудің неғұрлым ұзақ мерзімі болған жағдайда, ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
7. Бақылау және қадағалау субъектісі ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсынымды жіберген уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүргізу жиілігі - ай сайын 25-нен кешіктірілмей, айына бір реттен артық емес.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бақылау жəне қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды тіркеудің арнайы журналында есепке алынуға тиіс, ол нөмірленген, тігілген және уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшесінің мөрімен бекемделген болуға тиіс.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 42-бап жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
42-бап. Бақылау жəне қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау немесе бақылау мақсатында сатып алу шеңберінде өнім үлгілерін іріктеп алу
1. Өнім үлгілерін іріктеп алу Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің 144-2, 144-3 жəне 149-баптарына жəне осы Заңға сəйкес бақылау жəне қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау немесе бақылау мақсатында сатып алу кезінде жүргізіледі. Өнім үлгілерін іріктеп алу мұндай өнімнің техникалық регламенттердің талаптарына сəйкестігі тұрғысынан сынақтар жүргізу үшін оны айналысқа шығару сатысында жүзеге асырылады.
2. Уəкілетті орган бекіткен техникалық реттеу саласында бақылау мақсатында сатып алуды ұйымдастыру жəне өткізу тəртібіне сəйкес қабылданған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік бақылау мен қадағалау жөніндегі аумақтық бас мемлекеттік инспекторының немесе оның міндетін атқаратын адамның шешімі бақылау мақсатында сатып алуды жүргізуге негіз болып табылады.
3. Осы баптың шеңберінде бақылау жəне қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау немесе бақылау мақсатында сатып алу нəтижелері бойынша бұзушылықтар болған жағдайда Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасалады.
43-бап. Техникалық реттеу саласында өнім үлгілерін іріктеп алу
1. Өнім үлгілерін іріктеп алу уәкілетті орган айқындайтын және бекітетін, техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу үшін өнімдер тізбесіне енгізілген өнімге қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 149-бабына сәйкес жүргізіледі.