7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
1. Уәкілетті орган техникалық реттеу саласында мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесін қалыптастырады;
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;
3) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың техникалық реттеу саласындағы қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
4) көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды бекіту және тіркеу жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;
5) көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
6) көлік құралын жасаушыға халықаралық сәйкестендіру кодын беру туралы куәліктің нысанын әзірлейді және бекітеді;
7) тиісті зертханалық практика қағидаттарын іске асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
8) техникалық регламенттерді әзірлеу жөніндегі жоспарды әзірлейді және бекітеді;
9) техникалық реттеу мәселелері бойынша сарапшылық кеңестермен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасайды;
10) техникалық реттеу мәселелері бойынша келіссөз ұстанымын қалыптастырады және техникалық реттеу, сәйкестікті бағалау және сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдарда Қазақстан Республикасын білдіреді;
11) техникалық реттеу тізілімін қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
12) Ақпарат орталығының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
13) рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторларға қойылатын рұқсат беру талаптарын, оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін, сондай-ақ сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторларды аттестаттау, аттестаттарының қолданысын ұзарту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
14) оқу орталықтарына қойылатын талаптарды, оларды техникалық реттеу тізіліміне енгізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
15) өнімді айналысқа шығару бөлігінде оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігіне, сондай-ақ техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілерінің Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің не Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдерінің талаптарын сақтауына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
16) өнімді айналысқа шығару бөлігінде оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігіне техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру парақтарын және тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді;
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 16-1) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
16-1) бұзылуы жедел ден қою шараларын қолдануға алып келетін талаптар тізбесін айқындайды, сондай-ақ талаптарды нақты бұзушылықтарға қатысты жедел ден қою шарасының нақты түрін осы шараның қолданылу мерзімін көрсете отырып (қажет болған кезде) айқындайды.
Бұзылуы жедел ден қою шараларын қолдануға алып келетін талаптардың тізбесіне Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің 143-бабына сəйкес мемлекеттік бақылау нысанасы болып табылатын талаптар енгізіледі;
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 16-2) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
16-2) техникалық реттеу саласында бақылау мақсатында сатып алуды ұйымдастыру жəне өткізу тəртібін айқындайды;
17) өнімдер мен процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде консультативтік-кеңесші органдар құрады;
18) әзірленген техникалық регламенттерге сараптамаларды, келісуді, техникалық регламенттердің қолданысын тоқтата тұруды не күшін жоюды келісуді, оның ішінде мемлекеттік органдардың техникалық регламенттердің қолданысын тоқтата тұру не күшін жою мәселелеріне бастамашылық етуді жүзеге асырады;
19) техникалық регламенттерді әзірлеу, сараптама жасау, қабылдау, өзгерту және күшін жою қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
20) техникалық регламенттерді әзірлейді және бекітеді;
21) техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімді кері қайтарып алу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
22) осы Заңға сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей қатер төндіретін өнімді айналысқа шығаруға тыйым салады;
23) осы Заңға сәйкес сәйкестікті бағалау туралы құжаттар қолданысының күшін жоюды жүзеге асырады;
24) техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімді айналысқа шығарудың жолын кесу және оған жол бермеу жөніндегі ықпал ету шараларын қолданады;
25) осы Заңға сәйкес жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей қатер төндіретін өнімді алып қояды және қадағалау субъектісін Қазақстан Республикасының азаматтық-процестік заңнамасына сәйкес осындай өнімді иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығынан айыру туралы сотқа талап қоюды береді;
26) мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық актілер мен техникалық реттеу объектілерін қозғайтын құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына, техникалық регламенттерге және ұлттық стандарттарға сәйкес келтіру туралы ұсыныстар енгізеді;
27) жеке, заңды тұлғалар техникалық реттеу саласындағы лауазымды адамдардың заңды талаптарын немесе олар берген нұсқамаларды, қаулыларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде сотқа жүгінеді.
2. Уәкілетті орган сәйкестікті бағалау саласында мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
1) сәйкестікті бағалау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
2) зертханааралық салыстыру сынақтары (салғастыру) бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
3) көлік құралы типін мақұлдауларды, шасси типін мақұлдауларды ресімдеудің дұрыстығы мен негізділігін тексеру жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;
4) Бірыңғай тізбеге енгізілмеген, сондай-ақ Бірыңғай тізбеге енгізілген, бірақ өзіне қатысты техникалық регламенттер қабылданбаған немесе қолданысқа енгізілмеген өнімді айналысқа шығару қағидаларын, сондай-ақ өзіне қатысты жалпы қауіпсіздік туралы декларация қабылданатын өнім тізбесін, жалпы қауіпсіздік туралы декларацияның нысанын әзірлейді және бекітеді;
5) Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенті талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, техникалық реттеу объектілерінің Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенті талаптарына сәйкестігін бағалау кезінде зерттеулер (сынақтар) және өлшемдер жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында қолдану үшін Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттары ретінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық (мемлекеттік) стандарттарын бекітеді;
6) сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарының бірыңғай тізілімдерінің ұлттық бөлігіне (ұлттық бөлігінен) енгізу немесе алып тастау туралы шешімдер қабылдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді.
3. Уәкілетті орган осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Мемлекеттік органдардың техникалық реттеу саласындағы құзыреті
Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде техникалық реттеу саласында:
1) уәкілетті органмен келісу бойынша өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша техникалық регламенттерді әзірлеуді, бекітуді, күшін жоюды, тоқтата тұруды, сондай-ақ техникалық регламенттерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді;
2) техникалық регламенттерді немесе техникалық регламенттерге өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды әзірлеу туралы ұсыныстар дайындауды және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға енгізуді;
3) сарапшылық кеңестер құруды;
4) белгіленген құзырет шеңберінде тиісті техникалық регламенттер талаптарының сақталуына Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде айқындалған тәртіппен мемлекеттік бақылау мен қадағалауды;
5) техникалық регламенттерді, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеуді және орындауды;
6) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес тиісті зертханалық практика қағидаттарын іске асыруды;
7) тиісті зертханалық практика саласында нормативтік-әдістемелік базаны әзірлеуді (әзірлеуге қатысуды);
8) сәйкестігі міндетті растауға жататын өнім бойынша сәйкестікті растау жөніндегі органдарды және зертханаларды құру, жаңғырту және жарақтандыру жөнінде ұсыныстар дайындауды;
9) сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарының бірыңғай тізілімдерінің ұлттық бөлігіне (ұлттық бөлігінен) енгізу немесе алып тастау бойынша жұмысқа қатысуды;
10) нормативтік техникалық құжаттар техникалық регламенттер талаптарын іске асыру үшін қолданылған жағдайда, оларды Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен ұлттық стандарттар ретінде әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуді;
11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап. Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі мемлекеттік монополия
1. Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі мемлекеттік монополияға мыналар жатады:
1) сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу;
2) техникалық реттеу тізілімін қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру;
3) тиісті зертханалық практиканың сәйкестік мониторингі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызмет түрлерін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған республикалық мемлекеттік кәсіпорын жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаны монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.
10-бап. Стандарттау жөніндегі ұлттық органның өкілеттігі
Стандарттау жөніндегі ұлттық орган техникалық реттеу саласында өз құзыреті шегінде осы Заңға сәйкес техникалық регламенттерді әзірлеуге қатысады.
11-бап. Сарапшылық кеңестер
1. Сарапшылық кеңестер техникалық реттеу саласындағы қызметті жетілдіру, перспективалық бағыттарды дамыту, техникалық регламенттерді қолдануға, мемлекеттік саясат пен мақсаттарға сәйкестігіне талдау жүргізуге байланысты мәселелерді қарау жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу үшін жетекшілік ететін салаларда құрылады.
2. Сарапшылық кеңестердің құрамын және олар туралы ережені мемлекеттік органдар бекітеді.
Сарапшылық кеңестердің құрамына мемлекеттік органдардың, стандарттау жөніндегі бейінді техникалық комитеттердің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар кіруі мүмкін.
3. Сарапшылық кеңестердің жұмысы отырыс нысанында жүзеге асырылады. Сарапшылық кеңестердің ұсынымдары ескеріле отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілерге және Қазақстан Республикасының заңнамасына ұсыныстар мен ескертулер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының келіссөз ұстанымы қалыптастырылады.
12-бап. Ақпарат орталығы
1. Ақпарат орталығы консультациялық қызметтер көрсету және мүдделі тараптар мен шет мемлекеттерге:
1) қолданыстағы немесе әзірленіп жатқан техникалық регламенттер, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шаралар, стандарттау жөніндегі құжаттар мен оларға өзгерістер, өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдері;
2) Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы, техникалық реттеу, аккредиттеу, ветеринария және фитосанитария саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы халықаралық ұйымдарға және екіжақты және көпжақты сипаттағы халықаралық шарттарға мүшелігі немесе қатысуы;
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) әзірленіп жатқан және қабылданған техникалық регламенттердің, стандарттау жөніндегі құжаттардың, ветеринариялық-санитариялық және фитосанитариялық шаралардың және өнімнің, көрсетілетін қызметтің сәйкестігін растау рәсімдерінің жобаларын жариялау көздері немесе олар жөніндегі мәліметтер туралы құжаттардың көшірмелерін және ақпарат ұсыну мақсатында Дүниежүзілік сауда ұйымының Хатшылығымен, Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелерімен, стандарттау жөніндегі халықаралық және шетелдік ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау үшін уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен құрылады және жұмыс істейді.
2. Дүниежүзілік сауда ұйымының Хатшылығымен және Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелерімен Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымындағы міндеттемелерімен байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасау Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес Дүниежүзілік сауда ұйымы мәселелері жөніндегі ақпарат орталығы арқылы жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген ақпарат Ақпарат орталығының интернет ресурсында хабарламалар нысанында орналастырылады.
Хабарламалардың нысандарын, оларды толтыру және ұсыну тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
13-бап. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар
1. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттеуге жатады.
2. Міндетті растау кезінде сәйкестікті растау жөніндегі органдар аккредиттелген зертханалардың сынақ нәтижелерін пайдалануға тиіс.
3. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар өтінім берушілермен жасалған шарт талаптарымен аккредиттеу саласы шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) өтінім берушілердің сәйкестікті міндетті және ерікті түрде растау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге өтінімдерін қарайды, сәйкестікті растау үшін ұсынылған өнімді, көрсетілетін қызметті сәйкестендіреді;
2) сәйкестікті міндетті және ерікті түрде растау жөніндегі жұмыстарды жүргізеді;
3) өтінім берушілердің өтінімдері бойынша сәйкестік туралы декларацияны қабылдау үшін қажетті жұмыстарды жүргізеді.
4. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар:
1) сәйкестік сертификаттарын бере отырып және (немесе) сәйкестік туралы декларацияларды тіркей отырып, өтінім берушілердің өтінімдері бойынша аккредиттеу саласы шегінде техникалық реттеу объектілерінің сәйкестігін міндетті және ерікті түрде растауды жүргізуге;
2) өтінім берушілерден сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қажетті құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсынуды сұратуға құқылы.
5. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар:
1) өтінім берушілердің сәйкестікті растау рәсімдері мен шарттары туралы ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
2) өтінім берушілерге қатысты кемсітушілікке жол бермеуге;
3) сәйкестікті бағалау туралы тіркелген, берілген, тоқтатыла тұрған, күші жойылған (тоқтатылған) құжаттар, сертификаттаудан бас тартулар туралы деректерді есепке алуды және оларды сәйкестікті бағалау қағидаларына сәйкес беруді жүзеге асыруға;
4) өнімнің, көрсетілетін қызметтің шығарылған еліне қарамастан, өтінім берушілердің коммерциялық мүддесін құрайтын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
5) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
6. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар және сарапшы-аудиторлар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
7. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар аккредиттеу саласында консалтингтік қызметтер көрсетуге құқылы емес және осы қызметтерді көрсететін тұлғалармен үлестес болмауға тиіс.
8. Сәйкестікті растау жөніндегі органдардың меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде техникалық реттеу объектілеріне сынақ жүргізуді қамтамасыз ететін зертханалары болуға және оларды пайдалануға тиіс.
14-бап. Зертханалар
1. Зертханалар сәйкестікті растау жөніндегі органдармен немесе басқа өтінім берушілермен жасалған шарт талаптарымен:
1) өзінің аккредиттеу саласы шегінде сәйкестікті міндетті немесе ерікті түрде растау мақсатында объектілерге сынақтар жүргізеді;
2) сынақ нәтижелерінің анықтығын қамтамасыз етеді;
3) сәйкестікті бағалау қағидаларында айқындалған тәртіппен және нысандар бойынша жұмыс нәтижелерін ресімдейді және береді;
4) егер техникалық регламентте көзделсе, өнімнің сынақтарын, зерттеу (сынақ) және өлшем нәтижелерін фото- және (немесе) бейнетіркеуді жүргізеді;
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) егер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде жəне (немесе) нормативтік техникалық құжаттамаларда көзделсе, зерттелген (сыналған) өнімнің бақылау үлгілерін сақтайды;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асырады.
2. Зертхананың меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде зертханалық жабдығы болуға және оны пайдалануға тиіс, оның жекелеген салалардағы көлемін (тізбесін) уәкілетті орган белгілейді.
3. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін зертханалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
15-бап. Сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлардың құзыреті, оларға қойылатын талаптар және сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар аттестаттарының қолданысын тоқтата тұру, одан айыру (кері қайтарып алу) үшін негіздер
1. Сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар сәйкестікті растау жөніндегі органның құрамында өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түрлерінің сәйкестігін растау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысады.
2. Жеке тұлғалар уәкілетті органда аттестаттаудан өтеді және олардың сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитор ретінде қызметін сәйкестікті растау жөніндегі бір органның құрамында ғана жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Егер сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар өтінім берушінің мүдделерін білдірсе немесе онымен еңбек немесе өзге де шарттық қатынастарда болса, олар нақты өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің сәйкестігін растау жөніндегі жұмыстарды орындауға құқылы емес.
4. Сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитор аттестатының қолданысын тоқтата тұруды сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды сарапшы-аудитордың осындай аттестаты негізінде басқа тұлғаның орындау фактісі анықталған жағдайда, уәкілетті органның ведомствосы жүргізеді.
5. Сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитордың аттестатынан айыру (кері қайтарып алу):
1) сарапшы-аудитордың аттестат беруге негіз болған құжаттарда анық емес немесе қасақана бұрмаланған ақпарат беру фактісі анықталған;
2) сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды сарапшы-аудитордың осындай аттестаты негізінде басқа тұлғаның орындау фактісі қайта анықталған;
3) сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитор аттестатының қолданысын тоқтата тұру түрінде әкімшілік жаза қолдануға алып келмейтін, Қазақстан Республикасының заңнамасы үш мәрте бұзылған;
4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне, мемлекет мүдделеріне нұқсан келтірген және (немесе) сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудитор аттестатының қолданысын тоқтата тұру түрінде әкімшілік жаза қолдануға алып келетін, Қазақстан Республикасының заңнамасы қайта бұзылған жағдайларда, уәкілетті орган ведомствосының, оның аумақтық бөлімшесінің, аккредиттеу жөніндегі органның талап қоюы бойынша сот шешімімен жүргізіледі.
16-бап. Тиісті зертханалық практиканың сәйкестік мониторингі
1. Тиісті зертханалық практиканың сәйкестік мониторингі тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестік мониторингінің бағдарламасына енгізілген зертханалар қолданатын рәсімдер мен нормативтерге тексеру жүргізу мақсатында, зертханалардың тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестік дәрежесін бағалау және бастапқы деректер мен жазбаларды зертханалардың аралық және қорытынды есептеріндегі деректермен және жазбалармен салыстыру үшін жүзеге асырылады.
2. Тиісті зертханалық практиканың сәйкестік мониторингі органының функциялары осы Заңның 9-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен құрылған мемлекеттік монополия субъектісіне жүктеледі, ол мынадай функцияларды орындайды:
1) зертханалардың тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестігіне мониторинг жүргізеді;
2) зертханалардың тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестік мәртебесін айқындайды;
3) тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестік мониторингін жүзеге асыратын инспекторларды дайындайды;
4) тиісті зертханалық практика қағидаттарына сәйкестік мониторингі бағдарламасына енгізілген зертханалардың тізілімін жүргізеді;
5) тиісті зертханалық практиканың сәйкестік мониторингіне қатысты ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
17-бап. Сәйкестік сертификаты иесінің, сәйкестік туралы декларацияны қабылдайтын тұлғаның құқықтары мен міндеттері
1. Сериялы өндірілетін өнімді сертификаттауға дайындаушы немесе дайындаушы уәкілеттік берген тұлға өтінім беруші бола алады.
Сериялы өндірілетін өнім Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген кезде дайындаушы уәкілеттік берген тұлға оны сертификаттауға өтінім беруші болуға тиіс.
Өнім партиясын (дара бұйымды) сертификаттауға дайындаушы, сатушы, импорттаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға өтінім берушілер бола алады.
Партиялармен шығарылатын өнім (дара бұйым) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген кезде импорттаушы оны сертификаттауға өтінім беруші болуға тиіс.
2. Сәйкестік сертификаты иесінің:
1) сәйкестікті растау жөніндегі органға қайта сертификаттауға өтініммен жүгінуге;
2) сәйкестікті растау жөніндегі органға сәйкестік сертификатына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, сертификаттың телнұсқасын беру, сертификаттың қолданысын тоқтату, қайта сертификаттау кезінде сертификат беру туралы өтінім беруге;
3) уәкілетті органға сәйкестікті растау жөніндегі органның шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға, уәкілетті органның шешімімен келіспеген не Қазақстан Республикасының заңында белгіленген мерзімде жауап алмаған жағдайда сотқа шағым жасауға;
4) осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне және Еуразиялық экономикалық одақтың өзге де құқықтарын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтарын құрамайтын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, сертификаттау жөніндегі жұмыстарды орындауға арналған шартқа сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
3. Сәйкестік сертификатының иесі:
1) сертификаттау жүргізуге өтінім беруші мен сәйкестікті растау жөніндегі орган арасындағы шарттың талаптарына сәйкес сәйкестікті растау жөніндегі орган өзіне жеткізген тиісті өзгерістерді іске асыруды қоса алғанда, сертификаттау талаптарын үнемі орындауға;
2) техникалық регламенттерде белгіленген, өнімге қойылатын, оларға сәйкестікке сертификаттау жүргізілген талаптарды орындауға;
3) сәйкестік сертификатының қолданысы тоқтатыла тұрғаннан немесе күші жойылғаннан кейін сертификаттауға сілтемелер бар барлық жарнама материалдарын пайдалануды тоқтатуға және сертификаттау схемасында көзделетін шараларды қолдануға;
4) сәйкестікті растау жөніндегі органға өнімнің, оны өндіру процесінің, басқару жүйесінің (болған жағдайда) барлық өзгерістері, өндірісті технологиялық жарақтандырудың өзгергені, өндірістік алаңдардың ауыстырылғаны, ұйымдық-құқықтық мәртебесінің немесе меншік нысанының өзгергені, мекенжайының, байланыс деректерінің өзгергені туралы хабарлауға міндетті.